
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ахметов Ерик Булатович «8D04201 – Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Әкімшілік сот ісін жүргізудегі сот рөлінің белсенділігін арттыру қағидалары (теория және тәжірибе мәселелері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Тайторина Бинур Адамовна – заң ғылымдарының докторы, КЕАҚ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих және құқық Институтының құқықтану кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Исаева Айнур Женисовна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор Қонаев ғылыми-зерттеу университетінің проректоры (Қызылорда қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Жетписов Серик Кожанович – заң ғылымдарының докторы, профессоры, заң факультетінің құқықтану кафедрасының меңгерушісі, КЕАҚ «Торайғыров университеті» (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Енсебаева Анель Рахметжановна – заң ғылымдарының кандидаты, «ҚР ЕҚЖРҒЗИ» ШЖҚ РМК Әлеуметтік-құқықтық зерттеулер бөлімінің басшысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Юхневич Эдвард – заң ғылымдарының докторы, Гданьск университетінің Құқық және әкімшілік факультетінің Қаржы құқығы кафедрасының профессоры (Гданьск қ., Польша Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Абдрасулов Ермек Баяхметович – заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Цолль Фридерик – заң ғылымдарының докторы, Ягеллон университетінің заң факультетінің профессоры (Краков қ., Польша Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 21 қантар, сағат 11.00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D042 – Құқықтану» кадрларды даярлау бағытында «6D030100 – Құқықтану», «6D030200 – Халықаралық құқық», «8D04201 – Құқықтану», «8D04202 – Халықаралық құқық» мамандарын даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесінде өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысын онлайн және офлайн (аралас) форматта өтеді.
Тимс сілтемесі: http://surl.li/dfpixn
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі кезеңде отандық және халықаралық ғылыми ортамен әкімшілік әділет жүйесіне көп көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасында бұл жүйенің заңды түрде қалыптасуы үшін шамамен екі онжылдық керек болды. Аталған құқықтық институтты құру және нығайту қажеттілігі құқық үстемдігін және сот төрелігін іске асыру сапасын қамтамасыз ету қажеттілігі итермелейді, сонымен қатар оның қажеттілігі туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.К. Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ерекше атап өткен[1]. Елімізде әкімшілік әділет құрудың бастапқы нүктесі болып Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген 2010-2020 жылдар аралығына арналған ҚР Құқықтық саясатының Тұжырымдамасы саналуы тиіс. Себебі, бұл Тұжырымдаманың мәтінінен Қазақстанда әкімшілік сот ісін жүргізу қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізумен қатарлы сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды формасы болуы тиіс екендігін көруге болады[2]. ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің қабылдануымен 2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасында әкімшілік әділет жүйесінің заңнамалық түрде ресімделуі соңына жетті, алайда әкімшілік әділет жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша теориялық және тәжірибелік әзірлемелер белсенді түрде жалғасуда. Осы тұрғыдағы өзекті мәселелердің бірі Қазақстан Республикасы әкімшілік сот ісін жүргізудегі соттың белсенді рөлі деген қағидат болып табылады. Оның өзекті болғаны рәсімдер туралы мәселенің өте маңызды болғанымен байланысты, өйткені ұлттық сот ісін жүргізу жүйесі процестік нормалар мазмұнының сапасымен ғана емес, оларды қолдану тәсілдерімен де ерекшеленеді. Процестік нормаларды қолдану кезіндегі тәсілдер мен әдістер арасындағы айырмашылықтардың белгілері көбінде дәлелдеу бөлігінде орын алады. Бір жағдайда сот даудағы шындықты өзі анықтауға тырысса, ендігі бір жағдайда сот жеңісті ең бола алатын тараптың пайдасына тиесілі болу үшін, тараптардың дәлелдерін қарастырады. Бұл мәселе бойынша ұзақ уақыт бойы көптеген елдерде, соның ішінде, Қазақстан Республикасында да талқылаулар және сот ісін жүргізудің пассивті немесе активті рәсімдерін салыстыру жүргізіліп жатыр. Салыстыру әртүрлі параметрлер бойынша жасалады, оның ішінде әлеуметтік шығындар, әділеттілік деңгейі, сот төрелігін жүзеге асырудағы теңдік және басқа да мәселелер бойынша. Әлі күнге дейін соттың белсенді рөлі сот қабылдаған шешімдердің әділеттілік деңгейін қаншалықты арттыратыны және керісінше, тараптың сот дауындағы сот төрелігінің тиімсіз деңгейіне және әлеуметтік шығындардың жоғарылауына әкелетін жеке әл-ауқатының дәрежесіне жарыспалылық қағидаты қаншалықты тәуелді деген мәселелер пікірталас болып қала береді. Кеңестік кезеңде Қазақстан Республикасында соттың белсенді рөлі қағидатының түрі ретінде инквизициялық процесс үстемдік етті. Тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстан соттың пассивті рөліне бет бұра бастады, яғни сот ісін жарыспалылық қағидаты бойынша жүргізу қажеттілігі туралы идея басым бола бастады. Алайда халықтың сот төрелігіне (әсіресе әкімшілік процесінде), деген сенімінің төмендеуі, сондай-ақ сот ісіндегі жеңіске жетуі тараптардың материалдық шығындарына байланысты бола бастауының жиіленуі әкімшілік әділет пен әкімшілік сот ісін жүргізу жүйесінде соттың белсенді рөлі қағидатының басым болуына әкелді. Сонымен бірге соттың белсенді рөлі деген қағидат тақырыбына, оның маңыздылығына көп көңіл бөлінуіне қарамастан, ол Қазақстан Республикасындағы зерттеу ізденістерінен алшақ қалып, әртүрлі авторлармен ұсынылған қысқа фрагменттермен және көп қарама-қайшылықпен сипатталатын ескертулердің жиынтығы болып қала беруде. Осы уақытқа дейін соттың белсенді рөлі қағидатының артықшылықтары мен кемшіліктері туралы, жарыспалылық процесінің қандай артықшылықтары бар екендігі туралы, соттың белсенді рөлінің басым болғанда дәлелдеу тәсілдерінің екі түрінің оң және теріс жақтарын теңестіру үшін қандай заңнамалық шаралар қабылдау қажет екендігі туралы толық түсінік жоқ. Жоғарыда аталған барлық факторлар әкімшілік сот ісін жүргізудегі соттың белсенді рөлі қағидатының мәселелерін, оның азаматтық сот ісін жүргізудегі ерекшеліктерін салыстырмалы аспектіде зерттеуді өзектендіреді және тұтастай алғанда, әкімшілік әділет дамуын неғұрлым мұқият талдаудың уақтылығын айқындайды. Ғылыми даму дәрежесі. Диссертациялық жұмыс теориялық және әдіснамалық аспектілері бойынша отандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулеріне негізделеді, олардың зерттеу нысаны мен объектісі соттың белсенді рөлі қағидатын жүзеге асыру болып табылады. Жақын және алыс шетелдер зерттеушілерінің еңбектерінде зерттелетін тақырып бойынша көптеген жұмыс бар. Диссертациялық зерттеудің мақсаты әкімшілік сот тәжірибесіндегі соттың белсенді рөлі қағидатының құқықтық табиғатын анықтау, талдау және зерттелетін қағидаттың негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктерін анықтау. Осы мақсатқа жету үшін қойылған міндеттер:
- «Әкімшілік әділет», «әкімшілік сот ісін жүргізу» «соттың белсенді рөлі», «әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаты» «әкімшілік сот ісін жүргізу субъектілері» сияқты ұғымдарға көзқарастардың қалыптасуына сипаттама беру, белгілі бір тәсілдер мен теориялық көзқарастарды ескере отырып, осы жіктеуге өзіндік көзқарасты қалыптастыру.
- Сот процесінде әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарының рөлін талдау және зерттелетін қағидаттың мазмұнын анықтау, яғни, бұл талдау соттың белсенді рөлі қағидатының құрылымын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.
- «Соттың белсенді рөлі», «әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттары», «әкімшілік сот ісін жүргізу субъектілері», «әкімшілік рәсімдер қағидаттары» сияқты ұғымдардың мазмұны мен әкімшілік заңнама мен сот ісіндегі рөлін айқындай отырып, құқықтық сипатын зерделеу.
- Зерттелетін қағидаттың әкімшілік сот ісін жүргізуде іске асырылуын жалпылау және талдау, сондай-ақ соттардың осы қағидатты қолдануын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу.
- Әкімшілік сот ісін жүргізу заңнамасы жүйесіндегі тергеу және жарыспалылықтың іргетасының эволюциясын көрсете отырып анықтау.
- Соттың белсенді рөлі қағидатының әкімшілік сот ісін жүргізудің басқа қағидаттарымен өзара байланысын орнату.
- ҚР-ң әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидаты жарыспалылық процесінің формализмін болдырмайтын фактор болып табылатынын көрсету.
- ҚР-ң әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидатын іске асыру процесін және оның тиімділік дәрежесін егжей-тегжей қарастыру.
- Соттың белсенді рөлі қағидатының шет елдердегі жария-құқықтық қатынастар сипатымен негізделуін негіздеу.
- Әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидатын қолданудың тиімділігін арттыру жолдарын көрсету.
Диссертациялық зерттеу объектісі соттардың сот тәжірибесінде соттың белсенді рөлі қағидатын қолдануына және іске асыруына байланысты туындайтын құқықтық қатынастар болып табылады. Зерттеудің мәнін әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидатын қарастыруға мүмкіндік беретін қазақстандық, сондай-ақ шетелдік заңнаманың ғылыми және негізгі ережелері құрайды. Сонымен қатар соттың белсенді рөлі қағидатын қолданудағы қазақстандық және шетелдік тәжірибе талданады. Осыған байланысты әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидатын қолдану қажеттілігін негіздейтін ғылыми доктрина зерттелінді.
Зерттеудің әдіснамалық негізі. Диссертациядағы зерттеудің әдіснамалық негізін диалектикалық, логикалық, талдау, синтез, индукция, дедукция, сонымен қатар логикалық, тарихи, жүйелік, салыстырмалы- құқықтық сияқты жалпы ғылыми әдістер құрайды. Сонымен қатар зерттеу барысында жеке ғылыми әдістер де қолданылды, атап айтқанда, техникалық-құқықтық, формальды-құқықтық, кешенді, салааралық, салыстырмалы-құқықтық, жүйелік-құрылымдық және т.б. Зерттеудің теориялық негізі жалпы ғылыми құқықтық тұжырымдамалар, сондай-ақ қазақстандық ғалымдар мен жақын шетелдер зерттеушілерінің ғылыми көзқарастары болып табылады. Аталған ғалымдардың қатарына Э.Б. Аблаева, Б.Е. Абдрахманова, Е.Б. Абдрасулов, Е.М. Абайдельдинов, А.Е. Бектұрғанов, М.Т. Баймаханов, Д.Н. Бахрах, М.С. Бейбітов, С.Н. Досымбеков, К.В. Давыдов, Б.З. Еркібаев, Б.А. Жетпісбаев, М.И. Жұмағұлова, С.Б. Жаркенова, Б.А. Жүсіпова, С.З. Зиманов, А.Б. Зеленцов, Ж.И. Ибрагимов, Б.Д. Мақұлбеков, К.А. Мәми, А.А. Мұқашева, А.И. Мағауова, Э.А. Нұғманова, Е.Н. Нұрғалиева, Ш.Ш. Орманова, Р.А. Подопригора, Б.В. Россинский, М.А. Сәрсембаев, С.Н. Сәбікенов, М.К. Сүлейменова, Ю.Н. Старилов, И.С. Сақтағанова, А.С. Тукиев, Ш.В. Тілепина, А.И. Худяков, О.Н. Шерстобоев сынды ғалымдар және т.б. кіреді. Альфред К. Эйман (Alfred C. Aman), А. Брэдли (А. Bradley), Дэвид Фримэн Энгстром (David Freeman Engstrom), Дэвид Лэр (David Lehr), Эрик Нилер (Eric Niler), Йорг Пуделька (Jork Pudelka), Кэри Коглианс (Cary Coglianese), Гейб Чери (Gabe Cherry), Дэн Херли (Dan Hurley) сынды және т.б. алыс шетелдер зерттеушілерінің еңбектері де маңызды болды. Зерттеудің нормативтік базасын нормативтік құқықтық актілер кешені, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі, Қазақстан Республикасының заңдары мен заңға тәуелді актілері, әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидатын іске асыру мәселелері регламенттелетін бірқатар шет елдердің әкімшілік заңнамасы құрайды. Зерттеудің эмпирикалық негізі қазақстандық (Жоғарғы Сот және Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот) және шетелдік (Польша, АҚШ соттары) сот тәжірибесінен, басқа да құқық қолдану органдарының (ҚР Әділет министрлігі және т.б.) нәтижелерінен, ҚР Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының нормативтік қаулыларында көрсетілген құқықтық ұстанымдарынан, адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сот, БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті сияқты халықаралық соттар мен квази-сот органдары тәжірибесінің материалдарынан тұрады. Диссертациямен жұмыс барысында Ягеллон университетінде (Краков) ғылыми тағылымдамадан өту кезінде алынған бірқатар анықтамалық және практикалық басылымдар қолданылғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының, Ягеллон университетінің ғылыми кітапханасының (Краков), сондай-ақ ұлттық ғылыми порталдың, Web of Science және Scopus халықаралық деректер базасының қорындағы материалдарының зерттеу жұмысына үлкен септіген тигізгенін атап өту керек. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – диссертациялық жумыстың тықырыбында жазылған кешенді түрде зерттелген ең бірінші зерттеу болып табылады. Сонымен қатар, ҚР-ң әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидатын іске асырумен байланысты проблемалық мәселелерді, сондай-ақ оның маңызды сипаттамаларын айқындай отырып, ҚР-ң әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидатын тереңірек ғылыми тұрғыдан түсіну қажеттігіне баса назар аударылғандығынан көрініс табады. Осы мақсаттар мен міндеттердің орындалуы негізінде жұмыста әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлін іске асыру қағидатын дұрыс түсінуге бағытталған теориялық және практикалық ережелер сыни тұрғыдан зерттелді, сондай-ақ әкімшілік заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірленді. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы қорғауға ұсынылған негізгі ережелер мен тұжырымдарда нақтыланды:
- Әкімшілік әділет институтының генезисімен байланысты әртүрлі ғылыми тәсілдерді зерттеу негізінде диссертациялық жұмыста осы институттың қалыптасуы құқық пен құқықтық мемлекеттің үстемдігі идеяларымен тікелей байланысты деген тұжырым негізделді. Таяу болашақта Қазақстанда әкімшілік әділеттің толыққанды моделінің қалыптасуы негізінен соттың тәуелсіздігімен, сондай-ақ олардың әкімшілік іс жүргізу қағидаттарын және ең алдымен әкімшілік іс жүргізуде дәлелдеу рәсіміне тікелей әсер ететін соттың белсенді рөлі қағидатын сақтау қабілетімен айқындалады деп тұжырымдаймыз.
- «Әкімшілік сот ісін жүргізу» және «әкімшілік әділет» ұғымдарына әртүрлі көзқарастарды зерттеу арқылы бұл санаттар бір-бірімен байланысты, бірақ олардың әрқайсысының өзіндік функционалды мақсаты бар екендігі дәлелденді. Әкімшілік әділет кеңірек ұғым болып табылады және жариялық-құқықтық сипаттағы дауларды шешуге бағытталған бақылау-құқықтық құрал ретінде әрекет етеді, ал әкімшілік өндіріс іс жүргізу жағын қамтиды.
- Әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттары ұғымының авторлық анықтамасы тұжырымдалды, яғни қағидаттар - бұл құқық нормаларында қамтылған және әкімшілік істерді қарауда және әділ шешімдер шығаруда бастапқы құқықтық негізі ретінде әрекет ететін заңды негізделген талаптардың жиынтығы деп түсінуге болады. Әкімшілік іс жүргізу қағидаттары сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігіне қызмет етеді және жариялық-құқықтық салада адам мен азаматтың құқықтарын қорғауға бағытталған. Әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттарын жіктеудің өзіндік көзқарасы олардың құқықтық табиғаты мен мазмұнын талдау, мәндік ерекшеліктері мен маңызды қасиеттерін ашу арқылы негізделді.
- Соттың белсенді рөлі қағидатының заңдылық, әділеттілік, құқықтардың басымдығы қағидаттарымен тығыз байланысы мен өзара тәуелділігі бар екендігі анықталды және бұл тұрғыда барлығы жиынтықта жеке тұлғаны оның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын ерікті түрде бұзудан қорғайтын құқықтық тосқауыл ретінде әрекет етеді.
- Әкімшілік сот ісін жүргізу істі жүргізудің басқа түрлерінен ерекшеленетіні, себебі әкімшілік іске қатысушылар тең емес жағдайда екендігі белгіленді. Егер мемлекеттік органды қарастыратын болсақ, азамат мемлекеттік органдар мен мекемелермен, сондай-ақ мемлекеттен берілген өкілеттіктері бар субъектілермен салыстырғанда билік, құқықтық және материалдық ресурстардың едәуір аз көлеміне ие. Демек сот әкімшілік іс барысында соттың белсенді рөлі қағидатын белсенді қолданғаны жөн. Судья әкімшілік іске қатысушыларға жәрдемдесуі керек және осы әрекетімен судья тараптар арасындағы күштердің белгілі бір тепе-теңдігін жасайды деп тұжырымдаймыз. Сонымен қатар судья ҚР Конституциясы мен заңдарының нормалары мен қағидаттарын бұзбауы тиіс.
- «Соттың белсенді рөлі» қағидаты сот органдарының дауларды шешудегі рөлін ғана емес, сонымен бірге олардың сот ісінің дұрыстығы мен әділдігін қамтамасыз етуге белсенді қатысуын білдіретіні дәлелденді. Соттың құқықтық көмегін көрсетуі тараптарға құқықтық ақпарат пен консультациялар беруді ғана емес, сонымен қатар істі негізгі сот талқылауына дұрыс және мұқият дайындауды ұйымдастыруды да қамтиды.Сонымен қатар соттың сот ісін жүргізудегі белсенді рөлі тек шешім шығаруға қатысуды ғана емес, сонымен бірге істің дұрыстығын және тараптардың өз ұстанымдарын білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін белсенді әрекеттерді де білдіреді. Бұл тәсілдің маңызды аспектісі тараптардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету және олардың құқықтары мен міндеттері туралы сенімді ақпарат алу мүмкіндігі болып табылады.
- Соттың пассивті және белсенді рөлінің айырмашылығы бар және ол дәлелдермен анықталды. Яғни соттың пассивті рөлін соттың өз бастамасы бойынша дәлелдемелер жинауға құқығы болмайды деп айқындасақ, онда нәтижесінде дәлелдемелердің сот дауында тараптардың жеке әл-ауқатының деңгейімен шектелуіне әкеліп соқтырады және сот ісінің шамадан тыс рәсімделуінің орын алуы. Ал соттың белсенді рөлін сот еркін және оның істі толық, жан-жақты тергеу жүргізуге барлық мүмкіндіктері бар, тараптардың өтініштерімен шектелмейді деп пайымдауға болады.
- ҚР Әкімшілік соттары өз бастамасы бойынша дәлелдемелер жинауды жүзеге асыра отырып, әкімшілік процес тараптарынан талап арыздың және оған қоса берілген құжаттардың кемшіліктерін жою қажеттігін, талап қою талаптарын нақтылау қажеттігін және т.б. талап ете отырып, соттың белсенді рөлі қағидатын тиімді қолданатыны анықталды.
- Қазақстан Республикасындағы және шет елдердегі соттың белсенді рөлі қағидатына салыстырмалы талдау жүргізу негізінде, бұл қағидат және оны әкімшілік сот ісін жүргізуде дұрыс іске асыру азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз шешімдері мен әрекеттерінен қорғаудың неғұрлым сапалы деңгейіне шығуға мүмкіндік беретіні негізделді. Әкімшілік сот ісін жүргізудің негізі бола отырып, бұл қағидат дауды дұрыс шешу үшін маңызы бар әкімшілік іс бойынша барлық нақты жағдайларды жан-жақты және толық анықтауға бағытталған.
Кінәсіздік презумпциясы. Сот әкімшілік сот ісін жүргізуде дәлелдеу ауыртпалығы әкімшілік органда, сотта және лауазымды тұлғада болатындығына байланысты соттың белсенді рөлі қағидасын белсенді қолдануы керек екендігі анықталды. Зерттеудің тәжірибелік маңыздылығы. Зерттеудің қорытындылары мен ұсынымдары әкімшілік заңнаманы, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізуде соттың белсенді рөлі қағидатын қолдану арқылы азаматтардың құқықтарын объективті қорғау саласындағы сот тәжірибесін одан әрі жетілдіру үшін пайдалануға болады. Диссертациялық зерттеудің тәжірибелік тұжырымдары мен ұсыныстары заң шығару ісіне оң әсер етеді, яғни құқықтық және сот жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді екенін атап өткен жөн. Диссертацияның ережелері әкімшілік құқық, құқық теориясы, халықаралық құқық курстарын оқытуда қолданыла алады. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Конституциялық және азаматтық құқық» кафедрасында дайындалып, талқыланды. Диссертациялық зерттеудің негізгі ережелері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Комитетімен ұсынылған ғылыми журналдарда жарияланды.Диссертация тақырыбы бойынша 19 ғылыми мақала, оның ішінде Scopus, Web of science («Krytyka Prawa», «International journal of Public law and Policy) базасында индекстелген журналдарда 2 ғылыми мақала жарияланды, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда 8 ғылыми мақала, уәкілетті орган ұсынған басылымдарда 9 мақала: құқық қорғау органдары академиясының хабаршысында 3 мақала және ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының хабаршысында 6 мақала.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/8_dq5L7Yrp8?si=dxkI7z9JFM6Nmgny
