
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Исаев Нурислам Маралбекович «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Білім беру саласындағы мемлекеттік саясат адами капиталды дамытудың шарты ретінде» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Саясаттану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Канапьянов Тимур Ерболатович – философия докторы (PhD), А. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректор. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Симтиков Жомарт Кудайбергенович – саяси ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, профессор, саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі. Мамандығы: 23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Айкенова Дина Маратовна – философия докторы (PhD), Астана халықаралық университеті, Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар жоғарғы мектебінің доценті. Мамандығы: «6D050200 – Саясаттану» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Алтыбасарова Мейрамгүл Армияновна – саяси ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университеті, Философия және әлеуметтік ғылымдар кафедрасының профессоры. Мамандығы: «23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар» (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Пұсырманов Нұрбек Серікұлы – философия докторы (PhD), ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Мемлекет тарихы институты» Республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, мамандығы «6D050200-Саясаттану» (Астана, Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Дюсембекова Майра Кусаиновна – саяси ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Саясаттану кафедрасының профессоры, Мамандығы: 23.00.02 – Саяси институттар, этносаяси конфликтология, ұлттық мүдделер және саяси процестер мен технологиялар (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Сейт Али Авджу – философия докторы (PhD), Йылдырым Беязит университеті, саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Анкара қ., Түркия Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 1 шілде, сағат 15:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03106 – Саясаттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/8114174324?pwd=dVhvaFdrUm9hRll6eTBsclhybUtvZz09
Конференцияның идентификаторы: 811 4174 324,
Кіру коды: DC9hpA
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқу-әкімшілік ғимараты, 302-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): ИСАЕВ НУРИСЛАМ МАРАЛБЕКОВИЧ 8D03106 – Саясаттану Білім беру бағдарламасы бойынша Философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясы Білім беру саласындағы мемлекеттік саясат адами капиталды дамытудың шарты ретінде Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыста Қазақстандағы білім беру саласы адами капиталды дамытудың маңызды шарты ретінде оның қазіргі ахуалы, проблемалары, даму келешегі мен тиімді дамыту сценарийлері талданып, мемлекеттік саясат тарапынан реттелу жағдайы зерттеледі. Зерттеу тақырыбының өзектілігі еліміздегі білім беру саласы адами капиталды дамытудың маңызды шарты ретінде мемлекеттік саясаттың осы мәселені реттеуге қатысты қызметін одан әрі дамыту қажеттілігімен айқындалады. Осы бағытта бірнеше факторды атап көрсетуге болады: – білім беру саласын адами капиталды дамытудың шарты ретіндегі қызметін кешенді зерттеу арқылы ғылыми тұжырымдарын және оны тәжірибеде қолданылу барысын талдау бұл мәселенің құрылымы мен маңызын түсінуге мүмкіндік береді. Ғылыми тұжырымдардың мазмұнын кешенді зерттеу үшін білім беру саласына қатысты және адами капиталдың теориялары мен тұжырымдамаларын өзара байланысты зерттеуге қажеттілік бар. Ғылыми тұжырымдамалардың тәжірибелік сипаттағы қолданбалы мүмкіндіктерін қарастыру да аса маңызды; – Қазақстанда адами капиталды дамыту бойынша тәуелсіздік алған жылдардан бері білім беру саласындағы қазіргі мемлекеттік саясаттың эволюциясын талдау маңызды. Ол үшін саяси-құқықтық базаны зерделеу қажет. Себебі, адами капиталды дамытуда білім беру жүйесін реттеу мен жетілдіруде көптеген саяси-құқықтық реформалар, заңнамалық өзгерістер орын алды. Аталған реформалардың осы мәселені реттеуде тиімділігі мен кемшіліктерін зерттеу өзекті. Сол арқылы білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың бағдарын анықтап, болашақ дамуына ұсыныстар әзірлеуге болады; – халықаралық тәжірибеде қалыптасқан білім беру жүйелерін адами капиталды дамытудың маңызды шарты ретінде мемлекеттік басқару мен ұйымдастырудың үлгілерін талдай отырып, оларды Қазақстандық жағдайда қолдану мүмкіндіктерін ғылыми негіздеу қажеттігі бар. Сонымен бірге білім беру жүйесін реформалауда жетістікке жеткен елдердің тәжірибесі және оның қазақстандық жағдайда қолдану мүмкіндіктерін кеңірек қарастыру өзекті; – білім беру саласын басқарудың даму келешегін қарастыра отырып, адами капиталды дамытудың оң сценарийін анықтау, оны ендіруге байланысты ұсыныстар әзірлеу білімді адами капиталды дамытудың ғылымға негізделген тиімді дамыту жолдары бола алады; – қазіргі таңда жаһандық трендке айналып отырған мәселе ақыл ой ағыны елдің білім беру саласының даму деңгейімен тікелей байланысты. Интеллектуалды адами капитал ұлттық экономиканың дамуының негізігі факторы. Сондықтан адами капиталды сақтап қалудың бірден бір жолы ретінде елдегі білім беру жүйесін әлемдік бәсекелестікке сәйкес дамыту қажет. Осы мақсатқа қол жеткізуде қазақстандық білім беру жүйесінің олқылықтары мен орын алып отырған мәселелерін зерттеу саяси ғылым тұрғысынан қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі; – қазақстандық саясаттану ғылымы бойынша білім беру саласын зерттеуге арналған диссертациялық жұмыстар бар. Ол жұмыстар білім беру саласын әр түрлі тарапынан қарастыруға арналған. Дегенмен, білім берудің адами капиталды дамыту шарты ретіндегі қызметін зерттеуге арналған арнайы жұмыстар жоқ. Сондықтан бұл жұмыстың ерекшелігі қазақстандық білім жүйесін жетілдіру арқылы адами капиталды дамыту мүмкіндігін дәлелдеуге арналуы осы жұмыстың артқышылығын анықтайды; – мемлекеттің тарапынан білім беру саласын дамытуға арналған маңызды құжаттар қабылданып, қадамдар жасалуда. Атап айтатын болсақ, «ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы», «ҚР жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы». Осы тұжырымдамалардың жүзеге асырылу барысы білім беру саласын қаншалықты дәрежеде жұмыс жасап жатқанын анықтау үшін құрылымдық талдауды қажет етеді. Тұжырымдамалардың іске асырылу барысын талдау да өте маңызды. Жоғарыда көрсетілген негіздер диссертация тақырыбының өзектілігін және оның ғылыми құндылығын айқындайды. Осыған байланысты дисссертациялық жұмыс осының алдында жүргізілген зерттеулердің өзіндік логикалық жалғасы ретінде, білім беру саласы адами капиталды дамытудың маңызды шарты ретіндегі рөлін, келешегі мен оң сценарийлерін зерделеуді ұсынады. Зерттеудің объектісі ретінде Қазақстан Республикасындағы адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласының қазіргі ахуалы, даму процесі мен болашағы қарастырылады. Зерттеу пәні адами капиталды дамытудағы білім беру саласын басқару мен реттеудегі мемлекеттік саясат. Зерттеудің хронологиялық ауқымы адами капиталды дамытуда білім беру саласына байланыстыы мемлекеттік саясаттың динамикасы мен даму перспективасын Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдардан қазіргі уақытты қамтиды: 1991-2024 жж. Зерттеудің мақсаты адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың инновациялық механизмдері, реттелу жолдары, болашағына саясаттанулық талдау жасау. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін келесідей зерттеу міндеттері анықталды: 1. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясат және адами капиталды зерттеудің бағыттары мен теориялық тәсілдерін талдау арқылы зерттеудің тұжырымдамалық негізін жүйелеу, тиімдісін негіздеу. 2. Адами капиталды дамытуда білім беру саласына қатысты мемлекеттік саясаттың қызметі барысын саяси-құқықтық талдау арқылы қазіргі даму процесін бағалау. 3. Халықаралық тәжірибедегі білім берудің адами капиталды дамытудағы қызметін мемлекеттік басқару тәсілдерін зерттеу және ең үздік үлгі ретінде Еуроодақ мемлекеттері тәжірибесін, осы бағыттағы реформалардың жетістіктерін саралау, Қазақстанда қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. 4. ҚР-да білім беру жүйесіндегі адами капиталды дамытуға қатысты жүргізілген реформаларға сәйкес даму кезеңдерін анықтау, жетістіктерін саралау. 5. Қазақстандық ақыл ой ағынының адами капиталға әсерін білім беру саясатына байланысты талдау. Ақыл ой ағынының ҚР ұлттық қауіпсіздігіне ықпалын саралау, ғылыми қорытынды беру. 6. Адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың даму болашағы бойынша ұсыныстар әзірлеу. Зерттеудің деректер негізі ҚР «Білім туралы» Заңы, «ҚР мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы»; «ҚР жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы», ҚР «Ақпараттандыру туралы» Заңы; ҚР 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары; ҚР Президенттері Н. Назарбаевтың және Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдаулары; «Ақпараттық Қазақстан» және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары, «ҚР Білім беруді дамытудың, Білім беруді және ғылымды дамытудың, Білім беру мекемелерін ақпараттандырудың, Ақпараттық теңсіздікті төмендетудің, Техникалық және кәсіптік білімді дамытудың әр жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары, ҚР ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы; ҚР БҒМ Электронды оқыту жүйесі тұжырымдамасы, Өмір бойы оқыту (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасы, ҚР білім беруді дамыту тұжырымдамасы; ҚР Президентінің жарлықтары, ҚР Үкіметі қаулылары, білім беру министрінің бұйрықтары, білім беру саласында қабылданған стандарттар мен ережелер; ҚР Білім беру жүйесінің ахуалы және дамуы туралы әр жылдары жарияланған Ұлттық баяндамалар мен ҚР білім беру жүйесіне қатысты ресми статистика, ҰБДҚ деректері құрайды. Сонымен бірге халықаралық құжаттар да зерттеудің деректемелік базасы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары бойынша білім беру және оқыту туралы декларациясы; Мәдени әртүрлілік туралы ЮНЕСКО-ның жалпыға бірдей декларациясы; Барлығына арналған білім: ұжымдық міндеттемелерімізді орындау Дүниежүзілік білім форумы қабылдаған, Ересектерді оқыту туралы Гамбург декларациясы; Баршаға арналған білім туралы Дүниежүзілік Декларация және негізгі білім беру қажеттіліктерін қанағаттандыратын әрекет шеңбері 1990 Тайланд; БҰҰ Даму онжылдығында сауатсыздықты жою туралы Декларация 1964 ж. Көрсетілген мақсатқа қол жеткізу және аталған міндеттерді шешу үшін зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі ретінде жалпы ғылыми әдістер мен қатар эмпирикалық әдістер де пайдаланылды. Теориялық негізін талдауда тарихи, диалектикалық, құрылымдық-жүйелік талдау, мен тұжырымдарды классификациялау жүзеге асырылды. Білім берудің адами капиталды дамытудағы қызметін мемлекеттік басқару тәсілдерін шетелдік тәжірибеге қатысты талдауда салыстырмалы әдіс пайдаланылды. Білім беру саясатын жүзеге асыруда қазақстандық ақыл ой ағынының адами капиталға әсерін статистикалық мәліметтерді өңдеу арқылы, әлемдік интекстерді салыстыру негізінде мәселенің динамикасы мен тенденциясы анықталды. Адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың инновациялық механизмдері, реттелу жолдары, болашағын айқындағанда эксперттік тереңдетілген сұхбат жүргізіліп, мәселенің оң сценарийін жасауға мүмкіндік болды. Ал оның даму барысындағы күшті, әлсіз жақтарын анықтау арқылы одан туындайтын мүмкіндіктер мен қауіпті болжау үшін SWOT анализ, саралау және талдау әдісі қолданылды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың көпқырлы сипаты әртүрлі ғылым өкілдерінің қызығушылығын туғызады. Білім берудің адами капиталды қалыптастырудағы рөлінің тиімді шешілуі саясаттанушылардың, экономистердің, заңтанушылардың, әлеуметтанушылардың және т.б. зерттеушілердің бұл мәселені кешенді қарауына байланысты болады. Себебі диссертациялық зерттеудің объектісі болып отырған білім беру мен адами капитал мәселесі бір ғана ғылымның объектісі бола алмайды. Осыған байланысты зерттеуді комплексті жүзеге асыратын мемлекеттік саясат болғандықтан бірнеше ғылыми бағыттарды топтастыра отырып зерттеуді қажет ететін күрделі мәселе. Білім беру мәселесі мен адами капиталдың дамуы мемлекеттік саясаттың рөліне қатысты зерттеліп, баға беріліп, болжам жасалды. Дегенмен, білім беру саласы мен адами капиталдың дамуын бір бірінен ажыратып қарауға болмайды. Себебі білім адамды жан-жақты дамытып, қоғамның еңбек нарығына бәсекеге қабілетті адамды даярлайды. Білім беру саласын адами капиталды дамыту шарты ретінде зерттеушілерді үш топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші топ, білім беруді адами капиталға қатысты зерттеушілер. Олар қазіргі жаһандық дамуда адамзат қоғамының индустриялық өркениеттен постиндустриалды өркениетке өтуі ғылыми-техникалық, өндірістік, ақпараттық салаларда да, адамның ішкі дүниесінде де түбегейлі өзгерістерге әкелді деген көзқараста. Демек, жеке адамның білім деңгейі мен біліктілігі маңызды. Бұл тенденция барлық өркениетті елдердің одан әрі дамуында шешуші мәнге ие болып, барған сайын кең өріс алуда және қазіргі жұмысшы күшінің адами капиталға айналуын білдіреді. 60-жылдардың аяғынан бастап адами капитал идеясы біртұтас тұжырымдамаға айналды. Оның негізін салушылар көрнекті американ ғалымдары, экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары: Г.Беккер, Т.Шульц, И.Фишер, П.Самуэльсон болды. Олар адами капитал концепциясын зерттеп, ұдайы өндірістің ең маңызды элементі ретінде білімге инвестицияның қажеттілігін негіздеді. Адами капитал теориясы бойынша А.Смит классикалық саяси экономияның концептуалды ережелерін негіздеп, оған комплексті қарауды ұсынды. Неоклассикалық экономикалық теорияның өкілдері Л.Вольрас, С.Джевонс, Ч.Менгер, А.Пигу адами капиталды күрделі қатынастырдың жиынтығы ретінде қарастырады. Себебі, адами капитал адамның қалыптасуы мен дамуына қажетті факторлардың жиынтығы. Осы тұжырымдамаларға сүйене отырып, білімнің маңыздылығы мен өзектілігі туралы қорытынды жасауға болады. Қазіргі заманғы батыс ғалымдары өз зерттеулерінде қоғам мен экономика дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын өндірістің ең маңызды субъектісі білім, оның иесі ретінде адам өмірін зерттеуді маңызды деп есептейді. М.Блауг, Дж.Минсер, Л.Туроу, Л.Хансен және басқалардың еңбектерінде адами капиталдың қоғамдағы анықтаушы рөлінің біліммен байланыстылығы туралы идеясы анықталады. Ғалымдар адами капиталды дамыту үшін білімге салынған инвестицияның тиімділігін есептеу әдістерін әзірледі. Олар А. Берг, Дж. Сковиль, Л. Ульман әзірлеген Р. Эккаустың «өндірістік талаптар әдісі». Көрнекті шетел ғалымдары Р.Арон, Д.Белл, П.Друкер, А.Тоффлер қоғамдық өндірісті үш кезеңге бөлудің негізгі әдіснамалық принциптерін бекітті: мануфактура (индустрияға дейінгі), индустриялық және постиндустриалды. Олар постиндустриалды қоғам қазіргі жұмыс күшінде шынайы революцияның объективті алғышарттарын жасайды, оның көп ғасырлық эволюциясын қорытындылайды деген тұжырымға келді. Екінші топ, білім беруді әлеуметтік-саяси процесс ретінде қарастыратын шетелдік зерттеушілер. Олар Э. Дюркгейм, М. Вебер, П. А. Сорокин, У. Гордон, Дж. Коулман, Дж. Дьюи білім берудің саяси-әлеуметтік маңызына қатысты классикалық еңбектерді жазған. Білім беру саласын зерттеуде фундаменталды тұжырымдарды ұсынғандар Дж. Балан, К. Брейси, Дж. Бруннер, Б. Кларк, М. Маклейн. Білім беру саласын әлеуметтік-саяси реформаларға қатысты зерттегендер Дж.Д. Груф, A-K. Нейгел, Г. Нейве. Жаһандық білім беру тұрғысынан өз зерттеулерін жүргізген ғалымдар Ф. Альтбаха, Р. Дале, С. Рейхерта. «Жоғары білім беруді реформалау және дамыту: Қазақстан тәжірибесінде» атты Хартли мен Рубидің еңбектерінде Қазақстанның білім беру саласындағы саясат эволюциясын сипаттайды. Дэвид Бриджес «Білім беру реформасы және интернационализация: Қазақстандағы мектеп реформасының мысалы» атты монографиясында Қазақстанның білім беру саясатының интернационалдануы, ұлттық білім беру жүйесінің реформалану жағдайын зерттеді. Дж Хейсман, А.Смоленцева, И. Фрумин редакциалығымен «Посткеңестік елдердегі жоғары білім беру жүйесінің жиырма бес жылдық реформасы» 1920-2015 жылдар аралығындағы Қазақстандағы жоғары білімнің дамуын талдаған. Үшінші топқа қазақстандық ғалымдардың еңбектері кіреді. Қазақстан ғылымындағы білім беру саясатының іргелі мәселелерін зерттеген ғалымдар: Е. Амантаев, А.А. Булатбаева, Г. Байшань, Л. Иватова, А.Қ. Құсайынов, Р.А. Нұртазина, А.А. Нұрмағамбетов, И.Д. Фрумин, Мыңбаева А.Қ., Таубаева Ш.Т. және т.б. «Жаһандану жағдайындағы Қазақстан Республикасының білім беру саясаты» еңбегінде қазақстандық ғалым Р.А. Нұртазина жаһандану жағдайында Қазақстанның білім беру жағдайын зерттеп, оның мәселелері мен даму болашағына талдау жасады. А.А. Нұрмағамбетов «Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінің соңғы трансформацияға сәйкес білім беру саясаты» атты монографиясында дамыған батыс елдерінің тәжірибесін салыстырып, Қазақстандағы жоғары білім беру саясатын қарастырды. Б.Маударбекова және З.Қашқынбаева «Қазақстандағы халықаралық жоғары білім» және «Қазақстандағы жоғары оқу орындарында интернационалдандыру үдерісінің дамуы» атты еңбектерінде отандық жоғары білімнің әлемдік деңгейдегі даму жағдайын салыстырмалы талдады. А.Күзембайұлы, Е.А.Әбіл «Қазақстан тарихы» оқулығының 6-тарауында «Қазақстандағы орта білімнің дамуы» және «Жоғары білім берудің дамуы» атты мәселелерді даму кезеңдері бойынша қарастырды. Бекішев Қ. «Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің даму тенденциялары» атты мақаласында Қазақстандағы білім берудің даму тенденцияларын зерттеген. Г.С. Әбдірайымова, М.М. Бүркітбаев «Қазақстанның еуропалық перспективадағы жоғары білім беру стратегиясы. Болон үдерісі жағдайында Қазақстандағы жоғары білім» атты еңбегінде Қазақстандағы жоғары білім берудің қазіргі дамуын Болон үдерісі жағдайына байланысты талдайды. Саясаттану ғылымы бойынша соңғы ғылыми зерттеулер білім беру салсын жан-жақты зерттеуге арналады. Е. Амантаев «Қазақстандағы білім беру саласын цифрландырудағы мемлекеттік саясат: қазіргі жағдайы және келешегі» атты диссертациялық зерттеу жұмысында білім беру саласының цифрландыру жағдайын талдап, өзекті мәселені талдауда маңызды ғылыми қорытындылар береді. Оның болажамы бойынша білімнің болашақ дамуы цифрландыруды дамытумен тікелей байланысты. Г. Байшань «Қазіргі Қазақстандағы білім беру саласындағы мемлекеттік саясат» атты диссертациялық жұмысында отандық және шетелдік білім беру жүйелерін салыстырмалы талдап, тиімді ұсыныстар береді. Жоғарыдағы білім беруге қатысты ғылыми еңбектерді талдай келе, тәуелсіздік алған жылдардан бері осы салада көптеген зерттеулер жүргізілгенімен нақты білім берудің адами капиталды дамытудың шарты ретіндегі мемлекеттің саясатына қатысты еңбектер жоқ. Сондықтан диссертациялық зерттеудің объектісі болып отырған білім беру саласындағы мемлекеттік саясат адами капиталды дамытудың шарты ретіндегі рөлі саяси ғылымдар тұрғысынан арнайы зерттеуді қажет етеді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыстың жаңа нәтижелері ретінде: – Адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласындағы қазіргі кезде қалыптасқан ғылыми тұжырымдарға кешенді зерттеу жүргізілді, соның нәтижесінде автордың көзқарасы бойынша олардың қолданбалы зерттеу үшін тиімділері жүйеленді. – Мемлекеттік саясат тарапынан адами капиталды дамыту мақсатында білім саласына қатысты мемлекетте жүргізіліп жатқан жұмыстардың саяси-құқықтық базасына яғни, стратегиялық ұлттық жоспарлар, мемлекеттік бағдарламалар, заңнамалар, ҚР Президентінің жыл сайынғы жолдауларына мазмұндық талдау жасалып, саяси бастамалардың, тұжырымдамалардың орындалу барысы және негізгі нәтижелері анықталды. – Халықаралық тәжірибеде қалыптасқан білім берудің адами капиталды дамытудағы қызметін мемлекеттік басқару тәсілдеріне, олардың Қазақстанда қолдану мүмкіндіктеріне авторлық талдау жасалды; – Адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласындағы мемлекеттік саясат тұңғыш рет кешенді түрде диссертациялық жұмыстың объектісі ретінде зерттелді. – Білім беру саясатын қазақстандық ақыл ой ағынының адами капиталға әсері тұрғысынан талдау арқылы интеллектуалды адами капиталдың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қызмет етуіне жағдай жасау үшін білім беру саласын күшейту ұсынылды. – Жүргізілген эксперттік сұқбатқа сүйене отырып, адами капиталды дамыту үшін білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың жүргізілу барысындағы проблемалар анықталып, инновациялық механизмдері, реттелу жолдарының оң сценарийі жасалып, даму болашағы бойынша ұсыныстар әзірленді. Зерттеу жұмысының ғылыми гипотезасы: адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласының даму әлеуеті елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалардың нәтижелілігіне, мемлекеттік саясаттың ашықтығы мен оңтайлы және толыққанды тиімді жұмыс процессіне тікелей байланысты. Зерттеудің теориялық және тәжірибелік мәні. Зерттеу жұмысы барысында қол жеткізген тұжырымдар адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласын жетілдірудің өзектілігін ескере отырып, оны дамыту бойынша әзірленетін мемлекеттік саясатта пайдалануға мүмкіндік береді. Берілген диссертациялық жұмыстағы зерттеу материалдарының теориялық және тәжірибелік ауқымы адами капиталды дамытудың шарты ретінде білім беру саласының қазіргі ахуалынан туындайтын проблемаларды талдау барысында, оны жетілдіру, болжанған даму әлеуетін ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен бірге зерттеу барысында қол жеткізген нәтижелер «саясаттану», «адами капиталды басқару» және т.б. білім беру бағдарламалары бойынша оқу материалдарын, білім беру саласын басқару бойынша Заң жобаларын, Тұжырымдамаларды әзірлеу барысында қолданылуы мүмкін. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Жаһандану жағдайында әлемнің барлық елдерінде адами капиталды дамыту үшін білім беру саласын жетілдіру маңызды болып табылады. Себебі әлемдік еңбек нарығында күн сайын бәсекелестік күшеюде. Қазақстан Республикасы осы процестің субъектісі ретінде аталған мәселеден тыс қала алмайды. Әлемдегі бәсекеге қабілетті ел болу үшін, білім мен ғылымға негізделген, құнды адами капиталды қамтамасыз ете алатындай отандық жағдай қалыптастыру қажет. 2. Адами капиталды дамыту үшін білім беру саласын жетілдіруде мемлекеттік саясаттың басым бағыты құқықтық-заңнамалық негізі үнемі реформаланып, жетілдіріліп отыруды қажет етеді. 3. Білім беру саласын мемлекеттік саясат тарапынан тиімді реттеу мен ұйымдастыру сол елдің білім беру саласының және елдің адами капиталының дамуы деңгейін көрсетеді. Шетелдік, әсіресе жоғары білім беру саласында Болон қағидаттарын одан әрі енгізу, аккредиттеу және сапаны бағалау рәсімдерін жетілдіру, білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастық деңгейін арттыру қажеттілігі ұсынылады. Еуропаның білім беру жүйесі сабақтастығы бар білім беру бағдарламалары мен әр түрлі деңгей, бағыттағы мемлекеттік білім беру стандарттарының білім беру мекемелерінде құқықтық формада ұйымдастырылуы, іске асырылуы білім беруді басқару органдары жүйесінің жиынтығы ретінде қарастырылып, білім берудің адами капиталды дамытудағы қызметін мемлекеттік басқару тәсілдері шетелдік тәжірибе ретінде ұсынылады. 4. ҚР-да білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар адами капиталды дамытуда қазақстандық ғылым, білімді дамытуға үлес қосады, экономикалық дамуға ықпал етеді, сонымен бірге елдердің жаһандық бәсекелестікке қабілетті болуына көмектеседі. Мектепке дейінгі, мектеп, мектептен кейінгі кәсіби орта білім мен жоғары білім, ғылым салалары адами капиталдың үздіксіз дамуын қамтамасыз ете отырып, ол адамның тек білім алып қана қоймайтын сонымен бірге тәрбие алып, қоғамдық, азаматтық пікірлері, тұлғалық бейнесін қалыптастырады, елдің ең бастығы байлығы адами капиталды жасайды. Білім беру саласының демократиялық принциптерге сүйенген либерализациясы елдің адами капиталын дамытуға ықпал етеді. 5. Зерттеуде дәлелденгендей, шетелдік білім қазақстандық біліммен салыстырғанда тәжірибеге бағытталған және заманауи. Отандық білім беру жүйесі әлемдік терендке талпынғанымен өкінішке орай теориялық негіздерге әлі де болса сүйеніп отыр. Еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары жыл сайынғы әлемдік университеттердің рейтингтері бойынша алға жылжуы байқалады. Дегенмен ол жаппай сипат алмайды. Аймақтық жоғары оқу орындарының деңгейін бәсекелестікке қабілетті болуға модернизациялау Қазақстанның аймақтарындағы адами капиталды дамытуға ықпал етеді. Білім беру саясатын күшейту, орын алып отырған мәселелерді шешу арқылы жүзеге асады, қазақстандық адами капиталының ақыл ой ағынын реттеуге көмектеседі. 6. Қазақстанның білім беру саласы елдің экономикалық дамуына жағдай жасайтын адами капиталды даярлауда жағымды сипатта дамуда. Елдің қазіргі таңдағы жүргізіп отырған саясаты білімді адами капиталды қалыптастыруда қарқынды бағытта. Әрине кемшіліктер мен олқылықтар да бар. Соған қарамастан соңғы жылдары білім беру саласының барлық деңгейлері жаһандық дамудың қадамымен өзгерістерге сәйкес әрекет етуде. Эксперттердің сұқбаттарына сүйене отырып, еліміздегі адами капиталды дамытуда білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың оң сценарийі ұсынылады. Зерттеу базасы. Диссертациялық жұмыс Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Саясаттану кафедрасында орындалды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Зерттеу жұмысының негізгі идеялары, нәтижелері мен қорытындылары 4 ғылыми еңбекте көрініс тапты, оның ішінде: Scopus мәліметтер базасына кірген Италияның «Rivista di studi sulla sostenibilita» халықаралық ғылыми журналында жарық көрген «State policy of sustainable digitalization of Kazakhstan education in the experience of transformation during the pandemic period» атты мақалада көрініс тапты. Сонымен бірге, халықаралық конференциялардың материалдары мен Қазақстанның басылымдарында зерттеу тақырыбы бойынша 3 ғылыми мақала жарияланған, олар: 1. Қазақстандағы білім беру саласын цифрландыру жағдайына саясаттанулық талдау // «Қоғам және Дәуір» № 4 (84), Астана, 2024. С. 65-75. 2. Жоғары білім жұмсақ күш құралы ретінде: қазақстандық кейс // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Саяси ғылымдар, Аймақтану, Шығыстану, Түркітану сериясы. – 2024. – №4 (149). – Б. 156-169. 3. Пандемия кезінде Қазақстан Республикасында адами капиталдың қалыптасу жағдайы // Proceedings of the 3rd International Scientific Conference «Scientific Research and Experimental Development». London, England, 2023. June 15-16, P. 163-167. Диссертациялық жұмыс құрылымы. Қорғауға ұсынылған жұмыс нормативтік сілтемелер, белгілеулер мен қысқартулар тізімі, кіріспе, екі бөлім, қорытынды, дереккөздер тізімі, сондай-ақ қосымшаларды қамтиды. Диссертациялық зерттеудің жалпы көлемі 145 бетті құрайды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=7FB0ifLT9Q0
