
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Жалмагамбетова Салтанат Казмхановна «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша «Қазақстан Республикасында қоғамдық сананы модернизациялау контекстіндегі мемлекеттік тілдік саясат» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Жабелова Толкын Ергазиновна – саяси ғылымдарының кандидаты, доцент, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары. Мамандығы: «23.00.02 - Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Тургалеева Акмарал Тургайбековна – әлеуметтану ғылымдарының докторы (PhD), Қазақстан Республикасы Ғылым және Жоғары Білім Министрлігі Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының бас талдаушысы. Мамандығы: «6D050100 - Әлеуметтану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Абильдина Хорлан Садуакасовна – философия ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті философия кафедрасының аға оқытушысы. Мамандығы: «09.00.11 - Әлеуметтік философия» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Сулейменов Пиримбек Мұханбетович – саяси ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, философия және саясаттану факультетінде философия кафедрасынның доценті. Мамандығы: «23.00.02 - Саяси институттар-процесттер» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Шериязданов Бауржан Рахимгалиевич – саяси ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Ғылым және Жоғары Білім Министрлігі ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері. Мамандығы: «23.00.02 - Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Дюсембекова Майра Кусаиновна – саяси ғылымдарының кандидаты, Саясаттану кафедрасының профессоры, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Пиотр Сула – саяси ғылымдар докторы, профессор, Вроцлав университеті Саяси ғылымдар институтының ғылым мен даму бойынша директор орынбасары (Вроцлав қ. Польша).
Қорғау 2025 жылғы 18 ақпан, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050200 – Саясаттану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас (оффлайн және онлайн) форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Конференцияның идентификаторы: 811 4174 324
Кіру коды: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, А.Янушкевич көшесі, 6, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 4 оқу корпусы, 112-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Жалмагамбетова Салтанат Казмхановнаның 6D050200 – Саясаттану мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Қазақстан Республикасында қоғамдық сананы модернизациялау контекстіндегі мемлекеттік тілдік саясат» тақырыбындағы диссертациялық жұмысы. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасуы, кезеңдері мен ерекшеліктері, қазіргі ахуалы, оның проблемалары, даму келешегін зерттеуге бағытталған. Зерттеу тақырыбының өзектілігі Қазақстан Республикасы егемен мемлекет ретінде өзінің дербес саясатын жүргізуінің негізгі бағыты мемлекеттің ұлттық құндылығы мен халықтың бірегейлігі, саяси дамуының негізі мемлекеттің тілдік саясаты. Саяси ғылымның зерттеуді қажет ететін өзекті мәселесі ретінде бірнеше факторды анықтап, көрсетуге болады: – тіл саясатын зерттеудің ғылыми тұжырымдары және оның тәжірибеде қолданылу барысын талдау тіл мәселесінің құрылымы мен маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Ғылыми тұжырымдардың тіл саясатын жүргізуге қатысты практикалық маңызын жүйелі талдауға қажеттілік бар. Қазақстандағы тіл саясатының ерекшеліктерінің қағидаттары және оларды қазіргі жағдайда Қазақстанда жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыру да аса маңызды; – әлемдік және посткеңестік тәжірбиеде қалыптасқан мемлекеттік тілдік саясаттың заманауи мәселелері және оның даму нұсқалары үлгілерін талдай отырып, оларды Қазақстандық жағдайда қолдану мүмкіндіктерін ғылыми негіздеудің қажеттілігі бар. Сонымен бірге тәуелсіздікті қатар алып, егемендік статуста мемлекеттік тілдік саясатты жүргізу бойынша посткеңестік елдердің тәжірибесі және оның қазақстандық жағдайда қолдану мүмкіндіктерін кеңірек қарастыру өзекті; – тәуелсіздік жариялаған кезден бастап елімізде мемлекеттік тілдік саясаттың ұлттық үлгісін қалыптастырудың талпынысы жасалуда. Қазақстан Республикасының егемен ел ретінде белгілі дәрежеде мемлекеттік тілдік саясатты жүргізу бойынша тәжірибе жинақталып, тиісті саяси-құқықтық құжаттар қабылданғанына қарамастан, осы жылдар ішінде мемлекеттік тілдік саясаттың жүйесі толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ және оның себептерін анықтаудың, саяси ғылым тұрғысынан баға беріп, болжаудың қажеттілігі бар. Мемлекеттік тілдік саясатты дамыту бойынша қол жеткізген жетістіктер мен туындайтын проблемаларды анықтап, алдын алу тілдік саясат аясындағы атқарылып жатқан жұмысты одан әрі дамыту бойынша саясатты анықтау да маңызды; – мемлекеттік тілдік саясат аясындағы қазақ тілінің қазақстандық қоғамды біріктіруді қамтамасыз етуші фактор ретіндегі рөлін соңғы ғылыми зерттеулер мен қоғамдық және эксперттердің пікірлері, демографиялық динамика мен мемлекеттік ресми мәліметтерге сүйене отырып, кешенді талдау жасалып, ғылыми қорытынды жасауды қажет ететін өзекті мәселе. Кейінгі жылдардағы саяси реформаларға сәйкес саясаттану ғылымы тұрғысында мемлекеттік тілдік саясаттың кешенді зерттелуі жаңартуды қажет етеді және жаңа ғылыми зерттеулерді талап етеді. Қазақстандағы мемлекеттік тілдік саясат конструктивті ғылыми зерттеулерге мұқтаж. Осыған байланысты мемлекеттік саясат тіл саласындағы мәселелерді реттеу мен жүргізуде ғылыми зерттеулердің қорытындыларына да мән беріп, ескерген жөн. Демек, теория мен практиканың байланысы тиімді шешімдерге ықпал етері сөзсіз. Ел Президенті Қ.Ж. Тоқаевтың «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек» деген пікіріне сәйкес мемлекеттік тілдік саясаттың басым бағыттары анықталады. Мемлекеттік тіл қазақстандық қоғамды біріктіруді қамтамасыз етуші фактор ретінде елде өмір сүріп отырған басқа ұлт өкілдерінің ана тілдерін құрметтей отырып қол жеткізуді қажет ететін, қоғам болып жұмыла отырып жүзеге асырылатын жұмыс. Бұл – тек салалық саясат емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Енді қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында Қазақстандағы тіл саясаты қаншалықты дәрежеде қоғамды нығайта алатынын, мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайы мен болашағын анықтау үшін кешенді талдау қажет. Жоғарыда көрсетілген негіздер диссертация тақырыбының өзектілігін және оның ғылыми құндылығын айқындайды. Тақырыптың ғылыми зерттелу дәрежесі. Мемлекеттегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық және халықаралық қатынастардың үйлесімді дамуы – дұрыс жоспарланған тіл саясатына тікелей байланысты. Тіл саясаты – мемлекеттің ұлттық саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Ол қоғамдағы тілдік және саяси ахуалға, сондай-ақ мәдениетаралық коммуникация мен лингвомәдени жағдайға тікелей әсер етеді. Бұл мәселені әр саланың ғалымдары кешенді қарастырады. Тіл мен қоғамның өзара байланысын айқындайтын тіл саясаты мәселесін зерттеу – саясаттану, әлеуметтану, тарих, философия, этнология, сонымен қатар, әлеуметтік лингвистика салалары үшін өзекті болып отыр. Тіл саясаты – тілдік дамуға қоғамның саналы ықпал етуінің теориясы мен тәжірибесі, яғни, қолданыстағы тілдерді белгілі бір мақсатта және ғылыми негізде басқару, сонымен қатар тілдік жаңа қарым-қатынас құралдарын жасау болып табылады. Тіл саясаты бойынша тақырыпты кеңінен ашу үшін шетелдік авторлар еңбектеріне тоқталған жөн. Солардың ішінде E. Хауген «Norwegian Language in Americа зерттеуі лингвистикалық байланыстарды жалпы зерттеуге, сондай-ақ грамматикалық жыныс пен сөз өзгерістерінің класын және олардың грамматиканы ұйымдастырудағы рөлін зерттеуге үлес қосады, Р. Купер тілдік жоспарлау мәнін жай сипаттау форматында қарастырған жоқ, керісінше анағұрлым ауқымды түрде, әлеуметтік әрекеттер тұрғысынан пайымдады. Б. Спольскидің сипаттауынша, тіл саясаты өте ауқымды, бірақ оны үш құрамдас бөлікке жіктеу арқылы қарастыруға болады деп көрсетеді. Т. Риcенто тіл саясаты тарихи-мәдени оқиғалар мен процестерге әсер етеді деп атайды. Хорнбергердің «Indigenous Literаcies in the Аmericаs: Lаnguаge Plаnning from the Bottom Up» атты еңбегінде де ашылып талданған (1996). Автордың аталмыш еңбекте «төменнен жоғарыға қарай» (bottom-up) тіркесін қолдануы тіл саясатының әр кезде жоғарыдан төменге (top-down) бағыттала бермейтінін аңғартады. Тіл саясатының анағұрлым серпінді бейнесі соңғы уақытта этнографиялық зерттеулерде көрініс тауып келеді. Тіл саясатына негізделген көптеген зерттеулер тілді күрделі құрылымдар жүйесі ретінде ғана емес, сонымен қатар, жүзеге асырылған тәжірибелердің жиынтығы ретінде қарастырады.Р. Каплан мен Р. Балдауф болса (1997) жоспардан тыс тіл саясаты мен тілдік жоспарлау әр уақытта да болатынын көрсетіп өтеді. Таллин қаласындағы тілдік ландшафтты зерттеу барысында А. Н. Забродская эстон тілін қолдайтын ұлттық саясатқа сәйкес келетінін, әрі көптілді жазуларға, атап айтқанда, орыс немесе орыс-эстондық маңдайшаларға жалпы теріс көзқараспен қарайтындығын анықтайды. А.А. Лавицкий, П.И. Дятленко өз еңбектерінде тіл, тіл саясаты, Орталық Азиядағы тіл реформаларына көңіл бөлсе, В.М. Алпатов тілдер және саясат мәселесіне көңіл аударған. «Тілдік ландшафт» термині негізінен әртүрлі белгілерді, нұсқауларды, бағыттарды, кітап атауларын, ғимараттардың атауларын, интернет тілін және т.б. зерттеу объектісі ретінде қарастыратын еңбектердің пайда болуымен белсенді түрде қолданыла бастады. Бұл терминді алғаш рет Р. Лэндри мен Р. Борхис қолданып, тілдік ландшафтты белгілі бір аумақта лингвистикалық кеңістікті қалыптастыру үшін біріктірілген жалпыға ортақ жол белгілерінің, жарнамалық билбордтардың, көше атауларының және үкімет ғимараттарындағы қоғамдық белгілердің тілдік жүйесі ретінде ұсынған еді. Елана Шохами «Language Policy» көші-қон және мәдени синтез дәуірінде тілді қолдануға қатысты саясат барған сайын сыналады. Саясат жасаушыларға әсер ететін қайшылықты факторлар мен өзгермелі саяси климатпен Элана Шохами бұл саясаттардың қатысы бар нақты адамдарға тигізетін әсерін қарастырады. АҚШ пен Ұлыбританияның мысалдарын пайдалана отырып, ол тіл саясатының әртүрлі елдерде және әртүрлі контексттерде ашық және жасырын түрде қалай алға жылжып, таңылатынын көрсетеді. Тіл саясаты мен жоспарлауға неғұрлым демократиялық және ашық көзқарас туралы дәлелдермен қорытындылай келе, қорытынды ескерту тілдің тозуына қарсы тұру стратегияларын және топтар мен жеке тұлғалардың тілдік құқықтарын қорғау жолдарын ұсынатын оптимизмнің бірі болып табылады. Қазақстандық Э.Д. Сулейменова, М.К. Исаев, Ж.С. Смагулова, Б.Х. Хасанов, Н.Ж. Шаймерденова, А.Ш. Акжигитова ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалды. Еңбектерді талдау барысында тіл саясаты мен тілдік жоспарлау бойынша зерттеу аспектісінің кеңейе түскендігін, сондай-ақ, ғалымдар арасында қызығушылық пен алаңдаушылықтың қатар артқанын аңғарылды. Қазақстан Республикасының тіл саясатының проблемасы өзінің өзектілігін ескере отырып, біршама кең көлемде зерттелді. Зерттеліп отырған диссертация тақырыбына тікелей байланысты еңбектер жоқтың қасы десе де болады. Дегенмен де Қазақстандағы тіл саясатын зерттеуде Т.Е. Жабелованың, Г.А. Базарбаеваның, Г.К. Кульжанованың, Д. Нығметұлының кандидаттық диссертацияларын атап өтуге болады, бірақ бұл диссертацияларды біз қарастыратын мәселелер қарастырылмаған. Филолог О.Б. Алтынбекованың монографиясы елдегі этнолингвистикалық процестерге арналған. Мемлекеттік тіл саясаты тақырыбына қатысты соңғы зерттеулердің ішінде Р.М. Жұмашева, Б.А. Досова, А.З. Жұманова, Д. Нығыметұлы, Ж.Б. Ерғалиева, Г.С. Қасқарбаева, Ж.А. Оразбаева, Д. Ақтанова, С. Есіркеп, Цзинь Жу Нет атап өтуге болады. Зерттеудің объектісі ретінде Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілдік саясат мәселелері, тиімділігін арттыру жолдары мен болашағы қарастырылады. Зерттеу пәні – Қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында Қазақстандағы тіл саясаты Зерттеудің хронологиялық ауқымы Қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында Қазақстандағы тіл саясатын зерттеу кезеңі тәуелсіздік жариялағаннан кейінгі уақытты қамтиды: 1991-2023 жылдар. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілдік саясат мәселелері талданып, ғылыми зерттеудің қорытындыларына сүйене отырып, тиімділігін арттыру жолдары мен болашағы ұсынылып, саясаттанулық талдау жасау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін келесідей зерттеу міндеттері анықталды: 1. Мемлекеттік тілдік саясаттың ғылыми тұжырымдарын талдау арқылы зерттеудің теориялық негізін анықтау. Мемлекеттік тілдік саясатты реттеудің, ұйымдастырудың үлгілерін, қағидаттарын айқындау және олардың артықшылықтарын негіздеу. 2. Мемлекеттік тілдік саясаттың заманауи мәселелері және оның даму нұсқалары әлемдік және посткеңестік тәжірибеге қатысты ұйымдастырудың үлгілерін зерттеу және жекелеген мемлекеттер тәжірибесін, осы бағыттағы реформалардың жетістіктерін саралау, Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. 3. Қазақстандағы тіл саясатының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері, үштілдік саясатты талдау, қазіргі ахуалына талдау жасау. 4. Мемлекеттік тілдік саясат аясындағы қазақ тілі қазақстандық қоғамды біріктіруді қамтамасыз ететін фактор ретіндегі рөлін анықтау. 5. Мемлекеттік тілдік саясатты жүзеге асыру барысын статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, динамикасы мен тенденциясын талдау. 6. Мемлекеттік тілдік саясат тиімділігін арттыру жолдарын анықтау одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу. Зерттеудің әдістері: Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу және аталған міндеттерді шешу үшін зерттеудің теориялық бөлімін зерттеудің әдіснамалық негізі ретінде жалпы ғылыми әдістер тарихи, диалектикалық, классификация, жүйелік талдау, салыстырмалы талдау пайдаланылды. Мемлекеттік тілдік саясаттың үлгілерін қарастырғанда институционалдық және құрылымдық-функционалдық талдау, мемлекеттік тілдік саясат аясындағы қазақ тілінің қазақстандық қоғамды біріктірудегі қызметін талдауда әртүрлі этнос өкілдерінің пікірлерін білу үшін фокус-топ жүргізілді сонымен бірге қоғамдық пікірлер талданды. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің құжаттарына, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми статистикалық мәліметтерінің негізінде Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік тілдік саясатты жүзеге асыру барысының динамикасы мен тенденциясын анықталды. Қоғамдық сананы жаңғырту жағдайында Қазақстандағы тіл саясатының қазіргі ахуалын зерделегенде, проблемалары мен даму келешегін айқындағанда фокус топ, эксперттік интервью, мемлекеттік қызмет, банк қызметтері, қызмет көрсету салаларының интернет ресурстарына мониторинг нәтижелері, SWOT талдау әдісін қолдануға мүмкіндік болды. Ал оның даму барысындағы мәселелері мен болашағын анықтау үшін саралау және талдау әдісі қолданылды. Зерттеудің деректер негізі ретінде қолданылған дереккөздердің бірінші тобына халықаралық және ұлттық деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілер жатады. Атап айтқанда Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасындағы тіл туралы 1997 ж. 11 шілдедегі №151-I, Қазақстан Республикасындағы тiл туралы 1997 ж. 11 шiлдедегі № 151-I (2023.01.05. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) және басқа да актілер жатады. Екінші топқа маңызды стратегиялық құжаттар, тұжырымдама, ұлттық жобаларды жатқызуға болады, «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Тіл саясатын іске асыру басқармасының ережелері, Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы. Дереккөздердің үшінші тобы ҚР Президентінің Қазақстан халқына арналған Жолдауларымен, сөйлеген сөздерімен, мәлімдемелерімен байланысты. 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы, мемлекет басшысы Қ.Ж. Тоқаев. Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолында: Қазақстан халқына жолдауы 2022 жылғы 16 наурыз, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев. Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі: Қазақстан халқына жолдауы. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Қазақстан халқына жолдауы әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам», Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзі және мемлекеттік органдардың ресми сайттарында ұсынылған басқа да материалдар. Сонымен бірге диссертациялық зерттеуде талданған дереккөздердің келесі маңызды бөлігі бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары, ұсынылған тақырыпқа байланысты Интернет көздері, соның ішінде әртүрлі деңгейдегі билік органдарының ресми сайттарындағы мәліметтер жатады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Берілген диссертациялық жұмыста келесі жаңа нәтижелер бар: – мемлекеттік тілдік саясаттың қазіргі кезде қалыптасқан ғылыми тұжырымдарына кешенді зерттеу жүргізілді, соның нәтижесінде автордың көзқарасы бойынша сараланып, жүйеленді; – мемлекеттік тілдік саясаттың жұмыс істеу тетіктері әлемдік және посткеңестік тәжірибеде қалыптасқан үлгілеріне сонымен бірге Қазақстанда қолдану мүмкіндіктеріне авторлық талдау жасалды; – тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан Республикасындағы Қазақстандағы тіл саясатының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері, үштілдік саясаттың жүру барысы жүйелі түрде зерттеліп, саяси бастамалардың, тұжырымдамалардың орындалу барысы және негізгі нәтижелері анықталды; – еліміздегі мемлекеттік тілдік саясаттың ахуалы талданды, оны дамыту барысындағы проблемалар анықталды. Мемлекеттік тілдік саясат аясындағы қазақ тілі қазақстандық қоғамды біріктіруді қамтамасыз ету факторы ретіндегі рөлі фокус топ, қоғамдық пікірлерді талдау арқылы нақтыланды; – мемлекеттік тілдік саясаттың динамикасы мен тенденциясы статистикалық талдау мен картографиялық интерпретация негізінде дәлелденді; – мемлекеттік тілдік саясаттың барысы әлеуетін одан әрі дамыту, жетілдіру бойынша заңнамалық, ұйымдастырушылық, билік пен қоғам және тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірленді. Зерттеу жұмысында келесі ғылыми гипотеза ұсынылды: Мемлекеттік тілдік саясаттың даму әлеуеті елдегі саяси реформалардың нәтижелілігіне, оңтайлы және толыққанды ұйымдастыру процессіне және тіл саясатына қатысты мәселелерді шешудегі билік пен қоғам белсенділігіне тікелей байланысты. Зерттеудің теориялық және тәжірибелік мәні. Зерттеу жұмысы барысында қол жеткізген тұжырымдар мемлекеттік тілдік саясатты жетілдірудің өзектілігін ескере отырып, оны дамыту бойынша әзірленетін саясатта пайдалануға мүмкіндік береді. Берілген диссертациялық жұмыстағы зерттеу материалдарының теориялық және тәжірибелік ауқымы жергілікті мемлекеттік тілдік саясаттың қазіргі ахуалын, туындайтын проблемалары талдау барысында, оны жетілдіру кезеңінде сараланған тәуекелдерді және болжанған даму әлеуетін ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге зерттеу барысында қол жеткізген нәтижелер «саясаттану», «мемлекеттік тілдік саясат», «мемлекеттік саясат» және т.б. білім беру бағдарламалары бойынша оқу материалдарын, мемлекеттік тілдік саясат саласындағы Заң жобаларын, Тұжырымдамаларды әзірлеу барысында қолданылуы мүмкін. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Ғылыми тәжірибеде қалыптасқан мемлекеттік тілдік саясаттың классикалық және неоклассикалық тұжырымдары зерттеудің негізгі тірегі ретінде анықталды. 2. Мемлекеттік тілдік саясаттың заманауи мәселелері және оның даму нұсқалары (әлемдік және посткеңестік тәжірбие). 3. Қазақстандағы тіл саясатының негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері, үштілдік саясатты талдау 4. Мемлекеттік тілдік саясат аясындағы қазақ тілі қазақстандық қоғамды біріктіруді қамтамасыз етуші фактор екендігі әртүрлі этнос өкілдері арасында өткізілген фокус топ нәтижелері мен қоғамдық пікірді талдау, мемлекеттік ресми органдардың қазіргі таңда атқарып отырған жұмыстарын талдау арқылы дәлелденді. Мемлекеттің жан-жақты дамып, саяси тұрақты, геосаяси, аймақтық, халықаралық деңгейде өзіндік көзқарасы бар мемлекетке айналуы үшін мемлекетте өмір сүріп отырған халықтың ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан тілдік тұрғыда бірегейлік ұстанымы маңызды. Әлемдегі экономикалық дамыған мемлекеттердің барлығы ағылшын тілін халықаралық қатынас тілі ретінде қабылдап, пайдаланғанымен мемлекеттің тілі ретінде өз тілдерін таниды. Мемлекеттің тұрақтылығы мен күші оның тірегінде. Сондықтан Қазақстанның қазіргі таңда ұстанып отырған мемлекеттік тілдік саясаты қазақ тілінің дамуына үлкен мүмкіндіктер жасап отыр. Елдегі басқа ұлт өкілдері де қазақ тілін үйренуге қарсы емес. Тек қазақ тілінде сөйлеуге әлі де қиналып жүрген қазақ ұлтының өкілдерінің ана тілдерін үйрену қажеттілігі туындап отыр. Болашақта қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде ұлттық қарым-қатынас тіліне айналуы қажет, соған жету көзделеді деген болжам бар. Бұл мақсатқа жету үшін қазақстандықтардың бірлесе отырып, өз отандарының дамуына қосқан үлестері ретінде қазақ тілін үйренуді сөйлесуді қолға алу қажет. Өйткені мемлекеттің дамуы сол мемлекеттің халқының татулығы мен бірлігінде болса, оларды біріктіретін фактор мемлекеттік тіл болуы керек. Осы пікірден мемлекеттік тіл қазақстандық қоғамды бірегейлікке әкелетін маңызды құрал ретінде анықталады. 5. Мемлекеттік тілдік саясатты жүзеге асыру барысының динамикасы мен тенденциясы зерттеу барысында тілдерді меңгеру деңгейі және ұлты бойынша халықтың құрамына байланысты қазақ халқынан басқа түркітілдес ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіштерін анықтауға болады. Славян халықтарының өкілдеріне қатысты көрсеткіштер қоғамда әрқашан төмен екені белгілі. Қазіргі интернет ақпараттық жүйелері мен цифрландыру процесінің нәтижесінде қала мен ауыл халқының тілді меңгеруге қатысты айырмашылықтары азайып келеді. Зерттеу барысында мемлекеттік тілдік саясатты жүзеге асыру барысына жасалған зерттеулердің қорытындысы арқылы демографиялық өсімнің мемлекеттік тілдің жағымды динамикасы, тиімді тенденциясы болатыны анықталады. 6. Мемлекеттік тілдік саясаттың тиімді жүргізілуі ұлттық бірегейлікті қалыптастыру мен дамыту мүмкіндігін көрсетсе, елдегі жағымды демографиялық ахуал мемлекеттік тілде сөйлейтін жаңа буынның келуіне және табиғи өсім арқылы мемлекеттік тілдің жағымды ахуалы күтілуде. Зерттеу базасы. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Саясаттану кафедрасында орындалды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертацияның негізгі қорытындылары 7 басылымда жарияланды: Scopus ақпараттық базасындағы ғылыми журналдa: 1. Language policy of the Republic of Kazakhstan: formation and sustainable development // Rivista di Studi sulla Sostenibilita, 2022, ISSN 22391959, Volume 2022, Issue 2, pp. 65–81. DOI 10.3280/RISS2022-002005, CiteScore: по политике и праву - 27, 1,1 п.л. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдарда жарияланған мақалалар: 2. The features of the modern languge trilingual's policy in the Republic of Kazakhstan under conditions of modernization of public conciousness // Вестник Евразийского национального университета имени Л.Н.Гумилева, №3(132) 2020, 36-44 стр., ISSN (Print)2616-6887 ISSN (Online) 2617-605X, 0,6 п.л. 3. Переход Республики Казахстан на латиницу как значимый фактор модернизации общественного сознания // Казахстан-Спектр, Том 102 № 2 (2022), 59-72 стр., https://doi.org/10.52536/2415-8216.2022-2.03, 0,9 п.л. 4. Қазақстан Республикасындағы үштілділік – мемлекеттік тіл саясатының бірегей формуласы Қ// СЗИ ҚР-ның Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының Қоғам және Дәуір журналы, 43-51 б., Том 73 № 4 (2022), 0,6 п.л. Сондай-ақ диссертациялық зерттеудің нәтижелері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың материалдарында жарияланды: 5. Қазақстандағы тілдік саясаттың аясында жүргізілген зерттеулерге шолу // Заманауи әлемнің әлеуметтік-саяси процесстеріндегі жастар. Профессор Г.Б. Аскееваның 60 жылдығына арналған IX-Халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, 5.04. 2019 жыл, 33-39 б., 0.4 п.л. 6. Language policy as a category of political science // «Россия и Европа: связь культуры и экономики» материалы ХХІІ международной научно-практической конференции, Прага, Чешская республика, 22 ноября 2018 года, 163-166 стр., 0.3 п.л. 7. Language Policy in Kazakhstan: The Role of the English Language // Materials of the VII International Scientific-Practical Conference "Prospects for the Development of Modern Science": March 9-11, 2022, Daegu (Korea), Volume I, 122-128 p., 0,4 п.л. Диссертацияның құрылымы Диссертацияның құрылымы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=EKGL6OS6o-g&t=13s
