
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Халымбетова Айжан Есенбековна «8D05107 – Биология» білім беру бағдарламасы бойынша «Орталық Қазақстанның майда шоқылары аумағындағы Dactylorhiza fuchsii (Druce) Soo экологиялық-биологиялық ерекшеліктері мен түрішілік биоалуантүрлілігі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жалпы биология және геномика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Айдарбаева Докторхан Кайсарбековна – Биология ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Алматы, Қазақстан).
Чилдибаева Асель Жумагуловна – PhD, доцент міндетін атқарушы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы, Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Сатыбалдиева Гульмира Калмашевна - Биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Экология» кафедрасының меңгерушісі, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті (Астана, Қазақстан).
Мамурова Асем Тлеужановна - Биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Биология және биотехнология факультеті, «Ботаника және агроэкология» кафедрасы (Алматы, Қазақстан).
Абдураимов Озодбек Султанкулович - Биология ғылымдарының докторы, «Табиғи өсімдік ресурстары кадастры және популяциялық биология» зертханасының меңгерушісі, жетекші ғылыми қызметкер, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Ботаника институты, (Ташкент, Өзбекстан).
Ғылыми кеңесшілері:
Абиев Сардарбек Абиевич – биология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жалпы биология және геномика» кафедрасының профессоры, Қазақстан.
Мухтубаева Сауле Какимжановна – биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Астана ботаникалық бағының «Флора және өсімдік ресурстары» зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, Қазақстан.
Силантьева Марина Михайловна – биология ғылымдарының докторы, профессор, Алтай мемлекеттік университетінің «Ботаника және экология» кафедрасының профессоры, Барнаул қ., Ресей Федерациясы.
Қорғау 2026 жылғы 10 маусым, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05107 – Биология» білім беру бағдарламасы бойынша «8D051 – Биологиялық және сабақтас ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырыс аралас (офлайн және онлайн) форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/87278919723?pwd=YCoq8CXYW7l7Cb5Mw6zYZinDbuN440.1
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан көшесі, 13, Ғимарат №3, №310
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл ғылыми жұмыс Орталық Қазақстанның майда шоқылары аймағындағы өсетін Фукс саусақтамырының алуан түрлілігін, популяцияларының қазіргі жағдайын, ценопопуляциялардың флоралық құрамын зерттеуге және оларды сақтау мен қорғау шараларын әзірлеуге арналған. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Сирек, жойылып бара жатқан және эндем өсімдіктер түрлерін қоғау – қоршаған ортаны қорғау мен биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер дүниесі туралы» (2003) және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» (2006) заңдары аясында табиғи флораның генофондын, соның ішінде Қызыл кітапқа енгізілген түрлерді қорғауға ерекше мән беріледі. Кез келген түрдің жойылуы экожүйелердің қайтымсыз өзгерістеріне алып келеді. Сирек өсімдіктерді қорғаудың маңызды бағыты – олардың табиғи мекен ету ортасын, экологиялық-биологиялық ерекшеліктерін және популяциялық құрылымын зерттеу. Популяциялық-сандық зерттеулер түрлерді сақтау мен қалпына келтірудің ғылыми негізін қалыптастырады. Орталық Қазақстанның майда шоқыларының аймағы (ОҚМШ) – сирек және жойылу қаупі төнген өсімдіктерге бай, әрі аз зерттелген ерекше өңір. Бұл аймақта Orchidaceae тұқымдасының бореалды реликт өкілдері ерекше ғылыми қызығушылық тудырады. Аймақта тіркелген 17 орхидея түрінің ішінде тек Dactylorhiza fuchsii ғана Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Зерттеудің өзектілігі Орталық Қазақстан жағдайында Dactylorhiza fuchsii түрінің морфологиясы, онтогенезі, популяциялық құрылымы және экологиялық-биологиялық ерекшеліктерінің жеткіліксіз зерттелуімен байланысты. Жұмыста алғаш рет өңір үшін кешенді зерттеу жүргізіліп, фитохимиялық талдау, ценопопуляциялардың жағдайын бағалау және мекен ету ортасының сипаттамасы берілді. Ғылыми жұмысты әзірлеуге алғышарт болған негіз – Қазақстанның сирек кездесетін өсімдік түрлерін зерттеу барысында жинақталған көпжылдық материалдар. Жүргізілген зерттеулерге қарамастан, аталған өңірдің жойылып бара жатқан түрлерінің қазіргі жағдайы мен генетикалық өзгергіштігі әлі де жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Жүргізілген зерттеулер өңірлік қана емес, жалпы биологиялық маңызға ие болып, антропогендік және климаттық әсерлер күшейген жағдайда биологиялық алуантүрлілікті сақтаудың ғылыми негізделген тәсілдерін дамытуға ықпал етеді. Зерттеу нысаны ретінде Орталық Қазақстанның майда шоқылары аймағында өсетін Dactylorhiza fuchsii (Druce) Soo табиғи ценопопуляциялары. Зерттеудің мақсаты. Орталық Қазақстанның майда шоқылары аймағындағы сирек кездесетін Dactylorhiza fuchsii (Druce) Soo түрінің популяцияларының таралуын, қазіргі жағдайын және түрішілік биологиялық алуантүрлілігін зерттеу. Зерттеу міндеттері: 1. Dactylorhiza fuchsii популяциясының географиялық таралуын зерттеп, олардың Орталық Қазақстанның майда шоқылары аймағындағы өсу орындарын ArcGIS бағдарламасында карта-сызба түрінде жасау. 2. Орталық Қазақстанның майда шоқылары аймағындағы Dactylorhiza fuchsii түрінің экологиялық-биологиялық және популяциялық-сандық ерекшеліктерін зерттеу. 3. Dactylorhiza fuchsii популяцияларының қазіргі жағдайына кері әсер ететін шектеуші факторларды анықтау. 4. Қызыл кітапқа енгізілген және Орталық Қазақстанның майда шоқылары аймағында өсетін Dactylorhiza fuchsii (Druce) Soo түрінің фитохимиялық құрамын зерттеу. 5. Dactylorhiza fuchsii (Druce) Soo түрін тұқым және ересек дараларды қайта егу арқылы қалпына келтіру мүмкіндіктерін эксперименттік тұрғыда тексеру. 6. Орталық Қазақстанның майда шоқылары аймағындағы Dactylorhiza fuchsii (Druce) Soo өсімдігінің қазіргі ценопопуляциялық жағдайын сақтау бойынша ғылыми негіздеме ұсыну. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында далалық, зертханалық және талдамалық әдістер қолданылды. Далалық зерттеулер Орталық Қазақстанның майда шоқылары аймағының шегінде орналасқан «Көкшетау», «Бурабай» және «Қарқаралы» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінің аумақтарында жүргізілді. Әрбір Dactylorhiza fuchsii ценопопуляциялары үшін геоботаникалық сипаттамалар жүргізіліп, экологиялық-фитоценоздық жағдайлары анықталды және популяциялық-сандық көрсеткіштері өлшенді. Популяциялардың таралу аймағы мен кеңістіктік құрылымы ArcGIS бағдарламасы арқылы анықталды. Dactylorhiza fuchsii түйнектерінің фармакогностикалық зерттеуі макро- және микроскопиялық талдауды, гистологиялық зерттеуді және фитохимиялық скринингті қамтыды. Популяцияларды қалпына келтіру мүмкіндігі ересек дарақтарды көшіріп қайта отырғызу бойынша жүргізілген тәжірибелер негізінде бағаланды. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар 1. Dactylorhiza fuchsii (Druce) Soo түрінің Орталық Қазақстан майда шоқыларындағы таралуы далалық зерттеулер, ГАЖ-карталау және гербарий қорларын ревизиялау негізінде анықталды; түрдің түрішілік өзгергіштігі мен экологиялық икемділік қасиеттері жоғары екені көрсетілді. 2. D. fuchsii онтогенезі мен ценопопуляциялық құрылымының ерекшеліктері: генеративті жаңарудың басымдылығы, вегетативті көбеюдің сиректігі, популяциялар жағдайының тұрақтыдан критикалық түрде бұзылғанға дейін өзгеруі түрдің осалдығын растайды. 3. D. fuchsii популяцияларының айқын морфологиялық дифференциациясы экологиялық жағдайлар мен кеңістіктегі оқшаулануымен байланысты; түрішілік өзгергіштікті анықтайтын негізгі морфометриялық белгілер анықталды. 4. D. fuchsii органдарының адаптивті анатомиялық ерекшеліктері бұрын сипатталмаған бір қабатты тамыр веламенімен сипатталды, бұл түрдің мезофиттік сипатын және экологиялық икемділік қасиеттерінің жоғары болуын растайды. 5. D. fuchsii түйнектерінің фармакогностикалық белгілері мен фитохимиялық құрамы түрдің фармакопеялық жарамдылығын және фитотерапияда пайдалану перспективаларын растайды. 6. D. fuchsii ризопланының микроорганизмдерінің таксономиялық құрамы олардың өсімдіктің қоректенуі мен экологиялық тұрақтылығындағы рөлін, экожүйенің күйін көрсететін индикаторлық түр ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. 7. Астаналық ботаникалық бақ жағдайындағы D. fuchsii интродукциялық қабілетін бағалау, түрдің тіршілік қабілетінің төмендігі мен бейімделуінің шектеулі екенін анықтады, бұл Қазақстандағы сирек кездесетін орхидеяларды сақтау стратегияларын әзірлеуде маңызды. Зерттеу нәтижелері. Гербарий материалдарын талдау негізінде Dactylorhiza fuchsii түрінің таралу шекаралары нақтыланып, оның Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлеріне тән екендігі расталды. Зерттеу барысында қате идентификация жағдайлары анықталды. Аталған түр жоғары экологиялық икемділігімен сипатталатыны және әртүрлі өсімдік қауымдастықтарында — орманнан шалғынды-батпақты жерлерге дейін — кездесетіні анықталды. Серіктес түрлердің ең жоғары флористикалық алуантүрлілігі Қарқаралы өңірінің популяцияларында тіркелді. Онтогенезді зерттеу орхидеяларға тән даму сатыларының толық кешенінің бар екенін көрсетті, бұл ретте популяцияларды сақтаудың негізгі механизмі генеративті көбею болып табылады. Көбею табыстылығының абиотикалық факторлар мен микоризалық байланыстардың үйлесуіне тәуелділігі анықталды. Морфометриялық талдау алғашқы үш негізгі компонент белгілердің жалпы өзгергіштігінің 86,5%-ын түсіндіретінін көрсетті. Популяциялар арасында статистикалық тұрғыдан мәнді дифференциация анықталып, оның ең айқын көрінісі Қарқаралы өңіріне тән екені байқалды. Корреляциялық талдау өсімдіктердің вегетативті және генеративті белгілері арасында тығыз өзара байланыс бар екенін растады. Анатомиялық зерттеулер мүшелер құрылысының бірқатар бейімделгіш белгілерін, соның ішінде мезофиллдің, өткізгіш жүйенің ерекшеліктерін және қор заттарының жиналуын анықтады. Бірқабатты веламеннің болуы анықталып, бұл түрдің бейімделу мүмкіндіктерін көрсетеді. Фитохимиялық талдау биологиялық белсенді заттардың негізгі топтарының құрамын анықтауға мүмкіндік берді: флавоноидтар (1,78%), антрацен қосылыстары (0,64%), шырышты полисахаридтер (0,27%) және сапониндер (0,017%) кездеседі. Алғаш рет ризоплана микробтық қауымдастығы сипатталып, оған Pseudomonas, Bacillus, Micrococcus, Staphylococcus туыстарының бактериялары және т.б. кіретіні анықталды. Олардың өсімдіктердің қоректену процесіне және популяциялық тұрақтылыққа ықпал етуі ықтимал екендігі көрсетілді. Популяциялардың жас құрылымын салыстырмалы талдау олардың күйінің тұрақтыдан деградацияланушыға дейін өзгеретінін көрсетті. Бірқатар популяцияларда генеративті дарақтардың басымдығы және жас дарақтардың жеткіліксіз үлесі анықталып, бұл олардың жаңару қарқынының төмендігін және популяциялардың тұрақсыздығын көрсетеді. Интродукция нәтижелері өсімдіктердің тіршілікке бейімделу деңгейінің төмен екенін (21%) көрсетті, бұл ретте ең төзімділері виргинильді дарақтар болып шықты. Соған қарамастан, әрі қарай акклиматизациялану әлеуеті анықталды. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығын негіздеу. Алғаш рет Орталық Қазақстан ұсақ шоқылы өңірі аумағында Dactylorhiza fuchsii түрінің географиялық таралуы мен популяциялық құрылымына ArcGIS геоақпараттық жүйесін қолдана отырып кешенді зерттеу жүргізілді. Популяциялардың орналасу картасы құрастырылып, ол түрдің жағдайын бағалау және мониторинг жүргізу мақсатында пайдалануға мүмкіндік береді. Популяциялық құрылымның ерекшеліктері, көбеюі және ценопопуляциялар динамикасы анықталып, қатты континенттік климат жағдайындағы түрдің экологиялық-биологиялық сипаттамалары нақтыланды. Алғаш рет популяциялардың осалдығын айқындайтын шектеуші факторлар жүйелі түрде анықталды. D. fuchsii түрінің фитохимиялық құрамына қатысты жаңа деректер алынып, олар популяциялардың жағдайын сипаттайтын биомаркерлер ретінде қолданылуы мүмкін және әрі қарайғы зерттеулер үшін ғылыми қызығушылық тудырады. Теориялық маңыздылығы түрдің таралуы мен экологиясы туралы түсініктерді кеңейтуге, ареалын нақтылауға, сондай-ақ популяциялардың бейімделуі мен тұрақтылығы және сирек өсімдіктерді реинтродукциялау негіздерін дамытуға байланысты. Практикалық маңыздылығы алынған нәтижелерді түрді мониторингтеу, қорғау және генетикалық қорын сақтау, сондай-ақ табиғатты қорғау іс-шараларын жоспарлау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру кезінде пайдаланумен байланысты. Ғылымды дамыту бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық жұмыс ЖТН AP23488845 «Орталық және Солтүстік Қазақстан аумағында сирек және осал өсімдік түрлерінің кеңістіктегі таралуы және популяциялардың жағдайын бағалау» гранттық қаржыландыру жобасы аясында орындалды. Ізденушінің әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесін сипаттау. Әрбір жарияланымды дайындауда ізденушінің үлесін сипаттау. Барлық жарияланымдарда ізденуші зерттеудің барлық кезеңдеріне тікелей қатысқан. Автор дербес түрде далалық және камералдық жұмыстарды орындаған, соның ішінде сынақ алаңшаларын белгілеу, гербарий материалдарын жинау, популяция координаттарын GPS-навигация арқылы тіркеу және тіршілік ету орталарын геоботаникалық сипаттау жұмыстары жүргізілген. Dactylorhiza fuchsii 420 дарағына қатысты негізгі морфометриялық деректер жиынтығы жинақталып, өңделген. Онтогенетикалық және жас құрылымын бағалауды, корреляциялық және дисперсиялық талдауды, сондай-ақ басты компоненттер әдісін қамтитын статистикалық талдау жүргізілген. Ізденуші нәтижелерді интерпретациялауға және жарияланымдарды дайындауға қатысқан; бірлескен авторлыққа қарамастан, зерттеу міндеттерін қою, деректерді жинау, өңдеу және талдаудағы негізгі үлес авторға тиесілі. Диссертациялық жұмыстың негізгі мазмұны 4 ғылыми еңбекте көрініс тапқан, оның ішінде Scopus және Web of Science дерекқорларында индекстелетін халықаралық рецензияланатын журналдағы 1 мақала, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдардағы 3 мақала, сондай-ақ халықаралық және республикалық конференцияларда жасалған 3 баяндама тезисі бар. Диссертацияның құрылымы. Диссертация 129 беттен тұрады және белгілер мен қысқартуларды, кіріспені, әдебиеттерге шолуды, материалдар мен әдістерді, нәтижелер мен талқылауды, қорытындыны және пайдаланылған 219 дереккөздерді қамтиды; сонымен қатар 14 кесте, 47 сурет және 4 қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/b0zHW2iNvaI?si=FpIW8p9C5zGk118f
