
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Өмірзақова Мирослава Жамбылқызы «8D05213 – География» білім беру бағдарламасы бойынша «Ақтөбе облысы ауыл туризмінің дамуының географиялық алғышарттары» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Физикалық және экономикалық география кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Актымбаева Алия Сагындыковна – география ғылымдарының кандидаты, профессор, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы, мамандығы: 25.00.36 - «Геоэкология» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Мукаев Жандос Толеубекович – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор (доцент), «Шәкәрім университеті» КеАҚ, химия және биология кафедрасы, мамандығы: «6D060900 – География» (Семей қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Курепина Надежда Юрьевна – география ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің су және экологиялық мәселелер институты, мамандығы: 25.00.33 - «Картография» (Барнаул қ., Ресей Федерациясы);
Токпанов Еркин Айпович – география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент), І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің жаратылыстану пәндері кафедрасы, мамандығы: 25.00.23 – «Физикалық география және биогеография, топырақ географиясы және ландшафттар геохимиясы» (Талдықорған қ., Қазақстан Республикасы);
Темирбаева Роза Кабдикаримовна – философия докторы (PhD), «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, Геотуризм және геоморфология зертханасының аға ғылыми қызметкері, мамандығы: «6D060900-География» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Сапаров Куат Табылдинович – география ғылымдарының докторы, профессор, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ. «Физикалық және экономикалық география» кафедрасы, мамандығы: 25.00.36 – «Геоэкология», 25.00.23 – «Физикалық география және биогеография, топырақ географиясы және ландшафттар геохимиясы» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ян А. Вендт – география ғылымдарының докторы, профессор, Гданьск университетінің Мұхиттану және география факультеті, География институты, Аймақтық географияны дамыту кафедрасы, мамандығы: «География» (Гданьск қ., Польша Республикасы).
Қорғау 2026 жылғы 7 қазан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05213 – География» білім беру бағдарламасы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн және офлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сатпаев көшесі, 2, №1 Оқу әкімшілік ғимараты, Ғылыми кеңес залы (№206 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі кезеңде ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту, өңірлік экономиканы әртараптандыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері Қазақстан Республикасының стратегиялық даму басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл міндеттер мемлекеттік деңгейде бірқатар нормативтік-құқықтық актілерде және стратегиялық құжаттарда бекітілген. Қазақстан Республикасының «Туристік қызмет туралы» Заңы туризмді экономиканың басым саласы ретінде қарастырып, оның өңірлік дамудағы рөлін, туристік инфрақұрылымды қалыптастыру және туристік ресурстарды ұтымды пайдалану қағидаларын айқындайды. Заңда туризмнің әлеуметтік-экономикалық маңызы, оның ішінде ішкі туризмді дамыту арқылы ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру қажеттілігі атап көрсетілген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңы ауылдық аумақтарды кешенді дамыту, ауыл халқының табысын арттыру және кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін белгілейді. Ауыл туризмі агроөнеркәсіптік кешенмен тығыз байланысты қызмет түрі ретінде осы заң аясында ауыл экономикасын әртараптандырудың тиімді бағыты болып табылады. Сонымен қатар, ауылдық аумақтарды экономикалық белсендірудің қаржылық тетіктерінің бірі ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталып, негізінен төмен мөлшерлемемен жеңілдетілген микронесиелер беру арқылы шағын және отбасылық кәсіпкерлікті қолдауды көздейді. Бағдарлама аясында ауыл туризмі, қонақ үй, этноауыл және агротуризм жобалары дербес бағыт ретінде емес, жалпы кәсіпкерлік бастамалар шеңберінде қаржыландырылады. Бұл жағдай ауыл туризмін ауыл экономикасын әртараптандырудың арнайы стратегиялық бағыты ретінде институционалдық тұрғыдан күшейту қажеттігін көрсетеді. Ауыл туризмінің тұрақты даму қағидаттарымен байланысы Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі нормаларымен де үндеседі. Кодексте табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экожүйелерді сақтау және қоршаған ортаға антропогендік жүктемені азайту міндеттері айқындалған. Ауыл туризмі табиғи-ландшафттық әлеуетке негізделетін қызмет түрі болғандықтан, оның дамуы экологиялық тұрақтылық талаптарымен үйлесуі тиіс. Стратегиялық құжаттар деңгейінде ауыл туризмін дамыту Қазақстан Республикасын дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспары және Қазақстан Республикасында туризм саласын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында да қарастырылған. Бұл құжаттарда ішкі туризмді ынталандыру, туристік дестинацияларды дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және ауылдық аумақтардың туристік тартымдылығын арттыру міндеттері белгіленген. Ақтөбе облысы жағдайында ауыл туризмін дамыту мәселесі ерекше өзекті болып табылады, себебі өңірдің табиғи-ландшафттық әртүрлілігі, тарихи-мәдени мұрасы және аграрлық мамандануы айтарлықтай ресурстық әлеуетке ие болғанымен, бұл мүмкіндіктер қазіргі уақытта туристік-экономикалық айналымға толық әрі жүйелі түрде тартылмаған. Облыс аумағында табиғи ескерткіштер, ландшафттық контрасттар, этномәдени нысандар және дәстүрлі мал шаруашылығы тәжірибесі ауыл туризмін қалыптастыруға негіз бола алатын маңызды алғышарттар болып табылады. Ауыл туризмі ұйымдасқан және құрылымданған сала ретінде қалыптаспаған, туристік инфрақұрылымның дамуы аумақтық тұрғыдан теңгерімсіз сипатқа ие, ал ауыл шаруашылығы субъектілерінің туристік қызметке қатысу белсенділігі төмен деңгейде сақталуда. Сонымен қатар туристік өнімдердің жүйелі брендтелуі мен маркетингтік ілгерілету механизмдері жеткіліксіз дамыған, кооперациялық тетіктер әлсіз, ал ауыл туризмі бағытында нақты ғылыми негізделген аумақтық модель өңірлік жоспарлау құжаттарында толық айқындалмаған. Нәтижесінде табиғи және мәдени ресурстардың елеулі бөлігі қосымша экономикалық құн қалыптастыру процесіне енгізілмей, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті толық іске асырылмай отыр. Бұл жағдай ауыл туризмін ретсіз қалыптасатын құбылыс емес, ғылыми негізделген аумақтық жүйе ретінде қарастыру қажеттігін айқындайды. Ауыл туризмінің дамуы ауылдық аумақтарды әртараптандыру, халықты жұмыспен қамту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, көші-қон үдерістерін тұрақтандыру және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдірумен тікелей байланысты. Сондықтан Ақтөбе облысында ауыл туризмін аумақтық әлеуметтік-экономикалық жүйе контекстінде кешенді зерттеу, оның ресурстық әлеуетін көпкритерийлі бағалау, кеңістіктік ұйымдастырылу заңдылықтарын анықтау және дифференцияланған даму модельдерін әзірлеу өңірлік даму стратегияларын ғылыми негізде жетілдіру тұрғысынан теориялық та, практикалық та маңызға ие. Зерттеудің мақсаты – Ақтөбе облысында ауыл туризмінің дамуының географиялық алғышарттарын анықтау, табиғи-ресурстық және әлеуметтік-экономикалық факторлардың кеңістіктік ерекшеліктерін талдау және олардың ауыл туризмін қалыптастырудағы рөлін ғылыми тұрғыда негіздеу. Зерттеу міндеттері: 1. Ауыл туризмін зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздерін жүйелеу, оның географиялық зерттеу нысаны ретіндегі мазмұнын айқындау және ғылыми әдебиеттерге библиометриялық талдау жүргізу; 2. Ауыл туризмін дамыту мақсатында ауылдық аумақтардың ресурстық әлеуетін бағалаудың әдіснамалық тәсілдері мен көпкритерийлі индикаторлық жүйесін негіздеу; 3. Ақтөбе облысында ауыл туризмін дамытудың географиялық алғышарттарын жүйелеу; 4. Ақтөбе облысы аудандарының ауыл туризмін дамыту әлеуетін интегралды бағалау негізінде типологиясын әзірлеу және дифференцияланған даму модельдерін ұсыну; 5. Ауыл туризмін дамытудың ықтимал сценарийлерін модельдеу және олардың өңірлік әлеуметтік-экономикалық дамуға ықпалын болжау. Зерттеу нысаны – Ақтөбе облысының ауылдық аумақтары. Зерттеу пәні – Ақтөбе облысында ауыл туризмінің дамуының географиялық алғышарттары мен кеңістіктік ұйымдастырылу ерекшеліктері. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертациялық зерттеудің теориялық негізін тұрақты даму тұжырымдамасы, аумақтық әлеуметтік-экономикалық жүйе теориясы және ландшафттық-географиялық тәсіл құрайды. Тұрақты даму тұжырымдамасы ауыл туризмін экономикалық тиімділік, әлеуметтік тұрақтылық және экологиялық теңгерім қағидаттарының үйлесімінде қарастыруға мүмкіндік береді. Аумақтық әлеуметтік-экономикалық жүйе теориясы ауыл туризмін табиғи-ресурстық, демографиялық, аграрлық және инфрақұрылымдық компоненттердің өзара әрекеттесуіне негізделген кешенді аумақтық құрылым ретінде талдауға негіз болды. Ландшафттық-географиялық тәсіл өңірдің табиғи-ландшафттық әртүрлілігін ауыл туризмінің ресурстық базасы ретінде бағалауға және оның кеңістіктік ұйымдастырылу заңдылықтарын анықтауға мүмкіндік берді. Зерттеудің әдіснамалық негізін жүйелік, кешенді және аумақтық тәсілдер құрайды. Жұмыстың ғылыми жаңалығы. - Ауыл туризмін дамытуға әсер ететін географиялық алғышарттардың интеграцияланған аумақтық моделі құрастырылды. Ауыл туризмі алғаш рет Ақтөбе облысы жағдайында табиғи-ландшафттық, әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық құрамдас жиынтық негізінде қалыптасатын аумақтық жүйе ретінде тұжырымдалды. Ауыл туризмінің аумақтық ұйымдасуын бағалаудың интегралды әдістемесі жетілдірілді. - Ауыл туризмінің ресурстық әлеуетін бағалаудың көпдеңгейлі индикаторлық құрылымы толықтырылды. Табиғи-ландшафттық жарамдылық индексі, туристік-климаттық рейтингтер, көліктік қолжетімділік және әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер біртұтас интегралды модельге біріктіріліп, аудандардың даму әлеуетінің кеңістіктік трансформация заңдылықтары анықталды. - Ақтөбе облысында ауыл туризмін дамытудың аумақтық дифференциациясына негізделген типологиялық және сценарийлік модель ұсынылды. Облыс алғаш рет даму шектеулері мен ресурстық сыйымдылығына қарай сараланып, әртүрлі даму траекториялары ғылыми негізде айқындалды. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: - Ақтөбе облысында ауыл туризмінің дамуының кеңістіктік заңдылықтары анықталды. Табиғи-ландшафттық жағдайлар, аграрлық мамандану және демографиялық құрылым ауыл туризмінің қалыптасуының базалық факторлары екені анықталды, ал инфрақұрылымдық қамтамасыз етілу оның кеңістіктік іске асу қарқындылығын айқындайтыны көрсетілді. - Ауыл туризмінің ресурстық әлеуетін бағалаудың нормаланған көрсеткіштерге негізделген, өңірлік ерекшеліктерге бейімделген бірыңғай әдістемелік жүйесі жетілдірілді. Бағалау құрылымына инфрақұрылымдық көрсеткіштер енгізіліп, табиғи және әлеуметтік-экономикалық факторлармен біртұтас жүйеде қарастырылды, сондай-ақ бағалау критерийлері оңтайландырылып, өңір ресурстық сандық бағаланды. - Ақтөбе облысы аудандарының ауыл туризмін дамыту әлеуетінің аумақтық дифференциациясы анықталды. Интегралды бағалау нәтижесінде аудандар типологиясы жасалып, олардың даму деңгейінің кеңістіктік асимметриясы айқындалды. - Ауыл туризмін дамытудың дифференцияланған аумақтық модельдері мен сценарийлік болжамдары ұсынылды. Модельдеу нәтижелері ауыл туризмінің тиімді дамуы институционалдық қолдауға тәуелді екенін көрсетті және оның өңірлік әлеуметтік-экономикалық мультипликативтік әсері анықталды. Зерттеу жұмысының ғылыми-тәжірибелік маңызы. Диссертациялық зерттеу нәтижелерінің ғылыми-тәжірибелік маңызы әзірленген теориялық тұжырымдардың, әдістемелік тәсілдердің және қолданбалы модельдердің өңірлік басқару тәжірибесіне енгізілуімен айқындалады. Зерттеу барысында негізделген ауыл туризмін дамытудың географиялық бағалау әдістемесі, интегралды көпкритерийлі көрсеткіштер жүйесі, аумақтық типология және дифференцияланған даму модельдері Ақтөбе облысының және оның жекелеген аудандарының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік органдарының қызметінде қолданылуда. Олардың практикаға енгізілгені ресми енгізу актілерімен құжаттық негізде бекітілген. Диссертация нәтижелері Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасында ауыл туризмін дамытуға бағытталған бағдарламалық құжаттарды жетілдіруде, инвестициялық жобаларды талдау және ресурстық әлеуетті бағалау үдерістерінде әдістемелік база ретінде пайдаланылуда. Байғанин және Қарғалы аудандарының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдерінде зерттеу нәтижелері ауыл туризмін аумақтық бейімдеу, табиғи нысандарды туристік айналымға енгізу, маршруттық құрылымдарды қалыптастыру және шаруашылық субъектілерін туристік қызметке тарту бағытындағы басқарушылық шешімдер қабылдау барысында қолданылуда. Диссертацияда ұсынылған ғылыми тұжырымдар өңірлік деңгейде ауыл туризмін дамыту саясатын жетілдіруге, аумақтық жоспарлау мен стратегиялық басқару шешімдерін ғылыми негіздеуге және жергілікті экономиканы әртараптандыруға нақты әдістемелік құрал ретінде қызмет атқарады. Зерттеу нәтижелерін жариялау. Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері халықаралық және отандық ғылыми рецензияланатын басылымдарда жарияланып, ғылыми қауымдастықта апробациядан өтті. Зерттеу тақырыбы бойынша 10 ғылыми мақала жарық көрді, оның ішінде халықаралық рецензияланатын басылымдарда жарияланған еңбектер саны – 5, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ҒжЖБССҚК ұсынған журналдар тізіміне енгізілген журналдарда – 1, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда – 4. Жарияланған еңбектер диссертацияның теориялық негіздерін, ресурстық әлеуетті бағалау нәтижелерін, аумақтық дифференциацияны және ауыл туризмін дамытудың модельдері мен сценарийлерін қамтиды. Диссертацияның құрылымы мен мазмұны. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған дереккөздер тізімінен және 7 қосымшадан тұрады. Диссертациялық зерттеу ауқымы компьютермен терілген 21 кесте, 33 сурет, 180 парақтық мәтіннен тұрады. Әдебиеттер тізіміне 171 дереккөз кіреді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
