
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сапарғалиқызы Жанар «6D050100 – Әлеуметтану» мамандығы бойынша «Қазақстан әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту: саяси-әлеуметтанулық талдау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Әлеуметтану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Давлетбаева Жұлдыз Жетпысбаевна – әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінің доценті, мамандығы: «22.00.04 – Әлеуметтік құрылым әлеуметтік институттар және процестер» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Шаденова Назым Утегалиевна – әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының доценті, мамандығы: «22.00.03 – Экономикалық әлеуметтану, этноәлеуметтану және демография» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Беймишева Айгүл Сейтжановна – философия докторы (PhD), Нархоз университетінің гуманитарлық мектеп профессоры, мамандығы: «6D050100 –Әлеуметтану» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Жұмагұлов Елдос Танирбергенұлы – философия докторы (PhD), ҚР МАМ, ЭҚДК «Қоғамдық келісім РММ жетекші сарапшысы», мамандығы: «6D0501200 – Cаясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Каримова Жанна Каримовна – философия докторы (PhD), Гренобль-Альпы университетінің социология департаментінің оқытушы – зерттеушісі, Макс Вебер орталығының қауымдастырылған зерттеушісі, мамандығы: «6D050100 – Әлеуметтану» (Гренобль қ., Франция).
Ғылыми кеңесшілері:
Сейдуманов Серик Тұрарович – ҚР ҰҒА академигі. әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Салморбекова Рита Бобуевна – әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Қырғыз Республикасы ұлттық ғылым академиясының А. Алтмышбаев атындағы философия институтының жетекші ғылыми қызметкері (Бішкек қ. Қырғыз Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 25 маусым, сағат 15:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050100 – Әлеуметтану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Конференцияның идентификаторы: 811 4174 324,
Кіру коды: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ.Сәтпаев к-сі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің №1 оқу әкімшілік ғимараты, 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): 6D050100 - Әлеуметтану мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесіне ұсынылған Жанар Сапарғалиқызының «Қазақстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту: саяси және әлеуметтанулық талдау» диссертациялық жұмысы Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделген, оның даму дәрежесі көрсетілген, диссертациялық жұмыстың мақсаттары мен міндеттері, пәні, нысаны және теориялық-әдіснамалық негіздері тұжырымдалған, диссертацияның ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығы айқындалып, қорғауға ұсынылған негізгі ережелер, сонымен қатар зерттеудің негізгі тұжырымдары мен нәтижелерін апробациялау көрсетілген. Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақстан әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту тақырыбы аясында мемлекеттік азаматтық лауазымдардағы әйелдердің кең өкілдігі мансапты жоспарлаудың түпкі нәтижесі және сонымен бірге тиісті бағдарламалардың тиімділік критерийі қарастырылған. Мемлекеттік кадр саясатында гендерлік теңдікті іске асыру әкімшілік-басқару аппараты мен оның элитасының сапалық сипаттамаларын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Қоғамдық пікірді қалыптастырудың бастапқы бағыттары өте байыпты түсінуді және бүкіл қоғамның пайдасына түзетуді қажет етеді. Мемлекеттік кaдр саясатының гендерлік тәсілі ерлер мен әйелдер арасындағы билік қатынастарының теңгерімсіздігін өзгертеді. Гендерлік тұжырымдаманы әлеуметтік сәйкестендіру олардың арасындағы айырмaшылықты, әсіресе отбасын жоспарлау және мансапты жоспарлау мәселелерінде кадрлармен жұмыс істеудің гендерлік тәсілінің екі құрамдас бөлігі ретінде қалдырады. Бұл әйелдер мен ерлер арасындағы нақты әлеуметтік серіктестік қатынастарын құруды және осы саладағы қоғамдық және жеке өмірдегі тепе-теңдік бұзылыстарын жою үшін жауапкершілікті бөлуді талап етеді. Мәселе болашақ қоғам құрылымына етене қатысу үшін әйел кадрларының зияткерлік және кәсіби әлеуетін пайдалану туралы болып отыр. Даму үшін қоғам аз пайдаланатын адам ресурстарын гендер теориясы тұрғысынан одан әрі ашуы керек, бұл әйелдер мен ерлердің осы процестерге толық және жан-жақты қатысуын білдіреді. Сонымен қатар еңбек нарығындағы гендерлік сегрегация, үй еңбегіндегі төленбейтін қосарлы еңбек, әйелдер қауымының толық саясатпен айналысуына кедергі келтіретін мәселелері қарастырылған. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Әйелдердің саясатта болуы тек символдық тұрғыда емес, олар саясаттың өзіне және оны қалыптастыру процесіне артықшылық беретін қашанда ескеру қажет. Қаншалықты заң жүзінде мүмкіндіктердің болғанымен қaзақстандық әйелдердің сaясатқа қатысуы әлеуметтік саяси кеңістікте латентті шектеу механизмдерімен көрініс табуда. Әйелдердің осы бір қалыптасқан латентті шектеулерге әртүрлі стратегиялары мен әлеуметтік-саяси қызметке қол жеткізу жолындағы шектеулерге стратегиялары зерттеу тақырыбының өзектілігі теңдік мәселелерін халықаралық түсінудің өсіп келе жатқан бастапқы ұстанымдарымен расталады, оның құрамдас бөліктері гендерлік теңдік болып табылады. Жаһандану және орнықты даму жағдайларында халықаралық құрылымдaрды қалыптастырудың трансұлттық жолы тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер қағидаттарында тәрбиеленген және әлемдік өркениеттің ауыспалы жағдайларында, халық қоныстануының күшейе түскен процестерінде дәстүрлі саяси ғана емес, сол сияқты күрделі әлеуметтік-экономикалық шешімдерге қабылдай алатын жаңа тұрпатты басшыларды талап етеді. Сол билікке келуге әйел адамдарға қандай тосқауылдар барын анықтау, оны еңсеру жолын айқындау жұмыстың негізі болмақ. Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері және зерттелу дәрежесі: осы диссертациялық зерттеудің негізін әлеуметтік-саяси теориялар, феминистік концепциялар, гендерлік талдау, сонымен қатар шетелдік және отандық гендерлік зерттеулердің нәтижелері құрайды. Диссертациялық зерттеу барысында философиялық, социологиялық, тарихи, логикалық және жалпы ғылыми әдістер, сонымен қатар талдау, синтез және сұхбаттар пайдаланылды. Жұмыста қазақстандық мемлекеттік қызметкер әйелдердің саяси мансапты құру және жүзеге асырудағы қолданыстағы стратегияларын сапалы талдау тәсілі ретінде Қазақстан Республикасы парламенті мен мәслихатының 25 депутаттарымен жартылай құрылымдық сұхбат әдісі қолданылады. Сонымен қатар осы зерттеу аясында қалалық және ауылдық жерлерде тұратын мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін әйелдер арасында 2 фокус-топ жүргізілді. Сапалық зерттеулер мақсаты: қазіргі Қазақстандағы гендерлік құқықтар мен бостандықтар мәселесіне қатысты мемлекеттік қызметкер әйелдердің пікірін зерттеу және гендерлік сезімталдықты анықтау. Сонымен қатар 18-30 жас аралығында жастар арасында 320 респонденттен сауалнама алынған болатын. Таңдаудың жастарға түскені оның саяси көзқарастары ерлер мен әйелдердің саясатқа қатысу дәрежесін өзгертудің ықтимал сценарийлерін көрсетті және Қазақстан Республикасында саясатқа белсене қатысуға әйел адамдарға қандай тосқауылдардың барын анықтау мақсатында жүргізілді. Зерттеу әйелдердің саяси мансап жолындағы ерекшеліктерін талдауға, бізге саяси мансап жасаудағы кедергілер мен шектеулерді институционалдық жағдайлар тұрғысынан да, оларды жүзеге асыру тәжірибесі тұрғысынан да көруге мүмкіндік береді. Ғылыми зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері мен зерттелу деңгейі: диссертациялық зерттеуді әлеуметтік-саяси теориялар, феминистік тұжырымдамалар, сондай-ақ шетелдік және отандық гендерлік зерттеулердің нәтижелері құрайды. Диссертациялық зерттеу барысында әлеуметтанулық институционалдық, тарихи, логикалық, салыстырмалы, сапалық әлеуметтанулық әдістер қолданылды. Зерттеуде Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуын талдауға «гендерлік көзқарас» қолданылды, яғни заңнамалар мен стратегиялардың, жоспарлаған шаралардың, әртүрлі саладағы бағдарламалардың барлық деңгейінде ерлер мен әйелдерге әсер етуін бағалау. Гендерлік қатынастар қоғам өмірінің көптеген әлеуметтік проблемаларымен өзара байланысты, оларды әлеуметтанудың бір бөлігіне ғана азайтуға және осы қарым-қатынастан тыс қарастыруға болмайды. Атап айтқанда, гендерлік процестер жалпы әлеуметтік теорияға және әлеуметтік өзара әрекеттесу объектісіне, мәдениетке, жеке тұлғаға, билік пен мемлекеттік қызмет әлеуметтануына, әлеуметтік институттарға және т.б. қатысты. Тәуелсіз ғылым ретінде гендерлік зерттеулер шектеулі және академиялық ғалымдар үшін тартымдылығы төмен болып қалып отыр. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік билік құрылымындағы мемлекеттік қызметтегі қазақстандық әйелдердің әлеуметтік-саяси паритетін пайдалану мүмкіндіктері, нақты айтқанда билікке жетудің құқықтық және саяси факторларын зерттеудегі деректер алғаш рет өңделіп, мәліметтер жарық көріп отыр. Диссертацияның зерттеу нысаны: саяси және азаматтық басқарудың әртүрлі деңгейінде кәсіби мансап ретінде айналысатын мемлекеттік қызметтегі қазақстандық әйелдер. Диссертациялық зерттеудің мақсаты: Қазақстандағы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің саяси және азаматтық лауазымдарға қол жеткізуі тұрғысынан әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын талдау. Негізінде Қазақстандағы мемлекеттік қызметкер әйелдердің мансаптық стратегиялары мәселесінің ғылыми даму дәрежесі зерттелмеген, тың эмпирикалық зерттеулермен толықтыру көзделген. Зерттеу пәні : Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару құрылымындағы мемлекеттік қызметкер әйелдердің мансаптық стратегияларын іске асыру ерекшеліктері және билік жолындағы тосқауылдар. Зерттеу міндеттері: - отандық саясаттағы гендерлік асимметрияның себептері мен салдарын зерттеу; - еңбек нарығындағы гендерлік сегрегацияның әсерін талдау; - үй шаруашылығының міндеттері мен отбасылық қамқорлық функцияларын гендерлік бөлу тұрғысында ерекшеліктерін сипаттау; - билік қатынастарындағы гендерлік процестерді зерттеудің әдіснамалық және теориялық тәсілдерін негіздеу; - Қазақстан Республикасының сенаты мен мәжілісіндегі әйелдердің саясатқа, шешім қабылдауға етене араласуын сипаттау; - билік қатынастарындағы гендерлік процестерді зерттеудің әдіснамалық және теориялық тәсілдерін негіздеу; - қазақстандық әйелдердің саяси партиялар жұмысына қатысу дәрежесін анықтау; - қазақстандық әйелдердің мемлекеттік қызметтегі өкілдігін сипаттау; - қазақстандық әйелдердің мемлекеттік органдардағы институционалдық жағдайлары мен мансаптық стратегияларын қарастыру; - қазақстандық әкімшіліктердегі әйелдердің билікке жетуінің құқықтық және саяси факторларын салыстыру; - мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадрлардың гендерлік динамикасын талдаудың әдіснамалық аспектілерін анықтау; - мемлекеттік қызметтегі әйелдердің кәсіби және мансаптық ерекшеліктерін зерттеу; - мемлекеттік қызметтегі әйелдердің саясаттағы белсенділігіне әсер ететін кедергілерді анықтау; - қазіргі Қазақстандағы гендерлік құқықтар мен бостандықтар мәселесіне қатысты мемлекеттік қызметкер әйелдердің пікірін талдау. Әйелдердің саяси белсенділігінің болашағына болжамдар жасау Қойылған міндеттерді шешу үшін келесідей әдістер қолданылды: диссертациялық зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері әлеуметтік-саяси теориялар, феминистік концепциялар, гендерлік талдау, сонымен қатар шетелдік және отандық гендерлік зерттеулердің нәтижелері құрайды. Диссертациялық зерттеу барысында социологиялық (жартылай құрылымдық сұхбат, фокус топ әдісі, сауалнама), институционалдық, тарихи және логикалық әдістер қолданылды. Зерттеудің дереккөздері: Дереккөздер мен әдебиеттерге келсек, еңбекті жазуға тартылған әдебиеттер кең ауқымды, олардың шығу тегіне қарай, келесідей топтастырылған: 1. Қазақстан Республикасының тұжырымдамалық және нормативтік-құқықтық құжаттары. 2.Мемлекеттік статистика органдарының анықтамалық әдебиеті. 3.ҚР Парламенті мен Мәслихаттарының жекелеген әйел депутаттарымен өткізілген тереңдетілген сұхбаты. 4.Қала мен ауылдағы мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын әйелдермен өткен 2 фокус топ деректері. 5.Әйелдердің мемлекеттік деңгейде басқаруға қатысу перспективалары мен билікке келу жолындағы кедергілер туралы пікірін анықтауға негізделген сауалнама мәліметтері. 6.ҚР әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар қауымдастығы, зияткерлік еңбек әйелдері қауымдастығы, Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігі, Қазақстанның даму институты жүргізген әйелдердің саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайының әлеуметтік зерттеулерінің материалдары. 7.Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелері. 8.Халықаралық мемлекеттік ұйымдардың жарияланымдары. 9.Халықаралық қоғамдық ұйымдардың жарияланымдары. 10.Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Норвегия, Швеция, Ресей, Беларусь, Украина зерттеушілерінің ғылыми монографиялық әдебиеті. 9.Мерзімді басылымдардағы жарияланымдар, ақпарат және интернеттегі жарияланымдар. Осы жұмыстың тақырыбы мен зерттеу міндеттері тұрғысынан әр түрлі дереккөздердің мемлекеттік биліктің ресми құжаттарының және үкіметтік емес құрылымдар дайындаған жарияланымдардың болуы өте маңызды. Бұл әдебиеттер жан-жақты зерттеуге, толық салыстырмалы зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Диссертациялық жұмыс ҚР Парламенті мен Мәслихаттарының жекелеген әйел депутаттары мен мемлекеттік қызметкерлермен жүргізген тереңдетілген сұхбаттың нәтижесінде жинаған деректер мен фокус топпен, сауалнамадан алынған эмпиракалық мәліметтерге ерекше орын берілген. Әртүрлі дереккөздердің ішінде 80 жыл бойы сайлау нәтижелерімен саясаттағы әйелдер бойынша сауалнама жүргізген, халықтың әртүрлі топтарының, соның ішінде саясаттағы әйелдердің мінез-құлқын талдап, қорытындылаған бірден бір ел-АҚШ-тағы және басқа да шетелдік көптеген ұлттық зерттеулердің нәтижелеріне тоқталған. Гипотезалар (себеп-салдарлық): Қазақстандық әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге қоғамда және мемлекеттік институттарда сақталып отырған гендерлік стереотиптер кедергі келтіруде. Қазақстандағы әйелдердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы олардың білім деңгейіне және қаржылық қолдау мен еңбек нарығы сияқты ресурстарға деген қол жетімділігіне тікелей байланысты. Қазақ қоғамындағы дәстүрлі патриархалдық нормалар әйелдердің соның ішінде саясат пен экономиканың барлық деңгейінде шешім қабылдауға қатысуын шектейді. Әйелдердің құқықтық қорғалуының жеткіліксіздігі және институционалдық базаның жетілдірілмегендігі олардың теңдігінің негізгі кедергілері болып табылады; Қазақстандық әйелдердің алдында қосарлы ауыртпалық (жұмысы мен отбасылық міндеттері) бар, бұл олардың кәсіби және қоғамдық белсенділігіне кедергі келтіреді. Гипотезалар (болжамдық): Гендерлік бюджеттің бөлінуін енгізу және теңдік саясатын жетілдіру әйелдердің саясат пен экономикаға қатысуының артуына әкеледі. Қазақстанның мемлекеттік органдарындағы әйелдер үлесін арттыру әлеуметтік әділеттілік деңгейін арттыруға және халықтың осал топтарын қорғауға бағытталған заң жобаларын әзірлеуге ықпал етеді. Әйелдерді кәсіби қайта даярлау, жалақыдағы айырмашылықты жою мен икемді жұмыс кестесі Қазақстандағы кедейліктің феминистік көрінісін азайтады. Әйелдердің шешім қабылдауға араласуына квота енгізу инклюзивті тәсіл арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады. Балаларды күту бойынша инфрақұрылымды дамыта түсу, қашықтықтан жұмыс, отбасылық міндеттерді әділ бөлу дағдысын нормаға айналдыру әйелдердің қоғамдық және кәсіби белсенділігін арттырады. Әйелдердің цифрландыру және жаңа технологияларға дер кезінде қол жеткізуі әсіресе Қазақстанның ауылдық аймақтарындағы экономикалық және саяси мүмкіндіктерін арттыруды жеделдетеді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: 1.Қазақстандық әйелдердің саяси белсенділігінің төмендігінің негізгі себептері және әйелдердің саясатқа белсене қатысуындағы кедергілер анықталды. 2.Экономикалық теңсіздік пен еңбек нарығындағы гендерлік асимметрияның әйелдердің кәсіби мансап құру ықтималдығына әсері талданды. 3.Саяси өкілдіктің жалпы гендерлік талдауы және Қазақстандағы әйелдердің саясатқа араласуының нақты сценарийі негізінде қазақстандық әйелдердің саясатқа қатысу көрсеткіштерінің төмендігінің себептері зерттеліп, қорытындыланды. 4.Қазақстан әйелдерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында мансап құруының институционалдық жағдайлары мен мүмкіндіктері қарастырылды. 5.Қазіргі әлемдегі және қазақ қоғамындағы әйелдердің саяси өкілдік ету факторлары анықталып, топтастырылды. 6.Қазақстандық мемлекеттік қызметкер әйелдердің кәсіби қызметінің «мақсатты», «кездейсоқ», «отбасылық», «перспективті» сценарийлері алғаш рет сипатталған. 7.Қазақстандық мемлекеттік қызметкер әйелдердің саясатқа қатысуын негіздеу үшін қолданатын келесі «патриархалдық», «стереотиптік», «эссенциалистік», «ментальдық» түсіндірме үлгілері зерттелді. 8.Маскулинділік құндылықтардың қазақ қоғамындағы дәстүрлі үлгісінің үстемділік себеп-салдары анықталды. 9.Гендерлік теңдіктің ресми түрде жариялаған заңдарынан гөрі қазақстандық қоғамның дәстүрлі өмір салтына негізделген «жазылмаған заңдарды» артық көрудегі таңдау себептері зерттелді. 10. Эмпирикалық мәліметтерден топтастырылған гендерлік стереотиптер негізінде алғашқы рет «Гендерлік сезімталдықты дамыту» үстел ойыны әзірленді. 11. Әйелдердің саясатқа тең қатысуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдарға заңнамалық, институционалдық, ұйымдастырушылық және тұжырымдамалық ұсыныстар әзірленді. Диссертациялық зерттеу Қазақстан Республикасының өкілетті органдарында кәсіби саяси мансапты құруға гендерлік фактордың әсері аясындағы кешенді отандық зерттеу болып табылады. Диссертация барысы саясаттағы әйелдердің аз өкілдік етуінің себептерін және оны жоғарылату тетіктерін екі деңгейде зерттейді, мұнда жоғарғы деңгей - мемлекеттің гендерлік саясат саласындағы қызметі, ал төменгі деңгей -кәсіби саяси мансап саласындағы әйелдер. Зерттеу жұмысының практикалық құндылығы гендерлік мәселелерді одан әрі зерттеу қарастырылған, гендерлік мемлекеттік саясатты қалыптастырудың тетіктері мен бағыттарын анықтау кезінде диссертацияның негізгі ережелері мен нәтижелерін пайдалануға болады. Зерттеудің негізгі қорытындылары мен ережелері Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің заңнамалық негіздерін әзірлеуде, саясаттану және әлеуметтану, гендерлік және басқа зерттеулер бойынша мамандандырылған оқыту курстарында, әйелдерге арналған лидерлікті шыңдау мектептерінде пайдалануға, әйелдер істері мен отбасылық -демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың отбасы институтын нығайту, гендерлік теңдікті ілгерілету мен әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау бағытында жұмыстарға, сондай-ақ әйелдердің саяси қызметі тәжірибесінде пайдаланылуы мүмкін. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар диссертациялық зерттеу барысында алынған ғылыми нәтижелерге негізделеді: 1.Әлеуметтік даму мақсаттарына тек ілгерілеу процестеріне ғана емес, сонымен бірге оның мақсаттарын қалыптастыруға әйелдердің тиімді қатысуынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Саяси процестерге және қоғамды ұйымдастыруға әйелдердің қатысуы жаңа басымдықтар мен перспективаларды енгізеді. Әйелдердің саяси қатысуының көптеген формалары бар: ол дауыс беру және жоғары мемлекеттік органдарға сайлану құқығын ғана емес, сонымен қатар қоғамдық бірлестіктердегі ұжымдық қызметті де қамтиды. 2.Өтпелі экономикасы бар елдерде әйелдер қоғамдық өмірдің көптеген салаларына әйелдердің саяси қатысуы дәстүрлі «еркекке тән» тәсілдерге қарағанда тиімді болуы мүмкін екеніне қарамастан, тікелей және жасырын кемсітушілік объектісіне айналады. Посткеңестік кезеңдегі елдер әйелдерді саяси ілгерілетудің екі іргелі проблемасымен сипатталады: сайлаушылардың көпшілігінің әлеуметтік стереотиптері және ерлердің бәсекелестіктегі саясаткер әйелдерге деген агрессивтілігі. Демек, әйелдерді кемсіту иррационалды наным - сенімдер мен стереотиптерге негізделген. Бұл жағдайдан шығудың бір бағыты-заңнаманы реформалау және әлеуметтік сананың сексистік көзқарастарын өзгерту. 3.Кез-келген саяси мәдениетте әйелдердің қоғамдық қозғалысының даму дәрежесі мен сайлау мінез-құлқының гендерлік компонентінің мәніне сәйкестік заңы қолданылады. Сонымен бірге, гендерлік саяси мәдениеттің белгісі - бұл кейінгі кездегі саяси курстар мен бағдарламаларда ескерілетін саяси субъектілердің осы заңға саналы түрде араласуы. 4.Әйелдердің селективті мінез-құлқы еркектерден ерекшеленеді, бұл сайлау процесінде гендерлік айырмашылықтарда көрінеді. Олардың болуы сайлау нәтижелеріне ғана емес, сонымен бірге қоғамда жүргізіліп жатқан саясатқа да айтарлықтай әсер етеді. 5.Гендер билік құрылымдарын, әлеуметтік және мәдени институттарды ұйымдастыруды, қазіргі қоғамдағы идеологиялық бақылау модельдерін талдауда басты орын алады. Саяси гендерлік зерттеулер тек ғылыми қызығушылық тудырмайды, сонымен бірге үлкен практикалық маңызы бар, өйткені олар қоғамның саяси мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, саяси қатысуды гендерлік талдау әйелдің сапалы жаңа сайлаушы ретіндегі рөлін, әйелдердің саяси жұмылдыру дәрежесін, сайлаушылардың сайлау нәтижелеріне әсер ету мөлшерін анықтауға мүмкіндік береді. 6.Гендерлік перспективаларды ескере отырып, әйелдерді демократиялық институттардың қалыптасуына қосу кез-келген демократияның өзгермейтін атрибуты болып табылады. Демократияның қазіргі заманғы нысандары мен нормаларын дамыту ерлер мен әйелдердің қоғамдық өмірдің барлық салаларына және шешім қабылдаудың барлық деңгейлеріне тең қатысуын көздейді. 7.Әйелдердің қоғамның саяси өміріне қатысуы мен араласуын жандандыру процестері көп деңгейлі бағдармен сипатталады, онда жоғарғы деңгей гендерлік теңдік мәселесін шешуде әлемдік шоғырлану процестерін (БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың қызметі), ал төменгі деңгей жергілікті, ұлтішілік әрекеттер мен қайта құруларды (мемлекеттік гендерлік саясат, саяси талдау тетіктері, әйелдер қозғалысын дамыту) қамтиды. 8. Әйел мемлекеттік қызметкерлер өздерінің саясатқа қатысуын негіздеу үшін әртүрлі түсіндіру үлгілерін пайдаланады. Осылайша, патриархалдық модель әйелдердің мансап сатысында өз бетінше көтерілу мүмкін еместігін және әйелдерге ерлердің тікелей және символдық қолдауының болуын атап көрсетеді. Стереотиптік үлгі жұмысты, үйді, ана болуды және басқа да жағдайларды басқарушы қызметімен белсене қатысуды біріктіре ала ма деп алаңдайтын мемлекеттік қызметтегі әйелдер туралы типтік идеяларға негізделген. Эссенциалистік модель мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымдардағы әйелдердің төмен өкілдігі олардың эмоционалдылығымен, ерекше түйсігі мен «әйел логикасымен», мейірімділігімен, балалар мен күйеуіне қамқорлық жасау мақсатында жұмыста көп уақыт өткізбеу керек деген түсінікпен әйел өміріндегі отбасының маңыздылығымен байланысты идеяға негізделген. «Ментальды үлгі» мемлекеттік органдардағы әйелдердің әлсіз өкілдік етуінің себебі - қазақстандық әйелдердің ерлермен бәсекеге түспеуі және бәсекелесе алмайтыны қалыптасқан мәдени идеялардың таралуымен байланысты. Жоғарыда аталған түсіндірмелі модельдердің барлығы синкретизмнің жоғары дәрежесімен сипатталады, бұл кезде мүлдем қарама-қарсы пайымдаулар қандай да бір түрде бір бүтінге күрделі түрде тоғысады. 1998 жылдан бастап қабылданған заң түрінде стратегиялар мен бағдарламалар, концепциялар тұрғысында әйелдердің белсенді түрде шешім қабылдауға, саясатқа етене араласуға формальді түрде негіз бар. Бірінші Президент негізін қалаған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бар, бірақ айта кететін жайт ұлттық Комиссия әйелдер бастамасымен емес, Президент бастамасымен құрылған. Тағы да патриархалды, президент имиджін жасаудың көрінісін көруге болады. Бұл арада мемлекеттік қызметке өз қалауымен белсенділік танытқан әйелдердің барын жоққа шығару болмайды, олар осы орында өз қызметтерін атқару мен жалғастыру үшін өзіндік сценарийді қалыптастырады. Мемлекет ресми шеңберлерді өзгертіп, үлкен мүмкіндік ұсынғандай сыңай танытады, бірақ олар әйел пайдасына жұмыс жасамағандықтан әйелдер бұл институционалды жағдайларға әртүрлі стратегиялар әзірлеуге мәжбүр болады. Мысалы, әйелдер партиясын құру, мемлекеттік гендерлік сараптама құру, әйелдердің зейнет жасын қысқарту, көп балалы аналар мәселесі т.с.с ұсыныстар іске аспай, шындығында ұсыныстар деңгейінде қалып отыр. Сонымен бірге, осы жерде өз қызметін жүзеге асырудың және жалғастырудың бірегей сценарийін құрайтын нағыз белсенді мемлекеттік қызметкер әйелдердің бар екенін де жоққа шығаруға болмайды. Мемлекет формальды шеңберлерді өзгертеді және үлкен мүмкіндіктер ұсынады, бірақ олар әлі де әйелдердің пайдасына жұмыс істемейді және әйелдер осы институционалдық жағдайлар үшін әртүрлі стратегияларды әзірлеуі керек. Әйелдердің саясатқа араласуы үшін жағдай жасау, гендерлік білім беру, әйелдердің саяси партиясы, күшті және ықпалды феминистік қоғамдастық әйелдердің биліктің жоғары эшелонына көтерілуіне негіз жасайды. Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі ғылыми нәтижелері мен қорытындылары бойынша отандық және шетелдік басылымдарда, халықаралық ғылыми-теориялық және тәжірибелік конференцияларда 6 ғылыми мақала жарияланды. Оның ішінде Скопус (Scopus) деректер базасында 1 мақала, халықаралық конференцияларда 2 мақала, ҚР БҒБ Білім және Ғылым саласындағы қадағалау комитеті бекіткен тізімге енетін журналдарда 3 мақала жарияланды. Нәтижелер апробациясы 2018-2021 жылдар диссертацияны әзірлеуге докторант ретінде Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізу саласында үлкен практикалық жұмыс жүргізілді. Жұмыстың кейбір тұстары бірқатар семинарлар мен тренингтерде қолданылды: үкіметтік емес және мемлекеттік құрылымдардағы әйелдерге арналған әйелдердің саяси көшбасшылығы туралы; оны жүзеге асырудың тең мүмкіндіктері мен тетіктері туралы заңнама бойынша ізденістер жүргізілген болатын. Әйелдердің саяси белсенділік қатысуы проблемасын шешудің әртүрлі тәсілдері мен тетіктерін біріктіретін семинарларды әзірлеуде қолданылатын материалдардың көптігі осы саладағы кең ақпараттық база мен практикалық тәжірибені қалыптастырды. Автордың белсенді қатысуымен Канада елшілігінің кеңесшісі Джулия Клутьенің қатысуымен «Әйелдер көшбасшылығы» дөңгелек столы (2018ж. Астана); Қазақстан әлеуметтанушыларының IVконгресі (27-28 қыркүйек 2018ж. Астана); Канада генерал-губернаторы Жюли Пайеттің қатысуымен дөңгелек стол (3 желтоқсан 2018ж. Астана); «Қазақстан қыз балаларының, бойжеткендер және әйелдердің діни конфессиядағы статусы» Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты ұйымдастыруымен Пресс конференция (Астана, 7 желтоқсан 2018ж.); «Қазақстанның отбасылық және гендерлік саясаты: жетістіктері мен перспективалары» ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері мен және отбасылық -демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық Комиссияның 20 жылдығына арналған халықаралық конференция (7 желтоқсан 2018ж. Астана); Қазақстандағы Канада елшілігі «2019 бизнесте әйелдерді алға жылжыту» дөңгелек стол (28 ақпан 2019ж. Астана); Халықаралық ғылыми-практикалық конференция «Женщины на государственной службе» (21-22 наурыз 2019ж. Санкт-Петербург); Назарбаев Университеті ұйымдастырған «Гендерлік теңдік, феминизм, маскулинділік, исламдағы әйел мәселесі» семинар (4 сәуір 2019ж. Астана); Евразиялық ұлттық университет ұйымдастыруымен «Гендер в академическом пространстве современного Казахстана» ғылыми семинары (10 сәуір 2019ж. Астана); Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ұйымдастырған «Ғылым және білім-2019» Халықаралық конференциясы; «Роль в обществе мусульманской женщины в Казахстане и Центральной Азии» Мария Тюфак (Королевство Морокко) ханыммен дөңгелек стол (18 сәуір 2019ж. Астана), «Поддержка малообеспеченных и безработных женщин Карагандинской области через обучение основам бизнеса и «зеленым» технологиям ведения бизнеса» тақырыбында әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін ауыл әйелдеріне арналған семинар-практикум. МО «Expo&Women» атқарушы директор жауапты Аскарова Л.К басқаруымен (22 сәуір 2019ж. Астана); «О государственных программах поддержки предпринимательства» - «Атамекен» ҮЕҰ Қарағанды облысы бойынша Іскер әйелдер төрайымы Ж. Құлмағамбетованың басқаруымен дөңгелек (26 сәуір 2019ж. Астана); С. Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университеті. ПМУ Хабаршысы. Жоғары аттестациялық комиссия (ЖАК) мақаласы, «Карьерный рост на государственной службе в аспекте гендерного равенства: состояние, проблемы, перспективы» (2019ж. №2 Павлодар); ЕҰУ Хабаршысы «Әйелдің қосарлы жұмысбастылығындағы кәсіптік интеграция көрінісі» ЖАК мақаласы (2019ж.№2 Астана); Институт Евразийской интеграции «Ориентиры социально-политической модернизации Казахстана». «Гендерлік мейнстрим идеологиясы немесе жахандық тәртіп азғындығы» халықаралық конференция (23 мамыр 2019 ж. Астана); Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Хабаршысы. «Социологические и политические науки» сериясы (№1(69) ЖАК мақаласы. Ресейлік ғылыми дәйексөздер индексіне енген журнал Социальная политика и социальное партнерство. Трудоустроиство и карьера выпускников в Кыргызстане (2021ж. №5 Москва); Журнал «Женщины в российском обществе» Scopus (2021ж.қазан. Иваново). Зерттеу жұмысының құрылымы қысқартулардан, диссертация анықтамасынан, кіріспеден, 3 бөлімнен, 9 бөлімшеден, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Диссертацияның жалпы көлемі 166 беттен, 150 библиографиялық дереккөздерден, 9 суреттен, 2 кестеден тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=3QLzVe_S1BM
