
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кожиков Марат Талгатович «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстан Республикасының парниктік газдар шығарындылары сауда жүйесі шеңберіндегі СО2 шығарындыларын есептеудің ғылыми-әдістемелік негіздері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қоршаған ортаны қорғау саласында басқару және инжиниринг кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Диханбаев Баянды Ибрагимович – техника ғылымдарының докторы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің жылуэнергетика кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Корганбаев Бауржан Ногайбаевич – техника ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің технологиялық машиналар мен жабдықтар кафедрасының профессоры (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Канаев Ашимхан Токтасынович – биология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Биоалуантүрлілік және биоресурстар» кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Бахов Жумабек Кубеевич – техника ғылымдарының докторы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің экология кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Катерина Романова – техника ғылымдарының кандидаты, Украинаның ұлттық техникалық университеті «Игорь Сикорский атындағы Киев политехникалық институты» жылу және баламалы энергетика кафедрасының доценті, Атомдық және жылу энергетикасы оқу-ғылыми институтының халықаралық байланыстар жөніндегі директордың орынбасары (Киев қ., Украина).
Ғылыми кеңесшілері:
Капсалямов Бауыржан Ауесханович – техника ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы басқару және инжиниринг» кафедрасының профессоры.
Хлобыстов Евгений Владимирович – экономика ғылымдарының докторы, Ұлттық «Киево-Могилян академиясы» университеті экология кафедрасының профессоры (Киев, Украина).
Қорғау 2026 жылғы 13 наурыз, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» мамандығы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://twi.kz/GGC3j
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 13, №3 оқу ғимараты №333 аудиториясы.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі. Антропогендік парниктік газдар (ПГ) шығарындыларының артуынан туындаған жаһандық климаттың өзгеруі қазіргі заманғы дамудың негізгі сын-қатерлерінің бірі болып қала береді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясын, Киото хаттамасын және Париж келісімін ратификациялай отырып, 1990 жылмен салыстырғанда 2030 жылға қарай ПГ шығарындыларын 15–25%-ға қысқарту жөнінде міндеттемелер қабылдады. Бұл ретте негізінен көмірге негізделген энергетика секторы ұлттық көміртек ізінің үштен екісінен астамын қалыптастырады. Осындай жағдайларда парниктік газдар шығарындылар сауда жүйесінің (ПГ ШСЖ) тиімді жұмыс істеуі және халықаралық міндеттемелердің орындалуы электр энергетикасындағы шығарындыларды дұрыс есептеуге тікелей байланысты. Мұндай есептеулердің негізгі құралы – электр желісі үшін ұлттық СО₂ шығарындыларының коэффициенті болып табылады, ол өндірілген немесе тұтынылған электр энергиясының бірлігіне шаққандағы нақты шығарындылар деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш бірнеше себептер бойынша аса маңызды: – ол ПГ ШСЖ шеңберінде кәсіпорындардың электр энергиясын тұтынудан туындайтын шығарындыларды есептеудің негізі болып табылады. Әсіресе, желіден тұтынылатын электр энергиясын пайдалану арқылы өнім өндіру кезіндегі СО₂-нің жанама шығарындыларын есептеу үшін аса қажет; – жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) мен энергия үнемдеу жобаларын негіздеу кезінде, сондай-ақ халықаралық климаттық механизмдерге қол жеткізу барысында қолданылады; – ұлттық деректердің халықаралық практикамен салыстырмалылығы мен верификациялануын қамтамасыз етеді; – декарбонизация әсерін бағалау және мемлекеттік деңгейде ұзақ мерзімді энергетикалық саясатты қалыптастыру құралы ретінде қызмет етеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда СО₂ электржелілік бірыңғай, ғылыми негізделген ұлттық коэффициент жоқ. Орташа халықаралық немесе өңірлік коэффициенттерді қолдану ұлттық отын-энергетикалық баланстың нақты ерекшеліктерін көрсетпейді және шығарындыларды түгендеудің бұрмалануына әкеледі, бұл климаттық саясаттың тиімділігін төмендетіп, елдің халықаралық көміртек нарықтарына қатысуын шектейді. Бұл мәселе электр энергиясын өндіру құрылымында айтарлықтай өңірлік айырмашылықтары бар Қазақстан үшін ерекше өзекті. Осылайша, халықаралық әдістемеге негізделген және ұлттық жағдайларға бейімделген Қазақстанның электр желісі үшін СО₂ шығарындыларының ұлттық коэффициентін әзірлеу – өзекті ғылыми және қолданбалы міндет болып табылады. Бұл ПГ ШСЖ шеңберіндегі есептеулер үшін сенімді базаны қалыптастыруға, ұлттық ПГ түгендеуінің сапасын арттыруға, ЖЭК пен энергия үнемдеу жобаларын ынталандыруға негіз құруға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық климаттық келіссөздер мен көміртек саудасындағы ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді. Диссертациялық зерттеудің объектісі – электр энергетикалық желінің CO₂ эмиссия коэффициенттерін есептеуге арналған халықаралық деңгейде мойындалған ғылыми-әдістемелік тәсілдер мен құралдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының парниктік газдар шығарындылары саудасы жүйесі (ПГ ШСЖ) аясында халықаралық әдістерді қолдану жағдайларына бейімдеудің ғылыми аспектілері болып табылады. Зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасының ұлттық электр энергетикалық желісі үшін CO₂ эмиссиясының сенімді коэффициенттерін есептеу мақсатында CDM Tool 07 әдістемелік негізін қолдану және ПГ ШСЖ үшін эмиссиялық коэффициенттердің ғылыми негізделген есептік моделін әзірлеу. Қойылған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер айқындалды: 1. Қазақстан Республикасының электр желісі үшін ұлттық CO₂ коэффициентін есептеудің қажеттілігін ПГ ШСЖ талаптарын, Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін, сондай-ақ елдің отын-энергетикалық кешенінің ерекшеліктерін ескере отырып негіздеу. 2. Көпфакторлы салыстырмалы талдау негізінде электр желісінің меншікті CO₂ эмиссия коэффициентін есептеуге арналған халықаралық әдістемелерді таңдау және бейімдеу бойынша ғылыми негізделген тәсілді әзірлеу. 3. Қазақстанның электр энергетикалық желісі үшін ұлттық CO₂ шығарындылары коэффициенттерін анықтау мақсатында CDM Tool 07 әдіснамасын қолдану және бейімдеу. 4. Қазақстанның энергетикалық секторы жағдайында есептік модель әзірлеу және нақты жоба мысалында алынған нәтижелердің ПГ ШСЖ-де қолданылуының практикалық мүмкіндігін көрсету. 5. Электр энергетикасы секторында ПГ ШСЖ-ні жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығын негіздеу. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасының академиялық тәжірибесінде алғаш рет ұлттық ПГ ШСЖ контексінде электр энергетикалық желінің CO₂ эмиссиясының меншікті коэффициенттерін есептеу әдістемесін әзірлеуге бағытталған кешенді ғылыми-әдістемелік зерттеу болып табылады. Қазақстан Республикасының электр желісінде әрекет ететін және жаңа генерация паркі үшін электр энергиясының CO₂ шығарындылары коэффициенттері есептелді. Қазақстанның үш энергетикалық аймағы үшін электр желісінің CO₂ эмиссия коэффициенттеріне сандық бағалау жүргізілді. Ұлттық статистикалық деректер мен энергетикалық кәсіпорындардың есептік ақпараттары негізінде аралас CO₂ шығарындылары коэффициенті есептеліп, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жобаларының декарбонизациялық әлеуетін бағалау үшін өзекті бірегей эмиссиялық мәндер қалыптастырылды. Ел көлемінде және жекелеген энергетикалық аймақтар үшін CO₂ эмиссия коэффициенттерін (OM, BM, CM) есептеуге және оларды тұрақты түрде жаңартуға мүмкіндік беретін есептік модель әзірленіп, ұсынылды. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы Қазақстан жағдайында алғаш рет ұлттық электр энергетикалық желінің CO₂ эмиссия коэффициентін есептеуге арналған, тұтастай ел бойынша және оның үш энергетикалық аймағы бойынша қолдануға мүмкіндік беретін есептік модельдің әзірленуімен айқындалады. Бұл құрал халықаралық деңгейде верификацияланған есептеу рәсіміне негізделген және энергетикалық кәсіпорындардың нақты деректерін пайдаланатындықтан, ғылыми тұрғыдан сенімді болып табылады. Модель электр энергиясын тұтынуға байланысты жобалар мен іс-шаралардың энергия тиімділігіне сценарийлік есептеулер жүргізуге, ең жоғары және ең төмен көміртек сыйымдылығы бар аймақтар мен өндірістерді анықтау мақсатында өңірлік талдау жасауға, энергия тиімділігі мен климаттық шаралардың экономикалық әсерін бағалауға, сондай-ақ электр энергетикасының төменкөміртекті деңгейін айқындайтын индикатор ретінде қызмет етуге мүмкіндік береді. Әзірленген есептік модель мен алынған коэффициенттер ғылым үшін іргелі мәнге ие, себебі олар халықаралық әдістемелік тәсілдерді толықтырады, ұлттық бейімдеу мүмкіндіктерін көрсетеді және көміртек ізін модельдеу, декарбонизация әлеуетін бағалау, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын мониторингтеу, есептілік және верификациялау (MRV) жүйесін жетілдіру саласындағы одан әрі зерттеулерге негіз қалайды. Осылайша, зерттеу нәтижелері климаттық реттеу теориясының дамуына үлес қосып, ұлттық әдістемелерді халықаралық шығарындыларды есепке алу тәжірибесіне интеграциялаудың жаңа бағыттарын негіздейді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы есептелген CO₂ шығарындылары коэффициенттерінің Қазақстанның ПГ ШСЖ үшін қолданбалы құндылығымен айқындалады. Оларды пайдалану корпоративтік және ұлттық деңгейде эмиссияларды есептеу дәлдігін арттыруға, квоталау үшін бенчмарктер қалыптастыруға және ЖЭК пен энергия үнемдеу жобаларын ынталандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ұлттық коэффициенттер экспортқа бағдарланған салалардағы электр энергиясын тұтынудан туындайтын жанама шығарындыларды есепке алуға негіз болады, бұл трансшекаралық көміртек реттеу (CBAM) енгізу жағдайында ерекше өзекті. Практикалық құндылық сондай-ақ әзірленген есептік модельді мемлекеттік органдар, энергетикалық компаниялар, аудиторлар және зерттеу орталықтары климаттық саясатты және декарбонизация бағдарламаларын іске асыру барысында пайдалану мүмкіндігінде көрініс табады. Зерттеу әдістері. Зерттеуде энергетикалық сектордағы CO₂ шығарындыларын генерациялау және есепке алу процестерін институционалдық, технологиялық және экономикалық факторларды ескере отырып кешенді қарастыруға негізделген жүйелік тәсіл қолданылды. Ғылыми талдау мен синтез әдістері, деректерді өңдеудің статистикалық әдістері, сондай-ақ CO₂ эмиссиясының меншікті коэффициенттерін есептеуге және оларды Қазақстан жағдайына бейімдеуге бағытталған математикалық модельдеу элементтері пайдаланылды. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: 1. CO₂ эмиссия коэффициенттерін есептеуге арналған халықаралық әдістемелерді таңдау және бейімдеу бойынша көпфакторлы салыстырмалы талдауға негізделген ғылыми негізделген тәсіл ұсынылып, CDM Tool 07 әдістемесінің Қазақстан жағдайына ең қолайлы екені анықталды. 2. Халықаралық стандарттарды ұлттық генерация құрылымының ерекшеліктерімен интеграциялауға негізделген CDM Tool 07 әдістемесі бойынша Қазақстанның электр энергетикалық желісі үшін CO₂ шығарындылары коэффициенттерін есептеу әдісі қолданылып, бейімделді. 3. Қазақстанда алғаш рет электр энергетикалық желінің CO₂ шығарындылары коэффициенттерін тұрақты қайта есептеуге арналған, барлық бастапқы деректер мен алгоритмдердің ашық жариялануын қамтамасыз ететін есептік модель ұсынылып, іске асырылды. Қазақстанның электр энергетикасы үшін аймақтық және ұлттық CO₂ эмиссия коэффициенттерінің эмпирикалық мәндері есептеліп, верификацияланды: – Солтүстік аймақ: OM = 1,0171 тCO₂/МВт·сағ, BM = 1,2316 тCO₂/МВт·сағ, CM = 1,0708 тCO₂/МВт·сағ; – Оңтүстік аймақ: OM = 0,5482 тCO₂/МВт·сағ, BM = 0,7051 тCO₂/МВт·сағ, CM = 0,5874 тCO₂/МВт·сағ; – Батыс аймақ: OM = 0,8617 тCO₂/МВт·сағ, BM = 0,9102 тCO₂/МВт·сағ, CM = 0,9331 тCO₂/МВт·сағ; – Ұлттық деңгей: OM = 0,9343 тCO₂/МВт·сағ, BM = 0,9830 тCO₂/МВт·сағ, CM = 0,9465 тCO₂/МВт·сағ. 4. Әзірленген коэффициенттердің практикалық маңыздылығы дәлелденіп, экономикалық әсер есептелді және алынған нәтижелер халықаралық деректермен салыстырмалы талдаудан өткізілді. 5. Қазақстан Республикасының ПГ ШСЖ жұмысын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді. Докторанттың жарияланымдарды дайындауға қосқан үлесі. Диссертациялық зерттеу аясында алынған негізгі нәтижелер ғылыми журналдар мен жинақтарда жарияланды: Web of Science Core Collection және Scopus дерекқорларына кіретін халықаралық рецензияланатын журналдарда – 2 мақала 1. Greenhouse Gas Trading Scheme in the Republic of Kazakhstan - Seven Years from Its Creation, Problems and Solutions // Journal of Environmental Management and Tourism. – 2022. – Vol. 5(61). – Р. 1321-1338. 2. Community-Centric Carbon Reduction Initiatives and Their Impact on Grid Emission Factors: A Case Study in Kazakhstan // Pol. J. Environ. Stud. – 2024. – Vol. 33, №5. – Р. 1-11. Уәкілетті орган ұсынған басылымдарда – 3 мақала: 3. Переход от традиционной энергетики к возобновляемым источникам энергии (ВИЭ): оценка вклада ВИЭ в сокращение эмиссий парниковых газов на примере Ерейментауской ветровой электростанции (ВЭС) // Вестник КазНУ. Серия Экологическая. – 2022. – №72(3). – С. 33-40. 4. Потенциал и перспективы интеграции транспортного сектора Республики Казахстан в систему торговли выбросами // Вестник КазНУ. Серия Экологическая. – 2024. – №4(81). 5. Определение углеродного следа в рамках оценки жизненного цикла электрической энергии в Республике Казахстан // Горение и плазмохимия. – 2024. – №22. – С. 99-107. Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар материалдарында – 1 баяндама: 6. Эмиссии парниковых газов в Республике Казахстан и перспективы их снижения // Материалы ХV Международной научной конференция студентов и молодых ученых «ǴYLYM JÁNE BILIM – 2020», Секция 3 Естественные науки, Евразийский Национальный Университет им. Л.Н. Гумилева, Нур-Султан, с. 914-917. Сонымен қатар, докторант Қапсалямов Б.А.-мен бірлесіп «Экология және табиғатты пайдалану» білім беру бағдарламалары үшін Қазақстан Республикасының энергетикалық секторы бойынша CO₂ эмиссиясының меншікті коэффициенттерін есептеу әдістемесін әзірледі, ол Еуразия ұлттық университетінің тиісті кафедрасында бекітілді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=QdvRxH40mjA
