
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Маханова Нурсауле Бауржановна «8D05211 – Іздеу географиясы және геоакпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша «Солтүстік Қазақ жазығының орман жамылғысы ландшафттарын геоақпараттық жүйелер арқылы кешенді бағалау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Физикалық және экономикалық география кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Қарағұлова Роза Құрманәліқызы – география ғылымдарының кандидаты, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ Географиялық ақпараттық жүйелер зертханасының меңгерушісі, мамандығы: 25.00.25 – «Геоморфология және эволюциялық география» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы – PhD, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің География және экология кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., мамандығы: 6D060900 – «География» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Егембердиева Камшат Баратовна – география ғылымдарының кандидаты, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ «Геотуризм және геоморфология» зертханасының меңгерушісі, мамандығы: 25.00.23 – «Физикалық география және биогеография, топырақ географиясы және ландшафттық геохимия» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Курепина Надежда Юрьевна – география ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің су және экологиялық мәселелер институты, мамандығы: 25.00.33 – «Картография» (Барнаул қ., Ресей Федерациясы);
Казангапова Нургуль Буркитбаевна – география ғылымдарының кандидаты, Орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасының қауымдастырылған профессоры м.а., «С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КеАҚ, мамандығы: 25.00.27 - «Құрлықтар гидрологиясы, су ресурстары және гидрохимия» (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Берденов Жарас Ғалымжанұлы – 6D060900 – «География» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессоры, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Ян А. Вендт – география ғылымдарының докторы, профессор, Гданьск университетінің Мұхиттану және география факультеті, География институты, Аймақтық географияны дамыту кафедрасы, мамандығы: «География» (Гданьск қ., Польша Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 31 қаңтар, сағат 11:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05211 – Іздеу географиясы және геоакпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас (оффлайн және онлайн) форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан көшесі, 13, №3 оқу корпусы, Мәжіліс залы (№333 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы аумағы дүниежүзі бойынша 9 орынды иеленседе, жер ресурстарына бай болса да орман қоры, оның ішінде, орманды жерлері өте аз мемлекеттер қатарында екендігі көпшілігімізге мәлім. Сол себепті елде орман саясатын жүргізу маңызды мақсатқа айналып, түрлі стратегия мен Жарлықтар, Концепциялар және т.б. жобалар, жоспарлы іс-шаралар бекітілген. Солардың бірі, Қазақстан Республикасының 2012 және 2013 жылдардағы «Стратегия-2050» Жарлықтарында және Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі Концепциясы мен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2020 жылдың 1 қыркүйек айындағы кезекті Қазақстан халқына Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында орман қорына 5 жылдың ішінде 2 млрд және елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызуды тапсырды. Қазақстан Республикасында табиғатты пайдалану көбінесе ландшафттарды, әсіресе орманды ландшафттар ретінде ерекшеленетін ландшафттар тиісінше кешенді бағалаусыз ұйымдастырылады. Орман жамылғысы ландшафттарды кешенді бағалау мемлекеттік және жеке ұйымдар, жергілікті тұрғындар үшін табиғатты қорғау, ғылыми, коммерциялық және рекреациялық-сауықтыру мақсатында қажет. Табиғатты пайдалану субъектілерінің мұндай қызметін жүзеге асыру барысында қолданыстағы үдерістерде әртүрлі қателіктер туындайды. Бұл әрекет ландшафтқа немесе оның құрамдас бөліктеріне теріс әсер етеді. Қазіргі әлемде, табиғи аумақтардың әлеуеті таусылған кезде, табиғатты пайдалануды стихиялық ұйымдастыруға жол бермейтін тұрақты дамудың мәселелері өзекті болып отыр. Орман жамылғысы ландшафттарды кешенді бағалау Солтүстік Қазақ жазығының (СҚЖ) игерілген ірі өңірлерінде орнықты даму үшін негіз болып табылады. Бүгінгі таңда ландшафттарды кешенді бағалау Қазақстанның өтпелі экономикасы жағдайында өте қиын, бірақ мүмкін және қажетті шара. Сондықтан зерттеудің тақырыбы теориялық және практикалық тұрғыдан өзекті болып табылады. Зерттеудің мақсаты ГАЖ технологиялары мен ЖҚЗ озық әдістерін қолдана отырып, СҚЖ аумағындағы орман жамылғысы ландшафттарына кешенді бағалау жүргізу. Қойылған мақсатқа жету үшін келесі өзара ішкі бірізділік байланыстағы міндеттер қойылды және орындалды: 1. Ретроспективті талдау нәтижесінде орман ландшафттарын зерттеу әдіс-тәсілдерінің теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындау. Бұған орманды табиғи геожүйе ретінде зерттеудің ландшафттық әдіс-тәсілдердің теориялық мазмұндық сипатына және ормандарды бағалауда Жерді қашықтықтан зондтау әдістерін қолданудың әлемдік тәжірибесіне талдау жасау кіреді. 2. Орман ландшафттарын зерттеуде ГАЖ технологиялары мен ЖҚЗ озық әдістерін қолданудың орман шаруашылығын басқарудағы тиімділігін анықтау және олардың орман мелиорациялық карталарының сапасы мен адекваттылығын арттырудағы манызын көрсету. 3. Зерттеу аймағындағы қазіргі ландшафттарды қалыптастырудың антропогендік алғышарттарын айқындау. 4. Солтүстік Қазақ жазығының орман жамылғысы ландшафттарын кешенді бағалау түрлерін анықтау және FCD моделі негізінде бағалаудың мазмұндық сипатын айқындау. 5. Орман жамылғысы ландшафттарының жай-күйін жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу нысаны – Солтүстік Қазақ жазығының орманды ландшафттары. Зерттеу пәні – Солтүстік Қазақ жазығының орманды ландшафттарының жай-күйін және олардың қазіргі табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен болатын динамикасын кешенді бағалау. Қорғауға шығарылатын қағидаттар: 1. ГАЖ технологиялары мен ЖҚЗ озық-картографиялық және аэроғарыштық деректерді үйлестіріп өңдеу, математикалық модельдеу және компьютерлік картографиялау әдістерін орман ландшафттарын кешенді географиялық зерттеуде қолдану, орман шаруашылығын басқару мен орман мелиорациялық карталарының сапасы мен адекваттылығын арттырудың тиімді зерттеу құралы ретінде растайды. 2. Геоақпараттық жүйелердегі FCD моделі әдісін пайдалану және орман жамылғысы ландшафттарының динамикасын модельдеу аймақтардың негізгі телімдері маусымдық далалық зерттеулерге негізделеді. 3. Зерттеу аймағындағы қазіргі кездегі ландшафттардың атқаратын функцияларының қалыптасу үдерісіне негізгі ықпал етуші табиғи абиотикалық және антропогендік: әлеуметтік, экономикалық, экологиялық алғышарттар жүйесі жан-жақты талқыланып, географиялық зандылық ретінде зерттеуді қамтиды; 4. Солтүстік Қазақ жазығының орманды және орман жамылғысы ландшафттардың құрылымын, орман алқаптарының динамикасын, және ландшафттардың стерильділігін бальнеологиялық бағалау үдерісі FCD моделіне негізінделеді және әр түрлі масштабтағы авторлық нұсқада құрастырылған карталар тобымен расталады. 5. Зерттеу нәтижесінде әдістемелік, ғылыми-практикалық тұрғыда жан-жақты негізделіп әзірленген қолданбалы маңызы бар дәйекті, кешенді ұсыныстар орман жамылғысы ландшафттардың жай-күйін жақсартуға сонымен қатар рекреациялық, бальнеологиялық және шаруашылық мақсаттарда тиімді пайдалануға бағытталған. Диссертацияның ғылыми жаңалығы төмендегі тұжырымдарда көрсетілді: Орман ландшафттарын зерттеуде ГАЖ технологиялары мен ЖҚЗ озық- картографиялық және аэроғарыштық деректерді үйлестіріп өңдеу, математикалық модельдеу және компьютерлік картографиялау әдістерін қолданудың орман шаруашылығын басқарудағы тиімділігі анықталып, олардың орман мелиорациялық карталарының сапасы мен адекваттылығын арттырудағы маңызы көрсетілді. Зерттеу аймағындағы қазіргі ландшафттардың функциясын қалыптастырудағы абиотикалық және антропогендік, әлеуметтік-халық қоныстануы, экономикалық-өнеркәсіп дамуы, экологиялық-ауа ластануы алғышарттарының мазмұндық сипаты айқындалды. Солтүстік Қазақ жазығының орман жамылғысы ландшафттарын кешенді бағалаудағы FCD моделінің негізінде орманды және орман жамылғысы ландшафттарының құрылымын, орман алқаптарының динамикасын, ландшафттардың стерильділігін бальнеологиялық бағалау түрлерінің мазмұны анықталып, әр түрлі масштабтағы авторлық нұсқадағы: СҚЖ орман жамылғысы ландшафттарының ағаш түрлері бойынша бөліну, Есіл жазығының орман жамылғысы ландшафттарының салыстырмалы, Есіл-Ертіс жазығындағы орманды ландшафттардың салыстырмалы, Тобыл-Обаған жазығының орман жамылғысы ландшафттарының салыстырмалы т.б. карталары құрастырылды. Орындалған диссертациялық жұмыстың теориялық маңыздылығы СҚЖ аумағындағы табиғи орманды ландшафттарды географиялық тұрғыда сипаттау және кешенді бағалау бойынша жаңа ғылыми негізделген деректерді әзірлеу болып табылады. Сондай-ақ, авторлық ғылыми зерттеу жұмыстары ормандарды бағалаудың ландшафттық әдістемесін теориялық және қолданбалы тәжірибелік тұрғыда одан әрі дамыту үшін негіз және көмекші материал бола алады. Орындалған диссертациялық зерттеудің ғылыми-практикалық маңыздылығы СҚЖ орманды ландшафттарының ресурстық әлеуетін мониторингтеу және пайдалану жүйелерін жақсартуға арналған ғылыми негізделген ұсыныстардан тұрады. Алынған орман алқаптарын картографиялау тәжірибесін практикалық қолдану Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті – ҚазҰАЗУ (Астана) "Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта" факультетінде енгізу актілерімен расталады. ЖҚЗ әдістері саласында алынған ғылыми-теориялық тәжірибе мен нәтижелер бойынша оларды географиялық пәндерде практикалық сабақтар мен семинарларды енгізу үшін қолдануға болады. Жұмыс барысында қолданылған зерттеу әдістері: салыстырмалы-сипаттамалық әдіс, ретроспективті талдау, жалпы теориялық әдістер, далалық зерттеу әдістері, ормандылықты есептеуге және оның динамикасын анықтауға арналған FCD картографиялық моделі, статистикалық әдіс, графикалық әдістер, геоақпараттық әдісті жүйелеу және геодеректерді өңдеу (ArcGIS Desktop 10.5 құралдары мен сценарийлері), ЖҚЗ әдісі. Бастапқы материалдар ретінде: ғылыми әдебиеттер; отандық және шетелдік басылымдардың ғылыми мерзімді басылымдарына шолу материалдары; 1:100 000 масштабтағы топографиялық карталар және зерттелетін аумақтың 1:200 000 масштабтағы төрттік шөгінділердің мемлекеттік геологиялық карталары; тақырыптық карталар (геоморфологиялық, ландшафттық, топырақ карталары, өсімдік карталары және т.б.); АҚШ Геологиялық қызметінің (United States Geological Survey – USGS) сайтынан Landsat 4-5 Thematic Mapper (tm) және Landsat 8 operational Land Imager (OLI) спутнигінің және SRTM цифрлық рельеф үлгілерінің әртүрлі уақыттық мультиспектрлі ғарыштық суреттері, орман алқаптарының фитонцидтік белсенділігі бойынша эксперименттік зерттеулер деректері қолданылды. Ғылыми зерттеу жүргізу кезіндегі автордың өз үлесі. Диссертация үшін автор және оның ғылыми жетекшісі жергілікті жерге барып бастапқы ақпарат пен зерттеу материалдарын жинады, СҚЖ орманды ландшафттарын кешенді бағалау алгоритмін анықтады. Баллдық жүйеде көрсетілген сандық бағалау да, ауызша бағалау да сандық және сапалық көрсеткіштерді біріктіретін зерттелетін нысанды бағалау әдістері негізделген. СҚЖ орманды дала және далалық табиғи аймақтарына арнайы бейімделген FCD картографиялық моделінің әдістемесі бойынша ормандылықты бағалау және салыстыру жұмыстары жүргізілді. Сандық көрсеткіштер ландшафт аумағының оның орманды алқабына пайыздық қатынасында көрсетілген, ал сапалық көрсеткіш FCD моделіне сәйкес ормандылықтың сирек және қалың орманға градациясы болды. Автор соңғы 28 жыл ішінде алғаш рет СҚЖ орманды ландшафттарындағы ормандылық динамикасын бағалап, салыстырмалы карталар мен динамикалық карталар жасады. Ауызша түрде бұл динамиканың сипаты мен бағыты бағаланды. Орманды ландшафттардың топтары өсіп келе жатқан ағаштардың басым түрлеріне және олардың таралу аймақтарының формаларына сәйкес бөлінді және жүйеленді. Зертханалық зерттеулер арқылы таспалы қарағай ормандарының фитонцидтік белсенділігі бағаланып, жартылай фитонцидтік белсенділік картасы жасалды. Топырақты зерттеу жұмыстарын жүргізу және төрттік шөгінділерді зерттеу кезінде ормандардың оңтайлы өсу заңдылықтары анықталды, FCD көрсеткіштерін бөлу кестесі салынған шөгінділер профилі салынды. СҚЖ аумағындағы орманды ландшафттардың жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді. Зерттеу нәтижелерінің жариялануы. Диссертацияда алынған нәтижелер 9 ғылыми басылымдарда көрсетілген, соның ішінде 5 – ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған журналдарда, 1 – Scopus деректер базасына кіретін журналда, 3-халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарында жарияланды. Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспе, 4 бөлімнен тұратын негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, қосымша бөлімдерінен тұрады. Диссертациялық зерттеу ауқымы компьютермен терілген 41 кесте, 50 сурет, 183 парақтық мәтіннен тұрады. Диссертацияның бірінші тарауында орманды табиғи геожүйе ретінде зерттеудің ландшафттық әдіс-тәсілдердің теориялық мазмұндық сипаты, ормандарды бағалауда Жерді қашықтықтан зондтау әдістерін қолданудың әлемдік тәжірибесі, орман ландшафттарын зерттеуде ГАЖ технологияларын қолданудың орман шаруашылығын басқарудағы тиімділігі қарастырылады. Солтүстік Қазақ жазығы ландшафттарының Жер эпигеосферасындағы орны мен иерархиялық бағыныштылығы анықталды. Екінші тарауда Солтүстік Қазақжазығы орман жамылғысы ландшафттарының зерттелу тарихы, табиғи және антропогендік факторлары қарастырылады. Зерттелетін аумақтың Батыс Сібір жазығы шегіндегі географиялық орны анықталды. Солтүстік Қазақ жазығындағы орман түзілу генезисі талданды. 3-ші тарау Орман жамылғысы ландшафттарын зерттеуде пайдаланылған қолданбалы тәжірибелік зерттеу әдістерінің нәтижелері талданады. Зерттеу 3 негізгі кезеңге бөлінеді. - Дайындық кезеңі. Топографиялық-геологиялық карталар мен спутниктік суреттер негізінде зерттелетін аумақпен танысу және кеңістіктік талдау жүргізілді. Далалық жолдар маршруттары анықталды. Landsat спутнигінен мультиспектрлі спутниктік суреттерді таңдау жүргізілді және олардың негізінде орман алқаптары орман алқаптарының тығыздығы (FCD) картографиялық үлгісі арқылы шифрленді. - Далалық кезеңінде топырақ жамылғысын және ағаштардың фитонцидтік белсенділігін зерттеудің зертханалық әдістеріне, аумақты барлауға және FCD картографиялық үлгісінің нәтижелерін тексеруге материалдар жиналды. - Кеңсе әдісі. Алынған мәліметтер мен нәтижелер негізінде орман жамылғысы мен фитонцидтік белсенділік есептелді. Орман динамикасының сипаты мен бағыты анықталды. Төрттік дәуір шөгінділерінің топырақ жамылғысының ерекшеліктері мен геологиясы сипатталған. Орманды ландшафттардағы орман жамылғысының салыстырмалы карталары және олардың 1993-2021 жылдар аралығындағы динамикасы құрастырылды. Төрттік шөгінді профильдері FCD мәндерімен құрастырылған. 4-ші тарау Солтүстік Қазақ жазығының орман жамылғысы ландшафттарын кешенді бағалау түрлері қарастырылады және сызбалар және кестелер түрінде бағалаудың соңғы нәтижелері берілген. FCD моделінің негізінде орманды және орман жамылғысы ландшафттарының құрылымын бағалау. Қорытынды бөлімде орманды ландшафттардың жағдайын жақсарту бойынша тәжірибелік ұсыныстар және ғылыми зерттеулердің одан әрі бағыттары берілген. Диссертациялық жұмыстың қорытындылары: 1. СҚЖ аумағындағы ландшафттардың жалпы санынан 27 орманды ландшафттары бөлінді. Есіл жазығында ‒ 12 орманды ландшафт, Ертіс-Құлынды жазығында – 8, Есіл-Ертіс жазығында – 2, Тобыл-Обаған жазығында ‒ 5. 2. FCD моделінің динамикалық көрсеткіштерін терең зерттеу авторға орманды ландшафттардың құрылымын ұйымдастыру үшін СҚЖ-ның айқын зоналылығы мен секторы бар екенін атап өтуге мүмкіндік береді. Жазықтың солтүстік бөлігіндегі ормандардың зоналық сипаттамалары жапырақты шоққайың ормандармен орын алады, ал, жазықтың оңтүстігіндегі шеттері Қазақтың ұсақ шоқыларымен шектесіп, оның жоғары шығыс бөлігіне қарай жазық реликті қарағайлы ормандар орналасқан. СҚЖ-ның негізгі Тобыл, Есіл және Ертіс сияқты 3 өзенінің жайылмалы ормандары интразоналды геожүйелер болып табылады. Секторлық сипаттамалар СҚЖ-ның 4 бөлек геоморфологиялық аймағында көрсетілген (Кесте 32, 33, 34). 3. Кешенді бағалау кезінде тиісті әдістемені таңдау талабы қойылды. Параметрлерді таңдау орман алқаптарының негізгі сипаттамаларына, атап айтқанда жалпы ормандылыққа, ормандылық құрылымына, сүрек діңнің типологиясына, ормандылық динамикасының дәрежесіне, фитонцидтік белсенділікке негізделген. 4. 1993 жылғы жағдай бойынша FCD әдістемесі бойынша аумақтың жалпы ормандылығын есептеу нәтижелері 12,88%-ды құрады және орман мекемесінің статистикалық деректеріне сәйкес келеді, алайда 2021 жылға арналған санау нәтижелері орман мекемесінің статистикалық деректерінен ерекшеленеді, 28 жыл ішінде ландшафттардың орман жамылғысы 3,16%-ға қысқарды, 2021 жылы 9,73%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер ресми Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауындағы статистикалық мәлеметтері бойынша айырмашылығы байқалды. СҚЖ-ның орманды жерлер ауданы 1993 жылы 1385,9 га, 13,5%, 2013 жылы 1396,5 га, 13,7%, 2021 жылы 1492 га, 14,8%. Орманды жерлердің ауданы 28 жыл ішінде статистика бойынша 1,3% жоғарылағанын көрсетеді (32, 33, 34-кестелер). Оның себептері, статистикалық мәлімет тек облыспен берілгендіктен ауданы СҚЖ-нан артық есепке алыну, жеке жазықтағы ландшафттар бойынша статистикалық мәліметтердің болмауынан FCD әдістемесі бойынша аумақтың жалпы ормандылығын есептеу нәтижесі мен статистика мәліметтер арасында айырмашылығы орын алды. 5. Landsat спутнигінің 23 көп спектрлі ғарыштық суретін дешифрлеу нәтижесінде FCD картографиялық моделіне сәйкес қалың және сирек ормандылығы бойынша егжей-тегжейлі карталар және ормандылық динамикасы карталары жасалды. Дешифрлеудің алынған нәтижелері далалық зерттеу кезінде 87% дәлдікпен жер бедерін рекогносцирлеу арқылы расталды. Зерттеу нәтижесін көрсететін СҚЖ-ның Есіл, Ертіс, Есіл мен Ертіс қосөзендері және Тобыл-Обаған жазықтарының бөліктері бойынша орман жамылғысы ландшафттарының салыстырмалы карталары (29, 30, 31, 32-суреттер) 1:3000 000 масштабта жасалды. 6. Ландшафттық кескіндеу әдісін қолдану кезінде FCD мәндерінің таралу графигінің төрттік эолдық шөгінділермен және жер жамылғысының геохимиялық қасиеттерімен корреляциясы байқалады. Есіл өзенінің сол жағалауындағы қайың шоқтары негізінен құрғатылған, тұздалмаған топырақтары бар эолды-қисық рельефпен шектеседі. Ертіс маңындағы таспалы қарағайлы ормандар құрамында калий мөлшері жоғары эолдық құмдар қабатымен жабылған өзендердің ежелгі аллювиалды арнасына жатады. Тобыл-Обаған жазығының аралдық қарағайлы ормандары да осындай ұқсас шөгінділерге, тұздануы аздап жоғарылаған күлгін топырақтарда таралған. 7. СҚЖ қарағайлы ормандарының ормандылығының теріс динамикасы табиғи эволюциялық сипатта екені анықталды. Тарихи салыстыру әдісімен Қазанбасы орманының шөлейттену үдерісі бар екенін байқауға болады (38-сурет 4-бөлім, 4.2 тақырыпша). Ескі геологиялық карталар мен оларға түсіндірме жазбаларды талдау кезінде Аманқарағай қарағайлы орманының оңтүстік шекарасы қазіргі ауылдан оңтүстікке қарай 2 км қашықтықта жалғасқаны байқалды. Алайда, Қояндыағаш орманы ол карталарда жоқ және қараусыз қалғандықтан орманды жерлерінің ауданы жыл санап азайып келеді (52°22'09" С. Е.64°01'57" ш.б.). Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде төмендегідей ұсыныстар жасаймыз. Уәкілетті ұйымдарда орманды ландшафттарды бағалау әдістемесін бекіту аспектілерін жетілдіру қажеттілігіне әртүрлі жоспарларды құрудың бастапқы материалы ретінде қарастырылады және орманды ландшафттардың жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар енгізіледі: 1. Ағаш отырғызу кезінде топырақ пен жер асты суларының гидрохимиялық режимін ескере отырып, қалаларды көгалдандыру жөніндегі мемлекеттік іс-шаралар жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстар. 2. Ағаш тамырларының метаболиттік белсенділігін жақсарту мақсатында құрғатылған топырақты және қопару шараларын қолдану арқылы топырақтың аэрациясын арттыру ұсынылады. Сондай-ақ, жер асты суларын жақсарту үшін, олардың гидрохимиялық режимін зерттеу кезінде хлоридизациямен күресу арқылы ағаш отырғызу кезінде ұсынылады. Жер асты суларының хлорид құрамы ағаш түрлерінің өсуіне жағымды әсер етпейді. 3. Ормандарды мемлекеттік түгендеу жүйесін әзірлеу кезінде орман алқаптарын картаға түсірудің географиялық дұрыстығы мәселелерін ескеретін барлық ұйымдардың үйлестіруші іс-әрекеттеріне білікті мамандарды тартуды ұсынамыз. 4. Қазақстанның қуаң далалы және жартылай шөлді табиғи аймақтары жағдайында өсуге бейімделген ағаштардың құрғақшылыққа төзімді түрлерін және Қазанбасы, Аманқарағай қарағайлы ормандарында (№17 және №18 ландшафттар) ұқсас сортаң топырақтарда өсіруде ғылыми селекционерлердің ғылыми зерттеулері мен әзірлемелерін жіберу ұсыныстары берілді. Жоғарыда аталған 2 орманды ландшафттардағы қарағай тұқымдарының салмағы Еуразия континентінің еуропалық бөлігінде өсетін қарағай тұқымдарының салмағымен салыстырғанда ауыр болып келеді. Мұндай ағаш түрлерін өсірудің ғылыми әлеуеті жоғары бағаланады және жер жамылғысын, төрттік шөгінділердің геологиясын талдаумен негізделген. Ұқсас географиялық жағдайларда өсетін мұндай ағаш түрлерін өсіру шөлейттену мәселесін шешуде маңызды ғылыми перспектива болып табылады. 5. Қарағай күн сәулесіне өте сезімтал ағаш тұқымы екенін ескере отырып, Ертіс-Құлынды жазығында таспалы қарағайлардың орналасу арақашықтығы бір-біріне жақын болып, ұшар бастарының қабаттасуы күн сәулесінің түсуіне кедергі жасауы қарағайдың өспеуіне алып келеді. Бұл мәселені шешуде стандартты арақашықтықтарын қалыптастыру үшін қысқа мерзімді кесу ұсынылады. Ағаш кесуге ландшафттар (ОFCD) ормандылығының градациясы мен санаттарына сәйкес өсу қарқындылығы төмен қарағай массивтерін тағайындау керек. 6. Туристік маршруттарды енгізу арқылы жоғары фитонцидтік белсенділік негізінде қарағай шоқтарын рекреациялық, бальнеологиялық және шаруашылық мақсаттарда пайдалану мүмкіндігі ұсынылады. Осылайша, орманды ландшафттарды кешенді бағалау, негізгі компонент – ағаштардың биофизикалық параметрлерін жан-жақты талдауға негізделген. Бұл орман экожүйелерінің барлық белгілерін толық қамтуға мүмкіндік береді және олардың динамикалық сипаты мен бағытын анықтауға мүмкіндік береді. Кешенді бағалау сапалық және сандық сипаттаманы қамтиды. Сандық бағалаудағы өлшем бірліктері статистикалық мәліметтер, қор материалдары немесе авторлық есептеулер арқылы кең және түсінікті түрде ұсынылған. Ландшафтты сапалы бағалауда тұрақты өлшем бірліктері жоқ. Көптеген әдеби дереккөздер мен ғылыми еңбектерде бағалау жоғары объективтілікпен ерекшеленбейді және ауызша (тұжырымдамалық) бағалаумен ұсынылған. Толыққан жан-жақты бағалау үшін институттарда немесе арнайы құрылған топтарда егжей-тегжейлі зерттеу арқылы эмпирикалық түрде қол жеткізуге болады. Бағалау жұмыстарының нәтижелері, әзірленген әдістемеге сәйкес, ландшафттардың геожүйелер ретіндегі жан-жақты өлшемдерін, олардың адам мен табиғат қатынастарындағы орнын ескере отырып қарастырады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/alr1atJXRrY?si=VstLe0aqdt-_ryWz
