
«6D060900 - География » мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Зинабдин Нұрлыбек Бердібекұлы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Зинабдин Нұрлыбек Бердібекұлы «6D060900 – География » мамандығы бойынша «ГАЖ-технологиялар көмегімен Сырдария өзені атырауын функционалдық зоналау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Рецензенттер:
Акпамбетова Камшат Макпалбаевна - ғылым кандидаты, қауымдастырылған профессор, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, профессор
Асылбекова Айжан Асылбековна - философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Кафедра меңгерушісі
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Егембердиева Камшат Баратовна - ғылым кандидаты, доцент, Зертхана меңгерушісі
Курепина Надежда Юрьевна - ғылым кандидаты, доцент, Алтай мемлекеттік университеті, Ресей, Аға ғылыми қызметкер
Попова Наталья Борисовна - ғылым докторы, профессор, Сібір федералды университеті, профессор
Нысанбаева Айман Сагынбаевна - ғылым кандидаты, доцент, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Кафедра меңгерушісі
Ғылыми кеңесшілер:
Мазбаев Орденбек Блисбекович – география ғылымдарының докторы, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ «Туризм» кафедрасының профессоры, мамандығы: 25.00.23 - "Физикалық география, биогеография, топырақ географиясы және ландшафт геохимиясы".
Дунец Александр Николаевич – география ғылымдарының докторы, доцент, РФ Алтай мемлекеттік университетінің ғылыми және инновациялық даму жөніндегі проректоры, мамандығы: 25.00.24 – «Экономикалық, әлеуметтік, саяси және рекреациялық география».
Қорғау 2024 жылғы 9 ақпан, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D060900 – География » мамандығы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/l/meetup-join/19%3aLi4UVotPrHSPasqKI-blDiHzprYGXpMITPaoXp8JwDo1%40thread.tacv2/1704340098402?context=%7b%22Tid%22%3a%225a2fd781-9261-485a-af2b-6171d0efab73%22%2c%22Oid%22%3a%22dec9b822-35f1-46c1-81b1-748ec5499f7a%22%7d
Мекен-жайы: Проведение заседания диссертационного совета планируется на платформе Microsoft Teams.
Аңдатпа (қаз.): Зинабдин Нұрлыбек Бердібекұлының «6D060900-География» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға дайындалған «ГАЖ-технологиялар көмегімен Сырдария өзені атырауын функционалдық зоналау» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына АНДАТПА Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Жаһандық және аймақтық тұрақты дамуға адам мен оның шаруашылық әрекеттерін биосфераның табиғи даму заңдарына бейімдеу арқылы ғана қол жеткізуге болатыны қазіргі ғылымға белгілі. Өзен атырауының табиғи ресурстарын шаруашылықта пайдалану кезінде экономиканың түрлі салалары арасында табиғатты пайдалануға қатысты күрделі проблемалар туындайды. Аумақты кешенді зерттеу мен оны зоналаудың белгілі бір логикалық схемасын талап ететін табиғатты пайдалану стратегияларының географиялық аспектілерін әзірлеу осы мәселенің оң шешімін табуға көмектеседі. Бұл ретте функционалдық зоналау кеңістіктік жоспарлаудың бір түрі ретінде аумақты үйлестіру және теңгерімді тұрақты дамытуда жоғары практикалық маңызға ие. Сонымен қатар, аумақтық кеңістіктерде әр түрлі және жиі қабаттасатын көптеген функциялар болуы мүмкін. Функциялар арасында синергетикалық, сондай-ақ антагонистік қатынастар да болады. Осыған байланысты тұрақты дамуға бағытталған табиғат пайдалануды жоспарлауда белгілі бір аумақтағы барлық функцияны ескеру қажет, олардың көп функционалдығын анықтап, аумақ ұсынатын әлеуетке жан-жақты бағалау жүргізу қажет. Сырдария өзенінің атырауын функционалдық зоналауға байланысты таңдалған зерттеу тақырыбы қазіргі жағдайда үлкен өзектілікке ие. Біріншіден, Сырдария өзенінің атырауы Қазақстан мен Орталық Азияның ірі және экологиялық маңызды табиғи нысандарының бірі. Алайда, аумақтың, соның ішінде өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және инфрақұрылым құрылысының белсенді дамуына байланысты атыраудың экожүйелері мен табиғи ресурстарына теріс әсер етуі мүмкін үлкен өзгерістерге ұшырады. Екіншіден, Сырдария өзенінің атырауын функционалдық зоналау аумақтық ресурстарды тиімді басқару және өңірді дамытуда үлкен маңызға ие. Функционалдық зоналарды және олардың ерекшеліктерін анықтау құнды аумақтарды анықтауға және олардың аймақтың экономикасы мен экологиялық тепе-теңдігіндегі рөлін анықтауға, сондай-ақ табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, бұл зерттеу география және геоинформатика туралы ғылымды дамытуда маңызы зор, өйткені ол аумақтық деректерді талдау және аумақтарды басқаруды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін жаңа әдістер мен технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Осылайша, Сырдария өзенінің атырауын функционалдық зоналау тақырыбы өңірдің тұрақты дамуы мен оның табиғи және мәдени ресурстарын сақтау үшін үлкен маңызға ие өзекті және маңызды міндетке жатады. Зерттеу жұмысының мақсаты – ГАЖ-технологиялар көмегімен Сырдария өзені атырауын функционалдық зоналау арқылы шиеленісті ареалдарды анықтап, аумақты тұрақты дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу Қойылған мақсатқа жету үшін жұмысқа өзара байланысты бірқатар міндеттер қойылды: - Тұрақты даму мен аумақты функционалдық зоналаудың теориялық және әдіснамалық негіздерін талдау. Бұған тұрақты даму, табиғатты ұтымды пайдалану және аумақты функционалдық зоналаудың теориялық және әдістемелік түсініктері мен ұғымдарын, табиғат пайдалану факторлары және конфликтті ареалдар, аумақты функционалдық зоналау тәжірибелері мен әдістемелерін талдау кіреді; - ГАЖ технологиялар көмегімен аумақтың селитебтік, көлік-өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, туристік-рекреациялық, табиғат қорғау, орман шаруашылығы және су шаруашылығы функцияларын айқындау және картографиялау; - Аумақ функцияларының өзара үйлесімін талдау арқылы конфликтті ареалдарды анықтау; - Сырдария өзені атырауында анықталған функционалдық зоналар бойынша аумақты тұрақты дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу нысаны – Сырдария өзенінің атырау аумағы. Зерттеу жұмысының пәні ретінде Сырдария өзені атырауы аумағын пайдалану режимін оңтайландыруға бағытталған аумақты функционалдық зоналау алынды. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Аумақты функционалдық зоналау – экономиканың түрлі секторларының қажеттіліктерін ескере отырып, тұрақты дамуға бағытталған табиғат пайдалануды кеңістіктік ұйымдастырудың міндетті құралдарының бірі. 2. ГАЖ технологиялары аумақты функционалдық зоналаудың тиімді және сенімді құралын ұсынады. Аумақтың табиғи орта жағдайын, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен экологиялық жай-күйін ГАЖ технологиялары көмегімен талдау функционалдық зоналарды дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. 3. Табиғат пайдаланудағы шиеленісті жағдай ықтималдығы елді мекендер мен өзен-көл маңайында жоғары және Сырдария өзені атырау борттарына қарай азаяды. 4. Сырдария өзені атырау аумағындағы шиеленісті жағдайлар ықтималдығына жүргізілген талдау негізгі қауіп факторлары су ресурстары мен селитебті зоналарға байланысты екенін және аумақтың пайдаланылуын жоспарлау ықтимал шиеленістердің алдын алуға мүмкіндік беретінін көрсетті. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: 1. Сырдария өзені атырауындағы аумақ функциялары анықталды. 2. ГАЖ технологиясында 1: 200 000 масштабта Сырдария өзені атырауының аумақ функцияларының әрқайсының жеке карталары, функционалдық зоналау және шиеленісті ареалдар картасы әзірленді. 3. Сырдария өзені атырауында анықталған түрлі функционалдық зоналар бойынша аумақты пайдалану режимін оңтайландыруға арналған ұсыныстар әзірленді. Зерттеудің теориялық маңызы аумақты функционалдық зоналау теориясын дамыту және жер ресурстарын пайдаланудағы экологиялық, экономикалық және әлеуметтік факторларды талдау мен бағалау үшін әдіснамалық тәсілдерді ұсынуда жатыр. Зерттеу сонымен қатар аумақты басқару және аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша қосымша зерттеулерге негіз бола алады. Зерттеудің практикалық маңызы. Диссертация аясында жүргізілген зерттеу нәтижелері жоғары практикалық маңызға ие. Атап айтқанда, ГАЖ технологияларын қолдана отырып, Сырдария өзенінің атырауын функционалдық зоналау бойынша алынған деректерді ауыл шаруашылығы, экология, жерге орналастыру және табиғатты қорғау сияқты түрлі қызмет салаларының мамандары пайдалана алады. Зерттеу барысында алынған картографиялық ақпарат табиғатты қорғау шараларын жоспарлау мен әзірлеуді едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, өйткені бұл өзен атырауының ең осал жерлерін анықтауға және оларды қорғау бойынша ұтымды ұсыныстар жасауға мүмкіндік береді. Диссертациялық зерттеу нәтижелері «Астана» халықаралық ғылыми кешеніндегі География және табиғатты пайдалану институтында қарастырылып, жұмысқа оң баға берілді. Зерттеу әдістері. Аумақты функционалдық зоналау әдістемесі бұған дейін жасалған функционалдық зоналау тәжірибелері мен осы саладағы түрлі авторлардың зерттеу жұмыстарының синтезіне негізделген геоақпараттық, картографиялық, статистикалық, далалық зерттеу, әдеби дереккөздерді талдау және ғарыштық суреттерді дешифрлеу әдістерін қолдана отырып, тақырып бойынша қойылған міндеттерге сәйкес жасалды. Жұмыста түрлі кеңістіктік деректерді өңдеу және талдау үшін ГАЖ-технологиялардан ArcGIS 10.8 және ENVI 5.3 бағдарламалық жасақтамалары қолданылды. Жұмыстың ақпараттық базасын түрлі масштабтағы топографиялық және тақырыптық карталар мен схемалар, ғарыштық суреттер (Landsat, Sentinel-2), статистикалық деректер, нормативтік-құқықтық құжаттар және басқа да жарияланған әдеби дереккөздер мен өзен атырауындағы негізгі учаскелерге 2015-2021 жж. жүргізілген далалық зерттеу нәтижесінде алған деректер нәтижелеріне негізделген. Сонымен қатар, аумақта жер пайдалану түрлері бойынша Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы, Арал және Қазалы аудандарының әкімдіктерінен алынған деректер пайдаланылды. Жинақталған материал геоақпараттық технологиялар мен статистикалық талдаудың заманауи әдістерін қолдана отырып жүйеленді және талданды. Ол ГАЖ технологияларын қолдана отырып, аумақты функционалдық зоналауға негіз болды, бұл жаңа ғылыми нәтижелер алуға және осы аумақтағы шиеленісті ареалдарды анықтау мен аумақты пайдалану режимін оңтайландыруға арналған ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді. Автордың жеке үлесіне 2015-2022 жылдар аралығында далалық және камералдық зерттеулер барысында алынған географиялық деректердің үлкен көлемін жинау және өңдеу жатады. Сонымен қатар зерттеу тақырыбына қатысты әдеби дереккөздерге, соның ішінде ғылыми жарияланымдарға, конференциялардағы баяндамаларға және жоба есептеріне кең талдау жасады. Автор өз жұмысы аясында ГАЖ технологияларының мүмкіндіктерін кеңінен қолдана отырып, Сырдария өзенінің атырауын функционалдық зоналарға бөлді. Функциялар үйлесімін талдай отырып, шиеленісті ареалдарды анықтады. Алынған нәтижелерді отандық және шетелдік журналдарда жариялауға дайындады, сонымен қатар оларды халықаралық конференцияларға ұсынды Сонымен қатар, автор Сырдария өзенінің атырау аумағын пайдалану режимін оңтайландыруға арналған ұсыныстар әзірледі, бұл табиғи ресурстарды басқару және экологиялық жоспарлауда пайдалы болуы мүмкін. Жұмыстың мақұлдануы мен жариялануы. Диссертацияның негізгі тұжырымдары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ физикалық және экономикалық география кафедрасының ғылыми-әдістемелік кеңесінде мақұлданды. Ғылыми зерттеу нәтижелері 11 басылымда, оның ішінде 4 – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда, 1 – Scopus дерекқорында индекстелетін халықаралық ғылыми басылымдарда, 4 – халықаралық конференциялар материалдарында, 2 – ҚР басқа да ғылыми баспаларында жарық көрді. Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және 12 қосымшадан тұрады. Диссертациялық жұмыс көлемі 143 бетті құрайды, оның ішінде 24 сурет, 16 кесте және 188 әдеби дереккөз берілген. Диссертациялық жұмыстың бірінші бөлімі аумақты тұрақты дамыту мен функционалдық зоналаудың теориялық және әдіснамалық негіздеріне арналды. Тұрақты дамудың, табиғатты ұтымды пайдаланудың және аумақты функционалдық зоналаудың негізгі ұғымдарына сипаттама берілді. Әдебиеттерге шолу жүргізіліп, түрлі авторлардың осы ұғымдарға берген анықтамалары ұсынылды. Әдеби дереккөздерді талдау негізінде тұрақты даму, табиғатты ұтымды пайдалану және функционалдық зоналау арасындағы байланыс көрсетілді. Түрлі авторлардың «функционалдық зоналау» ұғымына берген анықтамаларын талдау осы тұжырымдаманы түсінуді және оның тұрақты дамумен және табиғатты тиімді пайдаланумен байланысын нақтылауға мүмкіндік берді. Аумақ функцияларын жіктеудің әр түрлі тәсілдері қарастырылды. Зерттеу нәтижесінде функционалдық зоналау аумақты тұрақты дамыту мен ұтымды пайдалануға қол жеткізу құралы екені нақтыланды. Екінші бөлімде зерттеу ауданының егжей-тегжейлі сипаттамасы ұсынылды, сонымен қатар автордың осы аумақты неге таңдағаны түсіндірілді. Сырдария өзенінің атырау аумағының функцияларын анықтау табиғатты пайдалануға әсер ететін барлық аумақтық факторларды кешенді талдау негізінде жүргізілді. Алынған нәтижелер негізінде Сырдария өзенінің атырауын ГАЖ-технологиялардың көмегімен аумақтың түрлі функциялары, соның ішінде селитебті, көлік-өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туристік-рекреациялық, табиғатты қорғау, орман шаруашылығы және су шаруашылығы функцияларының монофункционалдық және полифункционалдық зоналар ретінде анықталды. Әр функционалдық зонаның негізгі ерекшеліктері анықталып, зерттеу аумағында таралуы көрсетілді. Үшінші бөлімде зерттеу аумағында атқарылатын функциялардың бір-бірімен кеңістіктік үйлесімінің әрқайсына жеке сипаттама берілді. Олардан туындауы мүмкін шиеленісті жағдайлар талданды және алдын алу жолдары ұсынылды. Шиеленісті ареалдарды анықтау мақсатында аумақ фунциялардың үйлесім әрекетін 4 түрге бөлдік: 1) шиеленіссіз; 2) симбиоз; 3) көршілік; 4) антагонизм. Шиеленіссіз (69%), симбиоз (4,56%) және көршілік функциялар (0,12%) бір-бірімен үйлесімді атқарылатындықтан табиғат пайдалануда шиеленіс тудырмайды және тиісті функциялардың даму параметрлерін сақтауға мүмкіндік береді. Ал, антагонистік функционалдық ареалдарға бір-біріне қарама-қайшы, бір-бірін жоққа шығаратын бір аумақтағы функционалдық зоналар болғандықтан негізгі шиеленісті ареалдарға осы антагонистік функциялар атқарылатын аумақтар жатады. Анықталған шиеленісті ареал ауданы 1 443 га. Сырдария өзенінің атырауындағы табиғатты пайдалану шиеленістері табиғат қорғау, су ресурстары, жерді пайдалану, биоәртүрлілік және т.б. сияқты әртүрлі аспектілермен байланысты. Шиеленісті жағдайлардың ықтималдығы (қазіргі және болашақта) негізінен өзен бойында, және ірі елді мекен маңында көбірек, ал Сырдария өзені аңғарының борттарына қарай азая түседі. Осылайша, Сырдария өзені атырауының аумағындағы табиғатты пайдалану шиеленістерін шешу үшін оның барлық табиғи, экономикалық және әлеуметтік аспектілерін ескере отырып, аумақты кешенді бағалауды жүргізу, сондай-ақ әртүрлі мүдделі тараптардың мүдделерін үйлестірудің тиімді тетіктерін әзірлеу маңызды. Осы мақсатта әр функционалдық зона бойынша Сырдария өзені атырауының табиғат ресурстарын тиімді пайдалану ұсыныстары әзірленді. Зерттеу көрсеткендей, ГАЖ технологиялары арқылы функционалдық зоналау аумақтың функцияларын анықтаудың және шиеленісті ареалдарды анықтаудың тиімді құралына жатады. Зерттеу нәтижелерін аумақты жоспарлау, табиғи ресурстарды басқару, туризмді дамыту және қоршаған ортаны қорғау сияқты әртүрлі салаларда пайдалануға болады. Сырдария өзенінің атырауын ГАЖ технологиялары арқылы функционалдық зоналау осы аумақтағы негізгі функциялар мен шиеленісті ареалдарды анықтауға мүмкіндік берді. Алынған нәтижелерге сүйене отырып, зерттеу нәтижелерін қолдану бойынша ұсыныстар: Аймақтың дамуын жоспарлау және Сырдария өзені атырауының ресурстарын қорғау мен басқару стратегиясын әзірлеу кезінде аумақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін зерттеу нәтижелерін пайдалануды ұсыну; Биоалуантүрлілік пен экологиялық тұрақтылықты сақтау үшін табиғат қорғау зоналарында осы мақсатқа арналған іс-шараларға басымдық беру. Сырдария өзені атырауының табиғатты қорғау функциясын ескеретін және қоршаған ортаға жағымсыз әсерлерді барынша азайтатын туризм мен рекреацияны дамыту стратегияларын әзірлеу. Өнеркәсіп пен көлік инфрақұрылымын дамыту кезінде көлік-өнеркәсіптік функцияны ескеріп, нысандардың шиеленісті ареалдарда орналасуына жол бермеу. Жер ресурстарын тиімді пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімділігін жақсарту үшін жер ресурстарын басқарудың заманауи технологиялары мен әдістерін пайдалану қажет. Су шаруашылығының қызметін ескеру және Сырдария өзені мен ілеспе су ресурстарының ластануын болдырмау маңызды. Аумақтың өзгеруіне мониторинг жүргізу және жаңа деректер мен орнықты даму талаптарын ескере отырып, өңірдің дамуын жоспарлауды түзету қажет. Осы зерттеудің нәтижелері аумақты басқару жоспарларын және оны дамыту стратегияларын әзірлеу кезінде, сондай-ақ Сырдария өзені атырауының аумағында табиғатты қорғау және табиғи ресурстарды орнықты пайдалану саласында шешімдер қабылдау кезінде пайдаланылуы мүмкін. Әрі қарай зерттеудің шектеулері мен болашағы: Жұмыс шектеулеріне дәлдігі жоғары деректерге қол жетімділіктің жеткіліксіздігімен байланысты, бұл атыраудың кейбір учаскелерін егжей-тегжейлі зерттеуге кедергісін келтірді; Бұдан кейінгі зерттеу функционалдық зоналардың шекараларын нақтылауды, шиеленіс ареалдарын тереңірек зерттеуді, Сырдария өзені атырау жағдайына мониторинг жүргізуді және климат пен адам әрекетінің өзгеруіне байланысты функционалдық зоналардың өзгеру динамикасын талдауды қамтуы мүмкін. Жалпы, Сырдария өзенінің атырауын ГАЖ технологиялары арқылы функционалдық зоналау өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтау және биоәртүрлілікті қорғау үшін өзекті және маңызды. Жұмыс нәтижелері Сырдария өзенінің атырауындағы қоршаған ортаны қорғау және ресурстарды басқару жөніндегі шараларды әзірлеу мен іске асыруда пайдаланылуы мүмкін.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/MxYT8OvlqVE?si=jPMoD9V_JqFrU0sA
