
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Касымова Ксения Булатовна «8D04201 – Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеу» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Жетпісов Серік Қожанұлы – заң ғылымдарының докторы, профессор, «Торайғыров университет» КеАҚ «Құқықтану» кафедрасының меңгерушісі (Павлодар қ.);
Разиева Динара Бағдатқызы– PhD докторы, ғылыми хатшы, Alikhan Bokeikhan University азаматтық-құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы (Семей қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Әкімжанов Талғат Құрманұлы – заң ғылымдарының докторы, профессор, «Тұран» университетінің жанындағы құқық ғылыми-зерттеу институтының директоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Тайторина Бинұр Адамқызы – заң ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Тарих және құқық институтының «Құқықтану» кафедрасының профессоры (Алматы қ.,Қазақстан Республикасы);
Жильцов Мирон Александрович – заң ғылымдарының докторы, доцент, В.Ф. Яковлев атындағы Урал мемлекеттік заң университеті еңбек құқығы кафедрасының профессоры (Екатеринбург қ., Ресей Федерациясы).
Ғылыми кеңесшілері:
Нұрғалиева Еңлік Нұрғалиқызы – заң ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Головина Светлана Юрьевна – заң ғылымдарының докторы, профессор, В.Ф. Яковлев атындағы Орал мемлекеттік заң университеті еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, (Екатеринбург қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 28 ақпан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D04201 – Құқықтану» мамандығы бойынша «8D042 – Құқық» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңестің отырысы онлайн және офлайн (аралас) форматта. өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3FyLoA
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): 8D04201 – Құқықтану білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін Ксения Булатовна Касымованың «Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбегін құқықтық реттеу» тақырыбындағы диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі – бүкіл ел үшін түйінді проблеманы шешуде: экономикалық өсуді, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін қажетті ресурс ретінде халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауда, сондай-ақ денсаулық сақтау сияқты маңызды әлеуметтік саланы тиімді дамытуда медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің ерекше рөліне негізделген. Ел халқының өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз ету, медициналық технологияларды дамыту, қазіргі заманғы денсаулық сақтауды аурулардың алдын алуға бағдарлау, қоғамдық денсаулық сақтауды басқаруды күшейту, жастардың репродуктивті денсаулығын нығайту мақсатында 2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Халық денсаулығы туралы кодекс) қабылданды. Мемлекеттің аса маңызды капиталы медицина және фармацевтика кадрлары болып табылатынын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы № 414-V Еңбек кодексінде (бұдан әрі – ҚР Еңбек кодексі) осы санаттағы жұмыскерлердің еңбек ерекшеліктеріне арналған нормалардың жоқтығын ескере отырып, Халық денсаулығы туралы кодексте олардың арнайы еңбек құқығына, әлеуметтік қорғау кепілдіктері мен шараларына белгілі бір көңіл бөлінді. Сонымен қатар, зерттеулер бұл шаралардың денсаулық сақтау жұмыскерлерiнiң кәсiби қызметтi тиiмдi жүзеге асыру қабiлетi үшiн жеткiлiксiз екенiн көрсетедi. Осының бәрі объективті түрде еңбек пен демалыстың нақты режимін, лайықты еңбекақыны, қосымша кепілдіктер мен өтемақыларды белгілеу, олардың организміне теріс әлеуметтік-психологиялық, ауыр, зиянды және басқа да ықтимал теріс факторларды төмендету мақсатында арнайы жағдайлар жасау қажеттігін тудырады. Медицина және фармацевтика жұмыскерлерi еңбегiнiң күрделiлiгi мен қауiптiлiгi олардың еңбегiнiң түрлi аспектiлерiн жан-жақты зерделеудi ғана емес, еңбек және медициналық заңнаманы жетiлдiру жөнiнде нақты шаралар әзiрлеудi де негiздейдi. Сондай-ақ зерттелетін жұмыскерлер санатының еңбегін құқықтық регламенттеудің әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты экономикалық және әлеуметтік маңызы бар. Қазақстан Республикасының, сондай-ақ бірқатар шет елдердің медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек қатынастары диссертациялық зерттеу объектісі болып табылады. Зерттеудің мәні еңбек заңнамасы мен денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың, медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін қазақстандық азаматтар мен бірқатар шет елдер азаматтарының денсаулығын сақтау саласындағы ведомстволық нормативтік құқықтық актілердің нормалары болып табылады. Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты медицина және фармацевтика жұмыскерлерiнiң әлеуметтiк-еңбек қатынастарын реттеудiң ерекшелiктерiн теориялық және қолданбалы аспектiлерде кешендi зерттеу, сондай-ақ аталған жұмыскерлердiң еңбегiн құқықтық реттеудi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу болып табылады. Қойылған мақсатқа сүйене отырып, мынадай міндеттер айқындалды және шешілді: медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбегін біріктірудің және саралаудың құқықтық негіздері зерделенді; медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбектік құқықтық ету мәртебесінің ерекшеліктері анықталды; еңбек құқығының негізгі институттарында, яғни, еңбек шарты, жұмыс уақыты және демалыс уақыты, еңбекақы төлеуде осы айтылған жұмыскерлердің арнаулы еңбек құқығы мәртебесінің көрінісі ретінде еңбекті құқықтық реттеуді саралаудың негіздері зерттелді; денсаулық сақтау жұмыскерлері мен соттардың, кәсіптік одақтардың практикалық қызметі негізінде медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау тәсілдеріне талдау жасалды; Қазақстан Республикасының қазіргі даму кезеңінде медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбегі туралы заңнаманы жетілдіру жөнінде негізделген ұсынымдар әзірленді және ұсынылды. Зерттеу тақырыбының әзірлену дәрежесі: Қазақстандық заң ғылымында медицина жұмыскерінің құқықтық мәртебесі медициналық құқық, медициналық-құқықтық конфликтология және қоғамдық денсаулық сақтау тұрғысынан ғана кешенді зерттелді: А.М. Әуезова «Қазақстан Республикасында медицина жұмыскерлерінің конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету тетігін жетілдірудің ғылыми негіздемесі» (Астана, 2014); Е.С. Шалхаров «Медицина жұмыскерлерінің қызметін құқықтық реттеу мәселелері» (Түркістан, 2018). Медицина жұмыскерлерінің қызметі А.Т. Айпыханованың, Е.Л. Бабаджанянның, Д.М. Баймаханованың, Г.Г. Галиакбарованың, С.Ю. Головинаның, А.Е. Даутбаева-Мухтарованың, Ж.А. Даулеткалиеваның, С.Б. Жаркенованың, М.А. Жильцовтың, С.К. Идрышеваның, А.М. Искакованың, Г.А. Мусиннің, Е.Н. Нургалиеваның, Э.Б. Омарованың, Д.Б. Разиеваның, А.Е. Рахимбекованың, А.М. Тазабековтің, Б.А. Тайторинаның, Ж.У. Тлембаеваның, М.Х. Хасеновтің және т.б. ғылыми мақалаларында баяндалды. Ұсынылған диссертация тақырыбын тереңірек ашу үшін Б. Абдрахмановтың, Т.К. Акимжановтың, Г.А. Алибаеваның, А.А. Базарлиновтың, С.К. Жетписовтың, Ю.Ю. Колесниковтің, Г.Кубенованың, А.К. Кыдралинованың, С. Шайсултановтың және алыс шетел ғалымдары арасында Armstrong D., Beck A.J., Buerhaus P.I. және т.б. ғылыми мақалалары өте пайдалы болды. Зерттеудің нормативтік негізі. Осы диссертациялық зерттеу өмiр мен денсаулыққа құқыққа қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына, сондай-ақ халықтың өмiрi мен денсаулығын қорғау саласындағы ағымдағы заңдардың нормаларына негiзделген. Зерттеудің ақпараттық базасы: ҚР ЕК, Халық денсаулығы туралы кодекс; ведомстволық нормативтік құқықтық актілер болды. Зерттеу саласына атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерінің едәуір көлемі тартылды. Автордың тұжырымдары әлеуметтік әріптестік актілеріне және практика материалдарына, оның ішінде сот материалдарына да сүйенеді. Талданатын және салыстырылатын ережелер бөлігінде сондай-ақ Еуразиялық Экономикалық Достастық, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің, әлемнің кейбір дамыған елдерінің денсаулық сақтау саласындағы еңбек заңнамасының нормалары, сондай-ақ халықаралық еңбек стандарттары қаралды. Зерттеудің әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмысты жазу кезінде құқықтық шындықты танудың диалектикалық әдісі қолданылды. Диссертацияда ұсынылған растаулар мен қорытындылардың негізділігіне талдау, дедукция, тарихи, статистикалық, жүйелі тәсіл сияқты жалпы ғылыми таным әдістері, сондай-ақ формальды-заңдық және салыстырмалы-құқықтық ретінде заң ғылымының жеке-ғылыми әдістері, құқық қолдану практикасын жинақтау есебінен қол жеткізілді. Диссертацияның және алынған нәтижелердiң ғылыми жаңалығы бұл денсаулық сақтауға нарықтық тетiктердi енгiзу кезеңiнде еңбек заңнамасын жетiлдiруге бағытталған медицина және фармацевтика жұмыскерлерiнiң әлеуметтiк-еңбек қатынастарын құқықтық-реттеудiң ерекшелiктерiн Қазақстандағы алғашқы кешендi теориялық және практикалық зерттеу болып табылады. Осы зерттеудің ғылыми жаңалығы қорғауға шығарылатын мынадай негізгі ережелерде берілген: А. ҚР Еңбек кодексінде медицина және фармацевтика жұмыскерлеріне арналған нормалар жоқ, осыған байланысты «Жұмыскерлердің жекелеген санаттарының еңбегін реттеу ерекшеліктері» деген 12-тарауда «Медицина және фармацевтика жұмыскерлері» деген жаңа 139-1-бапты қарастыру ұсынылды. Аталған шаралар медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау ғана емес, жұмыстағы осы жұмыскерлердің пациенттерге деген теріс көзқарасын болдырмау, сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасының төмендеуіне жол бермеу мақсатында көзделген. Б. Еңбек қатынастарында еңбек құқықтарын көрiнеу терiс пиғылды жүзеге асыру (құқықты терiс пайдалану) – бұл еңбек шарты тараптарының еңбек құқықтарын iске асыру кезiндегi терiс пиғылды әрекеттерi (әрекетсiздiгi), соның нәтижесiнде қолайсыз салдарлар туындайды. Осыған байланысты, ҚР Еңбек кодексінің «Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының қағидаттары» 4-бабына «еңбек құқықтарын көрінеу жосықсыз жүзеге асыруға жол бермеу қағидаты» сияқты маңызды қағидатты енгізу ұсынылады. Сондай-ақ ҚР Еңбек кодексіне жаңа «Еңбек құқықтарын көрінеу жосықсыз жүзеге асыру» деген 22-1-бапты енгізуді ұсынамыз. В. Халық денсаулығы туралы кодекс провизор мен фармацевттiң құқықтық мәртебесiне жеткiлiксiз көңiл бөледi, олардың құқықтары мен мiндеттерiн медицина жұмыскерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерiмен бiр нормада баяндап, араластырады, бұл өз кезегiнде олардың алған кәсiби бiлiмiне сәйкес еңбек функцияларының реттелмеуiне әкеп соқты. Провизорлар мен фармацевтердің құқықтық мәртебесі қазіргі кезеңде олар шешетін міндеттерге сәйкес келмейді, осыған байланысты біз ұсынып отырған «Медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің мәртебесі» Қазақстан Республикасы заң жобасының бірқатар баптары осы және басқа да проблемаларды шешуге арналған. Г. Зерттеу Халық денсаулығы туралы кодекстің медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбегін реттеу бөлігінде елеулі кемшіліктердің бар екенін көрсетті, оларды жою жолдары біз ұсынып отырған «Медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің мәртебесі» заң жобасында көрініс тапты. Д. Денсаулық сақтау практикасында қоса атқарудың екі түрі бар: ішкі және сыртқы. ҚР Еңбек кодексінде қоса атқаруға арналған дербес бап жоқ, алайда денсаулық сақтау саласында ол медициналық және фармацевтикалық кадрлардың жетіспеушілігінен, негізгі жұмысы бойынша жалақының төмендігінен кеңінен таралған. Бұл жағдай қосымша еңбек шартын жасасу қажеттілігіне байланысты көптеген еңбек дауларын туындатады. ҚР Еңбек кодексінің әртүрлі баптарын талдау ҚР Еңбек кодексінде бүкіл мәтіні бойынша шашыраңқы орналасқан қоса атқарушылық бойынша жұмысқа қатысты белгілі бір шарттар мен шектеулер бар екенін көрсетеді. Осыған байланысты «Қоса атқарылатын жұмыс» атты жаңа баптың жобасы ұсынылады. Е. Қазіргі уақытта қолданыстағы «Қашықтан медициналық қызметтерді ұйымдастыру, ұсыну және төлеу қағидалары» ведомстволық нормативтік құқықтық актісі қашықтан медициналық қызметтерге қатысушылардың ғана емес, сонымен қатар «телемедициналық технологияларды» реттеу тиімділігін арттыру мақсатында кемшіліктерді қайта қарауды және жоюды талап етеді. Ж. Денсаулық сақтау жұмыскерлерi кәсiподақтарының бiрiншi кезектегi мiндеттерi бойынша ұсынымдар әзiрлендi: ұжымдық шарттарды тексеру, жалақыны индекстеудi заңнамалық бекiту, оның уақтылы төленуiн мониторингтеу, еңбектi нормалауды жетiлдiру, жүктеменiң бiрыңғай шкаласын, оның iшiнде әрбiр дәрiгерлiк мамандық үшiн белгiлеу. Қазақстан Республикасы Үкіметінің алдында медицина жұмыскерлерінің жалақысын көтеру туралы мәселеге бастамашылық жасау, кадрлық теңгерімсіздікті жою, мамандардың кәсіби деңгейін арттыру және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды күшейту маңызды. Қосымша мейіргерлік персоналды пайдалану тәсілін қайта қарап, провизорлар мен фармацевтердің тапшылығы проблемасын шешу керек. З. Медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеуді регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі көптеген бытыраңқы заңға тәуелді актілерден тұрады, осыған байланысты оларды іс жүзінде қолдану кезінде Халық денсаулығы туралы кодексте әртүрлі қосымша ақылар мен үстемеақыларды, сондай-ақ ынталандырушы төлемдерді белгілеуге қойылатын бірыңғай талаптардың болмауынан қиындықтар туындайды, бұл қаралып отырған жұмыскерлер санатына еңбекақы төлеуге бірлік пен саралау қағидатын дұрыс қолдануды қиындатады. Алынған нәтижелердің ғылыми және практикалық маңыздылығы жүргізілген зерттеу нәтижесінде медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбегін құқықтық реттеудің теориялық және практикалық аспектілері қаралуымен байланысты, бұл осы жұмыскерлердің еңбек ерекшеліктері туралы, сондай-ақ анықталған ерекшеліктерді ескере отырып, құқықтық регламенттеудің ерекшелігі туралы кешенді түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Диссертациялық зерттеудің нәтижелері медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің әлеуметтік-еңбек қатынастарын құқықтық реттеуді одан әрі зерттеуде пайдаланылуы мүмкін, оларды қолдану нормативтік құқықтық актілердің сапасы мен тиімділігін арттырады. Жұмыстағы тұжырымдар мен ұсыныстар қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру үшін құқық шығармашылық және құқық қолдану қызметінде қолданыла алады, оқу процесінде «Еңбек құқығы» пәнін, «Жұмыскерлердің жекелеген санаттарының еңбегін реттеу ерекшеліктері» арнайы курсын оқыту үшін пайдаланылады. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы. Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «конституциялық және азаматтық құқық» кафедрасында дайындалды, онда мұны талқылау және рецензиялау жүргізілді. Зерттеу тақырыбы бойынша 4 авторлық куәлік алынды және 16 ғылыми мақала жарияланды, оның ішінде: Scopus базасына кіретін - 1 мақала (Q1, Процентиль 85); Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен журналдарда - 4 (төрт) мақала; Беларусь Республикасының, Украинаның және Ресей Федерациясының журналдарында - 6 (алты) мақала; монографиялар - 1 (бір, тең авторлықпен); ғылыми-практикалық конференциялар материалдарында - 5 (бес). Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға, дөңгелек үстелдерге қатысып, баяндамалар жасалды. Докторанттың жеке үлесі. Диссертацияда еңбек құқығының арнайы субъектілері ретінде медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбегін құқықтық реттеудің саралануы зерттелді; еңбек шарты, жұмыс уақыты және демалыс уақыты, еңбекақы төлеу сияқты еңбек құқығы институттарында аталған санаттағы жұмыскерлердің еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері анықталды. Медицина және фармацевтика жұмыскерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау денсаулық сақтау жұмыскерлері мен қазақстандық соттардың, кәсіптік одақтарының практикалық мысалдарында зерделенген. Қорғауға шығарылған барлық диссертациялық материалды, диссертацияның барлық жарияланымдары мен ережелерін автордың өзі орындады және әзірледі. Диссертациялық жұмыс машинкамен басылған мәтіннің 194 бетінде баяндалған, дәстүрлі қағидат бойынша құрылған, нормативтік сілтемелерден, анықтамалардан, белгілерден және қысқартулардан, кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, 225 дереккөзден және қосымшалардан тұратын пайдаланылған дереккөздер тізімінен тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/FdaLGOOQgQA
