
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Рустемова Әсел Досымғалиқызы «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақтың ұсақ шоқылары территориясындағы Adonis volgensis Steven ex DС. экологиялық және биологиялық ерекшеліктері мен түрішілік генетикалық өзгергіштігі» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қоршаған ортаны қорғау саласында басқару және инжиниринг кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сатыбалдиева Гульмира Калмашевна – биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Ауыл және орман шаруашылығы институтының директоры (Қазақстан Республикасы, Астана қ);
Құлымбет Қанат Қайратұлы – философия докторы (PhD), Ө.О. Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының «Экология почв» (Топырақ экологиясы) бөлімінің ғылыми қызметкері. (Қазақстан Республикасы, Алматы қ.).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Исаева Акмарал Умурбековна – биология ғылымдарының докторы, профессор, ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор, экология және биология ҒЗИ директоры;
Курманбаева Айгуль Сапарбековна – биология ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің Тау-кен ісі, құрылыс және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры;
Усупбаев Адилет Кыдыкбекович – биология ғылымдарының докторы, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы (ҚР ҰҒА) Биология институтының Геоботаника және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар зертханасының меңгерушісі.
Ғылыми кеңесшілері:
Мухтубаева Сауле Какимжановна – Астана ботаникалық бағының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (Қазақстан Республикасы, Астана қ.).
Банаев Евгений Викторович – РҒА Сібір бөлімшесінің Орталық Сібір ботаникалық бағының Дендрология зертханасының меңгерушісі, биология ғылымының докторы (Ресей Федерациясы, Новосибирск қ.).
Қорғау 2026 жылғы 30 қазан, сағат 11:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/434022639962466?p=7sBn96hE1az1ZC0qZR
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтпаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимараттың №302 аудиториясы.
Аңдатпа (қаз.): Қазіргі жағдайдағы антропогендік әсердің күшеюі мен жаһандық климаттық өзгерістер кезінде биологиялық алуантүрлілікті сақтау мәселесі шешуші болып табылады. 2019 жылы жарияланған биоалуантүрлілік пен экожүйелік қызметтер жөніндегі Үкіметаралық платформаның мәліметтері бойынша тірі ағзалардың шамамен 1 млн түрі алдағы онжылдықта жойылып кету қаупі бар. Оған себеп болатын негізгі жағдайлар: тіршілік ету ортасының бұзылуы, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы және табиғат ресурстарын шектен тыс қолдану. Өсімдіктер әлеміне ерекше назар аударылады, себебі, өсімдіктер экожүйелердің жұмыс істеуінің негізі болып табылады. Royal Botanic Gardens, Kew. «State of the World’s Plants and Fungi» есебіне сәйкес әлемдегі өсімдік түрлерінің шамамен 40%-ы жойылып кету қаупі бар. Бұл деректер флораның осалдығының жоғары дәрежесін және оны кешенді зерттеу мен қорғаудың қажеттілігін көрсетеді. Қазақтың ұсақ шоқысы территориясындағы ботаникалық зерттеулердің ерекше кезеңінде Орталық Қазақстан аумағында КСРО ҒА ұйымдастырған бірнеше кешенді экспедициялар жүргізілді: «Жаңа игерілген жерлер бойынша кешенді экспедиция» 1954-1955 жж., «КСРО ҒА Зоологиялық және Ботаникалық институттарының биокешенді экспедициясы» 1957-1959 жж. мен 1961 ж., «Ботаникалық институттың Н.Н. Цвелев және Р.В. Камелин, В.И. Грубов, А.А. Юннатов ботаниктарының Шығыс Қазақстандық экспедициясы». Осы экспедициялық жұмыстардың нәтижесі бойынша З.В.Кармышева мен Е.И.Рачковская Орталық Қазақстанның далалы аймағының өсімдік түрлерінің конспектін құраған. Аймақ флорасының сирек өкілдеріне Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек кездесетін, дәрілік және сәндік өсімдік болып табылатын Adonis volgensis жатады. Түр жүрек, бүйрек және жүйке-психикалық ауруларды емдеу үшін дәрілік шикізат ретінде қолданылады. Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, Adonis volgensis популяциясы тұрақсыздықпен және азаю тенденциясымен сипатталады. Бұл антропогендік факторларға (өсімдіктерді жинау, тіршілік ету ортасының бұзылуы, мал жайылымы) және түрдің биологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Бұл түрдің тұқым өнімділігі төмен және тұқымның тыныштық кезеңінің ұзақ болуымен ерекшеленетіні анықталды. Соның салдарынан түрдің табиғи қалпына келу қабілеті шектеулі. Зерттеу нысаны ретінде Қазақтың ұсақ шоқысы аймағында өсетін Adonis volgensis Stev.ex DC. табиғи ценопопуляциялары зерттелді. Зерттеу пәні: Қазақтың ұсақ шоқысы аймағындағы Adonis volgensis Stev.ex DC. түрінің экологиялық-биологиялық ерекшеліктері. Зерттеудің мақсаты: сирек кездесетін Adonis volgensis дәрілік өсімдігінің популяциясының қазіргі жағдайын, таралуын және түрішілік анатомиялық морфологиялық өзгергіштігін зерделеу және оларды Қазақтың ұсақ шоқысы аумағында сақтау жөніндегі іс-шараларды әзірлеу. Зерттеу міндеттері: 1. Adonis volgensis Stev.ex DC. популяцияларының географиялық таралуын далалық зерттеулер, ірі отандық және шетелдік гербарий қорларының 8 гербарий материалдарын қайта қарау негізінде зерттеу, олардың ArcGIS-тегі Қазақтың ұсақ шоқысы аумағында орналасуының карта схемасын жасау. 2. Қазақтың ұсақ шоқыларындағы Ақмола мен Қарағанды облыстары территориясындағы Adonis volgensis Stev.ex DC. популяциялық-сандық көрсеткіштері мен экологиялық-фитоценотиптік сипаттамаларын зерттеу. 3. Қазақтың ұсақ шоқыларындағы Ақмола мен Қарағанды облыстары аймағында өсетін Adonis volgensis Stev.ex DC. түрінің анатомиялық морфологиялық популяция аралық дифференциациясы, генетикалық өзгергіштік негізінде түрішілік фенотиптік өзгергіштігін бағалау. 4. Adonis volgensis Stev.ex DC. популяцияларының қазіргі жағдайына теріс әсер ететін шектеуші факторларды анықтау. 5. Қазақтың ұсақ шоқысы аумағында өсетін сирек кездесетін Adonis volgensis Stev.ex DC. түрінің зерттелген популяциясын сақтау бойынша ұсыныстар әзірлеу. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Қазақтың ұсақ шоқылары аумағында сирек кездесетін түр Adonis volgensis Steven ex DC. түрішілік өзгергіштігі туралы заманауи анатомиялық әдістерді қолдана отырып зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар, осы жұмысты орындау барысында сирек кездесетін түрдің табиғи өсу орындары, морфологиясы, популяциялардың экологиялық-фитоценологиялық сипаттамалары, көбеюі туралы жаңа мәліметтер алынды. Популяциялардың қазіргі жағдайы мен сирек кездесетін Adonis volgensis Steven ex DC. түрінің фенотиптік өзгергіштігі зерттелді. Диссертациялық жұмысты орындау қазіргі заманғы анатомиялық және геоботаникалық әдістерді қолдана отырып жүзеге асырылды. Қазақтың ұсақ шоқысы жағдайында Adonis volgensis Steven ex DC. популяцияларының жағдайына әсер ететін шектеуші факторлар талданып, түрдің осалдығын айқындайтын негізгі экологиялық шектеулер мен стрессорлық әсерлер анықталды. ArcGIS геоақпараттық жүйесін пайдалана отырып алғаш рет Adonis volgensis Steven ex DC. популяцияларының қазіргі географиялық таралуы картографияланды. Жұмыстың теориялық маңыздылығы. Нәтижелер сирек кездесетін дала түрлерінің генетикалық құрылымы мен олардың табиғи популяцияда бейімделу қабілетін қалыптастыруда абиотикалық және биотикалық факторлардың рөлі туралы түсініктерді толықтырады. Adonis volgensis Steven ex DC. фитохимиялық құрамын зерттеу сирек кездесетін дала түрлеріндегі метаболикалық жүйелердің жұмыс істеу заңдылықтарын түсінуді тереңдетіп қана қоймай, ботаниканың, экологияның, физиологияның және өсімдіктердің эволюциялық биохимиясының теориялық аспектілерінің дамуына ықпал етеді. Adonis volgensis Steven ex DC. интродукциялау сирек кездесетін және жоғары мамандандырылған дала түрлерінің жаңа өсу жағдайларына бейімделуінің биологиялық және экологиялық негіздерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Интродукция процесін зерттеу қоршаған орта факторларының өзгеруіне жауап ретінде тұрақтылық пен икемділікті қалыптастыру механизмдерін ала отырып, акклиматизация және бейімделу биологиясы теориясының жалпы ережелерін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, интродукциялау нәтижелері дала эфемероидтарының бейімделу потенциалының заңдылықтарын теориялық негіздеуге және түрдің табиғи ортасынан тыс жерлерде тіршілік етуін шектейтін маңызды факторларды анықтауға мүмкіндік береді. Интродукциялық зерттеулердің нәтижелері түрдің онтогенетикалық өзгергіштігі, жаңа жағдайлардың түрдің морфогенезі мен репродуктивті биологиясына әсері туралы білімді толықтырады. Фенологиялық фазалардың өзгеруін, генеративті және вегетативті көбею ерекшеліктерін, сондай-ақ қоршаған ортаның стресстік факторларына төзімділікті бақылау сирек кездесетін түрлердің бейімделу страгтегияларының негізінде жатқан заңдылықтарды нақтылауға мүмкіндік береді. Adonis volgensis Steven ex DC. интродукциясы сирек кездесетін дәрілік өсімдіктердің бейімделу механизмдері, эволюциялық икемділігі және экологиялық-биологиялық ерекшеліктері туралы білімді тереңдету, интродукциялық биология мен өсімдік ресурстарын қорғаудың тұжырымдамалық негіздерін дамытуда маңызды болып табылады. Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу жұмысынан алынған нәтижелер сирек кездесетін дәрілік түрдің қазіргі жағдайы туралы ақпараттық базаны кеңейтеді және дала экожүйелерінің флорасын қорғаудың аймақтық бағдарламаларын құруға негіз бола алады. Популяциялардың генетикалық құрылымының белгіленген көрсеткіштері жасанды және жартылай табиғи жағдайларда түрдің репродуктивті және интродукциялық көбеюінің оңтайлы стратегияларын қалыптастыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Зерттеу материалдары сирек кездесетін және дәрілік өсімдіктердің коллекциялық және интродукциялық учаскелерін құруда, ботаникалық бақтар, ғылыми станциялар және фармацевтикалық шаруашылықтар жағдайында Adonis volgensis Steven ex DC. өсіру бойынша агротехникалық ұсыныстарды қалыптастыруда пайдаланылуы мүмкін. Бұл түрдің табиғи ресурстарын сақтап қана қоймай, медицина және фармацевтика өнеркәсібі үшін өсімдік шикізатының балама көзін құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері білім беру процесінде «Ботаника», «Экология», «Генетика», «Өсімдіктер әлемін қорғау» және «Өсімдіктер интродукциясы» пәндері бойынша оқу-әдістемелік материалдарды дайындау кезінде қолданылуы мүмкін. Осылайша, бұл жұмыстың практикалық маңыздылығы Adonis volgensis Steven ex DC. сақтау және ұтымды пайдалану үшін ғылыми базаны құру болып табылады, сондай-ақ оның нәтижелерін табиғатты қорғау, шаруашылық және білім беру қызметінде қолдану болып табылады. Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар. 1. Қазақтың ұсақ шоқысы территориясының топырақ жамылғысынң сынамалары алынып, олардың құрамындағы ауыр металдардың (Pb, Cu, Co, Cr, Cd) үлесі анықталды. Бұл зерттеу нысаны болып табылатын Adonis volgensis Steven ex DC. аймақта өсуіне әсерін бағалауда маңызды орын алды. Ауыр металдардың және силикаттардың құрамы топырақтың қазіргі жағдайы мен техногендік жүктемесінің дәрежесін сипаттауға мүмкіндік берді. 2. Гербарий үлгілерін қайта қарау арқылы Adonis volgensis Steven ex DC. жалпы 15 флористикалық аймақта таралып зерттелген, бірақ оның ішінде Ақтөбе, Тобыл-Есіл, Батыс ұсақ шоқысы аудандарында кеңінен таралып, зерттелгендігін дәлелдеуге болады. Әртүрлі жылдарда жинақталған үлгілер арқылы түрдің таралу аймақтарының динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. 3. Adonis volgensis Steven ex DC. анатомиялық-морфологиялық зерттеу жұмыстары микроскопиялық әдістің көмегімен өсімдік жапырағын, сабағын және тамырын талдау арқылы жүзеге асты. 4. Түрдің фитохимиялық құрамын зерттеу жүзеге асырылды. Adonis volgensis өсімдігінің этанол сығындысының (Ad.Q.4) құрамының компоненттері: xylitol (37.85%), 9,12,15-Octadecatrienoic acid, (Z,Z,Z)- (13.50%), 2-Propenoic acid, 2-methyl-, pentyl ester (5.92%), Stigmasterol (5.88%), 9,12,15-Octadecatrienoic acid, ethyl ester, (Z,Z,Z)- (4.30%), Hexadecanoic acid (4.30). 5. Adonis volgensis өсімдігі сығындыларындағы фенол мен флавоноидтардың жалпы мөлшері Фолина Чокалтеу әдісі арқылы анықталған, бұл компоненттердің мөлшері 32,14 тен 86,66 GAE/г дейін айтарлықтай өзгеріп отырған. 6. Түрдің онтогенезі мен жас құрылымын талдау барысында Қазақтың ұсақ шоқысы территориясында 12 ЦП зерттелді. Оларды зерттеу мынандай сипаттамаларға негізделді: ЦП орналасқан жері; координаттары; ЦП құрылған өсімдіктер қауымдастығы; өсімдіктер жамылғысына әсер ететін экологиялық фактор; фитоценоздағы доминантты түрлер. 7. бастапқы Астананың ботаникалық бағында Adonis volgensis Steven ex DC. интродукциялау жұмысында фенологиялық бақылаулардың нәтижелері: сабақтарының биіктігі 7-ден 9 см дейін; жапырақтарының саны 3 11 тен 7 дейінгі аралықты қамтыды; жоғарғы жағындағы жапырақтарының ұзындығы 11–15 см болса, төменгілері 10–12 см болды. Автордың жеке үлесі. Қазақтың ұсақ шоқысы аймағында далалық зерттеулер жұмыстарын жүргізе отырып гербарий және тұқым материалдарын жинауды жүзеге асырды. Сонымен қатар, зерттелген ценопопуляцияларды сипаттай отырып, Adonis volgensis Steven ex DC. фенологиялық бақылаулар жүргізді, сондай-ақ түрдің мекендейтін жерлерінің экологиялық сипаттамаларын тіркеді. Зерттелетін аймақтағы Adonis volgensis популяциясының генетикалық дифференциациясының дәрежесі мен түрішілік өзгергіштік заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік беретін морфологиялық, экологиялық және молекулалық генетикалық деректердің салыстырмалы талдауы жүргізілді. Биологиялық белсенді заттардың сапалық құрамын анықтау және популяциялар арасындағы мүмкін айырмашылықтарды анықтау мақсатында өсімдік материалына фитохимиялық талдау жасалды. Ботаникалық бақ жағдайында түрдің интродукциялық сынау әдістемесі әзірленді және іске асырылды. Интродукцияланған өсімдіктердің тіршілік етуіне, өміршеңдігіне, гүлдеуі мен тұқым өнімділігіне баға берілді. Далалық, зертханалық және аналитикалық кезеңдердің нәтижелерін интеграциялау жүргізілді. Adonis volgensis Steven ex DC. табиғи популяцияларының қазіргі жағдайы, құрылымы мен сақталу деңгейі туралы тұжырымдар жасалды, сонымен қатар, түрді сақтау туралы ұсыныстар жасалды. Жарияланымдар. Диссертацияның мазмұны 4 баспа жұмысында қарастырылған. Одан басқа Қостанай облысының және «Бұйратау» МҰТП өсімдіктер жамылғысы туралы халықаралық конференция журналдарында және Scopus базасында мақалалар жарық көрді. 1. Zhumagul, M.Z.; Mukhtubayeva, S.K.; Kubentayev, S.A.; Izbastina, К.S.; Abubakirova, N.B.; Rustemova, A.D. A study of the cenopopulations and ontogenetic structure of Adonis volgensis in the Akmola region // Қарағанды Университетінің Хабаршысы «Биология.Медицина. География» сериясы – 2023. – №4(112) – C. 159-166 2. Kenzhina, К.D.; Rustemova, A.D.; Tuleshova, K.A.; Zhangozhina, G.M.; Amanzholov, A.I.; Turlibekova, G.K. Features of the distribution of vegetation cover depending on the physical and geographical location of the northern part of the Kazakh Uplands // Қарағанды Университетінің Хабаршысы «Биология.Медицина. География» сериясы – 2024. – 4(116) - C. 205-211 3. Moldir Zhumagul, Anar Myrzagaliyeva, Saule Mukhtubayeva, Saule Baibossynova, Ainur Zhanbyrbayeva, Kairat Akhmetov, Assel Rustemova, Assemgul Bekturova. Molecular genetic analysis of gene pools of rare and endangered plant species Adonis L. of Northern Kazakhstan // Caspian Journal of Environmental Sciences, Vol. 22 No. 4 pp. 913-918. Online ISSN: 1735-3866. Print ISSN: 1735-3033 4. Serik Kubentayev, Shukherdorj Baasanmunkh, Daniyar Alibekov, Dong Chan Son, Zagarjav Tsegmed, Anar Myrzagaliyeva, Moldir Zhumagul, Assel Rustemova, Saule Mukhtubayeva, Balsulu Kubentayeva, Hyeok Jae Choi. A 12 taxonomic revision of Adonis (Ranunculaceae) in Kazakhstan // Italian Botanist 20 (2025) https://doi.org/10.3897/italianbotanist.20.159425 Диссертацияның құрылымы. Диссертация 133 беттен тұрады және белгілер мен қысқартуларды, кіріспені, әдебиеттерге шолуды, материалдар мен әдістерді, нәтижелер мен талқылауды, қорытындыны және пайдаланылған 155 дереккөздерді қамтиды; сонымен қатар 26 кесте, 48 сурет және қосымшадан тұрады. Кілт сөздер: Adonis volgensis, Қазақтың ұсақ шоқысы, сирек кездесетін өсімдік түрлері, ценопопуляциялар, популяциялық құрылым, онтогенез, морфологиялық өзгергіштік, генетикалық өзгергіштік, түрішілік өзгергіштік, экологиялық факторлар, фитоценоз, географиялық таралу, интродукция, биоалуантүрлілікті сақтау, өсімдіктерді қорғау.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/YDfuh1xy59c?si=3rGwWSNWnEMSWc63
