
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тажигалиева Гулзира Куанышевна «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстан Республикасы батыс макроөңірінің отбасылық-демографиялық саясаты: қатерлер мен тәуекелдер» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Айкенова Дина Маратовна – философия докторы (PhD), «Өзекті саясат институты» қоғамдық қорының директор орынбасары. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Мукажанова Альмира Жапаровна – саяси ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Тарих және құқық факультеті, әлеуметтік ғылымдар кафедрасы. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Қагазбаева Эльмира Маратовна – саяси ғылымдарының кандидаты, «Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті» АҚ профессоры. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Отар Эльмира Сәкенқызы – философия докторы (PhD), «Қазақстан қоғамдық даму институты» КЕАҚ Отбасылық және гендерлік саясатты зерттеу орталығының директоры. Мамандығы: «6D050100 – Әлеуметтану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Сарсенбаева Жанар Ганиевна – саяси ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры м.а. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Аскеева Гульнар Байгановна – философия ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Мамандығы: «09.00.11 – Әлеуметтік философия» (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Борисов Николай Александрович – саяси ғылымдарының докторы, доцент, «Ресей мемлекеттік гуманитарлық университеті» федералдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесінің (ФМАББМ «РМГУ») Халықаралық қатынастар және саяси ғылымдар институты, Саясаттану факультетінің деканы (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2026 жылғы 16 маусым, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысы аралас (офлайн және онлайн) форматта өтеді.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Идентификатор конференции: 811 4174 324 Код доступа: DC9hpA
Мекен-жайы: гАстана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, 302-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасы «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы докторанты Тажигалиева Гулзира Куанышевнаның философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «Қазақстан Республикасы Батыс макроөңірінің отбасылық-демографиялық саясаты: қатерлер мен тәуекелдер» тақырыбына арналған диссертациялық жұмысының АННОТАЦИЯСЫ Тақырып атауы. «Қазақстан Республикасының батыс макроөңіріндегі отбасылық-демографиялық саясат: сын-қатерлер мен тәуекелдер». Зерттеудің өзектілігі. Отбасы - адам капиталын қайта өндіру, әлеуметтік қорғау және оның мүшелерінің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету сияқты негізгі функцияларды атқаратын базалық әлеуметтік институттардың бірі болып табылады. Тұрақты әрі материалдық жағынан қамтамасыз етілген отбасы жас ұрпақтың дамуының, сәйкесінше мемлекеттің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі өзегін құрайды. Сонымен қатар, отбасы экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің ең сезімтал индикаторларының бірі болып қала береді, өйткені дәл үй шаруашылықтары баға деңгейінің өзгеруіне, жұмыспен қамтылу жағдайына және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне бірінші болып әсер етеді, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтары тұрғысынан. Қазіргі заманғы отбасылар базалық тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы, әлеуметтік және сақтандыру қорғанысының жеткіліксіздігі, жұмыспен қамтудың тұрақсыздығы және тұрғын үй тапшылығы сияқты құрылымдық шектеулердің күшеюі жағдайында өмір сүруде. Осындай жағдайда отбасылық-демографиялық саясаттың маңызы арта түседі. Ол - халықтың ұдайы өндірісін мемлекеттік реттеу мен отбасы институтын қолдаудың құралы ретінде әлеуметтік-экономикалық және институционалдық тетіктер арқылы әлеуметтік тәуекелдерді жұмсартуға және демографиялық тұрақтылықтың алғышарттарын қалыптастыруға бағытталған. Зерттеудің өзектілігі Қазақстан Республикасында отбасылық-демографиялық саясаттың белсенді институционалдық трансформациясымен де күшейе түсуде. Отбасы, ана мен баланы қолдау мәселелері Қазақстан Республикасы Президенттерінің Жолдауларында жүйелі түрде көрініс тауып, бірқатар нормативтік-құқықтық актілер арқылы бекітілді. Атап айтқанда: Қазақстан Республикасының Конституциясы - отбасы, ана және баланы қорғау саласындағы мемлекеттің міндеттерін бекітеді; «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс (2011 жылғы 26 желтоқсан № 518-IV); Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі (2023 жылғы 20 сәуір № 224-VII), балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды әлеуметтік қолдаудың бірыңғай тәсілдерін жүйелеген; Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы 2030 жылға дейін (Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығымен бекітілген); «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң (2009 жылғы 8 желтоқсан № 223-IV); Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістер туралы Заң (2024 жылғы 15 сәуір № 72-VIII); Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия туралы (2006 жылғы 1 ақпандағы № 56 Жарлық); Елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасы (2011 жылғы 21 шілдедегі № 118 Жарлық), онда елді макроөңірлерге бөлу тәсілі бекітілген. Нормативтік-құқықтық базаның және бағдарламалық құралдардың кеңеюі олардың нақты тиімділігін ғылыми тұрғыдан бағалау қажеттілігін арттырады. Бұл әсіресе өңірлік әркелкілік айқын байқалатын жағдайда маңызды, өйткені бірыңғай мемлекеттік шешімдер аумақтық деңгейде әртүрлі іске асыру тәжірибесіне айналады. Әртүрлі аумақтық жағдайларда мемлекеттік қолдаудың әмбебап шаралары бірдей тиімділікке ие болмайды және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне, жұмыспен қамту мүмкіндіктеріне, сондай-ақ институционалдық ортаның сапасына байланысты отбасылар тарапынан әрқалай қабылданады. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының батыс макроөңірі ерекше ғылыми-зерттеушілік мәнге ие. Бұл макроөңірге Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары кіреді. Аталған аймақ демографиялық үрдістердің өзіндік ерекшеліктерімен, кеңістіктік әркелкіліктің жоғары деңгейімен, экономиканың салалық құрылымымен және әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық қолжетімділіктің айырмашылықтарымен сипатталады. Осындай жағдайда әлеуметтік-демографиялық үдерістер айқын өңірлік сипатқа ие болып, бұл өз кезегінде отбасылық үй шаруашылықтарының жағдайына және олардың әлеуметтік бейімделу формаларына тікелей әсер етеді. Батыс макроөңірдегі отбасылар құрылымында көпбалалы отбасылар ерекше орын алады. Олар бір жағынан елеулі демографиялық әлеуеттің иесі болса, екінші жағынан - ең осал әлеуметтік топтардың бірі болып табылады. Көпбалалы отбасыларды эмпирикалық талдаудың негізгі нысаны ретінде таңдау олардың отбасылық-демографиялық саясат жүйесіндегі ерекше орнымен байланысты. Атап айтқанда, олар 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында белгіленген арнайы жәрдемақылардың, тұрғын үй бағдарламаларының және әлеуметтік қызметтердің басым бенефициарлары бола отырып, сонымен қатар институционалдық және аумақтық шектеулерге ең көп ұшырайтын әлеуметтік топ ретінде ерекшеленеді. Осы тұрғыдан алғанда, олар мемлекеттік отбасылық саясаттың жалпы тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін маңызды аналитикалық көрсеткіш болып табылады. Ғылыми зерттеулердің едәуір көлеміне қарамастан, қазіргі ғылыми әдебиетте көпбалалы отбасыларды өңірлік ерекшеліктер мен олардың нақты өмір сүру жағдайларын ескере отырып кешенді түрде қарастыратын еңбектер жеткіліксіз. Бұл жағдай мемлекеттік саясаттың жарияланған мақсаттары мен отбасылық үй шаруашылықтарының нақты әлеуметтік тәжірибелері арасындағы алшақтықты көрсетеді. Осы аталған мәселелер Қазақстан Республикасының батыс макроөңіріндегі көпбалалы отбасылардың осалдық және ресурстық факторларын өңірлік тұрғыда кешенді зерттеуді қажет етеді. Диссертациялық зерттеудің мақсаты - Қазақстан Республикасының батыс макроөңіріндегі (Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары) көпбалалы отбасылардың жағдайын отбасылық-демографиялық саясатты іске асыру контексінде кешенді талдау, олардың ресурстық дифференциациясын және өңірлік тұрғыда айқындалатын осалдық факторларын анықтау. Диссертациялық зерттеудің объектісі - өңірлік әркелкілік жағдайында көпбалалы отбасыларды мемлекеттік қолдау тетіктерінің жүйесі ретінде Қазақстан Республикасының батыс макроөңіріндегі отбасылық-демографиялық саясат. Диссертациялық зерттеудің пәні - Қазақстан Республикасының батыс макроөңіріндегі көпбалалы отбасылардың ресурстық дифференциациясын, осалдық формаларын және әлеуметтік бейімделуін айқындайтын өңірлік сипаттағы әлеуметтік-экономикалық және институционалдық факторлар. Зерттеу міндеттері. Қойылған мақсатқа жету үшін диссертациялық зерттеуде келесі міндеттерді шешу көзделеді: 1. отбасы және отбасылық-демографиялық саясат туралы ғылыми көзқарастардың эволюциясын, сондай-ақ отбасын және көпбалалылықты мемлекеттік қолдауды зерттеудегі негізгі теориялық тәсілдерді талдау; 2. көпбалалы отбасылардың жағдайын зерттеуге қатысты отбасылық-демографиялық саясатты зерттеу әдіснамасын негіздеу, оның ішінде интерпретативтік тәсілді, сыни реализмді және өңірлік сипаттағы сын-қатерлер мен тәуекелдерді талдауға қолданылатын сандық-сапалық зерттеу тәсілдерін таңдау; 3. Қазақстан Республикасындағы отбасылық-демографиялық мемлекеттік саясаттың институционалдық құрылымын талдау, оның ішінде іске асыру субъектілерінің жүйесін, өкілеттіктердің бөлінуін және отбасыны мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттарын, әсіресе көпбалалы отбасыларға бағытталған шараларды айқындау; 4. көпбалалы отбасыларды қолдаудың институционалдық және әлеуметтік-мәдени практикаларын анықтау, сондай-ақ отбасылық үй шаруашылықтарының осалдығы мен әлеуметтік тәуекелдерін қалыптастыратын шектеулерді белгілеу; 5. статистикалық деректер мен көпбалалы отбасыларға жүргізілген сауалнама нәтижелері негізінде Қазақстан Республикасының батыс макроөңірінің демографиялық алғышарттары мен өңірлік ерекшеліктерін сипаттау, ресурстық дифференциация факторлары мен аумақтық тұрғыда шартталған тәуекелдерді анықтау; 6. тереңдетілген сұхбат материалдары негізінде талдау жүргізу және Қазақстан Республикасының батыс макроөңіріндегі көпбалалы отбасылардың институционалдық сын-қатерлерін, әлеуметтік тәуекелдерін және күнделікті бейімделу стратегияларын тұжырымдау. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі саясаттану пәнінің шеңберіне сүйене отырып, сабақтас әлеуметтік ғылымдардың құралдарын тарту арқылы қалыптастырылған және отбасылық-демографиялық саясатты мемлекеттік реттеудің ерекше саласы ретінде талдауға бағытталған. Диссертацияның теориялық негізін отбасылық саясатты талдаудағы заманауи институционалдық және әлеуметтік-саяси тәсілдер құрайды. Осы тәсілдер аясында отбасыны мемлекеттік қолдау әртүрлі деңгейдегі жария билік органдары арқылы іске асырылатын нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және басқарушылық шешімдер жүйесі ретінде қарастырылады. Әдіснамалық база интерпретативтік тәсіл мен сыни реализмнің үйлесімімен сипатталады. Интерпретативтік тәсіл тереңдетілген сұхбаттар барысында анықталған көпбалалы отбасылардың субъективті мәндерін, бағалауларын және күнделікті тәжірибелерін талдау үшін қолданылды. Сыни реализм тәсілі анықталған эмпирикалық айырмашылықтарды құрылымдық және институционалдық факторларды талдау арқылы түсіндіруге пайдаланылды. Жалпығылыми әдіснама ретінде жүйелі-құрылымдық тәсіл қолданылды; кеңістіктік (өңірлік) тәсіл аумақтық айырмашылықтарды талдаудың негізіне алынды; институционалдық тәсіл саясатты іске асыру тетіктерін ашуға бағытталды. Зерттеудің сандық бөлігі көпбалалы отбасыларға жүргізілген сауалнама деректерін және ресми статистикалық материалдарды өңдеуге негізделсе, сапалық бөлігі көпбалалы әйелдермен жүргізілген жартылай құрылымданған тереңдетілген сұхбаттарға негізделген. Демографиялық көрсеткіштер, соның ішінде жиынтық туу коэффициенті, демографиялық модельдеудің нысаны ретінде емес, отбасылық-демографиялық саясатты іске асырудың өңірлік жағдайларының индикаторы ретінде қарастырылды. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңыздылығы олардың макроөңірлік деңгейде отбасылық-демографиялық саясат саласында аналитикалық материалдар дайындау және басқарушылық шешімдер қабылдау барысында қолданылу мүмкіндігімен айқындалады. Зерттеу барысында кешенді ресурстық тәсіл әзірленіп, көпбалалы отбасылардың үш авторлық типологиясы жасалды: ресурстық профилі бойынша (жоғары ресурсты/төмен ресурсты), әлеуметтік бейімделу стратегиялары бойынша (дәстүрлі, өтпелі, рационалды-бейімделген) және дінилік фактордың демографиялық мінез-құлыққа әсер ету формалары бойынша (айқын, жанама, қиылысқан). Сонымен қатар, өңірлік дифференциацияның үш негізгі механизмі – институционалдық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени - эмпирикалық тұрғыда анықталды; көпбалалы отбасының ресурстық профилі мен мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау арасындағы тұрақты байланыс статистикалық тұрғыда дәлелденді (r = 0,61; p < 0,01); отбасылық-демографиялық саясаттың бейімделмелі моделі негізделіп, өңірлік дифференциация матрицасы ұсынылды. Алынған нәтижелер көпбалалы отбасыларды қолдау бағдарламаларын жетілдіруде, өңірлік дифференциация матрицасын әкімдіктердің аналитикалық регламенттеріне енгізуде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі аясында атаулы әлеуметтік қолдау бағдарламаларын әзірлеуде қолданылуы мүмкін. Докторант: Тәжіғалиева Г.Қ. Ғылыми кеңесші: ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Аскеева Г.Б.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=LpEnu4dvp9c
