
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Нуржанова Гулмира Исламовна «6D050600 – Экономика» мамандығы бойынша «Қазақстан Республикасы ауылдық аумақтарының еңбек әлеуеті: проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Экономика және кәсіпкерлік кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Акимбекова Галия Уйсимбековна – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ аграрлық өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасының орынбасары (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ыдырыс Серикбай Садуақасұлы – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің «Қонақжайлық» мектебінің профессоры (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Адуков Рахман Хасаинович – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Ауыл шаруашылығында өндірісті, еңбекті және басқаруды ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының салалар экономикасы мен шаруашылық жүргізу нысандары бөлімінің меңгерушісі (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы).
Бодаухан Кайрат – экономика ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Жеңісхан Дарима – экономика ғылымдарының кандидаты, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Менеджмент және маркетинг» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Сапарова Гульнар Каримовна – экономика ғылымдарының докторы, «Туран-Астана» Университеті «Экономика» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ниязбекова Шакизада Утеулиевна – экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, С.Ю. Витте Мәскеу университетінің «Тұрақты дамыту» ғылыми-білім беру орталығы аға ғылыми кезметкері (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы)
Қорғау 2025 жылғы 19 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050600 – Экономика» мамандығы бойынша «8D041 – Бизнес және басқару» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3QKoKL
Мекен-жайы: г. Астана, ул. Кажымукана, 11, ауд. №517
Аңдатпа (қаз.): Нуржанова Гүлмира Исламовнаның «6D050600 – Экономика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақстан Республикасы ауылдық аумақтарының еңбек әлеуеті: проблемалары мен даму перспективалары» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарындағы еңбек әлеуетін кешенді түрде талдау, оның ішінде негізгі мәселелерді анықтап, тәжірибелік ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Мақсат келесі міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырылды: – «еңбек әлеуеті» мен «ауылдық аумақтар» ұғымдарының теориялық аспектілерін ашу; – қазіргі экономикалық жағдайда ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетінің даму деңгейін бағалау әдістемесін әзірлеу; – ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін дамыту бойынша шет елдердің тәжірибесін зерттеу; – Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарындағы еңбек әлеуетінің қазіргі жағдайын талдау; – еңбек әлеуетінің дамуына әсер ететін негізгі факторларды ескере отырып, ауылдық аумақтардың даму деңгейін бағалау; – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қалыптасу үрдістерін және олардың ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетінің дамуына әсерін талдау; – ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін дамытудың мәселелері мен перспективаларын айқындап, оны жетілдіруге бағытталған тәжірибелік ұсыныстар әзірлеу; – ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін дамыту үлгісін негізгі көрсеткіштер болжамын қолдану арқылы жасау; – ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының еңбек әлеуетін дамытуға арналған заманауи парадигмаларды бейнелейтін тәсілдерді анықтап, негіздеу. Зерттеу әдістері. Зерттеудің теориялық-әдістемелік және ақпараттық негізін еңбек әлеуетін дамыту мәселелеріне арналған отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдары, Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары және елде қабылданған өзге де нормативтік-құқықтық актілер құрайды. Зерттеу жұмысының ақпараттық базасы ретінде Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының ресми деректері, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтері, сондай-ақ жүргізілген зерттеулердің нәтижелері пайдаланылды. Зерттеу барысында деректерді талдау үшін әртүрлі экономикалық талдау әдістері қолданылды, соның ішінде абстрактілі-логикалық, экономикалық-статистикалық, экономикалық-математикалық және жүйелік әдістер. Диссертациялық жұмыстың жекелеген тұжырымдарын бейнелеу және түсіндіру мақсатында ақпаратты графикалық түрде ұсыну әдісі пайдаланылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және білім болып табылатын басқа да тұжырымдамалар): 1. Өзіндік ерекшеліктерін көрсететін.«Ауылдық аумақтардың еңбек әлеуеті» терминінің авторлық анықтамасы, 2. Қазіргі жағдайларда ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін бағалаудың кешенді әдістемесі. 3. Қазақстан Республикасы ауылдық аумақтарының еңбек әлеуетінің дамуына ықпал ететін факторлар. 4. Ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетінің динамикасы мен экономикалық тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін экономикалық-математикалық модель және дамуын болжау. 5. Шетелдік және отандық тәжірибені зерделеу негізінде ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін дамыту бойынша бағыттар мен практикалық ұсыныстар. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы. 1. Ғылыми еңбектерді талдау бұл ұғымның әртүрлі түсіндірмелерін анықтауға мүмкіндік берді: кейбір авторлар еңбек әлеуетін тек еңбек күшінің кәсіби және біліктілік сипаттамалары тұрғысынан қарастырса, басқалары оны аумақтың әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті, соның ішінде инфрақұрылымдық және институционалдық жағдайлар арқылы сипаттайды. Жүргізілген талдау негізінде «ауылдық аумақтардың еңбек әлеуеті» ұғымына авторлық түсіндірме ұсынылды. Теориялық зерттеу нәтижелері Қазақстандағы ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін қалыптастыру мен пайдаланудың практикалық аспектілерін одан әрі талдауға берік негіз қалады. Бұл нәтижелер болашақта ауылдық еңбек нарығын дамыту, ауыл халқының біліктілігін арттыру және аграрлық секторға жас мамандарды тарту саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге бағытталған ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуде қолданылуы мүмкін. Осылайша, диссертациялық зерттеу аясында жүргізілген терең теориялық талдау зерттеліп отырған мәселенің өзектілігі мен маңыздылығын дәлелдеді. 2. Зерттеу қазіргі экономикалық жағдайларда ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетінің даму деңгейін бағалау әдістерін жан-жақты қарастыруға, оның талдауының кешенді әдістемесін әзірлеуге, сондай-ақ ауылдық еңбек ресурстарын тиімді пайдалану жөніндегі шетелдік тәжірибені зерделеуге мүмкіндік берді. Еңбек әлеуетінің дамуын бағалау әдістерін талдау барысында оның қалыптасуына және пайдаланылуына ықпал ететін негізгі факторлар анықталып, жүйелендірілді. 3. Шетелдік тәжірибені зерделеу нәтижесінде дамыған елдерде ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін көпфакторлы дамытуға ерекше көңіл бөлінетіні анықталды. Негізгі бағыттардың бірі ретінде төмендегілер айқындалды: – фермерлік шаруашылықтар мен отбасылық фермаларды дамыту. Еуропалық Одақ елдерінде, АҚШ-та және Канадада отбасылық фермерлік кәсіпорындар белсенді түрде қолдау табуда. Мұндай шаруашылықтар ауыл халқын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп, дәстүрлі өмір салтының сақталуына және аграрлық сектордың тұрақты дамуына ықпал етеді. – кооперативтік қозғалыс. Ауыл шаруашылық кооперативтерін ұйымдастыру тек ауыл өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ғана емес, сонымен қатар қосымша жұмыс орындарын құруға, еңбек жағдайларын жақсартуға және ауыл халқының табысын арттыруға ықпал етеді; – аграрлық секторды қаржылай қолдау. Аграрлық экономикасы дамыған елдерде фермерлерге арналған несиелеу, субсидия беру және салықтық жеңілдіктер тетіктері кеңінен қолданылады. Бұл ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және жастарды аграрлық секторға тартуға мүмкіндік береді. Шетелдік тәжірибені зерттеу негізінде Қазақстанның ауылдық аумақтарының еңбек әлеуетін органикалық ауыл шаруашылығы арқылы дамытуға бағытталған жаңа тәсілдер ұсынылды. Бұл тәсілдердің негізінде елдің ауыл шаруашылығының ерекшеліктерін, жас фермерлердің қажеттіліктерін және ауылдық аумақтардың тұрақты даму қағидаттарын ескеретін «Жастар ЭкоФермасы» бастамасы жатыр. 4. Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының ауылдық аумақтары бойынша көрсеткіштерді салыстырмалы түрге келтіру әдісін қолдана отырып, жылу картасы (тепловая карта) құрастырылды. Алынған нәтижелер ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін тұрақты дамыту саласындағы өңірлік саясатты түзетуге және ең осал аймақтарды қолдауға бағытталған нысаналы стратегияларды әзірлеуге негіз бола алады. Аймақтарды кадрлық қажеттіліктің жоғары, орта және төмен деңгейлері бойынша жіктеу кадрлық саясаттың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Айқындалған ерекшеліктерге сәйкес әр аймақ түріне арналған мақсатты ұсынымдар әзірленді, олардың мақсаты – еңбек ресурстарымен қамтамасыз етудегі теңсіздікті азайту. Бұл ұсынымдарды іске асыру ауылдық аумақтардың неғұрлым тиімді дамуына және олардың еңбек әлеуетін нығайтуға ықпал етеді. 5. Демографиялық және көші-қон үдерістері, технологиялық даму мен цифрландыру деңгейі, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі, әлеуметтік көрсеткіштер, негізгі капиталға салынған инвестициялар, кредиттеу, ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындар, сондай-ақ баспанамен қамтамасыз ету мен инфрақұрылымды дамыту, экологиялық аспектілер еңбек әлеуетінің динамикасын айқындайтын маңызды факторлар болып табылады. 6. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қалыптасу үрдістерін талдау олардың ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін дамытуға айтарлықтай ықпал ететінін көрсетті. Зерттеу нәтижесінде ауыл шаруашылық құрылымдары мен еңбек әлеуетінің өзара байланысы мен өзара тәуелділігін бейнелейтін схема әзірленді. Бұл схема жұмыспен қамтуды ынталандыру, еңбек ресурстарын тиімді бөлу және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған тиімді шараларды әзірлеуге негіз бола алады. 7. Қазақстан Республикасының 2023–2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту Концепциясының және оның алдыңғы нұсқаларының эволюциясын салыстырмалы талдау бұрын жүзеге асырылған стратегиялардың артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтауға мүмкіндік берді. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды талдау негізінде ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін одан әрі дамытуға пайдалануға болатын іске қосылмаған мүмкіндіктер айқындалды. Нәтижесінде ауыл халқын қолдаудың тұрақты жүйесін құруға және аграрлық секторды тиімді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленді. 8. Модель көрсеткіштерінің негізгі блоктар бойынша өзара байланысы ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді тәсілі еңбек әлеуетін қалыптастыру мен тиімді пайдаланудың тұрақты жағдайларын қамтамасыз ете алатынын дәлелдейді. Осы модель негізінде құрылған еңбек әлеуеті көрсеткіштерінің ұзақ мерзімді болжамдары ауылдық аумақтардағы еңбек әлеуетін тиімді дамыту мен жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді. 9. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының дамуы ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосады, әсіресе ауыл жастарына бағытталған жаңа тәсілдерді енгізу тұрғысынан алғанда. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі. Ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетін дамытуға қатысты ғылыми жаңалығы бар алынған нәтижелер мен тұжырымдар төмендегідей: 1. «Еңбек әлеуеті» және «ауылдық аумақтар» ұғымдарының негізгі сипаттамалары ашылды. Осы негізде ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетінің өзіндік ерекшеліктерін көрсететін авторлық анықтама әзірленді. 2. Әзірленген әдістеме негізінде ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетінің дамуына кешенді баға ұсынылды. Тиісті факторлардың ықпалын ескере отырып, ауылдық аумақтардың еңбек әлеуетінің даму деңгейін бағалайтын өзара байланысты төрт модуль айқындалды. 3. Қазақстанның ауылдық аумақтарының еңбек әлеуетінің жай-күйіне талдау жүргізіліп, оның дамуын айқындайтын негізгі факторлар анықталды. Кешенді бағалау нәтижесінде кадрға деген қажеттілік деңгейі бойынша өңірлердің градациясы көрсетілген жылу картасы жасалды. Негізгі көрсеткіштердің жай-күйі мен динамикасын ашып көрсететін интегралдық талдау жүргізілді. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының даму үрдістері және олардың еңбек әлеуетін қалыптастырумен өзара байланысы айқындалды. 4. Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарының еңбек әлеуетін дамытуға арналған көпфакторлы талдау негізінде экономикалық-математикалық модель әзірленіп, оның динамикасын айқындайтын негізгі факторлар бойынша болжамдық есептеулер жасалды. 5. Қазақстанның ауылдық аумақтарының еңбек әлеуетін дамытуға бағытталған аграрлық саясатты жетілдіру жөнінде ғылыми негізделген практикалық ұсынымдар әзірленді, сондай-ақ шетелдік тәжірибені ескере отырып, оның белсенділігін арттыруға бағытталған шаралар ұсынылды. Зерттеу жұмысында ұсынылған ұсыныстар мен ұсынымдар Қазақстанның ауылдық аумақтарындағы еңбек әлеуетін дамытуға өз үлесін қосады. Диссертацияның негізгі қорытындылары мен тұжырымдары еңбек әлеуетінің тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асырумен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан, сондай-ақ ұлттық және өңірлік деңгейлерде қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының ұсынымдарын шаруа (фермер) қожалықтары мен өзге де ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тәжірибеде пайдалана алады. Жұмыстың практикалық маңыздылығы мен бағыты оның кешенді және жүйелік сипатымен айқындалады. Бұл оның негізгі нәтижелерін экономикалық және әлеуметтік пәндерді оқыту үдерісінде қолдануға мүмкіндік береді. Ғылыми даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық зерттеу келесі нормативтік-құқықтық құжаттардың аясында орындалды: Қазақстан Республикасының 2023–2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы, 2021–2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы, 2017–2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы және осы тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары, сондай-ақ өзге де құжаттар. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертация тақырыбы бойынша зерттеу нәтижелері мен негізгі тұжырымдары қамтылған 21 ғылыми жұмыс жарияланды. Олардың ішінде – 2 мақала халықаралық Web of Science Core Collection және Scopus деректер базасында индекстелген журналдарда жарық көрген. Web of Science базасындағы мақала 35-процентильдік журналда, ал Scopus базасындағы мақала 98-процентильдік журналда жарияланған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым мен жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 7 мақала жарық көрді. Зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми конференцияларда ұсынылған 12 материалда көрініс тапқан, оның ішінде: 4 баяндама шетелдік конференциялар жинағында жарияланған – «Достижения науки – агропромышленному производству» (Челябинск: Южно-Уральский государственный аграрный университет), Problems and prospects of development of economy and management (Sociosfera – CZ, Faculty of Business Administration, University of Economics in Prague), «Экономика, управление и право: современные подходы и перспективы» (С.Ю. Витте атындағы Мәскеу экономикалық университеті), Interdisciplinary Science Studies (Dublin, Ireland), сондай-ақ 1 авторлық куәлік алынған. Диссертация нәтижелері С.Ю. Витте атындағы Мәскеу экономикалық университеті, Astana International University және «Түркістан» ӘКК тәжірибелік қызметіне енгізілген. Диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша жарияланған 21 ғылыми мақаланың ішінде 8 мақала автордың жеке орындауымен және жеке атынан жарық көрген. Қалған жарияланымдарда зерттеуші бірінші және хат-хабаршы автор ретінде қатысып, бұл оның ғылыми міндеттерді тұжырымдау, әдістемені әзірлеу және алынған нәтижелерді түсіндірудегі жетекші рөлін дәлелдейді. Автордың жеке үлесі зерттеудің барлық кезеңдерін дербес ұйымдастыру, жоспарлау және жүргізу, материалдарды талдау мен қорыту, ғылыми еңбектерді дайындау, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін түрлі апробация түрлерінде ұсынумен айқындалады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=eosVXqjywvw
