
«8D04117 - Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Баксултанов Дархан Ерсаинович диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Баксултанов Дархан Ерсаинович «8D04117 – Инновациялық менеджмент» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесін дамытуды басқару (Астана қаласы мысалында)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Менеджмент» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Васин Сергей Михайлович - ғылым докторы, профессор, проректор
Ғылыми кеңесшілері:
Курманов Нурлан Айдильдаевич – PhD, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Менеджмент» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Керимкулова Меримкуль Кадыровна – экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ж. Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университеті (Бішкек қ, Қырғыз Республикасы)
Қорғау 2024 жылғы 11 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D04117 – Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша «8D041 – Бизнес және басқару» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/l/channel/19%3AOAAyRZi9xnqt_MB_ZZnQ4CYLiPG9GsEG701TIdEDiLY1%40thread.tacv2/Общие сведения?groupId=fe8f76fc-614f-491a-8559-016396dbdb4f&tenantId=5a2fd781-9261-485a-af2b-6171d0efab73
Мекен-жайы: г. Астана, ул. М. Кажымукана 11, Учебно-лабораторный корпус, аудитория №518.
Аңдатпа (қаз.): Баксултанов Дархан Ерсаиновичтың 8D04117 – «Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесін дамытуды басқару (Астана қаласы мысалында)» тақырыбындағы диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі жағдайда экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күші болып, нәтижелері ғылымды қажет ететін тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді іске асыруда, өндірістің жаңа әдістерін ұйымдастыруда, сондай-ақ экономиканы декарбонизациялау мен тұрақты дамытуды қамтамасыз етуде орын алатын, инновациялар болып табылады. Инновациялардың тиімді пайда болуы, таралуы және енгізілуі үшін реттеуші ортаның, ынталандыру шараларының, қолдау құралдарының, тиісті инфрақұрылым мен инновациялық мәдениеттің болуын көздейтін қолайлы орта қажет. Осы аталмыш барлық қажетті шарттар жалпыланған түрде қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану және оның барлық қатысушыларының өзара әрекеттесуі үшін желі ретінде инновациялық жүйені қалыптастырады. Экожүйенің жұмыс істеу сапасы жүйенің дамуын басқарудың тиімді процесінің арқасында қол жеткізілетін инновациялық белсенділік көрсеткіштерімен анықталады. Осыған орай талдау, бағалау, тиімді жоспарлау және жүйені одан әрі жетілдіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстарды қалыптастыру процесстері инновациялық жүйенің дамуын басқаруында шешуші рөл атқарады. Инновациялық жүйені және оның барлық қатысушыларының тиімді өзара әрекеттесуіне ықпалын тигізетін жүйенің құрамдас бөліктерін басқару мәселесі бүгінгі таңда өзекті болып табылады. Демек, диссертациялық зерттеу тақырыбының өзектілігі инновациялық жүйенің даму жағдайын талдау мен бағалауға, жүйені дамытуда басқару процессінің тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсыныстарды әзірлеу процесстеріне әдістемелік ұстанымды қалыптастыру болып есептеледі. Диссертациялық зерттеудің мақсаты ұлттық инновациялық жүйені (Астана қаласының мысалында)қалыптастыру мен дамытудың теориялық-әдіснамалық негіздерін зерттеу, жүйені бағалау мен оны жетілдіру бойынша ғылыми-тәжірибелік ұсынымдарды негіздеудің әдіснамасын әзірлеу болып табылады. Мақсатқа жету үшін диссертациялық жұмыстың келесі міндеттері анықталды: - ұлттық инновациялық жүйе тұжырымдамасының теориялық-әдістемелік тәсілдері мен тұжырымдамалық негіздерін зерттеу; - «ұлттық инновациялық жүйе» ұғымының мәні мен мазмұнын ашып, инновациялық жүйелердің жіктелуін анықтау; - Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастырудың негізгі кезеңдері мен процесіне ретроспективті талдау жасап, оның даму деңгейін бағалау; - шетелдік тәжірибені зерделеу негізінде инновациялық жүйені қалыптастыру үрдістері мен факторларын айқындау; - инновациялық жүйенің дамуын басқару процесін бағалаудың әдістемелік тәсілін әзірлеу; - Астана қаласының инновациялық жүйесін дамытуды басқарудың жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу; - өңірлік инновациялық жүйенің «ақылды» стратегиясын әзірлеудің әдістемесін ұсыну; - инновациялық инфрақұрылымның жетілуін бағалаудың әдістемесін әзірлеу; - инновациялық жүйені басқару процесін жетілдіруге бағытталған ғылыми негізделген ұсыныстарды қалыптастыру. Зерттеу нысаны: ұлттық инновациялық жүйе (Астана қаласы мысалында). Зерттеу пəні: ұлттық инновациялық жүйесін дамытудың басқару процессі. Зерттеу əдістері: Web of Science және Scopus дерекқорларынан алынған ғылыми әдебиеттердің мазмұнын жалпылау, библиометриялық талдау, мазмұндық талдау, жүйелік талдау, экожүйелік тәсіл, салыстырмалы талдау, әлеуметтанулық сауалнама, MatLab математикалық модельдеу пакетінде эконометрикалық модельдеу әдістері. Диссертациялық зерттеудің жаңалығы келесідей: 1) шетелдік әдебиеттерді жалпылау негізінде «ұлттық инновациялық жүйе» ұғымының мәні туралы автордың көзқарасы негізделді, инновациялық жүйелердің классификациясы анықталды; 2) инновациялық жүйені басқару процесін бағалаудың әдістемелік тәсілі әзірленді; 3) инновациялық жүйені дамыту процессіне «ақылды» стратегия моделінің қолданылуы ғылыми негізделіп, стратегияны әзірлеудің әдістемесі ұсынылды; 4) инновациялық инфрақұрылымның жетілуін бағалаудың әдістемесі әзірленді; 5) инновациялық жүйені дамытудың басқару процессін жетілдіруге бағытталған шаралар қалыптастырылды. Диссертацияның қорғауға шығарылатын негізгі ережелері: – «ұлттық инновациялық жүйе» ұғымының авторлық көзқарасы, инновациялық жүйелердің жіктелуі; – инновациялық жүйені дамытудың басқару процессінің әдістемелік тәсілі; – өңірлік инновациялық жүйенің «ақылды» стратегиясын әзірлеудің әдістемесі; – инновациялық инфрақұрылымның жетілуін бағалаудың әдістемесі; – инновациялық жүйені дамытудың басқару процессін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар. Диссертациялық жұмыстың теориялық жəне практикалық маңыздылығы. Диссертациялық жұмыстың нәтижелері инновациялық жүйелерді басқару саласындағы теориялық зерттеулерді одан әрі дамыту үшін өз септігін тигізеді. Зертеу нәтижелері ұлттық инновациялық жүйелер саласындағы одан әрі зерттеулерді жүргізуге және мемлекеттік инновациялық саясатты қалыптастыруда мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен даму институттары үшін ғылыми-практикалық маңызы бар. Ұсынылған инновациялық жүйені дамытудың жай күйін, инновациялық инфрақұрылымның жетілу деңгейінің бағалау құралдары, «ақылды» мамандандыру стратегиясы, сондай-ақ инновациялық жүйені дамыту процессін жетілдіруге бағытталған ұсыныстардың практикалық маңызы зор. Диссертация аясында алынған қорытындылар мен ғылыми негізделген ұсыныстар инновациялар және технологиялық даму саласындағы мемлекеттік саясатты, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдаудың шараларын іске асыруда, сондай-ақ ұлттық инновациялық жүйені дамытуға арналған стратегиялар, тұжырымдамалар мен бағдарламаларды қалыптастыруда қолданылуы мүмкін. Диссертациялық жұмыс «Елдің зияткерлік әлеуеті» басым бағыты бойынша «Цифрландыру жағдайындағы Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесі: қазіргі жағдайын бағалау және даму перспективалары» тақырыбына «Жас ғалым» жас ғалым-постдокторанттардың ғылыми жобасын (ҚР AP22686171, 2024-2026 жж.) және «Мәңгілік ел» ғылыми негіздері (XXI ғасырдағы білім беру, гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер) басым бағыты бойынша «Ақылды мамандандыру» моделі негізінде Қазақстанның шикізат аймақтарының инновациялық дамуын басқару тетіктерін әзірлеу» (ҚР БҒМ гранты AP08052209, 2020-2022 жж.) және «Қазақстандағы қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың цифрлық трансформациясы: дайындықты бағалау, даму сценарийлері және ынталандыру тетіктері» (ҚР ҒЖБМ гранты AP08856113, 2020-2022 жж.) тақырыптары бойынша ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобаларының іске асыру шеңберінде орындалған. Диссертациялық зерттеуді өткізу барысындағы алынған нәтижелер «Самрұқ-Қазына» АҚ жанындағы “Center for Scientific and Technological Initiatives “Samgau” Foundation ұйымының Даму жоспарын әзірлеу кезінде өндіріске енгізілді. Диссертациялық жұмысты зерттеу барысында келесі тұжырымдар жасалды: 1. «Ұлттық инновациялық жүйе» ұғымына оның мәні мен қалыптастыру мақсаттарын ашатын авторлық көзқарас ұсынылды, оның негізгі құрамдас бөліктері айқындалып, инновациялық жүйелердің классификациясы ұсынылады. 2. Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесі қалыптасуының негізгі кезеңдерін талдау нәтижелері бойынша жүйенің толыққанды қалыптасуы мен дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлар анықталды, олардың ішінде ең маңыздылары – мемлекеттік инновациялық саясатты іске асыруда жүйелі ұстанымның жоқтығы, қабылданған шаралар мен іске асырылып жатқан саясат арасындағы сабақтастықтың әлсіздігі, ұлттық даму институттарының жиі ауысуы, нормативтік-құқықтық ортаның әлсіз болуы және инновациялық жүйе қатысушыларының тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз етуге бағытталған тетіктердің жоқтығы. 3. Инновациялық жүйе дамуының басқару процесін бағалаудың әдістемесі 8 кезеңді қамтиды: инновациялық жүйенің сипаттамасы, мақсаттары мен міндеттерін айқындау; нормативтік ортаны талдау; инновациялық жүйенің даму көрсеткіштерін бағалау; инновациялық инфрақұрылым элементтерінің даму жағдайын бағалау; инновациялық жүйені басқарудың озық шетелдік тәжірибесін зерттеу және жүйелеу (бенчмаркинг); жүйенің дамуына кедергі келтіретін негізгі факторларды анықтау; инновациялық жүйенің Канва бизнес-моделін әзірлеу; және инновациялық жүйені басқарудың процесін жетілдіруге бағытталған шаралары бойынша ұсыныстарды әзірлеу. 4. Астана қаласы инновациялық жүйесінің даму жағдайын бағалауға арналған талдау барысы тек статистикалық мәліметтерге негізделген ақпарат өздігінен инновациялық жүйенің даму жағдайын бағалауға мүмкіндік бермейтінін көрсетті. Бұл орайда, зерттеу барысында 9 индикаторды қамтитын және жүйелердің қазіргі даму деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін «Ғылым және инновациялық даму индексі» атты интегралды көрсеткіш ұсынылған болатын. 5. Астана қаласы инновациялық жүйесінің даму жағдайын бағалауға бағытталған социологиялық зерттеудің нәтижелері экожүйе туралы кешенді түсінік қалыптастыруға мүмкіндік беріп, қалада инновацияларды ендіру мен дамытуға кедергі келтіретін негізгі тосқауылдарды анықтауға мүмкіндік берді. Инновациялық жүйенің Канва бизнес-моделі құрастырылды және оның негізінде ҰИЖ барлық қатысушылары мен элементтерінің өзара әрекеттесу моделі ұсынылды. 6. Әрбір өңір үшін олардың салалық ерекшеліктері мен ғылыми-техникалық әлеуетін ескере отырып, бірегей инновациялық тауашаларды анықтауға, мемлекеттік инновациялық саясатты іске асыру барысында мемлекеттік органдар құзыретті функцияларының қайталануын жоюға және бюджеттік қаражатты тиімсіз қолдануды болдырмауға мүмкінді беретін өңірлік инновациялық жүйесінің «ақылды» стратегиясын әзірлеудің әдістемесі ұсынылды. 7. Ұсынылған ISRL авторлық құралы бойынша инновациялық жүйенің даму жағдайын бағалау TRL 1-3 және TRL 7-9 технологиялық даму деңгейлері арасындағы алшақтықты көрсетті, бұл тәжірибелік-конструкторлық кезеңінде жобаларды гранттық қолдау құралдарының болмауы мен тәжірибелік-өндірістік зерттеулерді өткізуге және жұмыс істейтін прототиптерді құруға арналған инновациялық инфрақұрылымның дамымауының салдары болып табылады. 8. Инновациялық инфрақұрылымның жетiлуiн бағалау әдiстемесi әзiрлендi, оған сәйкес инновациялық инфрақұрылымды базалық, дамып келе жатқан және дамыған болып жіктеуге болады. Әдістеме шеңберінде негізгі өлшенетін критерийлер, критерийлерге сәйкес көрсеткіштер, бағаланатын ұпайлар мен олардың шекті мәндерді анықталды. 9. Инновациялық жүйені дамытудың басқару үдерісін жетілдіру бойынша негізделген ұсыныстар әзірленді. Олар инновациялар саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту, инновациялық мәдениетті қалыптастыру, қолдау құралдарын кеңейту, инновациялық инфрақұрылымды дамыту, салықтық ынталандыру шаралары мен мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, сондай-ақ инновация саласындағы деректерді жинау және өңдеу процесін жетілдіру секілді бағыттарды қамтиды. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сəйкестігі. Диссертация тақырыбы келесі ғылымның даму бағытары мен мемлкеттік бағдарламларға сәйкес келеді: - «Ғылым және технологиялық саясат туралы» 2024 жылғы 1 шілдедегі №103-VIII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы; - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 248 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы; - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 269 қаулысымен бекітілген 2023 - 2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы. Ізденушінің əр жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Диссертациялық жұмыстың негізгі ережелері мен қорытындылары келесі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда талқыланды: «Цифрлық экономика: жаңа бизнес-архитектоника және құзыреттердің трансформациясы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының пленарлық отырысында (Қарағанды, 2020 – 15 желтоқсан, 1 дәрежелі диплом); «ǴYLYM JÁNE BІLІM- 2020» XV Халықаралық ғылыми конференциянда (Астана, 2020 – 10 сәуір, 2 дәрежелі диплом); Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ғылым, білім жəне өндіріс интеграциясы – Ұлт жоспарын жүзеге асырудың негізі» атты (Сағынов оқулары №13) Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Қарағанды, 2021 – 17-18 маусым). Диссертациялық зерттеудің негізгі ережелері 10 мақалада жарияланды: 1 мақала Scopus деректер базасына енгізілген ғылыми журналында (International Journal of Energy Economics and Policy. – 2020. – №10(5). – pp. 447-453. Scopus, CiteScore 2023 – 3,9, SJR 2023 – 0,310, журнал процентилі – 75); 5 мақала ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда; 4 мақала ғылыми-практикалық конференциялар материалдары бойынша ғылыми еңбектер жинақтарында.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/oE0f-qSDdkM
