
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Молдабеков Еркебулан Байгалиевич «8D04201 – Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің еңбегін құқықтық реттеу» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сманова Ақмарал Бахтияровна – з.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Исаева Айнур Женисовна – PhD докторы, қауымдастырылған профессор Қонаев ғылыми-зерттеу университетінің проректоры (Қызылорда қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Калыбаева Алия Абдысатаровна – заң ғылымдарының докторы, Қырғыз-Қытай ұлттық институты, Ж. Баласағұнатындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті (Бішкек қ., Қырғыз Республикасы);
Жетпісов Серік Қожанұлы – заң ғылымдарының докторы, профессор, «Торайғыров университет» КеАҚ Құқықтану кафедрасының меңгерушісі (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Саймова Шолпан Алтынбекқызы – МТҚБ «Парламентаризм институты» Жария заңнама және мемлекеттік басқару орталығының бастығы, PhD докторы (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Нұрғалиева Еңлік Нұрғалиқызы – заң ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Тедеев Астамур Анатольевич – заң ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы әділет министірлігіне қарасты – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Аудит жоғарғы мектебінің профессоры (Мәскеу, Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 30 маусым, сағат 15:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D04201 – Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D042 – Құқық» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3MC6ai
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): 8D04201 – Құқықтану білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін Молдабеков Еркебулан Байгалиевичтың «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің еңбегін құқықтық реттеу» тақырыбындағы диссертациялық жұмысы Зерттеу тақырыбының өзектілігі қазіргі саяси - құқықтық жағдайларда мемлекеттік басқарудың тиімді тетігін құрудағы мемлекеттік қызметшілердің ерекше рөліне байланысты. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметке арналған заңын әзірлеу және жетілдіруде еңбек құқығының ерекше субъектісінің құқықтық мәртебесі, мемлекеттік органдардың мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың «бюрократиялық моделінен» «сервистік моделіне» соттан тыс және соттың қорғауы жағдайында, қызметкерлердің осы санаты іргелі зерттеулер жүргізуді талап етеді. Диссертацияда мемлекеттік қызмет кадрларының қазіргі жағдайының кемшіліктері, сондай-ақ сыртқы ортадан келетін қауіптер мен сын-қатерлер Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы Ұлттық баяндамада да атап өтілгендігі және мұнда күшті жақтармен қатар мемлекеттік қызмет кадрларының мынадай осал тұстары аталды: салалық органдарда мамандандырылған мамандардың тапшылығы, мемлекеттік қызмет кадрларының қартаюы, жекелеген мемлекеттік органдардағы жоғары деңгейдегі ауыс-түйіс, мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері арасында кадр ресурстарының біркелкі бөлінбеуі; қайталанатын және артық тапсырмалардың, функциялардың, өкілеттіктер мен құзыреттердің болуы, штаттық нормативтердің болмауы. Одан әрі келесідегідей жайттар анықталғандығы туралы: экономиканың басқа салаларындағы жалақының өсуіне байланысты жоғары білікті мамандар үшін мемлекеттік қызметтің тартымдылығының төмендеуі; нарықта ұсыныстардың және жоғарғы оқу орнындарында оқыту бағдарламаларының болмауына байланысты жеке тар бағыттағы мамандардың тапшылығы; жастар арасындағы құндылықтардың өзгеруіне байланысты мемлекеттік қызметке қызығушылықтың төмендеуі; кадрлардың тұрақтамауының төмен деңгейде болуына байланысты кадрлардың тоқырауы; команда қозғалысының жоғарылау қаупі; кадрлардың тұрақсыздығы және жекелеген мемлекеттік органдардағы жоғары деңгейдегі ауыспалыққа байланысты институционалдық жадының жоғалуы аталған. Диссертациялық зерттеудің объектісі - мемлекеттік қызметтің қалыптасуы мен қызмет ету саласында пайда болатын әлеуметтік – еңбектік қатынастар болып табылады. Зерттеу пәні мемлекет қызметшілерінің еңбегін реттейтін қазақстандық мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың және еңбек заңнамасының нормалары, мемлекеттік қызметті реттеу саласындағы ведомстволық нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттейтін кейбір шетелдік мемлекеттердің заңнамалары болып табылады. Диссертациялық зерттеудің мақсаты: диссертациялық жұмыстың мақсаты теориялық және практикалық аспектілерде мемлекеттік қызметшілердің еңбек және қызметтік қатынастарын құқықтық реттеу ерекшеліктерін кешенді зерттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі саласындағы заңнамаларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Зерттеу міндеттері: мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқығының ерекше субъектісі ретіндегі еңбек-құқықтық мәртебесінің ерекшеліктері анықталды; - мемлекеттік қызметшілердің еңбек қызметінің құқықтық сипаты зерттелді; - мемлекеттік қызметшілердің еңбек кәсіби қызметінің тиімділігін арттыру жолдары зерделенді; - еңбек құқығының негізгі институттарында, яғни еңбек шартында, еңбекақы төлеуде, тәртіптік жауапкершілікте көрініс табатын мемлекет қызметшілерінің арнайы құқықтық мәртебесі зерттелді; - Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет Агенттігінің және оның кейбір аумақтық органдарының, сондай-ақ соттардың практикалық қызметі негізінде мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудың соттан тыс және сот тәсілдеріне талдау жасалды; - Қазақстан мемлекетінің қазіргі даму кезеңінде мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы жетілдіру бойынша негізделген ұсынымдар әзірленіп, берілді. Зерттеудің нормативтік негізі. Осы диссертациялық зерттеу азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу құқығына қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің қызметін ұйымдастыру және реттеу саласындағы ағымдағы заңнаманың нормаларына негізделген. Ақпараттық база Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, ведомстволық нормативтік құқықтық актілер болып табылады. Сонымен қатар, зерттеу саласына атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерінің едәуір көлемі тартылды. Автордың қорытындылары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттігі және оның аумақтық органдары жинақтаған практика материалдарына, сондай-ақ сот практикасы материалдарына негізделеді. Талданатын және салыстырылатын ережелер бөлігінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының бірқатар елдерінің, Еуразиялық Экономикалық Одақтың еңбек заңнамасының нормалары, әлемнің кейбір дамыған елдерінің мемлекеттік қызмет туралы заңнамасының нормалары, сондай-ақ халықаралық еңбек стандарттары қаралды. Зерттеудің әдіснамалық негізі. Зерттеудің әдіснамалық негізін универсалдық ғылыми әдістер, оның ішінде жүйелік-құрылымдық, функционалды-құрылымдық, формальды-логикалық, талдау, синтез әдістері қолданды . Құқық әдістеріне де аса көңіл бөлінді: тарихи-құқық, салыстырмалы-құқық, және құқықтық-модельдік әдісіне. Универсалды әдістер жалпығылымдық және жеке әдістердің жиынтығы ретінде диссертацияның барлық тарауларында қолданылды. Атап айтқанда: мемлекеттік қызмет туралы заңдардың дамуы, және олардың мазмұны мемлекеттің даму жүйесімен сәйкестендіріле отырып зерттелді. Жүйелік-құрылымдық әдіс мемлекеттік қызметтің кейбір элементтерін зерттеп, олардың бір-бірімен қатынасын анықтауға мүмкіндік берді. Құқықтық әдістерді қолданғанда мемлекет пен құқықты зерттеудің кешенді, әсіресе мемлекет қызметін реттейтін заңнамаларға тарихи тұрғыда қарап, олардың эволюциясы зерттелді, яғни Қазакстан егемендік алғаннан бері дәл бүгінгі күнге дейінгі дамуы. Басқа шет мемлекет заңдарымен құқықтық салыстыру жүргізіліп, ұтқыр және олқылық тұстары белгіленді. Осы және басқа әдістерді қолдану негізінде жаңа тұжырымдамалар жасалды. Бұл зерттеудің ғылыми жаңалығы қорғауға ұсынылған келесі негізгі ережелерде көрсетілген: А. Мемлекеттік қызметшінің дербес деректері жеке құқықтары мен бостандықтарының объектісі болып табылады, сондықтан олар халықаралық конвенциялармен, шарттармен, келісімдермен және мемлекеттердің ұлттық құқығымен қорғалады. Қазіргі уақытта қызметкерлердің жеке деректерін қорғау туралы заңнаманы қолдану тәжірибесі біртекті болмайды және азаматтық айналым субъектілері мен мемлекеттік органдардың белгіленген нормаларды қабылдауы әр түрлі болады деген ұғымдар қалыптасты. Осы тұрғыда, сондай-ақ мемлекеттік қызмет туралы заңда, мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін қорғау туралы нормалардың жоқтығын ескере отырып, қолданыстағы заңда көзделуі қажет баптың жобасын ұсынамыз. «6-1- бап.Мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін қорғау 1. Мемлекеттік органның кадр қызметі мемлекеттік қызметшінің дербес деректерін өңдеу кезіндегі міндеттері: 1) мемлекеттік қызметшіден дербес деректерді жеке өзі алуға; 2) мемлекеттік қызметшінің дербес деректерін үшінші тараптан алу қажеттілігі туындаған жағдайда бұл туралы мемлекеттік қызметшіні алдын ала хабардар ету, оның жазбаша келісімін алу және мемлекеттік қызметшіге дербес деректерді алудың мақсаттары, болжанатын көздері мен тәсілдері туралы хабарлауға; 3) мемлекеттік қызметшінің саяси, діни нанымдары мен жеке өмірі, кәсіподақ ұйымына мүшелігі туралы дербес деректерін өңдеуге және жеке ісіне қосуға тыйым салуды сақтауға; 4) Қазақстан Республикасының дербес деректер саласындағы заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшінің жазбаша келісімінсіз, мемлекеттік қызметшінің дербес деректерін үшінші тарапқа беруге жол бермеуге. 2. Жауапты тұлғалар құпиялылық режимін міндетті түрде сақтау шартымен өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін қажетті мемлекеттік қызметшілердің дербес деректеріне ғана қол жеткізе алады. 3. Мемлекеттік қызметшілердің дербес деректері туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.». Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің дербес деректері, осы деректердің құпиялылығының ерекше құқықтық режимі бар, қолжетімділігі шектеулі ақпарат режимінде болады, өйткені ақпараттың құқықтық қатынастардың нақты субъектісіне тиесілігі еңбек құқықтық қатынастарының ерекшелігін айқындайтын басым фактор болып табылатыны белгілі. Б. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін, сондықтан оны көлемді және әрдайым түсінікті етпейтінін ескере отырып, мемлекеттік қызметке кіретін азаматтар үшін жеке бапқа тыйым салуды бөліп, мемлекеттік қызметке байланысты шектеулерді жеке баяндау, сондай-ақ осы заңның қолданыстағы редакциясында жоқ бірқатар жаңа тыйымдар мен шектеулерді қарастыру қажет деп санаймыз. Ақырғы өзгерістер 2025 жылдың 10 қаңтарында қабылданған Қазақстан Республикасының «Мемлекет қызмет туралы кейбір заңды актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №156-VIII Заңымен енгізілді. «12-1-бап. Мемлекеттік қызметке кіруге азаматтарға тыйым салу 1. Мемлекеттік қызметке мына азаматтарды қабылдауға болмайды: 1) он сегіз жасқа толмаған; («егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе» (деген сөздерді алып тастау керек) 2) заңды күшіне енген әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деген, сот шешімімен танылған; 3) белгіленген аурулар Тізбесіне сәйкес, мемлекеттік қызметке кіруге немесе оның өтуіне кедергі келтіретін ауру болған кезде; 4) заңды күшіне енген сот үкімі бойынша, сондай-ақ белгіленген тәртіппен алынбаған немесе өтелмеген соттылығы болған жағдайда, лауазымдық міндеттерін атқару мүмкіндігін болдырмайтын жазаға сотталған; 5) осы Заңда белгіленген тыйымдар мен шектеулерді өзіне қабылдаудан бас тартқан; 6) мемлекеттік қызметке кірер алдында үш жыл ішінде сенімін жоғалтуына байланысты мемлекеттік қызметтен босатылған; 7) мемлекеттік қызметке кіргенге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жаза қолданылған; 8) егер лауазымдық міндеттерді атқару осындай мәліметтерді пайдаланумен байланысты болса, мемлекеттік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерге рұқсат беруді ресімдеуден бас тартқан жағдайда; 9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қолданылады». Мемлекеттік қызмет туралы Заңның 13 бабы мынадай редакцияда жазылсын: «13-бап. Мемлекеттік қызметке байланысты шектеулер» 1. Мемлекеттік қызметшінің ақылы жұмысты қоса атқаруды жүзеге асыруға және қосымша табыс алуға құқығы жоқ: 1) өкілді органның депутаты болуға; 2) педагогикалық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақылы қызметпен айналысуға; 3) егер коммерциялық ұйымды басқаруға тікелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттігіне кірмесе, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, оның ішінде оның ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға; 4) егер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, оның орынбасары; Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның төрағасы және оның орынбасары болып табылса, инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларын, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға. 2. Мемлекеттік қызметші өзінің қызметтік жағдайын теріс пайдалануға құқылы емес жағдайлар: 1) өзінің қызметін материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлікті және қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсаттарда пайдалану; 2) лауазымдық өкілеттіктерінің орындалуына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың қызметтерін жеке мақсатта пайдалану. 3. Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызмет өткеру қағидаларын бұзуға құқығы жоқ жағдайлар: 1) өзі қызметте тұрған мемлекеттік органда, не оған тікелей бағынатын немесе бақылауындағы үшінші тұлғалардың істері бойынша, өкіл болуға; 2) ереуілдерді қоса алғанда, мемлекеттік органдардың қалыпты жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерін орындауға кедергі келтіретін іс-әрекеттерге қатысуға; 3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерінің тұрғын үйді мүліктік жалдауға беруге; 4) өзінің жақын туыстары мен жекжаттары атқаратын лауазымға тікелей бағынысты мемлекеттік лауазымды атқаруға, сондай-ақ жақын туыстары мен жекжаттарының тікелей бағынысында болуға.». 13-баптың жобасынан көріп отырғандай, қызмет салаларындағы осы шектеулер неғұрлым түсінікті және қосымша түсініктемелерді қажет етпейді. Егер мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар, оның ішінде мемлекеттік қызметке байланысты тыйымдар мен шектеулер жыл сайын күшейе түсетінін ескеретін болсақ, онда оларды қазіргі кездегідей емес, мемлекеттік қызмет туралы Заңның жекелеген баптарында баяндаудың объективті қажеттілігі туындайды. В. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе ол тоқтатылғаннан кейін мемлекеттік қызметке қайта кіретін азаматтарға Ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін арнайы тексерудің оң нәтижелерін алу қажет екені белгілі. Бұл ретте мемлекеттік әкімшілік қызметке кіргендер арнайы тексеру нәтижелерін алғанға дейін міндеттерін уақытша орындайды. Бұл ереже, біздің ойымызша, мұндай азаматтардың еңбек құқықтарына нұқсан келтіреді, өйткені арнайы тексерудің оң нәтижелерінсіз келіп түскен адам мынадай міндеттерді атқарады: 1) әлі мемлекеттік қызметші болып табылмай, мемлекеттік қызметшінің барлық міндеттері мен жауапкершілігін атқарады; 2) арнайы тексерудің нәтижелерін алғанға дейін міндеттерді уақытша орындайды; в) егер осы кезде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаса, немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаса, мемлекеттік қызметші үшін көзделген құқықтық жауапкершілік туындайды. Егер арнайы тексеруден өтпесе, онда ол «басқа негіздер» бойынша жұмыстан босатылады, бұл да мүмкін емес, өйткені кез-келген жұмыстан босату кезінде заңды негізге сілтеме жасай отырып, нақты жазба қажет. Егер «арнайы тексеруден өтпеуіне байланысты жұмыстан шығарылды» деген жазба негіз болса, онда мұндай жазбамен азаматқа мемлекеттік қызметке қатысы жоқ басқа жұмысқа орналасу қиынға соғады. Демек, мемлекеттік қызмет туралы Заңның 19-бабында көрсетілген азаматтардың еңбек құқықтарына нұқсан келтірмеу үшін, тестілеуден өткендерге мемлекеттік қызметке қабылданғанға дейін, одан кейін емес, арнайы тексеру жүргізу қажет деп санаймыз. Осыған байланысты мемлекеттік қызмет туралы Заңның «Арнайы тексеру» 19-бабының 2-тармағын қайта қарап, мынадай редакцияда жазу керек: «2. Мемлекеттік әкімшілік қызметке кіретін азаматтар тестілеудің оң нәтижелерінен кейін, олармен еңбек шарты жасалғанға дейін, арнайы тексеруден өтеді. Олар арнайы тексеру нәтижелерін алған күнге дейін мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқара алмайды. Олармен еңбек қатынастары еңбек заңнамасына сәйкес реттеледі. Жұмысқа қабылдау мемлекеттік органның актісімен ресімделеді. Осы тармақтың ережелері сайланған әкімге де қолданылады». 19-баптың 3-тармағы алып тасталсын. Г. Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 наурыздағы №214-VII Заңымен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 60-бабы 5-тармақпен толықтырылды: «Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер. лауазымдық өкiлеттiктерiн осындай қызметтен босатудың негiздерiн көрсетпей орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн сенiмiн жоғалтуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмi бойынша қызметiнен босатылуы мүмкiн. Жұмыстан босатудың осы негізін барлық мемлекеттік қызметшілерге тарату және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңды «Сенім жоғалтуына байланысты мемлекеттік қызметшілерді жұмыстан шығару» деген жаңа 61-1 баппен толықтыру қажет деп санаймыз. «1. Сенімді жоғалтқан деп мемлекеттік қызметшінің әрекетінен (әрекетсіздігінен) туындайтын, оның адалдығына, әдептілігіне, ақ ниетіне, әрекеттер сарынының шыңайылығына, оның лауазымдық міндеттерін тиімді атқаруына дәлелді себептермен күмән тудыратын, қатынастар жатады. 2. Мемлекеттiк қызметшi сенiмiн жоғалтуына байланысты жұмыстан босатылуға жатады: 1) мемлекеттiк қызметшiнiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруы; 2) шет мемлекеттің азаматтығының болуын жасыру; 3) мемлекеттiк қызметшiнiң әдебiн бiрнеше рет бұзу; 4) өзі қатысушы болып табылатын мүдделер қақтығысының алдын алу және (немесе) шешу жөніндегі іс-шараларды қолданбау; 5) заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың басқару органдарында қызметті жүзеге асыру; 6) мемлекеттiк қызметшiнiң немесе оның жұбайының (зайыбының) Қазақстаннан тыс орналасқан шетелдiк банктерде шот ашуға және шот (депозиттер) болуына, қолма-қол ақшаны және құндылықтарды сақтауға, шетелдiк қаржы ресурстарын иеленуге және (немесе) пайдалануға тыйым салуды бұзуы; 7) заңмен құпия ақпаратқа жатқызылған мәліметтерді немесе қызметтік міндеттерін пайдалануға байланысты өзіне белгілі болған ақпаратты жария ету немесе мемлекеттік қызметпен байланысты емес мақсаттарда пайдалану.». Бұл шаралар сенiмiн жоғалтқаны үшiн жұмыстан босатудың негiздерiн ерiкті түсiндiруге жол бермеу, сондай-ақ сенiмiн жоғалтқаны үшiн жұмыстан босатуды тоқтатуды тек саяси мемлекеттiк қызметшiлерге ғана емес, сондай-ақ мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге де қолдану мақсатында қарастырылған. Д. Қызметкерлердің жеке еңбек дауларын шешу практикасы Келісу Комиссиясына (бұдан әрі - КК) жүгінгенге дейін келіссөздер жүргізу келіспеушіліктерді реттеудің және олардың туындауының ерте сатысында жанжалдарды жоюдың неғұрлым оңтайлы тәсілі болып табылатынын көрсетеді. Осыған байланысты, тікелей келіссөздер нәтиже бермеген жағдайлар үшін мемлекеттік органдарда да КК құру мүмкін деп санаймыз. Мемлекеттік қызметшінің КК-на өтініші мынадай себептер бойынша жеке еңбек дауын реттеудің ең қарапайым және жылдам тәсілі болып табылады: сотқа дейінгі органда жеке еңбек дауын қарау сотқа қарағанда тезірек өтеді; КК мемлекеттік органның өз қызметкерлерінен құрылады, сондықтан комиссия мүшелері әдетте туындаған даудың мәнін және осы органдағы қызметтік-еңбек қатынастарының ерекшелігін жақсы біледі. Мемлекеттік қызмет туралы заңда «10-1-тарау. Мемлекеттік қызметшілердің жеке еңбек дауларын қарау» деген жаңа тарауды қарастыруды ұсынамыз. «61-2- бап. Мемлекеттік қызметшінің жеке еңбек дауы ұғымы Жеке еңбек дауы-мемлекеттік органның өкілі мен мемлекеттік қызметші, не бұрын мемлекеттік қызметте болған азамат, арасында реттелмеген, жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органға мәлімделген мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, еңбек заңнамасын қолдану мәселелері бойынша келіспеушіліктер. 61-3 - бап. Мемлекеттік қызметшілердің жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдар 1. Мемлекеттік қызметшілердің жеке еңбек дауларын еңбек дауларын қарау жөніндегі мынадай органдар қарайды: 1) еңбек даулары жөніндегі мемлекеттік органның Келісім Комиссиясы; 2) сот; 2. Келісім Комиссиясында жеке еңбек дауларын қарау тәртібі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен реттеледі, ал мемлекеттік қызметшілердің еңбек дауларын сотта қарау тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексімен айқындалады. 3. Келісу Комиссиясы - мемлекеттік органның өкілдерінің тең санынан және мемлекеттік қызметшілердің жиналысында сайланатын мемлекеттік қызметшілердің өкілдерінен, оның ішінде осы мемлекеттік органның сайланбалы кәсіподақ органының өкілдерін қоса алғанда, тепе-тең негізде мемлекеттік органда құрылатын тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. 4. Мемлекеттік органда сайланбалы кәсіподақ органы болмаған жағдайда, Келісу Комиссиясы мемлекеттік орган өкілдерінің және мемлекеттік қызметшілер жиналысында сайланатын мемлекеттік қызметшілер өкілдерінің тең санынан құрылады. 5. Мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің жиналысы, егер оған мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің жартысынан астамы қатысса, заңды болып саналады. 61-4 - бап.Келісім Комиссиясында еңбек дауларын қарау тәртібі 1. Келісім комиссиясы мүшелерінің сандық құрамы, оның жұмыс тәртібі, Келісім Комиссиясының мазмұны мен шешім қабылдау тәртібі, оның өкілеттік мерзімі мемлекеттік органда сайланбалы кәсіподақ органымен (егер сайланбалы өкілді орган болмаса, онда мемлекеттік қызметшілердің өкілімен бірге) бірлесіп әзірленетін және мемлекеттік орган басшысының бұйрығымен бекітілетін Ережеде белгіленеді. 2. Егер мемлекеттік қызметші өз бетінше немесе өз өкілінің қатысуымен, мемлекеттік органның өкілімен тікелей келіссөздер кезінде келіспеушіліктерді реттемеген жағдайда, еңбек дауын Келісу Комиссиясы қарайды. 3. Келісім Комиссиясы жеке еңбек дауын мемлекеттік қызметші, не бұрын мемлекеттік қызметте болған азамат, жазбаша өтініш берген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қарауға міндетті. 4. Мемлекеттік орган өз өкілдерін Келісу Комиссиясына ұсыну бойынша мемлекеттік қызметшілер жиналысын өткізу үшін қажетті ұйымдастырушылық жағдайлар жасайды. 5. Жұмысқа қайта орналастыру туралы дауды қоспағанда, Келісу Комиссиясының шешімі ол белгілеген мерзімде орындалуға тиіс. 6. Келісу комиссиясының шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, мемлекеттік қызметші немесе мемлекеттік органның өкілі сотқа жүгінуге құқылы. 7. Егер Келісу Комиссиясы еңбек дауын белгіленген мерзімде қарамаған жағдайда, мемлекеттік қызметші, немесе бұрын мемлекеттік қызметте болған адам, еңбек дауын қарауды сотқа ауыстыруға құқылы.». 61-5 - бап. Жеке еңбек дауларын қарау бойынша өтініш беру мерзімдері 1. Келісу Комиссиясына немесе жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі сотқа жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленеді: 1) жұмысқа қайта қабылдау туралы даулар бойынша мемлекеттік орган басшысының еңбек шартын тоқтату туралы бұйрығының көшірмесі сотқа тапсырылған күннен бастап бір ай; 2) басқа еңбек даулары бойынша мемлекеттік қызметші Келісу Комиссиясына немесе сотқа өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл. 3) мемлекеттік қызметшілердің Келісім Комиссиясына жүгінуі міндетті болып табылмайды. 2. Мемлекеттік қызметшінің еңбек дауын қарау үшін сотқа жүгіну мерзімдері және мемлекеттік қызметшілерді сот шығыстарынан босату тәртібі, мемлекеттік қызметті атқаратын лауазымынан босатуға және мемлекеттік қызметтен босатуға, мемлекеттік қызметшінің келісімінсіз, мемлекеттік қызметтің өзге лауазымына ауыстыруға байланысты даулар бойынша шешімдер шығару тәртібі, мемлекеттік қызметшілердің ақшалай талаптарын қанағаттандыру, бұрын атқарған мемлекеттік қызмет лауазымында қайта алу туралы шешімдерді орындау тәртібі, еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Ұсынылған баптар жобаларынан көріп отырғанымыздай, мемлекеттік қызметшінің өзінің жеке еңбек дауын шешу үшін Келісім Комиссиясына жүгінуі міндетті емес деп санаймыз, өйткені мемлекеттік қызметші еңбек құқығының ерекше субъектісі болғандықтан, оған Келісім Комиссиясына жүгінбей-ақ өзінің жеке еңбек даулары бойынша сотқа тікелей жүгіну құқығын беру қажет.». Диссертацияның және алынған нәтижелердің ғылыми жаңалығы бұл Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы елеулі жаңартқаннан кейін мемлекеттік қызметшілердің еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктерін Қазақстандағы алғашқы кешенді теориялық және практикалық зерттеу болып табылады. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы. Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасында дайындалды, онда оны талқылау және рецензиялау жүргізілді. Диссертацияның негізгі ережелері жарияланған мақалаларда, ғылыми-практикалық конференциялардағы баяндамалар мен хабарламаларда баяндалған. Зерттеу тақырыбы бойынша 1 авторлық куәлік алынды және 10 ғылыми мақала жарияланды, оның ішінде: Scopus базасына кіретін - 1 мақала (Q2, Процентиль 69); Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен журналдарда - 5 (бес) мақала; ғылыми-практикалық конференциялар материалдарында - 4(төрт). Докторанттың жеке үлесі. Диссертацияда мемлекеттік қызметшінің еңбек құқығының ерекше субъектісі ретіндегі еңбек кәсіби қызметінің мәселелері, мемлекеттік қызметшілердің еңбек қызметінің құқықтық сипаты зерттелді; еңбек шарты, мемлекеттік қызметке байланысты шектеулер мен тыйымдар, тәртіптік жауапкершілік, еңбекке ақы төлеу сияқты еңбек құқығы институттарында қызметкерлердің аталған санатының еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері анықталды. Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғау соттан тыс және сот практикасының мысалдарында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттігі, оның аумақтық органдары қызметінің нәтижелерін жинақтауда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты 2023 жылы өткізген республика соттарының мемлекеттік қызметшілердің жеке еңбек дауларын қарау практикасын Жинақтауда зерделенді. Диссертацияның барлық материалдары, диссертацияның қорғауға шығарылған барлық жарияланымдары мен ережелері автордың жеке өзі орындаған және әзірлеген. Диссертациялық жұмыс 155 бет машинкамен жазылған, дәстүрлі принцип бойынша құрылған, нормативтік сілтемелерден, анықтамалардан, белгілеулер мен қысқартулардан, үш бөлімнен, қорытындыдан, 183 әдеби көздер мен қосымшалардан тұратын, қолданылған көздердің тізімінен тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=QrdTde0rySw
