
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Петров Богдан Сергеевичтің «8D03204 – Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Заманауи Қазақстанның ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі» тақырыбындағы диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі: орыс тілі.
Ресми рецензенттер:
Шәукенова Зарема Кәукенқызы – әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Дудинова Елена Ивановна – филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ЮНЕСКО журналистика және коммуникация кафедрасының доценті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Калашникова Наталья Павловна – саяси ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Жолдыбалина Алуа Серікқызы – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Бұрханов Әзиз Камалұлы – философия докторы (PhD), «Назарбаев университеті» ДББҰ Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, вице-деканы.
Ғылыми кеңесшілері:
Есдәулетов Айтмұханбет Оразбайұлы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Фигус Алессандро – философия докторы (PhD), Кассино және Оңтүстік Лацио университеті ректорының кеңесшісі, профессор (Италия, Кассино қ.).
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D032 – Журналистика және ақпарат» («8D03204 – Журналистика») кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесіндегі қорғау 2026 жылғы 24 қаңтарда, сағат 14:00-де басталады.
Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (офлайн және онлайн) өтеді.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/49732909982694?p=KgrKD7NZZI9vzLa2RE
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтбаев көшесі, 2.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ №1 оқу-әкімшілік ғимараты, 206-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу жұмысының өзектілігі жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлік пен азаматтық бірлікті сақтау мәселелерінің маңызы артып, бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтардың санасына ықпалының кеңеюімен айқындалады. Қоғамның медиатизациясы үдерісі жүруде, яғни медиа әлеуметтік институттардың құрылымына еніп, олардың қызмет етуіне әсер етеді. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарының алдында этномәдени тақырыптарды ұлттық мәселелердің барлық қырын ескере отырып, сауатты әрі жауапты түрде жариялау міндеті тұр. Тарихы терең, мәдени мұрасы бай көпұлтты мемлекет ретінде Қазақстан үшін біртұтас ақпараттық кеңістікті нығайтудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше маңызды. Тәуелсіздік алғаннан кейін республика этностық тиесілігіне қарамастан барлық азаматтарды біріктіруге бағытталған жалпыұлттық бірегейлік тұжырымдамасын жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Қазақстан Республикасы Президентінің сөйлеген сөздерінде, стратегиялық құжаттарда, мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларда ұлттық бірегейлікті сақтау мен дамытудың елдің тұрақты дамуы мен бірлігінің негізі екендігі баса көрсетіледі. Сонымен қатар цифрлық медианың, әлеуметтік желілердің және ақпарат көздерінің алуан түрлілігінің пайда болуы жаңа сын-қатерлерді туындатуда. Жас ұрпақ ақпаратты дәстүрлі арналардан тыс алып, ресми дискурсқа сыни көзқарас танытуда. Осы жағдайларда әртүрлі медианың ұлттық бірегейліктің қалыптасуына қалай әсер ететінін кешенді түрде зерттеу ғылыми тұрғыдан өзекті болып табылады. Зерттеу жұмысының нысаны – ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үдерісінің акторлары ретіндегі Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары. Зерттеу пәні – қазіргі қазақстандық медиакеңістікте ұлттық бірегейлікті конструирлеудің ерекшеліктері мен тетіктері. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеудің мақсаты – қазіргі Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы медианың рөлін кешенді түрде зерттеу. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей міндеттер қойылды: – ұлттық бірегейлік пен оны қалыптастырудағы медианың рөліне қатысты теориялық тәсілдерді талдау; – ұлттық бірегейлік мәселелерінің БАҚ-та жариялануының функционалдық-рөлдік аспектісін қарастыру; – ұлттық бірегейлікті БАҚ-та жариялау нысаны ретінде сипаттау; – Қазақстанда хабар тарататын отандық және шетелдік БАҚ материалдарын ұлттық бірегейлік тақырыбы бойынша талдау; – ұлттық бірегейлік тақырыбындағы медиа материалдардың қоғамдық пікірге ықпалын зерттеу; – ұлттық бірегейлікке арналған материалдардағы проблематика мен үрдістерді айқындау; – кәсіби және болашақ журналистерге, мемлекеттік және қоғамдық институттарға арналған ұсынымдар мен оқу материалдарын әзірлеу. Зерттеу жұмысының дереккөздері үш топтан тұрады. Бірінші топқа ұлттық бірегейлік мәселелерін реттейтін халықаралық және қазақстандық нормативтік-құқықтық актілер кіреді. БҰҰ, ЮНЕСКО, ТМД, Түркі мемлекеттері ұйымы, ЕҚЫҰ деңгейінде қабылданған декларациялар мен конвенциялар қарастырылды. Отандық құжаттар қатарында Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі, «Масс-медиа туралы», «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы», «Тілдер туралы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңдар, «Қазақстан-2050» стратегиясы, мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту тұжырымдамалары, 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасы, діни саладағы мемлекеттік саясат, мәдени саясат тұжырымдамалары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай туралы ереже, 2020-2025 жылдарға арналған Тіл саясатын іске асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қамтылды. Екінші топқа мемлекеттік органдар мен зерттеу ұйымдарының баяндамалары мен есептері жатады: 2021 жылғы Ұлттық халық санағының қысқаша қорытындылары, «Қазақстан жастары» жыл сайынғы баяндамалары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің социологиялық зерттеуі, ҚР Президентінің Жолдаулары мен Ұлттық құрылтайдағы, Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларындағы сөздері, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының әдістемелік құралдары, Бірыңғай жоғары білім беру платформасының білім беру бағдарламалары реестрі. Үшінші топ автордың дербес зерттеу базасын қамтиды: тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі мен Қазақстанның қалыптасу дәуіріндегі («Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» және т.б.) басылымдарға контент-талдау (қайталама деректер негізінде), сондай-ақ Tengrinews.kz, Orda.kz, Azattyq.org, Sputnik.kz желілік басылымдарынан іріктелген 1386 мақаланы талдау. Сонымен бірге 905 респондентті қамтыған медиааудитория сауалнамасы, 11 кәсіби журналист пен журналистика оқытушыларымен жүргізілген сұхбаттар пайдаланылды. Зерттеу әдістері. Зерттеуде кешенділік қағидаты жүзеге асырылды: ұлттық бірегейлік этномәдени, азаматтық, тілдік және өзге де қырлар арқылы көпөлшемді құбылыс ретінде қарастырылды. БАҚ ықпалы 1991-2021 жылдар аралығындағы қайталама деректерге, сондай-ақ 2022-2025 жылдары Қазақстанның ең танымал онлайн-БАҚ - Tengrinews.kz, Orda.kz, Azattyq.org, Sputnik.kz 1386 материалдан тұратын авторлық базаға негізделген контент-талдау, 905 респондентке сауалнама, 11 медиа сарапшымен сұхбат, Қазақстан ЖОО-ларындағы журналистика бойынша 42 білім беру бағдарламасын талдау арқылы зерттелді. Жалпығылыми әдістер де қолданылды. Атап айтқанда, мемлекеттік ұлттық саясат субъектілерінің өзара байланысы мен өзара әрекеттесуін анықтауға, Қазақстанның медиажүйесін журналист кадрларын даярлау, контент өндіру және оның аудитория тарапынан қабылдануын қамтитын тұтас жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік берген жүйелік талдау; ұлттық бірегейлікке қатысты үдерістер мен медиакеңістіктің эволюциясын пайымдауға арналған салыстырмалы-тарихи тәсіл. Сондай-ақ Қазақстанның ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың қазіргі жағдайы мен ерекшеліктері және осы үдерістегі бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуы туралы нақты ақпарат алуға негіз болған құжаттарға саяси-құқықтық талдау жүргізілді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: – ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың және осы үдерістегі бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуының теориялық-әдіснамалық негіздері жинақталып, нақтыланды, ұлттық бірегейлік құрылымын құрайтын идентификациялар мен символдар сипатталды, қайшылықтар егжей-тегжейлі айқындалды; – халықаралық және қазақстандық нормативтік-құқықтық актілер мысалында ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың және осы үдерістегі БАҚ қатысуының саяси-құқықтық базасы жүйелендірілді, тәуелсіздік жылдарындағы мемлекеттік деңгейде ұлттық бірегейлікті қабылдаудың эволюциясы зерттелді; – ұлт бейнесін қалыптастыратын негізгі медианарративтер анықталып, жіктелді, сондай-ақ олардың халықтың әртүрлі топтары тарапынан қабылдану ерекшеліктері айқындалды; – ұлттық бірегейлік тақырыбындағы БАҚ материалдарының уақыт динамикасы, тақырыптық кластерлері, ең жиі қолданылатын сөздер, жиі аталатын тұлғалар мен таралатын символдар анықталды; – Қазақстанның медиакеңістігіндегі ұлттық бірегейлікті қабылдауға қатысты авторлық эмпирикалық зерттеу жүргізіліп, қазақтілді және орыс тіліндегі БАҚ аудиториясының медиатұтыну құрылымы мен үрдістері, медиаконтенттің ұлттық бірегейлікке ықпал ету деңгейі туралы қоғамдық пікір талданды; – ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі жөнінде кәсіби журналистік қауымдастық өкілдерінің пікірі зерттелді; – қолданыстағы білім беру тәжірибелері талданып, ұлттық бірегейлік мәселелерін журналистік білім беру жүйесіне енгізудің жаңа тәсілдері ұсынылды; – ұлттық бірегейлік мәселелерін жариялауды жетілдіруге арналған ұсынымдар әзірленді. Зерттеудің практикалық құндылығы. Зерттеу нәтижелерін журналистика бойынша оқу курстарын әзірлеуде, сондай-ақ БАҚ және этноконфессиялық қатынастар саласындағы саясатты болжауда пайдалануға болады. Талданған журналистік материалдар журналистерге ұсынымдар үшін негіз болады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Қазіргі Қазақстанның ұлттық бірегейлігі – тарихи, мәдени және ақпараттық факторлардың әсерінен қалыптасатын әлеуметтік тұрғыдан құрылатын көпқырлы құбылыс. Медиа бұл процесте шешуші рөл атқарып, азаматтардың жеке бірегейліктеріне біріктірілетін символдық кодтар, нарративтер және ұлттық «Мен» модельдерін таратады. 2. Қазақстан медиадискурсында ұлттық идентификация тақырыбына жоғары сұраныс байқалады. Сол уақытта «қазақстандық» ұғымымен ұсынылатын азаматтық бірегейлік басым. Ол БАҚ-та кеңінен қолданылып, қоғамдық кеңістікте ұлттың біртұтас бейнесін қалыптастыруға ықпал етеді. Алайда «ұлт», «этнос», «ұлтшылдық» ұғымдарын қабылдауда тарихи себептер, ғылыми және қоғамдық-саяси пікірталастар, сондай-ақ қоғамдағы қарама-қайшылықтар, оның ішінде негізгі этнос ішінде бөлінулер, ұлт құру саясаты мен оның БАҚ-тағы көрінісіне әсер етеді. 3. Ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы БАҚ рөлі олардың атқаратын функциялары арқылы жүзеге асады. Жаһандану және медиатизация дәуірінде БАҚ үшін дәстүрлі ақпараттық, әлеуметтендіру, оқу-ағарту, мәдени функциялардан басқа жаңа функциялар пайда болады: agenda setting (аудитория назарын белгілі тақырыптарға аудару арқылы ақпараттық күн тәртібін қалыптастыру), компенсациялық (аудиторияның уақыт пен кеңістік шектеулеріне байланысты толық қанағаттанбаған қажеттіліктерін өтеу). 4. Тіл ұлттық бірегейліктің медиарепрезентациясында орталық орын алып, символ, саясаттың объектісі, мәдени қатыстылық элементі және қоғамдық пікірталастардың көзі ретінде қызмет етеді. БАҚ-тағы тіл мәселелерін жариялануы ұлттық бірегейліктің құндылық бағыттары мен проблемалық аспектілерін бейнелейді. 5. БАҚ-тың ұлттық идентификацияны қалыптастыруға қатысуы сөз бостандығымен қарама-қайшылыққа түсуі мүмкін. Бір жағынан, бұл идеологиялық конструкцияның элементі бола алады, ал екінші жағынан, цифрлық нарық жағдайында БАҚ бірегейлік тақырыбы жоғары мәнге ие аудиторияның сұранысына да жауап беруі қажет. Сондықтан журналистер, ұлттың бөлігі ретінде, «ұлттан тыс» немесе сыни тұрғыда болуға ұмтылғанымен, бірегейлікті қалыптастыруға бейсаналы түрде қатысады. Сол уақытта сын мен провокация арасындағы шекара қозғалысқа бейім, себебі сөз бостандығы ұлттық бірліктің символдық негізін бұзу қаупімен қарама-қайшылыққа түседі. Ондай жағдайлар әсіресе бірегейлік тақырыбы теріс, ирониялық немесе кемсіту тұрғысынан көрсетілгенде орын алуы мүмкін. Бұл мемлекеттің реттеуші қатысуын цензура үшін емес, бірегейлікті қоғамдық игілік ретінде қорғау үшін қамтамасыз ететін икемді, бірақ негізделген нормативтік реттеудің қажеттілігін негіздейді. 6. Ресми күн тәртібі мен альтернативті пікірлер, аудиторияның, әсіресе оның орыс тілді бөлігінің таңдаулары арасындағы медиамәдени бөліну байқалады. Бұл ақпараттық қашықтық ұстану және ұлтқа эмоционалды сәйкестенудің жеткіліксіздігімен көрінетін бірегейліктің дағдарысын көрсетеді 7. Қазақ және орыс тіліндегі БАҚ арасындағы айырмашылықтар негізгі құндылық бағдарларда емес, тек стиль мен аудитория түрлерінде көрінеді. Ұлттық бірегейлік тақырыбы қазақ және орыс тіліндегі БАҚ беттерінде көрсетіледі, бірақ әртүрлі жанрлық және визуалды формалар арқылы беріледі. 8. Ұлттық бірегейлік журналистика бойынша білім беру бағдарламаларында толық көлемде қарастырылмайды. Жалпы білім беру пәндерінде бұл тақырып көптеген басқа міндетті тақырыптардың бірі ретінде ұсынылады. ЖОО-лардың 38%-нда профильдік және базалық пәндер қатарында бұл тақырып мүлдем жоқ. Қалғандарының көбінде ол таңдау компонентіне жатады. Бұл болашақ журналистерді даярлауда ұлттық бірегейлік күн тәртібінің институционалды тұрақтылығын төмендетеді. 9. Жаңа медиа, әлеуметтік желілер және цифрлық платформалар қазіргі аудитория үшін ұлттық бірегейлік көрсетудің негізгі арнасына айналып, дәстүрлі БАҚ-тан озып барады. Бұл ұлттық бірегейлік тақырыбын визуалды көрнекілік, интерактивтік, кроссплатформалық және әртүрлі көзқарастарды көрсету бағытында беру стратегияларын қайта қарауды талап етеді. 10. Журналистер мен оқытушылар ұлттық бірегейлікті қалыптастыру процесінің қатысушылары ретінде өз рөлдерін түсінеді. Сол уақытта БАҚ ұлттық бірегейлікті халықтың санасында қалыптастыратын институт ретінде әрекет етіп, қай бірегейлік формалары қалаулы, рұқсат етілген немесе маргиналды екенін анықтайды. Қорытынды. Қазіргі Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары тек ақпарат тарату құралы ғана емес, сонымен бірге ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызды әлеуметтiк-мәдени институт болып табылады. Олардың ықпалы дискурс деңгейінде, репрезентацияда, эмоционалды қатысуда және институционалды заңдылық деңгейінде көрініс табады. Қазақстан халқының тұрақтылығы мен инклюзивтілігі тікелей БАҚ ұлттық бірегейлік бейнелерін қаншалықты кәсіби, жауапты және икемді түрде құрастыратынына байланысты. Бұл ретте медиа мемлекеттік басымдықтарға да, қоғамның нақты сұраныстарына да бағдарланады. Жұмыстың талқылануы мен мақұлдануы. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды. Зерттеу тақырыбы бойынша жарық көрген мақалалар: Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері бойынша 8 мақала жарық көрді. Оның ішінде Scopus дәйексөздер базасына кіретін журналдарда – 1, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитеті ұсынған басылымдарда – 3, Халықаралық және республикалық деңгейде ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинақтарында – 4. «Медиа сауаттылық және ұлттық бірегейлік» атты оқу-әдістемелік құралы жарық көріп, оқу процессіне енгізілді. Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспе, үш бөлімнен, алты тараушадан, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, қосымшадан тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі – 154 бет.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=JVk4ENmKpaU
