
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Тогтарбай Бейбиттің «6D050400 - Журналистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Азаматтық журналистиканың қалыптасуы мен дамуының тенденциялары» деген тақырыптағы диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі – қазақ тілі
Ресми рецензенттер:
Шыңдалиева Меңдігүл Бұрханқызы – филология ғылымдарының докторы, «Тұран» университетінің профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Есенбек Жұмағали Бейсенбайұлы – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма мүшесі – ғылым жөніндегі проректоры, PhD (Өскемен қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Есенбекова Ұлбосын Мейірбекқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ақынбекова Алтын – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Белдебекова Әлия Ташболатқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Омашев Намазалы Омашұлы – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Маулет Зүлкәпіл – тарих ғылымдарының докторы, Моңғол мемлекеттік университетінің профессоры (Ұланбатыр қ., Монғолия).
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесіндегі қорғау 2025 жылғы 20 қыркүйекте, сағат 15:00-де басталады.
Диссертациялық кеңестің мәжілісі аралас форматта (офлайн және онлайн) өтеді.
Сілтемесі: https://clc.is/AWql
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтбаев көшесі, 2.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Оқу-әкімшілік ғимараты (№1), 206-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу жұмысының өзектілігі: 2000-жылдардан кейін БАҚ жаңа бағытта дами бастады. Бұл дамуға интернеттің кең тарала бастағаны, сондай-ақ алғашқы сайттардың ашыла бастауы әсер етті. Сәйкесінше, интернет-журналистика құбылыс ретінде пайда болып, дами бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарының интернеттегі виртуал формасы дәстүрлі БАҚ-тың құрылымын, қызметі мен жалпы сипаттамасын едәуір өзгеріске ұшыратты. Интернетті пайдаланушылардың санының өсуімен қатар интернет-басылымдар санының артуы да байқалды. Басылымдардың, баспасөздің интернет-нұсқаларының ашылуы оқырман мен БАҚ арасындағы байланысты заман талабына сай қайта трансформациялады, формалық өзгерістерге әкеліп, жаңа деңгейге көтерді. Жаңа өзгерістер мен жаһанданудың әсерінен журналистика әлеуметтік-экономикалық институт ретінде қайта құрылымдау процесіне табан тіреді. Қазіргі Қазақстанның ақпарат алаңы әлемдік ақпараттық қоғамдастықтың бір бөлігі саналады. Ақпарат саласындағы нақты көрсеткіштер Қазақстанның ашық және толерантты ақпараттық қоғам қалыптастырудағы әлемдік үдеріс пен көшке ілесіп, сол қағидаттарға сай дамығанын айғақтайды. Facebook, Instagram, Twitter, YouTube сияқты әлеуметтік желілердің дамуымен онлайн-алаңдарда көптеген басылымдар өз парақшаларын ашып, дамыта бастады. Оқырман да белсенді түрде жаңалықтар саясатына өз пікірін айта алатын болды. Конвергенттік журналистика дамыды. «Жаңа медиа» ұғымы айналымға енді. Журналистер бір жағынан, кез-келген басылымның журналисі болып, медиа құрылтайшы тапсырмаларын орындай алады, екінші жағынан әлеуметтік желіде блогер болып, азаматтық журналист ретінде де қызмет етіп, редакцияның саясатына тәуелді болмайтын болды. Осылайша, «жаңа медианың» қарқынды дамуына байланысты автор мен оқырман арасындағы кедергілер жойылды деуге болады. Тіпті кез келген пайдаланушы аудитория жинай алады. Көптеген әлеуметтік желідегі тікелей эфир жүргізу функциясы да әрбір адамның қолына БАҚ-тың күші мен қуатын берді. Әсіресе, адамзат өміріне жаңа технологиялардың, интернет игіліктерінің дендеп енуі бүгінгі оқырманның (көрерменнің, тыңдарманның) талғамын күрт өсіріп, бүгінгі журналистикаға деген талапты күшейте түсті. Келешекте тіпті ақпарат саласының маңызы артып, медианың функциялық қызметі көбейе түсетіні анық. Қазірдің өзінде, көбінесе әлеуметтік желідегі парақшалардың, соның ішінде блогер, инфлюенсер немесе БАҚ-тың әлеуметтік желідегі парақшаларындағы басылымдарының аудиториясы, дәстүрлі БАҚ-ты былай қойғанда, веб-сайттардың аудиториясынан асып түседі. Тәуелсіз желілік БАҚ мәдениеті пайда болды. Осылайша, дәстүрлі журналистикамен қатар «блогер» ұғымы басқаша сипат ала бастады, «инфлюенсер» ұғымы пайда болды, SMM атты жаңа мамандық түрі қалыптасты. Қазір блогерлер, әлеуметтік желіде белсенді азаматтар бұқаралық ақпарат құралдарымен бірыңғай ақпараттық кеңістікте жұмыс істей отырып, бір қызметті атқарып жатқан да жағдайлар кездеседі. Одан бөлек, белгілі бір БАҚ-та жұмыс істеп жүрген кәсіби журналистер өз арналарын, жеке парақшаларын ашып, жұмыс істеуге көшті. Көп ұзамай блогерлер кәсіби журналистермен қатар аталатын болды. Блогерлердің ықпалы күшейгені сонша – олардың жұмысына мемлекеттік деңгейде мән беріле бастады. Яғни, жаңа технологияның дамуы әрбір адамға медиа рөлін атқара алатындай, медиатұлға бола алатындай мүмкіндіктер ашты. Оқырман жаңалықтарға пікір білдіріп, өзі де жаңалық тарата алатын болды. Интернетке дейінгі дәуірде азаматтардың әлеуметтік белсенділігі, олардың азаматтық құқық пен тәртіпті қорғауға байланысты болған азаматтық журналистика басқаша түрленді. Азаматтық журналистика ұғымы халықты жаңалық жазу мен ақпарат тарату және талдау процесіне қатыстыратын ақпарат қызметінің әртүрлі аспектісін қамтитын кешенді және көпқырлы зерттеу объектісі ретінде сипатталғанымен, бұл ұғым әлі де болсын бұлыңғыр болып келді және медиа саласындағы өзгерістер оған қайта назар аудару, оның рөлі мен қазіргі жағдайын, құқықтық негізін саралау қажет екенін анық байқатып отыр. Осы тұста азаматтық журналистиканың анықтамасына қатысты пікірдегі әралуандық Қазақстанда да бар екенін байқауға болады. Ғылыми тұрғыда бір ізге түсірілмеген, теориялық тұрғыдан бұлыңғыр мәселе төңірегінде түрлі көзқарас бар. Дегенмен, тақырып төңірегінде бір-де бір іргелі еңбектің жазылмағаны, кеңінен зерттелмегені мәселенің өзектілігін теріске шығара алмайды. «Азаматтық журналистер дегеніміз кім, қандай қызмет атқарады?», «Блогерлер мен инфлюенсерлер кім, оларды азаматтық журналистер дей аламыз ба?» «Ақпарат өрісіндегі олардың орны қандай?» деген сияқты сұрақтардың жауабын барынша нақтылау өзекті мәселе болып отыр. Яғни, технологиялық жаңалықтар тудырып отырған өзгерістер уақытындағы азаматтық журналистиканың қазіргі жай-күйі мен рөлін, маңызын айқындау аса қажет екені байқалады. Зерттеу мақсаты: Жаңа заманғы азаматтық журналистиканың мәселелері мен даму бағытын айқындау, анықтау және түсіну. Осы аталған мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер көзделді: – журналистикадағы жалпы қоғамдық-технологиялық өзгерістер мен жаңалықтарды, сондай-ақ ерекшеліктер мен тенденцияларды зерттеу; – «азаматтық журналистика» ұғымына қатысты теориялық еңбектерді зерттеу, жіктеулер мен анықтамаларды саралау; – азаматтық журналистиканың қалыптасып, даму жолын зерттеу; – цифрлық медиа мен әлеуметтік желі платформаларының азаматтық журналистикаға қосқан үлесі мен қазіргі орнын айқындау; – медиаконвергенцияның азаматтық журналистика мен дәстүрлі журналистикаға тигізіп жатқан әсерін қарастыру; – дәстүрлі БАҚ пен азаматтық журналистика өкілдерінің сонымен қатар, инфлюенсерлер мен блогерлердің ара-жігін ажырату; – жаңа медиатенденциялардың ашқан мүмкіндіктері мен сын-қатерін саралау; – азаматтық журналистиканың ықпалына талдау жүргізу және жаңа медианың моральдық-этикалық, құқықтық нормалардың өзгеру әсерін көрсету. Зерттеу объектісі – технологиялық жаңалықтар мен ақпарат өрісіндегі өзгерістер жағдайындағы азаматтық журналистика. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық базасы ретінде жаңа медианың, азаматтық журналистиканың мәселелері мен даму тенденцияларын тікелей немесе қосымша (жанама) зерттейтін отандық және шетелдік авторлардың ғылыми еңбектері негізге алынған. Бұл жұмыста диахрондық, типологиялық, құрылымдық, мәдени-аксиологиялық, сандық, сондай-ақ әлеуметтанулық (контент-талдау, сауалнама) зерттеу әдістері қолданылған. Жұмыста автор жүргізген әлеуметтанулық сауалнама нәтижелері пайдаланылды. Google forms арқылы онлайн жүргізілген ашық сауалнама әлеуметтік желілер мен оның әсерін; пайдасы мен зиянын; блогерлер мен инфлюенсерлердің ықпалын; ақпарат өрісіндегі негізгі даму тенденцияларын; азаматтық журналистика мен азаматтық қоғам туралы қоғам көзқарасы мен ойын айқындауға бағытталған. Сауалнамаға 253 адам қатысты. Зерттеуде отандық және шетелдік ғылыми журналдар, кітаптар, интернет материалдары пайдаланылып, ондағы ғылыми тұжырымдар мен практикалық мысалдар салыстырылды. Азаматтық журналистикаға қатысты отандық БАҚ шығарылымдары салыстырылып, мысалдар келтірілді. Медиаға қатысы, соның ішінде әлеуметтік желі, азаматтық журналистикаға қатысты құқықтық және этикалық құжаттар талабына байланысты практикалық мысалдар талданды. Қазақстандағы әлеуметтік желі белсенділері мен блогерлер парақшаларына шолу жасалып, ондағы шығармашылыққа мән беріліп, талданды, сараланды. Ғылыми жұмыста дәстүрлі медиа мен азаматтық журналистиканың ұқсастықтары мен айырмашылықтары екшеліп, баға берілді және арнайы кесте түзілді. Сонымен қатар азаматтық журналистиканың артықшылығы мен кемшін тұстары жайлы да кесте құрылды. Жаңа технологиялардың әсерінен туындаған өзгерістердің ақпарат тарату қызметіне, жалпы журналистика мен БАҚ-қа әсері сараланып, соның ішінде азаматтық журналистикадағы бетбұрыстарға шолу жасалады. Ақпараттық дискурста алғаш рет civic journalism, citizien journalism ұғымдарының ара-жігі ажыратылып, азаматтық журналистер, блогерлер мен инфлюенсерлер салыстырылды. Азаматтық журналистика мен әлеуметтік желідегі белсенділіктен туындайтын мүмкіндіктер мен сын-қатер сараланды. Қазақстандағы азаматтық журналистиканың даму тенденциясы айқындалды. Азаматтық журналистиканың қоғам өміріне әсері мен ақпараттық өрістегі орны нақтыланды, сонымен қатар қазіргі медиаөрістегі орны сараланды. Зерттеу нәтижелерінің сенімділігі мен негізділігі. Ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен негізділігі Scopus деректер базасына енгізілген халықаралық рецензиялы журналдағы 2 жарияланым және Web of Science деректер базасына енгізілген халықаралық рецензиялы журналдағы 1 жарияланыммен, сондай-ақ ол зерттеу нәтижелеріне шетелдік ғалымдардың сілтеме жасауымен расталды. Scopus деректер қорында h-index – 1. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен ғылыми тұжырымдары бойынша 11 мақала жарық көрді. Оның ішінде Scopus деректер базасына кіретін журналдарда – 2, Web of Science деректер базасына енетін журналда – 1, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған басылымдарда – 5, Халықаралық және республикалық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинақтарында – 2, халықаралық ғылыми басылымда –1. Атап айтсақ: Togtarbay B., Zhaksylyk A., Мukasheva M.T., Turzhan O.I., Omashev N.O.The role of citizen journalism in society: An analysis based on foreign theory and Kazakhstani experience. Newspaper Researsh Journal, 45 (1), pp. 25 – 44, March 2024,doi:10.1177/07395329231213036,https://www.scopus.com/record/display.uri?eid=2-s2.0-85178043433&origin=recordpage Zhaksylyk, A., Togtarbay, B., Auyesbay, K., Shoiymbekova, B., & Tolemissova, Z. (2024). Development and problems of the national journalistic model of Kazakhstan, considering social, ethical, managerial, and marketing mechanisms of the media environment. Atlantic Journal of Communication, 33(1), 121–134. https://doi.org/10.1080/15456870.2024.2386428 https://www.webofscience.com/wos/author/record/61089315 https://www.scopus.com/authid/detail.uri?authorId=58726280300&origin=recordpage Тогтарбай Б., Жаңа медиа: азаматтық журналистика және отандық БАҚ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы №1(122), Астана, 2018 ж. 74-79-бет. Тогтарбай Б., Жақсылық А., Жаңа медиа және блогерлік: шетелдік, отандық тәжірибе негізінде. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы №2(127), Нұр-Сұлтан, 2019 ж. 91-97-бет. Тогтарбай Б., Маулет З. Ақпараттық жаңа технология және дәстүрлі журналистика. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы №3(128), Нұр-Сұлтан, 2019 ж., 53-60-бет. Тогтарбай Б., Жақсылық А., Азаматтық журналистика және оның дәстүрлі БАҚ-қа ықпалы. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы №4(137), Нұр-Сұлтан, 80-84-бет. 2021 ж. Auyesbay K., Togtarbay B., Zhaksylyk A., Amangeldiyeva G., Sak K. Media management and marketing: world practice and problems of the Kazakh press. Journal of Language and Linguistic Studies, 18(1), 2022, pp. 223-234, doi:10.52462/jlls.177. Togtarbay B., Омашев Н.Н., Жақсылық А. Жаңа медиа: азаматтық журналистика және блогерліктің Қазақстандық БАҚ-тағы рөлі. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағы. 47-шығарылым. Переяслав-Хмельницкий, 31.05.2019. УДК 001+37 (100); Togtarbay B., Азаматтық журналистика және оның отандық БАҚ-тағы көрінісі. Студенттер мен жас ғалымдардың «Ғылым және білім - 2018» XIІІ халықаралық конференцияның баяндамалар жинағы, 02.04.2019 ж., УДК 378 (063); Togtarbay B., Азаматтық журналистика және ондағы кейбір құқықтық мәселелер. Студенттер мен жас ғалымдардың «Ғылым және білім - 2019» XIV халықаралық конференцияның баяндамалар жинағы, 02.04.2019 ж., УДК 378 (063). Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Қазақстандағы азаматтық журналистика құбылысының ғылыми түрде негізделуіне үлес қосу және теориялық тұрғыдан кейбір мәселелерді анықтаудағы қажеттіліктен аңғарылады. Қазақстандағы азаматтық журналистиканың қалыптасып, дамуы мен жаңа технологиялар тенденциясы бойынша дамуын зерттеу нәтижелерін редакциялар, сондай-ақ ҚР медиа қоғамдастығының өкілдері негізге алып, пайдалана алады. Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен қорытындыларын ҚР жоғары оқу орындарында «Журналистика» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура білім беру бағдарламасын меңгеруде пайдалануға болады. Ғылыми еңбектегі теориялық бағалаулар мен талдаулар отандық және шетелдік зерттеушілердің әртүрлі ғылыми басылымдарда жарық көрген еңбектеріне сүйене отырып, салыстырылып, тұжырымдалды. Еңбектегі практикалық мысалдар азаматтық журналистика мен жаңа медиа жайлы ғылыми тұжырымдардың негізінде алынды және талданды. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертация жұмысы 2 қосымшаны қоса есептегенде 137 беттен тұрады. Жұмыста қарастырылып отырған мәселелер мен зерттеу объектісіне қарай құрылымдалған. Диссертация глоссарий, қысқарған сөздер және олардың анықтамасы, кіріспе, іштей тараушаларға бөлінген 3 негізгі бөлімнен, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшалардан тұрады. Жұмыста 2 кесте, 13 сурет бар. 181 әдебиет пайдаланылған. Диссертациялық жұмыс негізгі үш бөлімнен тұрады. Бірінші тарауда Қазақстандағы БАҚ жүйесінің жаңаруы мен дамуы, интернеттің пайда болуы нәтижесінде медиада түзілген өзгерістер сараланады. Интернет – журналистиканың дамуы мен трансформациялық өзгеріске ұшырауына бірден-бір ықпал еткен құрал. Сонымен қатар бұл тарауда журналистикадағы конвергенция мен медиа саласының технологиялық өзгеріске бейімделу кезеңі талданады. Кез-келген тұлғаға медиа қуатын беріп, азаматтық журналистиканың алға жылжуына ықпал еткен құрал – интернет дәуіріндегі БАҚ саласының өзгерістері түзіледі. Қазақстандағы азаматтық журналистика, блогерлік, әлеуметтік желідегі белсенділікке мүмкіндік туғызған интернет дәуіріндегі медиа трансформациясы осы ғылыми жұмыстың ажырамас бөлшегі. Екінші тарауда азаматтық журналистиканың пайда болуы, дамуы және ол жөнінде ғылыми еңбектердегі тұжырымдар талданып, салыстырылады. Әлем ғалымдарының азаматтық журналистика жайлы ғылыми ой тұжырымдары мен ұсыныс-пікірлері сараланады. Азаматтық журналистика мен дәстүрлі медианың ұқсастықтары мен айырмашылықтары, артықшылығы мен кемшілігі салыстырылып, арнайы кесте құрастырылды. Сонымен қатар бұл тарауда азаматтық журналистикаға қатысты құқықтық, этикалық сауалдар да талданады. Қазір адамдар ақпаратты қабылдау, сақтау, тарату мүмкіндігіне ие болғандықтан, медиаға қатысты сауаты болуы да уақыт талабы. Бірақ өкініштісі көбісі журналистика талабын, аудитория мен медиа өкіліне тиесілі құқын білмейді. Ақпарат қоғамында өмір сүретін әрбір адам ақпарат таратуға қатысты құқық пен этикалық сауалдарға аса мән беруі күн тәртібіндегі маңызды мәселе екендігі талданады. Үшінші тарауда Қазақстандағы азаматтық журналистика мысалдары, әлеуметтік желі белсенділерінің әрекеттері, блогерлер парақшаларындағы шығармашылық талданады. Блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділерінің медиадағы орны, шығармашылық күш-қуаты мысалдармен беріледі. Азаматтық журналистика мен дәстүрлі медианың ақпарат айдынындағы шығармашылық интеграциясынан мысалдар талданады. Бұл тарау тұтастай дерлік Қазақстандағы азаматтық журналистика шығармашылығын талдауға, оның мәселесі мен артықшылығын мысалдар арқылы бағалауға негізделген. БАҚ институты қарқынды динамикаға ұшырап жатыр. Кейінгі қоғамдағы өзгерістерге байланысты көптеген консервативті тұжырымдамалар өзектілігін жоғалтты, сөйтіп оларды қайта қарауға тура келді. Қазіргі әлемдегі БАҚ жүйесіндегі Журналистика барлық салаларда қоғамның дамуының белгілі бір катализаторы мен белгілі бір векторы рөлін атқара бастады: мазмұнның маркетингтік компоненті тұтыну экономикасының өсуін ынталандырады; әлеуметтік компонент қоғамға мемлекет пен демократия идеяларын таратады, тиісті пікір қалыптастырады. Диджитал-революция жағдайында әлеуметтік коммуникация практикасын жаңа шындыққа айналдыратын БАҚ бұл әлеуетті толық пайдалану қажет. Дәстүрлі және азаматтық журналистиканың өзіндік ерекшеліктері мен мақсаттары болғанымен, олар қазіргі қоғамдағы оқиғалар мен мәселелерді жан-жақты қамтуға ықпал ете отырып, өзара әрекеттесе алады және бірін-бірі толықтыра алады. Бұл ғылыми жұмыста дәл осы мәселенің ара жігі ажыратылып, азаматтық журналистика мен дәстүрлі медианың ұқсастықтары мен айырмашылықтары жан-жақты талқыланды. Екеуі де аудитория жинап, контент ұсынып, медиа алаңында бәсекелес қызмет етіп жатқандай көрінгенімен бұлардың түп мақсаты бір. Ол аудиторияға ақпарат жеткізу. Әрине, дүние жүзіндегі мыңдаған веб-ресурстар журналистік және блогтық конвергенцияның тәжірибесіне ие, бірақ бұл оларды бір-біріне қарсы қоюға емес, жаһандық коммуникациялардың медиа өрісінде бір-бірімен тығыз байланыста болуына және бір-бірін толықтыруына бағытталуы керек.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: 1.https://www.youtube.com/watch?v=-5P2nEnMXBI 2.https://www.youtube.com/watch?v=Dmn77cdj5eY
