
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Бекмурзаева Жаныл Абдувахаповна «8D11105 – Туризм» білім беру бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының аймақтық туристік өнімін ілгерілету үшін маркетинг құралдарын пайдалануды жетілдіру (Маңғыстау облысы мысалында) тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Туризм кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - ағылшын тілінде
Ресми рецензенттер:
- Ниязбаева Алия Турсыновна – философия докторы (PhD), Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Адами ресурстарды басқару институты Бірыңғай кадр жүйесін енгізу әдістемесі секторының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
- Шилибекова Балжан Сенбековна – философия докторы (PhD), Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Туризм мектебінің қауымдастырылған профессоры, (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
- Tamara Gajić – философия докторы (PhD), «Jovan Cvijić» Сербия ғылым және өнер академиясы географиялық институтының аға ғылыми қызметкері (Белград қ., Сербия Республикасы);
- Садыков Жасулан Амангельдыевич – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Esil University» мекемесінің «Әлеуметтік жұмыс және туризм» кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
- Абишов Нуржан Уринбасарович – философия докторы (PhD), Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Туризм мектебінің доцент м.а. (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Урузбаева Назым Аминовна – экономика ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Туризм» кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Ибрагимов Нутфилло Салимович – экономика ғылымдарының докторы, профессор, Бұхара мемлекеттік университетінің Экономика және туризм факультетінің деканы (Бухара қ., Өзбекстан Республикасы)
Қорғау 2026 жылғы 23 шілде, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D11105 – Туризм» білім беру бағдарламасы бойынша бойынша «8D111 – Қызмет көрсету саласы» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/41297369773898?p=1DjROMNMWVoRHeJJza
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтпаев көшесі, 2, №302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.):«D11105 – Туризм» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған Бекмурзаева Жаңыл Абдувахаповнаның «Қазақстан Республикасының аймақтық туристік өнімін ілгерілету үшін маркетинг құралдарын пайдалануды жетілдіру (Маңғыстау облысы мысалында)» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына АҢДАТПА Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі таңда жаһандану үдерістерінің жеделдеуі, цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы және туризмнің тәжірибеге негізделген жаңа үлгіге көшуі жағдайында аймақтық дестинациялар арасындағы бәсекелестік айтарлықтай күшейіп отыр. Бұл жағдайда аймақтар тек табиғи немесе ресурс әлеуетіне ғана сүйенбей, кешенді туристік өнімдерді жүйелі түрде қалыптастырып, оларды тиімді ілгерілетуге ерекше мән беруге мәжбүр. Туризм нарығында сұраныстың өзгермелілігі, тұтынушы талғамының тез ауысуы және бәсекенің артуы брендинг, сторителлинг, тұрақты даму қағидаттары мен туристік тәжірибе арқылы құндылық қалыптастырудың маңызын арттырып отыр. Осыған байланысты маркетинг құралдары бұрынғыдай тек жарнамалық қызмет атқаратын қосалқы құрал емес, дестинацияның бәсекеге қабілеттілігін, танымалдылығын және тұрақтылығын айқындайтын негізгі стратегиялық тетікке айналды. Сонымен қатар, туризм саласы қазіргі уақытта цифрландырудың, платформалық экономиканың, жаңа технологиялардың және деректерге негізделген басқарудың ықпалымен түбегейлі өзгерістерді бастан өткеруде. Туристік дестинациялар бүгінде мемлекет, бизнес, жергілікті қоғам және цифрлық платформалар өзара әрекет ететін күрделі жүйе ретінде дамуда. Мұндай ортада маркетинг құралдарының тиімділігі тек туристер санын арттырумен шектелмей, өңірдің инвестициялық тартымдылығына, имиджіне және жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етеді. Алайда маркетинг құралдарын туристік өнімнің құрылымымен үйлестіріп қолданудың жүйелі тәсілдерінің болмауы көптеген өңірлерде ілгерілету жұмыстарының нәтижесіз болуына, нарықта әлсіз позицияға ие болуына және қолда бар әлеуеттің толық пайдаланылмауына әкеліп отыр. Бұл мәселе, әсіресе, Қазақстан сияқты дамушы туристік нарықтар үшін өзекті. Мұнда маркетинг көбіне жүйесіз, жекелеген акциялар түрінде жүзеге асырылады және стратегиялық негіздеме мен талдауға жеткілікті деңгейде сүйенбейді. Соның салдарынан өңірлер өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып, бәсекеге қабілетті туристік өнім қалыптастыруда қиындықтарға тап болады. Қазақстандағы ерекше туристік әлеуетке ие аймақтардың бірі – Маңғыстау облысы. Каспий теңізінің жағалауы, шөлейтті және үстіртті табиғи ландшафттар, тарихи-сакралды нысандар мен геомәдени ерекшеліктер бұл аймақтың туризмді дамытуда үлкен мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Соған қарамастан, соңғы жылдары инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, аймаққа деген қызығушылық артқанына қарамастан, Маңғыстаудың туристік өнімі әлі де ішкі және сыртқы нарықта толық деңгейде танылмай отыр. Мұның негізгі себептерінің бірі – маркетинг құралдарын қолдану мен олардың тиімділігін бағалауда жүйелі әрі ғылыми негізделген тәсілдің болмауы, сондай-ақ аймақтық туристік өнімнің құрылымы мен маусымдық ерекшеліктерінің жеткілікті ескерілмеуі. Осыған байланысты, аталған зерттеудің өзектілігі аймақтық туристік өнімдерді тиімді ілгерілету үшін маркетинг құралдарын ғылыми тұрғыдан негіздеп қолдану қажеттілігімен және олардың нәтижелілігін арттырудың нақты практикалық жолдарын айқындау қажеттілігімен түсіндіріледі. Зерттеудің мақсаты. Диссертациялық жұмыстың мақсаты – Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімін ілгерілетуде маркетинг құралдарын қолданудың теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындау және оларды жетілдіру жолдарын әзірлеу. Қойылған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер белгіленді: 1. Аймақтық туристік өнімді ілгерілетуде маркетинг құралдарын пайдаланудың теориялық және әдіснамалық негіздерін ашу; 2. Аймақтық туристік өнімді ілгерілетуде маркетинг құралдарын қолдану ерекшеліктерін анықтап, олардың тиімділігін бағалау әдістерін нақтылау; 3. Маңғыстау облысындағы туризмнің қазіргі жай-күйі мен негізгі даму көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жүргізу; 4. Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімінің ішкі және сыртқы бәсекелестік артықшылықтарын анықтау; 5. Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімін ілгерілетуде маркетинг құралдарының қолданылуына сыни тұрғыдан баға беру; 6. Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімін ілгерілетуде маркетинг құралдарын жетілдіру бағыттарын айқындау. Зерттеу нысаны (объектісі). Қазақстан Республикасының Маңғыстау облысындағы аймақтық туризм. Зерттеу пәні. Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімін ілгерілетуде қолданылатын маркетинг құралдарының жиынтығы және олардың тиімділігін айқындайтын тетіктер. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізін туризм маркетингі, дестинациялардың бәсекеге қабілеттілігі, аймақтық даму және аумақтық брендинг салаларындағы классикалық және заманауи ғылыми тұжырымдамалар құрайды. Әдіснамалық тұрғыдан зерттеу салыстырмалы талдауды, шешім қабылдаудың көпөлшемді талдауын, саяси, экономикалық, әлеуметтік және технологиялық факторларды талдауды, күшті және әлсіз жақтарды, мүмкіндіктер мен қауіптерді талдауды, негізгі нәтижелілік көрсеткіштеріне негізделген бағалауды, өзара байланыс талдауын және сауалнама әдістерін біріктіретін триангуляциялық талдамалық тәсілге сүйенеді. Сандық және сапалық әдістердің үйлесімі зерттеу нәтижелерінің талдамалық негізділігін, әдіснамалық бірізділігін және эмпирикалық сенімділігін қамтамасыз етеді. Зерттеудің ақпараттық және эмпирикалық базасы. Зерттеудің ақпараттық және эмпирикалық негізін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ұсынған ресми статистикалық деректер, халықаралық ұйымдардың материалдары, салалық есептер, аймақтық даму бағдарламалары, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы туризмнің дамуына қатысты автор жүргізген сауалнамалар мен талдамалық есептеулердің нәтижелері құрайды. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы келесідей: – қолданыстағы теориялық-әдіснамалық тәсілдерді жүйелеу негізінде «аймақтық туристік өнім» ұғымына авторлық анықтама беріліп, зерттеудің матрицалық құралдарын қолдану арқылы оның құрылымы нақтыланды; – туристік өнімді ілгерілетуге арналған маркетингтік ілгерілету құралдарын топтастырудың авторлық тәсілі ұсынылып, аймақтық туристік өнімнің құрылымдық элементтерін ескере отырып, оларды қолдану ерекшеліктері айқындалды; – маркетингтік құралдарды пайдаланудың тиімділігін бағалаудың ғылыми әдістерін жалпылау негізінде оларды аймақтық туристік өнімді ілгерілетуде қолданудың ерекшеліктері, артықшылықтары мен шектеулері анықталды; – автор әзірлеген маусымдылық матрицасы, сондай-ақ жүргізілген PEST және SWOT талдаулары нәтижесінде аймақтық туристік өнімді ілгерілету және оны басқару ерекшеліктеріне әсер ететін факторлар анықталып, ғылыми тұрғыда негізделді; – көпкритерийлі шешім қабылдау әдісіне негізделген тәсілді қолдану арқылы Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімінің бәсекелік артықшылықтары айқындалды; – KPI көрсеткіштері, корреляциялық талдау және сауалнама әдістерін қолдану арқылы Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімін ілгерілетудің ең тиімді құралдары анықталды; – маркетингтік құралдарды жетілдірудің негізгі бағыттары айқындалып, соның аясында аймақтық туристік өнімді ілгерілетудің тиімділігін арттыруға арналған кешенді цикл моделі және аумақтық брендингті Маңғыстау облысының туристік өнімін ілгерілету нәтижелерімен байланыстыратын көпдеңгейлі KPI матрицасы әзірленіп, ғылыми тұрғыда негізделді; – Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімін ілгерілетуде маркетинг құралдарын қолдануды жетілдіруге бағытталған құрылымдық-кластерлік тәсіл ұсынылып, туристік өнімнің әртүрлі кластерлері үшін сторителлинг коммуникацияларының тетіктері біріктірілді. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Осы зерттеу аясында аймақтық туристік өнім өзара байланысты материалдық және материалдық емес құрамдас бөліктерден (аумақтық ресурстар, инфрақұрылым және қолжетімділік, сервистік және тәжірибелік модульдер, қолдаушы қызметтер және өңірлік бренд) тұратын интеграцияланған аумақтық жүйе ретінде қарастырылады. Аталған құрамдас бөліктер туристік нарық қатысушыларының бірлескен қызметі нәтижесінде қалыптасып, аймақтық деңгейде экономикалық құндылықты қалыптастыруға және бірегей туристік тәжірибе жасауға бағытталған кеңістікте іске асырылатын туристік маршруттарға біріктіріледі. 2. Аймақтық туристік өнімді матрицалық модель негізінде құрылымдауға болады. Бұл модель туристік өнімнің негізгі құрамдас элементтерін (аумақтық ресурстар, инфрақұрылым, сервистік модульдер, тәжірибе элементтері және қолдаушы қызметтер) турист пен дестинация арасындағы өзара әрекеттесудің әртүрлі кезеңдерінде қолданылатын маркетинг құралдарының сараланған топтарымен біріктіреді. Аймақтық туристік өнімнің матрицалық моделі туристік өнімнің ішкі құрылымы мен оған сәйкес маркетинг құралдары арасындағы өзара байланыстарды жүйелейтін, маркетингтік стратегияларды өнімнің нақты компоненттерімен үйлестіруге және саралауға мүмкіндік беретін аналитикалық құрылым ретінде қарастырылады. 3. Аймақтық туризмді ілгерілетуде маркетингтік құралдардың тиімділігін бағалаудың триангуляциялық әдістемесі негізделді. Ол негізгі нәтижелілік көрсеткіштерін талдауды, өзара байланыс талдауын, көпөлшемді бағалау әдістерін және сауалнама деректерін талдауды біріктіреді. 4. Маңғыстау облысының бәсекелік артықшылықтары мен негізгі күшті жақтарын анықтау негізінде тұтас туристік бренд архитектурасын қалыптастыруға және оны сторителлинг стратегиялары арқылы тиімді ілгерілетуге болады. 5. Аймақтық туристік өнімдерді ілгерілету құрылымдық-кластерлік тәсіл негізінде ұйымдастыруға мүмкіншілік бар. Бұл тәсіл туристік өнімнің негізгі құрамдас бөліктерін, маркетинг құралдарын, мүдделі тараптар арасындағы үйлестіру тетіктерін және KPI негізіндегі мониторингті бірыңғай басқару жүйесіне біріктіреді. Құрылымдық-кластерлік тәсіл туристік өнім элементтері, маркетинг құралдары және стейкхолдерлер арасындағы үйлесімді өзара әрекеттесуді қамтамасыз ететін басқарушылық тұжырымдама ретінде қарастырылып, дестинацияның дамуы мен ілгерілету тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Практикалық маңыздылығы. Зерттеудің практикалық маңыздылығы әзірленген ұсыныстарды, модельдер мен талдамалық құралдарды аймақтық басқару органдары, дестинацияларды басқару ұйымдары, туристік кәсіпорындар және білім беру мекемелері тарапынан аймақтық туризмді ілгерілету стратегияларын жоспарлау және жүзеге асыру барысында қолдану мүмкіндігімен айқындалады. Зерттеу нәтижелері аймақтық туризмді дамыту бағдарламаларын, дестинациялық маркетинг стратегияларын, туризмді дамытудың мастер-жоспарларын, сондай-ақ аймақтық туристік өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған аумақтық брендинг стратегияларын әзірлеу және іске асыру барысында пайдаланылуы мүмкін. Ұсынылған талдамалық құралдар мен әдіснамалық тәсілдер дестинацияларды басқару ұйымдары, аймақтық туризм департаменттері және туристік кәсіпорындар тарапынан туризмнің бәсекеге қабілеттілігін талдау, маркетинг тиімділігін бағалау, ілгерілетудегі шектеулерді анықтау және маркетингтік қызметті стратегиялық жоспарлау мақсатында қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері жоғары оқу орындарының білім беру үдерісінде «Туризм маркетингі», «Дестинация маркетингі және менеджменті», «Туризмдегі стратегиялық маркетинг», «Аумақтық брендинг», «Туризм экономикасы», «Туризмді жоспарлау және саясат», сондай-ақ «Туризмдегі зерттеу әдістері» пәндерін әзірлеу және оқыту барысында қолданылуы мүмкін. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы және енгізілуі. Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері бірқатар ғылыми-практикалық семинарлар мен симпозиумдарда талқыланып, сондай-ақ Анталья, Бали және Түркістан қалаларында өткен халықаралық ғылыми конференциялардың материалдарында көрініс тапты. Зерттеудің жекелеген нәтижелері Бұхара қаласында өткен дөңгелек үстел мен ғылыми семинар аясында ұсынылып, аймақтық туризмді дамыту және аймақтық туристік өнімдерді ілгерілету мәселелері бойынша талқыланды. Зерттеудің жекелеген нәтижелері, оның ішінде аймақтық туристік өнімнің матрицалық құрылымы, оның құрамдас бөліктерін жүйелеу және маркетинг құралдарының тиімділігін бағалауға арналған талдамалық тәсілдер «HITECH Inc.» ЖШС қызметіне цифрлық туристік қосымша әзірлеу барысында енгізілді. Аталған жоба шеңберінде ұсынылған тұжырымдамалық модель туристік контентті құрылымдау және туристік дестинациялар туралы цифрлық ақпаратты ұйымдастыру үшін пайдаланылды. Диссертациялық зерттеу аясында әзірленген маркетинг құралдарының жіктемесі Mark&Go креативтік агенттігінің қызметінде апробациядан өтіп, маркетингтік және брендингтік шешімдерді әзірлеу барысында іс жүзінде қолданылды. Зерттеу нәтижелері Маңғыстау облысының туризм басқармасының қызметінде де ескеріліп, оларды аймақтық туризмнің маркетингтік стратегиясын әзірлеуде, туристік дестинациялардың брендинг тұжырымдамаларын қалыптастыруда және аймақтың туристік әлеуетінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда пайдалану көзделуде. Жалпы алғанда, диссертациялық зерттеу нәтижелері 3 халықаралық ғылыми конференция материалдарында ұсынылып, 5 ғылыми журналда жарияланды: 1. Factor Analysis of the Regional Tourism Development in the Mangistau Region // Journal of Economic Research & Business Administration. - 2023. - Vol. 143, No. 1. - P. 68-82. - DOI: 10.26577/be.2023.v143.i1.06. 2. Features of the Regional Tourism Product Promotion of Mangystau Region in the Context of the “Experience Economy” Development // Bulletin of the Karaganda University. Economics Series. - 2024. - No. 3. - P. 38-46. - DOI: 10.31489/2024ec3/38-46. 3. Formation of a Regional Tourism Product of the Mangystau Region: A Structural Approach // Reports of the National Academy of Sciences of the Republic of Kazakhstan. - 2024. - Vol. 407, No. 1. - P. 693-708. - DOI: 10.32014/2024.2518-1467.701. 4. Clustering of Regional Tourism Products Based on Bibliometric Analysis: The Case of Mangystau Region // Economy: Strategy and Practice. - 2025. - Vol. 20, No. 2. - P. 161-175. - DOI: 10.51176/1997-9967-2025-2-161-175. 5. Unlocking Blue Growth: Policy Synergies and Regional Branding in Caspian Maritime Tourism // GeoJournal of Tourism and Geosites. - 2025. - Vol. 62, No. 4. - P. 2272-2281. - DOI: 10.30892/gtg.62424-1590. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде автор келесі қорытындылар жасап, ұсыныстар әзірледі: 1. Зерттеу барысында туризм маркетингі мен аймақтық туристік өнімді қалыптастырудың негізгі теориялық тәсілдері талданып, аймақтық туристік өнімді айқындаудың тұжырымдамалық өлшемдері әзірленді және аймақтық туристік өнімге авторлық анықтама берілді. 2. Зерттеуде туризмді ілгерілетуде қолданылатын маркетингтік құралдар жүйелендіріліп, аймақтық туристік өнімнің әртүрлі құрылымдық элементтерін сәйкес маркетингтік құралдармен байланыстыратын матрицалық үлгі әзірленді. Бұл үлгі туристік өнімдердің ерекшеліктеріне қарай маркетингтік стратегияларды саралауға мүмкіндік береді. 3. Аймақтық туризмді ілгерілетудегі маркетингтік құралдардың тиімділігін бағалауға арналған триангуляциялық әдістеме әзірленді. Ол негізгі нәтижелілік көрсеткіштерін талдауды, өзара байланыс талдауын, көпөлшемді бағалау әдістерін және сауалнама деректерін біріктіреді. Ұсынылған әдістеме маркетингтік қызмет нәтижелерін туризмнің даму көрсеткіштерімен өзара байланыста бағалауға мүмкіндік береді. 4. Зерттеу барысында Маңғыстау облысының аймақтық туристік өнімін ілгерілетуге ықпал ететін негізгі институционалдық, инфрақұрылымдық және маркетингтік факторлар анықталды. Өңірішілік салыстырмалы талдау мен туристік бәсекеге қабілеттілікті бағалау нәтижесінде өңірдің Каспий маңы туристік жүйесіндегі орны айқындалып, дестинация дамуының құрылымдық артықшылықтары мен шектеулері белгіленді. 5. Маңғыстау облысының туристік әлеуетін талдау аймақтық туристік өнімнің құрылымдық құрамдас бөліктері мен бәсекелік артықшылықтарын анықтауға мүмкіндік берді. Олардың қатарында жағалаулық туристік ресурстар, геотуристік ландшафттар, қасиетті мұра нысандары және бірегей табиғи орталар бар. Аталған элементтердің бірігуі Маңғыстаудың бірегей туристік келбетін қалыптастырып, өңірдің туристік брендінің сәулетін әзірлеуге негіз болды. 6. Туристер арасында жүргізілген сауалнамалар мен өзара байланыс талдауына негізделген эмпирикалық зерттеу цифрлық маркетингтің, оқиғалы баяндау стратегияларының және мазмұнға негізделген коммуникацияның туристік дестинациялардың тартымдылығына, сондай-ақ табиғи және мәдени туристік ресурстарды қабылдауға елеулі әсер ететінін көрсетті. Маңғыстау облысындағы аймақтық туристік өнімдерді ілгерілетуді одан әрі жетілдіру келесі негізгі бағыттар бойынша жүйелі дамытуды талап етеді: 7. Табиғи, мәдени және қасиетті туристік ресурстарды біріктіруді қамтамасыз ететін аймақтық туристік өнімнің әзірленген брендтік сәулеті негізінде бірыңғай дестинациялық бренд қалыптастыру; 8. Туристік өнімдердің ұсынылған маусымдылық матрицасын пайдалану арқылы туристік жоспарлаудың тиімділігін арттыру, бұл туристік ағындарды жыл бойына неғұрлым теңгерімді бөлуге және туристік инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді; 9. Табиғи және қасиетті туристік ресурстарды таныстыру барысында цифрлық маркетинг құралдарын, оқиғалы баяндау стратегияларын және мазмұнға негізделген коммуникацияны кеңінен қолдану арқылы өңірді ішкі және халықаралық туристік нарықтарда ілгерілетуді күшейту; 10. Ұсынылған құрылымдық-кластерлік тәсілді енгізу және аймақтық туризмді ілгерілетуді жоспарлау мен басқаруда құрылымдық-кластерлік матрицаны пайдалану арқылы туристік қызметке қатысушылар арасындағы үйлестіру деңгейін арттыру; 11. Маркетингтік іс-шараларды қатысушылардың белсенділік көрсеткіштерімен, ілгерілету нәтижелерімен және туризмді дамыту мақсаттарымен өзара байланыстыратын әзірленген негізгі нәтижелілік көрсеткіштері матрицасы негізінде аймақтық туризмді ілгерілетудің тиімділігін мониторингтеу және бағалаудың ықпалдастырылған жүйесін енгізу; 12. Өңірдің халықаралық танымалдылығын арттыруға, туристік тартымдылығын күшейтуге және аймақтық туристік өнімді көрнекі әрі мазмұндық коммуникациялар арқылы ілгерілетуге бағытталған бастамаларды іске асыру негізінде әсерге бағытталған және креативті туризм нысандарын дамыту.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/sjCXqoo4gnY
