
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Абылханова Әсел Қырғызғалиқызының «8D03204 – Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Қазіргі ақпараттық кеңістіктегі Қазақстан және Орталық Азия елдерінің мемлекеттік медиаобразы (танымал ақпарат агенттіктерінің материалдары негізінде)» деген тақырыптағы диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Баспасөз және баспа ісі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілі.
Ресми рецензенттер:
Симтиков Жомарт Құдайбергенұлы – саяси ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Тарих және құқық институтының саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Сламғажы Айнұр – философия докторы (PhD), Астана IT университетінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Сұлтанбаева Гүлмира Серікбайқызы – саяси ғылымдарының докторы, NarXoz университетінің профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Шыңғысова Назгүл Тұрсынбайқызы – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті міндетін атқарушы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Есдәулетов Айтмұханбет Оразбайұлы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Әшірбекова Гүлмира Шайтмағанбетқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Гавра Дмитрий Петрович – әлеуметтану ғылымдарының докторы, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің профессоры (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесіндегі қорғау 2025 жылғы 27 қыркүйекте, сағат 14:00-де басталады.
Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (офлайн және онлайн) өтеді.
Сілтемесі: https://surl.lt/klzqif
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтбаев көшесі, 2. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның №1 оқу-әкімшілік ғимараты, 206-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу жұмысының өзектілігі: Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев 2024 жылғы 8 тамызда жарық көрген «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында: «Орталық Азия елдері ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ЕАЭО, ТМҰ және басқа да табысты әрі ықпалды ұйымдардың құрылтайшысы ретінде бейтбітшілікті жақтайтын мемлекеттер екенін дәлелдей отырып, өзінің идеялары мен жобаларын көпжақты құрылымдарда белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Міне, осының бәрі «Орталық Азия бестігін» Еуразия құрлығының төрінде тұрақты дамып келе жатқан бақуатты елдер деп сеніммен айтуға мүмкіндік береді» [1], – дей келіп, аймақтың ортақ мүдделері мен мақсаттарын айқындап берді. Орталық Азия елдерінің жалпы ауқымы өте кең. Зерттеу жұмысында Орталық Азия елдерінің бестігі қарастырылады. Өйткені Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан географиялық, саяси, экономикалық, мәдени тұрғыдан бір-бірімен тығыз байланыста дамып келе жатыр. Ортақ мақсат, өзара ынтымақтастық қалыптасты. Қазіргі таңда «ОА плюс» форматында жаңа диалог пайда болды. Жаңа форматтағы диалогтың халықаралық саясаттағы салмағы жоғарыда аталған мақаладан аңғаруға болады. Байқап отырғанымыздай, Орталық Азияның бестігі өзара байланыстың ауқымын кеңейтіп, әлемнің ықпалды мемлекеттерімен қатар дамуды көздеп отыр. Медианың ықпалынсыз мақсатқа жету мүмкін емес. Қазіргі ақпараттық кеңістік мемлекеттердің халықаралық аренадағы беделі мен ішкі тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан да Қазақстан және Орталық Азия елдері үшін мемлекеттік медиаобраз қалыптастыру сыртқы әлемге бағытталған стратегиялық құрал деуге болады. Себебі, Орталық Азия аймағы әлемдік державалар арасындағы мүдделер тоғысында орналасқан. Геосаяси ахуалды ескерсек, мемлекет медиаобразын қалыптастырудың маңызды фактор екенін түсінеміз. Орталық Азия елдері тарихи тұрғыдан Ресей, Қытай, Түркия, Батыс елдері мен ислам әлемінің ықпалына ұшыраған. Сондықтан да аймақ әртүрлі мүдделі тараптардың ақпараттық стратегияларының нысанына айналғанын жасырмаймыз. Әсіресе ақпарат агенттіктерінің жаңалық таратудағы түрлі редакциялық саясаты, насихат, манипуляция жасау әрекеттері мемлекет медиаобразына әсер етпей қоймайды. Цифрлық технологиялардың дамуы мен ақпараттық соғыстың күшеюі жалған ақпарат, насихаттық материалдардың кең таралуына да мүмкіндік беріп отыр. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігіне, экономикалық тұрақтылығына және әлеуметтік дамуына, сондай-ақ мәдени және тарихи ерекшеліктеріне қауіп төндіреді. Ақпарат агенттіктері – обьективті және ресми ақпарат тарататын негізгі дереккөз. Дәстүрлі және жаңа медиадағы күн тәртібін құруда да ақпарат агенттіктерінің ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Бұл туралы шетелдік ғалымдардың зерттеулері жетерлік. Солардың бірі Michael B. Palmer 2019 жылы ақпарат агенттіктерінің тарихы мен тәжірибесіне қатысты 40 жылдан астам Франция, Ұлыбритания, АҚШ-тың мұрағаттарынан алынған деректерді жариялады. Кітапта ақпарат агенттіктерінің 1800 жылдан бергі тарихы, жаңалық таратудағы қызметі сөз етіледі. Күн тәртібі теориясы туралы Walter Lippmann «Public Opinion» (1922) [2] кітабында өте ұтымды тұжырым жасайды. Біздің әлем туралы ойымыз медиадағы ақпаратпен тығыз байланысты. Нақтылап айтқанда ақпарат агенттіктерінде қозғалған мәселелер қоғамдық санада да басымдыққа ие болады. Ақпарат агенттіктерінде күн тәртібін белгілеу күрделі әрі көпдеңгейлі үдеріс. Ол кәсіби, саяси және нарықтық факторлардың өзара ықпалдастығы нәтижесінде жүзеге асады. Бұл үдеріс БАҚ-та қандай мәселелердің жарияланатынын, қандай тақырыптардың басымдыққа ие болатынын, қоғамдық дискурста не көбірек талқыланатынын айқындайды. Журналистика теориясында бұл «agenda-setting» ұғымымен тығыз байланысты. Біріншіден, ақпарат агенттіктері редакциялық саясатты негізге ала отырып жұмыс істейді. Әр агенттіктің ішкі құрылымында редакциялық кеңес немесе жаңалықтар редакциясы болады. Олар күнделікті жаңалықтар ағынын саралап, өз аудиториясы үшін өзекті әрі маңыздыларын іріктеп алады. Бұл жерде ақпараттың жаңалығы (timeliness), маңыздылығы (relevance), геосаяси мәні және қоғамдық қызығушылық деңгейі ескеріледі. Екіншіден, агенттіктер, көбінесе, халықаралық және ұлттық деңгейдегі оқиғаларға тәуелді. Ресми органдардың баспасөз хабарламалары, брифингтері, саяси және экономикалық шешімдер, халықаралық форумдар мен қақтығыстар – бәрі күн тәртібін қалыптастыратын маңызды факторлар. Алайда агенттік журналистері бұл ақпараттарды тек хабарлап қана қоймайды, оларды қайта өңдеп, белгілі бір ракурста ұсыну арқылы оқырман назарын нақты мәселелерге шоғырландырады. Бұл күн тәртібін қалыптастырудың дискурстық деңгейін көрсетеді. Үшіншіден, жетекші халықаралық ақпарат агенттіктері әлемдік ақпарат күн тәртібіне әсер ететін басты ойыншыларға айналады. Олар белгілеген тақырыптар мен басымдықтар өз кезегінде ұлттық ақпарат құралдарының да назарын аударады. Осы арқылы «екінші деңгейлі күн тәртібі» қалыптасады. Яғни жергілікті агенттіктер жаһандық күн тәртібіне бейімделіп жұмыс істейді. Ақпарат агенттіктерінде күн тәртібін белгілеу үдерісіне нарықтық талаптар да ықпал етеді. Аудиторияның сұранысы, медиадағы рейтингтер, жарнама берушілердің мүддесі мен әлеуметтік медиа трендтері де күн тәртібіне енгізілетін тақырыптарды іріктеуде маңызды рөл атқарады. Осылайша, ақпарат агенттіктерінде күн тәртібінің қалыптасуы – бұл редакциялық саясат, кәсіби іріктеу, халықаралық дискурстар мен нарықтық факторлардың біртұтас әсерінен туындайтын динамикалық үдеріс. Бір сөзбен айтқанда, медиакеңістікте қандай мәселеге және оның қандай қырына мән берілсе, қоғамның да мәселені қабылдауы соған тәуелді өзгереді. Күн тәртібін құруда фрейминг, прайминг әдістері де маңызды рөл атқарады. Аталған әдістер күн тәртібін құруға барынша септігін тигізеді. Ақпарат агенттіктерінің қоғамдық санаға әсерін ескере отырып, Орталық Азияның бестігіне байланысты ақпараттың сипатын, яғни медиаобразын зерттеудің өзектілігі айқындалады. Зерттеу жұмысының нысаны – әлемдік медиакеңістікте ықпалды Reuters, Associated Press (AP) және United Press International (UPI), Итар-ТАСС ақпарат агенттіктері мен BBC, CNN сайттарындағы Орталық Азия бестігіне байланысты жарияланымдар, медиаобраздың тарихи негіздерін қарастыруда «Қазақ», «Сарыарқа», «Жас Түркістан» басылымдарында жарық көрген мақалалар. Зерттеуде әлемдік ақпарат кеңістігіндегі мемлекет медиаобразын қалыптастыру мәселелері, бұқаралық коммуникация стратегиялары, сондай-ақ жаңалық таратуда қолданылатын медиа теориялар мен қоғамдық пікір қалыптастыру әдістері қолданылды. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Әлемдік ақпарат агенттіктеріндегі Қазақстан және Орталық Азия елдерінің медиаобразын қалыптастырудың тарихи, теориялық және әдіснамалық негіздерін зерттеу. Осы мақсатқа жету үшін келесі міндеттерді шешу көзделеді: - образ, имидж, бренд ұғымдарының ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындау; - Қазақстан медиаобразының қалыптасуы мен даму жолдарын кезеңдік тұрғыдан қарастырып, негізгі тенденцияларды анықтау; - медиаобраз қалыптастырудағы этникалық стереотиптер мен ұлттық бірегейліктің бұқаралық коммуникация құралдарындағы көрінісіне талдау; - ақпарат агенттіктерінің жаңалық тарату қызметі мен жаһандық саяси үдерістерге әсерін медиа теориялары негізінде сараптау; - Орталық Азия елдерінің медиаобразын қалыптастырудағы тенденциялар мен тәуекелдерді талдау; - қазіргі ақпарат кеңістігіндегі Қазақстан медиаобразы және оның қоғамдық пікірге ықпалын айқындау; - әлемдік ақпарат агенттіктеріндегі саяси көшбасшының медиаобразын талдау; - медиаобраз қалыптастырудағы «жұмсақ күш» саясатын айқындау. Зерттеу жұмысының дереккөздері. Мемлекет медиаобразы жайлы зерттеу еңбектері, халықаралық рецензияланатын басылымдарда, отандық ғылыми басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалар, сондай-ақ Reuters, Associated Press, United Press International, Итар-ТАСС ақпарат агенттіктері мен BBC, CNN сайттарындағы Орталық Азия бестігіне байланысты 2019-2024 жылдар аралығында жарық көрген жаңалықтар, сараптамалық мақалалар жұмыстың негізгі дереккөзі ретінде алынды. Образ, медиаобраз, имидж, бренд ұғымдарының мәні мен маңызына қатысты ғылыми тұжырымдар, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар салаларымен байланысына қатысты талдау еңбектері негізгі қорытынды жасау үшін пайдаланылды. Мемлекет медиаобразының тарихына шолу жасалып, Қарахан дәуіріндегі Ж. Баласағұнның «Құтты білік», М.Х. Дулатидің «Тарих-и-рашиди» еңбектеріндегі мемлекет тарихы, мемлекетшілдік туралы деректерге, XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясындағы отаншылдық мысалдарына, Алаш қайраткерлерінің «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен М. Шоқайдың «Жас Түркістан» журналында жазған мақалалары, 2000 жылдан бергі әлемдік ақпарат кеңістігіндегі халықаралық сарапшылардың мақалалары мен пікірлері негізгі тұжырым жасау үшін талданды. Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыста жүйелік, салыстырмалы-типологиялық әдіс, контент-талдау, дискурс талдау, мониторинг нәтижелерін сараптау әдістері, сандық және сапалық көрсеткіштерді салыстыру қолданылды. Әлемдік ақпарат агенттіктеріндегі мемлекет медиаобразына байланысты ақпараттың (позитивті, негативті, нейтралды) сипатын айқындауда Alem Research, Media Cloud платформаларында 2020-2024 жылдар аралығында жарық көрген жаңалықтар динамикасына, кілт сөздерге, дереккөздерге, ақпараттың тіліне, тақырыптық ерекшеліктеріне статистикалық талдау жүргізілді. Талдау барысында алынған деректер Python бағдарламасында сарапталды. Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі тенденциялар мен тәуекелдер, медианың қоғамдық санаға ықпалы, ақпараттық саясатқа, мемлекет медиаобразына, имидж, көшбасшы образына қатысты отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми зерттеулері негізге алынды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Мемлекет медиаобразы туралы ғылыми зерттеулерді талдау барысында бірқатар мәселелерді айқындауға тура келді. Ең алдымен образ сөзінің ғылым салаларындағы қолданысына байланысты тұжырымдар сарапталды. Сондай-ақ медиаобраз ұғымының мәнін ашу, медиаобраз, имидж, бренд туралы пікірлердің аражігін ажырату, медиаобраз қалыптастыру әдістері жан-жақты қарастырылды. Батыс зерттеушілерінің еңбектерінде медиаобраз имидж сөзінің синонимі ретінде қолданылады. Ағылшын тілінде медиобразды имидж деп пайдаланатынын байқаймыз. Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі Қазақстанның медиаобразы туралы А. Есдәулетовтің [63] халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағында мақаласы жарық көрген. 2017-2020 жылдардағы ғылыми басылымдар мен халықаралық ренцензияланатын журналдар, ғылыми-зерттеу еңбектерінде медиаобраз ұғымы пайдаланылмады. Мәселен, Г.М. Бураканованың 2017 жылы жарық көрген «Международный имидж Республики Казахстан» [64] мақаласында халықаралық деңгейдегі мемлекеттің беделіне байланысты тұшымды пікірлері беріледі. Қазақстанның медиаобразына байланысты ғылыми зерттеулер 2020 жылдан басталды деуге болады. Әсіресе қаңтар оқиғасы кезіндегі және одан кейінгі кезеңде әлемдік ақпарат агенттіктерінде Қазақстан және Орталық Азия бестігіне байланысты түрлі мазмұндағы мақалалар жарық көрген. 2021 жылы А. Ниязғұлова [65] және басқалар Қазақстанның ақпарат кеңістігіндегі Ресейдің имиджі туралы ғылыми мақала жариялаған. Келтірілген мақалада Ресейдің имиджіне байланысты отандық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген мақалалар жан-жақты талданады. Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ғалымдары М. Саудбаев, А. Дінсіләмованың «Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының Қазақстанның халықаралық имиджін қалыптастырудағы рөлі» [66] мақаласында А. Смиттің әдіснамасы негізінде елдің имиджін сараптайды. 2024 жылы профессор Ш. Жарқынбекова мен Б. Смагулованың «Portrayal of Kazakhstan: Sentiment and Topics in Online Media (2022-2023)» [67] атты мақаласында медиаобраз қалыптастырудағы фрейминг әдісіне, ақпарат кеңістігіндегі кейбір жарияланымдарға лингвистикалық талдау жүргізген. Мемлекет медиаобразы жайлы зерттеудің басым бөлігі ғылыми мақала деңгейінде ғана орындалған. Сонымен бірге медиаобраз және имидж ұғымдары қатар қолданылғанын аңғарамыз. Бұл мемлекет медиаобразын жан-жақты қарастырудың маңызын одан әрі арттырады. Зерттеудің практикалық құндылығы. Диссертациялық жұмыста қарастырылған мәселелердің әрқайсысын жеке-жеке зерттеудің маңызы зор. Геосаяси ахуалдың күрделі кезеңінде Қазақстан және Орталық Азия елдері үшін медиаобраз қалыптастыру әдістерін меңгеру, әлемдік ақпарат агенттіктерімен байланыс орнату, шетелде ақпарат құралдарын шығару аса қажет. Сондықтан да зерттеу қорытындыларын «Ақпарат агенттіктерінің қызметі», «Мемлекет медиаобразы», «Медиа теориялары», «Әлемдік медиасаясат» пәндерінде пайдалануға болады. Диссертациялық жұмыстың нәтижелерін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпараттық саясатында қолдануға ұсынылады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Әлемдік ақпарат кеңістігіндегі Қазақстан және Орталық Азия бестігінің медиаобразы жекелеген ғылыми мақалаларда қарастырылғанымен, диссертациялық жұмыс ретінде қорғауға тұңғыш рет ұсынылып отыр: 1. Зерттеуде образ, имидж, бренд ұғымдарының ғылыми-әдістемелік негіздері әртүрлі қырынан қарастырылады. Образ сөзінің әдебиеттану, философия, мәдениеттану, әлеуметтану ғылымындағы анықтамалары салыстырмалы талданады. Медиакеңістіктегі образдың қалыптасуы мен ақпараттың ықпалына қатысты тұжырымдар қарастырылып, нақты қорытынды жасалады. 2. Зерттеудің ең маңызды жаңалығы ретінде Қазақстан медиаобразының тарихи негіздерін атар едік. Себебі ұлт тарихындағы мемлекетшілдік, отаншылдық ұғымдарының көне түркі жазбаларынан бастап Қарахан дәуірінде жазылған еңбектерде, Алаш қайраткерлері шығарған басылымдарда жазылғанын кезең-кезеңге бөліп қарастырылады. Мемлекет құрылымынан оны басқару үлгісін таңдауы, мемлекеттің сыртқы саясаттағы ұстанымдарын айқындау, оны қорғау түсінігі өте ертеден бар. Зерттеу барысында жыраулар поэзиясындағы мемлекеттің образына қатысты мысалдар жан-жақты талданады. 3. Мемлекет медиаобразын қалыптастыруда этникалық стереотиптер мен ұлттық бірегейліктің қоғамдық санаға ықпалы қарастырылады. Бұқаралық коммуникациядағы этникалық стереотиптерге мысалдар келтіріп отырып талданады. Этникалық стереотиптердің түрлерін айқындап, әлеуметтік медиадағы көрінісіне нақты мысалдар келтіреміз. Ұлттық бірегейлік ұзақ жылдардан бері зерттеліп келе жатқан мәселе. Қоғамдағы тіл факторына байланысты бірнеше кейстерге талдау жасап, Alem Research платформасы арқылы әлеуметтік медиа пайдаланушыларының тілдік ерекшеліктері сарапталады. 4. Зерттеудің негізгі нысаны ретінде алынған әлемдік ақпарат агенттіктерінің тарихы мен тәжірибесі, күн тәртібін құру, фрейминг, прайминг әдістерін қолдануы арқылы әлемдік саясатқа ықпалы қарастырылады. 5. Қазіргі таңда Орталық Азия бестігінің медиаобразын қалыптастыру аса маңызды. Жұмыста аймақтың ынтымақтастығы мен келешектегі саяси жоспарлары жайлы бірқатар ғылыми сараптамаларға шолу жасай келіп, әлемдік ақпарат агенттіктеріндегі Орталық Азия бестігі жайлы ақпараттарға мониторинг жасалып, жаңалықтың сипаты және оның себептері айқындалады. 6. Зерттеуде Қазақстан медиаобразы арнайы қарастырылып, ақпарат агенттіктерінде жарық көрген сараптамалық мақалаларға контент және дискурс талдау жасалады. АҚШ-тың ақпарат агенттігіндегі ядролық сынаққа байланысты 8000-нан астам жарияланымдар онжылдық кезеңдерге бөлініп, сол кезеңдегі саяси, экономикалық жағдай мен оның салдарына қатысты қорытынды беріледі. 7. Мемлекет медиаобразын қалыптастыруда саяси көшбасшының рөлі өте маңызды. Осы орайда зерттеуде саяси көшбасшының ресми кездесулерде сөйлеген сөздері, әртүрлі тақырыпқа байланысты берген сұқбаттары, түрлі жиындар мен әлеуметтік желілерде геосаяси оқиғаларға қатысты пікірлеріне талдау жасалады. 8. Джозеф Найдың «жұмсақ күш» саясаты – мемлекет медиаобразын қалыптастыруда таптырмас құрал. Қазақстанның «жұмсақ күш» саясатына қатысты халықаралық беделінің рейтингтік өлшемдермен ғана емес, сыртқы әлемдегі нақты қабылдануы, медиадағы репрезентациясы және құрметпен қабылдану деңгейі арқылы бағалану қажеттілігі жан-жақты қарастырылып отыр. Осы орайда, зерттеу жұмысында Қазақстанның «жұмсақ күш» стратегиясына қатысты кейс талдау әдісі қолданылып, елдің медиаобразын қалыптастырудағы проблемалық тұстары ғылыми тұрғыда сараланады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Мемлекет медиаобразын қалыптастыруда ақпарат агенттіктерінің ықпалы өте зор. Цифрлық технологияның қарқынды дамуы кезеңінде әлемдік ақпарат агенттіктері де жаңалық таратуда пәрменділігін арттыруға назар аударып отырғанын байқаймыз. Тіпті әлемдік ақпарат агенттіктері халықаралық күн тәртібін құруға әсер ететініне көз жеткіздік. Зерттеу нәтижесінде қорғауға мынадай негізгі тұжырымдарды ұсынамыз: 1. Мемлекет медиаобразы бұқаралық ақпарат құралдары тарататын жаңалықтар арқылы қалыптасады. Ақпарат қабылданған санада автоматты түрде соған сәйкес образ пайда болады. Демек медиаобраз ақпарат құралдарында қалыптасады. Имидж – шығармашылық ұжымның ортақ жұмысы. Бренд тікелей экономика саласында қолданылып, тауарға қатысты айтылады. Зерттеу барысында аталған үш ұғымның аражігін ажыратып, басты ерекшеліктері айқындалды. 2. Қазақстан медиаобразының қалыптасу, даму кезеңдерін ежелгі түркі жазба ескерткіштерінен бастап, әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында, сондай-ақ ІХ ғасырдағы тарихи еңбектерде мемлекетшілдік идеясының алғашқы көріністері байқалып, атамекенге деген құрмет, ел мен жерді қорғау сияқты патриоттық ұстанымдар ұлттық сананың өзегіне айналған. Бұл ұғымдар қазіргі замандағы Қазақстанның сыртқы саяси бейнесі мен ішкі идеологиялық құрылымында да жалғасын табуда. Мемлекет медиаобразын қалыптастыруда шетелде жарық көрген ақпарат құралдарының маңызы зор. Зерттеуде шетелдік газеттер мен журналдарға, ақпарат агенттіктеріндегі материалдарға контент-талдау жүргізіліп, Қазақстан туралы репрезентациялар, дискурстық ерекшеліктер мен тақырыптық басымдықтар ғылыми сарапқа салынды. 3. Мемлекет медиаобразын қалыптастыруда этникалық стереотиптің әсері айырықша орын алады. Стереотиптердің медиа репрезентацияға әсерін анықтау мақсатында кейс талдау әдісі қолданылды. Сәйкесінше, осы зерттеудің аясында гетеростеоретиптер мен автостереотиптер негізінде нақты мысалдар келтіріліп, олар кесте түрінде жүйеленді. 4. Әлемдік ақпарат агенттіктерінің тарихы мен тәжірибесі туралы әлі күнге толыққанды оқу құралы немесе оқулық жарық көрмеген. Бұл өз кезегінде аталған салада кешенді зерттеулер жүргізудің маңыздылығын көрсетеді. Зерттеу барысында Reuters, Associated Press (AP) және United Press International (UPI), Итар-ТАСС ақпарат агенттіктері мен BBC, CNN медиакомпанияларының жаңалық тарату тәжірибесі мен саяси коммуникациялық стратегиялары салыстырмалы тұрғыда сарапқа салынды. 5. Reuters, Associated Press (AP), United Press International (UPI), Итар-ТАСС ақпарат агенттіктері мен BBC, CNN сайттарында Орталық Азия бестігіне байланысты 2020-2024 жылдардағы жарияланымдарына MediaCloud платформасындағы жаңалықтар динамикасына, кілт сөздерге, дереккөздерге, ақпараттың тіліне, тақырыптық ерекшеліктеріне статистикалық талдау жүргізілді. Айта кетуіміз керек, статистикалық талдау нәтижесінде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстанға байланысты жаңалықтар саны көбірек кездессе, Тәжікстан мен Түркіменстанға қатысты ақпарат жиілігі сирек көрінеді. Аймақтағы кейбір наразылық, толқулар, төтенше жағдай және т.б. оқиғалар барысында жаңалық динамикасы да көтеріледі. Әлемдік ақпарат агенттіктерінде жағымсыз (негативті) ақпараттың көптігін байқадық. Сондай-ақ оның себептері де қарастырылды. 6. Қазақстан медиаобразын әлемдік ақпарат агенттіктерінің жарияланымдары негізінде қарастырып, тақырыптық, жанрлық, ақпараттың жиілігі мен сипатына қарай жіктелді. Әлемдік ақпарат кеңістігінде Қазақстан – Орталық Азия елдері арасында ықпалды мемлекет ретінде қалыптасқан. Сондай-ақ мемлекет медиаобразын қарастыруда табиғи ресурстарға деген қызығушылықты байқаймыз. Ядролық сынақ алаңындағы қалдықтарды шығару мәселесі UPI ақпарат агенттігінде бірнеше жылдар бойы жарияланып келеді. Сондықтан Қазақстанның ақпарат агенттіктеріндегі медиаобразына контент-талдау жасап, ғылыми тұжырымдар ұсынылды. 7. Саяси көшбасшы – мемлекеттің сыртқы әлемдегі образын қалыптастыратын қайраткер. Орталық Азия елдері көшбасшыларының медиаобразына Media Cloud платформасы арқылы мониторинг жасап, кесте арқылы берілді. Зерттеу барысында саяси көшбасшының ел алдындағы беделі, халықтың сенімі мен қолдауына байланысты кейстер талданды. 8. Медиакеңістіктегі «жұмсақ күш» саясаты медиаобраз жасаудағы ең белсенді құрал десек болады. Қазіргі таңда Д. Құдайбергеннің, Г. Головкин есімдерінің танымалдылығы өте жоғары. Сондықтан алдағы уақытта шетелден бұқаралық ақпарат құралын шығаруды ұсынамыз. Қазақстанда бірнеше тілде жаңалық тарататын ҚазАқпарат, SilkWay сияқты ақпарат құралдарының редакциялық саясаты мен медиакеңістіктегі стратегиясының тиімділігі мен нәтижесінің көрсеткішін анықтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу қажеттілігі туындап тұр. Бұл зерттеудің нәтижесі елдегі БАҚ-тың сыртқы нарыққа ақпарат таратудағы әдіс-тәсілдерінің қаншалықты тиімді, тиімсіз екенін байқауға мүмкіндік бере отырып, редакцияларға дұрыс стратегиялық жоспар құруға мүмкіндік береді. Қорыта келгенде, әлемдік ақпарат агенттіктерінде Қазақстан және Орталық Азия бестігі медиаобразын дамытуда шетелдік тілшілерді көбейту қажет. Сондай-ақ позитивті жаңалықты барынша белсенді тарату маңызды. Жұмыстың талқылануы мен мақұлдануы. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Зерттеу тақырыбы бойынша жарық көрген мақалалар: Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері бойынша 9 мақала жарық көрді. Оның ішінде Web of Sceince және Scopus дәйексөздер базасына кіретін журналдарда – 2, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған басылымдарда – 4, Халықаралық және республикалық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинақтарында – 2, халықаралық ғылыми басылымда – 1. Жұмыстың құрылымы. Диссертация үш бөлімнен, сегіз тараушадан, кіріспе және қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, қосымшадан тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі – 163 бет.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=8sM12_NqzVY
