
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ауесбай Қуаттың «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша «Қазіргі мерзімді баспасөз менеджменті мен маркетингі: әлемдік тәжірибе және отандық басылымдар мәселелері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Баспасөз және баспа ісі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Kап Есенгул – филология ғылымдарының кандидаты, SDU университетінің профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Рамазанова Жанар Сембековна – филология ғылымдарының кандидаты, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Тахан Серік Шешенбайұлы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Сердәлі Бекжігіт Кенжебекұлы – филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы).
Сулейменова Айнур Эдрисовна – философия докторы (PhD), А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі (Қостанай қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Сақ Қайрат Өмірбайұлы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Нуреттин Гүз – философия докторы (PhD), Стамбул коммерция университетінің профессоры (Түркия).
Қорғау 2025 жылғы 6 желтоқсан, сағат 14:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (офлайн және онлайн) өтеді.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/4836183469609?p=3Ah1kTl71ariokwlJJ
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтбаев көшесі, 2. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ның №1 оқу-әкімшілік ғимараты, 206-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу жұмысының өзектілігі: «Қазіргі мерзімді баспасөз менеджменті мен маркетингі: әлемдік тәжірибе және отандық басылымдар мәселелері» тақырыбы – жаһандану дәуірінде дәстүрлі медианың цифрлық ортаға бейімделу, бәсекеге қабілеттілігін сақтау және коммерциялық тұрақтылығын қамтамасыз ету үдерісіндегі маңызды ғылыми әрі практикалық мәселе. Әлемдік медиа нарығындағы жетекші басылымдардың табысты тәжірибелерін зерделеу және оны отандық контексте, ұлттық басылымдардың даму стратегияларымен салыстыра қарастыру арқылы зерттеу отандық медиа саласының өзекті түйткілдерін шешуге бағытталған. Бүгінде ақпараттық технологиялардың жедел дамуы мерзімді басылымдардың жұмыс істеу форматын түбегейлі өзгертумен қатар, медиа саласына сапалық тұрғыдан жаңа талаптар қойып отыр. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының басқару құрылымын жетілдіру, қызметін тиімді үйлестіру және өнімнің өтімділігін арттыру мақсатында заманауи әдіс-тәсілдер мен инновациялық технологияларды енгізу аса маңызды. Ақпараттық-технологиялық мүмкіндіктердің жылдам жаңарып, тез өзгеруі дәстүрлі медиа үшін жаңа сын-қатерлер туындатып отыр. Қазір аудитория тарапынан жедел әрі мазмұнды ақпаратқа деген сұраныс айтарлықтай артты. Бұл жағдай бұрынғы басқару үлгілерінің өзектілігін жоғалтқанын көрсетіп, медиаменеджмент пен маркетингтің жаңа үлгілерін енгізудің қажеттілігін айқын дәлелдейді. Халықаралық медиа индустриясындағы озық тәжірибелер басқару жүйесінің үздіксіз жаңарып отыруының маңызын көрсетіп отыр. Әлемдік жетекші басылымдар мультимедиалық платформалармен интеграциялану арқылы аудитория аясын кеңейтіп, жаңа тұтынушылар легін тартуда. Осы үдерістерден отандық мерзімді баспасөз де сырт қалмауға тиіс. Еліміздегі басылымдарға ұлттық ерекшелікті ескере отырып, осы тәжірибелерге бейімделу және өндірісте тиімді қолдану – басты міндет. Қазіргі медиа нарығындағы негізгі үрдістерді жүйелі зерттеу ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оқырман сұранысына бағытталған сапалы медиаөнім қалыптастыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, отандық баспасөздің жаңа медиа құралдарын тиімді пайдалану, аудиторияны зерттеудің инновациялық әдістерін енгізу, жарнамалық және коммуникациялық стратегияларды жетілдіру – ғылыми және практикалық тұрғыда шешілуге тиіс өзекті мәселелердің қатарында. Әлемдік медиадағы озық тәжірибелерді саралап, оларды жергілікті ерекшеліктерге бейімдеу – отандық баспасөзді дамытудың маңызды алғышарты. Осы мақсатта зерттеу барысында «The New York Times», «The Guardian», «The Washington Post», «Financial Times» секілді беделді халықаралық басылымдардың басқару мен маркетингтегі тиімді тәжірибелері жан-жақты талданды. Бұл медиа ұйымдар ақпаратты жедел әрі сапалы жеткізу, оқырман қызығушылығын жүйелі зерттеу, жарнама арқылы табыс көзін арттыру бағытында заманауи әдістерді сәтті қолданып отыр. Зерттеуде осы тәжірибелердің қайсысы отандық медиа ортаға үйлесімді келетіні, қандай тәсілдерді енгізуге болатыны анықталды. Сонымен қатар, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан» секілді отандық мерзімді басылымдардың қазіргі басқару үлгілері мен маркетингтік стратегияларына контент талдау жүргізілді. Нәтижесінде отандық газеттердің менеджменті мен маркетинг жүйесінің артықшылығы мен әлсіз тұстары сараланып, оларды жетілдіруге арналған нақты ұсыныстар әзірленді. Атап айтқанда, басылымдардың оқырманға қолжетімділігі, жарнама тарту әлеуеті мен аудиторияны кеңейту бағыттарында бірқатар кемшіліктер анықталды. Осыған орай, диссертацияда қазақ тіліндегі газеттердің әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, басқару жүйесін жаңғыртуы, аудиторияны зерттеуді жолға қоюы, сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жаңа медиалық тәсілдерді тиімді пайдалануы жөнінде нақты тетіктер ұсынылды. Сонымен қатар зерттеу нәтижесінде келесі тұжырымдар жасалды: отандық мерзімді баспасөздің басқару және маркетинг жүйесі бүгінгі заман талабына сай жаңғыртуды қажет етеді; шетелдік табысты басылымдардың тәжірибесі – отандық медианы жетілдіруде тиімді үлгі бола алады; мерзімді басылымдардың веб-сайт, мобильдік қосымша, PDF-нұсқа сынды цифрлық форматтарға көшуі олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады; заманауи технологиялар – деректерге негізделген журналистика, жасанды интеллект, интерактивті және визуалды контент – оқырман қызығушылығын арттырып, жарнамалық табыс көзін ұлғайтудың тиімді құралына айналып отыр. Сондай-ақ, отандық басылымдардың PR, брендтік бірегейлік және визуалды дизайн мәселелеріне жеткілікті деңгейде назар аудармауы – жалпы медиаөнімнің имиджіне кері әсер етеді. Ал бір мезгілде бірнеше мультимедиалық платформада (баспа нұсқа, ресми сайт, әлеуметтік желі, подкаст, мобильдік қосымша) белсенді жұмыс жүргізу – қазіргі аудиторияны тарту мен тұрақты оқырман базасын қалыптастырудың маңызды құралы ретінде айқындалды. Зерттеу аясында «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің интернет-редакциясында тәжірибелік жұмыс жүргізілді. Осы тәжірибе барысында арнайы әзірленген маркетингтік стратегия негізінде сайттың контентін оңтайландыру, әлеуметтік желідегі белсенділікті күшейту, оқырманмен интерактивті байланыс орнату және ақылы жазылым жүйесін енгізу немесе жетілдіру сынды бірқатар жаңашыл қадамдар жүзеге асты. Бұл тәжірибе ұсынылған ғылыми тұжырымдарды іс жүзінде сынап көруге мүмкіндік беріп, олардың тиімділігін дәлелдеді. Мұндай қадамдар зерттеудің қолданбалы сипатын арттырып, нақты әрі практикалық ұсыныстар әзірлеуге жол ашты. Аталған бағыттағы кешенді зерттеудің нәтижелері медиаменеджмент пен маркетинг салаларындағы ғылыми көзқарасты толықтырып, отандық баспасөздегі басқару үлгілерінің теориялық негізін жетілдіруге өз үлесін қоса алады. Бұл еңбек баспасөздің нарықтық жағдайға икемделуі, аудитория сұранысын қанағаттандыру, жарнама саясаты мен контент ұсыну стратегияларын жаңа ғылыми тұжырымдармен байытып отыр. Сонымен қатар, зерттеу жұмысы медиа саласындағы ғылыми ізденістерді жандандыруға және болашақ мамандарды даярлау ісінде әдістемелік негіз ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы – отандық мерзімді баспасөзге арналған басқару жүйесі мен маркетингтік стратегияларды жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстарды қамтуында. Бұл ұсыныстар медиаменеджерлер мен бас редакторларға нарықтық талаптарға бейімделудің тиімді жолдарын көрсету арқылы басылымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері жоғары оқу орындарында оқытылатын «Журналистика», «БАҚ менеджменті», «Медиаменеджмент және медиамаркетинг» пәндерінің оқу бағдарламаларын жаңарту кезінде оқу-әдістемелік материалдар ретінде кеңінен қолдануға негіз бола алады. Ұсынылған әдіс-тәсілдер медиа нарығында үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға икемді әрекет ете алатын білікті мамандарды даярлауға, сондай-ақ отандық баспасөздің өтімділігі мен ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – отандық мерзімді баспасөздегі менеджмент пен маркетинг жүйесіне кешенді ғылыми талдау жасап, әлемдік медиакеңістіктегі үздік тәжірибелерді ескере отырып, соларды жергілікті ерекшеліктерге бейімделген тиімді басқару мен маркетингтік стратегиялар түрінде ұсынуында. Бұл зерттеу тек бұрынғы тәжірибелерді сипаттап қана қоймай, отандық газет-журналдардың басқару тетіктері мен нарыққа бейімделу жолдарын жан-жақты зерделеп, қазіргі медиатрендтерге сай нақты әдіс-тәсілдердің жинағын ұсынады. Біріншіден, зерттеу аясында шетелдік жетекші басылымдардың медиаменеджмент тәжірибесі салыстырмалы түрде талданып, олардың жұмыс істеу жүйесі мен инновациялық стратегиялары жан-жақты сараланды. Бұл отандық баспасөзге бейімдеуге болатын нақты үлгілерді анықтауға мүмкіндік берді. Екіншіден, қазақстандық мерзімді баспасөз ұйымдарының қазіргі жағдайына терең талдау жүргізілді. Атап айтқанда, республикалық және өңірлік деңгейдегі 46 жетекші медиамаманның қатысуымен сауалнама ұйымдастырылып, саладағы ішкі мәселелер, нарықтағы орны, аудиториямен жұмыс деңгейі, жарнама мен жазылым жүйесіндегі кемшіліктер нақты айқындалды. Бұл зерттеу – отандық медиа саласында нақты эмпирикалық деректерге сүйенген алғашқы жұмыстардың бірі. Үшіншіден, «Егемен Қазақстан» газетінің интернет-редакциясында жүргізілген тәжірибелік жоба арқылы ұсынылған ғылыми тұжырымдар мен әдістердің практикалық тиімділігі тексерілді. Атап айтқанда, сайттың контенттік саясаты жаңартылып, SEO-оңтайландыру, эксклюзив материалдар әзірлеу, әлеуметтік желілерге арналған жеке контент жасау, оқырманмен кері байланысты жолға қою сияқты нақты шаралар жүзеге асырылды. Нәтижесінде сайттың қаралымы бірнеше ай ішінде айтарлықтай өсіп, басылымның цифрлық платформадағы беделі нығая түсті. Бұл деректер зерттеудің ғылыми және қолданбалы маңызын арттырып, ұсынылған тәсілдердің өміршеңдігін дәлелдеді. Сонымен қатар, әлемдік мерзімді баспасөздегі медиатрендтер мен басқару және маркетинг стратегияларының тиімді үлгілері де айқындалды. Зерттеу нәтижесінде қазіргі ақпараттық кеңістікте баспасөздің өз орнын сақтап қалуы мен одан әрі дамуына қажет кешенді басқару мен маркетинг жүйесінің моделі әзірленді. Зерттеу мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру барысында келесі ғылыми әдістер қолданылды: сипаттау әдісі мерзімді баспасөздің менеджменттік және маркетингтік тәжірибелерін жүйелі түрде сипаттап, олардың құрылымдық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Салыстырмалы талдау әдісі отандық және шетелдік мерзімді басылымдардың басқару жүйелері мен маркетингтік стратегияларын салыстырып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын саралауға бағытталды. Контент-талдау әдісі баспасөздегі жарияланымдарды, маркетингтік науқандар мен жарнамалық қызметті мәтіндік және визуалды контенттер деңгейінде зерттеуге қолданылды. Статистикалық әдіс ресми деректер мен зерттеу нәтижелерін пайдалана отырып, баспасөз нарығындағы өзгерістерді, аудитория көрсеткіштері мен таралым мөлшерін нақтылауға мүмкіндік берді. Әлеуметтік сауалнама мен сұхбат әдістері мерзімді баспасөз редакцияларының өкілдерімен және оқырмандармен жүргізіліп, нарықтағы бедел мен аудиторияның сұранысын зерттеуге бағытталды. Индукция және дедукция әдістері жалпы медиа нарығының даму тенденцияларынан бастап, отандық баспасөздің ерекшеліктерін терең талдауға және тұжырымдар жасауға қызмет етті. Аталған әдістердің көмегімен мерзімді баспасөздегі менеджмент пен маркетинг жүйесі жан-жақты зерттеліп, олардың тиімділігін арттыру бағытындағы ұсыныстар жасалды. Зерттеу дереккөзі ретінде Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 30 желтоқсандағы №63-VIII «Масс-медиа туралы» заңы және ақпарат саласын дамытуға арналған 2020-2025 жылдарға арналған ұлттық бағдарлама пайдаланылды. Сонымен қатар, зерттеуде «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Түркістан» сияқты отандық мерзімді басылымдардың медиа индустриясына қатысты материалдары талданды. Әлемдік тәжірибені қарастыру мақсатында «The New York Times», «The Guardian», «The Washington Post», «Financial Times» сынды беделді халықаралық басылымдардың менеджмент және маркетингтік стратегиялары жөніндегі мақалалар зерделенді. Зерттеу жұмысының теориялық негізін медиа саласындағы танымал ғалымдардың тұжырымдамалары құрайды. Менеджмент ғылымын зерттеуші Анри Файоль басқару процестерін – жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау сияқты – жүйелеумен айналысса, Макс Вебер бюрократиялық басқару моделінің тиімділігін ғылыми тұрғыда негіздеді. Питер Друкер басқаруды тек өндіріс саласына ғана емес, шығармашылық ұйымдарға да қолдануға болатын әмбебап жүйе ретінде қарастырған. Маркетинг теориясында Филип Котлер мен Теодор Левитт аудиторияны зерттеу, нарық сұранысына бейімделу, бренд қалыптастыру және жарнама мен тарату жүйелерін жетілдіру мәселелерін ғылыми негізде талдаған. Сонымен қатар, медиаменеджмент саласында Линда Кунг, Роберт Пикард, Люси Кунг сынды ғалымдар медиа ұйымдардың цифрлық дәуірдегі стратегиялық бағытын, нарықтағы орнын және табыс көздерін жан-жақты саралаған. Осы теориялық еңбектер зерттеу барысында отандық мерзімді баспасөздің дамуына қатысты ғылыми тұжырымдар жасауға негіз болды. Зерттеу аясында нақты практикалық жұмыстар да жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2023 жылғы ақпан мен мамыр айлары аралығында «Егемен Қазақстан» газетінің интернет-редакциясында тәжірибелік зерттеу жүргізілді. Бұл тәжірибе барысында газет сайтының жұмысы жүйеленіп, ақпараттық ресурс мазмұны әлеуметтік желілер мен іздеу жүйелерінің алгоритмдеріне сәйкес оңтайландырылды. Жаңалық тақырыптары оқырман сұранысына бағытталып құрылды, мультимедиалық контент қалыптасты, push-хабарламалар енгізілді, сондай-ақ PDF-нұсқасына ақылы жазылу жүйесі жетілдірілді. Нәтижесінде, сайттың айлық қаралымы үш ай ішінде 1,2 миллионнан 1,6 миллионға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, TikTok әлеуметтік желісіндегі жаңа парақша қысқа мерзімде 1 миллион қаралым жинап, әлеуметтік желілердегі жазылушылар саны едәуір артты. Сонымен қатар, еліміздегі мерзімді басылым басшылары арасында сауалнама жүргізіліп, отандық баспасөздің басқару жүйесі, маркетингтік әдістері және оқырманмен қарым-қатынас тәжірибесі жан-жақты талдауға алынған. Жиналған эмпирикалық мәліметтер негізінде нақты ұсыныстар әзірленді. Сондай-ақ халықаралық тәжірибелер зерттеліп, «The New York Times», «The Guardian», «Financial Times», «The Washington Post» сияқты беделді басылымдардың цифрлық стратегиялары мен маркетингтік тәсілдері терең сараланды. Бұл тәжірибе отандық мерзімді баспасөзге үлгі ретінде ұсынылды. Зерттеу барысында қазақ баспасөзі тарихы, шығармашылық тәжірибесі және басқару ерекшеліктеріне қатысты отандық ғалымдардың еңбектері кеңінен қолданылды. Атап айтқанда, Қ. Бекхожиннің «Қазақ баспасөзінің даму жолдары», Ж. Нұсқабайұлының «Қазақ журналистикасының тарихы», Ө. Айтбайұлының «Қазақ тілі және ұлттық баспасөз», Н. Омашевтың «Жиырмасыншы жылдар журналистикасы» және Қ. Сақтың «Алаш мұрасы» атты еңбектері зерттеудің тарихи-теориялық негізін құрады. Сонымен қатар, медиаменеджмент пен маркетинг саласындағы М. Шындалиева, С. Ахметова, А. Сейітқұлова, Г. Сұлтанбаева, М. Булатова және Р. Жақсылықбаева сынды ғалымдардың зерттеулері жарнама, аудиториямен өзара әрекет, кадрлық саясат, цифрлық трансформация және шығармашылық ұстанымдар сияқты аспектілерді талдауға негіз болды. Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері, ережелері мен қорытындылары бірнеше ғылыми жұмыста жарияланды. Оның ішінде Scopus және Web of Science базасында 1 мақала, атап айтсақ: Zhaksylyk Aibarsha, Togtarbay Beibit, Auyesbay Kuat, Shoiymbekova Bakyt, Tolemissova Zhainagul. Development and problems of the national journalistic model of Kazakhstan, considering social, ethical, managerial, and marketing mechanisms of the media environment. Atlantic Journal of Communication. 33 (1), pp. 121-134 ISSN 1545-6870 DOI 10. 1080/15456870.2024.2386428 (Q2, процентиль 65). Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда 2 мақала жарияланды. 1) Қ. Ауесбай «Қазіргі мерзімді баспасөз менеджменті мен маркетингі: әлемдік тәжірибе және отандық басылымдар мәселелері». Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы. – 2025. - № 1 (75). 86-97 бб. 2) Қ. Ауесбай, Қ.Ө. Сақ. «Жасанды интеллектінің баспасөз менеджменті мен маркетингтегі рөлі» Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Журналистика сериясы. – 2025. - № 1 (150). 42-56 бб. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны мен пәні, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы сипатталады. Зерттеудің әдістері мен дереккөздері көрсетіліп, тақырыптың ғылыми маңыздылығы негізделеді. Негізгі бөлімде мерзімді баспасөздегі менеджмент пен маркетингтің қалыптасу және даму ерекшеліктері жан-жақты қарастырылады. Зерттеу барысында отандық басылымдардың басқару жүйесінің даму тарихы, қазіргі жағдайы және шетелдік тәжірибелермен салыстырмалы талдауы жүргізіледі. Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ баспасөзінде қалыптасқан басқару үлгілері мен маркетингтік саясаттағы өзекті мәселелер анықталып, олардың шешу жолдары ұсынылады. Сонымен қатар, ақпараттық технологиялардың дамуы нәтижесінде жаңа медианың дәстүрлі баспасөзге ықпалы, веб-сайттар мен электронды нұсқаларды тиімді қолдану әдістері қарастырылады. Мерзімді басылымдардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мультимедиалық құралдар мен әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы аудиторияны кеңейту жолдары талданады. Жаңа форматтағы басқару мен брендинг жасау тәсілдері баспасөздің танымалдылығын арттырудың маңызды факторы ретінде қарастырылады. Қорытындыда зерттеу нәтижелері бойынша негізгі тұжырымдар мен ұсыныстар берілді. Мерзімді баспасөздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған стратегиялар мен медиаменеджмент әдістемесі бойынша ұсыныстар жасалды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/GQuoeOvCPoU?si=8RhCY-7Gq2YOdwFR
