
«6D050200 - Саясаттану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жұмағұлов Елдос Тәңірбергенұлы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жұмағұлов Елдос Тәңірбергенұлы «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша «Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тәуекелдері мен келешегі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Алтыбасарова Мейрамгуль Армияновна - ғылым кандидаты, профессор, ТОРАЙҒЫРОВ УНИВЕРСИТЕТІ, профессор
Шериязданов Бауржан Рахимгалиевич - ғылым кандидаты, ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты, Аға ғылыми қызметкер
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Абишева Мариан Асаровна - ғылым кандидаты, профессор, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, профессор
Айтымбетов Нуркен Искакович - философия докторы (PhD), ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ ҒЫЛЫМ КОМИТЕТІНІҢ" ФИЛОСОФИЯ, САЯСАТТАНУ ЖӘНЕ ДІНТАНУ ИНСТИТУТЫ", Ғылыми қызметкер
Канапьянов Тимур Ерболатович - философия докторы (PhD), Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі, директор орынбасары
Сарсенбаева Жанар Ганиевна - ғылым кандидаты, қауымдастырылған профессор, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ
Ғылыми кеңесшілер:
Жолдыбалина Алуа Серікқызы – философия докторы (PhD, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, директордың орынбасары. Мамандығы: «23.00.00 – Саяси ғылымдар» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Евдокимов Николай Анатольевич – саяси ғылымдарының кандидаты, Уфа ғылым және технологиялар университеті, саясаттану және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті ( Уфа қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2023 жылғы 5 желтоқсан, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09 ID: 811 4174 324 code: DC9hpA (online)
Мекен-жайы: Астана, А. Янушкевича, 6, аудитория 112. (offline)
Аңдатпа (қаз.): Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасы «6D050200-Саясаттану» мамандығының докторанты Жұмағұлов Елдос Тәңірбергенұлының философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тәуекелдері мен келешегі» тақырыбына арналған диссертациясылық жұмысының АННОТАЦИЯСЫ Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл диссертациялық жұмыс Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қалыптасуы, қазіргі ахуалы, оның проблемалары, даму келешегін және тәуекелдерін зерттеуге бағытталған. Зерттеу тақырыбының өзектілігі еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару институтын одан әрі дамыту қажеттілігімен айқындалады. Осы бағытта бірнеше факторды атап көрсетуге болады: – біріншіден, жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың ғылыми тұжырымдары және оны тәжірибеде қолданылу барысын талдау бұл институттың құрылымын мен маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Ғылыми тұжырымдардың жетістіктері мен кемшіліктерін жүйелі талдауға қажеттілік бар. Жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруда көптеген елдер басшылыққа алатын Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық хартиясының қағидаттары және оларды қазіргі жағдайда Қазақстанда жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру да аса маңызды; – екіншіден, халықаралық тәжірибеде қалыптасқан жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың үлгілерін талдай отырып, оларды Қазақстандық жағдайда қолдану мүмкіндіктерін ғылыми негіздеу қажеттігі бар. Сонымен бірге жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін реформалауда жетістікке жеткен унитарлық елдердің тәжірибесі және оның қазақстандық жағдайда қолдану мүмкіндіктерін кеңірек қарастыру өзекті; – үшіншіден, тәуелсіздік жариялаған кезден бастап елімізде жергілікті өзін-өзі басқарудың ұлттық үлгісін қалыптастырудың талпынысы жасалып келеді. Белгілі дәрежеде тәжірибе жинақталып, тиісті саяси-құқықтық құжаттар қабылданғанына қарамастан, осы жылдар ішінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ және оның себептерін анықтау қажеттігі бар. Жергілікті деңгейде мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдарының құзірет ауқымы анықталмаған және қызмет ету аясы ажыратылмады деген пікір осы мәселені зерттейтін сарапшылар тарапынан жиі кездеседі. Осыған байланысты еліміздегі билікті орталықсыздандыру үрдісінің қазіргі барысы және оның кеңейтуге байланысты мәселелерді анықтау қажет. Сонымен бірге осы кезеңде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бойынша қол жеткізген жетістіктер мен туындайтын проблемаларды анықтау, оларды себептерін анықтау реформаларды одан әрі дамыту бойынша саясатты анықтау да маңызды. – төртіншіден, жергілікті өзін-өзі басқарудың даму келешегін қарастыра отырып, толыққанды ендіруге кедергі келтіруі мүмкін тәуекелдерді анықтау, олардың деңгейін саралауға қажеттілік айқын болып отыр. Осы тәуекелдерді ескермей жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бойынша әзірленетін тұжырымдамалардың тиімді жүзеге асуы қиындай түседі; – бесіншіден, «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылыми Порталының» мәліметтеріне сәйкес, саясаттану бағытында кейінгі онжылдан астам уақытта осы тақырыпта диссертациялық зерттеулер жүргізілмеген. Бұл ғылыми жұмыстардың жаңартылу мерзімдерін есепке алғанда кейінгі жылдардағы стратегиялық бастамаларға және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға байланысты тұжырымдамалардың іске асуына байланысты жүйелі ғылыми зерттеулер қажеттілігі туындайды. Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институтының қалыпасқан жүйесі конструктивті ғылыми зерттеулерге мұқтаж. 2012 жылы 28 қарашада ҚР Президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Тұжырымдамасы» қабылданған болатын. Енді осы тұжырымдаманың жүзеге асыру барысы жергілікті өзін-өзі басқару институтын қаншалықты дәрежеде нығайта алғанын анықтау үшін құрылымдық талдау қажет. Сонымен бірге 2021 жылы жаңа «2021-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың Тұжырымдамасы» қабылданды. Қазіргі кезде осы тұжырымдаманың іске асырылу барысын талдау да өте маңызды. Жоғарыда көрсетілген негіздер диссертация тақырыбының өзектілігін және оның ғылыми құндылығын айқындайды. Осыған байланысты дисссертациялық жұмыс осының алдында жүргізілген зерттеулердің өзіндік логикалық жалғасы ретінде, жергілікті өзін-өзі басқару институтының одан әрі даму келешегі мен тәуекелдерін зерделеуді ұсынады. Зерттеудің объектісі ретінде Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару институтының қалыптасу процессі және қазіргі ахуалы қарастырылады. Зерттеу пәні – Қазақстан Республикасы жергілікті өзін-өзі басқарудың проблемалары, оны дамыту барысында туындайтын тәуекелдер. Зерттеудің хронологиялық ауқымы Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің зерттеу кезеңі тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі уақытты қамтиды: 1991-2022 жылдар. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тәуекелдері мен келешегіне саясаттанулық талдау жасау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін келесідей зерттеу міндеттері анықталды: 1. Жергілікті өзін-өзі басқарудың ғылыми тұжырымдарын талдау және олардың жетістіктері мен кемшіліктерін анықтау, халықаралық жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың үлгілі қағидаттарын айқындау және оларды сақтаудың артықшылықтарын негіздеу. 2. Халықаралық тәжірибедегі жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастырудың үлгілерін зерттеу және жекелеген мемлекеттер тәжірибесін, осы бағыттағы реформалардың жетістіктерін саралау, Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. 3. Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару институтының қалыптасу кезеңдеріне, қазіргі ахуалына талдау жасау. 4. Жергілікті өзін-өзі дамыту барысында туындайтын проблемаларды анықтау. 5. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту барысында туындауы мүмкін тәуекелдерді анықтау және оларды саралау. 6. Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу. Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу және аталған міндеттерді шешу үшін зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі ретінде жалпы ғылыми әдістер де, саяси ғылымның әдістері де пайдаланылды: тарихи, диалектикалық, саяси-құқықтық, жүйелік талдау, салыстырмалы талдау, институционалдық және құрылымдық-функционалдық талдау. Атап айтқанда, тарихи, диалектикалық, салыстырмалы талдау жергілікті өзін-өзі басқарудың ғылыми тұжырымдарының қалыптасу процессін талдауда қолданылды. Жергілікті өзін-өзі басқару үлгілерін қарастырғанда институционалдық және құрылымдық-функционалдық талдау, сонымен бірге SWOT-талдау жүргізілді. Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қалыптасу барысы мен оны дамыту бойынша тұжырымдамаларды қарастырғанда саяси-құқықтық және жүйелік әдіс қолданылды. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қазіргі ахуалын зерделегенде, проблемаларын мен даму келешегін айқындағанда анкеталық сауалнама, эксперттік тереңдетілген сұхбат, case-study әдісін қолдануға мүмкіндік болды. Ал оның даму барысындағы тәуекелдерді анықтау үшін саралау және талдау әдісі қолданылды. Зерттеудің деректер негізі ретінде қолданылған дереккөздердің бірінші тобына халықаралық және ұлттық деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілер жатады. Атап айтқанда 1985 жылы қабылданған Еуропалық жергілікті басқару хартиясы, Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі №2464 Конституциялық заңы, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы №148-II ҚР Заңы, «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» ҚР-ның 1993 жылғы 8 желтоқсандағы №2572-XXI Заңы және басқа да актілер жатады. Екінші топқа маңызды стратегиялық құжаттар, тұжырымдама, ұлттық жобаларды жатқызуға болады: 2012 жылы 14 желтоқсанда ұсынылған «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», 100 нақты қадам. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 20 мамырдағы бағдарламасы, Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 28 қарашадағы №438 Жарлығы, Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 18 тамыздағы № 639 Жарлығы, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №729 қаулысы. Дереккөздердің үшінші тобына ҚР Президентінің Қазақстан халқына арналған Жолдауларымен, сөйлеген сөздерімен, мәлімдемелерімен байланысты және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында ұсынылған басқа да материалдар. Сонымен бірге диссертациялық зерттеуде талданған дереккөздердің келесі маңызды бөлігі бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары, ұсынылған тақырыпқа байланысты Интернет көздері, соның ішінде әртүрлі деңгейдегі билік органдарының ресми сайттарында, мысалы, жергілікті бюджет туралы мәліметтер жатады. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қоғамдық саясаттың аумақтық ұйымдасуы ретіндегі көпқырлы сипаты әртүрлі ғылым өкілдерінің қызығушылығын туғызады. Жергілікті деңгейдегі сұрақтардың тиімді шешілуі саясаттанушылардың, экономистердің, заңтанушылардың, әлеуметтанушылардың және т.б. зерттеушілердің зерттеу пәні болып табылады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың табиғатын мемлекеттік билікпен байланыстыра отырып зерттеген Г. Турэ, А. Токвиль, О. Ресслер, Р. Моль, В. Лешков, А. Васильчиков, Л. Штейн, Р. Гнейст, А.Д. Градовский, Н.И. Лазаревский, Г. Еллинек, Б. Чичерин және т.б. Посткеңестік кеңістікте жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы заманауи зерттеулер Н.С. Бондарь, Р.В. Бабун, Н.А. Емельянов, А.Н. Буров, Е.Б. Бабина, Г.В. Барбашев, В.Б. Евдокимов, С.М. Киричук, Г.В. Атаманчук және т.б. тиеселі. Жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты ауқымды зерттеулер жүргізген отандық зерттеушілер Г.С. Сапаргалиев, В.Н. Уваров, К.Е. Кубаев, З.Л. Федотова, А.Е. Чеботарев, С.З. Баймагамбетов, М.М. Махмутова, Л.Т.Жанузакова, А.А. Таранов, А.С. Серикбаев, В.Ф. Романюк, Р. Асаубаев, Б.Р.Шериязданов, М.Т. Габдуалиев және т.б. болып табылады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде жергілікті өзін-өзі басқару мәселесін зерттеу бойынша біршама кешенді жұмыстар жүргізілді. Отандық ізденушілермен орындалған диссертациялардың ішінде Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасу барысын талдау Б.А. Өнербаев, Н.С. Омаров, С.К. Ахметов, саяси модернизация аясындағы мемлекеттік билік пен жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасындағы қарым-қатынасты Г.И. Досмагамбетова, Л.Н. Бурлаков, әлеуметтік-саяси аспектілерін К.К. Шарипбаев, экономикалық аспектілерін Б.К. Мукина, орталықсыздандыру мәселесін К.Е. Аглешов, мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқарудың құзіреттерін ажыратуды Л.Ж. Аширбекова, селолық аумақтар әкімдерінің қызметінің тиімділігін арттыру мәселесін Е.А. Садырбаев зерттеген. Сонымен бірге жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық негіздерін А.Б. Жумадилова, М.Н. Баранов, А.Д. Дархамбаева, Ж.С. Айдапкелов, азаматтық институт ретінде әлеуметтанулық талдауды О.Е. Комаров жүргізген. Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылыми Порталының» ресми ақпараты негізінде анықталған іріктеме бойынша қазіргі күнге дейін орындалған іргелі ғылыми жоба есептеріне шолу жасалды. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесін зерттеумен айналысқан іргелі ғылыми жобалардың саны -10. Соның ішінде: 2004 жылы - 4 зерттеу, 2005 жылы – 1 зерттеу, 2006 жылы – 2 зерттеу, 2011 – 1 зерттеу, 2013 жылы – 1 зерттеу, 2015 жылы – 1 зерттеу жүргізілген. Соның ішінде 6 зерттеуді «Экономика институты» жүргізген, 2 зерттеуді «Интелектуал-Парасат» компаниясы, 1 зерттеуден «Әл-фараби атындағы ҚазҰУ» және «ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы» орындаған. Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне байланысты біраз зерттеудің жинақталғанына қарамастан, оның даму проблемаларын одан әрі талдауды қажет ететінін айтуға болады. Демек, жергілікті өзін-өзі басқаруды жақсартуға байланысты одан әрі зерттеулер қажет. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Берілген диссертациялық жұмыста келесі жаңа нәтижелер бар: – жергілікті өзін-өзі басқарудың қазіргі кезде қалыптасқан ғылыми тұжырымдарына кешенді зерттеу жүргізілді, соның нәтижесінде автордың көзқарасы бойынша олардың жетістіктері мен кемшіліктері жүйеленді; – халықаралық тәжірибеде қалыптасқан жергілікті өзін-өзі басқарудың үлгілеріне, олардың жұмыс істеу тетіктері барысында күшті жақтары мен әлсіз тұстарына, мүмкіндіктері мен қатерлеріне, сонымен бірге Қазақстанда қолдану мүмкіндіктеріне авторлық талдау жасалды; – тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару институтының қалыптасу барысы жүйелі түрде зерттеліп, саяси бастамалардың, тұжырымдамалардың орындалу барысы және негізгі нәтижелері анықталды; – еліміздегі қазіргі кездегі жергілікті өзін-өзі басқарудың ахуалы талданды, оны дамыту барысындағы проблемалар анықталды және олар сарапшылармен жүргізілген эксперттік сұхбат және анкеталық сауалнама арқылы нақтыланды; – жергілікті өзін-өзі басқару институтын одан әрі дамыту барысында туындауы мүмкін тәуекелдер анықталды және олардың салдарлары талданды, сонымен бірге сарапшылардың пікірін зерттеу арқылы «жоғары», «орташа» және «төмен» деңгей бойынша сараланды; – Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін әлеуетін одан әрі дамыту, жетілдіру бойынша заңнамалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтік-экономикалық және тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірленді. Зерттеу жұмысында келесі ғылыми гипотеза ұсынылды: жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін даму әлеуеті елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижелілігіне, оңтайлы және толыққанды орталықсыздандыру процессіне және жергілікті мәселелерді шешудегі тұрғындардың белсенділігіне тікелей байланысты. Зерттеудің теориялық және тәжірибелік мәні. Зерттеу жұмысы барысында қол жеткізген тұжырымдар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдірудің өзектілігін ескере отырып, оны дамыту бойынша әзірленетін саясатта пайдалануға мүмкіндік береді. Берілген диссертациялық жұмыстағы зерттеу материалдарының теориялық және тәжірибелік ауқымы жергілікті өзін-өзі басқару институының қазіргі ахуалын, туындайтын проблемалары талдау барысында, оны жетілдіру кезеңінде сараланған тәуекелдерді және болжанған даму әлеуетін ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге зерттеу барысында қол жеткізген нәтижелер «саясаттану», «мемлекеттік жергілікті басқару», «құқықтану» және т.б. білім беру бағдарламалары бойынша оқу материалдарын, жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы Заң жобаларын, Тұжырымдамаларды әзірлеу барысында қолданылуы мүмкін. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Ғылыми тәжірибеде қалыптасқан жергілікті өзін-өзі басқарудың классикалық және неоклассикалық тұжырымдарының әрқайсысының күшті және әлсіз жақтары анықталды. Халықаралық деңгейде үлгілі болып табылатын «Жергілікті өзін-өзі басқарудың Еуропалық Хартиясында» бекітілген қағидаттарды сақтау, соның ішінде - ЖӨБ органдарының нақты қарастыратын мәселелері мен құзіреттерінің болуы; ЖӨБ органдарының өз құрылымын өз бетінше анықтау алуы, сайланбалы лауазым иелерінің қызметін қамтамасыз ету үшін жергілікті қызметкерлерді таңдай алу құқығының болуы; ЖӨБ органдарының шешім шығару қызметін әкімшілік бақылауды шектеу; Жергілікті бюджеттерді толықтыруды қамтамасыз ету қажеттілігі және ЖӨБ органдарының өзара ынтымақтастасу және бірлескен ассоциациялар құра алу қағидаттарын сақтау Қазақстан Республикасындағы ЖӨБ тиімді жұмысы мен дамуын қамтамасыз ету үшін маңызды болып табылады. 2. Халықаралық тәжірибеде қалыптасқан жергілікті өзін-өзі басқарудың англосаксондық, құрлықтық және аралас үлгілерін SWOT-талдау олардың күшті және әлсіз жақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасындағы ЖӨБ жүйесі құрылымдық үлгіге жақын болғанымен толыққанды ешбір үлгіге толық сәйкес келмейді. Польша мен Финляндияның тәжірибесі көрсеткендей ЖӨБ басқару жүйесіндегі реформалардың нәтижелілігі билікті оңтайлы орталықсыздандыру, қаржылық дербестік, тұрғындардың белсенді қатысуы тетіктерін нақтылау, жергілікті қызметкерлердің кәсіби біліктілігін жоғарылату, басқару үрдісінде цифрландыру және инновацияларды енгізумен байланысты. Қазақстандық ерекшеліктерді - унитарлық құрылымды, аумақтық экономикалық әлеуеттің төмендігін және жергілікті бюджеттің жеткіліксіздігін, азаматтар белсенділігінің төмендігін ескере отырып осы ЖӨБ саласын дамытуда осы тәжірибені кеңінен енгізу маңызды. 3. Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институтының қалыптасу эволюциясын зерттеу оны дамыту жөніндегі саяси бастамалар стратегиялық құжаттарда, Мемлекет басшысының халыққа арналған Жолдауларында жүйелі түрде жарияланып отыратынын көрсетеді, алайда оларды іс жүзінде толыққанды іске асыру жалпы саяси жүйені реформалау жетістіктерімен тығыз байланысты. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бойынша бірқатар маңызды қадамдар жасалды: мысалға, әкімдерді тікелей сайлау, аудандық және қалалық мәслихаттарды мажоритарлық жүйе бойынша сайлауды қайтару. Бірақ жергілікті тұрғындардың мүддесін қамтитын және жергілікті мәселелерді шешуде толыққанды жұмыс істейтін ЖӨБ жүйесі әлі толық қалыптасқан жоқ. 4. Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институтын талдау кезінде анықталған проблемаларға билікті орталықсыздандыру процесінің толық жүргізілмеуі, осы саланы реттейтін заңнаманың жетілмеуі, ЖӨБ органдарының жергілікті мемлекеттік атқарушы органдарға тәуелділігі, жергілікті аумақтардың көпшілігінің әлсіз экономикалық әлеуеті және жергілікті тұрғындардың ЖӨБ жұмысына қатысуының төмен белсенділігі жатады. Бұл проблемалар сарапшылар пікірін зерттеу арқылы нақтыланды. 5. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамыту процесінде кедергі болуы мүмкін тәуекелдерге ЖӨБ органдарының жергілікті мәселелерді шешуге құзіретінің жетіспеуі, ЖӨБ органдары мен мемлекеттік атқарушы органдар арасындағы шиеленістер, қаржылық мүмкіндіктердің болмауы және тұрғындар тарапынан азаматтық белсенділіктің төмен болу ықтималдығы жатады. Ол тәуекелдер зерттеуде анықталған салдардарды туындатады. Сарапшылардың пікіріне негізделе отырып тәуекелдердің жоғары, орташа және төмен деңгейлері сараланды. 6. Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту жөніндегі ұсыныстар халықаралық тәжірибені және осы саланы зерттеумен айналысатын отандық сарапшылардың пікірін, сондай-ақ қазіргі жағдайда орын алып отырған проблемалар мен даму келешегінде орын алуы ықтимал тәуекелдерді ескеруі тиіс. Зерттеу базасы. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Саясаттану кафедрасында орындалды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Зерттеудің ең маңызды нәтижелері әртүрлі басылымдарда жарық көрді. Жұмыстың нәтижелерін автор келесі конференцияларда жариялады: «Иннова - 2019» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы (Қостанай, 2019), Профессор Г.Б.Аскееваның 60 жылдығына арналған IX Халықаралық ғылыми-практикалық конференция (Астана, 2019), «Қазақстандық трансформация үлгісі: әлеуметтік-саяси контексті». Студенттер, магистранттар мен докторанттардың ХІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы (Қарағанды, 2019), «Қазақстан қоғамын әлеуметтік-саяси жаңғырту: болашағы мен сын-қатерлері» X Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы (Астана, 2020), Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Әлеуметтік-саяси жаңғырудың посткеңестік модельдері: 30 жылдық тәжірибесі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы (Қарағанды, 2021). Конференция материалдарында аталған мақалалар жарияланды. Башқұртстан Республикасы Басшысы жанындағы мемлекеттік қызмет және басқару академиясында (Ресей Федерациясы, Уфа қ.) оқытушы-профессорлар құрамының қатысуымен диссертациялық жұмысты талқылау бойынша 30.10.2019 жылы арнайы әдістемелік семинар өткізілді. Диссертация тақырыбы бойынша Қазақстан, Польша, Литваның ғылыми журналдарында 7 мақала жарияланды, оның ішінде 5-і ҚР ҒжЖБ министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. «Саяси ғылымдар, аймақтану, шығыстану, түркітану сериясы», «Мемлекеттік басқару және қызмет» халықаралық ғылыми-сараптамалық журналы (2 мақала), «Қоғам және дәуір» ғылыми сараптамалық журналы (2 мақала) және 2 мақала Polish science journal (Польша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясының хабаршысында жарияланды. Автор Scopus деректер базада индекстелетін «Public policy and administration» журналында «Development of local self-governmentin the republic of Kazakhstan and the roleof foreign experience in its improvement» тақырыбында мақала (басқа авторлармен бірлесіп) жариялады. Диссертациялық жұмыс құрылымы Қорғауға ұсынылған жұмыс нормативтік сілтемелер, белгілеулер мен қысқартулар тізімі, кіріспе, екі бөлім, қорытынды, дереккөздер тізімі, сондай-ақ қосымшаларды қамтиды. Диссертациялық зерттеудің жалпы көлемі 120 бетті құрайды. Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі, ғылыми зерттелу деңгейі сипатталған, диссертациялық жұмыстың мақсаты мен міндеттері көрсетілген, сонымен қатар зерттеу объектісі мен пәні анықталған. Жұмыстың осы бөлігінде автор сонымен қатар зерттеудің дереккөздік базасын, оның негізгі әдіснамалық принциптерін ұсынады, қарастырылған гипотезаны көрсетеді, ғылыми жаңалықтың сипатын, зерттеу нәтижелерінің теориялық және тәжірибелік маңыздылығын көрсетеді. Диссертацияның «Жергілікті өзін-өзі басқарудың ғылыми-теориялық-аспектілері» атты бірінші бөлімінде жергілікті өзін-өзі басқарудың ғылыми тұжырымдарына, халықаралық тәжірибеде қалыптасқан үлгілеріне, Қазақстандағы осы институттың қалыптасу барысына талдау жасалды. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару институты: қазіргі жағдайы, даму келешегі және тәуекелдері» атты екінші бөлімінде еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқарудың қазіргі ахуалы, проблемалары, оны дамытудың келешегі мен мүмкін болатын тәуекелдері сараланды. Қорытындыда зерттеу тақырыбы бойынша тұжырымдар келтірілген. Одан кейін зерттеу материалдары бойынша қосымшалар берілген.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/45zs0ixPGog
