
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Досмаганбетов Нурлан Серикович «8D04102 – Экономика» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстан Республикасы өңірлерінде құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін экономикалық бағалау және жетілдіру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Экономика және кәсіпкерлік кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Абдибеков Сакен Уалиханович - экономика ғылымдарының кандидаты, қауым.профессор, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Х.Д. Чурин атындағы Менеджмент және агробизнесті ұйымдастыру» кафедрасының профессоры м.а. (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Сактаганова Наргуль Амановна – PhD, қауым.профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылым департаментінің директоры (Қызылорда қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Дербишева Эльмира Дупеновна – экономика ғылымдарының докторы, доцент И.Раззаков атындағы қырғыз мемлекеттк техникалық университетінің доенті (Бишкек қ., Қырғыз Республикасы);
Монтаев Сарсенбек Алиакбарұлы – техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰИА корреспондент мүшесі, Жангір хан атындағы Батыс-Қазақстан аграрлы-техникалық университетінің Индустриалды-технологиялық институтының профессоры (Орал қ., Қазақстан Республикасы);
Сапарова Гульнар Каримовна - экономика ғылымдарының докторы, профессор, Тұран Астана Университетінің «Бизнес әкімшілігі» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Егембердиева Сауле Меирбековна – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Экономика және кәсіпкерлік» кафедрасының профессоры
PhD, профессор, Братислава экономикалық университетінің профессоры (Братислава қ., Словакия)
Қорғау 2026 жылғы 14 тамыз, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D04102 – Экономика» білім беру бағдарламасы бойынша «8D041 – Бизнес және басқару» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Қорғау аралас режимде (онлайн-оффлайн), онлайн трасляциясы Microsoft Teams платформасында өтеді.
Сілтемесі: https://clck.ru/3UE9HY
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан, 11, №517 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Досмаганбетов Нурлан Сериковичтің 8D04102 - «Экономика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақстан Республикасы өңірлерінде құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін экономикалық бағалау және жетілдіру» тақырыбындағы диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Ұлттық және әлемдік экономиканың қазіргі даму кезеңі құрылымдық теңгерімсіздіктердің күшеюімен, институционалдық шектеулердің өсуімен және өндірістік жүйелердің орнықтылығына қойылатын талаптардың артуымен сипатталады. Қосылған құнның жаһандық тізбектерінің трансформациялануы, экологиялық және техникалық стандарттардың қатаңдатылуы, сондай-ақ фискалдық жүктеменің артуы жағдайында экономикалық өсу мен кеңістіктік даму базасын қалыптастыратын салалардың рөлі артады. Мұндай салалардың қатарына құрылыс кешенінің жұмыс істеуін, инфрақұрылымдық және тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруды қамтамасыз ететін құрылыс материалдарын өндіру саласы жатады. Қазақстан Республикасы үшін бұл мәселе құрылыс саласының институционалдық және салық ортасының ағымдағы өзгерістеріне байланысты ерекше маңызға ие болады. Құрылыс Кодексінің және үлестік құрылыс ережелерінің талаптарын қатайту, сондай-ақ қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеруді қоса алғанда, салық жүктемесінің өсуі құрылыстың өзіндік құнының артуына және құрылыс салушылардың инвестициялық белсенділігінің төмендеуіне объективті түрде әкеледі. Сонымен қатар, сұранысты ынталандыру шаралары, оның ішінде зейнетақы жинақтарын пайдалану есебінен көтеру шектеулі әрі қысқа мерзімді сипатқа ие болады және халықтың нақты табыстарының өсуімен қатар жүрмейді. Бұл тұрғын үй бағасының динамикасы мен төлем қабілетті сұраныс арасындағы құрылымдық алшақтықты қалыптастырады және кейіннен түзетумен бастапқы нарықтың қызып кету қаупін күшейтеді. Күтілетін құрылыс қарқынының баяулауы және тұрғын үйді іске қосудың төмендеуі жағдайында құрылыс өндірісі шығындарының проблемасы ерекше маңызға ие болады, олардың едәуір бөлігі құрылыс материалдарының импортқа тәуелділігінің жоғары болуы және өндірушілер, ғылыми-білім беру ұйымдары мен құрылыс компаниялары арасындағы ынтымақтастықтың жеткіліксіздігі есебінен қалыптасады. Импортталатын материалдар бағасының өсуі, валюталық ауытқулар мен логистикалық шектеулер инфляциялық қысымды күшейтеді және тұрғын үйдің қолжетімділігін төмендетеді, бұл құрылыс кешені мен өңірлік экономиканың орнықты дамуын шектейді. Осыған байланысты, құрылыс материалдарының өндірісін дамытудың кластерлік тәсілі өзіндік құнды төмендетудің, саланың бәсекеге қабілеттілігі мен орнықтылығын арттырудың неғұрлым тиімді құралдарының бірі ретінде қарастырылады. Өңірлік кластерлерді қалыптастыру және жетілдіру өндірісті оқшауландыруды, қосылған құны жоғары технологиялық тізбектерді дамытуды, көлік, трансакциялық шығындарды төмендетуді, құрылыс материалдары өнеркәсібінің құрылыс секторымен және өңір экономикасымен неғұрлым тығыз ықпалдасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алайда, кластерлік саясаттың қазіргі жария басымдылығына қарамастан, Қазақстанда құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерінің жұмыс істеу тиімділігін, әсіресе қазіргі заманғы реттеушілік, салықтық және нарықтық шектеулерді ескере отырып, экономикалық бағалау және жетілдіру мәселелерінің жеткіліксіз ғылыми пысықталуы анық байқалады. Қолданыстағы әдістемелік тәсілдер өңірлік біртекті еместікті, институционалдық өзгерістердің ықпалын, тұрғын үйге сұраныстың серпінін және кластерлерді құрылыс нарығын салқындату жағдайларына бейімдеу қажеттілігін толық көлемде ескермейді. Тұрғын үй бағасының экстенсивті өсу әлеуетінің сарқылуы және құрылыс салушыларға қысымның күшеюі жағдайында құрылыс материалдарының ішкі өнеркәсіптік базасының дамуы саланы тұрақтандырудың және оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын арттырудың негізгі факторына айналады. Бұл кластерлік тәсілді қолдану негізінде Қазақстан өңірлерінде құрылыс саласындағы өнеркәсіптік өндірістің экономикалық әлеуетін айқындау және бағалау тетіктерін әзірлеу қажеттілігін туындатады. Олай болса, құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін экономикалық бағалау және жетілдіру негізінде республика өңірлерінің бәсекеге қабілеттілігін көтеру мәселелерінің күрделілігі мен жеткіліксіз зерттелуі, сонымен қоса кластерлерді басым дамыту теориясы мен тәжірибесін одан әрі тереңдету қажеттілігі диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігін айқындайды. Диссертациялық зерттеудің мақсаты - өңірлерде құрылыс материалдары өндірісінің кластерлерін экономикалық бағалаудың теориялық-әдістемелік негіздерін зерттеу және оларды жетілдіру бойынша практикалық ұсыныстарды әзірлеу. Қойылған мақсатқа сәйкес жұмыстың міндеттерін орындау айқындалды. Зерттеу міндеттері: 1. Құрылыс материалдарының өндірісі саласында кластерлерді қалыптастыру және дамыту ерекшеліктерін зерделеу. 2. Кластерлерді қалыптастыру үдерісіне қатысушы құрылыс материалдары өндірісінің өзара байланысқан кәсіпорындар кешенінің қызметіне әсер ететін факторларды айқындау. 3. Құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін сипаттайтын көрсеткіштер кешенін қалыптастыру және олардың тиімділігін анықтау мен бағалау әдістемесін әзірлеу. 4. Құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін жетілдіру бойынша шетелдік үлгілерді қарастыру. 5. ҚР өңірлерінде құрылыс материалдары өндірісінің кластерлік әлеуетін талдау және экономикалық бағалау. 6. Құрылыс материалдары кластерлерін құрудың мәселелерін, алгоритмін, құрылымын және ұйымдастырушылық-экономикалық тетіктерін анықтау. 7. Құрылыс материалдары өндірісі кластерлерін жетілдіру бойынша әдістемелік-практикалық ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу нысаны – Қазақстан өңірлерінің экономикасындағы құрылыс материалдарының өндірісі кластерлері және олардың қызмет ету жүйесі. Зерттеу пәні – құрылыс материалдары өндірісі кластерлерінің экономикалық тиімділігін бағалау және оларды жетілдіру үдерісіндегі ұйымдастырушылық-экономикалық қатынастар. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында экономикалық теорияның жалпы ғылыми-логикалық әдістері және макроэкономиканың ерекше әдістері, математикалық-статистикалық, салыстырмалы-талдамалық, эмпирикалық, топтастыру және жіктеу әдістері сияқты жалпы ғылыми әдістер қолданылды. Қолданбалы зерттеулер жүргізу кезінде жіктелімдер, топтамалар, экономикалық-статистикалық талдау, зерделенетін үдерістердің серпіні мен құрылымын талдау әдістері қолданылды. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы өңірде құрылыс материалдарының өндірісі кластерін қалыптастыру негізінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың тиімді әрекет етуі мен инновациялық дамуын қамтамасыз ететін ғылыми бағыттар мен тұжырымдарды әзірлеуден және дәлелдеуден көрініс табады. Зерттеу нәтижесінде келесі ғылыми жаңалықтар автормен алынды және негізделді: 1. Отандық кәсіпорындардың аумақтық және салалық белгілерін ескеретін өңірлерде құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін қалыптастырудың теориялық-әдістемелік аспектілері нақтыланды. 2. Құрылыс материалдарының өндірісін кластерлендіру әлеуетін сандық және сапалық бағалау негізінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық ішкі және сыртқы факторларын жіктеу ұсынылды. 3. Құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін құру және өңірлердің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуы арасындағы өзара байланыс анықталып дәлелденді. 4. Құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін құрудың экономикалық тиімділігін бағалаудың әзірленген әдістемесі негізінде Астана қаласында құрылыс саласын кластерлендірудің құрылымдық-стратегиялық үлгісі жасалып, оны жетілдіру жолдары айқындалды. 5. Астана қаласында кластерлік біріккен жобаларды енгізу негізінде құрылыс саласы кәсіпорындарының тиімді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерінің тиімділігін көтеру жөнінде әдістемелік-практикалық ұсыныстар әзірленді. Диссертациялық жұмыста қорғауға шығарылатын негізгі ережелер: 1. Құрылыс саласына және құрылыс материалдарының өндірісіне кластерлерді енгізуді зерттеудің теориялық-әдіснамалық тұжырымдар кешені. 2. Құрылыс материалдарының өндірісі саласында кластерлердің экономикалық тиімділігін бағалау әдістемесінің көрсеткіштері. 3. Құрылыс материалдары өндірісін кластерлендіруді экономикалық бағалау әдістемесі негізінде өңірлер әлеуетін анықтаудың жіктемесі. 4. Құрылыс материалдарының кластері және өңірлердің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуы арасындағы өзара байланыстар. 5. Астана қаласында құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерін жетілдіру үлгісі және тиімділігі. Жұмыстың тәжірибелік маңыздылығы мемлекеттік органдардың да, өндірістік кәсіпорындардың да әзірленген тетіктер мен жүйелерді тәжірибелік қызметте пайдалану мүмкіндігінен тұрады. Оларды ақпараттық экономика жағдайында кластерлік қызметті басқару проблемаларын кейінгі теориялық қолданбалы зерттеулерде пайдалану ұсынылады. Сонымен қатар, диссертациялық зерттеу нәтижелері жоғары оқу орындарында «Аймақтық экономика», «Қазақстан экономикасын кластерлендіру» сияқты оқу пәндерін жүргізу кезінде қолданылуы мүмкін. Диссертациялық жұмыста жүргізілген зерттеулер келесі ғылыми тұжырымдар, жалпылама қорытындылар мен ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді: 1. Теориялық тұжырымдамаларды зерделеу негізінде өзара байланысты шаруашылық жүргізуші субъектілерді шоғырландыру және синергетикалық әсерлерді қалыптастыру есебінен бәсекеге қабілеттілікті көтеруді қамтамасыз ететін экономиканы салалық ұйымдастыру нысаны ретінде кластер ұғымының экономикалық мәні нақтыланды. Құрылыс және құрылыс материалдарының өндірісі саласы бойынша «құрылыс кластері», «құрылыс материалдары кластері» және «құрылыс материалдарының өндірісі кластері» ұғымдарына авторлық анықтама беріліп, олардың жүйесі, түрлері мен үлгілері анықталды. Саладағы кластерлердің тиімділігі айтарлықтай дәрежеде ресурстық әлеуетті, инфрақұрылымды және институционалдық ортаны қоса алғанда, өңірлік факторлармен айқындалатындығы дәлелденді. Бұл өз кезегінде, Қазақстан өңірлерінде оларды қалыптастыру жағдайларының анықталған саралануымен расталады. 2. Өндірістік, инвестициялық, инновациялық және жалпы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қамтитын коэффициенттік есептеулер мен кешенді интегралдық әдістерді пайдалануға негізделген құрылыс материалдарының өндірісі кластерлерінің экономикалық тиімділігін бағалаудың ұсынылған әдістемелік аппараты дамытылды. Әдістеменің тәжірибелік апробациясы кластерлік өзара іс-қимылға тартылған кәсіпорындар өнімділіктің неғұрлым жоғары өсу қарқынын (орта есеппен 10-15%-ға), трансакциондық шығындардың төмендеуін (8-12%-ға) және оқшауланған шаруашылық жүргізуші субъектілермен салыстырғанда инвестициялық белсенділіктің артуын көрсететінін растайды. 3. Құрылыс материалдарының өндірісі саласындағы кластерлердің шетелдік тәжірибесін зерделеу Қазақстанда кластерлік бастамаларды дамытуды жетілдіру бойынша мынадай ұсынымдарды тұжырымдауға мүмкіндік берді: - коммерциялық және білім беру құрылымдары арасындағы талап етілетін біліктілік персоналын даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамыту; - кластер субъектілері арасындағы, әсіресе ғылыми-зерттеу ынтымақтастығы және тауарларды нарыққа жылжыту саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және тереңдету; - өндірістік үдерістер мен шығарылатын өнімнің сапасын арттыру үшін әртүрлі кәсіби топтарды уәждемелеу әдістерін қолдану; - ғылымды қажетсінетін шағын және орта бизнестің жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылым жасау (өндірістік алаңдар, қаржы ресурстарына қолжетімділік және т.б.); - өңір экономикасының ілеспе секторларын, әсіресе жоғары технологиялық өнеркәсіптің қажеттіліктері үшін жиынтықтаушы өндірістер мен қызметтер көрсету салаларын дамыту; - институционалдық ортаны (заңнамалық, сертификаттық және басқа шарттар) және стандарттар жүйесін жетілдіру. Американың, Еуропаның және Азияның әртүрлі елдерінде институционалдық ерекшеліктер негізінде құрылыс кластерлерін ұйымдастырудың бірнеше үлгілері бар екендігі анықталып, олардың принциптi ерекшелiктерi басым кластерлер үшiн инфрақұрылым құру әдiстерiне қатысты өңiрлiк билiктердiң белсендiлiк дәрежесiнде басымдықтарды таңдаудан тұратындығы белгілі болды. 4. Қазақстандағы құрылыс материалдарының өндірісі саласының қазіргі жай-күйіне кешенді талдау жүргізілді, бұл құрылымдық сәйкессіздіктермен сүйемелденетін өндіріс көлемінің тұрақты өсу үрдісін белгілеуге мүмкіндік берді. Өндірістік әлеуеттің 50%-ға жуығы Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды сияқты өндірісі дамыған өңірлердің шектеулі санында шоғырланғаны анықталды, бұл ретте өнімнің жекелеген түрлері бойынша 30-32% деңгейінде импортқа тәуелділік сақталады, бұл саланың орнықтылығын төмендетеді және өндірісті ұйымдастырудың кластерлік нысандарын дамыту қажеттілігін негіздейді. 5. Шикізат базасының және мол қорының болуы, инфрақұрылымдық даму деңгейі, компаниялардың шоғырлануы және өңірлердің инвестициялық тартымдылығы сияқты құрылыс саласында кластерлерді қалыптастырудың түйінді факторлары айқындалды. Кәсіпорындардың өндірістік шоғырлану деңгейі жоғары және логистикасы дамыған өңірлердің кластерлендірудің неғұрлым жоғары әлеуетіне ие екені анықталды, бұл экономикалық бағалау және салыстырмалы талдау нәтижелерімен расталады. Сонымен қатар, Қазақстанда құрылыс материалдары өндірісінің қызметін шектейтін және тиісінше отандық құрылыс материалдары өндірісін дамытуға үстем ықпал ететін бәсекелесуші импорт, ауа райы жағдайлары, әкімшілік шектеулер, ресурстардың шектеулілігі, білікті мамандардың жетіспеушілігі сияқты негізгі факторлар да анықталды. 6. Құрылыс материалдарының өндірісі саласында кластерлерді дамытудың жүйелі мәселелері анықталды. Оларға өзара ықпалдасудың жеткіліксіз деңгейін, ғылым мен өндірістің әлсіз интеграциясын, қаржы ресурстарының шектелуін және институционалдық ортаның жетілмегендігін жатқызуға болады. Қолданыстағы кластерлік бастамалар тұрақты өндірістік тізбектердің қалыптасуын шектейтін және өңірлердің жалпы экономикалық өсу нәтижелерін төмендететін толық емес сипаттағы жүйелер ретінде қарастырылады. 7. Қазақстан өңірлерінің құрылыс материалдарының өндіріс саласында кластерлерді қалыптастыру және дамыту әлеуетіне сандық және сапалық экономикалық бағалау жүргізілді, бұл кластерлер үшін басым өңірлерді жіктеуге және топтастыруға мүмкіндік берді. Неғұрлым жоғары әлеует шикізат базасы дамыған және инвестициялық белсенділігі жоғары өңірлерде, яғни интегралдық индекстің мәні 1,5 коэффициенттен жоғары әлеуетті өңірлерде шоғырланғаны (Қарағанды облысы – 2,07, Алматы облысы – 1,69, Астана қаласы – 1,66, Қызылорда облысы – 1,56, Жамбыл облысы – 1,54) анықталды, бұл ретте құрылыс кластерінің құрылымдық-стратегиялық үлгісін жүзеге асыру өндіріс көлемін 2030 жылға қарай 23%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етуге қабілетті. Бұл өңірлерде құрылыс саласы оқшауландыру, өндіріс ауқымы және мамандану тұрғысынан теңгерімді әрі жоғары деңгейде дамыған. Олар толыққанды кластерлерді қалыптастыруға ең қолайлы өңірлер ретінде ұлттық және өңіраралық құрылыс кластерлерінің тірек аймақтары бола алады. 8. Өндірістік үдерістерді цифрландыруды, өндірістік қуаттарды жаңғыртуды, МЖӘ тетіктерін дамытуды және инновациялық белсенділікті ынталандыруды қамтитын кластерлерді дамытудың басым бағыттары әзірленді. Оларды іске асыру құрылыс саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және импортқа тәуелділікті төмендетуге, сонымен қатар өңірлік, ұлттық және халықаралық деңгейлерде кластерлік кәсіпорындар үшін жол ашуға, стратегиялық бірлестіктер мен желілер үшін неғұрлым кең мүмкіндіктер беруге, озық тәжірибелер жөнінде білімді кеңейтуге және құрылыс компанияларының қызметкерлерін үнемі қайта оқытуға мүмкіндік беретіні негізделді. 9. Астана қаласы бойынша мақсатты кластерлік бағдарламаны орындайтын КДО-ң үйлестіруші ұйымы Кеңесінің тиімді жұмыс істеуімен байланысты өндірістік, инновациялық және логистикалық элементтердің ықпалдасуымен, сонымен бірге өзара іс-қимылдың цифрлық платформаларын пайдаланумен ерекшеленетін құрылыс кластерлерін дамытудың жетілдірілген моделі ұсынылды. Бұл модельдің практикалық маңыздылығы оның Қазақстанның әртүрлі өңірлерінің жағдайларына бейімделу мүмкіндігімен расталады. 10. Құрылыс материалдарының өндірісі саласында кластерлердің тиімділігін арттыру болжамын 2030 жылға дейін бағалау орындалды. Атап айтқанда, Астана қаласының құрылыс саласы өнімдерінің ЖӨӨ-гі үлесі 2026 жылы - 7,79%, 2027 жылы - 10,1%, 2028 жылы - 11,0%, 2029 жылы - 11,8% және 2030 жылы - 13,0% деп болжанса, онда құрылыс кешені өнімі үлесінің өсуін ескере отырып, тиісті кластер енгізгеннен кейін құрылыс кластері өнімінің үлесі 2026 жылы – 8,58%, 2027 жылы – 11,13%, 2028 жылы – 12,12%, 2029 жылы – 13,0%, 2030 жылы – 14,3% деп болжанады. Бұл олардың дамуы жұмыспен қамтудың ұлғаюынан, салық түсімдерінің өсуінен және инвестициялық тартымдылықтың артуынан көрінетін өңірлердің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ететінін көрсетті. Есептеулер көрсеткендей, құрылыс саласын кластерлендіруден болатын жиынтық мультипликативтік әсер салынған инвестициялық ресурстарға қатысты 1,3-1,5 мәнге дейін артады. Диссертациялық зерттеу нәтижелері құрылыс материаларының өндірісі кластерлерін дамыту және жетілдіру Қазақстан өңірлерінің экономикасын құрылымдық жаңғыртудың тиімді құралы бола алатындығын шынайы растайды. Алынған ғылыми тұжырымдар, әдістемелік әзірлемелер мен практикалық ұсыныстар өнеркәсіп пен кластерлерді дамыту және жетілдіру саласындағы мемлекеттік және өңірлік саясатты қалыптастыру кезінде пайдаланылуы мүмкін. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертацияның тақырыбы келесідей ғылымның даму бағыттары мен мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес келеді: - Қазақстан Республикасының Кодексі. Қазақстан Республикасының Құрылыс Кодексі: 2026 жылдың 9 қаңтарда, №253-VIII ҚРЗ қабылданған. - Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы. Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы: 2018 жылдың 20 желтоқсанда, №846 бекітілген. - Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы. Қазақстан Республикасының өңірлік дамуының 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы: 2025 жылдың тамызда, №679 бекітілген. Ізденушінің әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертациялық жұмыстың негізгі ережелері мен қорытындыларын зерттеу нәтижелері автормен халықаралық конференция жинақтарында, ҚР Ғылым және жоғары білім министрілігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынатын ғылыми басылымдарда, шетелдік рецензияланатын ғылыми журналдарда, Scopus ғылыми өлшеу деректер базасына кіретін журналдарда жарыққа шығып, жалпы 6,13 баспа бет көлемінде 9 ғылыми еңбекте баяндалды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
