
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Абдығалым Баянғали Хайерберліұлы «8D06103 – Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша «Әскери ақпаратты іздеу және талдауды жақсарту үшін NLP көмегімен әскери терминология тезаурусын әзірлеу» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Кәрібаева Айдана Сейілғазықызы - философия докторы (PhD), доцент м.а., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Оралбекова Дина Орымбаевна – философия докторы(PhD), қауымдастырылған профессор, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтының аға ғылыми қызметкері (Алматы қ. Қазақстан Республикасы)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Козбакова Айнур Холдасовна - философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» ШЖҚ РМК «Жасанды интеллект және робототехника» зертханасының жетекші ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Қайбасова Динара Жеңісбекқызы – философия докторы (PhD), «Компьютерлік инженерия» департаментінің қауымдастырылған профессоры, Astana IT University (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Хужаяров Илёс Ширалиевич - философия докторы (PhD), доцент, Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің Есептеу жүйелері инженериясы кафедрасы (Самарканд қ., Өзбекістан).
Ғылыми кеңесшілері:
Самбетбаева Мадина Аралбаевна – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Esref Adali – философия докторы (PhD), Стамбул техникалық университетінің профессоры (Стамбул қ., Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 15 қыркүйек, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D06103 – Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша «8D061 – Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы аралас (офлайн және онлайн) форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/444525122444693?p=vxHHLvN8Ggdh2ivOGG
Мекен-жайы: Астана қ., Пушкин көшесі, 11, №2 оқу ғимараты , 222-аудитория
Аңдатпа (қаз.): Абдығалым Баянғали Хайерберліұлының «8D06103 - Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған « Әскери ақпаратты іздеу және талдауды жақсарту үшін NLP көмегімен әскери терминология тезаурусын әзірлеу» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Тақырыптың өзектілігі. Зерттеу тақырыбының өзектілігі әскери ақпарат көлемінің артуымен, әскери терминологияның күрделенуімен және әскери аналитикада табиғи тілді өңдеу технологияларын қолдану қажеттілігінің күшеюімен айқындалады. Қазақ, орыс және ағылшын тілдері қатар қызмет ететін Қазақстан Республикасының көптілді ақпараттық ортасы жағдайында, сондай-ақ Қарулы Күштердің әскери-техникалық ынтымақтастықтың халықаралық форматтарына белсенді кіріктірілуін ескере отырып, әскери терминологияның формалданған, машинамен оқылатын және ішкі үйлесімділігі бар жүйесіне қажеттілік ерекше өзекті сипатқа ие болуда. Қазіргі уақытта әскери терминология жүйесі бытыраңқы және біркелкілік сақталмаған. Әртүрлі ведомстволар мен елдердің құжаттарында бір нысандар әртүрлі терминдермен сипатталады. Ресми тұжырымдамалар, кәсіби жаргон, аббревиатуралар, кірме сөздер және жаңа қару кластары мен әскери қимыл түрлерінің пайда болуын білдіретін неологизмдер қатар қолданылып жатады. Бұл проблема қазақ-орыс-ағылшын үштілді ортасында ерекше өткір сипатқа ие, өйткені онда тіларалық сәйкестіктер бір мағыналы болып табылмайды, ал қазақ әскери терминологиясы ашық дереккөздерде үзік-үзік ғана берілген және толыққанды машинада оқылатын формалданған түрде ұсынылмаған. Әскери лексиканың қолда бар сөздіктері мен анықтамалықтары, әдетте, дәстүрлі лингвистикалық парадигма аясында жасалған және мәтінді машинамен өңдеуге бағдарланбаған. Олар ұғымдар арасындағы семантикалық байланыстардың (тектік-түрлік, ассоциативтік, тіларалық) формалданған көрінісін қамтамасыз етпейді, ISO 25964 сияқты заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді және әскери мақсаттағы ақпараттық-іздестіру мен аналитикалық жүйелермен кіріктіруге бағытталмаған. Үйлесімді үштілді терминологиялық базаның болмауы әскери құжаттарды автоматты іздеу, индекстеу және тақырыптық профильдеу кезінде толықтық пен дәлдіктің елеулі дәрежеде жоғалуына әкеп соғады. Сонымен бір мезгілде табиғи тілді өңдеу саласында трансформерлік модельдер, көптілді эмбеддингтер, графтық нейрондық желілер және терминдерді автоматты шығарып алу әдістері кеңінен қолданыла бастады. Бұл әдістер тезаурустарды автоматты құрастыру мен толықтыру мүмкіндіктерін кеңейтеді. Қазақ тіліне арналған KazBERT, Kaz-RoBERTa сияқты модельдердің және BGE-M3, LaBSE, multilingual E5 тәрізді көптілді эмбеддингтердің пайда болуы үштілді әскери терминологиялық ресурсты әзірлеудің техникалық негізін қалыптастырады. Алайда оларды әскери доменде тікелей қолдану қазақ тілінің төмен ресурстылығы, агглютинативті морфологиясы, оқыту корпустарының теңсіздігі және әскери лексиканың домендік ерекшелігі сияқты шектеулермен байланысты. Осылайша, қазақ-орыс-ағылшын үштілді ортада әскери терминологияны формалданған және машинамен оқылатын түрде ұсыну қажеттілігі мен ISO 25964 талаптарын, әскери терминография қағидаттарын және NLP әдістерін бір жүйеде біріктіретін әдістемелік және бағдарламалық құралдардың жеткіліксіздігі арасында қарама-қайшылық қалыптасқан. Қазіргі диссертациялық зерттеулердің әдіснамалық тәсілдері пәндік сала мен оның ұғымдық аппаратының жүйелі сипаттамасына сүйенуді тікелей талап ететінін ескере отырып, ғылыми негізделген көптілді әскери тезаурусты және оны автоматтандырылған толықтыру технологиясын құрастыру Қазақстан Республикасының әскери информатикасы, қолданбалы және компьютерлік лингвистикасының дамуы үшін ғылыми және қолданбалы тұрғыдан негізделген міндет болып табылады. Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Мамандандырылған пән салаларының тезаурустары мен онтологияларын құрастырудың теориялық негіздері G. Miller (WordNet), C. Fellbaum, Н.В. Лукашевич және Б.В. Добров (RuThes / RuWordNet), R. Navigli және S.P. Ponzetto (BabelNet), R. Speer (ConceptNet) еңбектерінде, сондай-ақ халықаралық стандарттаушы ұйымдардың – ISO/TC 37 техникалық комитетінің ISO 25964-1:2011, ISO 25964-2:2013, ISO 704:2022 және ISO 1087:2019 стандарттарында, W3C консорциумының SKOS, RDF, OWL ұсынымдарында әзірленген. Әскери глоссарийлерді құрастыру қағидаттары халықаралық және ұлттық нормативтік құжаттарда, ең алдымен NATO Glossary AAP-06 және DoD Dictionary of Military and Associated Terms-те формалданған. Тезаурустарды автоматты құрастыру әдістері айтарлықтай эволюциядан өтті. M. Hearst (1992) және R. Snow мен әріптестерінің (2005) үлгілі тәсілдерінен бастап T. Mikolov (Word2Vec), J. Pennington (GloVe), P. Bojanowski (FastText) дистрибутивтік модельдері арқылы J. Devlin (BERT), A. Conneau (XLM-RoBERTa), N. Reimers (Sentence-BERT) трансформерлік архитектураларына және J. Shen (TaxoExpan) мен оның жалғастырушыларының графтық нейрондық желілік модельдеріне дейін. Ақпараттық-іздестіру әдістері G. Salton (TF-IDF), S. Robertson және H. Zaragoza (BM25), V. Karpukhin (DPR), J. Chen (BGE-M3), G. Cormack (RRF) еңбектерінде дамыды. Қазақ тіліне қатысты маңызды нәтижелер J. Washington (қыпшақ тілдеріне арналған FST), Z. Yessenbayev және A. Makazhanov (KazNLP), A. Toleu (character-aware morphological disambiguation), G. Tolegen (voted-perceptron approach), O. Makhambetov (Kazakh Language Corpus) еңбектерінде алынды. Қазақ-орыс-ағылшын үштілді ортасындағы мамандандырылған әскери терминологияға және көптілді міндеттерге қатысты екітілді терминологиялық ресурстарды құрастыру жөніндегі зерттеулер елеулі үлес қосты (А. Галиева, А. Кириллович орыс-татар тезаурусы, Tatar WordNet). Алайда көрсетілген ауқымдағы қазақ әскери-терминологиялық ресурсы осы кезге дейін жасалмаған. Мамандандырылған домендерде BM25 және тығыз нейрондық желілік ретриверлерді қолдану жөніндегі зерттеулер (BEIR, N. Thakur және әріптестері) бір парадигманың екіншісінен сөзсіз басым екендігінің жоқтығын көрсетеді және гибридті архитектураларға деген қажеттілікті негіздейді. Көптілді терминологиялық ресурстарды табиғи тілді өңдеу технологияларын қолдана отырып құрастыру тақырыбына айтарлықтай ғылыми қызығушылыққа қарамастан, одан әрі әзірлеуді қажет ететін аспектілер сақталып отыр. Жұмыстардың басым бөлігі жалпы тілдік корпустарға не жекелеген пәндік салаларға (агромәдениет, медицина, экология) бағытталған және әскери терминологияның әрі үштілді қазақстандық ортаның ерекшелігін ескермейді. ISO 25964 талаптарын аз ресурсты агглютинативті тілдерге қатысты заманауи NLP-технологияларымен ұштастыратын кешенді әдістемелер әзірленбеген. Қазақ және орыс тілдерінің морфологиялық вариативтілігін ескеретін әскери терминологияны индекстеудің мамандандырылған тәсілдері қалыптастырылмаған. Аталған олқылықтар осы зерттеудің тақырыбы мен бағыттылығын таңдауды айқындады. Зерттеу нысаны. Қазақ-орыс-ағылшын үштілді ортада әскери тақырыптағы мәтіндік ресурстарда және әскери ақпаратты іздеу мен талдаудың ақпараттық жүйелерінде әскери терминологияны семантикалық ұсыну мен пайдалану үдерісі. Зерттеу пәні. Табиғи тілді өңдеу технологиялары негізінде қазақ-орыс-ағылшын әскери терминология тезаурусын құрастыру, автоматтандырылған толықтыру және әскери терминдер арасындағы семантикалық байланыстарды формалданған түрде модельдеу әдістері, модельдері мен алгоритмдері. Зерттеу мақсаты. Табиғи тілді өңдеу технологиялары мен ISO 25964 халықаралық стандарты негізінде қазақ-орыс-ағылшын әскери терминология тезаурусын құрастыру және оны автоматтандырылған толықтырудың ғылыми негізделген әдістерін, модельдерін, алгоритмдерін және бағдарламалық прототипін әзірлеу. Ұсынылған шешім әскери ақпаратты іздеудің толықтығы мен дәлдігін арттыруға және әскери мәтіндерді тақырыптық-ситуациялық талдау сапасын жақсартуға бағытталған. Зерттеу міндеттері. 1. Мамандандырылған тезаурустарды, онтологияларды және әскери терминологияны автоматты өңдеу әдістерін талдау. 2. Қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әскери терминдердің құрылымдық, семантикалық және морфологиялық ерекшеліктерін анықтау. 3. Әскери тақырыптағы үштілді мәтіндер корпусын қалыптастыру және термин кандидаттарын автоматты шығарып алу әдістемесін әзірлеу. 4. ISO 25964 стандартына сәйкес BT, NT, RT, SYN, LE және UF байланыстарын қамтитын үштілді әскери тезаурустың тұжырымдамалық және формалданған моделін әзірлеу. 5. BM25, морфологиялық префикстік токенизация, графтық кеңейту және KazBERT негізіндегі қатынастар классификаторын біріктіретін гибридті NLP-конвейер әзірлеу. 6. Тіларалық эквиваленттерді үйлестіру және синонимдік байланыстарды толықтыру үшін LE-тұйықтау және union-find негізіндегі механизм әзірлеу. 7. Neo4j, SKOS/RDF/OWL және XML экспортын қолдайтын бағдарламалық прототип пен интерактивті лексикографиялық интерфейсті іске асыру. 8. Ұсынылған тезаурус пен гибридті конвейердің әскери ақпаратты іздеу сапасына (Hit@k, MRR, Recall@K) және тезаурус графы негізіндегі семантикалық навигация мен тақырыптық профильдеу сапасына әсерін эксперименттік бағалау. Зерттеудің әдіснамасы. Зерттеудің әдіснамалық негізін әскери саладағы ақпараттық үдерістерді талдаудың жүйелі және кешенді тәсілдері, терминология теориясы мен тезаурустық модельдеудің ережелері, корпустық және компьютерлік лингвистиканың тұжырымдамалық негіздері, ақпараттық іздеу мен мәтіндерді интеллектуалды талдау әдістері құрайды. Зерттеу ISO 25964-1:2011 және ISO 25964-2:2013 халықаралық стандарттарына, W3C SKOS, RDF, OWL ұсынымдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің нормативтік дереккөздеріне және әскери терминологияның халықаралық глоссарийлеріне (NATO AAP-06, DoD Dictionary) сүйенеді. Зерттеу әдістері. Жұмыста келесі зерттеу әдістері қолданылды: әскери терминология, тезаурустар, онтологиялар және табиғи тілді өңдеу бойынша ғылыми әдебиеттерге теориялық талдау және сыни шолу, корпустық лингвистика мен әскери тақырыптағы мәтіндерге контент-талдау әдістері, лингвистикалық әдістер (семантикалық-лексикалық талдау, терминологиялық талдау, терминдерді жіктеу мен жүйелеу), табиғи тілді өңдеу әдістері (токенизация, лемматизация, морфологиялық талдау, терминологиялық бірліктерді бөліп шығару, үлестірілген өкілдіктер құрастыру, кластерлеу, трансформерлік тілдік модельдерді пайдалана отырып семантикалық қатынастарды жіктеу), ақпараттық іздеу әдістері (BM25, тығыз нейрондық іздеу, RRF-біріктірумен гибридті архитектуралар), білімді сақтау мен айналып өту графтық әдістері, тезаурус құрылымын модельдеу мен жобалау әдістері, ақпараттық іздеу мен талдау сапасын эксперименттік бағалау әдістері (Hit@k, MRR, Recall@K, Precision, Recall, F1, macro-F1, қателер матрицасы). Ғылыми жаңалық: 1. Қазақстанның үштілді әскери-ақпараттық ортасына бейімделген және ISO 25964 стандартына сәйкес құрылымдалған қазақ-орыс-ағылшын әскери терминология тезаурусы алғаш рет әзірленді. Тезаурус 5 262 канондық терминді, алты типтегі (BT, NT, RT, SYN, LE, UF) 64 374 типтелген семантикалық қатынасты және үш тілдегі терминологиялық жазбаларды қамтиды. Қазақ тіліндегі 1 719 жазба қазақ әскери терминологиясын машинамен өңдеуге арналған ірі мамандандырылған ішкі жиындардың бірі ретінде қарастырылады. 2. Үштілді әскери пәндік салада терминдер арасындағы семантикалық қатынастарды автоматтандырылған шығаруға арналған гибридті NLP-архитектура ұсынылып, эксперименттік жолмен тексерілді. Ол BM25 лексикалық іздеуін, графтық кеңейтуді, KazBERT негізіндегі кросс-энкодерді және LE-тұйықтау тетігін біріктіреді әрі 4 пен 6 символдық морфологиялық префикстерге сүйенетін морфологиялық анықтық гипотезасын эмпирикалық тұрғыдан растайды. Ұсынылған тәсіл BGE-M3 базалық моделімен салыстырғанда BT Hit@5 көрсеткіші бойынша +224 % өсімге, SYN қатынастары бойынша Hit@5 = 1,000 деңгейіне және қатынастар классификаторының macro-F1 = 0,713 мәніне қол жеткізді. Ғылыми нәтижелердің негізділігі мен дұрыстығы. Нәтижелердің негізділігі тезаурус теориясы, ақпараттық іздеу және табиғи тілді өңдеу бойынша көптеген дереккөздерді жан-жақты талдаумен, терминологиялық талдау, корпустық лингвистика, машиналық оқыту және графтық дерекқорлар әдістерін қолданумен, сондай-ақ ISO 25964–1:2011 және ISO 25964-2:2013 халықаралық стандарттарының талаптарын қатаң сақтаумен қамтамасыз етіледі. Нәтижелердің дұрыстығы эксперименттік хаттаманың қайталанушылығымен (15 пайыздық holdout-пен concept-level split, бекітілген random seed, жарияланған оқыту параметрлері), алынған көрсеткіш мәндерінің әдебиеттегі белгілі нәтижелермен салыстырылуымен, сондай-ақ негізгі ғылыми қағидалардың халықаралық ғылыми деректер базаларында индекстелетін жарияланымдар мен халықаралық ғылыми конференциялардағы баяндамалар арқылы апробациядан өтуімен расталады. Теориялық маңыздылығы. Жұмыстың теориялық маңыздылығы қазақ тіліндегі әскери дискурсқа қатысты терминология теориясы мен компьютерлік лексикография қағидаларын, үштілді аз ресурсты орта жағдайында мамандандырылған пәндік салаларды тезаурустық және онтологиялық ұсыну тәсілдерін, сондай-ақ тезаурустарды құрастыру мен өзектендіру үдерістеріне NLP-технологияларын кіріктіру әдістерін дамытуымен айқындалады. Сонымен қатар, жұмыста агглютинативті тілдер үшін морфологиялық анықтық гипотезасы тұжырымдалды. Бұл гипотеза дұрыс нормалау және префикстік токенизация жағдайында лексикалық іздеу әдістерінің кейбір міндеттерде тығыз нейрондық ретриверлерден басым болу себептерін түсіндіреді. Алынған нәтижелер ақпараттық іздеу мен мәтіндерді интеллектуалды талдау міндеттерінде әскери терминологияны модельдеу туралы теориялық ұғымдарды нақтылайды әрі толықтырады. Практикалық маңыздылығы. Зерттеудің практикалық маңыздылығы әзірленген үштілді – қазақ-орыс-ағылшын әскери терминология тезаурусын және оны автоматтандырылған толықтыру әдістемесін әскери мақсаттағы ақпараттық-іздестіру мен аналитикалық жүйелерді құрастыру және жаңғырту кезінде пайдалану мүмкіндігінен тұрады. Ұсынылған шешімдер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құжат айналымы жүйелеріне, шешімдер қабылдауды қолдау жүйелеріне, әскери мақсаттағы ашық дереккөздерді талдау жүйелеріне (OSINT), мониторинг пен ситуациялық талдау жүйелеріне, сондай-ақ әскери тақырыптағы оқыту мен тренингтік кешендерге кіріктірілуі мүмкін. Эксперименттік бағалау нәтижелері автоматтандырылған толықтыру модулін қолдану терминологиялық бірліктерді іріктеу және семантикалық байланыстарды тексеру үдерісін қолмен орындалатын режиммен салыстырғанда едәуір жеделдетуге мүмкіндік беретінін көрсетті. Жүйенің инференс уақыты қолданылған есептеу ортасына байланысты 120–280 мс аралығында болды, бұл прототипті орта класты есептеу инфрақұрылымында қолдануға мүмкіндік береді. Тезаурустың салынған құрылымы (Neo4j негізінде SKOS/RDF/OWL және XML форматтарына экспорттаумен) экспрессивтілігі жоғары әскери онтологияларды құрастыру және сараптамалық жүйелер мен интеллектуалды көмекшілерді одан әрі әзірлеу үшін негіз қызметін атқара алады. Автордың жеке үлесі. Автордың жеке үлесі ғылыми мәселені қоюдан, зерттеу әдістерін таңдау мен негіздеуден, ISO 25964 халықаралық стандартына сәйкес үштілді әскери терминология тезаурусының тұжырымдамалық және формалданған моделін әзірлеуден, әскери тақырыптағы мәтіндер корпусын қалыптастырудан, морфологиялық префикстік токенизациямен терминдерді автоматты шығарып алу әдістемесін әзірлеуден, BM25, графтық кеңейту және KazBERT классификаторы негізіндегі семантикалық қатынастарды шығарып алудың гибридті конвейерін жобалаудан, морфологиялық анықтық гипотезасын тұжырымдаудан, тұжырымдамалық топтар арқылы тіларалық эквиваленттерді үйлестіру тетігін әзірлеуден, жүйенің бағдарламалық прототипі мен интерактивті лексикографиялық интерфейсті іске асырудан, эксперименттік зерттеулер жүргізуден және алынған нәтижелерді талдаудан, қорытындылар мен практикалық ұсынымдарды тұжырымдаудан тұрады. Қорғауға шығарылатын барлық негізгі ғылыми нәтижелер автормен жеке алынды. Қорғауға шығарылатын негізгі ғылыми қағидалар: 1. ISO 25964 халықаралық стандартына сәйкес келетін, машинамен өңдеуге және әскери ақпаратты іздеу мен талдау жүйелерімен кіріктіруге бағдарланған үштілді – қазақ-орыс-ағылшын әскери терминология тезаурусының концепциясы мен формалды моделі. 2. Әскери терминологияның алты түрдегі қатынастарын (BT, NT, RT, SYN, LE, UF) инверсиялық жұптарымен және әр түрдің бекітілген семантикасымен қамтитын семантикалық қатынастар жүйесінің моделі. 3. Морфологиялық префикстік токенизациямен BM25 лексикалық іздеуін, бір қадамдық графтық кеңейтуді және KazBERT тілдік моделі негізіндегі асимметриялық сенімділік шегі бар дескриптивті-байытылған қатынастар классификаторын біріктіретін гибридті NLP-технология арқылы әскери терминология тезаурусын автоматтандырылған толықтырудың әдістемесі. 4. Өзара LE-байланыстар бойынша union-find әдісімен тұжырымдамалық топтарды құрастыру және синонимдерді транзитивті тұйықтау негізінде тіларалық эквиваленттерді үйлестіру тетігі. 5. Қазақ-орыс жұбындағы иерархиялық қатынастардың морфологиялық анықтық гипотезасы және оның сөзтұтас токенизациядан p = 4, 6 параметрімен префикстік токенизацияға көшу кезінде BT Hit@5 көрсеткішінің 12 пайыздық тармаққа өсуі түріндегі эмпирикалық расталуы. 6. Әскери терминология тезаурусын автоматтандырылған толықтыруға арналған бағдарламалық прототиптің архитектурасы, оның ішінде термин кандидаттарын іздеу, графтық кеңейту, қатынастарды жіктеу және сараптамалық валидация модульдері. 7. Әзірленген тезаурусты гибридті архитектура құрамында пайдалану әскери ақпаратты іздеудің толықтығы мен дәлдігін қолда бар шешімдермен салыстырғанда айтарлықтай арттыруға (BT Hit@5 = 0,796 қарсы базалық 0,246, көптілді BGE-M3 моделіне қатысты +224% өсу) әкеп соғатынын растайтын эксперименттік зерттеулердің нәтижелері. Диссертация нәтижелерінің апробациясы. Жұмыс нәтижелері халықаралық ғылыми конференцияларда апробациядан өтті. Атап айтқанда, Scopus деректер базасында индекстелетін конференция материалдарында келесі баяндама жарияланды: ̶ An Ontological Model for Classification and Detection of Information Attacks in social media // In 2025 10th International Conference on Computer Science and Engineering (UBMK) (pp. 1554-1557). Нәтижелерді енгізу. Зерттеу нәтижелері 2024–2026 жылдарға арналған жас ғалымдарға арналған AP26195165 «Онтологиядағы жаңа концепцияларды интеграциялау үшін тіл модельдеріне негізделген үш кезеңді фреймворкты әзірлеу» ғылыми жобасы шеңберінде орындалды. Жарияланымдар. Web of Science Core Collection және Scopus деректер базаларында индекстелетін, Q1–Q2 көрсеткіштері бар халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда үш мақала жарияланды: 1. A Comprehensive Review of NLP Techniques for Military Terminologies and Information Operations on Social Media // IEEE Access. – 2025. 2. NLP Models for Military Terminology Analysis and Detection of Information Operations on social media // Computers. – 2025. – Vol. 14, №11. – Р. 485. 3. Integrating Thesaurus- Based Knowledge into Transformer Models for Semantic Understanding of Domain- Specific Texts // Computers. – 2026. – Vol. 15, №5. – Р. 297. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған жарияланымдар тізіміне енетін басылымдарында 2 мақала жарияланды: 1. Концептуальная модель для онтологий выявления информационных операций в цифровых медиа // Вестник Университета Шакарима. Серия технические науки. – 2026. – Т. 1, №4(20). – С. 36-44. 2. An AI-driven three-stage framework for dynamic integration of emerging concepts into ontologies // Вестник Университета Шакарима. Серия технические науки. – 2025. – №4. – С. 101-110. Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған дереккөздер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Кіріспеде тақырыптың өзектілігінің негіздемесі, зерттеудің мақсаты мен міндеттерін тұжырымдау, ғылыми жаңалық пен теориялық және практикалық маңыздылықты баяндау, сондай-ақ қорғауға шығарылатын қағидалар келтірілген. Бірінші бөлім «Көптілді тезаурустарды құрастыру мен семантикалық қатынастарды шығарып алудың теориялық негіздері» ISO 25964 халықаралық стандартын және тезаурустың семантикалық қатынастарының типологиясын жүйелі талдауға, тезаурустарды автоматты құрастыру әдістерінің үлгілі және дистрибутивтік тәсілдерден заманауи трансформерлік архитектураларға дейінгі эволюциясын шолуға, лексикалық және тығыз нейрондық желілік іздеуді салыстырмалы талдауға, шектеулі лингвистикалық ресурстар жағдайында агглютинативті және флективті тілдерді өңдеу ерекшеліктерін зерттеуге, сондай-ақ қолда бар лексикографиялық ресурстарды салыстырмалы талдауға және жаңа үштілді – қазақ-орыс-ағылшын әскери тезаурусын әзірлеу қажеттілігін негіздеуге арналған. Екінші бөлім «қазақ-орыс-ағылшын әскери терминология тезаурусын және қатынастарды шығарып алудың гибридті конвейерін әзірлеу» міндеттің тұжырымдамалық декомпозициясын, формалды қойылымын, ISO 25964 стандартына сәйкес тезаурус моделін әзірлеуді, морфологиялық анықтық гипотезасының іске асырылуы ретіндегі морфологиялық префикстік токенизациямен лексикалық индекстің сипаттамасын, сондай-ақ кандидаттардың графтық кеңеюінің және KazBERT тілдік моделі негізіндегі дескриптивті-байытылған қатынастар классификаторының сипаттамасын қамтиды. Үшінші бөлім «Эксперименттік зерттеу және нәтижелерді талдау» бағалау хаттамасы мен метрикалар жүйесінің сипаттамасына, семантикалық қатынастардың әр түрі бойынша ранжирлеу мен жіктеу нәтижелерін көрсетуге, әзірленген тезаурус негізінде әскери ақпаратты іздеу сапасын бағалауға (лексикалық және тығыз нейрондық тәсілдерді салыстыру), гибридті конвейердің жекелеген компоненттерінің үлесін абляциялық зерттеуге, нәтижелерді талқылауға, зерттеудің шектеулерін тұжырымдауға және практикалық ұсынымдарды беруге арналған. Қорытындыда диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері, қойылған міндеттерді шешу толықтығының бағасы, қорғауға шығарылатын қағидалардың растамасы, ғылыми жаңалық пен теориялық маңыздылықтың негіздемесі, нәтижелерді пайдалану жөніндегі практикалық ұсынымдар және тақырыпты одан әрі әзірлеу перспективалары келтірілген. Алғыс. Автор зерттеудің барлық кезеңдерінде құнды ғылыми ұсынымдары мен тұрақты қолдауы үшін ғылыми кеңесшісі, қауымдастырылған профессор, PhD М. А. Самбетбаева ханымға, түркі тілдеріне арналған табиғи тілді өңдеу саласындағы әдіснамалық көмегі мен тәжірибе алмасуы үшін шетелдік ғылыми кеңесшісі, профессор E. Adalı мырзаға, № AP26195165 жоба қатысушыларына және жұмыс талқыланған ғылыми семинарларға қатысушыларға шын жүректен алғыс білдіреді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/VsCD6-qKumM?si=2F0IFegoUkVlCocA
