
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Қаражан Бекмырза Серікұлы «8D04202 – Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасы бойынша «ДСҰ ережелері шеңберінде қазақстандық көлік машинасын жасауды цифрландырудың және оның өнімін экспорттаудың халықаралық-құқықтық мәселелері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық құқық кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Айдарбаев Сагынгалий Жоламанович - заң ғылымдарының докторы, доцент, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ халықаралық қатынастар факультетінің деканы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Ильясова Гулжазира Актуреевна - заң ғылымдарының кандидаты, профессор, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің азаматтық және еңбек құқығы кафедрасының профессор-зерттеушісі (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Лаптев Василий Андреевич - заң ғылымдарының докторы, О.Е.Кутафин атындағы Мәскеу мемлекеттік заң университетінің (МСАЛ) кәсіпкерлік және корпоративтік құқық кафедрасының профессоры (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы).
Саймова Шолпан Алтынбековна - философия докторы PhD, МТҚБ «Парламентаризм институты» ШЖҚ РМК Жария заңнама және мемлекеттік басқару орталығының бастығы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Отыншиева Айдана Айтукызы - философия докторы PhD, халықаралық құқық кафедрасының, халықаралық қатынастар факультетінің аға оқытушысы, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КЕАҚ (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Сарсембаев Марат Алдангорович - заң ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық құқық кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Абдуллин Адель Ильсиярович - заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазан (Приволжск) федералды университетінің халықаралық және еуропалық құқық кафедрасының меңгерушісі (Казань қ., Ресей Федерациясы)
Қорғау 2025 жылғы 25 тамыз, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D04202 – Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасы бойынша «8D042 – Құқық» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысын онлайн және офлайн (аралас) форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://surl.li/elgdyn
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтпаев к-сі, 2, бас ғимарат, ауд. №302.
Аңдатпа (қаз.): Қаражан Бекмырза Серікұлының «8D04202 – Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алуға арналған «ДСҰ ережелері шеңберінде қазақстандық көлік машинасын жасауды цифрландырудың және оның өнімін экспорттаудың халықаралық-құқықтық мәселелері» тақырыбындағы диссертациялық зерттеуіне АҢДАТПА Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Өнеркәсіпті цифрландыру соңғы жылдарда жаһандық экономикалық өзгерістермен қатар дамып келе жатқан өзекті құбылыс. Көліктік машинажасау да өнеркәсіптің негізгі бағыты ретінде күрделі технологиялық трансформацияны бастан кешіп жатыр. Бұл тұрғыда цифрлық технологияларды отандық машинажасау кәсіпорындарына енгізу аса маңызды, өйткені бұл қадам олардың өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, өндірістік процестерінің тиімділігіне де оң әсер етеді. Заттар интернеті (IoT), көлемді деректер (Big Data), цифрлық егіздер (Digital twins) және роботтандыру сияқты 4.0 Индустриясының технологиялары аталмыш саланы модернизациялауға негіз бола бастады. Кейбір авторлар шығармашылық және бейімделу сияқты адамдардың ерекше қабілеттерін ескере отырып, «ақылды» индустрияны дамытудың келесі кезеңі адамның роботтармен интеграциясы екенін алға тартады. Осы тұрғыда жоғарыда аталған және 4.0 Индустриясының басқа да технологиялары бүгінгі күнгі жаңа талаптарға сәйкес құқықтық реттеуді, өзекті шешімдерді талап етеді. Қазақстандағы көліктік машинажасауды цифрландыру процесі көп сатылы және көп қырлы күрделі құбылыс десек жаңылмаймыз. Ол өндіріс деңгейінде жаңа технологияларды енгізуді және осыған сәйкес заманауи әлемдік стандарттарға сай құқықтық реттеу жолдарын өзгертуді талап етеді. Қазақстан жаһандық экономиканың бір бөлігі ретінде осындай бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторына айналып отырған цифрлық трансформацияға белсене қатысуы тиіс деп санаймыз. Біздің еліміз үшін цифрландырудың маңыздылығын Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында «цифр» түбірінен құралған сөздер 98 рет кездесетіндігі дәлелдейді. Алайда, цифрландырудың артықшылықтарымен қатар, мұндай трансформация барлық деңгейде – заңнамалық бастамалардан кәсіпорындар деңгейінде реттеудің жекелеген тетіктеріне дейін шешуді талап ететін бірқатар құқықтық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге алып келеді. Өнеркәсіпті дамытуда ең өзекті мәселелердің бірі халықаралық сауда және экспорттық қызмет контекстінде, әсіресе Дүниежүзілік сауда ұйымының (Әрі қарай – ДСҰ) құқығы шеңберінде цифрландыру процестерін құқықтық реттеу болып табылады. Ұсынылып отырған диссертациялық жұмыста Қазақстанның көліктік машинажасауын цифрландыруды құқықтық қамтамасыз етудің негізгі аспектілері, сондай-ақ осы бастамаларды іске асыру кезінде ел алдында тұрған құқықтық сипаттағы проблемалар мен сын-қатерлер қарастырылады. Диссертациялық жұмыста құқықтық реттеудің ағымдағы жай-күйін, халықаралық шарттардың рөлін, сондай-ақ саланы цифрландыруды қолдауға және дамытуға бағытталған заңнаманы дамыту перспективаларын талдауға басты назар аударылды. Зерттеу барысында көлік машинажасау саласындағы экспорттық процестерді цифрландырудың құқықтық аспектілеріне ерекше назар аударылды. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа құқықтық нормаларды енгізу саланы цифрлық трансформациялау процесін жеделдетіп қана қоймай, заңнаманың халықаралық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, инновациялық шешімдерді құқықтық қорғауға, цифрлық процестерге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды дамытуға байланысты мәселелерді шешу қажет. Қазақстан Республикасының (Әрі қарай – ҚР) көліктік машинажасау саласын цифрландыру және роботтандыру процесі машинажасау зауыттарының қызметінде, оның ішінде кәсіпорындарды дамыту стратегияларында, бизнес-модельдерде, құн жасау және жеткізу тізбектерінде үйреншікті тәртіптердің тез өзгеруіне әкелуі мүмкін. Бұл өзгерістер құқықтық қорғаудың жаңа бағыттары үшін кеңістік жасайды және заңға озық және инновациялық шешімдерді енгізуді қажет етеді. Диссертациялық зерттеудің мақсаты. Көліктік машинажасауды цифрландыруды құқықтық реттеудің ағымдағы жай-күйін талдау және ДСҰ шеңберіндегі ҚР халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, қазақстандық көліктік машинажасау өнімін цифрландыру мен экспорттауды құқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу. Қойылған мақсатқа сәйкес зерттеудің міндеттері: 1) машинажасауды цифрландырудың теориялық және құқықтық негіздерін анықтау; 2) қарастырылып отырған саладағы қазақстандық заңнаманың қазіргі жағдайын зерттеу; 3) халықаралық-құқықтық нормаларды және олардың ұлттық құқыққа имплементациялануын талдау; 4) цифрлық өнімдердің экспортын құқықтық қамтамасыз етудің қазіргі проблемаларын анықтау; 5) ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттармен үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмысты жазу барысында жалпы ғылыми және арнайы құқықтық әдістер кеңінен қолданылады. Мәселен, жаңа терминдерді түсіндіру барысында лингвистикалық талдау әдісі, ауқымды теориялық ақпаратты сараптауда формальды-логикалық әдіс, шетелдік тәжірибені зерттеу барсында салыстырмалы-құқықтық әдіс, аталмыш қоғамдық қатынастарды реттейтін нормаларды жіктегенде жүйелік әдісі, технологияларды құқықтық реттеудің даму барысына қатысты тарихи-құқықтық әдіс, ұлттық заңнамаға жаңа нормативтік актілерді, нормаларды ұсынған кезде құқықтық модельдеу әдісі, сот шешімдерді зерттеу кезінде кейс-әдіс сәтті қолданылды. Диссертациялық зерттеу тақырыбының даму дәрежесі. Жалпы өнеркәсіпті және көлік машиналарын цифрландыруды бірқатар шетелдік және отандық ғалымдар мен мамандар зерттейді. Батыс заң әдебиеттерінде авторлар роботтардың құқықтық мәртебесіне, олардың жауапкершілік дәрежесіне, адаммен өзара әрекеттесуіне қатысты әртүрлі мәселелерді терең және жан-жақты зерттейтін ғылыми еңбектерді табуға болады. Мысалы, соңғы жылдары ғана К. Мамак (Should Violence Against Robots be Banned?. Int J of Soc Robotics 14, 1057–1066 (2022)), Н. Антонова (Legal Mechanisms for Protecting the Rights of Economic Entities in the Conditions of Development Penetrative Technologies), С. Гутсу (Transformation of Legal Labor Regulation Under Influence of Artificial Intelligence. In: Nechyporuk, M., Pavlikov, V., Kritskiy, D. (eds) Integrated Computer Technologies in Mechanical Engineering – 2021) еңбектері жарық көрді. Ресей ғалымдары А.Л. Стемпковский, А.Л. Глебов, С.Г. Гаврилов, А.Н. Тихонов, А.Д. Иванников, И.В. Соловьев, В.Я. Цветков, Н.Б. Филимонов, А.Б. Филимонов, Т.Я. Хабриева, Н.Н. Черногор, А.А. Мордовцев, Р.Я. Казберов, С.П. Тужилин цифрлық схемаларды логикалық талдау әдістерін, басқарудың ақпараттық аспектісін, басқарумен байланысты динамикалық объектілерді сәйкестендіруді, құқық пен цифрландырудың мәні мен арақатынасын, цифрлық шындық шеңберіндегі технологиялық процестің сенімділігін, ауылшаруашылық машиналары үшін 3D басып шығарылған бөлшектердің сапасын жақсартуды зерттейді. Жапонияның шығармашылық зерттеушілері О. Ямашита, Ш. Сузуки, Т. Дой интеллектуалды роботтарды жасауға байланысты мәселелерді зерттейді. Америка құрама штаттарының (Әрі қарай – АҚШ) сарапшылары Р.А. Касс, Н. Самани халықаралық сауданың, экспорттың жалпы проблемалық мәселелері, АҚШ автомобиль өнеркәсібінің проблемалары, оның технологиялық мәселелері, машинажасаудың осы саласын цифрландыру туралы еңбектер жазған. Қытай зерттеушілері З. Тан, Н. Дай, Р. Жанг, Ю. Ли, Д. Ву, С. Ли адам мен интеллектуалды көліктің өзара әрекеттесуін байыпты зерттейді. Бүгінгі таңда Оңтүстік Корея мамандары тартқыш батареялар, электромобильді көлік және агротехникалық құралдар өндірісін цифрландырудың құқықтық, экономикалық, технологиялық мәселелерімен айналысады. Германияда C. Каба, Т. Шутц автомобиль жасау практикасын теориялық зерттеумен айналысады. Қазақстанда көліктік машинажасау құқығы оны цифрландыру контекстінде профессор М.А. Сарсембаев бастаған, құрамында С.Н. Сәрсенова, Н.А. Құрманов, Г.М. Әубәкіров сияқты беделді мамандар бар зерттеу тобының зерттеу нысанына айналды. Қазақстандық сарапшылар А. Чупров, С. Абдуллаев, А. Абдуллаева, А.Т. Өскеленова, М.М. Оспанов, А.Е. Рахимбекованың көлік машинасын жасауға, отандық өнім экспортының проблемалық мәселелерін, 5G аса жылдамдықты байланыс әлеуетін, қазақстандық машинажасаудың жалпы проблемаларын зерттеуге қатысты еңбектері бар. Қазақстандық транспорттық құқық негізін қалаушылардың бірі Г.И. Төлеуғалиевтың еңбектерін де ескерген жөн. Жоғарыда аталған және басқа да авторлардың жұмыстарын талдай отырып, осы диссертациялық жұмыста біз ҚР көліктік машинажасауды цифрландыру құқығының мәнін түсінуге, саланың өзекті құқықтық мәселелерін және автоқұрастыру процесін цифрландыру мен автоматтандыруға және дайын өнімді үшінші елдерге экспорттауға қатысты отандық заңнаманың кемшіліктерін анықтауға тырысамыз. Қорғауға шығарылатын негізгі ережелер: 1. Диссертациялық зерттеу жұмысының нәтижесінде Қазақстанда алғашқы рет транспорттық машинажасау саласын цифрландырудың өзекті мәселелері құқықтық тұрғыда кешенді зерттеліп, бірқатар ғылыми еңбектер жазылды. Эмпирикалық әдісті қолдана отырып, оның ішінде түрлі отандық мамандардың пікірлеріне сүйене отырып, отандық машинажасау саласының дамуын тежейтін құқықтық мәселелер анықталды. Iiot, Big Data, цифрлық егіздер, толықтырылған және виртуалды шындық сияқты технологияларды өндіріске енгізуді, сондай-ақ өнімнің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде осы процестерді құқықтық сүйемелдеуді көздейтін Қазақстанда машинажасау өндірістерін кезең-кезеңімен цифрландырудың авторлық моделі әзірленіп, көпшілік назарына ұсынылды. Отандық машинажасауды цифрландыруды ілгерілету және оның өнімін шетелдік нарықтарға шығару мәселесі зерттеліп, ҚР Әділет министрлігі жанындағы QazPatent ұлттық зияткерлік меншік институты арқылы авторлық куәлік алынды. 2. Технологиялық даму еңбек қатынастарында да бірқатар мәселелер туындататыны рас. Бұл жұмыскерлердің қашықтан жұмыс жасау, тіпті толықтырылған шындық, толықтай виртуалды ортада жұмыс істеу мүмкіндіктеріне байланысты. Осыған орай, ҚР 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 45-бабындағы жұмыскерлердің жұмыс орнын ауыстыруға қатысты ережеге қосымша «жұмыс орнын цифрландыруға» байланысты жаңа ережемен толықтырған жөн: «Жұмыскерді еңбек шартында келісілген лауазым, мамандық, кәсіп, біліктілік шегінде және еңбекке ақы төлеу мөлшері мен шарттары сақтала отырып, басқа жұмыс орнына не сол жердегі басқа құрылымдық бөлімшеге ауыстыруға не оған басқа механизмде немесе агрегатта, жұмыс орнын цифрландыруға байланысты қашықтан жұмыс істеуді тапсыруға жұмыскердің келісімі талап етілмейді». Аталмыш бапқа қосымша тармақ: «Жұмыскердің цифрлы жұмыс орынға ауыстырылған жағдайда, жұмыс берушінің тарапынан тиісті деңгейде жабдықталған цифрлық құрылғылармен қамтылуы тиіс» деген норманы қосқан дұрыс деп есептейміз. Сонымен қатар, өндіріс орындарына соңғы жылдары «ақылды» машиналардың, өндірістік роботтардың кеңінен қолдануына байланысты Еңбек кодексінің 184-бабында «Жаяу жүргіншілер мен технологиялық көлік құралдары ұйымның аумағында қауіпсіз жағдайларда жүріп-тұруға тиіс» деген ережені келесі редакцияда толықтыруды ұсынамыз: «Жаяу жүргіншілер мен технологиялық көлік құралдары және өндірістік роботтар ұйымның аумағында қауіпсіз жағдайларда жүріп-тұруға тиіс». 3. Қазақстандық машинажасау саласының дамуын тежеп тұрған бірден-бір фактор – жоғары квалификациясы бар қызметкерлердің тапшылығы. Практикалық тәжірибені талап ететін өндіріс саласында дуальді білім беру қазіргі кезде үлкен маңызға ие. Осыған орай дуальді білім беруді одан әрі дамытуды көздегеніміз жөн. ҚР «Білім туралы» Заңының 17-бабы 6-тармағын: «Дуальды оқыту пайдаланылатын техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытуды және кәсіпорын (ұйым) базасында цифрлық технологияларды пайдалана отырып кәсіптік практика нысанындағы жалпы кәсіптік, арнаулы пәндердің және (немесе) базалық, кәсіптік модульдердің оқу уақыты көлемінің кемінде алпыс пайызын құрайтын өндірістік оқытуды көздейді» деген редакцияда жазу ұсынылады. 4. Қазақстанның көлік машинажасауында «реттеуші құмсалғыштар» тетігін базалық заңнаманы өзгертпей, кейіннен оларды жалпы нормативтік жүйеге біріктіре отырып, цифрлық шешімдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін уақытша эксперименттік құқықтық орта қалыптастыру қажеттілігі негізделді. Кейбір шет елдердегі «Цифрлық және технологиялық инновациялар саласындағы эксперименттік құқықтық режимдер туралы» заңдар үлгі ретінде қарастырып, біздің елде де ұқсас атпен заң жобасын жасап, қабылдау ұсынылады. Аталмыш заңда өнеркәсіптің түрлі салалары, соның ішінде транспорттық машинажасау бағытында заңмен реттелмеген жаңа технологияларды пайдалану мүмкіндіктерді қарастырған жөн. Аталмыш заңның келесі құрылымдық бөлімдерінің болуын қарастыруға болады: 1-бап. Заңның қолданылу аясы (Іс жүзінде қолданылатын бағыттар мен қатысушыларды анықтайды және эксперименттік режимнің жалпы шеңберін белгілейді); 2-бап. Заңда қолданылатын негізгі ұғымдар (Негізгі терминдер, мәселен, эксперименттік режим, цифрлық инновациялар, арнайы/жалпы реттеу және т.б. ұғымдарға анықтама беріледі); 3-бап. Эксперименттік құқықтық режимнің мақсаттары (Жаңа қызмет түрлері, бәсекелестік, өнім сапасы мен қолжетімділігін арттыру сияқты мақсаттар көрсетіледі; 4-бап. Эксперименттік құқықтық режим принциптері (Қарапайым құқықтық кепілдіктер мен ашықтық, еріктілік, тең құқықтық және қауіпсіздік бойынша принциптер белгіленеді); 5-бап. Эксперименттік құқықтық режимді орнатуға және іске асыруға байланысты қатынастарды құқықтық реттеу (Осы бағытта туындайтын қатынастарды реттейтін қайнар көздер жайлы); 6-бап. Эксперименттік құқықтық режимді белгілеу шарттары (Режимді орнату үшін технологиялық мүмкіндіктер, құқықтық негіздегі шектеулер және бастамашының қауіп анализін ұсыну талап етіледі); 7-бап. Эксперименттік құқықтық режимнің қолданылу мерзімі (Режимнің мерзімі қалай есептелетіні көрсетіледі); 8-бап. Бастамашыл ұсыныс енгізу (Инициаторлар ретінде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар ұсыныс енгізе алатын талаптар мен процедуралар белгіленеді); 9-бап. Бастамашыл ұсынысты қарастыру (Ұсыныстарды қарау тәртібі, оның ішінде өзара келісім мен талқылану мерзімдері реттеледі); 10-бап. Эксперименттік құқықтық режимді белгілеу (Режимді ресми түрде орнату және оның параметрлері қарастырылады); 11-бап. Эксперименттік құқықтық режим субъектісі мәртебесін алу және жоғалту (Субъекттер эксперименттік режимге қатысу үшін қалай аккредиттелетінін сипаттайды); 14-бап. Эксперименттік құқықтық режим субъектісінің міндеттері (Статусты тоқтату немесе жою шарттары мен тәртібі қарастырылған); 15-бап. Эксперименттік құқықтық режимді өзгерту (Режимнің өзгертілуі жағдайлары мен процедуралары белгіленеді, оның ішінде үкімет актілері туралы); 16-бап. Эксперименттік құқықтық режимнің қолданылуын тоқтата тұру (Төтенше жағдайда режимді уақытша тоқтату тәртібі); 17-бап. Эксперименттік құқықтық режимнің қолданылуын тоқтату (Режимнің аяқталуы, оның құқықтық негіздері мен қатысушыларға әсері сипатталады); 18-бап. Эксперименттік құқықтық режимнің мониторингі және оның тиімділігі мен нәтижелілігін бағалау (Бағалау және мониторинг жүйесі, есеп беру форматы мен қатысушылар қарастырылған); 19-бап. Эксперименттік құқықтық режимді ақпараттық қамтамасыз ету (режимге қатысты барлық ақпаратты ашық түрде жариялау, реестр жүргізу және пайдаланушыларды хабардар ету міндеттерін белгілейді); 20-бап. Заңның күшіне енуі (Заңның күшіне ену мерзімі көрсетілген). 5. ҚР «Өнеркәсіптік саясат туралы» 2021 жылғы заңның 17-бабында көрсетілген өнеркәсіптік-инновациялық инфрақұрылым қатарына 13)-тармақшада «цифрлық инновациялар орталықтарын» қосқан жөн деп есептейміз. Мұндай орталықтар дәл осы баптың 3)-тармақшасында көрсетілген технологиялық парктерден бірқатар артықшылықтармен ерекшеленетін болады. Біріншіден, цифрлық инновациялар орталықтары арнайы заңмен реттелетін ерекше құқықтық мәртебеге ие болады. Бұл оларға салықтық жеңілдіктер, кедендік және визалық жеңілдік сияқты артықшылықтарды пайдалануға мүмкіндік береді. Екіншіден, олардың ауқымы әлдеқайда кең болады деп санаймыз. Олар тек ғылыми-зерттеу мен өндіріс орындарын ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйлер, мектептер, кампустар мен қоғамдық инфрақұрылымды қамтитын толыққанды ғылыми қалашық ретінде дамиды. Үшіншіден, мұндай орталықтарда университеттер, ғылыми ұйымдар, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар мен стартаптар тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл – ғылым, білім және бизнес арасындағы кооперацияны нығайтып, инновацияларды жылдам жүзеге асыруға жол ашады. Төртіншіден, аталмыш орталықтарға мемлекеттік деңгейде қолдау көреді. Бұл дегеніміз – олар тұрақты мемлекеттік инвестициялар мен стратегиялық даму жоспарларына сүйене отырып жұмыс істейді. Бесіншіден, цифрлық инновациялар орталықтар аумағында зерттеуден бастап, өнім өндіруге дейінгі барлық кезеңдер біріктірілген. Бұл толық инновациялық циклді бір жерде іске асыруға мүмкіндік береді, яғни идеядан нарыққа дейінгі жол айтарлықтай қысқарады. 6. Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 19 мамырдағы № 188-VIII ҚРЗ Заңына сәйкес 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның тауардың шығуын растайтын СТ-KZ сертификаттарынан бас тартуға байланысты «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесін және меншікті өндірістің өлшемшарттарын бекіту туралы» бұйрық жобасында меншікті тауарлар өндірісінің өлшемшарттары жайлы ережелерінде өзгерістер болады деп есептейміз. Сонымен қатар, аталмыш құжатта өндірістік ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесі қатарына 20-тармақ қылдырып «Қазақстандық тауарларды өндіру процессіндегі автоматтандыру жүйелерін дамыту және өндірістік роботтарды құрастыру мен олардың операциялық жүйелерін өндіру» деген тармақшамен толықтыру ұсынылады. 7. Сараптама нәтижесінде кәсіпорындарды цифрландырудағы тағы бір үлкен мәселе – кәсіпорын басшылығының, жұмыскерлерінің цифрландырудың артықшылықтары жайлы толық көлемде ақпараттандырлмағандығы мәлім болды. Бұл мәселе кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту саласындағы құзыреті туралы ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 99-бабы 9-1) тармақшасында көрсетілген, алайда 100-1 бабында қарастырылған инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органның кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласындағы құзыретінде қамтылмаған. Сол себепті аталмыш бапқа да инновацияны дамыту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу құзыретін қосу ұсынылады. 8. Инфрақұрылымдық база жиіліктерді бөлу және бесінші буынның ұялы байланысын қамту арқылы ғана қамтамасыз етілмейді, ұлттық бағдарламалық қамтамасыз етуді, киберқорғаныс бағдарламаларын құру да мамандардың күн тәртібінде болуы тиіс. Роботтарды кеңінен қолдану қазақстандық көлік және ауыл шаруашылығы жабдықтарын құрастыратын кәсіпорындарда үйреншікті жағдайға айналуы тиіс. Отандық зауыттардағы роботтардың санын көбейту үшін «Өнеркәсіптік роботтандыру туралы» жеке заң қабылдау ұсынылады. Осындай арнайы заңды қабылдаудың арқасында кейбір мемлекеттер өндіріс процессінде айтарлықтай автономдылаққа жетті. Мәселен, Оңтүстік Корея тәжірибесінде автомобиль құрастыру зауыттары әлемдік деңгейде үлкен жетістікке қол жеткізді. 9. Транспорттық машинажасау саласын цифрландыру жоғары білімді мамандарды, технология трансфертін қажет ететін өте күрделі іс. Сол себепті осы бағытта халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ден қойған дұрыс. Диссертациялық зерттеу жұмысының алғашқы кезеңдерінде БҰҰ шеңберінде елдердің цифрландыру саласындағы ынтымақтастығын кеңейте алатын әмбебап құжат қажеттілігі бар екендігі анықталды. 2024 жылдың желтоқсан айында Бас Ассамблеяның 79/243 резолюциясымен «БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясы; ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып жасалған белгілі бір қылмыстарға қарсы күресте және ауыр қылмыстарға қатысты электрондық нысандағы дәлелдемелермен алмасуда халықаралық ынтымақтастықты нығайту» халықаралық келісімшарты қабылданды. Бүгінде бұл конвенцияны 66 мемлекет ратификациялаған. Біріншіден, Қазақстан аталмыш халықаралық келісім-шартты ратификациялау туралы заң қабылдап, осы халықаралық құжатқа қосылу керек деп санаймыз. Екіншіден, ЕАЭО мемлекеттері арасында ынтымақтақтастықты арттыру мақсатында «ЕАЭО мемлекеттері арасында жасанды интеллект пен робототехника жүйелерін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы» келісімшартты әзірлеп, жүзеге асыру мүкіндігін қарастырған жөн. Зерттеудің негізгі нәтижелері. Зерттеу нәтижесінде цифрландыруды құқықтық реттеудегі олқылықтар анықталды және оларды жою бойынша кешенді ұсыныстар әзірленді. Машинажасау өндірістерін цифрландыруды құқықтық сүйемелдеу тұжырымдамасы әзірленді, ҚР қолданыстағы заңнамасына халықаралық нормаларға сәйкестікті қамтамасыз ететін өзгерістер ұсынылды. Зияткерлік меншікті қорғауды, цифрлық логистиканы және стандарттауды қоса алғанда, экспортты цифрландыруды ынталандыру жөніндегі шаралар жүйесі ұсынылды. Ғылыми жаңалығы. Қазақстандық заң ғылымында алғаш рет жұмыс көлік машиналарын жасауды цифрландырудың халықаралық-құқықтық және мемлекетішілік аспектілерін жүйелі түрде талдайды. Осы күнге дейін көп талқылана бермеген «машинажасауды цифрландыру құқығы» ұғымы мен құрылымын анықтауға автордың көзқарасы ұсынылды. Жаһандық цифрлық трансформация және халықаралық сауда жағдайларына бейімделген құқықтық реттеудің жаңа модельдері әзірленді. Практикалық маңыздылығы. Алынған нәтижелер уәкілетті мемлекеттік органдардың нормашығармашылық қызметінде, оның ішінде өнеркәсіптік және цифрлық саясат актілерін әзірлеу кезінде пайдаланылуы мүмкін. Зерттеу жұмысы барысында тұжырымдалған ғылыми ой-пікірлер жоғарғы білім беру саласында талқыланатын тақырыптарға арқау бола алады. Практикалық ұсыныстарды цифрлық технологияларды енгізетін машина жасау кәсіпорындарында қолдануға болады. Мемлекеттік бағдарламалар мен ғылыми бағыттардың сәйкестігі. Ұсынылған зерттеу жұмысы ҚР 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының, 2023-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация тұжырымдамасының және «Қазақстан-2050» стратегиясының міндеттеріне, сондай-ақ «экономиканы индустрияландыру мен цифрландыруды құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру» ғылыми бағытына сәйкес келеді. Докторанттың жарияланымдарды дайындауға қосқан үлесі. Диссертация тақырыбы бойынша барлық жарияланымдар өтініш берушінің тікелей қатысуымен орындалды. Докторант дереккөздерді өз бетінше жинауды, талдауды және құқықтық түсіндіруді жүзеге асырды, қорытындылар әзірленді, ұсыныстар негізделді, сондай-ақ мақалалар мен баяндамалардың мәтіндері дайындалды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертация материалдары көптеген конференциялар мен семинарларда: Қазақстан Республикасында, Ресей Федерациясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияларда ұсынылған баяндамаларды дайындау және ұсыну кезінде, сонымен қатар, диссертанттың өндіріс орындарына барған кезде жүргізген зерттеу жұмыстары кезінде апробациядан өтті. Диссертациялық жұмыс нәтижесінде зерттеу жұмысының нәтижесін енгізу актісі және авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне мәліметтерді енгізу туралы куәлік алынды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған ғылыми басылымдардағы жарияланымдар: 1. Национально-правовые и международно-правовые решения перехода к цифровизации транспортного и сельскохозяйственного машиностроения Казахстана // Вестник Карагандинского университета. Серия «Право». – 2021. - №2(102). – С. 6-13. 2. Электромобильная и автопилотная продукция транспортного и сельскохозяйственного машиностроения в свете казахстанского и международного права // Вестник Евразийского национального университета имени Л.Н. Гумилева. Серия «Право». – 2021. - №3(136). С. 21-34. 3. Международно-правовой и зарубежный продвинутый опыт правового регулирования сельскохозяйственного машиностроения с использованием сверхбыстрой мобильной связи (5G) для Казахстана // Вестник Евразийского национального университета имени Л.Н. Гумилева. Серия «Право». - 142(1). – С. 211-224. Scopus дерекқорына енгізілген халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар: 1. Legal Features of the Digitalisation of Agricultural Machinery Enterprises in Kazakhstan and Globally // «Rivar» – scientific agro-industrial journal of the Institute for Advanced Studies of the University of Santiago de Chile, Santiago (Chile), in the list of Scopus journals. – 2023. - Vol. 10, №29. - Р. 168-182. 2. Solving Legal Problems of Digitalization in Production and Export of Kazakhstan Electric Vehicles and Agricultural Machines // Academic Journal of Interdisciplinary Studies. - Vol. 12, №4. – Р. 323-331. 3. Национально-правовые и международно-правовые решения проблем цифровизации заводов транспортного машиностроения Казахстана // Вестник Санкт-Петербургского университета. Право. - №14(2). – С. 457-473. Халықаралық конференциялар материалдарындағы жарияланымдар: 1. Дүниежүзілік пандемия жағдайында цифрландыру процестері және адамның жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы // Глобальные вызовы и угрозы межднураодной безопасности: сборник материалов международной научно-практической онлайн-конференции (Нур-Султан, 2020. – С. 102-106). 2. Электромобильная продукция транспортной промышленности как товарная продукция в рамках права ВТО // Право и экономика: национальный опыт и стратегии развития: сб. ст. по итогам 3-го Новосиб. междунар. юрид. форума: в 2 ч. – Новосибирск: НГУЭУ, 2021. – Ч. 1. – С. 77-87. 3. Системный анализ правовых аспектов электромобильности, автопилотности машин, выпускаемых промышленностью Казахстана, реализуемых в ЕАЭС и поставляемых на экспорт в соответствии с правилами ВТО // Участие Казахстана и России в ВТО и в ЕАЭС: проблемы и вызовы: мат-лы межд. науч. онлайн-конф. (Нур-Султан: ЕНУ им. Л.Н. Гумилева; Москва: МГУ им. М.В. Ломоносова, 2022. – С. 106-118). 4. Проблемные правовые вопросы экспорта беспилотных транспортных средств и агротехнических машин, производимых на казахстанских машиностроительных заводах // Сборник научных трудов 3-й Всероссийской научно-практической конференции с международным участием, посвященной Дню российской науки «Социальные и гуманитарные науки в XXI веке: итоги, вызовы, перспективы». – СПб.: Ассоциация «НИЦ «Пересвет»; «Фора-принт», 2022. – Ч. 1. – С. 23-30. 5. Использование Казахстаном опыта внедрения компанией «CLAAS (ФРГ) цифровых и ИИ-технологий в процесс производства сельскохозяйственных машин (правовые методы) // Сборник докладов-статей международной научно-практической конференции по теме «Влияние глобальной трансофрмации на развитие транспортного и сельскохозяйственного машиностроения Казахстана и других стран: правовые, технологические, экономические, торговые, технические и иные аспекты». (Астана: КГ «Болашак», 2023. – С. 31-36). Авторлық куәлік. А.К. 2025 жылғы «26» маусым № 60308. «Некоторые вопросы совершенствования государственных регуляторных мер в целях ускорения цифровизации предприятий транспортного машиностроения Республики Казахстан, наращивания объемов экспорта их продукции». Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыстың құрылымы үш бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, 3 қосымшадан тұрады. Диссертацияның көлемі 130 бетті құрайды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=C7xW0JZGVyw
