
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Маманқұл Ақмарал Әбибұлақызының «8D03204 – Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «YouTube арналарындағы қазақ тілді контенттің типологиясы: мазмұндық сипаты, ерекшеліктері және даму үрдістері» деген тақырыптағы диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі – қазақ тілі
Ресми рецензенттер:
Қабылғазина Клара – филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Әлімжанова Әйкерім Болатқызы – философия докторы (PhD), SDU университетінің Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Мысаева Қарлыға Нақысбекқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайн өнері кафедрасының профессоры міндетін атқарушы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Әшірбекова Гүлмира Шайтмағанбетқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Мұқан Сәкен Мұқанұлы – философия докторы (PhD), Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің Медиакоммуникация және Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Есенбекова Ұлбосын Мейірбекқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Мехмет Топлу – Хаджи Байрам Вели университетінің Коммуникация факультетінің профессоры (Анкара қ., Түркия).
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесіндегі қорғау 2025 жылғы 20 қыркүйекте, сағат 11:00-де басталады.
Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (офлайн және онлайн) өтеді.
Сілтемесі: https://clc.is/7zgb
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтбаев көшесі, 2.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Оқу-әкімшілік ғимараты (№1), 206-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстанда қалыптасқан YouTube арнасының мүмкіндіктері мен құралдарын қолданудағы заңдылықтарды зерттеу, YouTube арналарыдағы ұғымдардың түрі мен сипатын типтерге топтастыру, типтерді типологияның иерархиялық сызбасына орналастыру ғылыми жұмыстың басты өзектілігі болып табылады. Құрылған типологиялар YouTube-те қазақ тіліндегі бейне контенттерді ұлттық мәдениетті сақтау және тарату тақырыптарында оңай құру құралы және арнадағы сервистердің қолданушы жастардың ұлттық мәдениетті бойына сіңіру жолында шешуші рөл атқарады. YouTube сияқты платформаларда қазақ тілінде контент жасаудағы үрдістерді зерделеу болашақта қазақ тілінде медиа-өндірісті дамыту үшін ұсынымдар әзірлеуге көмектеседі және Қазақстанда медиа саласын кеңейтуге ықпал етеді. Ғылыми жұмыс қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды дамыту және цифрлық ортада қазақ тілін нығайту контекстінде өзекті болып қала береді. Зерттеу қазақ тілді контент жасаушылар үшін де, медиа пайдаланушылар үшін де негізгі бағыттарды анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу нысаны ‒ YouTube арналарындағы қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық, рухани, ұлттық құндылықтар тақырыбындағы қазақтілді контенттер. Зерттеу пәні ‒ YouTube арналарындағы қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық, рухани, ұлттық құндылықтар тақырыбындағы қазақтілді контенттің типологиясы. Бұл пән шеңберінде қазақ тілінде шығарылатын бейнематериалдардың мазмұндық сипаттамалары, жанрлық түрлері, аудиторияға әсері, контенттің құрылымы мен стилі, сондай-ақ контент өндірісіндегі әлеуметтік, мәдени және экономикалық факторлар талданады. Зерттеу қазақтілді контенттің медиа және мәдениет саласындағы маңызын және оның аудиторияға тигізетін ықпалын тереңірек түсінуге бағытталған. Зерттеу жұмысының мақсаты. Қазақ тіліндегі YouTube контентінің әртүрлі типтерін, олардың мазмұндық құрылымын, ерекшеліктерін және даму динамикасын жан-жақты зерттеу. Диссертациялық жұмыста қойылған мақсатқа жету үшін келесі міндеттерді шешу қажеттілігі туындады: - қазақтілді YouTube контентінің типологиясын анықтау. Контент түрлерін (білім беру, ойын-сауық, жаңалықтар, мәдени-танымдық және т.б.) жіктеу арқылы қазақтілді видеоматериалдардың алуан түрлілігін зерттеу; контенттің мазмұндық ерекшеліктерін талдау. - Қазақтілді YouTube видеоларындағы ақпараттық, мәдени, тәрбиелік және басқа да мазмұндық аспектілерді зерттеп, олардың аудиторияға ықпалын анықтау; қазақтілді YouTube арналарындағы негізгі трендтерді және даму үрдістерін зерттеу. Соңғы жылдары қазақтілді контенттің қалай өзгергенін, қандай жаңа бағыттар мен трендтердің пайда болғанын талдау; - аудиторияның сұранысын зерттеу. Қазақтілді контентті тұтынушылардың қажеттіліктерін, сұраныстарын және контентке деген қызығушылық деңгейін анықтау. Бұл контент жасаушыларға бағыт-бағдар беру үшін маңызды; - қазақтілді контенттің қазақ тілінің және мәдениетінің сақталуына әсерін бағалау. YouTube-тағы қазақтілді видеолардың қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесін анықтау. Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысын жазу үшін ең алдымен тақырыпқа сай теориялық әдебиеттер мен соңғы жылдардағы әлемдік Scopus, Web of Science сынды ғылыми базаларда индекстелетін журналдардағы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің журналистика сериясы бойынша ұсынған ғылыми басылымдарда жарияланған отандық ғалымдардың еңбектерін жинақтау, жүйелеу, талдау жұмыстары жүргізілді. Осындай теориялық-әдіснамалық әдістер негізінде зерттеу жұмысымыздың мақсаты мен міндеттері, өзектілігі анықталды, теориялық-әдіснамалық негізі жасалды. YouTube арналарының қалыптасу, даму кезеңдерін зерттеу барысында факторлық, функционалдық, жүйелілік, типологиялық, тарихи, аналогиялық талдау әдістері қолданылды. Әлемдік ақпарат кеңістігінде YouTube арналары пайда бола бастаған 2005 жылдардағы және отандық YouTube арналардың материалдары жинақталып, жүйеленіп, жіктеліп, типологияға бөлу жұмыстары контент-талдау, статистикалық, аналогиялық талдау әдістері арқылы жүзеге асырылды. Диссертациялық жұмысты орындау кезінде сауалнамаларды құрастырудың негізгі платформасы ретінде Google Forms қосымшасы қолданылды. Сауалнама нәтижелері жүйеленіп талданды, сарапшылық тұрғыда бағаланды. Ғаламтор ресурстарындағы Google іздеу жүйесі арқылы алынған деректер, ашық статистикалық мәліметтер және сауалнама нәтижелері зерттеу жұмысында MS Excel көмегімен өңделіп, көрнекті графиктер мен диаграммалар түрінде жасалып, талданып, диссертацияда қолданылды. YouTube әлеуметтік желісін қолданушы қазақ жастарының бейнелік сипаты мен ынталану себептерінің әсерін анықтау мақсатында арнайы сауалнама әдісі қолданылды. YouTube қолданушы қазақ жастарының бейнелік сипаты мен әлеуметтік көңіл-күйін анықтауға арналған сауалнамаға барлығы 120 адам қатысты. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық зерттеу YouTube арнасының типологиясын қамтитын ғылыми жұмыстардың жоқ екенін көрсетті. Диссертацияда отандық журналистика ғылымында алғаш рет қазақтілді YouTube арналарының типологиясы жасалып, олардың мазмұндық, тақырыптық ерекшеліктері анықталды, болашақтағы даму бағыттары болжанды. Диссертацияның ғылыми жаңалығы келесі аспектілерден көрінеді: 1. YouTube медиаплатформасының отандық медиаға ықпалы мен қазақтілді контент құрудағы стратегиялық бағыттар айқындалады. Зерттеу жұмысында видеохостингтің отандық журналистердің тәжірибесі мен шығармашылық ізденісі, қазақтілді контент типологиясы айқындалады. Видеохостинг ең алдымен телеарнаның мұрағат қорына айналды. Қазіргі таңда отандық телераналардың барлық хабарларының цифрлық қоры жинақталды. Соның нәтижесінде қазақтілді контенттің ауқымы артты. 2. YouTube медиаплатформасы ең алдымен отандық платформа емес, сондықтан қазіргі таңда Kaztube видеохостингін дамыту көзделуде. Зерттеу жұмысында отандық видеохостингті дамыту жолдары қарастырылады. Сондай-ақ қазақтілді контенттің сапасын жақсартуға байланысты нақты тұжырымдар ұсынылады. 3. Диссертациялық жұмыста YouTube видеохостингінің көпқырлы сипаты айқындалады. Медиаплатформаның зерттеу құралы, білім беру, мәдени-танымдық және ақпараттық қызмет көрсетудегі мүикіндіктері кеңінен қарастырылады. Видеохостингтің әлеуметтік желілердің алгоритмдерін игерудегі бәсекеге қабілеттілігі жайлы мысалдар талданды. 4. Видеохостингте қазақтілді контентті дамытуда жеке студиялар түсірген кинотуындылар, сериалдар сапасына қатысты тұжырым жасалады. Соның ішінде балалар контентінің маңызы зор. Осы орайда балалар арасында танымал YouTube арналар мазмұны талданады. YouTube медиаплатформасының қазақтілді контентін жанрлық тұрғыдан қарастырғанда, подкасттың сұхбатқа құрылған түрінің көптігі байқалады. Сондай-ақ журналистік зерттеу, репортаж белсенді жанрлар ретінде қарастырылды. 5. YouTube медиаплатформасы дәстүрлі БАҚ-тың өнімдерін монитазиялау құралы ретінде зерттелді. Отандық медиа өкілдері қазіргі таңда YouTube платформасынан өз парақшаларын ашып, түрлі тақырыпта подкасттар, видеосюжет дайындауға кірісті. YouTube видеохостингіндегі қазақтілді контентті жаңғыртуға қатысты нақты тұжырым жасалды. Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері, ережелері мен қорытындылары 21 ғылыми жұмыста жарияланған. Оның ішінде ғылыми еңбектің негізгі нәтижелерін жариялауға арналған және қорғауға қажетті жарияланымдар: Scopus және Web of Science Core Collection (Emerging Sources Citation Index) базаларына кіретін басылымдарда 2 ғылыми мақала жарияланды. 1. The Cultural and Educational Mission of Kazakh Television // Journal of Communication Media Watch (India). –Volume 11 (4). – 2020. – p.721-727. (CiteScore 1.9, процентиль – 90). The Cultural and Educational Mission of Kazakh Television – Media Watch Journal. 2. Media Coverage of Conflict Situations in Kazakhstan in the Early Years of Independence // Published in the USA. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Білім және ғылым саласында cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдар тізбесіне енетін журналдарға 6 мақала жарияланды: 1. «Медианың жаңа дәуірдегі трансформациясының ғылыми журналистикаға ықпалы» // Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің Хабаршысы. Филология сериясы» ғылыми журналы. –Көкшетау: Ш.Уәлиханов атындағы КМУ. – No2/2020. – 281-285 б. 2. Медиаресурстарды жіктеу мәселелері // Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Хабаршыcы» ғылыми журналы. Журналистика сериясы. – Астана: ЕҰУ, маусым, 2021. – No2(135). – 49-55 б. 3. YouTube-тегі Еуразия ұлттық университеті арнасының тиімділігін арттыру мәселелері // Біріккен авторлық. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Хабаршы» ғылыми журналы. Журналистика сериясы. – Астана: ЕҰУ, маусым, 2022. – No2(139). – 44-51 б. 4. Әлеуметтік медианың жастар белсенділігіне әсері // Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті «ХАБАРШЫ-ВЕСТНИК» ғылыми журналы. Журналистика сериясы. – Алматы: әл Фараби атындағы ҚазҰУ, наурыз, 2022. – No1 (63). – 55-67 б. 5. Analysis of the activities of domestic TV channels in the media market // Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Хабаршы» ғылыми журналы. Журналистика сериясы. – Астана: ЕҰУ, желтоқсан, 2022. – No4 (141). – 8-14 б. 6. Әлеуметтік коммуникация мен кибер-мәдениеттегі медиаконвергенция // Біріккен авторлық. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Хабаршысы» ғылыми журналы. Журналистика сериясы. – Астана: ЕҰУ, қыркүйек, 2023. – No3(144). – 87-102 б. Диссертация тақырыбына сәйкес отандық және халықаралық ғылымипрактикалық конференцияларға 13 мақала жарияланды: 1. YouTube арналарының даму кезеңдері, тақырыптық және мазмұндық сипаттары // Намазалы Омашұлы Омашевтың 70 жасқа толуына арналған «Еліміздің медиакеңістігі: ізденістер мен жобалар»: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары (Нұр-Сұлтан, 2020. – Б. 229-231). 2. The importance of mass media and psycholinguists research in the era of the information society // Science and society - Methods and problems of practical application: халықаралық конференция (Ванкувер, 2020. – Б. 3-9). 3. Медиа ресурстардағы әлеуметтік желілердің қалыптасуы мен тұтынушылық модельдерінің трансформациясы // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2020 жылдың 10 сәуірінде қашықтан ұйымдастырылған «GYLYM JÁNE BІLІM – 2020»: XV халықаралық ғылыми конференциясы (Нұр-Сұлтан, 2020. – Б. 55-57). 4. Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылгы 19 ақпандагы No637 жарлыгымен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің кемшіліктері және қатесіз латын графикасына өту жолдары // Еуропа және түркі әлемі: ғылым, техника және технология: V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Анкара, 2020. – Б. 164-171). 5. Латын графикасына негізделген қатесіз қазақ тілі сөздерін жасау жолдары // Еуропа және түркі әлемі: ғылым, техника және технология: V халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Анкара, 2020. – Б. 171-177). 6. Professionalization of scientific journalism and the competence of a scientific journalist // The International Conference «Science and Society», SCIEURO: халықаралық конференция (Лондон, 2020. – Б. 109-115). 7. «Қазақ тілі әліпбиінің кемшіліктері және қатесіз латын графикасына өту жолдары» Клара Қабылғазинаның 70 жасқа толған мерейтойына арналған «Цифрлық медиа және журналистика: білім берудің классикалық үрдістері мен жаңа талаптары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Алматы, 2020. – Б. 182-187). 8. «Пандемия кезінде телеаудитория талаптарының өзгеруі».«Global science and innovations 2020: Central Asia» ХІ халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция (Нұр-Сұлтан, 2020. – Б. 6-10). 9. «Қазақстанда әлеуметтік желілерді қолдану ерекшеліктері» «Интеграция научного сообщества перед глобальными проблемами современности», VI халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Иокогама, 2021 – 10-12 ақпан). 10. «Жаңа медианы тиімді қолдану арқылы экстремал журналистерді даярлау» «GYLYM JÁNE BІLІM – 2021» атты XVI Халықаралық ғылыми конференцияда (Нұр-Сұлтан, 2021). 11. «Әлеуметтік желілердің қалыптасуы мен трансформациясы» А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, П.Чужинов атындағы экономика және құқық институтының журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының 25-жылдығына арналған «Қазақстандағы заманауи журналистика және PR-дың өзекті мәселелері» атты III Халықаралық ғылыми-практикалық конференция (Қостанай, 2021). 12. «Features of dissemination of emergency information through digital media in Turkey» 17 қараша 2021 жылы Баку мемлекеттік университеті, Азербайжан елі. Халықаралық әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар конгресі (түрік тілді елдердің медиа платформасы) Мультимедиялық және электронды коммуникациялар кафедрасы ұйымдастырған ғылыми-зерттеу форумы (Анкара, 2021). 13. Тәуелсіз Қазақстандағы мемлекеттік тілдің даму тенденциясы» Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетімен ұйымдастырылған «Азия елдерінде шет тілдерін оқыту: тәжірибесі мен инновациясы» атты тақырыптағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция (Нұр-Сұлтан, 2021). Диссертациялық жұмыс кіріспеден, 3 тараудан, 9 бөлімнен, қорытынды және қосымшалардан, жалпы саны 265 әдебиеттер тізімінен тұрады. Диссертациялық жұмыс көлемі 154 бетті құрайды. Диссертациялық жұмыстың ішкі тұтастығы. Негізгі бөлім үш тарауға бөлінген. Бірінші тарауда цифрлық дәуірдегі интернет технологиялар, соның ішінде YOUTUBE-тің пайда болуы, әлемдік медиаға ықпалы қарастырылды. YouTube дамуындағы жетістіктер және айтулы өзгерістердің іске асырылған негізгі кезеңдеріне назар аудару барысында YouTube-тың даму динамикасы оның жаһандық медиадағы рөлін анықтап, әлемдік мәдениеттер мен трендтерді біріктіруші платформа екенін көрсетті. Медиаресурстардың типологиялық моделі мен трансформациясы зерттелді. Медиаресурстардың типологиялық моделі – медиаресурстарды жіктеудің, олардың құрылымдық, функционалдық және мазмұндық ерекшеліктерін зерттеудің ғылыми негізделген жүйесі ретінде бізге медиаресурстардың әртүрлі түрлерін олардың мақсаттары, қызметтері, аудиториясы, мазмұндық құрылымы және технологиялық платформалары бойынша талдауға мүмкіндік берді. Әлеуметтік медианы қолданушылардың көңіл-күйіне әсер ететін технологиялық параметрлер (өлшемдер) мен мультимедиалық құралдар зерделенді. Нәтижесінде олар платформаларда пайдаланушылардың эмоционалдық тәжірибесін қалыптастыруға ықпал ететін негізгі факторлар ретінде қолданушылардың контентті қабылдауына, өзара әрекеттесуіне және жалпы тәжірибесіне ықпал етеді деген тұжырым жасалды. Екінші тарауда YouTube арналарында жүктелген аудио-визуалды контенттің типологиясы мен мазмұндық аспектілері зерттелді. Қазақтілді YouTube арналарының типологиясы: мазмұндық, тақырыптық, тілдік және стильдік ерекшеліктері талданды. YouTube бейнеконтенттерінің мазмұнына байланысты, мәтін араласуына байланысты түрлері талданды. YouTube арналарындағы тілдік ерекшеліктерге ықпал ететін факторлар (аудиториясы, мақсаттары, географиялық орналасуы) қарастырылды. Тілдік ерекшеліктерді қарастыру барысында аудиторияны бейімдеуге, тілдік стиль және оның деңгейіне, сленг пен диалектілерге, көптілділік немесе қостілділікке (билингвизм), жаңа терминдер мен неологизмдерге, мәдениетаралық ерекшеліктерге назар аударылды. YouTube әлеуметтік желісін қолданушы қазақ жастарының бейнелік сипаты мен ынталану себептері: жастардың әлеуметтік көңіл-күйінің маркерін зерттеу барысында YouTube платформасы жастардың мінез-құлқына әсер ететін ресурстардың бірі деген тұжырым жасалды. Зерттеу барысында YouTube әлеуметтік желісін қолданушы қазақ жастарын ынталандыратын факторлар: өзін-өзі көрсету және танымал болу қажеттілігі; қосымша немесе негізгі табыс көзі ретінде қолдану; трендтер мен жаһандық жаңалықтарға қызығушылық екенін көреміз. YouTube бейнехостингінің қазақтілді контентті монетизациялаудың алаңына айналу үрдістерін зерттеу барысында YouTube бейнехостингіндегі қазақтілді контенттерді монетизациялаудың қазақстандық ерекшелігін талдау арқылы мәселелерін зерттеп, оның шешу жолдары ұсынылды. Үшінші тарауда қазақтілді YouTube ресурстардың мәдени-ағартушылық функциясына, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ерекшеліктері мен даму үрдістеріне назар аударылды. Соның ішінде «Kaztube» видеохостингін дамытудың қазіргі қазақ медиа кеңістігіндегі маңызды әрі өзекті тақырыптардың бірі екеніне көз жеткізуге болады. Себебі, Қазақстанның цифрлық трансформация кезеңінде бұл платформа елдің мәдениеті мен ақпараттық кеңістігін дамытуда ерекше рөл атқарып отыр. Медиа нарықтағы ақпараттық-коммуникативтік технологияларды білім мен ғылымды насихаттауда қолданудың маңыздылығы талданды. Қазіргі әлем дамуының жаңа кезеңінде цифрлық медиа білім мен ғылымды жеткізудің негізгі құралы ретінде айқындала түскенін көруге болады. Одан бөлек ұлттық құндылықтарды тиісті деңгейде насихаттау үшін жаңа медианың мүмкіндіктерін, әсіресе қазақтілді YouTube ресурстарын тиімді пайдалану міндеті тұрғанын аңғарамыз. Зерттеу нәтижелері ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған қазақтілді бейнехостингтердің саны аз болғанымен соңғы жылдары осы бағыттағы каналдардың даму тенденциясының өсіп келе жатқанын көрсетті.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=LcARPC0VOCc
