
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жумашов Еркебулан Алимханович «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша «Жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық моделін қалыптастырудың тетіктері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде.
Ресми рецензенттер:
Болысбек Мухаммед Әбдіәшімұлы – философия докторы (PhD), «АМАНАТ» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Жұмағұлов Елдос Тәңірбергенұлы – философия докторы (PhD), «Қоғамдық келісім» РММ жетекші сарапшысы. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Алтыбасарова Мейрамгүл Армиянқызы – саяси ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университеті Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Канапьянов Тимур Ерболатович – философия докторы (PhD), Тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі, директор орынбасары. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Кошербаев Дастан Бақытбекұлы – саяси ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қолданбалы зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық және саяси процестер мен технологиялар» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Пұсырманов Нұрбек Серікұлы – философия докторы (PhD), Мемлекет тарихы институтының директоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Карасар Хасан Али – доктор, профессор, Кападокия университетінің ректоры (Невшехир қ. Түркия Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 4 ақпан, сағат 12:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас (оффлайн және онлайн) форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Конференцияның идентификаторы: 811 4174 324
Кіру коды: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, А.Янушкевич көшесі, 6, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 4 оқу корпусы, 112-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Жумашов Еркебулан Алимхановичтің «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Жергілікті өзін-өзі басқарудың қазақстандық моделін қалыптастырудың тетіктері» тақырыбындағы диссертациялық жұмысы Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қоғамдағы саяси жүйенің демократиялық құндылықтарға сай дамуында жергілікті өзін-өзі басқару институтының қызметі маңызды. Жергілікті өзін-өзі басқару азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы мен мемлекеттік саясатты түсінуі, билік институттарының қоғам сұранысына икемділігі мен оған есептілігі, жергілікті басқару органдарының тиімді жұмыс істеуі және халыққа сапалы қызмет көрсетуі, қоғамдағы саяси және азаматтық қатысу мәдениетінің дамуы, атқарушы билік институттарының арасында вертикальді бағыттағы теңгерімді қарым-қатынас, саяси көшбасшыларды дайындау, жергілікті демократияны дамыту үшін қажетті элемент. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқаруды құру, тиімді қызмет ететін модель қалыптастыру мәселесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері саяси шешім қабылдауға жауапты орталық билік, азаматтық қоғам және академиялық қоғамдастық ішінде кең талқыланатын тақырып. Мемлекет соңғы бірнеше жыл көлемінде тиімді жұмыс жасайтын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды өзгерістерді іске асырды. Алдымен, төртінші деңгейлі бюджет енгізу аясында жергілікті өзін-өзі басқарудың кірісін қалыптастыруда оң өзгеріс орын алды. 2018 ж. тұрғын саны 2000-нан асатын, ал 2020 ж. кейін барлық ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ құрамына кірмейтін ауыл әкімдеріне бюджет берілді. Одан кейін, 2021 ж. бастап ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ құрамына кірмейтін ауыл әкімдерін тұрғындардың төте сайлау тәртібі енгізілді. 2013 жылдан бері әкімдер институтының сайланбалы корпусын билік иерархиясының жоғары сатысында орналасқан аудандық және облыстық маңызы бар қалалық мәслихат депутаттары 4 жыл мерзімге сайлап келді. Ал, 2021 жылдан бастап 4 жыл мерзімі толған әкімдерді төте сайлау құқығы сол әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын азаматтарға берілді. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша 2021 жылы – 864, 2022 жылы – 516, 2023 жылы – 655, 2024 жылы – 430 ауыл әкімі тікелей тәсілмен сайланды. Бұл реформалардың басты объектісі шағын әкімшілік-аумақтық бірліктер – ауылдық округтер, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округ құрамына кірмейтін ауылдар мен кенттердің мәртебесі бөлек болғанымен, саяси-әкімшілік басқару формасы ұқсас. Басым бөлігі ауылдық аумақтарда орналасқан бұл әкімшілік-аумақтық бірліктердегі жергілікті атқарушы органды да әкім басқарады және жұртшылық риторикасында жалпылама «ауыл әкiмi», ал аппаратын «ауыл әкiмдiгi» деп атау жиі кездеседі. Диссертацияда да басшыларына ауыл әкімі, оның аппаратына ауыл әкімдігі, ал әкімшілік-аумақтық бірліктер үшін «биліктің төртінші сатысы» деген ортақ атау қолданылды. Жүргізілген реформалардың жергілікті (өзін-өзі) басқаруды жақсартуға қосатын үлесінің салмағын екі көрсеткіш айқындайды. Біріншіден, тікелей сайлау арқылы лауазымға келетін әкімдері республикадағы жалпы әкімдер институтының шамамен 90%-ын құрайды және азаматтарға ең жақын жергілікті атқарушы органға басшылық етеді. Екіншіден, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округ құрамына кірмейтін ауыл мен кент әкімшілік-аумақтық бірліктерінің демографиялық үлесі жоғары. 2021 жылғы Жалпыұлттық санақтың қорытындысы бойынша республикадағы аудандық маңызы бар қала әкімдіктерінің саны – 48, ауылдық округ әкімдіктерінің саны – 2177, кенттік әкімдіктер саны – 27, ауылдық әкімдіктер саны – 93 болған [2]. Осы санақ қорытындысына сәйкес Қазақстандағы ауыл мәртебесіне ие елді мекендердің саны 6932, онда тұратын халықтың үлесі 38,8%; ал кенттердің саны 29, онда тұратын халықтың үлесі 1,2%; аудандық маңыз бар қалалар саны 48, онда тұратын халықтың үлесі 6,4% болған. Бұдан шығатын қорытынды – Қазақстан халқының 46,4% немесе жартысына жуығы биліктің төртінші сатысындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерде тұрады. Сондықтан бұл өзгерістер тәуелсіздіктен кейінгі жылдарда ауылдық аумақтарда жергілікті басқаруды дамытуға бағытталған ең маңызды реформалар ретінде қарастыруға болады. Осы контекстте жергілікті өзін-өзі басқарудың қазіргі ахуалын зерттеудің өзектілігі үш көзқараспен дәйектелді. Біріншіден, реформалардың іске асырылуын ғылыми көзқараспен бағалау және бұл салада алдағы уақытта шешілуі тиіс проблемалық мәселелерді анықтау осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге көмектеседі. Зерттеу нәтижесі төртінші деңгейлі бюджет және ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала, кент пен ауыл әкімдерін тікелей сайлау енгізілгеннен кейінгі жағдайды бағалау контекстінде құнды. Алынған тұжырымдар осы бағыттағы мемлекеттік саясатқа жауапты орталық уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғаларға ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға септігін тигізеді. Сонымен қатар, зерттеу осы саладағы ғылыми білімді кеңейтуге, зерттеу тақырыбы бойынша теориялық-әдіснамалық қорды толықтыруға үлес қосады. Екіншіден, азаматтық қоғамдағы, жұртшылық арасындағы сұраныс пен көңіл-күй туралы қосымша ғылыми ақпарат жиналады. Қоғам әр уақытта эволюцияланатын жүйе, оның дамуына сәйкес заманауи талаптар мен сын-қатерлердің мәні мен түрі ауысатындықтан, жергілікті билік институттарының уақыт талабына бейімделуі, оған орай трансформациялануы өзекті. Сол себепті заманауи процесстерді, халықтың талабын және басқа елдердің тәжірибелерін ескере отырып үкімет жоспарлаған/жасаған реформаларды жетілдіру бойынша ұсыныстар жасап, кемшіліктерді дер кезінде анықтап, басқару субьектілерін заман талабына орай дамытып отыру пайдалы. Үшіншіден, негізінен кішігірім елді мекендер – шағын қалалар, кенттер мен ауылдардың аумақтық шекарасын қамтитын әкімшілік-аумақтық бірліктердегі басқару жүйесін жетілдіруді көздеген соңғы жылдардағы реформалар саяси жүйенің демократиялануы мен тиімді жергілікті басқаруды қалыптастыру контекстінде ғана емес, сонымен қатар ауылдық аумақтағы әлеуметтік энтропияны тоқтатуға ықпал етуі тұрғысынан маңызды. Ұзақ жылдар бойы экзогендік процестердің күшті ықпалымен гротескілік эндогенді эволюция жүрген елді мекендерде басқару институтын жетілдіру ондағы құрылымдардың ыдырау динамикасын тоқтатуға әсері туралы бастапқы академиялық білім қалыптастыруға көмектеседі. Осы рационалды қисын аясында биліктің ең төменгі иерархиялық сатысында демократиялық құндылықтарға сай тиімді жұмыс жасайтын саяси-әкімшілік басқару моделін қалыптастыру үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды зерттеу өзекті тақырып. Зерттеу объектісі – Қазақстандағы мемлекеттік билік иерархиясының төртінші сатысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктер – ауылдық округтер, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округ құрамына кірмейтін ауылдар мен кенттердегі басқару жүйесі. Зерттеу пәні – Қазақстанда биліктің төртінші сатысындағы саяси-әкімшілік басқару, ауыл әкімдерінің қызметі, өкілеттіліктері, вертикальді байланысы және әлеуметтік есептілігі. Зерттеу мақсаты – жергілікті өзін-өзі басқару бойынша мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бағалау жолымен биліктің төртінші сатысындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерде басқарудың тиімді моделін қалыптастыру тетіктерін ұсыну. Зерттеудің мақсатына орай төмендегі міндеттер қойылады: биліктің төртінші сатысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктерде жергілікті басқарудың эволюциясын зерделеу, жүйелі проблемаларды анықтау; биліктің төртінші сатысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктердегі жергілікті мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бағытындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін бағалау; ауылдық елді мекеннің өміршеңдігі үшін басқару органы болуының маңызын талдау; ауыл әкімдерін тікелей сайлаудан кейінгі биліктің төртінші сатысындағы вертикальді және әлеуметтік коммуникацияны зерделеу; төртінші деңгейлі бюджетті енгізгеннен кейінгі өзекті мәселелерді анықтау және оны шешудің тетіктерін талқылау; биліктің төртінші сатысындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердегі жергілікті мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді моделін қалыптастырудың тетіктерін талқылауға ұсыну. Зерттеудің әдістері. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдардың эмпирикалық дәйектілігін қамтамасыз ету және тақырыптың зерттелмеген аспектілерін қарастыру үшін осы тақырыпты зерттеушілер арасында сирек қолданылған ғылыми әдебиетке жүйелі шолу, жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы соңғы жылдардағы реформалардың басты нысаны ауыл әкімдерінің қатысуымен тереңдетілген сұхбат және әлеуметтанулық сауалнама әдістері қолданылды. Алдымен тақырып бойынша бұрын жарияланған академиялық еңбектердегі тұжырымдарды синтездеу мақсатында «ғылыми әдебиетке жүйелі шолу» әдісі қолданылды. Бұл әдістің көмегімен Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару бойынша жарияланған ғылыми материалдардағы негізгі қорытындыларды, тұжырымдарды және ұсынымдарды синтездеу жолымен академиялық қоғамдастықтағы дискуссиялар жүйеленді. Одан кейін сапалық зерттеу тәсілі, оның ішінде «тереңдетілген сұхбат» әдісімен ақпарат жиналып, талданды. Бұл әдіспен ауыл әкімдерінің осы бағыттағы көзқарастары түзелді. Сапалық тәсілмен жасалған тұжырымдарды жалпылау үшін оларды сандық тәсілмен тексеру мақсатында әлеуметтанулық сауалнама жүргізілді. Әлеуметтанулық сауалнаманың мазмұны тереңдетілген сұхбат нәтижесінде жасалған тұжырымдар негізінде әзірленіп, алынған ақпарат дескриптивті тәсілмен талданды. Зерттеу нәтижесінде алынған тұжырымдар: ‒ мемлекет іске асырған соңғы реформалардың нәтижесінде биліктің төртінші сатысында әлеуметтік есептілік күшейді, ауыл әкімдерін ресурстық қамтамасыз ету жақсарды; ‒ төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен кейін әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында теңсіздік пайда болды, бұл бюджет жоғарыдан бөлінетін трансфертке тәуелді, оны жоспарлау мен есебін беруде ауыл әкімдерінің жоғары органдарға тәуелділігін қамтамасыз ететін тетіктер сақталған; ‒ қазіргі жүйе ауыл әкімдерінің дуалистік бағыныштылығын қамтамасыз етті, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауыл әкімдерінің дербестігін арттыруды әрі қарай жалғастыру өзекті; ‒ биліктің төртінші сатысындағы әкімшілік-аумақтың бірліктердің мәртебесіне, демографиясына байланысты әкімдердің әлеуметтік есептілік сапасы өзгереді, сонымен қатар өте шағын және өте ірі әкімшілік-аумақтық бірліктерде кадр жетіспеушілігі проблемасы бар; ‒ ментальды түрде ауыл әкімдері де, жоғары лауазымды тұлғалар да, азаматтар да бұл лауазымды жалпы әкімдер институтымен ассоциациялайды, бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуына кедергі келтіреді; ‒ биліктің атқарушы вертикальді жүйесіндегі ауыл әкімдерінің рөлі жұртшылық пен жоғары билік сатысы арасындағы коммуникация сервері болуымен маңызды және ауыл әкімі лауазымы қоғамдық-саяси қызметке араласу, мансаптық жоспарды орындау тұрғысынан азаматтарды қызықтырады; ‒ ауыл әкімі аппаратының орналасуы елді мекеннің өміршеңдігін арттырады; ‒ әкімшілік-аумақтық бірліктің демографиясына ірі қаладан орналасу қашықтығы ықпал етеді. Зерттеу нәтижесінде алынған тұжырымдардың негізінде биліктің төртінші сатысындағы басқару жүйесін одан әрі жетілдіру үшін төмендегі практикалық ұсыныстар академиялық және сарапшылық қоғамдастықтың талқылауына ұсынылды. 1. Ауыл әкімінің бюджетін диверсификациялау, оны қалыптастыруда жоғары органдардың субъективті бағалауын азайту, төртінші деңгейлі бюджет қалыптастыруда әкімшілік-аумақтар арасындағы диспропорцияны азайту және өзіндік ресурсы жеткіліксіз әкімшілік-аумақтарды қолдау мақсатында осы жұмыста ұсынылған бюджет кірісі мен бөлінетін қаражат көлемін қалыптастыруға, есептеуге және бақылауға көмектесетін диссертацияда ұсынылған формуланы (модельді) қарастыру. 2. Ауыл әкімі институтының әлеуметтік есептілігін күшейту үшін биліктің төменгі сатысында өкілді орган құру мәселесін шешу және оның құрамын белгілеуде Таагепера ұсынған формуланы (Санның үшінші дәрежесінің түбірі заңы) басшылыққа алу. 3. Ауыл әкімдерінің әлеуметтік есептілігін күшейту, вертикальді бағыныштылық менталитетін өзгерту, жоғары сатыдағы мемлекеттік органдардың төртінші билік сатысына қысымын шектеуге фокус беру және азаматтардың жергілікті проблемаларды шешуге қатысуына импульс беру және мемлекеттік шешім қабылдау процесін тереңірек түсінуі үшін ауылдық округтер, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар деңгейіндегі басқаруды толығымен өзін-өзі басқаруға көшіру және жоғары сатыдағы мемлекеттік атқарушы органдармен ассоциациялануынан туындайтын теріс ықпалдарды болдырмау үшін «әкім» мен «әкімдік» терминдерінен басқаша атау. 4. Биліктің төртінші сатысындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердегі штаттық лимитті осы жұмыста ұсынылған әкімшілік-аумақтың қазіргі демографиясына және тұрғын санындағы өзгерістерге икемді формуламен анықтау. 5. Биліктің төменгі сатысын толығымен жергілікті өзін-өзі басқаруға трансформациялау нәтижесінде бұл институттың оперативтілігін, икемділігін, жергілікті қоғамдастық тарапынан бақылануы мен әлеуметтік есептілігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдармен салыстырғанда жеңілірек талаптар қою және Мүліктің меншік иелері бірлестігінің қызметін қамтамасыз ету үшін төленетін жарна сияқты жергілікті өзін-өзі басқару үшін төлем жүйесін енгізу. 6. Ауылдағы барлық қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тәртіптерді реттейтін құқықтық нормаларды жеке заңға топтастыру арқылы «Ауылдық округтер, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдардағы мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» туралы жеке заң қабылдау және өзін-өзі басқару органы мен мемлекеттік органдар арасында келіспеушілік туындаған жағдайда сот арқылы шешілуін қарастыру. 7. «Ауылдық елді мекендерді айқындауға арналған өлшемшарттарды бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81 бұйрығымен бекітілген ауылдық елді мекендерді бағалау әдіснамасын жетілдіріп, ауылдық ірі қаладан қашықтығы және әкімдіктің орналасуы индикаторларын енгізу. 8. Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік энтропиясын тоқтатып, даму әлеуетін сақтау үшін «Ауылдық елді мекендерді айқындауға арналған өлшемшарттарды бекіту туралы» ҚР Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81 бұйрығына сәйкес бағалау нәтижесінде «тірек» және «спутник» ретінде танылған әрбір елді мекенде басқару органының болуын қамтамасыз ету. Диссертацияның негізгі тұжырымдары, нәтижелері мен қорытындылары бойынша 2 мақала Scopus (Elsevier) халықаралық ақпараттар ресурстарына кіретін журналда, 5 мақала уәкілетті орган ұсынған ғылыми басылымда, 2 мақала халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағында жарияланды. Жұмыс нормативтік сілтемелерден, кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттерден және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=b7Cq9exfkPY
