
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Маркабаева Гульшат Тулеуовнаның «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындаған «Ел имиджін қалыптастырудағы коммуникативті стратегиялар мен PR құралдары (Қазақстан Республикасының мысалында)» тақырыбындағы диссертациясы қорғалады.
Диссертация Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі: қазақ тілі
Ресми рецензенттер:
Альжанова Айгерим Болатхановна – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Жүзеев Серікхан Әлханұлы – философия докторы (PhD), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы (Қызылорда қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Нуриден Рахима – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Құрманбаева Алмагуль Алиевна – филология ғылымдарының кандидаты, «Тұран» университеті Медиа және мәдениетаралық коммуникация Жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Баешова Балзия Шегетайқызы – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Журналистика кафедрасының меңгерушісі (Туркістан қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Султанбаева Гулмира Серикбаевна – саяси ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және құқық факультеті Гуманитарлық ғылымдар кафедрасының зерттеуші профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Жусупова Алматай Мергенбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы (Қостанай қ., Қазақстан Республикасы).
Гавра Дмитрий Петрович – әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті Журналистика және бұқаралық коммуникация жоғары мектебінің бизнестегі қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңесіндегі қорғау 2026 жылғы 14 қарашада, сағат 14:00-де басталады.
Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (офлайн және онлайн) өтеді.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/467756931626432?p=VCoy3QBqR6SRcgKMFf
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтбаев көшесі, 2. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ №1 оқу-әкімшілік ғимараты, 206-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Аңдатпа. Ел имиджі – бұл мемлекет туралы қоғамдық санада қалыптасатын кешенді бейне ретінде инвестициялық тартымдылыққа, халықаралық беделге және ұлттық бірегейліктің нығаюына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Қазақстан Республикасында ел имиджін қалыптастыру мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Мәселен, «Қазақстан–2050» стратегиясы құжатында елдің халықаралық беделін арттыру стратегиялық басымдық ретінде көрсетіледі. Ақпараттық саясат саласында «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, онда ұлттық ақпараттық кеңістікті дамыту және елдің оң имиджін қалыптастыру негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді қоғаммен тиімді коммуникация орнату қажеттілігі ерекше атап өтіледі. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық бірегейлікті нығайту, тарихи сананы жаңғырту арқылы елдің ішкі имиджін қалыптастыруға бағытталған. Зерттеу тақырыбының өзектілігі қазіргі қоғам дамуының ерекшеліктерімен айқындалады. Елдің халықаралық деңгейде қалай қабылданатыны және өз азаматтарының оған деген қатынасы, олардың өздерін осы елмен қалай сәйкестендіретіні ел экономикасына тартылатын инвестицияларға, ұлттық бірегейліктің қалыптасуы мен дамуына әсер етеді және оның әрі қарайғы дамуының негізін қалайды. Бұл үрдісте бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе Қазақстан жағдайында ең кең таралған әрі қолжетімді ақпарат тарату арнасы болып табылатын телевизия шешуші рөл атқарады. Осы үдерісті тиімді басқару үшін ел имиджінің негізгі құрамдас бөліктерін анықтау, оны талдау әдістерін айқындау және қалыптастыру стратегияларын әзірлеу қажеттілігі туындайды. Елдік имиджді қалыптастыру мәселесі қазіргі әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың маңызды зерттеу бағыттарының біріне айналды. Жаһандану жағдайында мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі тек экономикалық немесе саяси көрсеткіштермен ғана емес, сонымен қатар олардың қалыптасқан имиджімен де анықталады. Осы тұрғыдан алғанда, елдің жағымды имиджі стратегиялық pecypc ретінде мемлекетке халықаралық аренада ықпал ету мүмкіндігін арттырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етеді. Бұл үрдісте бұқаралық коммуникация жүйесі шешуші рөл атқарады. БАҚ, жарнама, PR технологиялар, сондай-ақ мәдени және креативті индустриялар қоғамда мемлекет туралы белгілі бір символдық бейнелер мен мағыналарды қалыптастырып, оларды кең аудиторияға таратады. Осы зерттеу аясында имидж ұғымы ретінде бұқаралық аудитория санасында мақсатты түрде қалыптасатын, қоғамдағы басым ақпараттық ағындарға негізделген ел бейнесі түсіндіріледі. Дегенмен, ғылыми әдебиеттерді талдау көрсеткендей, ел имиджін қалыптастыру мәселесі көбінесе сыртқы имидж тұрғысынан қарастырылып, ішкі имидждің қалыптасуы жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Сонымен қатар, Қазақстан жағдайында коммуникативті стратегиялар мен PR құралдарының рөлі жүйелі түрде қарастырылған еңбектер саны шектеулі. Ел имиджін қалыптастырудағы коммуникациялық стратегиялар мен PR құралдарын Қазақстан Республикасының мысалында кешенді зерттеу ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан өзекті болып табылады. Бұл зерттеу бұқаралық коммуникацияның ел имиджін қалыптастырудағы рөлін айқындауға, тиімді модельдерін ұсынуға және мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіруге бағытталған ғылыми негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі қоғам жаһандық ақпараттық кеңістік ретінде сипатталады, мұнда ақпарат өндіру, тарату және қабылдау үдерістері қоғамдық дамудың негізгі факторларының біріне айналып отыр. Аталған кеңістікті қалыптастырудың маңызды механизмдерінің бірі – қоғаммен байланыс (PR) институты болып табылады, ол қазіргі заманғы коммуникациялық жүйені ұйымдастыру мен реттеуде жетекші рөл атқарады. Қоғаммен байланыс қоғамдық қатынастардың құрылымдық элементі ретінде әлеуметтік субъектілер арасындағы ақпарат алмасу үдерістерін жүйелей отырып, қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, PR қызметі имидж қалыптастырумен тығыз байланысты, себебі ол мақсатты аудитория санасында белгілі бір объектіге қатысты жүйеленген, бағытталған және басқарылатын бейнені қалыптастыруға бағытталады. Атап айтқанда, қоғаммен байланыс технологиялары ел имиджін қалыптастыру үдерісінде ерекше маңызға ие, өйткені олар мемлекет туралы қоғамдық санада қалыптасатын қабылдауларды, бағалауларды және стереотиптерді қалыптастыру мен трансформациялаудың негізгі құралы ретінде қызмет етеді. Мемлекеттің оң имиджін қалыптастыру қазақстандық қоғамды жаңғыртудың ең маңызды құрамдас бөлігі деп санауға болады. Бұл қажеттілік бірқатар жағдайларға байланысты өз өзектілігін арттырып тұр. Мұндай тұжырымға келуге бірнеше себеп бар: біріншіден, мемлекет бейнесі күрделі және көпқырлы құбылыс. Ол әрқилы факторлардың әсерінендамиды. Мемлекеттің бейнесі –ел азаматтары мен заң шығарушы, мемлекеттік және басқа да билік органдары арасындағы саяси, әлеуметтік, мәдени қатынастардың өзіндік айнасы; екіншіден, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы өз тарихын жасаушы сындарлы кезең сатысында тұр, оның мәні мен жалпы мазмұны негізінен уақыт өте келе айқындалады; үшіншіден, Қазақстанның имиджін қалыптастыру мәселесі сыртқы саяси аспектілерімен қатар аз зерттелген және жеткіліксіз жаңартылған мәселенің ішкі саяси жағы да бар. Ел имиджін медиакеңістікте қалыптастыру мәселесі қазіргі коммуникация, PR және медиа зерттеулеріндегі өзекті ғылыми бағыттардың бірі болып табылады. Жаһандану жағдайында мемлекет туралы қоғамдық пікір тек нақты әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, сонымен қатар ақпараттық кеңістікте қалыптасқан бейнемен анықталады. Осы тұрғыдан алғанда, медиакеңістік ел имиджін құрастырудың негізгі алаңына айналады. Қазақстанның ішкі имиджін қалыптастырудағы коммуникациялық стратегиялар мен PR технологияларды мемлекеттік бағдарламалар, телевизиялық медиадискурс және қоғамдық қабылдау сабақтастығында зерттеу қазіргі журналистика мен бұқаралық коммуникация ғылымы үшін өзекті болып табылады. Мұндай зерттеу ел имиджін жекелеген жағымды хабарламалар мен символдық сипаттамалардың жиынтығы ретінде емес, мемлекеттік саясат, институционалдық коммуникация, медиалық интерпретация және азаматтардың әлеуметтік тәжірибесі өзара ықпалдасатын көпдеңгейлі коммуникативтік жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері елдің ішкі имиджін қалыптастырудың ғылыми негіздерін толықтыруға, телевизиялық медиаконтенттің ерекшеліктерін анықтауға және мемлекеттік ақпараттық-коммуникациялық саясатты жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге негіз бола алады: ең алдымен, ішкі имидж елдің сыртқы абырой-беделінің негізін құрайды. Егер азаматтар билікке сенбесе немесе өздерін қоғамнан шет сезінсе, онда елдің өзін тұрақты, дамыған мемлекет ретінде көрсетуі қиынға соғады. Қоғамның ішкі көңіл-күйі әлеуметтік желілер және халықаралық байланыстар арқылы сыртқы әлемде көрініс табады. Сондықтан ішкі және сыртқы имидж өзара тығыз байланыстағы ұғымдар болып табылады, бұл ретте ішкі сенім сыртқы беделді күшейтсе, ал ішкі күмән мен дүдамалдық оны әлсіретеді. Екіншіден, ішкі имидж ұлттық бірегейлік пен қоғамдық біртұтастықтың көрсеткіші болып, азаматтардың елге деген мақтаныш сезімін және эмоционалдық байланысын қамтиды. Егер адамдар өз елін оң қабылдаса, олар оның дамуына қызу қатысады, мемлекеттік институттарға сенім білдіріп, қоғамдық өмірге белсене араласады. Керісінше, ішкі имидждің әлсіздігі ұлттық сәйкестік дағдарысын, мәдени алшақтықты немесе әлеуметтік бөлінуді білдіруі ықтимал.Үшіншіден, ішкі имидж саяси және әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Қоғамдағы сенім деңгейі және болашаққа деген үміт ішкі имидждің құрамдас бөліктері саналады. Егер бұл көрсеткіштер жоғары болса, қоғам дағдарысқа төзімді келеді. Ал олар төмен болған жағдайда ұсақ-түйек мәселелердің өзі үлкен әлеуметтік шиеленіске ұласуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда ішкі имидж тек символдық құбылыс емес, нақты саяси фактор болып табылады. Коммуникация және PR тұрғысынан алғанда, ішкі аудитория негізгі аудитория болып есептеледі. Сыртқы имиджді қалыптастырмас бұрын мемлекет өз азаматтарының сеніміне ие болуы тиіс. Бұл идеяны Филипп Котлер табысты бренд ең алдымен ішкі деңгейде қалыптасады, деп атап өткен. Ал, Саймон Анхольт елдің беделі тек коммуникация арқылы емес, нақты ішкі жағдайға негізделетінін көрсеткен. Әлемдік қауымдастыққа қосылғанына көп уақыт болмаған Қазақстан сияқты мемлекеттер үшін ішкі имиджді зерттеу ерекше маңызды. Әлеуметтанушылық зерттеулер көпэтносты қоғам, аймақтық айырмашылықтар және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үдерісі ішкі имидждің күрделі құрылым екенін көрсетіп отыр. Сондықтан да азаматтардың әртүрлі топтарының ел туралы көзқарасын жіті талдау тиімді ақпараттық саясат пен коммуникация стратегияларын жасауға мүмкіндік береді. Елдің ішкі имиджін зерттеу – стратегиялық қажеттілік. Ол сыртқы беделдің негізі, ұлттық бірегейліктің көрсеткіші, әлеуметтік тұрақтылықтың факторы және экономикалық дамудың алғышарты болып табылады. Ішкі имидж берік болмай, сыртқы имидж тұрақтанбайды. Сондықтан мемлекет үшін ең маңызды мәселелердің бірі әлемнің оны қалай қабылдайтынында емес, алдымен өз азаматтарының «көңілдерінің толуында». Зерттеудің негізгі мақсаты – ақпараттық қоғамда PR-дың негізгі құралдарының бірі болып табылатын медиарилейшнздің ел имиджін қалыптастырудағы рөлін зерттеу. Бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін теориялық тұрғыдан зерделеуге және Қазақстанның ішкі имиджін телевизиядағы апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың негізінде бағалау. Қазақстан мысалында елдің ішкі имиджін қалыптастырудағы коммуникативтік стратегиялар мен PR-технологиялардың теориялық негіздерін айқындау, олардың медиалық және цифрлық кеңістіктегі жүзеге acy ерекшеліктерін кешенді талдау және тиімді коммуникациялық модель ұсыну. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін төмендегідей міндеттер көзделеді: «Имидж» ұғымын және оған жақын категорияларды талдау, «ел имиджі» түсінігінің мәнін анықтау; Ел имиджін бағалаудағы медиатеориялар мен әдістемелерді зерделеу; Қазақстанның имиджін қалыптастырудағы коммуникация мен PR-құралдарының нақты айтар болсақ, медиарилейшнздің орны мен отандық телеарналардағы ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларының ықпалын анықтау; Медиатехнологиялардың ақпаратты іріктеу, түсіндіру, бағалау және аудиторияға ұсыну тәсілдерін зерттеп, елдің ішкі имиджін қалыптастырудағы рөлін айқындау; 2022–2025 жылдар аралығындағы «Qazaqstan» телеарнасының «Апта», «Хабар» телеарнасының «Жеті күн» және КТК телеарнасының «Портрет недели» апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларына кешенді контент-талдау жүргізу; Зерттелген телеарналардағы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар материалдарын ел имиджінің негізгі 13 маркер бойынша жіктеп, олардың тақырыптық құрылымын, қамтылу жиілігін және бағдарламалар мен жылдар бойынша өзгеру қарқынын анықтау; Телевизиялық материалдардың жағымды, жағымсыз және бейтарап сипатта берілуін, сондай-ақ оларда сыни мазмұнның болуы немесе болмауын айқындап, Қазақстанның медиалық бейнесін бағалау; PR және коммуникация саласының мамандарымен, сондай-ақ Қазақстанның шетелдегі меншікті тілшілерімен жүргізілген сараптамалық сұхбаттардың нәтижелерін сапалық тұрғыдан талдау; Шетелдегі меншікті тілшілердің Қазақстанның халықаралық ақпараттық кеңістіктегі бейнесін қалыптастырудағы, сыртқы және ішкі имидж арасындағы коммуникациялық байланысты қамтамасыз етудегі, медиарилейшнз бен ақпараттық дипломатияны жүзеге асырудағы рөлін анықтау. Зерттеу нысаны. «Хабар», «Қазақстан» ұлттық арнасы, «КТК» телеарналарындағы «Жеті күн», «Апта», «Портрет недели» ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары. Зерттеу пәні. Телеарналардың апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларындағы Қазақстанның ішкі имиджі. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Зерттеудің теориялық негізін коммуникация теориялары, имиджелогия, бұқаралық коммуникация және қоғаммен байланыс (PR) салаларындағы отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері құрайды. Имидж ұғымының мазмұны мен құрылымын анықтауда саяси коммуникация мен әлеуметтік психология бағытындағы зерттеулерге сүйенілді. Ел имиджін коммуникациялық феномен ретінде қарастыруда У. Липпманның стереотиптер теориясы, К. Боулдингтің «имидж» концепциясы, сондай-ақ символдық интеракционизм қағидалары маңызды теориялық негіз ретінде алынды. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікірді қалыптастырудағы рөлін түсіндіруде күн тәртібін қалыптастыру (agenda-setting), фрейминг және прайминг теориялары қолданылды. Бұл теориялар медиа контенттің аудитория қабылдауына ықпал ету механизмдерін ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Г. Гербнердің мәдени индикаторлар және культивация теориясы теледидардың ұзақ мерзімді әсерін талдауда теориялық база ретінде пайдаланылды. Коммуникацияның заманауи трансформациясын түсіндіру үшін желілік қоғам теориясы, екі сатылы коммуникация теориясы және цифрлық медиа концепциялары қолданылды. Бұл әлеуметтік желілер мен блогерлердің ел имиджін қалыптастырудағы рөлін ғылыми тұрғыдан негіздеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік PR және ел имиджін стратегиялық басқару мәселелерін қарастыруда «жұмсақ күш» (soft power) тұжырымдамасы мен nation branding теориясы басшылыққа алынды. Бұл теориялар мемлекет имиджінің мәдени, символдық және құндылықтық компоненттерін түсіндіруге мүмкіндік береді. Зерттеудің әдіснамалық негізін жүйелік, кешенді және пәнаралық тәсілдер құрайды. Зерттеу барысында келесі әдістер қолданылды: контент-талдау әдісі – телеарналардағы ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларындағы материалдарды жүйелі түрде талдау үшін; салыстырмалы талдау әдісі – әртүрлі медиа алаңдарда имидждік репрезентацияларды салыстыру үшін; сапалық талдау әдістері – медиа мәтіндердің мазмұнын, белгілік мәндерін анықтау үшін; жартылай құрылымданған сараптамалық сұхбат әдісі – PR және коммуникация саласының мамандары мен шетелдегі меншікті тілшілердің кәсіби пікірлері мен тәжірибесін анықтау үшін қолданылды. Сонымен қатар, зерттеу барысында медиамониторинг және деректерді сандық өңдеу элементтері қолданылып, телебағдарламалардағы тақырыптық және бағалау көрсеткіштері бойынша статистикалық талдау жүргізілді. Зерттеудің жаңалығы: Қазақстанның ішкі имиджін қалыптастыру үрдісін коммуникативтік стратегиялар мен PR-технологиялар тұрғысынан кешенді талдаумен айқындалады. Зерттеу барысында келесі жаңа ғылыми нәтижелер алынған: елдің ішкі имиджі медиалық, цифрлық және белгілік деңгейлерден тұратын көпдеңгейлі коммуникациялық жүйе ретінде қарастырылып, оның құрылымдық бөліктері жүйеленді. «Ел имиджі» мен «мемлекет имиджі» ұғымдарының мазмұндық және қызметтік айырмашылықтары айқындалды; PR-дың негізгі құралы болып табылатын медиарилейшнздің Қазақстанның имиджін қалыптастырудағы рөлі мен ықпалдасу тетіктері анықталды; 2022–2025 жылдардағы «Апта», «Жеті күн» және «Портрет недели» апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларында ұсынылған Қазақстанның ішкі имиджі кешенді контент-талдау негізінде зерттелді. Бағдарламалардың имидждік маркерлері, тақырыптық басымдықтары, бағалау көрсеткіштері және сыни мазмұны айқындалды; медиалық коммуникациялар мен медиаконтенттің ел имиджін қалыптастырудағы ақпараттық, түсіндірушілік, бағалаушылық және қоғамдық бақылау қызметтері жүйеленді; диссертация тақырыбын зерттеу барысында алынған сараптамалық сұхбат нәтижелері негізінде ЕҚЫҰ-ның қазақ тіліндегі коммуникациялар жөніндегі ұлттық кеңесшісі, PR маманы Айбар Олжайдың, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЮНЕСКО журналистика және коммуникация кафедрасының доценті Жетпісбай Бекболатұлының; «Хабар» агенттігінің Дубайдағы меншікті тілшісі Рауан Мыңбайдың, «24KZ» телеарнасының Бельгиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлының; «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі Асқар Әлиханның және «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Ресей Федерациясындағы меншікті тілшісі Индира Бегайдардың кәсіби пікірлері жүйеленді; сарапшылардың пайымдары арқылы Қазақстанның ішкі және сыртқы имиджінің өзара байланысы, халықаралық медиабайланыстың маңызы және шетелдегі тілшілердің ақпараттық дипломатия мен ел имиджін қалыптастырудағы рөлі айқындалды; қазақстанның медиалық кеңістігінде ел имиджін қалыптастырудың негізгі үрдістері анықталды. Орталықтандырылған ақпараттық модельден көпсубъектілі коммуникацияға, ресми хабарлаудан сенім мен беделді басқаруға, ал бір арналы ақпарат таратудан дәстүрлі және цифрлық медианы біріктіретін көпарналы үлгіге көшу ерекшеліктері сипатталды; PR-дың негізгі құралдарының бірі болып табылатын медиарилейшнздің ел имиджін қалыптастырудағы рөлі айқындалып, оның бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты байланыс орнату, ел туралы ақпаратты халықаралық медиакеңістікке ілгерілетудегі қызметтері ғылыми тұрғыдан негізделді. Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері мен ғылыми тұжырымдары ел имиджі, ішкі және сыртқы имидж, коммуникациялық стратегиялар мен PR-технологиялар туралы теориялық түсініктерді толықтыруға, имиджелогия, журналистика теориясы, медиакоммуникация, қоғаммен байланыс салаларының ғылыми аясын кеңейтуге ықпал етеді. Медиатеорияларды ел имиджін зерттеуде қолдануға, сондай-ақ медиарилейшнздің ішкі және сыртқы имидж арасындағы ақпараттық сабақтастықты қамтамасыз етудегі рөлін айқындауға негіз болады. Алынған тұжырымдар ел имиджін қалыптастырудағы дәстүрлі және цифрлық медианың өзара ықпалдастығын зерделеуге және осы бағытта кешенді ғылыми зерттеулер жүргізуге септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының практикалық маңызы алынған ғылыми нәтижелерді елдің имиджін қалыптастыруға бағытталған коммуникациялық саясатта, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінде және цифрлық медиада тиімді қолдану мүмкіндігімен анықталады. Зерттеу барысында ұсынылған коммуникативтік стратегиялар мен PR-құралдар Қазақстанның ішкі имиджін қалыптастыру үрдісін жетілдіруге бағытталған практикалық ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарына, әсіресе телевизиядағы ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларға арналған контентті жоспарлау және ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруда қолдануға болады. Зерттеу барысында әзірленген контент-талдау әдістемесі медиамониторинг жүргізу, ақпараттық саясаттың тиімділігін бағалау және ел имиджін қалыптастыру үрдісін талдау барысында қолдануға болады. Жұмыстың практикалық нәтижелері жоғары оқу орындарында «Журналистика», «Қоғаммен байланыс», «Медиакоммуникация» бағыттары бойынша оқытылатын пәндерде оқу-әдістемелік материал ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіруде және коммуникациялық стратегияларды әзірлеуде қолдануға жарамды. Зерттеу бойынша қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. 1. Елдің ішкі имиджі – бұл бұқаралық ақпарат құралдары, цифрлық медиа және мемлекеттік коммуникация нәтижесінде қалыптасатын көпдеңгейлі және динамикалық коммуникациялық құбылыс. 2. Елдің ішкі және сыртқы имиджі маңыздылығы жағынан бірдей әрі өзара тәуелді болғанымен, олардың мақсатты аудиториясы, мазмұны және қалыптасу тетіктері ерекшеленеді. Ішкі имидж азаматтардың мемлекетке деген сенімі мен ұлттық бірегейлігінің негізін құраса, сыртқы имидж елдің халықаралық беделін, инвестициялық және туристік тартымдылығын айқындайды, тұрақты сыртқы имидж берік ішкі имиджге негізделеді.3. Қазақстанның ішкі имиджін қалыптастыру үрдісі институционалдық (дәстүрлі БАҚ), цифрлық (әлеуметтік желілер, блогерлер) және символдық (мемлекеттік PR, мәдени және ұлттық код) деңгейлердің өзара ықпалдасуы арқылы жүзеге асады. 4. Телевизиялық ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар елдің ішкі имиджін қалыптастырудың негізгі PR құралы-медиарилейшнз болып табылады және олар ақпараттық күн тәртібін қалыптастыру, оқиғаларды фреймдеу арқылы қоғамдық пікірге ықпал етеді. 5. Медиаконтенттер ұлттық мәдениет, тарих, тіл, туризм және азаматтардың күнделікті өміріне қатысты ақпаратты аудиторияға бейімдеп жеткізу арқылы ел имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. 6. Мемлекеттік PR және символдық коммуникация құралдары елдің ішкі имиджін қалыптастыруда стратегиялық рөл атқарып, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтады. 7. Қазақстанның ішкі имиджін қалыптастыруда дәстүрлі және цифрлық коммуникация құралдарының синергиясы негізгі фактор болып табылады. 8. Елдің ішкі имиджін тиімді қалыптастыру үшін коммуникациялық саясат кешенді, жүйелі және көпарналы сипатта болуы тиіс. 9. Зерттеу нәтижесінде ұсынылған коммуникативтік модель Қазақстанның медиалық және цифрлық кеңістігінде ел имиджін қалыптастыру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелерін апробациялау және енгізу: Диссертациялық зерттеудің нәтижелері бойынша 23 мақала, 2 оқу құралы жарық көрді. Оның ішінде Scopus дерекқорына кіретін 2 мақала, ҚР ҒжЖБМ бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 7 мақала, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағында 14 мақала. Докторлық диссертация тақырыбы бойынша ғылыми кеңесші Сұлтанбаева Г.С. мен Маркабаева Г.Т. бірлескен авторлығында «Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара қарым-қатынастардағы коммуникативтік стратегиялар» тақырыбындағы ғылыми мақалаға авторлық құқық куәлігі алынды. Диссертация тақырыбы аясында жүргізілген ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелерін оқу процесіне енгізу актісі даярланды. Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеудің мақсаты мен міндетіне байланысты жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшалардан тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі-167 бет.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
