
«8D05208 - Экология және табиғатты пайдалану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Панғалиев Ербол Махамбетұлы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Панғалиев Ербол Махамбетұлы «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» білім беру бағдарламасы бойынша «Орталық Қазақстандағы көлдердің эволюциясы және экологиялық мәселелері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қоршаған ортаны қорғау саласында басқару және инжиниринг кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Канаев Ашимхан Токтасынович - ғылым докторы, профессор
АУБАКИРОВА БАХЫТ НУПБАЕВНА - философия докторы (PhD)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Бахов Жумабек Кубеевич - ғылым докторы, профессор
Дускаев Касым Коянбаевич - ғылым кандидаты, доцент, профессор
Gamze Yildiz - философия докторы (PhD), доцент
Ғылыми кеңесшілері:
Акбаева Ляйля Хамидуллаевна – биология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Қоршаған ортаны қорғауды басқару және инжиниринг» кафедрасының профессоры м.а. (Қазақстан Республикасы, Астана қ.)
Эмин Атасой – философия докторы PhD, Бурса Ұлыдаг университетінің, педагогика факультеті профессоры (Түркия, Бурса қ.)
Қорғау 2024 жылғы 23 желтоқсан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05208 – Экология және табиғатты пайдалану» мамандығы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: http://surl.li/zczvci
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 13, №3 оқу-әкімшілік ғимараттың № 333 аудиториясы
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі. Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасындағы су ресурстарының мәселелері су тапшылығының, климаттың өзгеруінің, географиялық орналасуының және антропогендік әсердің салдарынан ерекше өзектілікке ие болды. «Қазақстан 2050» стратегиясында маңызды басымдықтардың бірі Қазақстандағы су мәселесін шешу деп танылған. Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы он жылда жаһандық су тапшылығын болжайды. 2030 жылға қарай әлемде су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін. Қазақстан Республикасы аумағының көп бөлігінің гидрографиялық желісі нашар дамыған және су объектілірінің саны салыстырмалы түрде аз, сондықтан жер беті суларының жалпы аумағын, олардың морфологиялық көрсеткіштерінің өзгеру динамикасын есепке алу өте маңызды. Қазіргі кезге дейін гидрологтар мен экологтардың алаңдаушылығын негізінен ірі су объектілері мен өзендердегі өзгерістер тудырды. Алайда, орта және шағын көлемді көлдердің жағдайына жеткілікті көңіл бөлінбеді. Көлдер микроклиматқа, іргелес экожүйелердің әл-ауқатына үлкен әсер етеді және рекреациялық және экономикалық құндылыққа ие. Қазіргі уақытта Қарағанды және Ұлытау облыстарын қамтитын Орталық Қазақстан аумағы бүкіл Қазақстан Республикасы үшін ауыл шаруашылығы мен ауыр өнеркәсіпті дамытуда стратегиялық маңызы зор. Дегенмен, соңғы жылдары аймақта климаттық құбылыстарға байланысты бірқатар мәселелер туындады, атап айтқанда, су тасқыны, қалыптан тыс құрғақшылық және су ресурстарының сарқылуы. Осының салдарынан егістік жерлер азайып, астық шығымдылығы төмендеді. Территориядағы су ресурстарының мәселесі, олардың табиғи экожүйелерді қолдап және биологиялық әртүрлілікті сақтаудың кепілі болып табылатындығымен де шиеленісіп отыр. Қарағанды және Ұлытау облыстары 428 мың шаршы км аумақты алып жатыр және Қазақстан Республикасының аз көлді аумақтарының қатарына жатады. 100 шаршы км 0,27 шаршы км су беті келеді. Бұл аумақта орташа алғанда жалпы ауданы 926 шаршы км болатын 1910-ға жуық көл бар. Олардың ішінде жалпы аумақтағы су бетінің 14% құрайтын, ауданы 1 шаршы км-ден аз 1779 көл бар. Орта және шағын көлдердің су мөлшерінің молшылық циклділігі қысқа, эвтрофикацияға ұшырауға бейім және жиі құрғап кетеді. Олардың жойылғандығы көбінесе гидрологиялық реестрлерде тіркеусіз қалады. Аймақтың су ресурстары көптеген экологиялық факторларға және гидрологиялық процестерге тәуелді динамикалық жүйе болып табылады. Қыс маусымындағы түсетін атмосфералық жауын-шашын көлдердің негізгі қоректену көзі. Территориядағы көлдер мен өзендер судың күрт азаюына және эвтрофикацияға жиі ұшырап отырады. Орталық Қазақстан территориясының гидрографиялық өзен желісі сирек. Сонымен қатар, қардың еру кезеңінде ғана уақытша пайда болатын су ағындары өте көп кездеседі. Көктемгі су тасқынынан кейін аз уақытқа суға толатын көптеген көл тостағандарының болуы да тән. Ал тұрақты көлдердің су деңгейі жиі ауытқып, су беті айдыны ауданы елеулі өзгерістерге ұшырап отырады. Жалпы алғанда, күрт континенттік климатпен, біркелкі емес атмосфералық жауын-шашын мөлшерімен және құрғақшылықпен сипатталатын бұл аймақтың географиялық-климаттық жағдайлары жер үсті суларының су режимі үшін өте қолайсыз. Қазақстан Республикасының Орталық аймақтары үшін ауа райының өзгеруінде екіұшты болжануда және су апатының болуы да мүмкін. Кейбір мәліметтерге сәйкес, XXI ғасырдың ортасына қарай Қазақстан аумағында жауын-шашын мөлшерінің қыста (9%-ға) және көктемде (5%-ға) өсуі, сондай-ақ жауын-шашынның қарқындылығы мен құбылмалылығының артуы күтілуде. Кейбір модельдер 2030 жылға қарай жылдық жауын-шашынның 2%-ға, 2050 жылға қарай 4%-ға және 2085 жылға қарай 5%-ға артатынын болжайды, ал басқа модельдер 2085 жылға қарай жауын-шашынның орташа 11%-ға төмендеуін болжайды. Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2085 жылға қарай парниктік газдар шығарындылары көбейсе, ылғалды аймақ солтүстікке қарай 250-300 шақырымға жылжиды. Соңғы жағдайда Қазақстанның барлық солтүстік облыстары шөлейтті аймаққа айналуы мүмкін. Қазақстанның орталық бөлігіндегі климаттық көрсеткіштердің өзгеруі осы аймақтағы шағын көлдерге теріс әсер етуі мүмкін, өйткені бұл аймақтағы шағын көлдердің көпшілігі еріген қар мен жаңбыр суымен қоректенеді. Адамдардың экожүйеге антропогендік әсерінің күшеюі жағдайында көлдердің табиғи эволюциясы айтарлықтай өзгеріп, су объектілерінің жойылып кетуіне әкелуі мүмкін. Көлдердің эволюциясы ретті геологиялық, гидрометриялық, гидрологиялық, гидрохимиялық, гидробиологиялық өзгерістерді қамтиды және сукцессиямен салыстырғанда ауқымды процестерді қамтитын құбылыс. Орталық Қазақстанның құрғақшылық жағдайында атаулы процестер, көпшілік көлдердің суффозиялы-карсттық және дефляциялық болуымен, беткі ағыны әлсіз, тереңдігі салыстырмалы түрде таяз, сондай-ақ, суы мол және суы аз кезеңдерінің ұзақ циклдердің көптеген көлдерде тіркелуімен қиындайды. Гипотеза. Қоршаған орта факторларының тұтас кешенінің әсерінен соңғы онжылдықтарда Орталық Қазақстанның жер үсті суларының көрсеткіштерінде елеулі өзгерістер орын алуы мүмкін. Бұл ең алдымен көлдердің санында, жалпы ауданында, су массасының жалпы көлемінде, су балансында, жалпы экологиялық жағдайында және жергілікті көлдердің су айналымының ерекшеліктерінде көрінуі ықтимал. Жер үсті суларының ағымдағы жағдайын және олардың даму тенденцияларын анықтау үшін олардың барлық ықтимал мәселелерін дер кезінде анықтау маңызды. Жұмыстың мақсаты Орталық Қазақстан көлдерінің морфо-экологиялық жағдайын олардың эволюциялық дамуы тұрғысынан анықтау болды. Зерттеу жұмысының міндеттері: 1. Метеорологиялық көрсеткіштер негізінде Қарағанды және Ұлытау облыстарының климатының өзгеру динамикасын зерттеу. 2. Соңғы жарты ғасырдағы Қарағанды және Ұлытау өңірлеріндегі орта және шағын көлдердің бірқатар морфометриялық көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жасау. 3. Қарағанды және Ұлытау облыстарының көлдерінен булану түріндегі судың табиғи шығынын бағалау және осы мәліметтерді судың жалпы ағынымен салыстыру. 4. Зерттеліп отырған аумақтағы көлдерге тән экологиялық факторларымен, гидрологиялық жағдайлармен және түрлердің алуандығы бар Қарағанды облысында орналасқан Үлкен Сарыкөл көлінің экологиялық жағдайын зерттеу. 5. Орталық Қазақстанда орналасқан көлдердегі өзгерістерге кешенді талдау жасау. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Алғаш рет, соңғы 80 жылда болған климаттық өзгерістерді ескере отырып Орталық Қазақстандағы шағын және орта көлемдегі көлдердің гидрологиялық сипаттамасы берілді. Зерттелінген аумақтың су балансын есептеу нәтижесінде су жинау алабына келетін су көлемінен буланып кететін су мөлшерінің асып түсетіні анықталып, қазіргі уақытта жер асты суы қорының толық қалпына келмеуде. Сонымен қатар, көлдердің жай-күйін бағалаудың әдістемелік тәсілдері ұсынылды: 1) Жұмыста көлдерді су бетінің ауданы мен су көлемі бойынша жаңа топтастыру ұсынылады, бұл аумақтың су объектілерін шолуды жеңілдетеді және олардың гидрологиялық көрсеткіштерін талдауға мүмкіндік береді; 2) Қарағанды және Ұлытау облыстарының бүкіл аумағы бойынша орташа жылдық көрсеткіштер негізінде жалпы жылдық су балансы есептелді; 3) Көлдердегі өзгерістерді кешенді талдау үшін алғаш рет балл-салмақтық бағалау әдісі қолданылды. Сондай-ақ, осы зерттеулерге дейін Орталық Қазақстандағы көптеген көлдердің морфометриялық көрсеткіштерін өлшеу және талдау жұмыстары ұзақ уақыт бойы жүргізілмеген. Зерттеу объектілері: Морфометриялық зерттеулер үшін Қарағанды және Ұлытау облыстарының 109 көлі, 12 өзені және оған іргелес орналасқан бассейндік аумақтар зерттелді. Зерттеліп отырған территориядағы көлдер аумақтың шеттерінде орналасқан, көлдер көбінесе жер үсті ағынымен (негізінен еріген қар суымен) және жер асты суымен қоректенеді. Көлдердің көпшілігі аумақтың ылғалды солтүстік және батыс аудандарында шоғырланған. Зерттелетін аумақтағы көлдердің жалпы экологиялық жағдайы туралы мәліметтер алу үшін Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының оңтүстігінде, Қарағанды қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 60 км жерде орналасқан Үлкен Сарыкөл көліне толығырақ зерттеу жүргізілді (Суықсу ауылынан 1 км оңтүстік-батысқа қарай N 49° 28' 40", E 73° 42' 17"). Көл балық аулау және мал суару мақсатында пайдаланылады. Зерттеудің ғылыми және практикалық маңыздылығы. Зерттеулердің нәтижелері Орталық Қазақстанның су ресурстары туралы мәліметтерді жіктеу және типтеу, қоршаған ортаны теңгерімді басқарудың ғылыми үлгілерін жасау және аймақтағы көл жүйелерінің оңтайлы жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ғылыми базаны қалыптастыру үшін маңызды. Атқарылған жұмыстың жер үсті суларының экологиялық мониторингі деректерін ғылыми негіздеу және түсіндіру ретінде үлкен практикалық маңызы бар және экологтар, гидрологтар және су шаруашылығы мамандары үшін нұсқаулық ретінде пайдаланылуы мүмкін. Жұмыстың нәтижелері су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғауға бағытталған шаралар мен ұсыныстарды әзірлеу үшін пайдалы болуы мүмкін. Алынған деректер су шаруашылығы, балық шаруашылығы және рекреациялық мақсаттар үшін маңызды. Жинақталған геоақпараттық материалды облыстық экология және табиғи ресурстар басқармалары кадастрлық (немесе экологиялық) төлқұжаттарды жасау үшін пайдалана алады. Зерттеудің нәтижелері: 1. Қарағанды және Ұлытау облыстарының климаты 1940 және 2020 жылдар аралығында температуралық және жауын-шашын трендтері бойынша елеулі өзгерістерге ұшырады. Қысқы маусымның жылынуы арқасында аймақтың климаты айтарлықтай жылынып, жылдық жауын-шашын мөлшері де артты. 1940 жылдан 2020 жылға дейін орташа жылдық ауа температурасы 1,1°С-қа көтерілді. Орташа жылдық жауын-шашын мөлшері 145 мм-ге артты, соның ішінде суық айларда жауын-шашын мөлшері 100 мм-ге, жылы айларда 45 мм-ге артқан 2. Қазіргі уақытта Орталық Қазақстанның көлдері көпжылдық су циклының көпсулы кезеңінде тұр. Салыстырмалы түрде ауданы 4 км2-ге дейінгі шағын көлдердің жалпы ауданы 1968 жылмен салыстырғанда 51,9%-ға және су көлемі 22,02%-ға ұлғайғайған. 1968 жылмен салыстырғанда 2020 жылы орташа және ірі көлдердің (ауданы 4-тен 20 км2-ге дейін және одан да үлкен) ауданы 42,9%-ға, ал су көлемі 15,7%-ға ұлғайғандығы анықталды. 1968 жылы 34, ал 2020 жылы тек 8 көл ғана құрғап қалған. 3. Су балансында Қарағанды және Ұлытау облыстарының көлдеріне құятын өзендердің және аумақтан шығатын өзендердің жалпы жылдық ағыны салыстырмалы түрде аз (сәйкесінше 1,98-6,42%). Себебі аумақтың гидрографиялық желісінде ірі өзендердің аз болуына байланысты. Ең көп үлесті жылдық жауын-шашын мөлшері 69,21%, жер асты көздері 28,81%, өсімдіктердің вегетациялық кезеңінде үлкен аумақтан судың белсенді транспирациясы 74,59%, топырақтан булану 13,41% құрайды. Сонымен қатар, Орталық Қазақстан аумағында өсімдіктер мен топырақтың қарқынды булануы жылы айларда ауаның жоғары температурасы, желдің жоғары жылдамдығы және ауаның ылғалдылығының төмен болуы себебінен болады. Өсімдік және топырақтан жалпы булану мөлшері түсетін жылдық жауын-шашын көлемінен асып түседі, бұл көлдердің көпшілігі жер асты суларымен қоректенетіндігін көрсетеді. Осылайша, қазіргі кезеңде жерасты суларының балансына судың түсуі толықтай теңестірілмей отыр, бұл жақын арада аймақтағы көлдердің су деңгейінің төмендеуіне әкеледі. 4. Қарағанды және Ұлытау облыстарындағы типтік көлдердің экологиялық жағдайын (Үлкен Сарыкөл көлі мысалында) зерттеу барысында көлдердің натрий-гидрокорбанатты-хлоридті типті, сулары бейтарап және аздап сілтілі екендігі анықталды. Көлдердің суы негізінен аздап тұзды болып келеді және су түбіндегі шөгінділерде сульфаттың белсенді тотықсыздану процестері байқалады. Трофикалық жағдайы бойынша мезотрофты және β-мезосапробты эвтрофикация типтегі көлдер, балық шаруашылығын жүргізуге қолайлы болып табылады. Гидробионттар бойынша көлдерде планктондық, бентостық организмдер және нектондар көп кездеседі. 5. Көлдің деградациясын жеделдететін процестердің жалпы әсері деградацияны бәсеңдететін процестердің жалпы әсерінен асып түседі. Сондықтан, Орталық Қазақстандағы көпшілік көлдердің судың мол циклдық кезеңінде болуына қарамастан, жалпы алғанда, көлдерде эвтрофикация процестері жеделдеуде. Зерттеудің апробациясы. Жекелеген нәтижелер ғылыми журналдарда жарияланды: 1. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің хабаршысы. Биологиялық ғылымдар сериясы – 2022. – №4 (141); 2023. – №4 (145). 2. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің хабаршысы. Биологиялық ғылымдар сериясы – 2023. – №4 (145). 3. ҚазҰУ хабаршысы. Экология сериясы – 2023. – №4 (77). 4. Polish environmental studies journal. – 2024. – Vol. 33, Issue 1. – P. 781-801. Зерттеу нәтижелері бойынша жарияланымдар. Диссертацияның негізгі мазмұны басылып шыққан 4 жұмыста көрсетілген, оның ішінде 1 мақала Scopus мәліметтер базасына енетін ғылыми журналда, 3 мақала Қазақстан Республикасының Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті тізіміндегі республикалық ғылыми журналдарда жарияланған. Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыста нормотивтік сілтемелер, белгілеулер мен қысқартулар, кіріспе, әдеби шолу, зерттеу нысаны мен әдістері, нәтижелерді талқылау, қорытынды, 218 әдебиеттер тізімі және 3 қосымша келтірілген. 105 беттен тұратын зерттеу жұмысы 19 кесте және 11 формуламен өрнектеліп, 14 суреттермен дәлелденген.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/h556BAyz7H0
