
«6D060700 - Биология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Букабаева Жанылхан Тусупжановна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Букабаева Жанылхан Тусупжановна «6D060700 – Биология» мамандығы бойынша «Бурабай мемлекеттік ұлттық бағындағы қыналар және олардың қоршаған ортаның ластануын анықтаудағы биоиндикациялық маңызы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Науанова Айнаш Пахуашовна - ғылым докторы, профессор, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, профессор
Курманбаева Меруерт
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Какимжанова Алмагуль Апсаламовна - ғылым докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Практикалық профессор
Ситпаева Гульнара
Айдарханова Гульнар Сабитовна - ғылым докторы, профессор, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті
Абдураимов Озодбек Султанкулович - философия докторы (PhD)
Ғылыми кеңесшілері:
Абиев Сардарбек Абиевич
Королёв Александр Николаевич
Қорғау 2024 жылғы 6 маусым, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D060700 – Биология» мамандығы бойынша «8D051 – Биологиялық және сабақтас ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/81963507834?pwd=zZGPsGGYMLECooBpxvWBr8PIYdEoZh.1
Мекен-жайы: Қажымұқан к.13, №3 корпус (ЦИСИ), 333 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің жалпы сипаттамасы. Қоршаған ортаның ластану дәрежесін анықтау үшін қыналардың лихеноиндикациялық қасиетін зерттеу мақсатында солтүстік Қазақстан территориясының 5-ші флоралық ауданы болып есептелетін Бурабай мемлекеттік ұлттық бағында экспедициялық жұмыстар жүргізілді. Бақтағы лихенологиялық зерттеу жұмыстары баққа кіретін және оған шекаралас жатқан жер аумақтарын бірнеше учаскелерге бөлу арқылы жұргізілді. Бурабай бағының аумағында кездесетін барлық қына түрлерін анықтау үшін жылдың әртүрлі мезгілдерінде, тіпті қажеттілік туындаған жағдайларда алғашқы қар түскен қыз мезгілінде қыналарды жинау жұмыстары жүргізілді. Қыналардың морфологиялық, систематикалық, экологиялық ерекшеліктеріне, биоиндикациялық маңыздылығына сараптама жасау үшін экспедициялық жұмыс барысында геоботаникалық, флористикалық салыстырмалы әдістер, сызықтық-қиылысу әдісі және бірқатар зерттеу әдістері қолданылды. Ұлттық бақтың зерттеуге алынған учаскелерінде кездескен қына түрлерінің таралуы бойынша карта схемасы жасалынып, қына түрлерінің кездесу жиілігіне, көбею жолдарына, экологиясына қатысты сараптамалық жұмыстар жасалды. Кездесу жиіліктерін анықтау нәтижесінде сирек кездескен, қорғауды қажет ететін қыналардың түрлері анықталып, белгілі бір қына түрлерінің құрамындағы ауыр металдардың мөлшерлерін анықтау арқылы зерттеуге алынған учаскелердің атмосферасы мен топырағының ластану деңгейін анықтауда биоиндикациялық нысан ретіндегі қолданысы зерттелді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Кейінгі бірнеше онжылдық көлемінде қына түрлерінің флорасын зерттеу бағытында жүргізілген жұмыстардың саны еліміздің өте үлкен аумақты алып жатқан территориясы үшін салыстырмалы түрде аз деп айтуға толық негіз бар. Ғалымдардың зерттеу жұмыстарында осы ғылыми жұмыстың зерттеу аумағы ретінде алынған «Бурабай» бағында өсетін жоғары сатыдағы өсімдіктердің 757 түрінің 95 түрі сирек кездесетін және қорғауды қажет ететін өсімдіктер ретінде берілген. Ал бұлардың арасында қына түрлерінен тек бір ғана Cladonia rangiferina(L) қынасы сирек кездесетін түр ретінде көрсетілген. Жалпы Қазақстан территориясындағы қына түрлерінің биоиндикациялық нысан ретінде қолданылуы жайлы ақпараттар жоқтың қасы. Салыстырмалы түрде көршілес жатқан Ресейдің Қазан қаласында, Ресей федерациясының құрамына кіретін Карелия республикасы мен Мурманск облысында, сондай-ақ Италия, Туркияның Измир қаласында да биоиндикациялау нысаны ретінде қолдану тәжірибесі қарастырылған. Бурабай мемлекеттік ұлттық бағы еліміздің өте қарқынды қолданыстағы рекреациялық аймағына жатады. Ғылыми жұмыста қыналардың мұндай әсерлерге өте сезімтал келетіндігі айтылған. Осыны назарға ала отырып, зерттеу аймағындағы түрлер құрамы анықталды, олардың қазіргі жағдайы бағаланып, оларды тиімді пайдаланып, қорғауға байланысты тиісті ұсыныстар жасау өте өзекті мәселе ретінде қарастырылды. Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи бағы бойынша қыналардың түрлерін, олардың систематикалық, биологиялық, экологиялық өсу ерекшеліктерін және биоиндикациялық маңызына байланысты зерттеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Осыған байланысты докторлық диссертацияның өзектілігі Бурабай аймағының әр түрлі өсімдік типтеріндегі экотоптарда қыналарды жинап, морфологиялық құрылыс ерекшеліктерін зерттеп, түрлерін анықтап, олардың таксономиялық жүйесін құру. Сонымен қатар, қына түрлерінің экологиялық, биологиялық өсу ерекшеліктеріне және биоиндикациялық маңызына сараптама жасау болып табылады. Зерттеудің мақсаты. Бурабай мемлекеттік ұлттық бағындағы экотоптарда қыналардың түрлерін анықтау және оларға морфологиялық, систематикалық, экологиялық, биоиндикациялық тұрғыда ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу. Зерттеудің міндеттері: 1. Бурабай мемлекеттік ұлттық бағында лихенологиялық зерттеу жұмыстары баққа кіретін Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Щучье, Бармашы, Золотоборск, Абылай хан, Балдәурен учаскелеріне және оған іргелес орналасқан Приозерное, Мирное, Ақылбай, Қатаркөл учаскелеріне бөліп қарастыру; 2. Зерттеуге алынған учаскелерден қына түрлерін жинау, түрлерді идентификациялау; 3. Анықталған қыналардың түрлеріне систематикалық сараптама жасау және иллюстрацияланған био-морфологиялық (ботаникалық) сипаттамасын беру; 4. Бақтың зерттеуге алынған учаскелеріндегі қыналар түрлерінің таралу карта схемасын жасау және олардың кездесу жиілігі, көбею жолдарымен экологиясына байланысты сараптамалар жасау; 5. Бурабай мемлекеттің ұлттық бағындағы сирек кездесетін және қорғауды қажет ететін қыналардың түрлерін анықтау; 6. Зерттеу учаскелеріндегі қыналардың флоралық өзгерістерін аймаққа қатысты жарияланған мәліметтермен салыстыру арқылы «инвзивті» және элизиялы түрлерді анықтау және талдау; 7. Белгілі бір учаскелердің ауасы мен топырағының ластану деңгейін анықтауда биоиндикациялау нысаны ретінде кездесу жиіліктері жоғары, доминантты қыналар түрлерінің биоиндикациялық ролін көрсетуде олардың сандық, жабындық көрсеткіштерімен бірге, белгілі бір қына құрамындағы ауыр металдардың мөлшерлерін анықтау; 8. Докторлық диссертацияның зерттеу нәтижелерін ботаника курсында «қыналар» тақырыбын оқытуға байланысты аймақтық компонент ретінде қолдануға қажетті анықталған қына түрлерінің коллекцияларын жасау және оны оқу процесінде пайдалануға ұсыну. Зерттеу нысаны: қына түрлері, қарағайлы-қайыңды орман, ағаш діңдері, топырақ жабындықтары, таулы-тастардың беттік жабындықтары. Зерттеу әдістері: геоботаникалық, флористикалық салыстырмалы әдістер, сызықтық-қиылысу әдісі, визуалды бағалау әдісі, Друде шкаласы, түрдің құрамындағы ауыр металдардың мөлшерін анықтау әдісі, қыналарды жинау және кептіру әдістері, коллекция жасау әдістері, электронды микроскопты сканерлеу әдісі. Ғылыми жаңалығы: Бурабай мемлекеттік ұлттық бағында лихенологиялық зерттеу жұмыстарын баққа кіретін Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Щучье, Бармашы, Золотоборск, Абылай хан, Балдаурен учаскелеріне және оған іргелес орналасқан Приозерное, Мирное, Ақылбай, Қатаркөл учаскелеріне бөлу арқылы мұндағы әр түрлі өсімдік бірлестіктерінде алғашқы рет қыналардың түрлері жиналып, анықталды. Диссертациялық жұмыста жинақталған бір қына түрінің бірнеше зерттеу учаскелерінен анықтауға арналған карта схемасы жасалды. Қыналарды анықтауда және идентификациялауда анықтағыштармен қатар, сканерлік микроскопты қолдану арқылы олардың көбею жолдарының түрлері, сканерлік суреттері бойынша сарапталды. Маршруттық және мониторингтік зерттеуде барлық анықталған 56 түрдің кездесу жиіліктерін анықтау - Друде шкаласы бойынша жүргізілді. Осы шкала бойынша анықталған түрдің арасында өте сирек кездесетін және жойылуға тақау түрлер бөліп қарастырылды. Бурабай ұлттық бағын биоиндификациялау нысаны ретінде эпифитті және эпигейлі қына түрлерінің сандық және аналитикалық көрсеткіштерін қолдану арқылы, Evernia prunastri (L.), Cladonia alpestris түрлерін осы аймақтарда биоиндикациялауда маңызды түрлер ретінде қолдану ұсынылды. Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы. Бурабай мемлекеттік ұлттық бағындағы жергілікті лихенофлора зерттеліп, оларды ғылыми практикалық тұрғыда пайдалануға байланысты нақтылы түрлері көрсетілді. Анықталған Peltigera spuria, Cladonia coccifera, Haematomma ventosum және Caloplaca aurantiaca түрлері жойылу қаупі төнген, қорғауды қажет ететін түрлер ретінде ұсынылды. Ал Dermatocarpon miniatum, Psora lurida және Verrucaria nigrescens түрлері өте сирек кездесетін қыналар ретінде қарастырылды. Бурабай бағында өсетін Evernia prunastri (L.) және Cladonia alpestris түрлерін биоиндикацияға пайдалану ұсынылады. Зерттелген аймақта түрлері жағынан басым Cladoniaceae мен Parmeliaceae тұқымдасына жататын (Cladonia fimbriata, C.gracilis, C.sylvatica, C.rangiferina, C.coccifera, C.alpicola, C.verticillata, C. deformis, C. crispate, C. alpestris, Parmelia vegans, P.sulcatа, P.caperata, P.acetabulum, P.saxatilis, P. olivacea және т. б.) барлық түрлерді мал азығы ретінде қарастыруға болады. Көптеген ғылыми зерттеу жұмыстарында берілген деректер бойынша Бурабай флорасында кездесетін Parmellia, Cetraria туыстарына жататын қына түрлерінен бөлініп алынған уснинат натрий мен уснин қышқылы антибиотик ретінде ауру туғызатын микроорганизмдерді жоятын қасиетіне байланысты қолданылады. Бақтың лихенофлорасында қаспақты қыналардың (Peltiqera rufescens, Dermatocarpon aquaticum, Parmelia olivacea, Verrucaria nigrescens, Hypocenomyce scalaris, Rhizocarpon geographicum, Lecidea glomerulosa Steud. Caloplaca murorum, C.urantiaca және т. б.) барлығынан табиғи бояуларды алуға болады. Сол сияқты, зерттеу аймағында кездесу жиілігі жоғары Cladonia rangiferina түрін Жапонияда нанға ұқсас тағам өнімі алуда, ал Evernia prunastri түрін парфюмерияда әтір алуда қолданады. Табиғатты қорғау мекемелері үшін сирек кездесетін, жойылу қаупі бар түрлер анықталып, кең таралған түрлерді тиімді пайдалану жөнінде ғылыми негізде ақпараттар берілді. Ботаника курсында «қыналар» тақырыбын оқытуға байланысты, қына түрлерінің морфологиялық құрылысын, экологиялық таралуын, биологиялық өсу ерекшеліктерін оқытуда, аймақтық компонеттерді пайдалануға арналған көрнекті оқу әдістемелік құралы ретінде барлық анықталған қына түрлерінің коллекциялары даярланды. Диссертацияның қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалары. 1. Зерттеу аймағын әртүрлі учаскелерге бөлу және ондағы қыналардың түрлерін анықтау нәтижелері; 2. Бурабай бағының әртүрі учаскелерінде өсетін қына түрлерінің кездесу жиіліктері, көбею жолдары және экологиялық сипаттамасын анықтау нәтижелері; 3. Зерттеуге алынған учаскелерде таралған қына түрлерін схемалық карталарға түсіру арқылы талдау нәтижелері; 4. Бурабай бағында өте сирек және қорғауды қажет ететін қыналардың түрлерінің экологиясы, таралуы және қолдану бағыттары көрсетілді; 5. Зерттеу аймақтарындағы қыналардың флоралық өзгерістерін анықтағыштармен салыстыру арқылы талдау нәтижелері; 6. Зерттеу аймақтарындағы кейбір қыналардың биоиндикациялық маңызын негіздеу. Зерттеу нәтижелері. 1. Бурабай мемлекеттік табиғи бағы және оған іргелес орналасқан жерлер 11 учаскеге «Ақылбай», «Қатаркөл», «Үлкен Шабақты», «Кіші Шабақты», «Щучье», «Бармашы», «Золотобор» «Абылай хан», «Балдаурен», «Приозерное» және «Мирное» бөліп қарастырылды. Ғылыми жұмыстың зерттеу нысаны ретінде қарастырылған қыналар Бурабай аймағының далалы, орманды, таулы экотоптарынан жиналып, оларға систематикалық, экологиялық тұрғыда және маңызына байланысты салыстырмалы зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2. Анықталған көбею жолдарына байланысты 56 түрдің 35 түрі апотеция және 2 түрі перитеций арқылы жынысты көбейетіндігі анықталды. Сол сияқты, бір түр соридийлер немесе изидийлер, ал енді бір түрлерінде изидийлер мен соридийлердің бірдей түзілуі арқылы жыныссыз жолмен көбейетіндігі анықталды. 3. Бурабай бағының зерттеуге алынған барлық учаскелерінде қына түрлерінің қоныстануын анықтау үшін қыналарды карталау жұмыстары жүргізілді. Анықталған қына түрлерінің карта схемасы бір түрдің қандай учаскелерде қоныстануы туралы деректерді көрсетеді. 4. Зерттеу аймағында алынған 11 учаскенің тек 4 учаскесінде (Бурабай ,Абылайхан, Қатаркөл, Балдаурен) ғана қорғауды қажет ететін Peltigera spuria, Cladonia coccifera, Haematomma ventosum және Caloplaca aurantiaca түрлері және өте сирек кездескен Dermatocarpon miniatum, Psora lurida және Verrucaria nigrescens қына түрлерінің картасы схема түрінде берілді. Бұл мәліметтер осы түрлердің осы аймақтардағы даму бағытын болашағын зерделеуге, оларды қорғау мәселесін нақылауға өте құнды. 5. Диссертациялық жұмыста Бурабай мемлекеттік ұлттық бағы және оған іргелес жатқан аймақтарда көп жылдар бойы қоныстанған барлық қына түрлерін есепке алу, яғни флоралық инвентаризация жасау жұмыстары жүргізілді 6. Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи бағының территориясында қыналардың ішінде Usneaceae тұқымдасына жататын эпифильді Evernia prunastri (L.) және Cladoniaceae тұқымдасына жататын эпигейлі Cladonia alpestris түрі алынды, бұларды аймақтың ластану дәрежесін көрсететін биоиндикатор ретінде пайдалануға ұсынылады. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы. Ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелері мен диссертацияның негізгі ережелері республикалық және халықаралық басылымдарға ұсынылды: Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері Web of Science және Scopus ғылыми өлшеу деректер базасына кіретін «BIODIVERSITAS. Journal of Biological Diversity Volum» атты басылымында (Мамыр, 2023); Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің хабаршысында (Семей, 2020); Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан университетiнiң хабаршысында (Петропавл, 2020); Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Биологиялық ғылымдар сериясының жинағында (Нұр-Сұлтан, 2020) жарияланды. Мақалалар. Зерттеудің негізгі нәтижелері 4 баспа жұмысында баяндалған, оның ішінде Scopus және Web of science деректер базасына кіретін шетелдік журналдарда 1 мақала: Pol.Environ.Stud.Vol.31.No (Q 2 IF -2.8 Процентиль – 44 %) ҚР БҒМ Ғылым комитеті ұсынған ҚР журналдарындағы 3 мақала: ЕҰУ хабаршысында (2020), Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің хабаршысында (2020), Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің хабаршысында (2020) жарияланды. Диссертацияның көлемі мен құрылымы. Диссертация анықтамалар, түсініктер мен қысқартулардан, кіріспеден, әдебиетке шолудан, материалдар мен зерттеу әдістерінен, зерттеу нәтижелерінен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімен тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/6wI4BYQ_IQQ?si=Q6u1lQfqWOt74cQ6
