
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Бектемирова Асель Амангельдыевна «8D05213 – География» білім беру бағдарламасы бойынша «Антропогендік әсер ету жағдайында Тобыл өзені алабының геожүйелерінің динамикасы: ҚР аумағында» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Физикалық және экономикалық география кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Базарбаева Турсынкул Аманкельдиевна – география ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО» кафедрасының меңгерушісі, доцент, мамандығы: 25.00.23 - «Физикалық география және биогеография, топырақ географиясы және ландшафттық геохимия», 25.00.36 – «Геоэкология» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Кабиев Ерлан Сырымович – философия докторы (PhD), Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «География және туризм» кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а., мамандығы: «6D060900 – География» (Атырау қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Акпамбетова Камшат Мақпалбаевна – география ғылымдарының кандидаты, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «География» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, мамандығы: 25.00.25 – «Геоморфология және эволюциялық география» (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Алдажанова Гульнар Булатовна – философия докторы (PhD), «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ «Ландшафттану және табиғатты пайдалану мәселелері» зертханасының аға ғылыми қызметкері, мамандығы: «6D060900 – География» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Курепина Надежда Юрьевна – география ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің су және экологиялық мәселелер институты, мамандығы: 25.00.33 – «Картография» (Барнаул қ., Ресей Федерациясы).
Ғылыми кеңесшілері:
Озгелдинова Жанар Озгелдиновна – философия докторы (PhD) «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ «Физикалық және экономикалық география» кафедрасының профессор м.а., мамандығы: «6D060900-География» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Дунец Александр Николаевич – география ғылымдарының докторы, Алтай мемлекеттік университетінің «Экономикалық география және картография» кафедрасының доценті, профессор, мамандығы: 25.00.24 – «Экономикалық, әлеуметтік, саяси және рекреациялық география» (Барнаул қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2025 жылғы 19 наурыз, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05213 – География» білім беру бағдарламасы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас форматта (оффлайн және онлайн) өткізіледі деп жоспарлануда.
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан көшесі, 13, №3 оқу корпусы, Мәжіліс залы (№333 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Табиғатты пайдалану тарихы – геожүйелердің қазіргі жағдайына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Мұрагерлік әсері (legacy effect), яғни өткен антропогендік әсерлердің қазіргі топырақ пен өсімдік жамылғысына ықпалы, ландшафттық экологияда әлі де жеткілікті зерттелмеген мәселе болып табылады. Бірқатар зерттеулер табиғатты пайдалану тарихының қазіргі ландшафт кешендеріне айтарлықтай із қалдыратынын көрсетті. Осыған байланысты, табиғатты пайдалану тарихын зерттеу антропогендік әсер жағдайында геожүйелердің қазіргі кешендік құрамының ерекшеліктерін және олардың динамикасын түсіндіруге, сондай-ақ табиғи орта өзгерістерінің болжамын жасауға мүмкіндік береді. Табиғи-антропогендік ландшафт динамикасын зерттеу геожүйелерде жүретін үдерістерді түсіну үшін маңызды. Геожүйелердің қалыптасуы мен дамуының негізгі элементтері ландшафт кешендері арасындағы өзара әрекеттесу, атап айтқанда биотикалық және абиотикалық факторлар. Бұл өзара байланыстарды түсіну ғалымдарға ландшафттардың өзгеруін болжауға және олардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді. Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Тобыл өзені алабының геожүйелерінің антропогендік әсер жағдайындағы динамикасын бағалау және зерттеу аймағында табиғатты пайдалану құрылымын оңтайландыруға бағытталған стратегияны әзірлеу. Зерттеудің міндеттері: – геожүйелердің қалыптасуындағы табиғи факторларды талдау; – белгіленген зерттеу кезеңдері бойынша табиғатты пайдалану аумақтық құрылымын зерттеу; – антропогендік факторлардың геожүйелердің ландшафттық-геохимиялық жағдайына әсерін талдау; – антропогендік әсер жағдайында геожүйелер динамикасын бағалау; –зерттеу аймағындағы табиғатты пайдаланудың қазіргі және болашақтағы ұйымдастырылу ерекшеліктерін ескере отырып, геожүйелер динамикасын болжау; – зерттеу аймағында табиғатты пайдалану құрылымын оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу мақсатын іске асыру үшін инновациялық және дәстүрлі әдістердің кешені қолданылды. Оларға мыналар жатады: салыстырмалы-географиялық әдіс, геоақпараттық картографиялау әдісі, геожүйелік- алаптық тәсіл, геохимиялық әдіс, ландшафттық талдау әдісі, ғарыштық мониторинг әдісі, математикалық модельдеу әдісі, статистикалық әдіс, картографиялық әдіс, кеңістіктік интерполяция әдістері. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1.Тобыл өзені алабының геожүйелерінің антропогендік әсер жағдайындағы динамикасы аумақтағы табиғатты пайдаланудың алан контрасттылығымен (алуантүрлілік) анықталады, бұл аймақтың шаруашылық игерілуімен байланысты. 2.Тобыл өзені алабының геожүйелер динамикасын кешенді бағалаудың негізі – далалық зерттеулер мен Жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде алынған көрсеткіштерді талдау және оларды тексеру (верификация) мен салмақтық коэффициенттерді ескере отырып біріктіру процедурасы болып табылады. Бұл әдіс зерттеліп отырған аумақты деградация деңгейі бойынша автоматтандырылған зоналау жүзеге асыруға мүмкіндік береді. 3.Геожүйелер динамикасын бағалау нәтижелері мен оның антропогендік әсер жағдайындағы болжамдық тенденцияларын үрдістерін ескере отырып әзірленген табиғатты пайдаланудың оңтайлы құрылымы Тобыл өзені алабы аумағының тұрақты дамуының негізін құрайды. Диссертацияда Тобыл өзені алабының геожүйелер динамикасын бағалаудың теориялық, әдістемелік және тәжірибелік мәселелері қарастырылып, жүргізілген зерттеулер мен алынған нәтижелер негізінде келесі қорытындылар жасалды: 1.Тобыл өзенінің су жинау алабында 78 жеке ландшафт анықталып, картаға түсірілді. Олар типологиялық топтастыру және құрылымдық-генетикалық классификациядан кейін иерархиялық жүйеге жүйеленді. Легендада келесі классификациялық санаттар тақырыптар мен ішкі тақырыптар түрінде белгіленді: кластар: жазықтық ландшафттар және өзен аңғарлары мен көл қазаншұңқырларының ландшафттары; түрлері: жазықты (орманды-далалы, далалы және шөлейт), аңғарлы (шалғынды, жайылмалы, лиманды, сортаңды-шалғынды-далалы және сортаңды-сорлы); Ішкі түрлері: солтүстік-далалық, оңтүстік-далалық. Табиғи-климаттық ерекшеліктер талданып, олардың Тобыл өзені алабы аумағында антропогендік әсер жағдайында ландшафттардың ластану үдерістерінің дамуына ықпалы зерттелді. 2.Белгіленген зерттеу кезеңдері (1980 ж., 2000 ж., 2023 ж.) бойынша Тобыл өзені алабының табиғатты пайдалану карталары құрастырылды. Зерттеу аймағында жүзеге асырылатын антропогендік қызмет және тиісінше, антропогендік әсер жағдайындағы ландшафт динамикасының негізгі факторлары – өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық қызметі: пайдалы қазбаларды өндіру, машина жасау, егіншілік, жайылым, көлік қызметі. Жалпы алғанда, тау-кен өндірісінің ошақтық сипаты байқалады. Зерттеу аумағы үшін табиғатты пайдаланудың (аграрлық) фондық сипаты тән. 3.Шаруашылық қызметтің ландшафттық және геохимиялық жағдайға әсері талданды. Зерттеу нәтижесінде табиғи орта элементтеріндегі ластаушы заттардың құрамы өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың әртүрлілігін көрсететіні анықталды, онда қара металлургия зауыттары басым. Зерттеу барысында қарастырылып отырған аумақтағы топырақ пен су объектілерінде химиялық элементтер мен ластаушы заттардың таралуының біркелкі еместігі анықталды. Бұл әртүрлі топырақ түзуші жыныстардың болуымен, ландшафттық-геохимиялық факторлармен, элементтердің миграциясы және жинақталуымен, сондай-ақ алап аумағындағы өнеркәсіптік және тау-кен кәсіпорындарының әсерімен байланысты. Ластану көзіне (шығарындыларға) жақындаған сайын суда нитриттердің, ал топырақта мыс, қорғасын және нитраттардың мөлшерінің айтарлықтай артқаны байқалды. 4. Индекстердің мәндерін және далалық зерттеу деректерін тексеру кезінде ең жоғары дәлдікке ие индекстер анықталып, әрбір көрсеткішке (топырақтың артық ылғалдануы, топырақтың тұздануы, эрозиялануы, су нысандары, жалпы проекциялық жамылғысы) картографиялау жүргізілді. Антропогендік әсер жағдайында әрбір көрсеткіштің деградациясы негізінде зерттеу аймағының табиғи ортасының деградация дәрежесінің интегралдық көрсеткішін есептеу арқылы әртүрлі деградация деңгейіндегі ландшафттар анықталды (деградацияның болмауынан бастап өте күшті деградацияға дейін). Зерттеулер нәтижесінде жоғары дәрежеде деградацияға ұшыраған ландшафттардың зерттеу аймағының оңтүстігінде орналасқан шөлейтті аймақтарға тән екендігі расталды. Бұл ландшафттардың деградациясы тек антропогендік әсерлермен ғана емес, сондай-ақ ландшафттардың ластану процестеріне әсер ететін табиғи-климаттық ерекшеліктермен де байланысты. Керісінше, әлсіз деградацияланған ландшафттар орманды-дала және дала аймақтарына сәйкес келеді, олар экономикалық игеру деңгейінің жоғары болуымен және антропогендік әсерлерге төзімділігімен сипатталады. 5. Далалық нүктелер мәндері бойынша алынған көрсеткіштерді верификациялау нәтижелердің шынайылығын 84%-дан 92%-ға дейінгі деңгейде анықтайды, бұл әдістер мен нәтижелерді алу тәсілдерін, әсіресе далалық әдістерді, вегетациялық және вегетациялық емес индекстерді таңдаудың дұрыстығын растайды. 6. Тобыл өзені алабының солтүстік бөлігіндегі орманды-дала және дала ландшафттары физика-географиялық жағдайларға байланысты антропогендік әсерлерге жоғары төзімділігімен сипатталады, алайда антропогендік белсенділіктің артуы бұл аумақтардың табиғи ортасының деградациясына әкелуі мүмкін. 7. 2050 жылға алап аумағындағы антропогендік жүктеменің даму болжамы жасалды. Тобыл өзені алабының перспективті ұйымдастырылуы бойынша алынған картографиялық бейне болжамдық кезеңдегі антропогендік әсердің артуының кеңістіктік көрінісін көрсетеді. Біздің зерттеулерімізге сәйкес, антропогендік әсердің ең жоғары өсуі Қостанай, Рудный, Лисаковск және Жітіқара сияқты өнеркәсіптік қалалардың маңында байқалады, олардың даму басымдықтары шикізат базасын кеңейту, шикізатты тереңдетіп және кешенді өңдеу деңгейін арттыру болады. 8. ЖҚЗ/ГАЖ технологияларын қолдана отырып, антропогендік әсер жағдайында ландшафттардың динамикасын бағалауды талдау негізінде зерттеу аймағы үшін табиғат пайдаланудың оңтайлы құрылымының схемасы ұсынылды. Ландшафттардың антропогендік деградация дәрежесіне байланысты табиғат пайдаланудың үш режимі ұсынылады: табиғатты қорғау, экстенсивті және интенсивті. 9.Тобыл өзені алабындағы ландшафттардың антропогендік әсер жағдайындағы динамикасын зерттеу нәтижелері геожүйелердің жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар мен ұсыныстарды әзірлеуге мүмкіндік берді. Бұл ұсыныстар зерттеліп отырған аумақтың болашақ даму жоспарларын әзірлеуде қолданылуы мүмкін. Алынған нәтижелер негізінде мынадай қорытындылар жасалды: ұсынылған әдістеме тек зерттеу аймағының динамикасын бағалау үшін ғана емес, сонымен қатар табиғат пайдаланудың практикалық мәселелерін шешуге бағытталған геоэкологиялық зерттеулерді жетілдірудің негізі бола алады. Зерттеудің ғылыми жаңалығы келесі аспектілерден тұрады: – бағдарламалық құралдарды, қашықтықтан зондтау деректерін және далалық зерттеу нәтижелерін қолдану арқылы орташа масштабтағы ландшафт картасы жасалды. – антропогендік әсер жағдайында геожүйелер динамикасын бағалау әдістемесі әзірленіп, сынақтан өткізілді. – зерттеліп отырған аймақтағы табиғат пайдаланудың қазіргі және перспективалық ұйымдастырылу ерекшеліктерін ескере отырып, геожүйелер динамикасының болжамы жасалды. – табиғат пайдаланудың құрылымын оңтайландыруға арналған ұсыныстар жиынтығы әзірленді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы оның нәтижелерін аймақтың тұрақты дамуының модельдерін әзірлеуде, антропогендік факторлардың әсерінен геожүйелер динамикасын болжауға бағытталған мониторингтік зерттеулерде қолдануға болатындығымен анықталады. Алынған зерттеу нәтижелері табиғат пайдалануды реттеу бойынша іс-қимыл жоспарларын әзірлейтін әкімшілік облыстар мен аудандардың басқару органдары, сондай-ақ экология және қоршаған ортаны қорғау комитеттері үшін пайдалы болуы мүмкін, сонымен қатар, бұл нәтижелер жаңа шаруашылық кәсіпорындарын жобалау және іске қосу барысында қолданылуы мүмкін. Диссертацияның құрылымы мен мазмұны. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен 5 қосымшадан тұрады. Негізгі мазмұны 142 бет машинкамен терілген мәтінде баяндалған, 16 сурет және 22 кестемен иллюстрацияланған. Әдебиеттер тізімі 124 атаудан тұрады. Диссертациялық зерттеу барысында алынған негізгі тұжырымдар мен қорытындылар 6 ғылыми еңбекте жарияланған. Оның 1-еуі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымда, 4-еуі Scopus халықаралық базасына кіретін журналдарда жарияланған, ал қалған еңбектер халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда апробациядан өтті. Зерттеушінің жеке үлесі зерттеудің барлық кезеңдерін дербес ұйымдастыруы мен жүзеге асыруында, зерттеу нәтижелеріне негізделген жарияланымдарды дайындауында және олардың түрлі ғылыми платформаларда апробациялануында көрінеді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/WZRyqpgQO9A
