
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кошкенов Нуржан Женысович «8D03204 – Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша Дата журналистика теориясы мен тәжірибесі: Отандық БАҚ-та деректерді пайдалану жолдары мен тәсілдері тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Султанбаева Гулмира Серикбаевна – Нархоз университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебі Саяси бұқаралық коммуникация бағдарламасының жетекшісі, профессор, саяси ғылымдарының докторы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Жаксылыкбаева Римма Сериккалиевна – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Сердәлі Бекжігіт Кенжебекұлы – Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Журналистика кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы);
Ауесбай Канат Ауесбайулы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Амангелдиева Гулмира Сабыровна – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Журналистика кафедрасының меңгерушісі, PhD, доцент (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Сақ Қайрат Өмірбайұлы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Бадрея Альдженайби – Біріккен Араб Әмірліктері университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті, Бұқаралық коммуникация кафедрасының профессоры, PhD.
Қорғау 2025 жылғы 22 ақпан, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03204 – Журналистика» мамандығы бойынша «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Мекен-жайы: Астана қ., А. Янушкевич көшесі, 6, Оқу-әкімшілік корпусы №4, №112 аудитория.
Аңдатпа (қаз.):Аңдатпа (қаз.): Кошкенов Нуржан Женысовичтің «Дата журналистика теориясы мен тәжірибесі: Отандық БАҚ-та деректерді пайдалану жолдары мен тәсілдері» тақырыбындағы «8D03204 – Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған диссертациясы. Зерттеу тақырыбының өзектілігі: диссертацияның тақырыбы қазақ журналистикасы саласы мен отандық медиа және коммуникация ғылымын дамытуда өзектілігі арта түскен дата журналистиканың теориясы мен практикасын қамтиды. Еліміздің ақпарат тарату жүйесіндегі басты мәселелердің бірі – ашық дерек қорларында сақтаулы, алайда көпшіліктің табуына және түсінуге қиын файлдардағы деректерді түсінікті әрі қызықты етіп оқырманға жеткізу қажеттілігі туындап отыр. Өйткені, ең басты байлығы – халқы саналатын өркениетті елде халық көзінен ешқандай ақпарат жасырын қалмайды әрі бұл салада дереккөз ретінде ақпарат таратушы адамдар мен баспасөз баяндары ғана емес, дерек қорлары да пайдаланылады. Дата журналистикадан хабардар журналист сандар және цифрлармен жұмыс істеу машығын ілгерілетуінің арқасында елді елең еткізер әртүрлі контент жасауына мүмкіндік берері анық. Бұл бір жағынан, бұқаралық ақпарат құралдарына деген халықтың сенімінің нығая түсуіне әсер етсе, екінші жағынан, ел көзінен таса жатқан деректерді жарыққа шығарып, оларды талдау арқылы, медиа контенттің сапасын арттырып, журналистиканың беделін көтере түседі. Диссертациялық жұмыстың мақсаты. Дата журналистиканың теориялық негіздері мен практикалық аспектілерін әлемдік және отандық контексте зерттеу. Диссертациялық жұмыстың мақсатына жету үшін қойылған міндеттер: - әлемдік және отандық дерекқорлармен жұмыс істеу үдерісі мен жаңа технологиялық шешімдерді нақтылау; - ашық дереккөздерге талдау жасау арқылы қазіргі қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының даму үдерісінің ерекшелігін анықтау; - деректер журналистикасының теориялық негіздерін жинақтау; - басылымдардағы визуалдық материалдардың оқырмандарға әсерін пайымдау; - тиімді технологияларды қолдану арқылы дата журналистің бәсекеге қабілетті болуының әдіс-тәсілін зерделеу. Зерттеу нысаны: отандық бұқаралық ақпарат құралдары, ашық деректер және дата журналистика құралдары мен платформалары. Зерттеу әдістері: диссертациялық жұмыста кросс-медиалық әлеует қолданылды. Бастапқы нүкте – бизнес аналитикаға арналған арнайы құралдарды журналистік зерттеулерге пайдалану нәтижесінде жинақталған тәжірибелер. Зерттеу еңбегінде отандық және шетелдік ашық дереккөздерге талдау жасай отырып, олардың ерекшеліктері салыстырылды. Ашық дереккөздер мен БАҚ арасындағы байланыстың тұрақтылығы зерттеліп, бұл үдерісте деректерді бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану ерекшеліктеріне баса назар аударылды. Диссертацияда салыстыру, қайталанатын зерттеулер, топтық немесе тарихи зерттеулер мен контент анализ тиімді қолданылды. Ұзақ мерзімді зерттеулер әдіснамалық инновацияларымен ерекшеленеді. Алынған ақпаратқа талдау жасалып, олардың шынайылығына, объективтілігіне, өзектілігіне және логикаға сай екеніне баса мән берілді. Сонымен қатар, жиналған материалдар талданып, синтезделді, жіктеліп жүйеленді және әртүрлі анологиялар келтірілді. Сапалық зерттеу әдісі қолданылып, деректер журналистикасы саласының сарапшыларынан сұхбаттар алынды. Зерттеуде журналисттік қызметтегі техникалық ерекшеліктер мен шешімдерді қолдану нақты мысалдармен көрсетілді, практикалық кеңестер берілді. Зерттеліп жатқан нысан туралы түсініктер мен объективті заңдылықтарды анықтауда эмпирикалық әдістер қолданылып, солардың көмегімен әртүрлі ақпарат көздері сарапталып, қажетті материалдар жиналды. Ғылыми ізденіс барысында ғылыми журналдар, кітаптар, баспасөз материалдары, веб-сайттар, әлеуметтік желілердегі материалдар, құқықтық-нормативтік актілер зерделенді. Олардың (әсіресе интернеттен алынған материалдардың) шындыққа сай екендігі тексерілді. Диссертациялық жұмыста ресми органдардың есептерінде кездесетін көптеген цифрларды медиа құралдарда пайдалануға болатын инфографика, интерактивті карта түріндегі көрнекі материалға айналдыру феноменін зерттеуге, жоғары сападағы дата журналистикада қолданылатын кәсіби әдіс-тәсілдерді қолдануға отандық, шетелдік зерттеушілердің ғылыми теориялары мен нақты тәжірибелері ұтымды пайдаланылды. Зерттеуде кейбір тәжірибелер қолданбалы түрде талданып түсіндірілді, оларға тиісті анықтамалар берілді. Теориялық және практикалық құндылығы. Қазіргі үдемелі ақпарат заманында қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының әлемдік ақпарат нарығында жаңа әдіс-тәсілдерді, технологиялық шешімдерді қолданып, бәсекеге қабілеттілігін арттырудың теориялық және практикалық мәні мен мағынасы артуда. Диссертациялық еңбектің негізінде жазылатын оқу әдебиетін кәсіби журналистер мен журналистика бөлімдерінде оқитын білім алушыларға арналған методикалық көмекші құрал, практикалық нұсқаулық ретінде пайдалануға болады. Күрделі, түсініксіз болып көрінетін сандардан қызықты әрі толықтай дәлелденген оқиға табуына дата журналистика көптеген құралдар ұсына отырып, журналистерден ашық дерек көздерімен терең жұмыс істей білуін де талап етеді. Зерттеу жұмысында журналистің цифрлық әлемде мәліметтермен жұмыс істеуіне қажетті құралдарды: инфографика, интерактивті карталар жасау, көптеген деректе жасырынған аудиторияға танымды, маңызды ақпаратты табу, оларды өңдеу және тарату жолдары анықталып, көрсетілді. Ғылыми жұмыстың теориялық негізі тәжірибелік тұрғыда жүзеге асқан нақты жұмыстар, отандық және шетелдік теоретиктер мен практиктердің мақалалары, монографиялары мен оқулықтары, сондай-ақ басылымдар мен интернет-порталдардың материалдарын жан-жақты зерттеу мен талдау арқылы ұсынылды. Бизнес аналитикаға арналған платформаларды журналистикада қолдану тәсілдері зерделенді. Диссертациялық жұмыста типологиялық жіктелуіне сәйкес инфографиканы төрт топқа бөліп қарастыру ұсынылды: кестелер, графиктер, диаграммалар және карталар. Нәтижесінде «Инфографика сөздігі» құрастырылды. Сөздікте 62 түрлі инфографика талданды. Сөздік диссертацияға қосымша ретінде берілді. Дата журналистиканың негізгі құралдарының бірі инфографика – журналистиканың ақпараттық формасы болып қалыптасты. Өйткені журналистикадағы инфографиканың міндеті – дәстүрлі ақпараттық құралдар тәрізді жаңалықтарды хабарлау, оқиғаны баяндау, ең бастысы – болған оқиғаны БАҚ арқылы бұқаралық аудиторияға жеткізу. Журналист өзіне қажетті болған метадеректерді алатын дерекқорлар базасы отандық, аймақтық және әлемдік болып үш топқа бөлінді және әрқайсысы өз ішінде жіктелді. Зерттеу нәтижелерінің сенімділігі мен негізділігі. Ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен негізділігі Scopus деректер базасына енгізілген халықаралық рецензияланатын журналдағы жарияланыммен, сондай-ақ зерттеу нәтижелеріне шетелдік ғалымдардың сілтемелерімен расталады. Италиялық Comunicazione Politica журналында ф.ғ.к. профессор Сақ Қ.Ө. және PhD Шүрентаев А.М. авторлығымен бірлесе мақала жарияланды. Докторант Н.Ж. Кошкеновтың ғылымиметрикалық көрсеткіштері: Scopus деректер қорында h-index – 1. Алынған нәтижелердің апробациясы. Диссертациялық жұмыс бойынша алынған зерттеу нәтижелері «Әл-Фараби философиясы және медиаэтика: заманының дилемасы» атты III халықаралық журналистика форумында ұсынылды (Алматы қ., 2021 ж.). Диссертация тақырыбы бойынша жарияланымдар. Диссертациялық зерттеудің негізгі тұжырымдары 8 ғылыми мақала түрінде жарияланды: Scopus базасына енгізілген журналдарда – 1, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда – 4, халықаралық ғылыми конференцияларда – 3 мақала. Атап айтсақ: Koshkenov et al., Authority-Journalist Relations: Open Sources of Information. A Case of Kazakhstan, "Comunicazione politica, Quadrimestrale dell'Associazione Italiana di Comunicazione Politica" 3/2022, pp. 423-440, doi: 10.3270/105432. Koshkenov & Moldabayev, Bloggers and the state: effectiveness or opposition, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы, Журналистика сериясы. № 4 (141) /2022 Астана, 2022 жыл. 15-23 б.б. ISSN: 2616-7174, eISSN:2663-2500 https://doi org/10.32523/2616-7174-2022-141-4-15-22. Утемисов Ж.Ж., Кошкенов Н.Ж. Медиавызовы в контексте взаимоотношения СМИ и власти в Республике Казахстане. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы, Журналистика сериясы. № 1(134) /2021 Нұр-Сұлтан, 2021 жыл. 37-52 б.б. ISSN: 2616-7174, eISSN:2663-2500 DOI: https://doi.org/10.32523/2616-7174-2021-134-1-37-51. Кошкенов Н.Ж., Сақ Қ.Ө. Деректер журналистикасы: қалыптасуы мен даму болашағы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы, Журналистика сериясы. 85-91 бб. №4(133)/2020, Нұр-Сұлтан, 2020 жыл. DOI: https://doi.org/10.32523/2616-7174-2020-133-4-85-91. Молдабаев Х.С., Мехмет С.Т., Кошкенов Н.Ж. Өңірлік телеарналардағы техникалық өзгерістер: формат ерекшеліктері. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы, Журналистика сериясы. № 3(132)/2020 Нұр-Сұлтан, 2020 жыл. 62-68 бб. ISSN: 2616-6844, eISSN:2663-1318 DOI: https://doi org/10.32523/2616-7174-2020-132-3-62-67. Кошкенов Н.Ж. Деректер және оларды визуализациялауға дайындау үдерісі. Республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық журнал Ziyatker. № 09(96)/2022. Кошкенов Н.Ж. Деректер журналистикасының қалыптасуына визуалды журналистикасының әсері (Қазақстандық БАҚ мысалында). «Әл-Фараби философиясы және медиаэтика: заманының дилемасы» III халықаралық журналистика форумының жинағы – 2021 жыл. - Алматы. – 78-81 бб. Кошкенов Н.Ж. Деректер журналистикасының отандық БАҚ беттерінде көрініс табуының әлеуеті. «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығы» халықаралық ғылыми конференциясы – 2019 жыл. - Нұр-Сұлтан. – 123-126 бб. Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Сондай-ақ, зерттеу жұмысында нормативтік сілтемелер/анықтамалар, қысқартулар және қосымшалар да бар. Жұмыстың көлемі үш қосымшаны қоса алғанда 154 беттен тұрады. Диссертациялық жұмыстың ішкі тұтастығы. Негізгі бөлім үш тарауға бөлінген. Бірінші тарауы теорияға, екіншісі тәжірибеге негізделген. Үшіншісінде отандық БАҚ-та ашық деректерді пайдаланудың ерекшеліктері мен даму болашағына көз жүгіртуге ұмтылыс жасалады. Яғни зерттеу жұмысы алғашқы тарауда ғылыми тұжырымдамалар мен талдауларға жүгінеді және ашық дереккөздермен жұмыс істеу тәсілдері сөз болады. Кейбір танымал дереккөздердің классификациясы жасалып, статистикалық деректерді алу жолдары да үш түрлі деңгейге бөлініп қарастырылады. Дата журналистика тілшілердің бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат беруі мен оқиғаларды жариялауын және жұмыс істеу тәсілдерін өзгертіп жатқан жаңа құбылыс. Ол «жаңа медианың» маңызды бір құрамдас бөлігі әрі бірінші кезекте оның жұмыс істеуіне, интерактивтілігіне немесе шынайы оқиғаларды баяндауы мен өңдеу тәсіліне қатысты айтуға болады. Бұл тарауда дата журналистика, жаңа медиа, деректер, ашық деректер тәрізді терминдерге тоқталып, анықтама беріледі. Статистикалық мәліметтерді алу жолдары мен алынған мәліметтерді қолдану құралдары жайлы айтылды. Жұмыстың негізгі бөлімінің екінші тарауы негізінен деректер журналистикасының тәжірибесіне арқа сүйейтінін айттық. Онда визуализация мен инфографиканың мәні және маңызы жайлы айтылады. Деректерді визуализациялау мысалдар арқылы көрсетіледі және инфографика да жіктеледі. Яғни, деректерді көрнекілеудің әдістері мен тәсілдері беріліп, инфографиканы журналистика формасы ретінде пайдалану жолдары көрсетіледі. Классикалық мысалдардан бастап, қазіргі заманғы үлгілерге дейін нақты мысалдар беріледі. Бизнеске және журналистикаға арналған Tableau және Datawrapper сияқты құралдар бүгінгі күні деректер журналистикасының тұжырымдамасы мен оқытуын қалыптастырып жатыр. Олардан бөлек қазіргі кезде оқиғалар мен жаңалықтарды деректер арқылы жеткізуге мүмкіндік беретін ChartBlocks, Power BI, Flourish, Infogram, Plotly, RAW және тағы басқа бірқатар бағдарламалық құралдар мен платформалар туралы да айтылады. Тарауда деректерді визуалдауға басым көңіл бөлініп, тарихы мен бүгіні де сөз болады. Қазақ жерінде ертеден келе жатқан визуализация мысалдары жалпы түсініктегі деректер журналикасына жатпаса да, айтпақ болған идеясын жеткізу ерте кезде де кеңінен қолданылғанын көре аламыз. Ал дата журналистиканың ажырамас бөлігіне айналған кестелерді қазақ журналистері осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын ұтымды пайдалана білген. Инфографика құрылымы мен функционалдығы жағынан өндірістік (қаржы, экономика, ғылым және т.б.) және журналистік болып бөлініп, қарастырылды. Журналистік инфографика бұқара халықтың түсінігіне бейімделіп, нақты ақпарат беру үшін барынша қарапайым етіп жасалса, өндірістік мақсаттағы инфографиканың міндеті – барынша жан-жақты, толық ақпарат беру. «Өндірістік инфографика» деп бұл жерде деректерді тікелей визуализациялауды айтып отырмыз. Инфографика және деректерді визуализациялау – ақпаратты тиімді ұсыну үшін қолданылатын визуалды құралдар, бірақ олардың мақсаты, қолдану аясы және дизайн тәсілінде бірқатар айырмашылықтар бар. Негізгі бөлімнің үшінші тарауында отандық БАҚ-та ашық деректерді пайдаланудың ерекшеліктері мен даму болашағы жайлы айтылады. Онда әлеуметтік желілердегі ақпараттарды ашық дереккөздер ретінде пайдалану және олардың негізгі аспектілері мен деректерге негізделген журналистика қай бағытта дамитынын түсінуге талпыныс жасалды. Журналистикадағы ашық дереккөз ретіндегі әлеуметтік медиа феномені сыни көзқараспен қаралып, бұл құбылысты және оның жаңалықтармен жұмыс істеудегі ықтимал салдарын түсіну үшін теориялық шолу жасалды. Журналистика және информатика саласындағы әдебиеттерге сүйене отырып, цифрлық дәуірде Қазақстандағы журналистиканың өсуінің мәдени негізі және дамудың құрылымдық негізі ретінде ашық дереккөз тұжырымдамасы зерттелді. Әлеуметтік желі арқылы ақпарат тұтыну жеке бастың саяси мүддесіне, біліміне сай және автономды әрекет етуге әсер етуі мүмкін деген тұжырымға табан тірелды. Тарауда ғылым ретінде медиа-зерттеушілер қоғамдағы өзгерістер мен құбылысты зерттейтінін және SPOD, VUCA, BANI заманы жеке адамдар мен компаниялар тап болатын мәселелерді көрсетіп, бизнес үшін бейімделгенін хабардар етеді. Яғни қоғамға күрт әсер етуі мүмкін әрі көп жағдайда болжана бермейтін өзгерістерді көрсете алады деп топшыланады. Сол себепті, қазіргі нәзік, мазасыз, біркелкі емес әрі түсініксіз заманда дата журналистиканың бұдан ары қалай өрбитінін дөп басып айту қиын. Жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін чатботтар әлем жұртшылығын дүр сілкіндірді десе артық айтқандық болмас. Олар алғашқы қадамын жасап жатқан бүгінгі күннің өзінде деректерге негізделген диаграммаларды жасап берді (қосымша Б). Қазір кейбір медиакомпаниялар жұмыстарын жасанды зердеге табыстып, редакциядан тілшілерін қысқартып жатыр. Дегенмен журналистикадағы жасанды интеллект қазір барлық журналисті алмастыра алмайды. Олар журналистің көмекшілері ғана ретінде қарастырылады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=oHCkLQyK66g
