
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Абиев Еркебулан Муратович «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Саяси медиация жаңа трендтері: Қазақстан және шетел тәжірибесі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Асылтаева Эльнура Бейсенбековна – философия докторы (PhD), «Тұран университеті», Гуманитарлық-заң факультеті, Халықаралық қатынастар және дипломатия Жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Садвокасова Айгул Какимбековна – әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры. Мамандығы: «22.00.04 – Әлеуметтік құрылым, әлеуметтік процестер мен институттар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кашкинбаева Асем Тастемировна – философия докторы (PhD), Ж.А. Ташенев атындағы университеттің Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы).
Калиев Талгат Бегимович – саяси ғылымдарының кандидаты, «Конфликтологтар қауымдастығы» Қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси үдерістер мен технологиялар» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Нұралина Ботакөз Амангелдіқызы – философия докторы (PhD), Халықаралық білім беру корпорациясы (ХБК), Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Каленова Тенгеш Серикбаевна – тарих ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану» кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Мамандығы: «07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасы тарихы)» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Сейіт Али Авджу – философия докторы (PhD), профессор, Анкара Йылдырым Бейазит универсиеті (Анкара қ., Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 15 қыркүйек, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03106 – Саясаттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді.
Диссертациялық кеңестің отырысы оффлайн және Zoom платформасында онлайн режимде өтеді.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09 Конференция идентификаторы: 811 4174 324 Кіру коды: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ оқу-әкімшілік корпусы № 1, 302-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Аңдатпа: Саяси медиацияның жаңа трендтері: Қазақстан және шетелдік тәжірибе атты бұл диссертациялық зерттеу Қазақстан мен шетел мемлекеттеріндегі саяси медиация институтының қалыптасуы мен эволюциясын, сондай-ақ оның заманауи даму үрдістерін салыстырмалы негізде талдайды. Саяси медиация — қоғамдағы және билік құрылымдары арасындағы саяси сипаттағы қайшылықтарды (мемлекеттік органдар, саяси партиялар, этникалық және әлеуметтік топтар арасындағы келіспеушіліктерді) бейбіт жолмен реттеуге бағытталған жаңа құрал ретінде зерттеледі. Сонымен қатар, Қазақстандағы тәжірибе шетелдік үлгілермен салыстырылып, саяси медиацияны дамытуға қажетті құқықтық, институционалдық және мәдени алғышарттар сараланады. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі шетелдік тәжірибені ескере отырып, Қазақстандағы медиацияның жаңа тенденцияларын түсіну қажеттілігімен анықталады. Медиация – қазақ даласында ежелден келе жатқан бітімгершілік институты мен рәсімі. Ол елдегі түрлі дауларды шешу және бітімге келтіру мақсатында жүргізілді. Осы орайда қазақтың ұлы билері Төле би, Әйтеке би, Қазыбек билер делдалдар, медиаторлар қызметін атқарды. Алайда, медиация, оның қазіргі түсінігінде, Қазақстан үшін салыстырмалы түрде жаңа әлеуметтік-коммуникативтік тәжірибе болып табылады және соңғы уақытта оған ғылыми қауымдастық тарапынан да, қоғам тарапынан да қызығушылық артып келеді. Медиация – бұл адамдар арасындағы қарым-қатынастардың даму тарихынан бастау алатын, бірақ тек 20 ғасырдың екінші жартысында ғана жанжалды жағдайларды шешудің заманауи тәжірибесі ретінде пайда болған үшінші тараптың қатысуымен келіссөздер үдерісі. Бүгінгі таңда құқықтық жүйесі дамыған елдерде медиация түрлі қайшылықтарды шешуде кеңінен қолданылып, адамдар медиаторлардың көмегіне көбірек жүгінуде. Статистика көрсеткендей, көп жағдайда олар қақтығысты сәтті шеше алады. Медиацияның басты артықшылығы – дауласушы тараптардың коммуникативті өзара әрекеттесудегі белсенді позициясы. Қақтығыс қандай салдарға әкелетініне қарамастан - оң немесе теріс, кез келген мемлекеттің, қоғамның немесе адамның өмірінде әрқашан өткір мәселе болып табылады. Біріншіден, қақтығыс әдетте туындайтынын, шиеленісе түсетінін, шешуді талап ететінін және оны елемеуге болмайтынын түсіну керек. Қақтығыстың салдары бізге, азаматтық қоғамның барлық мүшелеріне байланысты. Біз оларды басқаруды үйренуіміз керек, туындаған шиеленісті азайтып, оң нәтижелерге қол жеткізуіміз маңызды. Бүгінгі таңда Қазақстанда қақтығыстарды шешу және мамандарды дайындау бойынша қызмет көрсететін арнайы орталықтар бар. Әлемнің барлық елдерінің тәжірибесі Қазақстанда медиацияны дамыту перспективаларын іздеуді өзекті етеді. 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында мемлекеттің қатысуынсыз ымыраға келуге мүмкіндік беретін дауларды шешудің баламалы әдістерін әзірлеу қажеттілігіне назар аударды. Соңғы кездері ғылыми ортада, мерзімді басылымдарда және жоғары мемлекеттік шенеуніктердің мәлімдемелерінде медиация тетіктерін белсендірудің маңыздылығы туралы көбірек естиміз. Қазіргі таңда саясаткерлердің медиация сияқты технологияларды жиі пайдаланулары кездейсоқтық емес. Медиация технологияларының даму дәрежесі қоғамның синергетикалық әлеуетін, оның өзін-өзі ұйымдастыру және тоқырау мен дағдарыс құбылыстарын жеңу қабілетін арттырады. Медиацияны зерттеу барысында оның тек құқықтық және әлеуметтік ғана емес, саяси жүйедегі орны мен маңызын да ескерген жөн. Осы ретте саяси медиация ұғымына ерекше назар аудару қажет. Саяси медиация – бұл саяси қайшылықтарды, мүдделер қақтығысын және мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сенім дағдарысын шешудің ерекше тетігі. Қазіргі уақытта бұл құрал әлем елдерінде демократиялық басқаруды тұрақтандыру, билік пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты нығайту, сондай-ақ этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында кеңінен қолданылады. Қазақстан жағдайында саяси медиация – бұл мемлекет дамуының тұрақты және инклюзивті бағытын қамтамасыз етудің маңызды аспектісі. Әлеуметтік-саяси қатынастардың күрделенуі, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейінің ауытқуы, саяси партиялар мен қозғалыстар арасындағы түсініспеушіліктер – мұның бәрі саяси қайшылықтарға алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайда тек құқықтық шаралармен немесе әкімшілік ресурстармен мәселені шешу әрқашан тиімді бола бермейді. Керісінше, саяси медиация жағдайды бейбіт жолмен реттеуге, өзара құрмет пен сенімге негізделген келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді. Саяси медиацияның негізгі мақсаты – тараптар арасындағы сенімді арттыру, ортақ шешім табу үшін тиімді коммуникациялық алаң құру. Мұндай делдалдық көбіне кәсіби медиаторлармен қатар, қоғамдық қайраткерлер, беделді саясаткерлер мен тәуелсіз сарапшылар тарапынан да жүргізіледі. Қазақстанда бұл бағыттағы алғашқы қадамдар ретінде түрлі диалог алаңдарының құрылуын, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын, этносаралық қатынастарды үйлестіру жөніндегі механизмдерді атап өтуге болады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасында өзара іс-қимыл жасау мәдениетін дамыту қажеттілігі де саяси медиацияны өзекті етеді. Саяси медиацияның маңызды ерекшелігі – оның консенсусқа жетуге бағытталуы. Бұл жерде мәселе тек жанжалды тоқтатуда емес, оны туындатқан себептерді ашып, жүйелі шешімдер қабылдауға негіз жасау болып табылады. Осы арқылы тек бір нақты қақтығыс емес, оның қайталануына әкелетін алғышарттар да жойылады. Демек, саяси медиация – бұл алдын алу шарасы ретінде де маңызды. Бүгінгі жаһандық саяси процестерге көз жүгіртсек, медиация көптеген елдерде тұрақтылықты қамтамасыз етудің пәрменді құралына айналғандықтан, бұл тәжірибелер Қазақстан үшін де үлгі бола алады. Осы тұрғыда, саяси медиация – заманауи қақтығыстарға бейбіт шешім табудың, саяси тұрақтылықты сақтаудың және халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудың тиімді құралы. Ол медиатордың бейтараптылығы мен кәсібилігін, сондай-ақ тараптардың келіссөзге ашықтығын талап етеді. Қазақстандағы саяси мәдениеттің дамуы мен азаматтық қоғамның нығаюы жағдайында саяси медиация институтын қалыптастыру мен дамыту аса өзекті әрі қажетті қадам болып табылады. Осыған байланысты жан-жақты зерттеу жүргізу, оның аясында шетелдік және қазақстандық тәжірибені ескере отырып, медиацияның жаңа тенденцияларын қарастыру өзекті болып көрінеді. Зерттеу нысаны Саяси медиация саяси қайшылықтарды шешудің құралы ретінде. Зерттеу пәні Саяси медиация жаңа трендтері мен тәсілдері, олардың ерекшелігі мен Қазақстанда және шетелде қолданылуы. Зерттеу мақсаты Қазақстан мен шет елдер тәжірбиесі негізінде саяси медиацияны дамытудың заманауи трендтерін анықтау және талдау, сондай-ақ олардың саяси тұрақтылықты нығайту және қайшылықтарды шешу контекстінде қолдану ерекшеліктері мен маңызын айқындау. Қойылған мақсатқа сәйкес зерттеуге келесідей міндеттер қойылады: - Саясаттанудағы медиация мен делдалдықтың теориялық-ұғымдық аппаратына талдау жасап, олардың негізгі түсіндіру модельдерін жүйелеу; - Заманауи саяси медиация стратегиялары мен тәсілдерін саралап, олардың тиімділік факторлары мен қолданылу шектеулерін анықтау; - Шетелдік тәжірибе негізінде саяси медиацияның құрылымдық және саяси шектеулерін айқындап, оның институционалдық орнығу ерекшеліктерін талдау; - Қазақстан Республикасындағы медиацияның нормативтік-құқықтық дамуын талдау; - Қазақстандағы саяси медиацияның құрылымдық-институционалдық негіздерінің ерекшеліктерін айқындау; - Орталық Азия елдері мен Қазақстан саяси медиациясының құқықтық реттеу тәжірбиесін зерттеу; - саяси медиация саяси қайшылықтар мен дауларды шешудің заманауи тәсілі ретінде ашып көрсету; - саяси қақтығыстар және оларды реттеу және алдын алу тетіктерін салыстырмалы талдау; - Қазақстанда саяси медиация институтын дамыту мәселелері мен болашағын айқындау. Зерттеу жұмысының әдістемесі зерттеу пәні мен объектісі, сондай-ақ қойылған мақсат пен одан туындайтын міндеттердің сипатына байланысты таңдалды. Оның ішінде жалпы ғылыми әдістері: салыстырмалы талдау және синтез әдістері, жүйелік тәсіл, диалектикалық көзқарас әдістері қолданылды. Медиацияны жүзеге асыру нысандарын зерделеу үшін жүйелеу әдісі қолданылды. Жұмыста жүйелік талдау: мәселенің туындауына әсер еткен себеп-салдарлық байланыстарды белгілейді; шектеулерді, тәуекелдерді және белгісіз жағдайларды ескере отырып, жүйелі мәселелерді шешу нұсқаларын талдайды; пәнаралық ғылыми және қолданбалы зерттеулерді ұйымдастырады. Алынған мәліметтерді салыстырмалы талдау зерттеу объектісінің белгілі бір сипаттамаларын анықтауға және оларды бір-бірімен салыстыру арқылы олардың ортақ тұстары мен айырмашылықтарын нақтылауға мүмкіндік берді. Синтездеу әдісі арқылы медиацияны терең және толық түсіну мүмкін болды. Диалектикалық әдіс қоғамдағы дауларды шешудің баламалы әдісі ретінде медиация институтының генезисі мен дамуын зерттеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, тарихи-құқықтық әдіс негізінде нормативтік-құқықтық деректерге талдау жасалып, медиация институтының тарихи заңдылықтары айқындалып, одан әрі дамыту мәселелері қарастырылды. Зерттеудің кешенді сипатын күшейту үшін жұмыста компаративті әдіс, SWOT-талдау және нақты жүктелген мысалдарды (кейс) талдау сияқты қосымша құралдар пайдаланылды. Компаративті тәсіл арқылы түрлі елдердегі медиация институтының құқықтық, институционалдық және мәдени ерекшеліктері салыстырылып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары жүйеленді. SWOT-талдау медиация жүйесінің күшті және әлсіз тұстарын, мүмкіндіктері мен қауіптерін бағалауға мүмкіндік берді. Бұл талдау әдісі медиацияның әлеуетін кешенді бағалауға және одан әрі жетілдіру бағыттарын анықтауға бағытталды. Сонымен қатар, кейс-талдау әдісі нақты тәжірибелік жағдайларды қарастыруға, медиацияны қолдану барысында туындайтын типтік мәселелер мен оларды шешу жолдарын жүйелі түрде талдауға мүмкіндік берді. Диссертацияның деректік негіздері. Зерттеудің деректік негіздері үш топқа бөлінген. Дерек көздерінің бірінші тобына Қазақстан Республикасының Президентінің жолдаулары, мәлімдемелері және құқықтық заңнамалары кірді. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, «Медиация туралы» ҚР Заңы, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заңы, ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексі, ҚР Еңбек кодексі, ҚР Қылмыстық кодексі, Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан-2050» Стратегиясыжәне т.б. Дерек көздерінің екінші тобына Қазақстан үкімет басшылығының қаулылары, ресми құжаттары кіреді. Оларға «Әлеуметтік мәселелерді шешу және қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау үшін медиация институтын пайдалану» тақырыбындағы әлеуметтік мемлекеттік жобаны іске асыру аясында қорытынды талдау есебі, «Медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқуды аяқтау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы, Қоғамдық медиаторды сайлау қағидаларын бекіту туралы және т.б. кіреді. Дерек көздерінің үшінші тобына халықаралық тәжірибедегі қабылданған құжаттар тобы кіреді. Оның ішінде, Еуропалық Одақ туралы шарт, БҰҰ Омбудсмен және медиаторлар кеңсесінің қызметі туралы есептер, ЮНСИТРАЛ ережелері, Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік даму жөніндегі жаһандық күн тәртібі, Медиаторлардың Еуропалық мінез-құлық кодексі. Диссертациялық зерттеуде пайдаланылған дереккөздердің маңызды бір тобын ұсынылған тақырыпқа қатысты бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар, мемлекеттік органдардың ресми веб-сайттарындағы мәліметтер, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың ашық дереккөздерінде жарияланған сараптамалық материалдар құрайды. Бұл ақпарат көздері медиация институтының қазіргі жай-күйін сипаттауға және салыстырмалы талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Зерттеу барысында көптеген отандық және шетелдік жұмыстар талданды. Сондықтан зерттеу тақырыбына қатысты әдебиеттердің келесі топтамасын ұсынамыз. Зерттеушілердің бірінші тобын шетелдік ғалымдар құрайды. Олардың ішінде американдық К. Клявкова, Р. Макдермотт, С. Гарсиа, Д. Хофманды, М. Голтсман, Рубен М. Барон және Дэвид А. Кенни, М. Смит және т.б. көптеген авторларды айта аламыз. Бұл ғалымдар тобы саясаттанудағы медиация мен делдалдықтың негізгі түсініктерін ашуда үлкен үлес қосты. Атап айтқанда, К. Клявкова баламалы бітімгершілік тәжірибесінің мазмұны мен құрылымын терең зерттеп, медиацияны бейбіт жолмен дауларды шешудің тиімді механизмі ретінде қарастырады. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы медиацияны зерттеу және оны түрлі әлеуметтік-саяси контексттерде қолдану тәжірибесін жинақтаған. Оның еңбектері медиацияны тек құқықтық немесе психологиялық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік және саяси келісім құралы ретінде де ұғынуға мүмкіндік береді. Ал Р. Макдермотт пен С. Гарсиа сияқты зерттеушілер медиацияны саясаттану және халықаралық қатынастар теориясы тұрғысынан зерделейді. Олар бұл ұғымды мемлекеттер арасындағы қақтығыстарды бейбіт түрде реттеу, халықаралық делдалдық институттарын дамыту, сондай-ақ дипломатиялық қатынастарды басқару құралы ретінде қарастырады. Бұл ғалымдар түрлі нақты кейстерді (мысалы, халықаралық қақтығыстар, этносаралық қайшылықтар, көпжақты келіссөздер) талдай отырып, медиацияның жаһандық деңгейде қандай рөл атқара алатынын айқындап көрсетеді. Медиацияны зерттеген еуропалық ғалымдарға да жеке тоқталып өткен жөн. Бұл топтағы зерттеушілер медиацияны әртүрлі тарихи, құқықтық және мәдени контексте қарастыра отырып, оның әмбебап сипатымен қатар, аймақтық ерекшеліктерін де терең зерделеген. Атап айтқанда, ағылшын ғалымдарының медиацияға деген көзқарасы ерекше қызығушылық тудырады, өйткені олар бұл ұғымды тек теориялық деңгейде ғана емес, сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен бейбітшілік орнату процестерінде нақты қолданылатын практикалық құрал ретінде қарастырады. Мысалы, Дж. Хорнер, М. Морелли, және Ф. Сквинтани «Медиация және бейбітшілік» еңбегінде халықаралық қақтығыстарды шешуді зерттей отырып, медиаторлар төрешілер сияқты тиімді болуы мүмкін екендігін алға тартады. Медиацияны зерттеген еуропалық ғалымдарға да жеке тоқталып өткен жөн. Бұл топтағы зерттеушілер медиацияны әртүрлі тарихи, құқықтық және мәдени контексте қарастыра отырып, оның әмбебап сипатымен қатар, аймақтық ерекшеліктерін де терең зерделеген. Атап айтқанда, ағылшын ғалымдарының медиацияға деген көзқарасы ерекше қызығушылық тудырады, өйткені олар бұл ұғымды тек теориялық деңгейде ғана емес, сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен бейбітшілік орнату процестерінде нақты қолданылатын практикалық құрал ретінде қарастырады. Ал германиялық зерттеуші Дж. Бейер медиацияны тарихи-мәдени аспектіде қарастырып, Орталық Азия кеңістігіндегі дәстүрлі дауды шешу тәжірибелеріне назар аударады. Атап айтқанда, ол қырғыз халқының дәстүрлі ақсақалдар сотын медиацияның тарихи формасы ретінде зерттейді. Оның пайымдауынша, ақсақалдар соты – тек әдет-ғұрыптық құқықтың көрінісі ғана емес, сонымен қатар қоғам ішіндегі дау-дамайларды әділ әрі бейбіт жолмен реттеудің тиімді институты болған. Бейер бұл институтты кеңестік кезеңде әлсіреп, тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жанданған құқықтық-мәдени құбылыс ретінде сипаттайды. Осы арқылы ол медиацияның тарихи тамырларын ашып, қазіргі заманғы медиация тәжірибесінің дәстүрлі негіздермен сабақтастығын көрсетеді. София университетінің (Болгария) профессоры Татяна Дронзина сияқты халықаралық деңгейдегі беделді сарапшылардың медиация саласындағы мол тәжірибесі мен Қазақстанмен орнатқан тығыз ғылыми-тәжірибелік байланыстарының маңыздылығын атап өтпеу мүмкін емес. Профессор Дронзина – бейбітшілік орнату, дауларды реттеу және медиация саласындағы танымал маман, оның жұмыстары әлемнің көптеген елдерінде қолданылып келеді. Ол Қазақстанда медиация институтының қалыптасуы мен дамуына белсенді атсалысып, отандық мамандармен бірлескен зерттеулер жүргізіп, тренингтер мен семинарлар өткізіп жүр. Оның ғылыми көзқарасы мен әдістемелік тәсілдері медиацияны тиімді қолдануға және оны ұлттық ерекшеліктерге бейімдеуге ықпал етті. Медиацияның теориялық және институционалдық аспектілері бірқатар ғылыми зерттеулерде қарастырылған. Атап айтқанда, медиацияның тарихи-философиялық негіздері мен қазіргі даму бағыттары арнайы мақалаларда талданады. Бұл еңбектер медиация институтының құрылымдық ерекшеліктерін және оның Қазақстан жағдайында қолданылу мүмкіндіктерін түсіндіруге мүмкіндік береді. Тарихи себептерге байланысты медиацияны зерттеу соңғы уақытқа дейін көбінесе психология және қақтығыстану (конфликтология) салаларымен шектеліп келді. Бұл – медиацияның бастапқыда адамдар арасындағы қарым-қатынасты, эмоциялық жағдайды, қақтығыстың психологиялық себептерін және оны шешудің жеке тұлғалық тәсілдерін зерттейтін пәндермен тығыз байланыста дамығанын білдіреді. Яғни, медиация ең алдымен адамдар арасындағы түсініспеушіліктер мен қайшылықтарды жұмсартуға бағытталған тәжірибелік әдіс ретінде қарастырылып, оның ғылыми негізі аталған салалар аясында қалыптасты. Классикалық медиацияның дамуында Гарвард келіссөз жүргізу мектебінің атқарған рөлі ерекше болды. Әсіресе, Р. Фишер мен У. Юрийдің «Келіссөзге келу жолы» (Getting to Yes) атты еңбегі бүкіл әлемде медиацияға деген қызығушылықтың артуына септігін тигізді. Бұл еңбек дауларды шешудің конструктивті, бейбіт жолдарын ұсыну арқылы медиативті тәсілдің ғылыми және практикалық негіздерін қалыптастырды. Онда тараптардың өзара мүдделерін ескеріп, ұстанымдардан емес, мүдделерден шыға отырып шешім қабылдау маңызды екені айтылды. Гарвард мектебінің әдістемесі медиацияны тек психологиялық немесе конфликтологиялық құрал ретінде емес, келіссөз жүргізудің тиімді тәсілі ретінде де танытты. Саяси медиацияны зерттеген ғалымдарды жеке топ ретінде бөліп көрсетуге болады. Аталған салада Ж. Фаженің «Mediation in Political Conflicts» атты еңбегі айрықша орын алады. Автор саяси медиацияны қақтығыстарды бейтарап түрде басқарудың құралы ретінде сипаттап, оны демократиялық процестерді нығайтудағы маңызды фактор ретінде қарастырады. Сонымен қатар, Дж. Буллок пен С. Ха өз еңбектерінде саяси медиацияны тәжірибелік саяси ғылым контексінде зерделей отырып, медиативтік механизмдерді талдаудың әдіснамалық қиындығына назар аударады . Дж. Бассечес саяси шешімдер қабылдау үдерісінде ресми емес медиативтік тетіктердің, соның ішінде заң шығару саласындағы «жабық есік» келіссөздерінің рөлін зерттейді. Э. Аментаның ұсынған «Political Mediation Model» әлеуметтік және саяси қозғалыстардың өзара әрекеттесуін талдау үшін маңызды үлгі болып табылады. Б. Вилальба және оның әріптестері Францияның саяси партияларында жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы саяси медиацияның эволюциясын зерттейді. Ал Р. Лэнг пен П. Реган өз еңбектерінде мемлекетаралық қақтығыстардағы медиация нәтижелеріне әлеуметтік және саяси-мәдени факторлардың әсерін талдайды. Бұл зерттеу саяси медиацияның тек ішкі саяси ғана емес, халықаралық қақтығыстарды шешудегі де рөлін анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстандық авторлары зерттеудің екінші тобына жатқызылды. Сонау орта ғасырлардан бастау алатын қазақ даласындағы билер соты туралы қазіргі таңда көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеулер жарық көрді. Бұл еңбектерде билер соты тек құқықтық институт қана емес, сонымен қатар қазақ қоғамындағы әділдік, даналық пен моральдық нормаларға негізделген басқару жүйесінің айқын көрінісі ретінде қарастырылады. Билер – ел ішіндегі дау-дамайларды шешіп қана қоймай, қоғамның бірлігін сақтауда, ұлттық құндылықтарды берік ұстануда маңызды рөл атқарған тұлғалар. Ғалымдар билер сотын қазіргі заманғы сот және медиация жүйесінің тарихи бастауы ретінде зерделеп, оның қағидаттары мен әдістерін бүгінгі күнмен сабақтастырып көрсетуде. Бұл тұрғыда билердің шешендігі, әділдігі мен терең танымы қазіргі медиативті тәсілдермен үндесіп жатқанын байқауға болады. Аталған бағыттағы зерттеулер ішінде Ж.М. Жампейісованың еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Оның ғылыми жұмыстары билер сотының құрылымы, қағидалары, шешім қабылдау тәсілдері мен қоғамдық рөлі туралы жан-жақты мәлімет беріп, бұл институттың тарихи-құқықтық мәнін ашуға бағытталған. Жампейісова билер сотын ұлттық құқықтық мәдениеттің қайнар көзі ретінде сипаттай отырып, оны қазіргі заманғы құқықтық реформалармен байланыстыра зерттейді. Оның еңбектері қазақ халқының құқықтық санасының қалыптасуындағы билер институтының маңызын терең түсінуге мүмкіндік береді. Осылайша, билер соты туралы ғылыми еңбектер қазақ құқықтық жүйесінің тамырын тереңнен іздеуге жол ашып, қазіргі медиация тәжірибесіне тарихи-мәдени негіз ретінде маңызды үлес қосатындығын айта отырып, И.Ж. Бахтыбаевтың еңбегіне тоқталғымыз келеді. Ол билер мен билер сотының екі түрі болғанын атап өткен: біріншісі, әдеттегі мағынада тағайындалмаған немесе сайланбаған, бірақ тек іскерлік және моральдық жағынан ғана халық арасында бұл атаққа және міндетке лайық болған халық билері; екіншілерін 19 ғасырдың аяғында пайда болған би-шенеуніктердің әкімшілігі тағайындады, соның салдарынан – халық емес, әкімшілік қалыптастырған мүлде басқа менталитет, басқа іскерлік және адамгершілік қасиеттер, халықтың оларға деген басқаша көзқарасы және мүлде басқа әділеттілік орнағандығын баяндайды. Осы мәселені жіті зерттеген М.С. Нарикбаевтың «Ұлы билерімізден Жоғарғы Сотқа дейін» еңбегін қоса айтуымыз қажет. Сонымен қатар, А.Ж. Жакуповтың «Қазақстандағы медиация институты: келешегі және мәселелері» атты еңбегі қазіргі медиацияның дамуы барысында туындайтын бірқатар өзекті мәселелерге назар аударады. Автор медиация институтының құқықтық регламенттелуіндегі олқылықтарды, кадрлық даярлық мәселелерін, қоғамның құқықтық мәдениетінің деңгейін және халық арасында медиация туралы ақпараттың жеткіліксіздігін зерттей отырып, бұл саланы жүйелі реформалау қажеттігін алға тартады. Сонымен бірге, ол медиацияның болашағына оң баға беріп, оның әлеуетін толық ашу үшін нақты ұсыныстар мен шаралар ұсынады. Осы аталған еңбектер Қазақстандағы медиация институтын ғылыми негізде жүйелі түрде дамытуға бағытталған және зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздерін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Зерттеу жұмысының теориялық және тәжірибелік маңызы диссертациялық жұмыстың негізгі тұжырымдары мен қорытындылары медиацияны дауларды шешудің тиімді құралы ретінде қарастыратын саясаттану, мемлекеттік басқару, құқықтану саласындағы мамандар үшін пайдалы. Бұл зерттеу жұмысының материалдары мен нәтижелерін Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары мен қоғамдық институттары медиация институтын дамыту мен жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеу барысында қолдана алады. Диссертациялық материалдар осы күрделі ғылыми мәселені одан әрі зерттеу процесінде, сондай-ақ саясаттану, мемлекеттік басқару, адам құқықтарын қорғау және әлеуметтік технологиялар бағытындағы оқу курстарын оқытуда пайдаланылуы мүмкін. Зерттеудің ғылыми жаңалығы оның әлі жеткілікті зерттелмеген, жаңа және дамымаған тақырыпқа арналуында болып отыр. Бұл жұмыстың ғылыми жаңалығы келесі аспектілермен анықтауға болады: - Саяси медиацияға жүйелі көзқарас негізделіп, ол тек қақтығысты шешу құралы ретінде емес, саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін, саяси келісім мен қоғамдық диалогты жүзеге асыратын әлеуметтік-саяси институт ретінде теориялық тұрғыда жаңадан қарастырылды. - Қазақстандағы саяси медиацияның институционализация процесі алғаш рет кешенді зерттеліп, оның құрылымдық, нормативтік және идеологиялық негіздері жүйеленді. Зерттеуде Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қоғамдық келісім кеңестері, Медиация кабинеттері сынды құрылымдардың рөлі мен тиімділігі жан-жақты сараланды. - Орталық Азия елдерінің тәжірибесімен салыстыра отырып, Қазақстандағы саяси медиация институтының құқықтық реттелу ерекшеліктері мен нормативтік база дамуы алғаш рет салыстырмалы-құқықтық талдау негізінде ұсынылды. Бұл бағытта ұқсастықтар мен айырмашылықтар нақты көрсетілді. - Саяси қайшылықтар мен қақтығыстарды реттеудегі медиацияның жаңа трендтері (цифрлық медиация, онлайн платформа, бейресми келіссөздер) қарастырылып, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, олардың Қазақстанда бейімделуінің тиімді жолдары ұсынылды. - Қазақстандағы саяси медиацияны дамытуға кедергі келтіретін факторлар (құқықтық регламенттің жеткіліксіздігі, кәсіби кадрлардың тапшылығы, қоғамда медиация мәдениетінің әлсіздігі) анықталып, оларды шешудің нақты тетіктері мен институционалдық ұсыныстары әзірленді.Осылайша, бұл зерттеу медиация институтының теориялық түсінігін кеңейтіп қана қоймайды, сонымен қатар Қазақстанда дауларды шешудің баламалы тетіктерін жетілдіруге және оның халықаралық кеңістікке интеграциялануына ықпал ететін практикалық тәсілдерді дамытуға ықпал етеді. Автор қорғау ұсыныстары ретінде төмендегілерді бөліп көрсету қажет деп санайды: 1. Саяси медиация саясаттану ғылымында тек қақтығыстарды реттеу құралы ретінде емес, саяси жүйедегі мүдделерді үйлестіруді, келісім мәдениетін қалыптастыруды және қоғамдық диалогты институционализациялауды қамтамасыз ететін көпдеңгейлі әлеуметтік-саяси механизм ретінде қарастырылуы ғылыми тұрғыдан негізделеді. Оның мазмұны делдалдық, келіссөз, фасилитация және конфликт трансформациясы модельдері арқылы жүйеленеді. 2. Қазақстандағы медиация институтының қалыптасуы дәстүрлі билер сотының бітімгершілік тәжірибесі мен қазіргі құқықтық мемлекет қағидаттарының синтезі негізінде жүзеге асып отырғаны дәлелденеді. Бұл үдеріс медиацияның ұлттық құқықтық мәдениетпен сабақтастығын сақтай отырып, оны заманауи саяси-әлеуметтік институт ретінде институционализациялауға мүмкіндік береді. 3. Шетелдік тәжірибені талдау саяси медиацияның демократиялық процестерді тұрақтандыру, этносаяси және аймақтық қайшылықтарды басқару, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі жанжалдарды реттеу тетігі ретінде институционалдық сипатқа ие болғанын көрсетеді. Бұл модельдер саяси медиацияны мемлекеттік саясаттың құрамдас элементі ретінде қарастырудың тиімділігін дәлелдеп, Қазақстан жағдайында бейімделу мүмкіндігін негіздейді. 4. Қазақстан Республикасындағы медиацияның құқықтық базасы біртіндеп жетілуде, алайда саяси медиацияны айқындайтын арнайы құқықтық негіздің болмауы оның тиімді дамуына кедергі келтіреді. 5. Қазақстандағы саяси медиация институтының институционалдық негіздері қалыптасқанымен, оның тиімділігі кәсіби кадрлар даярлығы, азаматтық белсенділік және мемлекеттік қолдау тетіктерімен тікелей байланысты. 6. Орталық Азия елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда саяси медиацияны құқықтық реттеу жүйесі салыстырмалы түрде дамығанымен, қайшылықтарды шешуде бірыңғай аймақтық тәсілдер қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. 7. Саяси медиация қазіргі заманда саяси қайшылықтарды реттеудің бейресми, келісімді және тараптардың өзара мүддесіне бағытталған тиімді тетігі ретінде жаһандық деңгейде кең таралуда. 8. Қазіргі халықаралық тәжірибеде медиация қарулы қақтығыстарды тоқтату немесе оларды бәсеңдету және саяси диалогқа жағдай жасауға арналған тиімді құрал болып табылады. Алайда оның ұзақ мерзімді тиімділігі тікелей тараптардың саяси еркі, негізгі сыртқы акторлардың қатысуы және келісімдердің орындалуын бақылау механизмдерінің болуына тәуелді. 9. Қазақстанда саяси медиация институтын дамыту үшін құқықтық реттеуді нақтылау, кәсіби медиаторларды даярлау, медиация мәдениетін насихаттау және мемлекет пен қоғам арасында сенімді өзара іс-қимыл қалыптастыру қажет. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыстың құрылымы қойылған мақсат пен міндеттермен анықталған. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлімге бөлінген үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде әртүрлі елдердегі медиацияны салыстырмалы талдау қажеттілігінің негіздемесі, салыстыру критерийлері (заңнамалық база, институционалдық ұйымдастыру, қолдану аясы, тиімділігі), дауларды шешудің баламалы тенденциялары контексінде тақырыптың өзектілігі айқындалған. «Саяси медиацияның теориялық-әдіснамалық негіздері» тарауында саяси медиация ұғымының мазмұны, оның саясаттанудағы орны, бітімгершілік институт ретінде эволюциясы қарастырылып, шетелдік тәжірибелер аясында теориялық тәсілдер сараланады. «Қазақстандағы саяси медиацияның институционалдық жүйесі мен құқықтық базасы: салыстырмалы талдау» тарауы Қазақстандағы медиацияны институционализациялау үдерісі, нормативтік-құқықтық даму ерекшеліктері мен Орталық Азия елдерімен салыстырмалы сипаттамасына арналады. «Саяси қайшылықтарды шешу құралы ретіндегі медиация: жаңа трендтер, тәжірибелер және даму перспективалары» атты үшінші тарауында медиацияның қоғамдық-саяси қайшылықтарды реттеудегі заманауи тәсілдері, шетелдік тәжірибелер және Қазақстандағы медиацияны жетілдіру жолдары талданады. Қорытындыда зерттеу нәтижелері жинақталып, Қазақстандағы саяси медиацияны дамытуға қатысты ұсыныстар мен қорытындылар беріледі.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
