
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Камалова Динара Камаловна «8D05107 – Биология» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазакстандағы SARS-CoV-2 вирусының және оған ілеспе вирустық инфекциялардың (энтеровирус және тұмау A(H1N1)) генетикалық әралуандылығын зерттеу » тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жалпы биология және геномика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Кушугулова Алмагүл Рахимберліқызы – медицина ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің «National Laboratory Astana» дербес білім беру ұйымы Өмір туралы ғылымдар орталығының Микробиом зертханасының жетекшісі (Астана қ., Қазақстан).
Турдалина Баян Рысбекқызы – PhD, профессор, бірінші біліктілік санатындағы дәрігер-педиатр, балалар жұқпалы аурулары кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Табынов Қайрат Қазыбайұлы - PhD, қауымдастырылған профессор, «Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті» КеАҚ (Алматы қ., Қазақстан).
Жүнісова Гүлнұр Сағындыққызы - PhD, қауымдастырылған профессор, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Генетика және физиология институты» ШЖҚ РМК жетекші ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан).
Охлопкова Олеся Викторовна - биология ғылымдарының кандидаты, А.А. Смородинцев атындағы Тұмау ғылыми-зерттеу институтының молекулалық вирусология зертханасының аға ғылыми қызметкері (Санкт-Петербург қ., Ресей).
Ғылыми кеңесшілері:
Шевцов Александр Борисович - биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Ұлттық биотехнология орталығы» ЖШС Қолданбалы генетика зертханасының меңгерушісі, Астана қ., Қазақстан.
Филлипенко Максим Леонидович - биология ғылымдарының докторы, доценті, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Химиялық биология және іргелі медицина институтының Фармакогеномика зертханасының меңгерушісі, Новосибирск қ., Ресей Федерациясы.
Қорғау 2026 жылғы 10 сәуір, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05107 – Биология» мамандығы бойынша «8D051 – Биологиялық және сабақтас ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өтеді.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/84209566920?pwd=Vb3hqH81YkdlgFj3xsbkhAGLokaSLi.1
Конференция идентификаторы: 842 0956 6920
Кіру коды: 461018
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан көшесі, 13, Ғимарат №3, Мәжіліс залы (№333 ауд.)
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеудің жалпы сипаттамасы. Жұмыс Қазақстан Республикасында 2021–2023 жылдары пациенттерден алынған материалдар негізінде SARS-CoV-2 вирусының және оған қатар жүретін вирус инфекцияларының (энтеровирустар мен тұмау А(H1N1) вирусының) генетикалық әртүрлілігін кешенді зерттеуге арналған. Зерттеу барысында толық геномды секвенирлеу әдістері қолданылып, алынған нәтижелер эпидемиологиялық үрдістерді, вирус эволюциясын және коинфекциялардың клиникалық маңызын түсінуге бағытталды. Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. COVID-19 — SARS-CoV-2 коронавирусынан туындайтын өткір респираторлық ауру. Ол 2020 жылдан бастап бүкіл әлемде таралып, жаһандық пандемияға ұласқан және миллиондаған адамның өмірі мен денсаулығына елеулі әсер еткен. Вакцинация мен ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы нәтижесінде аурудың ауыр клиникалық түрлерінің жиілігі азайғанымен, вирустың жаңа генетикалық варианттарының үздіксіз пайда болуы эпидемиологиялық жағдайды әлі де күрделендіріп отыр. SARS-CoV-2 жоғары мутациялық бейімділікке ие болғандықтан, оның геномында жиі кездесетін өзгерістер вирустың жұқпалылығын, патогенділігін және бейтараптаушы антиденелерге төзімділігін арттыра алады. Пандемия кезінде SARS-CoV-2 вирусының белсенді айналымы барысында басқа да респираторлық вирустармен қатар инфекциялар тіркеліп отырды. Әсіресе тұмау A(H1N1) және энтеровирустардың қосарлана жұғуы (коинфекция) COVID-19 ауруының клиникалық көрінісін ауырлатып, диагноз қою мен емдеу нәтижелерін күрделендіруі мүмкін. Мұндай жағдайларда бірнеше вирустың бір мезгілде таралуы патогенезге қосымша әсер етіп, асқынулардың даму қаупін күшейтеді. Сондықтан қатар жүретін инфекцияларды уақтылы анықтау мен олардың генетикалық типін дәл айқындау аса маңызды. SARS-CoV-2 вирусының генетикалық әртүрлілігін және оған қатар жүретін вирустық инфекцияларды (тұмау A(H1N1), энтеровирустар және т.б.) зерттеу эпидемиологиялық үрдістердің заңдылықтарын түсінуге, диагностикалық әдістерді жетілдіруге және клиникалық хаттамаларды нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы зерттеулер Қазақстан үшін ерекше өзекті, себебі елімізде бұрын толық геномдық секвенирлеу мен мультиплексті вирусологиялық талдауға негізделген жүйелі жұмыстар жүргізілмеген. Осындай кешенді зерттеулерді іске асыру республика денсаулық сақтау жүйесінің жаңа патогендер мен коинфекциялар туындатуы ықтимал эпидемиялық қауіптерге дайындық деңгейін арттырып, ұлттық вирусологиялық мониторингтің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Зерттеу нысаны: COVID-19 диагнозы қойылған науқастардың мұрын-жұтқыншақтан алынған шайындыларынан алынған РНҚ үлгілері. Зерттеу мақсаты: SARS-CoV-2 вирусының және қатар жүретін вирустық инфекциялардың (энтеровирустар мен тұмаудың A(H1N1) вирусы) генетикалық әртүрлілігін Қазақстан аумағында полногеномдық секвенирлеу әдісі арқылы зерттеу. Зерттеу міндеттері: 1. NC_045512.2 (Wuhan-Hu-1) референстік нуклеотидтік тізбегіне сәйкестігі, отжиг температураларының өзара жақындығы, сондай-ақ екіншілік құрылымдардың болмауы критерийлерін ескере отырып, SARS-CoV-2 вирусының полногеномдық секвенирлеуіне арналған праймерлерді іріктеу. 2. SARS-CoV-2 геномын кері транскрипциялау және мультиплекстік амплификациялау хаттамасын әзірлеу. 3. Айналымдағы қоздырғыштарды және олардың генетикалық әртүрлілігін кешенді бағалау мақсатында респираторлық вирустық инфекцияларға (соның ішінде COVID-19, тұмау және энтеровирустық инфекция) күдікті пациенттерден биологиялық үлгілер жинау. 4. Illumina MiSeq платформасында SARS-CoV-2 вирусына толықгеномды секвенирлеуін жүргізу. 5. Науқастардың РНҚ үлгілеріндегі SARS-CoV-2 толықгеномды секвенирлеу нәтижелерін талдау және ауру ағымымен бірлестігін анықтау. COVID-19-бен ауыратын науқастар арасында энтеровирустар мен тұмаудың A(H1N1) вирусының таралу жиілігі мен генетикалық әртүрлілігін полногеномдық секвенирлеу әдісі арқылы зерттеу. Зерттеу әдістері: Зерттеу барысында микробиологиялық, молекулалық-генетикалық және биоинформатикалық әдістер кешенін қолдана отырып жүргізілді: ПТР, кері транскрипция, амплификация, Illumina MiSeq платформасында секвенирлеу, сондай-ақ Pangolin алгоритмі мен филогенетикалық талдау әдістері қолданылды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. - SARS-CoV-2 вирусының полногеномдық амплификациясына арналған праймерлер мен зертханалық хаттамалар әзірленіп, оңтайландырылды, нәтижесінде жоғары сапалы нуклеотидтік тізбектер алынды (оқылу тереңдігі 3000–5000×). - Pangolin жіктеу жүйесіне сәйкес сараланған SARS-CoV-2 вирусының 879 үлгісіне полногеномдық секвенирлеу жүргізіліп, BA.5, B.1.617.2, XBB.1.5 және басқа да нұсқаларды қоса алғанда, вирустың 34 желісі анықталды. Бұл Қазақстан аумағында басым айналымдағы варианттардың ауысу динамикасын зерттеуге мүмкіндік берді. - Қазақстанда алғаш рет COVID-19 бар пациенттерден алынған энтеровирустардың 65 геномына секвенирлеу жүргізіліп, VP1 генінің толық нуклеотидтік тізбегін талдау негізінде 8 сероварианттың (CVA9, CVB3, CVB5, E6, E9, E11, E21, E25) болуы анықталды. - A(H1N1)pdm09 тұмау вирусының толық геномы туралы деректер (A/Kazakhstan/5757/2022), 6B.1A.5a.2 кладтарына жататыны анықталып, Қазақстан аумағында аталған варианттың циркуляциясы алғаш рет құжаттық түрде расталды. - Қатар жүретін вирустардың (энтеровирустар, A(H1N1), EBV және т.б.) болуы SARS-CoV-2-мен байланысты инфекцияның клиникалық ерекшеліктеріне әсер ететіні, балаларда асқынған және атипиялық көріністердің даму ықтималдығын арттыратыны анықталды. Жұмыстың ғылыми-практикалық құндылығы. 1. SARS-CoV-2 вирусының полногеномдық секвенирлеуіне арналған праймерлер іріктеліп, геномды кемінде 100 жұп нуклеотидтік (п.н.) қабаттасу аймағымен 39 фрагментке бөлетін 39 жұп праймер таңдап алынды. Алынған нәтижелер популяциядағы вирус варианттарын диагностикалау және мониторинг жүргізуге жарамды әмбебап амплификациялық панельді құру үшін пайдаланылды. 2. Геномды кері транскрипциялау және мультиплекстік амплификациялау хаттамасы әзірленді. Аталған праймерлер негізінде ПТР жүргізу шарттары оңтайландырылып, үш мультиплекстік реакция мен бірсатылы ОТ-ПТР қолдану арқылы SARS-CoV-2 вирусының полногеномдық амплификациялау хаттамасы жасалды. Әзірленген хаттама респираторлық вирустардың геномдық қадағалауын жүргізу және жаңа генетикалық варианттарды сәйкестендіру мақсатында қолдануға мүмкіндік береді. 3. COVID-19 диагнозы расталған науқастардың клиникалық деректері мен ауру тарихы жинақталып, кешенді талдау жүргізілді. Зерттеу шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінен алынған 994 үлгіден тұратын биологиялық материал коллекциясы құрылды, оған Астана қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасынан алынған 16 жасқа дейінгі балалар тобы да енгізілді. Сонымен қатар, энтеровирустар мен тұмау A(H1N1) вирустарынан туындайтын коинфекцияларға күдік туындаған науқастардан қосымша үлгілер алынып, олардың COVID-19 ауруының клиникалық ағымымен өзара байланысы зерттелді. 2021–2023 жылдар аралығында Illumina MiSeq платформасында 881 толық геномдық секвенирлеу жүргізіліп, бастапқы жоспарланған 300 үлгіден айтарлықтай көп деректер алынды. Бұл Қазақстан аумағында айналымда болған SARS-CoV-2 вирусының генетикалық деректер қорын айтарлықтай кеңейтті. 4. Толық геномдық секвенирлеу нәтижелеріне биоинформатикалық талдау жүргізіліп, вирустың генотипі мен ауру ағымы арасындағы байланыс анықталды. Зерттеу барысында алынған 881 геном Pangolin жүйесі бойынша жіктеліп, 34 генетикалық линия анықталды. Олардың басым бөлігі Alpha, Delta және Omicron нұсқаларына тиесілі болды. Қазақстан аумағында ең жиі кездескен линиялар — Omicron нұсқасының ВА.5 (12,3%) және Delta нұсқасының B.1.617.122 (11,2%). Одан кейінгі жиілік бойынша XBB.1.5 (8,88%), XBB.1.9 (8,66%), ВА.1 (7,97%), В.1.617.2 (6,95%) және басқа да сирек нұсқалар анықталды. Клиникалық көріністердің айырмашылығы көбіне вирус нұсқасына байланысты болды: Delta нұсқасында жөтел мен қызба негізгі белгілер ретінде сақталса, асқазан-ішек симптомдары сирек байқалды; ал Omicron нұсқасы жеңілдеу ағыммен сипатталып, вирус пневмониясының жиілігі төмен болды. Балалар арасында COVID-19-дың атипиялық түрлері (тері бөртпелері, асқазан-ішек бұзылыстары) жиі тіркеліп, олардың көпшілігінде қатар жүретін вирустық инфекциялар (Эпштейн–Барр вирусы, желшешек вирусы, ротавирус) анықталды. 5. Ғылыми жұмыс шеңберінде 2022 жылғы маусымдық вирустық инфекциялар өршуі кезеңінде пациенттерден бөлінген энтеровирустардың 65 геномына полногеномдық секвенирлеу жүргізілді. Нәтижесінде сегіз негізгі серовариант – Coxsackievirus A9, Coxsackievirus B3, Coxsackievirus B5, Echovirus 6, Echovirus 9, Echovirus 11, Echovirus 21 және Echovirus 25 – анықталып, Қазақстан аумағында циркуляцияланған вирустардың генетикалық әртүрлілігі алғаш рет сипатталды. Сонымен қатар, 2022 жылдың күзгі кезеңінде Қазақстанда алғаш рет A(H1N1)pdm09 тұмау вирусының (A/Kazakhstan/5757/2022) толық геномы секвенирленіп, оның 6B.1A.5a.2 класына жататыны анықталды, бұл 2022 жылғы жаһандық циркуляцияға тән. Алынған деректер полногеномдық секвенирлеу нәтижелерін тек SARS-CoV-2 мониторингі үшін ғана емес, қатар жүретін вирустық инфекцияларды қадағалау үшін де пайдалануға мүмкіндік береді, бұл зерттеудің эпидемиологиялық қадағалау мен молекулалық диагностика саласындағы практикалық маңызын кеңейтеді. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. SARS-CoV-2 вирусының полногеномдық секвенирлеуіне арналған праймерлер іріктеліп, геномды кемінде 100 жұп нуклеотидтік (п.н.) қабаттасу аймағымен 39 фрагментке бөлетін 39 жұп праймер таңдап алынды. 2. SARS-CoV-2 вирусының полногеномдық амплификациясына арналған зертханалық хаттама әзірленіп, оңтайландырылды. Хаттама спецификалық праймер жұптарын іріктеуді, кері транскрипциялау әдістерін және мультиплекстік амплификацияны қамтиды, бұл секвенирлеуге арналған жоғары сапалы кітапханалар алуға мүмкіндік береді, сондай-ақ хаттаманы басқа респираторлық вирустарды талдауға бейімдеуге жағдай жасайды. 3. 2021–2023 жылдары Қазақстан Республикасының аумағында іріктеліп алынған SARS-CoV-2 вирусының 881 үлгісіне Illumina MiSeq платформасын қолдану арқылы полногеномдық секвенирлеу жүргізіліп, кейінгі биоинформатикалық талдау орындалды. Бұл популяциядағы вирустың эволюциялық өзгерістерінің репрезентативті көрінісін алуға мүмкіндік берді. 4. Қазақстан популяциясында циркуляцияланған SARS-CoV-2 вирусының генетикалық әртүрлілігі анықталып, BA.5, B.1.617.2, XBB.1.5 және басқа да нұсқаларды қамтитын 34 генетикалық желі сәйкестендірілді. Бұл уақыт өте келе вирустың белсенді эволюциясын және доминантты варианттардың ауысуын растайды. 5. SARS-CoV-2 вирусының генотипі мен SARS-CoV-2-мен байланысты инфекцияның клиникалық ерекшеліктері арасындағы ассоциация көрсетілді, оның ішінде қатар жүретін вирустық агенттердің (энтеровирустар, A(H1N1), EBV, ротавирус, желшешек вирусы) болуы анықталды. Бұл молекулалық-эпидемиологиялық зерттеулер нәтижелерін интерпретациялау барысында генотиптеудің маңыздылығын айқындайды. 6. Қазақстанда алғаш рет COVID-19 бар пациенттерден және маусымдық вирустық инфекциялар өршуі кезеңінде бөлінген энтеровирустарға полногеномдық секвенирлеу жүргізіліп, минималды остовтық филогенетикалық ағаштар құрастырылды. Нәтижесінде сегіз серотип — Coxsackievirus A9, Coxsackievirus B3, Coxsackievirus B5, Echovirus 6, Echovirus 9, Echovirus 11, Echovirus 21 және Echovirus 25 — анықталып, циркуляцияланған штаммдардың генетикалық құрылымы мен олардың аурудың клиникалық көріністерімен ықтимал байланысы айқындалды. 7. Қазақстанда алғаш рет A(H1N1)pdm09 тұмау вирусының толық геномы (A/Kazakhstan/5757/2022) секвенирленіп сипатталды. Аталған изоляттың 6B.1A.5a.2 класына жататыны анықталып, SARS-CoV-2-пен қатар тұмау вирусын да молекулалық қадағалаудың рутиндік жүйесіне енгізудің маңыздылығы дәлелденді. Зерттеудің негізгі нәтижелері мен қорытындылары: 1. Геномды кемінде 100 жұп нуклеотидтік (п.н.) қабаттасу аймағымен 1200–1600 п.н. аралығындағы фрагменттер түрінде толық амплификациялауға мүмкіндік беретін праймерлер іріктелді. 2. SARS-CoV-2 вирусының полногеномдық амплификациясына арналған зертханалық хаттама әзірленіп, оңтайландырылды. Хаттама спецификалық праймер жұптарын таңдауды, кері транскрипциялау әдістерін және мультиплекстік амплификацияны қамтиды. Әзірленген тәсіл SARS-CoV-2 вирусы геномының толық әрі біркелкі жабылуын қамтамасыз етіп, 3000–5000 оқылу тереңдігімен жоғары сапалы секвенирлеу деректерін алуға мүмкіндік береді. 3. Респираторлық вирустық инфекцияларға (соның ішінде COVID-19, тұмау және энтеровирустық инфекция) күдікті науқастардан айналымдағы қоздырғыштарды және олардың генетикалық әртүрлілігін кешенді бағалау мақсатында биологиялық үлгілер жиналды. Зерттеу аясында Қазақстан Республикасының барлық өңірлерін қамтитын, оның ішінде Астана қаласындағы инфекциялық ауруханадан 16 жасқа дейінгі балалар тобын қосқанда, 994 сипатталған үлгіден тұратын коллекция қалыптастырылды. Сонымен қатар, қатар жүретін вирустық инфекцияларды мониторингтеу шеңберінде энтеровирустар және A(H1N1) тұмау вирусы туындатқан коинфекцияларға күдікті пациенттерден биологиялық үлгілер іріктеліп алынып, олардың COVID-19 ауруының клиникалық ағымымен ықтимал байланысы бағаланды. 4. Толықгеномды секвенирлеу хаттамасы оңтайландырылып, SARS-CoV-2 вирусының 881 үлгісіне полногеномдық секвенирлеу жүргізілді. 2021–2023 жылдар аралығында Қазақстан аумағында циркуляцияланған SARS-CoV-2 вирусының генетикалық өзгерістері мен толық геномдық деректері бойынша жаңа ғылыми мәліметтер алынды. 5. 2021–2023 жылдар кезеңінде Қазақстан аумағында циркуляцияланған SARS-CoV-2 вирустарының генетикалық әртүрлілігі айқындалып, доминантты генотиптердің өзгеру динамикасы зерттелді. Қазақстанда алғаш рет балалардағы COVID-19 клиникалық жағдайларының қатар жүретін вирустық инфекциялармен (вирус Эпштейн–Барр, желшешек вирусы, ротавирус) асқыну ерекшеліктері сипатталып, сондай-ақ энтеровирустар мен A(H1N1) тұмау вирусына молекулалық-генетикалық талдау жүргізілді. Жұмыстың ғылыми-зерттеу жобалармен байланысы. Диссертациялық жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің 2021–2023 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық гранттық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы AP09260668 «Қазақстанда SARS-CoV-2 вирусының генетикалық әртүрлілігін зерттеу» аясында орындалды Жұмыстың апробациясы. Диссертациялық жұмыстың нәтижелері бойынша «Қазіргі фармация: білім берудегі жаңа тәсілдер және өзекті зерттеулер» атты III халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, фармацевтика ғылымдарының докторы, профессор Танагүл Акимбаевна Арыстанованың 70 жылдық мерейтойына арналған іс-шарасында баяндама жаслды.Баяндама тақырыбы: «Clinical characteristics of Omicron BA.5 variant in children in Kazakhstan (2022–2023)» (Астана қ., 2023 ж.). – «Біртұтас денсаулық – болашаққа көзқарас» атты халықаралық симпозиумда, Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы, Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) және Бундесвер микробиология институтының (IMB) бірлескен ұйымдастыруымен өткізілген іс-шарада «Разработка протокола обратной транскрипции и мультиплексной амплификации генома вируса SARS-CoV-2» (Алматы қ., 2022 ж. 27 қазан) тақырыбында баяндама жасалынды. Сондай-ақ, AP09260668 жобасы бойынша Ғылыми-зерттеу жұмысы жайлы есепке ішінара қосылды. Басылымдар. Диссертацияның негізгі мазмұны 6 баспа жұмыстарында, оның ішінде Web of Science базасына енген журналдарда 2 мақала, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің тізімінен 2 мақала, халықаралық конференцияда 2 тезис жарияланды. Сондай-ақ, әдістемелік нұсқаулық әзірленді: 1. Eurasian Journal of Applied Biotechnology ғылыми-практикалық журналында мақала: «Co-infection with COVID-19 and genetic diversity of SARS-CoV-2 in children» (2023, № 3, 15–22-беттер). 2. ҚазҰУ хабаршысы. Биологиялық сериясы журналында мақала:«Development of a protocol for whole genome sequencing of the SARS-CoV-2 virus» (2022, т. 92, № 3, 101–108-беттер). 3. Әдістемелік нұсқаулық: «Полногеномное секвенирование вируса SARS-CoV-2, вызывающего инфекцию COVID-19» /Журинов М., Абильмагжанов А.З., Рахимов К.Д., Талгатов Э., Коротецкий И.С., Камалова Д.К. – Алматы: «Д.В. Соколовский атындағы Отын, катализ және электрохимия институты» АҚ, 2023. – 28 бет. – МР 01-2023. 4. International Journal of Microbiology журналында (Web of Science және Scopus базаларына енгізілген) жарияланған мақала:«Genetic Diversity of Human Enterovirus in Kazakhstan, during 2022» (2024, т. 2024, № 1, 7796913-бет). 5. Microbiology Resource Announcements журналында (Web of Science Core Collection және Scopus, Q4): «Complete genome sequence of a human influenza A virus (H1N1) detected in Kazakhstan in the fall of 2022» (2025, т. 14, № 1, e01040-24). 6. SARS-CoV-2 вирусының кері транскрипция және мультиплексті амплификация протоколы әзірленіп, 8 реакция шегінде оңтайландырылды. 7. SARS-CoV-2 вирусының толық геномдық амплификациясына арналған зертханалық протокол дайындалды және тәжірибелік жағдайда қолданылды. Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертация жұмысының мәтіні белгілеулер мен қысқартулар, кіріспе, әдебиеттерке шолу, зерттеу материалдары мен әдістері, зерттеу нәтижелері және оларды талдау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі бөлімдерін қосқанда 131 беттен тұрады. Пайдаланылған әдебиеттер саны - 274. Тәжірибе барысында алынған нәтижелер мен мәліметтер 18 сурет, 7 кесте және 5 қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/AzxnxtUUrWw?si=AkT2Y3_LFXqps0Pd
