
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Сыздыкова Аида Амановнаның «8D03204 – Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Қазақстандық интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесінің трансформациясы» тақырыбындағы диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі: қазақ тілі
Ресми рецензенттер:
Султан Ертай – философия докторы (PhD), «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КеАҚ Басқарма мүшесі – Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Негизбаева Марлан Онласынкызы – филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ЮНЕСКО журналистика және коммуникация кафедрасының доценті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Шурентаев Амангельды Мирамович – философия докторы (PhD), доцент м.а., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және медиаөнер кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Каримова Бибигуль Жумашовна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Жетісу университетінің Журналистика кафедрасының меңгерушісі (Талдықорған қ., Қазақстан Республикасы).
Ашимова Айтолкын Бериккызы – философия докторы (PhD), «Тұран» университетінің қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Есенбекова Улбосын Меирбековна – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Клушина Наталья Ивановна – филология ғылымдарының докторы, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры (Мәскеу, Ресей Федерациясы).
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты «8D03204 – Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша диссертациялық кеңесіндегі қорғау 2026 жылғы 1 тамызда, сағат 14:00-де басталады.
Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (офлайн және онлайн) өтеді.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/43419700611367?p=HnVjDgVR1fRLbanGlp
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтбаев көшесі, 2. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ №1 оқу-әкімшілік ғимараты, 206-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Цифрлық дәуірде интернет-коммуникация қоғамның ақпараттық экожүйесін толықтай өзгертіп, журналистика жанрларының табиғатын, құрылымын және қызметін жаңа деңгейге шығарды. Ақпаратты өндіру, тарату және қабылдау процестері бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен жүріп, медиатұтыну мәдениеті түбегейлі жаңарды. Бүгінде бұл үрдіс журналистика, лингвистика, психология, әлеуметтану, философия және басқа да гуманитарлық ғылымдар үшін өзекті тақырыпқа айналды. Осындай жағдайда жанрлық жүйенің трансформациясын ғылыми тұрғыдан зерттеу медиа саласының дамуын түсінумен қатар ақпараттық саясат, тілдік кеңістік, аудиториялық мінез-құлық және ұлттық медианың бәсекеге қабілеттілігі сияқты маңызды қоғамдық аспектілерді сараптау үшін өзекті мәселеге айналды. Диссертация «Цифрлық ортада пайда болып жатқан жаңа жанрлық формалар дәстүрлі журналистика жанрларымен бірге қатар өмір сүріп қана жатыр ма, әлде ассимиляцияланып жаңа формалар құрды ма? Егер жаңа жанрлар пайда болса, заманауи жанрлар жүйесі қандай?» деген сұрақтарға жауап береді. Сонымен бірге қазақ тілінің интернеттегі қолданысы да жаңа коммуникативтік нормаларды, жаңа стильдік бағыттарды қалыптастырып жатқанына нақты дәлелдер келтіреді. Мұндай өзгерістердің ішкі заңдылықтарын түсіну ақпараттық кеңістіктің сапалы дамуына ықпал етеді, оған қоса ақпараттық қауіп-қатерлер мен жаңа тенденцияларды дер кезінде анықтап, оларға алдын-ала дайындалуға мүмкіндік береді. Диссертацияда интернет-коммуникацияның жанрлық түрленуінің теориялық негіздері, дәстүрлі және жаңа цифрлық медиадағы жанрлардың салыстырмалы ерекшеліктері, ғаламтордағы жанрлардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтаудың негізгі параметрлеріне шолу жасалып, ғаламтордың қазақстандық сегментіндегі коммуникацияның жанрлық жүйесіндегі өзгерістер мен жаңа цифрлық ортада қазақтілді интернет ресурстардың жанрлық және мазмұндық құрылымы талданды. Зерттеудің өзектілігі. Қазақстанда интернеттің негізгі ақпараттық ортаға айналуы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы инфрақұрылымның дамуы және интернет-пайдаланушылар санының жаппай өсуі коммуникациялық жанрлардың түбегейлі өзгеруіне алып келді. Дәстүрлі жанрлар мультимедиалық, интерактивті және пайдаланушы жасаған контент форматтарымен (влог, мем, UGC) гибридтеліп, жаңа жанрлық модельдер қалыптасуда. TikTok, Instagram сияқты платформалардың кең таралуы контент өндіруді демократияландырып, журналистикаға жаңа талаптар қойды және фейк ақпарат пен мәдени идентификация тәуекелдерін күшейтті. Зерттеудің өзектілігі қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі дамуына да тікелей байланысты. Қазақтілді интернет-контенттің үлесі өсіп келе жатқанымен, оның жанрлық әртүрлілігі мен сапасы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Жаһандық платформалардың (YouTube, Instagram, TikTok, Telegram) алгоритмдік логикасы мен коммерциялық стратегиялары қазақстандық контент өндірісіне елеулі ықпал етіп, дәстүрлі жанрларды өзгертіп, жаңа гибридті формаларды туындатуда. Алайда бұл жаһандық үлгілер қазақстандық медиакеңістікте жергілікті мәдени кодтармен ұштасып, өзіндік глокализациялық траектория қалыптастырады. Зерттеудің практикалық өзектілігі медиаиндустрия мен білім беру жүйесінің сұраныстарымен де айқындалады. Журналистика білімінде дәстүрлі жанр теориясы басым болып, интернет-коммуникацияның жанрлық ерекшеліктері жеткілікті деңгейде жүйеленбеген. Ал қазақстандық интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесін кешенді зерттеу осы олқылықты толтыратын өзекті ғылыми міндет болып табылады. Зерттеу жұмысының нысаны. Цифрлық трансформация жағдайындағы қазақстандық интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесі мен құрылымы, функционалдық ерекшеліктері, даму заңдылықтары зерттеу нысаны болып анықталды. Сонымен бірге, отандық БАҚ пен журналистердің авторлық контенті де диссертациялық жұмыстың нысанын құрайды. Зерттеу жұмысының пәні. Цифрлық ортада қазақстандық интернет-коммуникацияның дәстүрлі жанрларының трансформациялануы, жаңа жанрлық форматтардың пайда болуы және жанрлық жүйенің мазмұндық-құрылымдық өзгерістері. Зерттеу жұмысының дереккөздері мен этикалық мәселелер. Диссертациялық зерттеудің дереккөздік базасы теориялық, эмпирикалық, аналитикалық және статистикалық дереккөздер кешенінен тұрады. Теориялық дереккөздер халықаралық және отандық ғылыми әдебиеттерді қамтиды. Халықаралық деңгейде медиа теориясы, жанр теориясы, цифрлық коммуникация тақырыптары бойынша М. Маклюэн, М. Кастельс, Г. Дженкинс, Л. Манович, М.М. Бахтин, Т.А. Ван Дейк, Б. Тошович, Р. Робертсон, Г.Я. Солганик, Н.И. Клушина, М.А. Васильченко еңбектері пайдаланылды. Зерттеуде М.М. Бахтиннің жанрлардың диалогтық табиғаты тұжырымдамасы, Р. Якобсонның «адресант – мәтін + контекст – адресат» коммуникативті тізбегі және Пирс пен Соссюрдің семиотика теориялары қолданылды. Отандық ғылыми ортада Т.С. Амандосов, Т.Қ. Қожакеев, М.К. Барманқұлов, Қ.М. Аллаберген, Ұ.М. Есенбекова, С.Е. Тапанова, С.Ш. Тахан, Г.Ш. Әшірбекова, А.К. Ишанова, М.Б. Тоқтағазин, Ғ.М. Ақсейіт және т.б. зерттеушілердің еңбектері теориялық негіз ретінде алынды. Құжаттық дереккөздер санатына «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы, тіл саясатын іске асыру бағдарламасы, цифрлық трансформация тұжырымдамасы, жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасы кіреді. Статистикалық деректер ҚР Статистика комитетінің, халықаралық медиазерттеу институттары мен медиаассоциациялардың есептерінен алынды. Эмпирикалық дереккөздер диссертацияның негізгі зерттеу материалын құрайды. Интернет-ресурстар тобына Tengrinews.kz, Orda.kz, Egemen.kz, Baq.kz, Qamshy.kz порталдары енді; Instagram платформасындағы қазақстандық журналист-инфлюенсерлердің аккаунттары, трансмедиалық сторителлинг жобалары, мемдер мен трендтік материалдар зерттелді. Жалпы 190 материал контент-талдауға алынды: оның 100-і қазақтілді интернет-ресурстардан, 90-ы кәсіби журналистердің әлеуметтік желідегі парақшаларынан. 8 трансмедиалық жоба кейс-стади әдісімен талданды; 15 медиаменеджер мен сарапшыдан эксперттік сұхбат алынды. Зерттеу аясында екі кезеңде әлеуметтік сауалнама жүргізілді: 2023-2024 жж. 14-35 жас аралығындағы 1570 респондент, 2025 ж. 1000 респондент қамтылды. Алынған деректер триангуляция принципі негізінде өңделді. Зерттеу барысында қатысушылардың ерікті келісімін (informed consent) алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Сауалнама басталар алдында респонденттерге зерттеудің мақсаты мен мазмұны, қатысудың ерікті екендігі, кез келген уақытта сауалнаманы тоқтату мүмкіндігі, сондай-ақ алынған деректердің тек ғылыми мақсатта және жалпыланған түрде пайдаланылатыны туралы толық ақпарат берілді. Сауалнаманы жалғастыру респонденттің ерікті келісімі ретінде қарастырылды. Сауалнама анонимді форматта жүргізіліп, қатысушылардың аты-жөні, байланыс деректері немесе жеке тұлғаны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін ақпараттар жиналған жоқ. Бұл ҚР Конституциясының 18-бабында бекітілген жеке өмірге қол сұқпаушылық және жеке деректерді қорғау қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды. 18 жасқа толмаған респонденттердің зерттеуге қатысуы анонимді онлайн сауалнама форматы шеңберінде ұйымдастырылды. ҚР «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңының 1-бабына сәйкес персоналдық деректер белгілі бір немесе айқындалатын жеке тұлғаға қатысты мәліметтер болып табылады. Аталған зерттеу аясында респонденттерді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін персоналдық деректер жиналмағандықтан, сауалнама дербес деректерді жинау және өңдеу режиміне жатпайды. Осыған байланысты ата-аналардың немесе заңды өкілдердің келісімін алу туралы талап зерттеуде қолданылған анонимді әдіснама шеңберінде құқықтық тұрғыдан қолданылмайды. Аталған жайт зерттеудің этикалық шектеулерінің бірі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, зерттеу жүргізу барысында тек заң талаптарын сақтау ғана емес, ғылыми-этикалық стандарттарға сәйкестік қағидаты басшылыққа алынды. Халықаралық және жоғары оқу орындарындағы ғылыми зерттеу практикасына сәйкес, кәмелетке толмағандар осал әлеуметтік топ ретінде қарастырылады және олардың зерттеуге қатысуы қосымша этикалық кепілдіктерді талап етеді. Осыған байланысты сауалнама сұрақтары жас ерекшеліктеріне сай, мазмұны жағынан бейтарап және қатысушыларға психологиялық қауіп тудырмайтын түрде құрастырылды. Зерттеу респонденттердің жеке өміріне араласуды, мәжбүрлеуді немесе қандай да бір тәуекелдерді көздеген жоқ, ал алынған деректер тек жалпыланған түрде талданды. Зерттеу барысында пайдаланылған визуалды және әлеуметтік желі деректері этикалық талаптарға сай жиналды. Контент-талдау мен дискурс-талдау үшін тек ашық қолжетімді мәртебесіне ие материалдар пайдаланылды. Атап айтқанда, интернет-ресурстарда жарияланған ашық мақалалар, қоғамдық аккаунттарда, парақшаларда және арналарда орналастырылған контент зерттеу нысанына енгізілді. Жеке, жабық немесе құпия аккаунттардан алынған деректер пайдаланылған жоқ. Бұл деректердің қоғамдық дерек мәртебесі олардың авторлары тарапынан еркін қолжетімді форматта жарияланғанымен айқындалады. Контентті пайдалану барысында авторлық құқық нормалары сақталып, дереккөздер көрсетілді, ал материалдар ғылыми талдау объектісі ретінде ғана қарастырылды. Зерттеу нәтижелерін интерпретациялау кезінде ғылыми адалдық қағидалары басшылыққа алынып, деректерді бұрмалауға, субъективті бағалауға немесе алдын ала қойылған гипотезаларды жасанды түрде дәлелдеуге жол берілген жоқ. Әлеуметтік сауалнама болжамы: қазақстандық интернет-коммуникациядағы жанрлық трансформация тікелей пайдаланушылардың жас ерекшелігіне, өңірлік детерминациясына және медиатұтыну форматтарының (мәтіннен видеоға/визуалға) өзгеруіне байланысты. Бұл процесс қазақ тілінің цифрлық функцияларын кеңейтіп, дәстүрлі жанрлардың гибридтенуіне (мысалы, сленг, англицизм және кодтардың араласуы) алып келеді. Диссертациялық жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі. Зерттеудің әдіснамалық негізі интерпретативті және сыни-аналитикалық тәсілдерді біріктіреді. Функционалды-стилистикалық әдіс интернет-стильдің дербес функционалды стиль ретінде қалыптасуын негіздеуге, интенционалды-стилистикалық әдіс авторлық интенция мен адресат «күту көкжиегін» талдауға қолданылды. Салыстырмалы-тарихи және компаративті әдістер жанрлық жүйенің эволюциясын кезеңдік және халықаралық перспективада қарастыруға мүмкіндік берді. Жанрлық талдау дәстүрлі жанрлардың цифрлық бейімделуін, гибридті формалардың қалыптасуын ашса; дискурс-талдау (сыни және мультимодальды) медиа мәтіндердегі идеологиялық позициялар мен семиотикалық режимдердің өзара әрекетін зерттеді. Кейс-стади теориялық тұжырымдарды нақты мысалдармен дәлелдеуге қызмет етті. Бақылау нәтижелері контент-талдау, әлеуметтік зерттеулер, эксперттік интервью және кейс-стадилер арқылы алынған. Контент-талдау жанрлық сипаттамаларды сандық және сапалық түрде өлшеуге, әлеуметтік зерттеулер пайдаланушылардың медиа тұтыну практикаларын тереңдете зерттеуге, ал кейс-стадилер нақты жобалар мен платформалардың жетістіктері мен проблемаларын талдауға мүмкіндік береді. Жалпы 190 материал талданды, оның 100-і қазақтілді интернет-ресурстардан, ал 90-ы қазақтілді кәсіби журналистердің әлеуметтік желідегі парақшаларынан алынды. Кейс-cтадимен 8 трансмедиалық жоба қарастырылса, сапалық зерттеу үшін 15 медиаменеджер мен медиа сарапшыларынан сұхбат алынды. Зерттеу аясында 2 әлеуметтік зерттеу жүргізілді. 2023-2024 жж. қазақтілді медиакеңістіктің қазіргі ахуалы, жастардың оқу мен медиа тұтыну дағдыларын түсінуге бағытталған 14-35 жас аралығындағы 1570 адамның арасында сауалнама жүргізілді, ал 2025 ж. қазақ тілінің жаңа медиа ортадағы болашағы мен тілдік мінез-құлыққа қатысты жастардың пікірін жинау мақсатында 1000 респонденттің қатысуымен әлеуметтік сауалнама жүзеге асырылды. Сауалнамалар арқылы жастардың медиа тұтыну тәжірибесі, қазақтілді интернет-контентке деген қызығушылығы, жанрлық форматтарға деген сұранысы, ақпаратты қабылдау және интерпретациялау ерекшеліктері анықталды. Зерттеудің негізгі параметрлері ретінде респонденттердің жасы, жынысы, тұрғылықты өңірі, негізгі пайдаланатын цифрлық платформалары және контент тұтыну жиілігі есепке алынды. Алынған әлеуметтік деректер контент-талдау нәтижелерімен салыстырылып, триангуляция принципі негізінде өңделді. Әлеуметтік зерттеу әдісі пайдаланушылардың медиа тұтыну практикаларын тереңдете зерттеуге мүмкіндік беріп, әлеуметтік желілер мен онлайн-қауымдастықтардағы қатысушылардың мінез-құлқын бақылауды, олардың өзара әрекеттесу тәсілдерін талдауды және қауымдастық нормаларын түсінуге көмектесті. Сонымен қатар 15 медиаменеджер мен сарапшылардан эксперттік сұхбаттар алынды. Сарапшылық интервью әдісі журналистер мен медиа саласы қызметкерлерінің практикалық тәжірибесінен бақылаған жанрлар трансформациясын туралы тұжырымдарын зерттеуге септігін тигізді. Зерттеу барысында әр түрлі әдістердің нәтижелерін салыстыру арқылы қорытындылардың сенімділігі арттыруға бағытталған триангуляция принципі қолданылды. Әдістемелік плюрализм сандық және сапалық тәсілдерді біріктіруге, әртүрлі деректер көздерін пайдалануға және көпдеңгейлі талдау жүргізуге жағдай жасады. Диссертациялық зерттеудің мақсаты. Қазақстандық интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесінің цифрлық трансформация жағдайындағы өзгеру заңдылықтарын, дәстүрлі жанрлардың түрленуін және жаңа жанрлық форматтардың қалыптасу механизмдерін анықтау. Диссертациялық зерттеудің міндеттері: – интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесінің даму кезеңдерін анықтап, әр кезеңнің ерекшеліктерін жүйелі түрде сипаттау; – қазіргі коммуникациялық ортадағы жанрлардың классикалық журналистика жанрларын салыстырмалы зерттеу, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсететін негізгі параметрлерді белгілеу; – интернет-коммуникация жанрларының классификациялық үлгілері мен принциптерін әзірлеу, жаңа жанрлардың пайда болуын технологиялық шешімдер мен коммуникативтік тәсілдердің жетілуінен туындаған құбылыс ретінде теориялық негіздеу; – дәстүрлі жанрлардың жаңа коммуникациялардың ықпалымен трансформациялану процесіндегі цифрлық медианың рөлін талдау, гибридтену, полижанрлық формалар, гипермәтіндік, мультимедиалық, интерактивтілік, виртуалдық және синкреттілік феномендерін зерттеу; Қазақстандағы интернет-коммуникацияның әлеуметтік-мәдени контекстпен байланысын талдау, тіл, мәдениет, әлеуметтік орта, экономикалық және технологиялық факторлардың жанрлық жүйеге әсерін ашып көрсету: – интернет-коммуникацияның даму заңдылықтары мен қолданушылардың ақпараттық мазмұнды өзгертудегі рөлін эмпирикалық зерттеу арқылы анықтау; – қазақтілді интернет ресурстардың жанрлық жүйесі мен мазмұндық құрылымын талдау, олардың өзгеру бағыттарын, дәстүрлі жанрларды түрлендіру мен жаңа жанрларды туғызу мүмкіндігін зерттеу; – қазақтілді интернет-ресурстардың жанрлық жүйесінің болашақ даму үрдістерін болжау және практикалық ұсынымдар әзірлеу. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы теориялық-әдіснамалық, эмпирикалық-аналитикалық, классификациялық-типологиялық және болжамдық-практикалық деңгейлерде көрініс табады: 1. Теориялық-әдіснамалық деңгейде ғылыми жаңалық қазақстандық интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесін алғаш рет кешенді теориялық тұрғыдан концептуалдауда, цифрлық ортаның жанр жасаушы орта ретіндегі ерекшеліктерін ғылыми негіздеуде және жанрды технологиялық және әлеуметтік факторларға тәуелді динамикалық категория ретінде дәлелдеуде жүзеге асады. Зерттеу барысында алғаш рет гибридтену, полижанрлық, гипермәтіндік, мультимедиалық, интерактивтілік, виртуалдық және синкреттілік феномендерінің қазақ тілді контентте көрінісі жүйелі түрде талданды және дәстүрлі журналистикалық жанрлардың интернет-кеңістікте трансформациялану заңдылықтары ашып көрсетілді. Әдіснамалық жаңалық қазақ тілді интернет-ресурстарды зерттеуге арналған жанрлық талдаудың түпнұсқалық әдіснамалық аппаратын әзірлеуде, дәстүрлі журналистика жанрлары мен жаңа интернет-жанрлардың айырмашылықтары мен ұқсастықтарын анықтау үшін нақты параметрлік модель ұсынуда және көптілді медиа кеңістіктегі жанрлық үдерістерді зерттеу әдістемесін жасауда көрінеді. Бұл жаһандық медиа теорияларын постсоветтік кеңістіктің ерекшеліктерін ескере отырып дамытуға және жанрлық жіктеудің ғылыми негізін күшейтуге ықпал етеді. 2. Эмпирикалық-аналитикалық деңгейде ғылыми жаңалық қазақстандық интернет-кеңістіктегі жанрлық трансформацияның алғашқы кешенді эмпирикалық зерттеуін жүргізуде, 2020-2025 жылдар аралығындағы жанрлық өзгерістердің сапалық сипаттамаларын алғаш рет ғылыми айналымға енгізуде және контент-анализ арқылы медиа құрылымын объективті өлшеуде жүзеге асады. Зерттеуде іріктелген қазақтілді БАҚ-тары бойынша жанрлық, тақырыптық, форматтық және тональдылық көрсеткіштері нақты пайызбен өлшеніп, медиа кеңістігінің нақты статистикалық бейнесі жасалды. Қазақстанның интернет кеңістігіне тән жанрлық ерекшеліктер, тілдік тенденциялар, жастар аудиториясының медиа тұтынуы және қазақтілді контенттің даму бағыттары контент-анализ және әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде эмпирикалық деректермен дәлелденді. Медиа стратегияларын айқындау мақсатында әр редакцияның қандай жанрға, форматқа және эмоционалдық реңкке басымдық беретіні анықталып, олардың ақпарат тарату философиясы, аудиториямен коммуникативтік қарым-қатынас тәсілі және идеологиялық бағдарлары түсіндірілді. Қазақтілді интернет-ресурстардағы жанрлардың эволюциясы, медиақауымдастықтардың рөлі, қолданушының контент жасаушыға айналуы, пайдаланушылардың жанр қалыптастырудағы рөлі сияқты процестер нақты сипатталды. 3. Классификациялық-типологиялық деңгейде ғылыми жаңалық қазақ тілді интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесінің түпнұсқалық классификациясын жасауда, дәстүрлі, трансформацияланған, гибридті және түпнұсқалық цифрлық жанрлардың категорияларын ғылыми негіздеуде, жанрлардың типологиясын ұсынуда және мультимодальды жанрлардың жіктемесін әзірлеуде көрінеді. Жаңа жанрлық формалардың ерекшеліктері алғаш рет жүйелі түрде сипатталып, олардың дәстүрлі журналистика жанрларымен қатар өмір сүру және кейбір жағдайларда оларды алмастыру механизмдері ашылды. Жаңа жанрлардың қалыптасуы мен таралуы тек технологиялық өзгерістермен ғана емес, әлеуметтік-мәдени факторлармен, аудиторияның сұранысымен және платформалық коммуникация логикасымен байланыстырыла отырып жан-жақты түсіндірілді. 4. Болжамдық-практикалық деңгейде ғылыми жаңалық қазақ тілді цифрлық медианың жанрлық дамуының болашақ сценарийлерін алғаш рет ғылыми негіздеуде, жасанды интеллект, виртуалды және қосымша шындық, метағалам технологияларының жанрлық жүйеге әсер ету үлгілерін анықтауда, жанрлық трансформацияға ықпалын болжауда және жаңа сын-қатерлерге дайындық әдістерін ұсынуда жүзеге асады. Жас ұрпақтың медиамінез-құлқы, ақпаратты қабылдау ерекшеліктері мен қазақ тіліндегі контентке деген қызығушылықтың артуы нәтижесінде ұлттық медиа үшін жаңа мүмкіндіктер мен жаңа талаптар анықталды. Зерттеу нәтижелері жанр теориясын жаңғыртуға, қазақ интернет-журналистикасының даму динамикасын анықтауға, медиа саласының стратегиялық жоспарлауына және ұлттық ақпараттық саясатты жетілдіруге ғылыми негіз ұсынады. 5. Сонымен қатар зерттеу медиа-жүйедегі тәуекелдерді алғаш рет кешенді түрде анықтады: тілдік теңсіздік, ақпараттық жанрдың шамадан тыс басымдығы (95% дейін), талдама мен лонгридтердің жеткіліксіздігі, негативті реңктің поляризацияны күшейту қаупі (65% дейін) сияқты мәселелер белгіленіп, олардың медиа саясатына, журналистік стандарттарға және контент сапасына әсері дәлелденді. БАҚ арасындағы айырмашылықтарды жүйелі салыстыру арқылы медиа нарығындағы трендтер, редакциялық саясат және ақпараттық күн тәртібі сапалық дәлдікпен көрсетілді. Аудиторияға әсер ету механизмдері зерттелуде негативті реңктің жоғары болуының қоғамдағы эмоционалды реакцияны күшейту мүмкіндігі, ал позитивті реңктің ақпараттық атмосфераны жұмсарту әсері эмпирикалық деректермен дәлелденді. 6. Зерттеу қазақстандық интернет-генристика теориясының қалыптасуына үлес қосады, посткеңестік кеңістіктегі цифрлық медианың ерекшеліктерін халықаралық ғылыми дискурсқа енгізеді және көптілді қоғамдардағы интернет-коммуникацияның жанрлық өзгешеліктерін зерттеу үшін теориялық-әдіснамалық база құрады. Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Зерттеудің теориялық негізін М. McLuhan технологиялық детерминизм тұжырымдамасы, М. Castells желілік қоғам теориясы, H. Jenkins конвергенция мәдениеті, L. Manovich цифрлық медиа теориясы, J.D. Bolter мен R. Grusin ремедиация теориясы, М.М. Бахтиннің жанрлық диалогизм теориясы, C.R. Miller жанрларды әлеуметтік әрекет түрлері ретінде қарастыру тұжырымдамасы, T. Van Dijk платформа қоғамы теориясы, A. Bruns «Produsage» тұжырымдамасы, D.M. Boyd пен N.B. Ellison әлеуметтік желілік сайттар теориясы және R. Robertson «Glocalization» тұжырымдамасы құрайды. Посткеңестік ғылыми ортадан Н.И. Клушина, Б. Тошович, Г.Я. Солганик, Т.Г. Добросклонская, С. Гайда, М.А. Васильченко, Е.С. Кара-Мурза еңбектері интернетте қалыптасқан жаңа жанрлар мен олардың стилистикасын талдауға септігін тигізді. Қазақтілді ғылыми ортада жанрлар теориясының негізін қалаған Т.С. Амандосов, Т.Қ. Қожакеев, М.К. Барманқұлов еңбектері негізге алынды, сонымен қатар журналистика, медиакоммуникация, медиалингвистика бойынша зерттеулерімен танымал Қ.М. Аллаберген, Б.Ж. Омаров, Қ.Ө. Сақ, Ұ.М. Есенбекова, Б.Т. Баткеева, А.О. Есдәулетов, А.М. Шүрентаев, С.Е. Тапанова, Г.Ш. Әшірбекова, Г.Ж. Болатова, С.Ш. Тахан, А.К. Ишанова, М.Б. Тоқтағазин, Ғ.М. Ақсейіт, А.Б. Ақынбекова, А.Қ. Мектептегі, М.Б. Шындалиева еңбектерінің тұжырымдары мен пікірлері теориялық маңыздылыққа ие болды. Сонымен қатар посткеңестік елдер ғалымдары арасынан Б. Тошович, Г.Я. Солганик, Т.Г. Добросклонская, С. Гайда, Н.И. Клушина, М.А. Васильченко, Е.С. Кара-Мурза және т.б. зерттеушілер еңбектері қолданылды. Жалпы алғанда тақырыптың зерттелу дәрежесі әлемдік деңгейде жоғары (теориялық модельдер басым), ресейлік ғылыми ортада орташа (лингвистикалық фокус), ал қазақтілді ғылымда жеткіліксіз дәрежеде деп айтуға болады, себебі жаңа жанрлардың практикалық қолдануының өзі жеткіліксіз. Қазақстандық контекстте қазақтілді ресурстардың жанрлық өзгерістерінің кешенді, жүйелі талдаулары мен технологиялық факторлардың әсерінен туындаған өзгерістердің жүйелі майнд-мэп нұсқалары жоқтың қасы десек те болады. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар. Жоғарыдағы диссертация жаңашылдықтарын, дереккөздерін, әдіснамалық, теориялық негіздерін есепке ала отыра зерттеу тақырыбының маңызы зерттеудің төменде келтірілген негізгі тұжырымдарында айқындалады: 1. Қазақстандық интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесі цифрлық трансформация жағдайында тұрақты құрылым емес, технологиялық, әлеуметтік-мәдени және коммуникативтік факторларға тәуелді динамикалық жүйе болып табылады. Зерттеу нәтижелері интернет-жанрлардың дәстүрлі журналистика жанрларынан тікелей эволюциялық жолмен емес, гибридтену, полижанрлық және синкреттік процестер арқылы қалыптасатынын дәлелдейді. Цифрлық орта жанр жасаушы фактор ретінде әрекет етіп, жанрдың құрылымын, функциясын және стилистикасын түбегейлі өзгертеді. Жасанды интеллект, VR/AR, метағалам технологиялары қазақстандық интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесіне алдағы уақытта сапалық жаңа өзгерістер енгізеді. Диссертацияда бұл технологиялардың жанрлық мүмкіндіктері мен шектеулері ғылыми тұрғыда болжанып, қазақтілді цифрлық медианың болашақ даму сценарийлері ұсынылды. 2. Дәстүрлі журналистика жанрлары (жаңалық, репортаж, сұхбат және т.б.) қазақстандық интернет кеңістікте жойылмай, мультимедиалық, гипермәтіндік және интерактивті форматтарға бейімделу арқылы трансформациялануда. Контент-анализ нәтижелері дәстүрлі жанрлардың цифрлық ортада қысқартылған, визуалданған және платформаға бейімделген нұсқаларда өмір сүріп жатқанын көрсетеді (short news, сторис-репортаж, видеосұхбат және т.б.). Жаңа интернет-жанрлардың пайда болуы тек технологиялық прогрестің нәтижесі емес, сонымен қатар жаңа медиақауымдастықтардың және қолданушы-автор «Produsage» моделінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Қазақстандық интернет-кеңістікте пайдаланушылар контентті тек тұтынушы емес, жанр қалыптастырушы субъект ретінде әрекет етеді. UGC, блогинг, подкастинг, инфлюенсерлік контент пен мемдік коммуникация дәстүрлі журналистика жанрларымен бәсекеге түсіп, кей жағдайда оларды алмастырып отыр. 3. Қазақтілді интернет-ресурстардың жанрлық жүйесінде ақпараттық жанрлардың шамадан тыс басымдығы (95%-ға дейін) байқалады, бұл аналитикалық жанрлардың жеткіліксіз дамуына алып келуде. Бұл жағдай қазақтілді интернет-журналистиканың сапалық теңгеріміне әсер етіп, қоғамдық пікірдің үстірт қалыптасу қаупін күшейтіп, қазақ тілінің беделі мен қолданылуына кері әсерін тигізуде. Зерттеу аналитикалық жанрларды, лонгридтер мен түсіндірмелі журналистиканы дамыту қажеттігін ғылыми тұрғыда негіздейді. Қазақ тілінің цифрлық ортадағы дамуы жанрлық трансформациямен тікелей байланысты және интернет-стильдің дербес функционалды стиль ретінде қалыптасу үрдісі жүріп жатыр. Функционалды-стилистикалық және интенционалды-стилистикалық талдау қазақтілді интернет контентінде жаңа сөйлеу нормаларының, гибридті стильдердің, визуалды және вербалды кодтардың қатар қолданылуының күшейгенін көрсетті. 4. Жаһандық цифрлық платформалардың алгоритмдік логикасы қазақстандық интернет-жанрлардың құрылымына тікелей әсер етіп, глокализация процесін күшейтуде. Зерттеу халықаралық платформалардағы қазақтілді контент жаһандық жанрлық үлгілерді толық көшірмей, жергілікті мәдени кодтар мен тілдік ерекшеліктерге бейімдеу арқылы өзіндік жанрлық нұсқалар қалыптастыратынын және оның жаһанданы үрдісіндегі жастардың ұлттық идентификацияға құштарлығының өсуімен байланысты екенін дәлелдейді.Интернет-коммуникациядағы жанрлық трансформация медиа қауіп-қатерлерді де қатар тудырады: фейк ақпараттың таралуы, негативті тональдылықтың поляризацияны күшейтуі және мәдени идентификацияның әлсіреу қаупі. Контент-анализ нәтижелері негативті реңктің жоғары үлесі (65%-ға дейін) аудиторияның эмоциялық реакциясын күшейтіп, қоғамдық дискурстың радикалдануына әсер етуі мүмкін екенін көрсетті. 5. Трансмедиалық сторителлинг қазақстандық интернет-коммуникацияда жанрлық жүйені кеңейтетін және дәстүрлі жанрларды жаңа деңгейде қайта құрастыратын жетекші механизмдердің біріне айналды. Зерттеу нәтижелері ТС-тің Қазақстан жағдайында тек ойын-сауық немесе маркетинг құралы ғана емес, әлеуметтік, мәдени және идеологиялық мағыналар тудыратын күрделі коммуникациялық стратегия екенін дәлелдейді. ТС жанрлық жүйеде дербес метажанр ретінде қалыптасып, жаңалық, репортаж, деректі фильм, подкаст, әлеуметтік кампания және UGC элементтерін бір нарративтік әлемде біріктіреді, ал Қазақстан Орталық Азиядағы трансмедиалық сторителлингтің негізгі өндірістік және креативті хабына айналып отыр. 6. Зерттеу нәтижелері алғаш рет қазақстандық интернет-генристика теориясының қалыптасуына жүйелі үлес қосып, ұлттық медианың цифрлық даму стратегияларын ғылыми негіздеуге мүмкіндік береді. Ұсынылған жанрлық классификация, параметрлік модель және эмпирикалық деректер журналистика білім беру бағдарламаларын жаңғыртуға, медиа индустрияның кадрлық даярлығын жетілдіруге және мемлекеттік ақпараттық саясатты ғылыми негізде жоспарлауға қолдануға жарамды. Диссертацияның теориялық және практикалық маңызы. Теориялық маңызы: зерттеу жанр теориясын жаңа медиажүйеге бейімделген жаңа түсіндірмемен толықтырады, интернет-генристика сияқты жаңа ғылыми бағыттың іргетасын қалауға үлесін қосады, жаңа жанрлардың қалыптасуын технологиялық ғана емес, әлеуметтік-мәдени тұрғыдан да қарастырып, жанр теориясын пәнаралық деңгейде кеңейтеді. Практикалық маңызы: зерттеу нәтижелері редакциялық стратегияларды әзірлеуде, қазақтілді интернет-контенттің сапасын арттыруда, журналистика факультеттерінде интернет-стилистика, цифрлық журналистика, медиасауаттылық курстарында оқу-әдістемелік материал ретінде, сондай-ақ ұлттық ақпараттық саясатты жетілдіруде қолданылуы мүмкін. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының кеңейтілген мәжілісінде талқылаудан өтті. Диссертациялық зерттеудің негізгі тұжырымдары 12 ғылыми мақала түрінде жарияланды: Scopus базасына енгізілген журналдарда – 2, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда – 4, халықаралық ғылыми конференцияларда – 6 мақала, республикалық ғылыми конференцияда – 1 мақала. Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Негізгі бөлім үш бөлімнен құралған. Зерттеу жұмысында нормативтік сілтемелер мен анықтамалар, қысқартулар және қосымшалар бар. Бірінші бөлімде интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесі дискурсты зерттеу нысаны ретінде теориялық және практикалық тұрғыдан қарастырылады. Жанрлар тек пәнаралық дискурсивтік құбылыс ретінде емес, сонымен бірге даму сатыларына байланысты өзгеріп отыратын зерттеу объектісі ретінде де сараланады. Екінші бөлімде қазақстандық интернет кеңістігіндегі жанрлық трансформация ұлттық, әлеуметтік-мәдени және технологиялық контекст аясында қарастырылады және отандық интернет-коммуникацияның өзіндік жанрлық траекториясын анықтауға бағытталған. Ал үшінші бөлім диссертацияның эмпирикалық бөлігін құрайды: қазақтілді интернет ресурстардың жанрлық жүйесі мен мазмұндық құрылымының өзгеру бағыттары айқындалып, олардың болашақ даму үрдістері интерпретацияланады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=1WG--pOlrpE
