
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Қажимқанұлы Диас «8D07329 – Құрылыс» білім беру бағдарламасы бойынша «Су басқан аумақтарды мониторингілеу үшін мобильді станция әзірлеу» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрылыс кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Ибраимова Ұлжан Бахытжанқызы – PhD, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті «Сәулет және қала құрылысы» кафедрасының доценті (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы).
Молдамуратов Жаңғазы Нұржанович – PhD, қауымдастырылған профессор, Халықаралық білім корпорациясы (KazGASA) Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Jeong-gu Kang – PhD, профессор, «KOREA CONSULTANT Co., Ltd.» компаниясының Корпоративтік зерттеулер және әзірлемелер орталығының бас ғылыми қызметкері (Анян қ., Кёнгидо провинциясы, Корея Республикасы).
Токанов Данияр Токанович – техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Сәулет-құрылыс факультетінің деканы, Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Сарсембаева Асель Сериковна – техника ғылымдарының кандидаты, PhD, қауымдастырылған профессор, ««CARDIFF UNIVERSITY KAZAKHSTAN» шетелдік оқу орны» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Азаматтық құрылыс бағдарламасының оқытушысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Утепов Елбек Бахитович – PhD, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Құрылыс» кафедрасының оқытушы-зерттеушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Анискин Алексей – техника ғылымдарының кандидаты, Солтүстік университеті «Құрылыс» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Вараждин қ., Хорватия Республикасы).
Қорғау 2026 жылғы 5 қазан, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D07329 – Құрылыс» мамандығы бойынша «8D073 – Сәулет және құрылыс» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн, офлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/oxqddc
Мекен-жайы: Астана қ., Сәтпаев көш., 2, Оқу-әкімшілік корпусы, № 302 аудиториясы.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеудің мақсаты: Су басу қаупі бар аумақтардағы негіз топырақтарының ылғалдылық күйін тереңдік бойынша анықтауға, деректерді жинауға және оларды геотехникалық тұрғыдан интерпретациялауға арналған мобильді мониторинг станциясын әзірлеу және сынақтан өткізу. Зерттеу міндеттері: 1) Су басқан аумақтар мен құрылыс объектілері негіздерінің жасырын ылғалдануын мониторингтеу мәселесінің қазіргі жай-күйін, нормативтік реттелуін, Қазақстандағы нақты су басу жағдайларын және қолданыстағы ғылыми-техникалық шешімдердің шектеулерін талдау; 2) су басу мен жасырын ылғалданудың негіз топырақтарының ылғалдылық күйіне, судың қанығу дәрежесіне, аққыштық көрсеткішіне, тиімді кернеулеріне және деформациялық қасиеттеріне әсер ету заңдылықтарын негіздеу; 3) әлеуетті пайдаланушылардың қажеттіліктерін сауалнама арқылы анықтап, мобильді станцияға қойылатын функционалдық және техникалық талаптарды қалыптастыру; 4) топырақ ылғалдылығының тереңдік бойынша өзгерісін тіркеуге, деректерді сымсыз жіберуге және архивтеуге мүмкіндік беретін мобильді станцияның жүйелік архитектурасын әзірлеп, тұжырымдамалық прототипін құрастыру; 5) станция деректерін көлемдік ылғалдылыққа, сазды топырақтар үшін аққыштық көрсеткішіне және құмды топырақтар үшін судың қанығу дәрежесіне түрлендіру арқылы геотехникалық интерпретациялау әдістемесін ұсыну; 6) инженерлік-геологиялық деректер мен сценарийлік модельдеу негізінде станцияны сынамалап, жасырын су басу қаупі бар аймақтарды тереңдік және жоспар бойынша аймақтарға бөлу мүмкіндігін бағалау; 7) стендтік эксперименттер арқылы электродтық сенсор конфигурацияларын салыстырып, ең тиімді шешімді таңдау және ылғалдылықты анықтау дәлдігін бақылау ылғалөлшегішімен салыстыра бағалау. Зерттеу әдістері: Зерттеуде нормативтік және әдеби дереккөздерді талдау, ресми статистикалық мәліметтерді жинақтау, 51 респондент арасында сауалнама жүргізу, инженерлік-геологиялық деректерді өңдеу, сценарийлік модельдеу, QGIS ортасында кеңістіктік интерполяциялау, статистикалық талдау және стендтік эксперимент әдістері қолданылды. Сенсорлық конфигурациялар MC-7828SOIL бақылау ылғалөлшегішімен салыстырылып, калибрлеу нәтижелері корреляция және қателік көрсеткіштері арқылы бағаланды. Қорғауға ұсынылатын негізгі ережелер (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа тұжырымдар): 1. Ғимараттардың негіздерін тек жер асты суларының деңгейі бойынша су басуды бағалау жеткіліксіз екендігі теориялық тұрғыдан негізделді, өйткені жасырын ылғалдану тереңдікте және жазықтықта біркелкі дамымайды, ал ылғалдылықтың жоғарылауы матрицалық сору мен тиімді кернеулердің төмендеуіне, сазды топырақтардың аққыштық көрсеткішінің және құмды топырақтардың сумен қанығу дәрежесінің өзгеруіне әкеледі; негіздің деформациялық сипаттамаларын жеткіліксіз есепке алу есептік шөгуді шамамен 15%-ға, ал сығылған қалыңдықтағы деформацияларды 17–34%-ға төмендетуі мүмкін. 2. Мобильді станцияның электрлік сигналдарын геотехникалық интерпретация үшін бастапқы деректер ретінде пайдалануға болатындығы әдістемелік тұрғыдан расталды: электрлік реакция ылғалдылық дәрежесіне, одан әрі сазды топырақтар үшін аққыштық көрсеткішіне (IL) және құмды топырақтар үшін судың қанығу дәрежесіне түрлендірілді; саз қабаттарын сценарийлік модельдеу кезінде IL шамамен −0,55-тен 1,8-ге дейін, ал 4,5 м тереңдіктегі орташа мәні қалыпты жағдайда −0,603-тен 1,221-ге дейін өсті. 3. 0,5 м қадаммен орналасқан электродтары бар модульдік батырмалы зондты, таратқыш және қабылдағыш блоктарды қамтитын мобильді станцияның топырақ ылғалдылығы туралы деректерді тереңдік бойынша алуды қамтамасыз ететіні конструктивті түрде расталды. Ұзындығы 3,0 м физикалық прототипте 0,5; 1,0; 1,5; 2,0; 2,5 және 3,0 м тереңдіктерде алты өлшеу деңгейі бар; Arduino Mega 2560, 433 МГц радиоарна, DS3231 RTC және microSD модуліне негізделген архитектура деректерді сымсыз жіберуді, уақытпен байланыстыруды және архивтеуді қамтамасыз етеді. 4. Жақын орналасқан бұрандалы электродтар сенсорының S1 конфигурациясы топырақ ылғалдылығының өзгеруіне жеткілікті сезімтал болып, MC-7828SOIL бақылау ылғалөлшегішімен −0,92 жоғары кері корреляция көрсетті. Калибрлеу кезінде орташа абсолютті қате 4,3156 пайыздық тармақты, орташа квадраттық қате 6,0959 пайыздық тармақты, орташа қате 0,0031 пайыздық тармақты құрады; орташа қатенің 95% сенімділік аралығы −0,805-тен +0,811 пайыздық тармаққа дейін болып, айқын жүйелі ығысудың жоқтығын көрсетті. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Теориялық маңыздылығы су басу мен жасырын ылғалдануды негіз топырақтарының гидрофизикалық және геотехникалық күйінің өзгеруі ретінде қарастыруды негіздеумен анықталады; электрлік сенсорлық өлшеулерді ылғалдылық, аққыштық көрсеткіші және судың қанығу дәрежесі арқылы инженерлік интерпретациялау тәсілі толықтырылды. Практикалық маңыздылығы су басу қаупі бар аумақтарда негіз топырақтарының ылғалдылық күйін тереңдік бойынша жедел бақылауға арналған мобильді станция прототипін әзірлеумен анықталады. Ұсынылған шешім құрылыс алаңдарында, инженерлік желілер маңында және жасырын ылғалдану қаупі бар учаскелерде алдын ала мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығын негіздеу: Ғылыми жаңалық су басқан аумақтардағы негіз топырақтарының жасырын ылғалдануын тереңдік бойынша анықтайтын мобильді сенсорлық станция тұжырымдамасын әзірлеумен сипатталады. Электрлік сигналдарды ылғалдылыққа, кейін аққыштық көрсеткіші мен судың қанығу дәрежесіне түрлендіру арқылы мониторинг деректерін геотехникалық интерпретациялау тәсілі ұсынылды. Тұжырымдаманың орындалуы модульдік зонд прототипімен, QGIS арқылы тереңдік және жоспар бойынша аймақтау нәтижелерімен және стендтік калибрлеумен негізделді. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: Зерттеуді Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ЖТН №AP26195425 «Разработка интегрированной сенсорной системы дистанционного мониторинга и картографирования скрытого подтопления оснований строительных объектов» жобасы бойынша қаржыландырды. Ізденушінің әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы: Ізденушінің жеке үлесі ресми деректер мен дереккөздерді жинақтау және талдауды, 51 жауаптан тұратын үш тілдегі сауалнаманы өңдеуді, станция архитектурасы мен физикалық прототипін және таратқыш-қабылдағыш кодтарын әзірлеуді, сценарийлік және кеңістіктік модельдеуді, статистикалық талдау мен стендтік эксперименттерді орындауды қамтиды. Негізгі нәтижелер келесі еңбектерде жарияланды: 1. Prototyping a Compact Moisture Profiling Probe for Detecting and Zoning Hidden Subsurface Waterlogging // Eng. – 2026. – Vol. 7. – P. 221 (CiteScore: 4.1; процентиль: 64%). 2. Обзор современных ГИС-технологий для управления рисками подтопления, перспективы развития // Вестник Казахской головной архитектурно-строительной академии. – 2025. – Т. 95, №1. – С. 160-174. (ҒЖБССҚК тізбесінің 2-тізімі). 3. Современные технологии мониторинга подтопляемых территорий и их влияние на инфраструктуру // Вестник Евразийского национального университета имени Л.Н. Гумилева. Серия: Технические науки и технологии. – 2025. – №1(150). – С. 226-248. (ҒЖБССҚК тізбесінің 2-тізімі). 4. Исследование подтоплений: анализ случаев, решений и методов управления, их достоинства и недостатки // ХIX Международная научная конференция студентов и молодых ученых «ǴYLYM JÁNE BILIM - 2024» (Астана, 2024. – С. 6310-6317). 5. Toward the Use of an Intermediate Value of the Modulus of Deformation of Soils in Geotechnical Design // E3S Web of Conferences. 2024 International Conference on Sustainable Technologies in Civil and Environmental Engineering (ICSTCE 2024). – 2024. – Vol. 559. – P. 01008. 6. Approximation of Strength and Deformation Properties of Soils by ArcGIS Topo to Raster Tool // E3S Web of Conferences. 2024 International Conference on Sustainable Technologies in Civil and Environmental Engineering (ICSTCE 2024). – 2024. – Vol. 559. – P. 01009. 7. ҚР №12430 пайдалы модель патенті. Жерасты суларының деңгейін өлшеуге арналған ұзартылатын өзегі бар бұрандалы сенсорлық зонд; 19.06.2026 ж. жарияланған.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=d1P8QzFWKe8
