
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Беккалиев Нурлан Мейрамович «8D07361 – Құрылыс материалдарының, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» білім беру бағдарламасы бойынша «Автоклавты емес қатаятын газобетонның кеуектік құрылымына жоғары сілтілі ортаның әсері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Монтаев Сарсенбек Алиакбарович – техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰИА корреспондент мүшесі, «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» КеАҚ Индустриалды-технологиялық институт директоры (Орал қ., Қазақстан Республикасы).
Токанов Данияр Токанович – техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Сәулет-құрылыс факультетінің деканы, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті (Қарағанды қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Мурат Караджасу – PhD, Ескишехир Османгази университеті, Сәулет-құрылыс факультеті, Құрылыс кафедрасының профессоры (Ескишехир қ., Түркия).
Ахметов Данияр Акбулатович – техника ғылымдарының докторы, «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ «Құрылыс және құрылыс материалдары» кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Молдамуратов Жангазы Нуржанович – PhD, қауымдастырылған профессор, «Халықаралық Білім Корпорациясы» ЖШС (KazGASA) Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Сәбитов Ерлан Енжилович – техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Сәулет-құрылыс факультетінің деканы
Скрипникова Нелли Карповна – техника ғылымдарының докторы, Томск мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінің механика-Технологиялық факультетінің қолданбалы механика және материалтану кафедрасының профессоры
Қорғау 2026 жылғы 3 қыркүйек, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 8D07361 – «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және конструкцияларын өндіру» білім беру бағдарламасы бойынша «8D073 – Cәулет және құрылыс» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте аралас форматта (онлайн, офлайн) өтеді
Сілтемесі: https://surl.li/olsuwy
Мекен-жайы: Астана қ., Сәтпаев көш., 2, Оқу-әкімшілік корпусы, № 302 аудиториясы.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеудің мақсаты: Жоғары сілтілі ортаның құрылым түзілу процестеріне, ұялы құрылымның қалыптасуы мен тұрақтылығына әсер ету заңдылықтарын анықтау, иондық модификациялаушы қоспаны қолдану арқылы ұяшық қабырғаларындағы ішкі кернеулерді төмендетуді, материалдың беріктігін, ұзақ мерзімділігін және аязға төзімділігін арттыруды қамтамасыз ететін тиімді құрамдар мен технологиялық шешімдерді әзірлеу, сонымен қатар берілген орташа тығыздықты сақтау. Қойылған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер шешілді: - ағаш өңдеу өндірісінің қалдықтары негізінде иондық модификациялаушы қоспаның құрамын және оны алу технологиясын әзірлеу; - қоспаның әртүрлі мөлшерлемелері кезінде оңтайлы сипаттамалары бар газобетон құрамын әзірлеу; - иондық модификациялаушы қоспа мөлшерінің автоклавсыз газобетонның беріктік, деформациялық және пайдалану сипаттамаларына әсерін анықтау; - сілтілік деңгейіне және модификацияланған қоспалардың құрамына байланысты цемент тасының құрамындағы портландит, кальцит және басқа гидраттық фазалардың өзгеруін зерттеу; - жоғары сілтілі ортаның және модификациялаушы қоспалардың автоклавсыз газобетонның су сіңіргіштігіне, аязға төзімділігіне және тозуға төзімділігіне әсерін анықтау; - берілген орташа тығыздық кезінде жоғары беріктікті, төмен морттылықты және жақсартылған ұзақ мерзімділікті қамтамасыз ететін автоклавсыз газобетон алу үшін қоспалардың оңтайлы технологиялық параметрлері мен мөлшерлемелерін анықтау; - алынған нәтижелерді Қазақстан Республикасының құрылыс индустриясы жағдайында автоклавсыз газобетонның өнеркәсіптік өндірісінде қолдану бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу әдістері: Зерттеу әдістемесі ақпараттық-талдамалық, теориялық, зертханалық, эксперименттік және есептік әдістерді қамтыды. Жұмыста құрылыс материалдарының физика-механикалық қасиеттері мен құрылымын зерттеудің заманауи әдістері, сондай-ақ эксперименттік деректерді математикалық өңдеу әдістері қолданылды. Қорғауға ұсынылатын ғылыми қағидалар: - автоклавтық өңдеуді қолданбай, тұрақты және біртекті ұялы құрылым қалыптастыруды қамтамасыз ететін сілтілі ортаны бағытты реттеу арқылы автоклавсыз газобетон дайындау әдісі эксперименталды түрде расталған; - автоклавсыз газобетонның цемент тасының құрылымын жақсарту және ішкі кернеулерді төмендету үшін лигнинқұрамды шикізат негізінде иондық модификациялаушы қоспаны алу және қолдану сызбасы конструктивті түрде жүзеге асырылған; - сілтілі ортаны иондық қоспамен модификациялау нәтижесінде автоклавсыз газобетонның беріктігінің артуын, морттылығы мен су сіңіргіштігінің төмендеуін және аязға төзімділігінің артуы эксперименталды түрде расталған; - жоғары сілтілі орта жағдайында портландит мөлшерін төмендету және тұрақты гидраттық фазалардың түзілуі есебінен автоклавсыз газобетон цемент тасының фазалық құрамын тиімді реттеу әдісі теориялық тұрғыдан негізделіп, эксперименталды түрде расталған және дәлелденген; - автоклавсыз газобетон өндірісінде ұсынылған құрамдар мен технологиялық шешімдерді қолданудың технологиялық жүзеге асырылуын және техникалық-экономикалық тиімділігін растайтын эксперименттік және тәжірибелік-өнеркәсіптік зерттеулер нәтижелерітеориялық тұрғыдан негізделген, эксперименталды түрде расталған және дәлелденген. Жұмыстың ғылыми жаңалығы: – автоклавсыз газобетонның сілтілі ортасын және құрылым түзілу процестерін реттеуге арналған лигнинқұрамды шикізат негізінде иондық модификациялаушы қоспа әзірленді; – автоклавтық өңдеуді қолданбай, цемент жүйесінің сілтілігін бағытты реттеу арқылы автоклавсыз газобетонның ұялы құрылымын қалыптастыруды басқару тәсілі ұсынылды; – жоғары сілтілі орта жағдайында иондық модификациялаушы қоспаның цемент гидратациясы процестеріне және кальций иондарының қайта бөлінуіне әсер ету механизмі анықталды; – иондық қоспамен модификацияланған автоклавсыз газобетон цемент тасының микрокұрылымы мен фазалық құрамының ерекшеліктері, сондай-ақ ұяшық қабырғаларындағы ішкі кернеулерді төмендету механизмі анықталды; – автоклавсыз газобетонның кеуекті құрылымының біртектілігін арттыруды және морттылығын төмендетуді қамтамасыз ететін иондық модификациялаушы қоспаны енгізу тәсілі ұсынылды; – сілтілі ортаны модификациялаудың тұрақты ұялы құрылым қалыптастыруға және автоклавсыз газобетонның физика-механикалық және пайдалану қасиеттерін арттыруға әсері анықталды; – жобалық орташа тығыздықты сақтай отырып, автоклавсыз газобетонның беріктігін арттыруды, су сіңіргіштігін төмендетуді және аязға төзімділігін жоғарылатуды қамтамасыз ететін иондық модификациялаушы қоспаның оңтайлы мөлшері анықталды. Жұмыстың практикалық маңыздылығы: - сілтілі ортаны реттеуге және тұрақты әрі біртекті ұялы құрылымы бар автоклавсыз газобетон алуға арналған иондық модификациялаушы қоспаны қолдану тәсілі әзірленді; - ұяшық қабырғаларындағы ішкі кернеулерді төмендетуді және материалдың физика-механикалық және пайдалану қасиеттерін арттыруды қамтамасыз ететін автоклавсыз газобетонды кешенді модификациялау тәсілі әзірленді; - жоғары сілтілі орта жағдайында цемент гидратациясы мен құрылым түзілу процестерін бағытты басқару арқылы автоклавсыз газобетон дайындаудың принциптік технологиялық сызбасы ұсынылды; - нормативтік-техникалық құжаттар әзірленді, оның ішінде «BatysStroyEngineering» ЖШС үшін ұйым стандарты және модификацияланған автоклавсыз газобетон өндірісінің технологиялық регламенті, оларды Қазақстан Республикасының құрылыс индустриясы кәсіпорындарында енгізу ұсынылады (Қосымша А); - модификацияланған автоклавсыз газобетонды өндірудің әзірленген технологиясын қолданудың техникалық-экономикалық тиімділігі негізделді, бұл бұйымдардың сапасын арттыруға, өндірістің материалдық және энергия сыйымдылығын төмендетуге және құрылыс конструкцияларының ұзақ мерзімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ізденушінің әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Автордың зерттеу жұмысының нәтижелерін алуға қосқан үлесі елеулі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері мен ғылыми қағидалары келесі жарияланымдарда жарық көрді: – Web of Science Core Collection және Scopus халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарындағы мақала: 1. Optimised Hydration and Durability of Non-Autoclaved Aerated Concrete via Lignin-Based Ionic Additive // MDPI Eng. – 2025. – 19. – 249. (CiteScore – 6.0; Impact Factor – 2.9; Q2). – Ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынылған ғылыми басылымдардағы мақалалар: 1. Исследование влияния добавления алюминиевой пудры на параметры, формирование структуры и свойства газобетона // «Механика және технологиялар» ғылыми журналы. – 2025. – №3(89). – 255–262-бб. (ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған Переченьнің 2-тізімі). 2. Optimizing Sodium Sulfonate Dosage in Non-Autoclaved Aerated Concrete: Effects on Pore Stability, Strength, and Abrasion Resistance // Technobius. – 2025. – №4, 5(4). – 0094. – 235–243 бб. (ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған Переченьнің 2-тізімі). – Өндіріске енгізу актісі: 1. Қазақстан Республикасының құрылыс индустриясы кәсіпорындарында енгізуге ұсынылатын модификацияланған автоклавсыз газобетон өндірісіне арналған нормативтік-техникалық құжаттарды, оның ішінде ұйым стандартын және технологиялық регламентті қамтитын өндіріске енгізу актісі 17.09.2025 жылы алынды. Атап айтқанда, «BatysStroyEngineering» ЖШС үшін ұйым стандарты және модификацияланған автоклавсыз газобетон өндірудің технологиялық регламенті әзірленді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=vh4zKNzLzyw
