
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Баделгажы Ербахыт «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша «Алтай тауларының экологиясына туризмнің әсері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қоршаған ортаны қорғау саласында басқару және инжиниринг кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Мазбаев Орденбек Блисбекович – география ғылымдарының докторы, профессор, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Канаев Ашимхан Токтасынович – биология ғылымдарының докторы, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті», «Биология және биотехнология» факультеті, «Биоалуантүрлілік және биоресурстар» кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Емин Атасой – Философия докторы (PhD), Улугдаг университетінің профессоры, (Бурса қ., Туркия Республикасы);
Бейсенова Райхан Рымбаевна – биология ғылымдарының докторы, профессор, Басқарма мүшесі - Қазақ ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университетінің стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры (Тараз қ., Қазақстан Республикасы);
Женсикбаева Назгуль Жаныбековна – философия докторы (PhD), Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, (Өскемен қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Капсалямов Бауыржан Ауесханович – техника ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг» кафедрасының доценті, (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Бааст Оюунгэрэл – география ғылымдарының докторы, Моңғолия Ғылым академиясы География және Геоэкология институтының профессоры, «Моңғолияның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын зерттеу орталығы» үкіметтік емес ұйым ұйымының директоры, (Улаанбаатар қ., Моңғолия)
Қорғау 2025 жылғы 15 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» мамандығы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі.
Сілтемесі: https://share.kz/gtmb
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 13, №3 оқу ғимараты №333 аудиториясы.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің жалпы cипаттамаcы. Диссертациялық жұмыста Алтай жотасының экологиясына туризмның қалай, қандай деңгейде әсер етіп жатқаны Қазақстан, Ресей, Моңғолия террияторисында салыстыра отырып зерттеген. Туризмның экологияға нақты әсер ететінін көміртегі іздері бойынша өлшеуге болатынын анықтаған. Тақырыптың өзектілігі: Алтай тау жүйесі Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытайдың шекаралас аумақтарында ауа массаларының айналымына, ылғалдың қалыптасуына және гидрологиялық тепе–теңдікті сақтауға түбегейлі әсер ететін Орталық Азияның негізгі климат түзуші аймақтарының бірі. Орографиялық тұрғыда Алтай жотасы аймақтың климаттық жағдайларын анықтап қоймай, биологиялық және ландшафттық әртүрліліктің маңызды табиғи резерваты ретінде қызмет етеді. Жаһандық жылыну жағдайында бұл климаттық өзгерістердің индикаторларына айналатын жоғары осалдығы мен өзін өзі қалпына келтіру қабілеті шектеулі тау экожүйелері. Қазірдің өзінде мұнда мұздықтардың азаюы, өсімдік жамылғысының өзгеруі және өзендердің гидрологиялық режимінің өзгеруі тіркелген. Бұл процестер жаһандық климаттық өзгерістермен тікелей байланысты және бүкіл Орталық Азия аймағының экожүйелерінің тұрақтылығына әсер етеді. Жаһандық климаттық өзгерістермен қатар туризм Алтай өңірінде экологиялық жүктеменің маңызды көзіне айналуда. Туризм дәстүрлі түрде экологиялық тұрғыдан жұмсақ қызмет ретінде орналасқанына қарамастан, оның қарқынды дамуы топырақ пен өсімдік жамылғысының деградациясына, экологиялық тепе–теңдіктің бұзылуына, биоәртүрліліктің төмендеуімен және қалдықтардың өсуіне әсер етуде. Кері әсердің маңызды құрамдас бөлігі автомобильдік көлік тасымалы, туристік инфрақұрылымды энергия тұтыну және экожүйелердің көміртекті сіңіру қабілетін төмендету есебінен қалыптасатын туризмнің көміртегі ізі болып табылады. Осылайша, туристік қызмет аймақтағы климаттық және экологиялық тәуекелдерді күшейте алады, бұл оны тұрақты даму контекстінде ғылыми зерттеуді қажет етеді. Мұндағы ғылыми олқылыққа жетекші халықаралық ғылыми деректер базасын (Scopus, Web of Science, Researchgate) талдаумен расталады: Алтай туралы 5000–нан астам жарияланымның тек 1,5% – ы туризм мәселелеріне қатысты. Бұл ретте өңірде ірі өнеркәсіп жоқ, және бұл бей–берекет туризм қоршаған ортаға кері әсер етудің басты факторына айналады. Алайда оның климаттық процестерге, экожүйелерге нақты әсері осы уақытқа дейін жүйелі түрде зерттелмеген. Сонымен қатар, бұл мәселені шешудің нақты практикалық қажеттілігі бар. Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына (CAREC–2030) сәйкес Алтай жотасы трансшекаралық экотуризмді дамытуға (Қазақстан, Ресей, Моңғолия) бағыталған негізгі туристік кластерлердің бірі ретінде айқындалды. Алайда, бұл жоспарларды экологиялық салдарды терең ғылыми түсінбестен жүзеге асыру экожүйелердің қалпына келмейтін деградациясына және аймақтың табиғи әлеуетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осылайша, туризмнің Алтай тау жүйесінің экологиясына әсерін зерттеу жоғары ғылыми және практикалық маңызға ие. Зерттеу ғылыми олқылықтың орнын толтыруға, туристік қызметтің көміртегі ізін сандық бағалауға, оның климаттық және экожүйелік процестерге әсерін анықтауға, сондай–ақ кері әсерді азайту бойынша ұсыныстар жасауға бағытталған. Осы міндеттерді шешу өңірдегі туризмді орнықты дамыту жөніндегі шараларды негіздеуге мүмкіндік береді және Қазақстан Республикасының экология, климаттық саясат және қоршаған ортаны қорғау саласындағы стратегиялық басымдықтарын іске асыруға ықпал ететін болады. Зерттеу мақсаты: Туристік қызметтің әртүрлі түрлерінің тікелей көміртегі ізін сандық бағалау, оған байланысты экологиялық зияндылықты анықтау арқылы Алтай жотасының экологиясына туризмнің әсер ету сипаты мен ауқымын анықтау. Зерттеу міндеттері: Мақсатқа жету үшін келесі міндеттер тұжырымдалған: 1. Алтай жотасында туристерден қалатын қалдықтардың көлемін анықтап, экологиялық зиянын бағалау 2. Туристік орналастыру орындарының көміртегі ізін анықтау 3. Туризмнің топырақ жамылғысына әсері, тапталған топырақ жамылғысының көлемін анықтау 4. Туристік көліктердің экологиялық зияны, көміртегі көлемін математикалық әдіспен есептеу 5. Туризм әсерінен шоғырланған малдардың экологиялық әсерін бағалау, малдардың көміртегі іздерін есептеу Зерттеу аумағы: Зерттеу жүргізетін аумағы «физика-географиялық аудандар» бойынша алынды. - Қазақстандық Алтай сілемі - «Алтай–Саян таулы өлкесі» физика-географиялық ауданы бойынша 64,4 мың км.кв қамтыған. Бұл аудан әкімшілік бірлік шекарасы бойынша Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха, Глубокое, Зырян, Қатонқарағай, Ұлан, Жарма, Көкпекті, Күршім, Зайсан ауданының территориясына жатады. - Моңғол Алтай сілемі - Моңғол Алтай жотасының «Бесбогда физика-географиялық кіші ауданы» бойынша 41,4 мың км.кв алаң тандалды. Бұл Моңғолияның Баян Өлгий аймағының 12 ауылы, Ховд аймағының Эрдэнэбүрэн, Ховд, Буянт, Дуут, Манхан ауылдары, Увс аймағының Бөхмөрөн, Ховд, Өмнөгөвь, Өлгий қатарлы ауылдар территориясының батыс бөлігін қамтиды. - Ресейлік Алтай сілемі - «Алтай–Саян таулы аймағының М1–Алтай таулы облысы» бойынша 173,6 мың км.кв алаңды қамтып, Ресей Федерациясы, Алтай Республикасының 10 аймағының территориясы түгелдей, Алтайский край облысының оңтүстік шығыс бөлігі, Кемеров облысының оңтүстік бөлігі, Хакасия Республикасының оңтүстік батыс бөлігі, Тува Республикасының батыс бөлігінен шағын территориясында орналасқан. Зерттеудің ғылыми жаңалықтары: Алғаш рет бірыңғай интегралды көрсеткіш ретінде парниктік газдардың көміртегі ізі арқылы Алтай жотасының экологиясына туризмнің кері әсерін кешенді сандық бағалау жүргізілді. Туристік қызметтің көміртегі ізін есептеу әдістемесі көлік, қалдық, орналастыру орындары, топырақтың жамылғысының зақымдануы, туризм әсерінен шоғырланған мал шаруашылығы қатарлы бес негізгі фактор бойынша жүргізілді. Климаттық және әлеуметтік–экономикалық факторларды ескере отырып, соңғы бес жылдағы туризмнің көміртегі ізінің динамикасы көрсетілді. Туристік ағындардың өсуі мен экожүйелердің (топырақ, өсімдік жамылғысы, биоәртүрлілік) тұрақтылығының өзгеруі арасында себеп–салдарлық байланыстар бар екені талқыланды. Туризмнің көміртегі ізін азайту және оның тау экожүйелеріне әсерін азайту бойынша ғылыми негізделген шаралар ұсынылды. Таулы аймақтың орографиясына байланысты белгілі бір аңғар шатқалдарда бөлінген көміртегі іздері орографиялық тосқауылға тап болып «парниктік газдың тұзақталуы» пайда болатынын ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Туризм көміртегі іздері орографиялық климаттық тосқауылға тұзаққа түсуі туралы зерттеулер бұрын жүргізілмеген. Тұзақталған газдар парниктік әсерді күшейтеді, шекаралық қабаттың стратификациясын өзгертеді, конвективті және орографиялық ылғалға ықпал етеді және соның нәтижесінде жел ығындағы беткейлердегі ылғал теңгеріміне, мұздықтардың еруіне әсер етеді. Алғаш рет туристік көміртек ізі орографияда жинақталу арқылы, орографиялық климаттық тұрақтылықтың бұзылуының негізгі көзі болатыны көрсетіліп отыр. Орографиялық тұзақталуын анықтайтын коэффициенттер ұсынылып ғылыми тұрғыда дәлелденді. Практикалық жаңалығы: Диссертациялық жұмыс барысында жүргізілген зерттеулердің нәтижелері жоғарыда аталған ғылыми журналдарда жарияланып, әртүрлі деңгейде таныстырылды. Зерттеу қорытындыларына сәйкес төмендегі шешімдер мен ресми құжаттар бекітілді. 1. Моңғолияда Алтай Таванбогд ұлттық паркіне, соның ішінде Потанин мұздығына дейін көлік құралдарының кіруіне 2023 жылдың 1 тамызынан бастап тыйым салу туралы қаулы қабылданды. Бұл қаулы Қоршаған орта және туризм министрлігінің тікелей бұйрығымен Моңғол Алтай жотасындағы ерекше қорғалатын аумақтардың әкімшілік басқармасы арқылы бекітілді. Аталған шешімнің қабылдануына 2022 жылдың 16 желтоқсанында Қоршаған орта және туризм министрлігінің бас хатшысымен өткен кездесуде таныстырылған зерттеу нәтижелері негіз болды. Онда туризм әсерінен топырақ жамылғысының бұзылуы, ауыр металдармен ластану, туристік қалдықтардың жиналуы сияқты деректер келтірілген. Қаулының көшірмесі қосымшада берілді. 2. Моңғолияның Ұлттық статистикалық бюросы мен Қоршаған орта және туризм министрлігі бірлесе отырып, 2023 жылдың 27 желтоқсанында «Туризм саласындағы статистикалық мәліметтерді жинау» мақсатындағы төрт жаңа форматтағы кестені бекітті. Сол кестелердің біріне ерекше қорғалатын аумақтардағы туристік көліктерді тіркеу және олардың іздік әсерін өлшеу әдістемесі енгізілді. Аталған әдістеме осы диссертациялық жұмыстың ғылыми зерттеу нәтижелеріне негізделген. Әдістеменің ресми бекітілуін растайтын мекемелік хат пен құжаттың көшірмесі қосымшада берілді (қосымша Б, сурет Б.3). Зерттеу әдістері: Ғылыми жұмысқа негізгі 3 бағыттағы ғылыми әдістемелер пайдаланылды. 1. Экспедицияларды зерттеулерді ұйымдастыру: Арнайы экспедициялар барысында топырақ сынамалары мен қалдықтардың үлгілерін алу, экологиялық және туристік мәліметтер жинау, сауалнама жүргізу, сондай-ақ бақылау және мониторинг жүргізу сияқты әдістемелер қолданылды. 2. Зертханалық жұмыстар: ArcGIS зертханасында картографиялау және қашықтан зондтау (remote sensing) әдістері арқылы жиналған мәліметтер өңделді. Топырақ сынамаларының құрамындағы ауыр металдардың мөлшері мен таралу деңгейі анықталды. 3. Математикалық модельдеулер: Климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық IPCC 2006 әдістемесі бойынша негізгі деңгей (Tier 1) және аймақтық деңгей (Tier 2) мәні бойынша бойынша математикалық модельдер құрылып, зерттеу нысандарының экологиялық жағдайына сандық бағалау жүргізілді. Зерттеу обьектілері: Әрбір зерттеу объектісі бойынша келесі көрсеткіштер анықталды: туристерден бөлінетін қалдықтардың жалпы мөлшері мен одан шығатын көміртегі (СО₂) көлемі; орналастыру орындарынан бөлінетін көміртегі мөлшері; антропогендік әсерден зақымдалған аумақтардың көлемі; топырақтағы ауыр металдардың концентрациясы; көлік құралдарынан шығатын көміртегі; сондай-ақ туристік аймақтарға шоғырланған малдардан бөлінетін көміртегі көлемі анықталды. Қорғауға шығарылатын қағидаттар: Диссертациялық еңбектен алынған маңызды нәтижелерді іс–тәжірибеде қолдануға болады. Диссертациялық жұмыста тұжырымдалған ғылыми пайымдаулар мен ұсыныстар «туризмді дамыту арқылы қоршаған ортаны қорғай отырып экономикалық мол табыс табуға болады» деген түсінікті өзгертуге мүмкіндік береді. Диссертация жұмысындағы әдістемелерді пайдалана отырып туризм зоналарына бас жоспар жасағанда экологияға кері әсерін азайтуға арналған жұмыстар міндетті түрде жоспарлану қажет екенін түсіндіреді. Экологияға кері әсерінің түрлері қандай болатынын анықтап, олардың кері әсерін бағалау әдістемелерін оңтайлы пайдалануға мүмкіндік тудырады. Ғылыми зерттеу жүргізу кезіндегі автордың өз үлесі: Автор Қазақстан Алтай жотасында бір рет, Ресей Алтай жотасында бір рет, ал Моңғол Алтай жотасында бес рет арнайы экспедициялар ұйымдастырды. Экспедиция барысында туристік маршруттар бойындағы тапталған топырақ қабатының қалыңдығын арнайы әдістермен өлшеу, ластанған топырақтан сынама алу, және жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізу жұмыстары орындалды. Туризмнің әсерінен зақымдалған аумақтардың географиялық координаттары Моңғолия Ғылым академиясы География және Геоэкология институтының жанындағы ArcGIS–қашықтан зондтау зертханасында өңделіп, картографиялау жүргізілді. Зерттеу барысында жасалған барлық карталар мен кеңістіктік деректер осы зертханада әзірленді. Топырақтағы ауыр металдардың мөлшерін анықтау жұмысы Улаанбаатар қаласындағы Нарт химиялық зертханада орындалды. Жалпы алғанда, топырақтағы ауыр металдарды анықтау жұмыстарынан басқа барлық деректерді өңдеу, сауалнама нәтижелерін талдау, сызбалар мен есептеулерді жасау, математикалық модельдеу және картографиялау жұмыстарының барлығын автор өзі орындады. Диссертациялық зерттеу барысында ArcGIS 20.1, QGIS 3.7.1, ENVI программаларын картографиялау мен кеңістіктік талдауда, ал көміртегі шығарындыларын есептеу IPCC 2006 халықаралық әдістемесі де пайдаланылды. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы: Зерттеу нәтижелері төмендегі аталған ғылыми басылымдарда жарияланды: 1) Sustainability, –2025, Volume 17, issue 15, 6702. –бет. 1–19 https://doi.org/10.3390/su17156702 2) Sustainability, –2025, Volume 17, issue 17, 7870. –бет. 3–17 https://doi.org/10.3390/su17177870 3) Journal of Environmental Management and Tourism, –2023., Volume 14, Spring), 1(65): –бет. 283 – 292. https://doi.org/10.14505/jemt.v14.1(65).27 4) Әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің хабаршы журналы, Экология сериясы, –2024. №4 (73). –бет. 37–49. https://doi.org/10.26577/EJE.2022.v73.i4.04 5) Әл–Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің хабаршы журналы, Экология сериясы, –2024. №4 (73). –бет. 37–49. https://doi.org/10.26577/EJE.2022.v73.i4.04 6) Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының мерзімдік ғылыми–техникалық журналы, –2023. №1(93). –бет. 15–24. https://doi.org/10.52676/1729-7885-2023-1-5-24 7) Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының мерзімдік ғылыми–техникалық журналы, –2024. №4(100). –бет. 21–34. https://doi.org/10.52676/1729–7885–2024–4–36–42 Диссертацияның құрылымы мен көлемі: Жалпы 180 жазба беттен, соның ішінде кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, 35 кесте, 81 суреттен, пайдаланылған зерттеулер тізімі 299 атаудан және 4 қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=OC2z90yvU14
