
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Бажай Хуандаг «6D030100 – Құқықтану» мамандығы бойынша «Қазақстан Республикасының конституциялық дамуы: салыстырмалы - құқықтық аспект (1991 жылдан кейінгі кезеңдер)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Жамбаев Ержан Сагынханұлы – заң ғылымдарының кандидаты, Жоғары құқық мектебінің доценті, Астана халықаралық университетінің (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Сманова Ақмарал Бахтияровна – з.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Калыбаева Алия Абдысатаровна – заң ғылымдарының докторы, Ж. Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Қырғыз-Қытай институтының доценті (Бішкек қ., Қырғыз Республикасы);
Адилова Күлтай Ағытайқызы – заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КеАҚ бас академиялық қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Сәулен Нұржан – ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының бас маманы, PhD докторы (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Абдрасулов Ермек Баяхметович – заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Artur Lavniczak – заң ғылымдарының докторы., Вроцлав университетінің профессоры (Вроцлав қ., Польша).
Қорғау 2025 жылғы 6 наурыз, сағат 15:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D030100 – Құқықтану» мамандығы бойынша «8D042 – Құқық» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://inlnk.ru/yODdV5
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы (№302 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): «6D030100-Құқықтану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін Бажай Хуандагтың «Қазақстан Республикасының конституциялық дамуы: салыстырмалы - құқықтық аспект (1991 жылдан кейінгі кезеңдер)» тақырыбындағы диссертациялық жұмысы Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Егемендігін жариялап, Тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет ретінде қалыптаса отырып, конституциялық даму жолына түскеніне отыз жылдан асып барады. Қазіргі кезде мемлекетіміз конституциялық қағидалары құқық үстемдігіне негізделген, әділеттілік пен теңдік, адам құқықтарының басымдығы ешқандай ерекшелікке жол бермейтін әділетті Жаңа Қазақстанды құруды бастан өткізуде. Президенттің 2019 жылы екінші қыркүйектегі Жолдауында елдің қоғамдық өміріндегі жағдайын жақсартпай, қарқынды экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін еместігін, және бұл – біздің негізгі ұстанатын басты қағидатымыз болатындығын айтқан болатын. Біз «Халықтың үнін тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасымен үндесетін, белсенді азаматтық қоғамы қалыптасқан және мемлекеттік құрылыстың негізі «Мықты Президент – ықпалы күшті Парламент - есеп беріп отыратын Үкімет» формуласы негізінде іске асырылатын конституциялық дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Қазақстан азаматтары қоғамның барлық салаларында тиімді халықтық бақылауды тәуелсіз жүзеге асыра алуы, конституцияда бекітілген адамның құқықтарын, бостандықтарын іске асыруда әрбір тұлға өзінің азаматтық ұстанымдарын еркін түрде көрсете отырып, мемлекеттің конституциялық дамуындағы қоғамдық қатынастарды одан әрі демократияландыру арқылы құқық үстемдігін қамтамасыз етудің маңыздылығы зерттеу тақырыбының өзектілігін көрсетеді. Конституциялық дамудың негізі - әрбір азаматтың еліміздің тағдырын сезіне отырып, ұлттық егемендігіміз бен қастерлі тәуелсіздігімізді, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолында мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігін толық пайдаланып мемлекетіміздің конституциялық тұрақтылығын сақтап тұруға жұмсауымен тікелей байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның негізгі ұстанымы өзінің конституциялық дамуы тарихында жаңа дәуірге жол аша отырып, шынайы халық билігін орнату негізінде әрбір азаматтарымыздың елдегі саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің нәтижесіне қолжетімділік жасау арқылы, олардың бақытты өмір сүрулерін қамтамасыз ету. Қазақстанның ең басты байлығы – халық екенін ескере отырып, халықтың өз таңдауын білдіру арқылы мемлекеттің конституциялық дамуы жолында түбегейлі бетбұрыс жасауға мүмкіндіктер жасау. Қазақстан Республикасының 2022 жылғы жүзеге асырылған конституциялық реформасының нәтижесі еліміздің конституциялық даму жолындағы алдыңғы реформалардың жетістіктерін және кейбір жіберілген кемшіліктері мен тиімсіз тұстарын ашып көрсетті. Дегенмен, Қазақстан Республикасы конституциялық даму жолын бір сәтке де тоқтатқан жоқ, үздіксіз қарқынды дамып келе жатқандығын байқаймыз. Бұл өз кезегінде Қазақстанның конституциялық дамуының өткені мен бүгінгісі және болашағы тақырыбындағы жарық көрген ғылыми еңбектерге құқықтанушы ғалымдардың тарапынан қызығушылықтарын күшейтетіні сөзсіз. Осы себептен біздің зерттеу тақырыбымыздың аясында Қазақстан Республикасының конституциялық дамуын ғылыми тұрғыдан зерделеп, бұған дейінгі тәжірибелерді ескере отырып, конституцияға енгізілген соңғы реформалардың әлі де жетілдіруді қажет ететін тетіктерін нақтылап, салыстырмалы құқықтық аспект тұрғыдан қарастыру арқылы ұсынған ғылыми тұжырымдар тақырыптың өзектілігін арттыра түседі деуге негіз бар. Диссертациялық зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық зерттеудің мақсаты - Қазақстан Республикасының 1991 жылдан кейінгі конституциялық дамуын зерделеп, теориялық қорытындылар алу және мемлекеттің конституциялық дамуын жетілдіре түсуге қатысты ұсыныстарды жасау болып табылады. Көзделген мақсатқа жету жолында келесі міндеттерді іске асыру қамтамасыз етіледі: 1. Қазақстан Республикасындаңы конституциялық құрылым негіздерінің даму және қалыптасу кезеңдерін зерделеу. 2. 1995 жығы қолданыстағы Қазақсьан Республикасы Конституциясы және адам құқықтары мен бостандықтарының халықаралық стандарттарының үйлесімділігі тұрғысынан талдау жасау. 3. Құқық үстемдігін конституциясының негізгі іргетасы ретінде қарастыру. 4. Конституциядағы халықтық егемендік идеялар және оларды жүзеге асыру ерекшеліктерін анықтау. 5. Адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық өлшемдерді іске асырудың қазіргі жағдайын талдау, осы саладағы негізгі проблемаларды және оларды шешу жолдарын көрсету. 6. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы объективті қажеттілік ретінде конституциялық реформаларды жүзеге асырудағы эволюциялық өзгерістерді анықтау. 7. Халықаралық шарттар мен міндеттемелерді конституцияны жаңғырту факторы ретінде қарастыру. 8. Қазақстан Республикасы Конституциясының тұрақтылығы мен конституционализм мәселелерінің мазмұнын ашу. 9. Әділетті Жаңа Қазақстанды құру және конституциялық реттеуді одан әрі жетілдіру мәселелері аясында конституциялық дамудың болашағына ықтимал жолдардың үлгісін ұсыну. Диссертациялық зерттеу объектісі Қазақстан Республикасының 1991 жылдан кейінгі кезеңдегі конституциялық даму үдерісіндегі кең мағынадағы қатынастар болып табылады. Зерттеудің пәні мемлекеттің конституциялық дамуының ажырамас бөліктері ретіндегі конституция және конституцияға негізделген ұлттық заңнамаларды дамытудың теориялық және практикалық аспектілері құрайды. Диссертациялық зерттеудің жаңалығы. Қазақстанның конституциялық дамуына қатысты мәселелер бұған дейін де зерттелген, болашақта да үздіксіз зерттеле бермек. Біз Отандық құқықтанушы ғалымдардың Қазақстанның конституциялық дамуына үлес қосқан ғылыми еңбектерінде саяси құқықтық тұрғыдан сол кезеңге сай өз көзқарастары арқылы ғылыми тұжырымдарын жасап, бағалап келгендігін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, бүгінгі таңда Қазақстанда кезең-кезеңімен жүргізілген саяси қайта құру бағдарламасының нәтижесі және оның негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын конституциялық жаңғыртулар жаңа бетбұрыстарды жасауда. Сол арқылы еліміз демократиялық мемлекет құрылысының жаңа, әрі сапалы кезеңіне қадам басуының нақты бағытын айқындауымен ерекшеленіп отыр. Осы тұрғыдан, Қазақстанда сәтті жүзеге асырылған 2022 жылғы конституциялық реформа азаматтардың саяси үдерістерді шынайы демократияландыра отырып, мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған көп жылғы сұраныстарын қанағаттандырудан туындайтын Қазақстан Республикасының саяси жүйесін кешенді түрде жаңғыртуына батыл қадамдар жасалды. Қазақстанның түбегейлі қайта құру жолындағы конституциялық дамудың жаңа бетбұрыс кезеңі отандық заң ғылымында да жаңа ғылыми ізденістердің туындауына сөзсіз әсер етіп отыр. Бұл зерттеу жұмысының өзіндік ерекшелігі, ол - конституциялық реформалар негізінде әділетті Жаңа Қазақстанды құра отырып, конституциялық дамудың мүлдем жаңа бетбұрысын жасаудағы Ұлттық заңнамаларды жаңаша дамытумен тұспа-тұс келуінде. Соған сәйкес, Қазақстанның 1991 жылдан кейінгі конституциялық дамуына қатысты ғылыми теориялық және практикалық мәселелерді жүйелі тұрғыдан зерттеу барысында жаңашыл көзқарастар мен ғылыми тұжырымдар келтіру жұмыстың жаңашылдығын көрсетеді. Диссертациялық зерттеудің нормативтік базасы Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңдары, Қазақстан Республикасының заңдары және заңға тәуелді актілері, Қазақстан Президенті Жарлықтары, қаулылары, басқа да құқықтық актілер, сонымен қатар халықаралық құқықтың нормалары мен принциптері және халықаралық-құқықтық актілер мен шарттарды құрайды. Диссертациялық зерттеудің ғылыми-теориялық негізі болып белгілі қазақстандық және шетел мемлекет зерттеушілерінің, оның ішінде: Е.М. Абайделдиновтың, Е.Б. Абдрасуловтың, С.А. Авакьянның, А.С. Автономовтың, К.К. Айтқожиннің, С.К. Амандықованың, А.М. Арбузкиннің, З.К. Аюпованың, Г.А. Әлібаеваның, С.H. Бабуриннің, М.В. Баглайдың, М.Т. Баймахановтың, М.С. Бейбитовтың, А.Е. Бектургановтың, Н.С. Бондарьдің, Ж.Д. Бусурмановтың, Б.Н. Джапаркуловтың, Ө.Ш. Жалайридің (Ө.К. Қопабаев), Л.Т. Жанузакованың, С.Б.Жаркенованың, С.З.Зимановтың, В.Д Зорькиннің, Ж.И. Ибрагимовтың, З.Ж. Кенжалиевтің, В.А. Кимнің, В.В. Комарованың, А.К. Котовтың, Б.Ж. Куандыковтың, Е.К. Кубеевтің, О.Е. Кутафиннің, А.А. Қараевтың, Б.Д. Макулбековтің, В.А. Малиновскийдің, М.Х. Матаеваның, Қ.А. Мәмидің, А.И. Мугауованың, А.А. Мукашеваның, Б.А. Мухамеджановтың, Э.Б. Мухамеджановтың, С.В. Наруттоның, Е.Н. Нургалиеваның, А.М. Нұрмағамбетовтың, Б.М. Нурмухановтың, Е.А. Онғарбаевтың, Ш.Ш.Орманованың, И.Ю. Остаповичтің, И.И. Роговтың, С.Ғ. Сапарғалиевтың, С.С. Сартаевтың, И.С. Сактаганованың, С.Н. Сәбікеновтың, М.К. Сәрсембаевтың, М.А. Сүлейменовтің, С.А. Табановтың, Ш.В. Тлепинаның, С.Ф. Ударцевтің, И.А. Умнованың, Т.Я. Хабриеваның, В.Е. Чиркиннің, У.Ш. Шапақтың, С.М. Шахрайдың, К.Д. Шестакованың, Д.Г. Шустровтың және т.б. ғалымдардың жалпы ғылыми құқықтық тұжырымдамалары мен көзқарастары табылды. Қазақстандық жұмыстардың ішінен біздің зерттеуіміз үшін мына еңбектер үлкен маңызға ие болды: Абдрасулов Е.Б. «Декларация о государственном суверенитете и её место в политичекой истории Казахстана» дис. ... к.ю.н.; «Толкование закона и норм Конституции: опыт, процедура»: Монография; Абдрасулов Е.Б., Айтхожин Қ.К. «Қазақстан Республикасында адам және азаматтың құқықтық мәртебесінің конституциялық қағидаттары» ҚР конституциялық құқығы; «Қазақстан Республикасындағы адам және азаматтың конституциялық құқықтары, бостандықтары мен міндеттері» Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы; «Қазақстан Республикасының Конституциясы және конституционализм»; «Қазақстандық конституционализм: түсінігі мен мазмұны» Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы; Қазақстанның тарихи ағымындағы Конституция; Тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасын құратын (құрылтайшы) конституциялық актілер; Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы; Айтхожин К.К. «Конституционная реформа в Казахстане: реалии и перспективы»; Амандыкова С.К. Становление доктрины конституционализма в Казахстане: Монография; Баймаханов М.Т., Вайсберг Л.М., Котов А.К. Становление суверенитета Республики Казахстан; Бейбитов М.С. «Конституционный контроль – необходимый элемент утверждающегося конституционализма: история возникновения»; Бусурманов Ж.Д. «Евразийская концепция прав человека». Монография.; Джапаркулов Б.Н. Конституционные принципы Джапаркулов Б.Н. «Конституционные принципы разделения и взаимодействия властей в Республике Казахстан» Автореф. дис. ... к.ю.н.; Жанузакова Л.Т. «Конституционная реформа в Казахстане: некоторые вопросы совершенствования статуса и полномочий Президента и Парламента»; Зиманов С.З. «Конституция и Парламент Республики Казахстан»; Кенжалиев З.Ж., Ким В.А. «Қазақстан Республикасында Конституциялық заңнаманың дамуы»; Котов А.К. «Государственный суверенитет Республики Казахстан: политико-правовой анализ становления и проблемы национально-государственного развития»: Автореф. дис… д.ю.н.; Котов А.К. «Конституционализм в Казахстане: опыт становления и эффективность механизма власти»; Котов А.К. «Суверенный Казахстан: гражданин, нация, народ (вопросы конституционного права)»; Кубеев Е.К. «Конституционный строй Республики Казахстан»; «Основы конституционного строя Республики Казахстан» тема дис. автореферата по ВАК РФ 12.00.02, д.ю.н. Кубеев Е.К.; Қараев А.А. «Қазақстан Республикасының конституциялық қауіпсіздігі: жағдайы, проблемалары және қамтамасыз ету тетіктері»; «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы». Академиялық курс: 2 томдық. 1-т. /Қ.Ә. Мәми.; «Қазақстан Республикасының Конституциясы. 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумда қабылданған өзгерістер мен толықтыруларға Түсіндірме» /Е.Б. Әбдрасуілов, И.О. Әубәкірова, М.С. Бәшімов, Е.Ә. Оңғарбаев / Аударма: Жеңісов С.Қ., Жақсылықова А.М.; Малиновский В.А. «Президентская форма правления Республики Казахстан в условиях конституционных реформ»; Матаева М.Х. «История конституционного развития Казахстана и стран Центральной Азии. XX век» докт.дис.; «Конституционная история Казахстана и стран Центральной Азии. ХХ век (сравнительно-правовое исследование)» монография. «Форма правления Республики Казахстан: конституционная модель и практика государственного управления» тема диссертации и автореферата по ВАК РФ 12.00.02, д.ю.н.; Назаркулова Л.Т. «Конституция Республики Казахстан – основа построения демократического правового государства» Автореф. дис. ...к.ю.н.; Нурпеисов Е.К., Котов А.К. «Конституционная эволюция Казахстана к суверенитету»; Рогов, И.И. «Конституция Казахстана – основа поступательного развития общества и государства»; Сапаргалиев Г.С, Мухамеджанов Б., Жанузакова Л., Сакиева Р., «Правовые проблемы унитаризма В Республике Казахстан»; «Конституция Республики Казахстан: Комментарий»; «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы» Академиялық курс; Турецкий Н.Н. «Законодательная ветвь власти Казахстана» монография; Шапак У. «Конституция және құқық үстемдігі» және т.б. Диссертациялық зерттеудің әдіснамалық негізі ғылыми танымның диалектикалық, талдау және синтездеу әдістері, сонымен қатар жүйелік-құрылымдық, салыстырмалы құқықтық, формальды логикалық, тарихи-құқықтық және басқа да әдістерінде жатыр. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар мен ұсыныстар: 1. Мемлекеттің егемендігі ол – халық пен әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, саяси қатынастардың ішкі аспектілері жағдайының басты көрсеткіші. Мемлекеттер әсіресе, құқықтық егемендікті тұрақты жаңғыртып отыруы қажет. 2. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның негізінде тәуелсіздік алғаш рет жарияланды. Заңда тәуелсіз мемлекетке тән элементтер ретінде бір тұтас азаматтық және аумақтық дербестік, тәуелсіз мемлекеттің мәртебесіне сай дербес экономикалық жүйе, мемлекеттік органдарының дербес жүйесі, мемлекеттік жеке қарулы күшінің құрылуы және тағы басқа элементтер айқындалды. 3. 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конститутциясы заңның үстемдігі мен қоғамды демократияландыруға негізделген мемлекет құру жолындағы тарихи кезең болды, Республиканың егемендік алу процесін аяқтады. 4. Еуразиялық кеңістік аумағында адам құқықтары теориясына қазіргі заманғы тәсілді жеке адам мен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынастың «Батыс» және «Шығыс» дәстүрлері арасындағы ымыраға келу ретінде дамытуымыз керек. Олай дейтініміз, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің адам құқықтарын түсіндірудегі айырмашылық, адам өміріне деген әртүрлі көзқарас, оның құндылықтары әртүрлі мемлекеттік саясатты, құқықтық отбасыларды, тіпті мемлекеттердің әртүрлі формаларын анықтайды. 5. Құқық үстемдігінің тұжырымдамасы Қазақстандық конституциялық құқық теориясында қалыптасуда айтарлықтай күрделі. Елдің бүкіл конституциялық дамуы бойында оны конституциялық-құқықтық практикада іске асыру мәселелері әрқашан болған, болашақта да бола береді. Қазіргі конституционализм доктринасының қалыптасуына құқық пен заңның үстемдігі тұжырымдамасының мемлекеттік құрылыстағы біртіндеп тамырлануы үлкен әсер етеді. Құқық үстемдігі – өз кезегінде Конституцияның негізгі іргетасы болып, мемлекеттің тұрақтылығы мен мызғымастығын қамтамасыз етіп отырады. 6. Конституциядағы халықтық егемендік қағидаты ешқандай жағдайда халықтың шексіз билігін талап етпеуі керек. Халықтың егемендігі жеке адамның құқықтарымен, оның қадір-қасиетімен шектелгені дұрыс. 7. Қазақстан Республикасы Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары саласындағы халықаралық стандарттарды іске асыру тұрғысынан Конституцияның 8-бабына сәйкес, халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларын құрметтейді. 8. Конституциялық реформалар Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы объективті қажеттілік ретінде суперпрезиденттік басқару нысанынан Президенттік Республикаға түпкілікті көшуді іске асыруда. Нәтижесінде, Конституцияның ықпалды Парламентпен және есеп беретін Үкіметпен бекітілуіне байланысты біздің еліміздің алдында тұрған жаңа сын-қатерлердің қазіргі заманғы шындықтарына сәйкес келетін конституциялық доктринаны дамыту міндеттерін айқын көрсетті. Аталған жүйе билік институттарының ықтимал тепе-теңдігін қамтамасыз етуде және Қазақстанның Конституциялық тұрақты дамуына мол мүмкіндіктер әкеледі. 9. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының құқықтық табиғаты, олардың қолданыстағы ұлттық құқық жүйесіндегі, оның ішінде конституциялық құқық көздері жүйесіндегі ерекше орны, халықаралық шарттар түрлерінің сатысы және олардың заңнамалық әрі басқа да нормативтік-құқықтық актілермен арақатынасы құқықтық актілер туралы заңның қолданыстағы құқық көздерінің сатысында ресми түрде бекітілуі тиіс. 10. Қазақстанның қолданыстағы Конституциясы мен мемлекеттілік эволюциясының мәселелеріне конституционализмнің тікелей ықпалы ерекше. Сондықтан конституционализмді – конституциялық тұрақтылықтың негізгі іргетасы тұрғысынан түсінген дұрыс. 11. 2022 жылғы жүзеге асырылған Конституциялық реформа және оны іске асыру жолындағы қабылданған заңдар мен жаңа қағидалар негізінде өткен Парламенттік сайлау және оған байланысты атқарушы билік органдарыныдағы қайта құрулар Жаңа Қазақстандағы мемлекеттік органдар жүйесін өзгертуге ықпал етті. Бәсекелестікке және заман талабына сай заңнамаларда кедергі келтіретін қалыптасқан саяси монополияны құртып, құқық үстемдігінің негіздерін, адамның және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін айқындап, үнемі жетілдіріп отыруымыз қажет. Қазақстанның конституциялық дамуын одан әрі жетілдіре түсу мақсатында мемлекет және үкіметтік емес ұйымдардың өзара іскерлігін дамыту, азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде қалпына келтіру мәселелерін шешуде қоғам арасындағы сындарлы пікірлерді ескере отырып, төмендегідей ұсыныстарды келтіреміз: Бірінші, Қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияның 7-бабының мазмұнындағы: 1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. 2. Мелекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. 3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды», деген норма мынандай мазмұнда өзгертілуі дұрыс сияқты: «7-бап 1. Қазақ тілі – мемлекеттің ресми тілі. 2. Осы баптың 1-бөлімінің ережелері халықтың әртүрлі тілдері бар этникалық азшылықтардың ана тілінде оқу, қарым-қатынас жасау, мәдени, көркем және ғылыми қызметпен айналысу құқықтарына әсер етпейді». Негіздеме: қолданыстағы Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі, деген норма ұлттың басты құндылығы ретінде ресми тіл мәртебесін қорғай алмады. Екінші, Конституцияның 6-бабын мынандай мазмұндағы 4 және 5 тармақтарымен толықтыруды ұсынамыз: 4. Қазақстанда жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар тек халықтың бақылауында және мемлекеттің қорғауында болады. 5. Азаматтарға өздерінің жеке меншігіндегі жер телімдерін шетелдікке немесе азамттығы жоқ адамға сатуға, сыйға тартуға немесе кепілге беруге, банкте кепілге қойып қаржы алуға шектеу салынады. Негіздеме: Конституцияның 6-бабы 3-тармағына сүйеніп, халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асыратын жағдайда тек халықтың бақылауында болуына мүмкіндіктер туындайды. Нәтижесінде, халықтық билік алдында мемлекет ашықтығы орнайды, халықтың мемлекетке деген сенімі жұмыс жасай бастайды. Халықтық бақылау Парламенттің бақылау функциясын дамытады. Үшінші, Конституцияның 50-баптың 2-тармағындағы: Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды, деген норманы алып тастауды ұсынамыз. Негіздеме: депутаттыққа сайлануда белгілі бір артықшылықтар бермей, демократиялық тұрғыдан әділ сайлаудың принциптеріне үйлестіруіміз керек. Төртінші, Конституциялық Сот құрамын жаңаша жасақтауға байланысты Конституцияның 71 бабы 3-тармағындағы: Конституциялық Соттың төрт судьясын – Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды, деген норма алынып тасталып, оның орнына мынандай мазмұнда: «Конституциялық Соттың мүшесі болып жоғары құқықтық біліктілігі бар, мемлекеттік тілді еркін меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы сайланады» деп жазылса демократиялық тұрғыдан қисынды болып табылады. Негіздеме: мұндай жағдайда үміткерлер арасында туындаған бәсеке біріншіден, кәсіби біліктілік сапаны көтерсе, екіншіден кәсіби шешім қабылдау кезінде қызметтеріне қандайда болмасын ықпал етуіне жол берілмейді, әлдеқайда тәуелсіз, Конституция мен тек заңға ғана бағынатын мүмкіндік болады. Бесінші, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындауға қатысты Конституцияның 87-баптың 4-тармағындағы: Республика Президенті дауыс беру жүргізілетін екі кандидатураны ұсынады, деген норманы алып тастауды ұсынамыз. Негіздеме: әкімдікке үміткерлерді жоғарыдан ұсыну арқылы емес, бәсекелестік сапасын арттыра отырып, демократиялық сайлау принциптерін негізге алатын болсақ, жергілікті мемлекеттік басқарудың және өзін-өзі басқарудың конституциялық дамуына ықпал ететіні сөзсіз. Диссертациялық зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы Қазақстан Республикасының конституциялық дамуы жолындағы конституциялық реформаларға сүйене отырып, ұлттық заңнамаларды дамытудағы рөлін талдау мәселелері заманауи тұрғыда кешенді зерттелуінде. Диссертациядағы тұжырымдар мен ұсыныстарды еліміздегі құқық үстемдігін қамтамасыз ете отырып, конституциялық дамудың құқықтық реттеу тетіктерін үздіксіз жетілдіруіне қатысты теориялық білімді одан әрі дамытуға қолдануға болады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы конституциялық-құқықтық табиғатындағы теориялық және тәжірибелік ғылыми-көзқарастар мен пікірлерді одан әрі жетілдіруге, конституциялық құқықтық базаны теориялық тұрғыдан жаңа тұжырымдармен толықтыруға үлесін қосады. Әділетті Жаңа Қазақстанды құру идеясының іске асырылуы жолындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруда құқықтық теориялық базаны толықтыра түседі. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Конституциялық және азаматтық құқық» кафедрасында дайындалып, талқыланды. Диссертациялық зерттеудің негізгі ережелері Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Комитетімен ұсынылған ғылыми журналдарда жарияланды. Диссертация тақырыбы бойынша 16 ғылыми мақала, оның ішінде Scopus базасында индекстелген журналдарда 1 ғылыми мақала жарияланды, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда 11 ғылыми мақала, уәкілетті орган ұсынған басылымдарда 4 мақала жарияланды. Диссертацияның құрылымы белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған дереккөздердің тізімінен тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/QmowVXxHqAg
