
«6D050200 - Саясаттану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кашкинбаева Асем Тастемировна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кашкинбаева Асем Тастемировна «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша «Қазіргі кездегі этносаралық қатынастардың мәселелері және оны нығайту тетіктері: Түркістан облысы мысалында» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Нұралина Ботакөз Амангелдіқызы - Қазақ-Америка университеті жанындағы Халықаралық Білім беру корпорациясы факультеті
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Калиев Ильдар Абужанович - ғылым кандидаты, профессор
Амитов Султанкожа Абдукадырович - ғылым кандидаты, доцент, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, доцент
Пұсырманов Нұрбек Серікұлы - ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты, Басшы
Ғылыми кеңесшілері:
Габдулина Бағыш Ахметовна – тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Абдрахманов Толобек Абылович – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің ректоры (Бішкек қ.Қырғызстан Республикасы).
Қорғау 2024 жылғы 18 желтоқсан, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Мекен-жайы: Астана қаласы, А.Янушкевич көшесі, 6, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 4 оқу корпусы, 112-аудитория
Аңдатпа (қаз.): Кашкимбаева Асем Тастемирқызының «6D050200 –Саясаттану» мамандығы бойынша философия докторы дәрежесін (PhD) алуға ұсынылған «Қазіргі кездегі этносаралық қатынастардың мәселелері және оны нығайту тетіктері: Түркістан облысы мысалында» тақырыбындағы диссертациялық жұмысының АННОТАЦИЯСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Диссертациялық зерттеудің өзектілігі Қазақстан Республикасында қоғамдық-саяси және экономикалық жағдайға елеулі әсер ететін, этносаралық үдерістерді ғылыми тұрғыдан түсіну және болжау қажеттілігімен анықталады. Қазіргі қазақстандық қоғамда саяси өзгерулерге байланысты көптеген мәселелер, соның ішінде ұлтаралық қатынастардың сұрақтары туындайды. Ұлтаралық қарым-қатынастар мен тіл саясаты мәселелері қоғамдық талқылаудың нысанасына айналуда. Көп этносты, әлеуметтік-мәдени әртүрлілікпен сипатталатын қазақстандық қоғам үшін, этносаралық қатынастарды үйлестіру, этносаралық қақтығыстардың алдын алу және реттеумен байланысты тиімді саясатты әзірлеу өзекті міндет болып табылады. Көпұлтты мемлекетте ұлтаралық қарым-қатынастың қолайлы дамуы саяси тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі болып табылады деген тұжырымның дұрыстығы сөзсіз. Демек, этносаралық қатынастарды үйлестіру, халықтардың этномәдени дамуы, азаматтардың ұлтына, нәсіліне және дініне қарамастан құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасы мемлекеттік саясатының басты мақсаттарының бірі болып келеді. Сондықтан, бұл саладағы нақты жағдайды жедел бағалауға, этносаралық қатынастардың ықтимал мәселелерін талдауға, олардың дамуының ықтимал үрдістерін болжауға мүмкіндік беретін тұжырымдамаларды жасау, қажеттілік етеді. Отандық ғылымда республикадағы этносаралық шиеленістердің ықтималдығы, олардың алғышарттары, сонымен қатар, зардаптары болып табылатын этносаралық үдерістердің факторлары және ұлтаралық қатынастардың бірқатар басқа да маңызды аспектілері жеткілікті түрде әзірленбеген. Жаһандық үдерістердің ықпалынан туындайтын этносаралық өзара іс-қимылдың кеңейе жатқан әлеуметтік ауқымы саясиланып, жаппай сипатқа ие болуда. Түрлі мәдениеттер, мінез-құлық стратегияларының, ұлттық тілдер және этникалық стереотиптердің иегерлерінің тікелей этносаралық байланыстарға тартылуы, саяси және әлеуметтік өзара әрекеттесудің белгілі жағдайында этносаралық шиеленістің күшеюін тудырады. Бұл кезде ахуал бақылаудан тыс шығып кетуі мүмкін. Қазіргі таңда қоғамдағы саяси көңіл-күйге экстремистік бағыттағы әртүрлі ұлтшыл қоғамдық-саяси қозғалыстар жариялап жатқан идеологемаларының ықпалының күшеюін зерттеу, ерекше мәнге ие, мақсат болып табылады. Сондықтан, осы тұрғыдан да саяси зерттеулердің өзектілігі өсуде. Осылайша, бұл жайт қоғамның нақты этномәдени қалпына қатысты саяси іс-әрекеттің мұқтаждығын көрсете отырып, диссертациялық зерттеудің маңыздылығын анықтайды. Диссертациялық зерттеу авторының теориялық қызығушылығы Қазақстандағы этносаралық қатынастар мәселелерінің этносаяси үдерістерге әсерімен шектелмей, сонымен қатар, көпэтносты қоғамда түрлі этникалық топтардың саяси және әлеуметтік-мәдени интеграциясының жолдарын әзірлеу мақсатымен айқындалады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Түркістан облысы тәрізді көпұлтты макроөңірдегі этносаралық қатынастардың аймақтық сипаттағы аспектілерді зерттеудің маңыздылығы, ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен байланысты болуымен түсіндіріледі. Атап айтқанда, Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздік мәселелері шеңберінде, этносаралық қатынастардың дамуындағы тарихи алғышарттарының күрделілігі байқалады. Түркістан облысы ұзақ мерзімді этносаяси қақтығыстар аймақтарымен тікелей шектеседі, сонымен қатар, тұрақты демографиялық өсу мен көші-қон үдерістеріне байланысты, белгілі бір қиындықтарды бастан кешіреді. Сондықтан, этносаяси саладағы жағдайға ұдайы назар аудару, мемлекеттің осы өңірдегі саясатын оңтайландыру мақсатында, этносаралық қатынастардың динамикасына ғылыми талдау жасау талап етіледі. Ең алдымен Түркістан облысы үшін бұл мәселелер мемлекеттік басқару саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады, өйткені біздің еліміздің аймақтарының қызметі үйлесімді азаматтық қоғам құруда маңызды рөл атқаратын этносаралық қатынастарды дамытуға және нығайтуға бағытталған. Біздің ойымызша, бүкіл ел үшін оңтайлы үлгіні әзірлеуге этникалық топтар арасындағы өзара іс-қимылдың, аймақтық құралдары негіз бола алады. Ол этносаралық қатынастарды реттеудің әмбебап құралдарын іздеуді емес, олардың дамуында қолайлы поливарианттылықты табуды және дамытуды қажет етеді. Сондай-ақ, автордың практикалық қызығушылығы қазіргі уақытта қазақстандық қоғам тарапынан екіұшты бағаланып отырған Қазақстанның этникалық саясатының этносаралық қатынастарды реттеу саласындағы нәтижелерді бағалау және оларды нығайтудың жаңа тетіктерін ұсынуды қажет ететіндігінде. Тұтастай алғанда, қазіргі Қазақстанда мемлекеттік институттар мен сарапшылар қауымдастығы осы саладағы ғылыми және басқарушылық тәжірибелердің, демек, этникалық интеграция саласындағы доктриналық саясат ретінде мемлекет құруға арналған зерттеулердің тапшылығын бастан кешіріп отырғанын атап өтеміз. Жоғарыда айтылғандардың барлығы, жалпы, этносаралық қатынастар мәселелерін талдаудың маңыздылығын көрсетеді. Зерттеу жұмысының нысаны – қазақ қоғамындағы ұлтаралық қатынастар. Диссертациялық зерттеудің пәні: қазіргі Қазақстандағы этносаралық саладағы мәселелер және этносаралық қатынастарды нығайту мәселесін шешу жолдары (Қазақстан Республикасының этникалық құрамы жағынан ең күрделі өңірлерінің бірі – Түркістан облысы мысалында). Зерттеу жұмысының мақсаты: Қазақстан Республикасындағы этносаралық саланың дамуының мәселелік аспектілерін кешенді зерттеу негізінде, ұлттық және өңірлік контексте этносаралық қатынастарды реттеудің тәжірибелік ұсыныстарды әзірлеу. Зерттеу мақсатына сәйкес алға қойылған міндеттерге: - этносаралық қатынастарды зерттеудегі теориялық және әдістемелік тәсілдерді зерделеу және оларға салыстырмалы талдау жүргізу; - әлемдік және аймақтық институционалдық тәжірибе контекстінде этносаралық қатынастарды реттеу саласындағы Қазақстан Республикасы саясатының ерекшеліктерін анықтау; - Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастардың даму динамикасына және жай-күйіне әсер ететін факторларды анықтау; - тәуекел аймақтарын белгілеу мақсатында қақтығыстық дискурсты зерттеудің негізінде Қазақстан Республикасындағы этносаралық өзара әрекеттестікке талдау жүргізу; - Түркістан облысындағы этносаралық жағдайына жалпы сипаттама бере отыра, этносаралық қатынастар мәселелерін бағалау; - Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастарды үлгілеу негізінде Түркістан облысының мысалында елдегі этносаралық шиеленісушілікті барынша азайту үшін мемлекеттің қоғаммен жұмысының тетіктерін құру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу жатады. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы. Бұл диссертацияда келесі салыстырмалы және мүлдем жаңа нәтижелер бар: - теориялық тұжырымдамаларға жан-жақты шолу жасалды, соның арқасында этносаралық үдерістерді зерттеудегі теориялық және әдістемелік білімдер жүйеленді, олардың салыстырмалы талдауы жүргізілді, қарастырылып отырған ғылыми тұжырымдамалардың жекелеген ережелеріне сәйкес автордың жеке пікірі ұсынылды; - Қазақстан этносаясатындағы өзекті мәселелердің ерекшеліктері айқындалды, қақтығыстық сипаттағы этносаралық өзара әрекеттестіктіңі нақты факторлары талданды; - Түркістан облысы мысалында мәселелерді шешудің және жалпы азаматтық бірегейліктің қазақстандық моделін жетілдірудің жолдары ұсынылды; - шет елдердің, атап айтқанда, Еуропалық Одақ, АҚШ, Канада және т.б. елдердің этносаясаттағы тәжірибесіне талдау жасалды; - Түркістан облысының түрлі әлеуметтік медиа алаңдарындағы қолданушылардың белсенділігіне жан-жақты талдау жүргізілді; - этносаралық тақырыптарды қамту мақсатында БАҚ-тың барлық түрлері бойынша (телеарналар, баспа басылымдары, интернет-ресурстар) деректер топтамасы алғаш рет өңделіп, ғылыми айналымға енгізілді; - этносаралық тақырыптағы әлеуметтік желілердегі және желілік БАҚ-тағы мәтіндерге мәтіндік талдау жүргізілді; - Қазақстандағы ұлтаралық қатынастарды реттеу саясатының ерекшеліктері анықталды; - этномәдени орталықтардың қызметін жетілдіру, қоғамдық бақылаудың жаңа тетіктерін құру және этносаралық тақырыптарды жариялау кезінде БАҚ пен журналистердің қызметін жүйелеу арқылы этносаралық қатынастарды үйлестіру мүмкіндіктері анықталды; Диссертациялық зерттеуде келесі гипотеза ұсынылады: қазіргі қазақстандық қоғамда әлемдік және аймақтық күш орталықтарының өзгермелі жағдайында қазақстандық мемлекеттіліктің маңызды сын-қатерлері болып табылатын және билік пен қоғам тарапынан жан-жақты әсер етуді талап ететін, ықпал ету әртүрлі мүмкіндігі бар этносаралық шиеленіс факторлары орын алуда. Бұл негізгі гипотеза аймақтық деңгейдегі этносаралық қарым-қатынас мәселелеріне қатысты – Қазақстан Республикасының Түркістан облысында–келесі болжамға айналды: этносферадағы аймақтық үдерістердің эволюциясы азаматтық және этникалық сәйкестіктердің арақатынасымен, сондай-ақ этникалық саладағы ұлттық саясаттың тиімділігімен байланысты. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар: 1. Этносаралық өзара әрекеттестіктерді зерттеудегі негізгі теориялық тәсілдерге талдау жасау қазіргі көп ұлтты қазақ қоғамындағы этносаралық мәселелердің шиеленісу ықтималдығын көрсетеді. Қазақстан халқының этникалық құрамы оның мемлекеттік тәуелсіздік алған кезеңіндегі факторлардың күрделі жиынтығының нәтижесі болды. Осыған байланысты этносаралық қатынастарды реттеу Қазақстан аумағында тұратын барлық этностардың мәдени, әлеуметтік-экономикалық және өзге де мүдделерін этносәйкестіктен жоғары сипаттағы азаматтық, жалпыұлттық бірегейлік шеңберінде қанағаттандыруға ықпал етуге тиісті. 2. Этносаралық өзара әрекетестіктің қазақстандық үлгі моделі жетекші елдердің институционалдық тәжірибесін пайдалану, халықаралық тәжірибені бейімдеу негізінде қалыптасты. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасуы кезеңінде жүзеге асқан мемлекеттік ұлттық саясаттың үлгісін құру, оның әдістемелік жағынан сәйкессіздігіне қарамастан, еліміздің тұрақты және табысты дамуы тиімді этникалық саясатқа байланысты екенін сендіре дәлелдеді. Этносаралық байланыстар саласына қатысты оңтайлы шешімдер қабылдау үшін ұлттық және аймақтық саясат шынайы, негізделген, нақты институционалдық және құқықтық іргетасқа ие болуы қажет. 3. Экономикалық дағдарыс пен қақтығыс әлеуетінің күшеюі жағдайында этносаралық мәселелер шиеленісуде, және бірқатар сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен өсу амплитудасын сақтап қалуда. Қазақстандық қоғамда мүліктік стратификацияға, билікке, әлеуметтік лифттерге қол жеткізудегі теңсіздікке, этностардың нақты экономикалық тауашаларды басып алуына байланысты, жағымды және жағымсыз этноәлеуметтік көңіл-күй қалыптасып отыр. Этносаралық қақтығыстардың алдын алу мақсатында ұлтаралық келісімді нығайту стратегиясының негізгі нәтижесі этникалық саланы үйлестіру және ізгілендіру, этносаралық және конфессияаралық толеранттылықты қалыптастыру үдерістері болуға тиісті. 4. Қазіргі әлемдегі жаһандану үрдістерінің дамуы этникалық бірегейлік мәселелерін өзектілендіреді, ұлттық тілдер мәселелері төңірегінде қоғамдық талқылауды күшейту, көп ғасырлық мәдени дәстүрлер мен этникалық ерекшеліктерді сақтау, кейде этникалық қақтығыстарға әкеп соқтырады. Бұл тұрғыда мемлекеттің этносаралық келісімді нығайтудағы біріктіруші және реттеуші рөлі артып келеді, өйткені мемлекет әртүрлі этностардың өкілдерін біріктіре алады. Бұл ретте мемлекеттің басты міндеті – барлық тараптардың мүдделерін үйлестіру, этникалық негіздегі қақтығыстардың алдын алу, реттеу және шешу тетіктерін жасау. 5. Мемлекет тарапынан ұлтаралық келісімді реттеудің белгілі бір аймақтың талаптары мен шынайылығына жауап беретін тұжырымдамалық және институционалдық негіздерін әзірлеудің өзекті қажеттілігі туындайды. Толеранттылық пен жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру үдерісі мемлекеттік және кең қоғамдық институттардың толық қатысуын, жалпы қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісін қалыптастырудың шарты ретінде республиканың барлық этностарының ұлттық құндылықтарды құруға тікелей үлес қосуын талап етеді. Елімізде ортақ азаматтық бірегейлікті қалыптастыру ұлтаралық келісімді нығайта түсетін ұлттық идеяның туындауына ықпал ете алады. 6. Қазіргі заманда мемлекеттің этносаралық саладағы жұмысына жүйелі түрде қарауға сұраныс артты. Мемлекеттік саясат толеранттылық пен этностық тегіне қарамастан әрбір азаматты құрметтеу қағидаттарын қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының әр азаматын жастайынан өмір бойы бірге алып жүруі және ықтимал қақтығыс факторларының алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бақылау органдарының көмегімен этносаралық өзара іс-қимылдың барлық салаларын қамтылуға тиісті. Жұмыстың теориялық және практикалық маңыздылығы этносаралық қатынастарды жан-жақты талдау, олардың даму үрдістерін болжау қажеттілігімен айқындалады. Зерттеуде қамтылған тұжырымдар оларды тәжірибелік саясат саласында, атап айтқанда, жаңа тәуекелдерді ескере отырып, жағдайдың дамуын аналитикалық болжамдау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зерттеудің маңыздылығы оның ережелері мен тұжырымдары этносаралық қатынастарды реттеу әдістемесін жасауға ықпал ете алатынында. Диссертациялық зерттеу материалдары этносаралық қатынастардың факторларын, олардың қысқа және ұзақ мерзімді перспективадағы даму динамикасын айқындайды және Қазақстан аймақтарындағы мүмкін болатын қақтығысты жағдайларды реттеу жолдарын анықтауға негіз бола алады. Зерттеу нәтижелерін болашақта этносаралық қатынастарды зерттеу саласында терең аналитикалық зерттеулер жүргізу үшін пайдалануға болады. Зерттеу материалдарының фактілік және теориялық көлемі этносаралық қақтығыстарды реттеу бойынша практикалық ұсыныстарды дайындауда және мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың мемлекеттік, аймақтық және жергілікті басқару саласындағы қызметінде қолданылады деп болжануда. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелерін бірқатар мамандықтар бойынша оқу курстарын әзірлеуде пайдаланылуы мүмкін.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/eSIohcJudTw
