
«8D11105 - Туризм» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мукатова Рабига Аскаровна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мукатова Рабига Аскаровна «8D11105 – Туризм» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстандағы этнотуризмді дамытудың инновациялық бағыттары (Ұлытау өңірі мысалында)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Туризм» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Байбуриев Руслан Муратович - философия докторы (PhD)
Кадырбекова Динара Сериковна - доцент, Доцент (и.о.)
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ибрагимов Нутфилло Салимович - ғылым докторы, профессор, Кафедра меңгерушісі
Садыков Жасулан Амангельдыевич - философия докторы (PhD), Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті
Абдиманапов Бахадурхан Шарипович - ғылым докторы
Абдикаримова Мадина Нурбулатовна - доцент, доцент
Ғылыми кеңесшілері:
Мусина Камшат Пазилбековна
Марибель Изабель Родригез Запатеро
Қорғау 2024 жылғы 3 шілде, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D11105 – Туризм» мамандығы бойынша «8D111 – Қызмет көрсету саласы» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3Az9ia
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан көшесі, 11, №5 оқу корпусы, № 515 ауд.
Аңдатпа (қаз.): «8D11102 - Туристік қызмет: басқарушылық форсайт» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған Мукатова Рабига Аскаровнаның «Қазақстандағы этнотуризмді дамытудың инновациялық бағыттары (Ұлытау өңірі мысалында)» диссертациялық жұмысына АҢДАТПА Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан - өз халқының мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дәріптеп сақтайтын, атадан балаға мұра етіп қалдырған көпұлтты мемлекеттердің бірі. Қазақстан табиғи, мәдени және тарихи ресурстарға бай, ұлттық құндылықтарын бағалап, оларды әлемге паш етуді табыс көзіне айналдыра алатын елдердің бірі. Осыған байланысты, елдің алдында отандық және шетелдік туристерге тартымды болатын этнотуризм бағытын дамыту, этнотуристік өнімдерді құрастыру және туризм индустриясын, туристік инфрақұрылымды дамыту міндеті тұр. Туризм көптеген мемлекеттердің ЖІӨ үлкен бөлігін, әлем экономикасында пайда әкелетін, жаңа жұмыс орындарын құрайтын ең тиімді салаларының бірі болып табылады. Қазіргі уақытта этнотуризмнің дамуы белгілі бір инновациялық өзгерістерді қажет етеді, өйткені қазіргі туристер танымал және дамыған туристік орталықтарға барудан, жағажайда демалудан, сауда турларынан жалықты, ерекше әсерде қалмайды, осындай демалу туристер үшін үйреншікті болды, әсіресе COVID-19 пандемиясынан кейін ұлттық ерекшелікке, этникалық құрылымға ие ішкі турларға сұраныс артып келеді. Қазіргі уақытта этнотуризмнің дамуы өзекті мәселелердің бірі, өйткені ол әлем елдерінде де, Қазақстан Республикасында да ішкі және халықаралық туристік ағындардың ұлғаюына әсер ететін туризмнің дамып келе жатқан түрлерінің бірі болып табылады. Зерттеу жұмысында этнотуризмнің инновациялық бағыттарын анықтау және дамытуға баса назар аударылады, себебі этнотуризм туристерге өз мәдениетімен және басқа халықтардың ұлттық ерекшеліктерімен танысуға, этносаралық қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді. Этнотуризм туристерге елдің тарихы мен мәдениетіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. 2019 жылы Ұлытау туристік форумында түрлі елдердің туризм мамандары Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасына талдау жасады, ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңірінің ерекше маңыздылығын атап өтіп, Ұлытаудағы этнотуризмнің даму мүмкіндіктерін қарастырды. 2022 жылғы 8 маусымда жаңа облыс – Ұлытау облысы құрылды. Ол Қазақстанның орталық бөлігінде орналасқан, бұған дейін Қарағанды облысының құрамына кірген. Ұлытау-инновациялық дамуы өзекті болып табылатын Қазақстанның жаңадан құрылған облысы. Мәдени-тарихи және табиғи ресурстардың алуан түрлілігіне ие бола отырып, Ұлытаудың отандық, сондай-ақ шетелдік этнотуристер үшін танымал туристік дестинацияға айналуына мүмкіндігі бар. Ұлытауда этнотуризмнің дамуын талдай отырып, дайын этно-туристік өнімнің болмауы анықталып, өңірде этнотуризмді инновациялық дамыту жолдары қарастырылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша этнотуризм туризмді дамыту бойынша басым бағыт ретінде қарастырылады. Берілген факторлар жұмыстың өзектілігін анықтайды. Диссертациялық зерттеудің мақсаты - Ұлытау өңірі мысалында Қазақстандағы этнотуризмді дамытудың инновациялық бағыттарын теориялық-әдіснамалық негіздеу және оны дамыту бойынша әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу. Диссертациялық зерттеу мақсатын жүзеге асыру келесі міндеттерді орындауды қамтиды: - қазіргі заманғы этнотуризмнің инновациялық дамуының теориялық-әдіснамалық негіздерін анықтау; - этнотуризмнің инновациялық дамуының теориялық тұжырымдамалары мен шетелдік тәжірибесін саралау; - Қазақстан Республикасында этнотуризм дамуының қазіргі жағдайы мен отандық туристік нарықтағы этнотуризмнің өңірлік даму тенденциясын талдау; - Ұлытау өңіріндегі этнотуризмнің қалыптасуы мен даму ерекшеліктері мен негіздерін зерттеу; - Ұлытау өңірінде этнотуризмді дамытудың инновациялық жолдары бойынша ұсыныстарды беру, туристерді қабылдауда глэмпингті пайдалануды ұсыну. Зерттеу нысаны – Қазақстан Республикасының Ұлытау өңірі мен этнотуризмді дамытудағы туристік әлеуеті. Зерттеу пәні – Ұлытау өңірінде этнотуризмнің инновациялық дамуы үрдісінде туындайтын ұйымдастырушылық-экономикалық қатынастар. Зерттеудің теориялық-әдістемелік базасы. Диссертациялық зерттеудің теориялық негіздерін этнотуризмнің инновациялық дамуы бағытындағы отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері құрайды. Зерттеу жұмысында ғылыми зерттеудің әртүрлі әдістері қолданылды, соның ішінде салыстыру, SWOT-талдау, контент-талдау, сауалнама, статистикалық талдау, эксперттік сауалнама, Дельфи әдісі және т. б. Зерттеу нәтижелері SPSS IBM 20, Excel, Smart PLS бағдарламаларының көмегімен талданды. Зерттеудің ақпараттық базасы Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасына, нормативтік және құқықтық актілеріне, мемлекеттік бағдарламалар мен тұжырымдамаларға, ғылыми мақалалар мен мерзімдік басылымдарға, электрондық ресурстардың ресми материалдарына, монографияларға, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының ресми статистикалық деректеріне, Қарағанды мен Ұлытау облыстарының, Ұлытау ауданы әкімдігінің ресми есептілік материалдарына, ресми сайттарындағы ақпаратқа, Қазақстан Республикасының туризм саласындағы анықтамалық материалдарға, Саяхат және туризмнің бәсекеге қабілеттілік индексі мен өзге де өзекті ресми индекстер мен есептілік ақпараттарға негізделген. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы. Зерттеу барысында алынған нәтижелердің ғылыми жаңалығы келесідей: 1. Этнотуризм бағытындағы зерттеушілердің анықтамалары, түсініктері талданып, жүйеленіп, «этнотуризм» ұғымының анықтамасына авторлық түзету берілді. 2. Этнотуризмнің инновациялық дамуының шетел тәжірибесі негізінде Қазақстанда этнотуризмді дамыту бойынша ұсыныстар әзірленді. 3. Ұлытау өңіріндегі этнотуризмнің инновациялық даму бағыттары зерттеліп, этнотуризмде инновациялық даму тұжырымдамасы жасалды. 4. Ұлытау өңірі мысалында этнотуризмнің инновациялық дамуы тұрақты даму мақсаттарына жету құралы ретінде қарастырылып, Ұлытау өңірінде ұлттық нақышта глэмпинг тұрақтарын салу ұсынылды және экономикалық негізделді, этнотуристік іс-шаралардың ивент-күнтізбесі жасалды. 5. Ұлытаудағы этнотуризмнің дамуына жергілікті тұрғындардың инновациялылығы, экономикалық және әлеуметтік жағдайы, қоршаған орта жағдайының әсері бойынша Smart PLS бағдарламасы арқылы құрылымдық модель әзірленді. Қорғауға шығарылатын негізгі тұжырымдар: 1. Этнотуризмнің тұжырымдамалық аппараты бойынша «Этнотуризм» ұғымының анықтамасына авторлық түзету. 2. Этнотуризмді дамыту мен жылжытуда шетелдік тәжірибеге бейімделу жолдары мен ұсыныстар. 3. Этнотуризмде инновациялық даму тұжырымдамасы. 4. Ұлытау өңірінде глэмпинг тұрақтарын салу бойынша экономикалық негізделген ұсыныстар, этнотуристік іс-шаралардың ивент-күнтізбесі. 5. Ұлытаудағы этнотуризмнің дамуы бойынша Smart PLS бағдарламасы арқылы әзірленген құрылымдық модель. Диссертациялық жұмыстың теориялық және тәжірибелік маңыздылығы. Диссертация бойынша алынған нәтижелер этнотуризмнің инновациялық дамуын қалыптастыру үшін ғылыми және қолданбалы зерттеулерді одан әрі дамыту мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Зерттеу нәтижелерін іске асыру енгізу актілерімен расталған. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы. Диссертацияның негізгі ережелері халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда жарияланып, талқыланды. Диссертация тақырыбына сәйкес ғылыми мақалалар жарияланды. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері бойынша енгізу актілері алынды. Ізденушінің жекелеген ұсыныстары, «Kazakh Tourism ҰК» АҚ, Ұлытау ауданы әкімдігінің, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының, «Joshy Han Tour» ЖШС, «Visit Ulytau» порталымен айналысатын «Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметтерінде қолданылды және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін енгізу бойынша тиісті актілермен расталды. Ғылыми жарияланымдар. Диссертация тақырыбы бойынша жалпы 10 мақала жарық көрді, оның ішінде 2 мақала Scopus базасының индекстелетін ғылыми журналдарында, 4 мақала – ҚР ҒжЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған отандық басылымдарда, 4 мақала - халықаралық ғылыми конференциялардың жинақтарында жарияланды. Scopus дерекқорына кіретін журналда жарияланған мақалалар: - The Untapped Potential of Ethno-Tourism in Ulytau Region // Journal of Environmental Management and Tourism. – 2022. - Volume XIII. - 6(62). – P. 1534-1550. DOI:10.14505/jemt.v13.6(62).02 Мақалада Ұлытау өңіріндегі этнотуризмнің даму әлеуеті мен маңыздылығы, этнотуризмді зерттеудің талдау нәтижелері, оның ішінде аталған туризм түрінің даму перспективаларын анықтау мәселелері қарастырылды. Ұлытау өңірінің бірегей табиғаты, тамаша тарихи, археологиялық объектілері және мәдени мұрасының байлығына қарамастан, қазіргі уақытта этнотуризмнің өзі осы өңірде дамымағаны анықталды. Олай болса да, зерттеу нәтижелеріне сәйкес Ұлытау өңірінде этнотуризмді дамыту және оны болашақта туристік дестинацияға айналдыру бағытында әлеуеті жоғары екені анықталды. - Residents’ attitude towards ethno-tourism in Ulytau, Kazakhstan // GeoJournal of Tourism and Geosites. – 2024. - 52(1).- P. 77–84. https://doi.org/10.30892/gtg.52107-1184. Берілген мақалада жергілікті тұрғындардың этнотуризмге деген көзқарасы, инновацияларға ашықтығы мен дайындығы, этнотуризмді дамытуға әзір болуы зерттелді. Ұлытау өңіріндегі жергілікті тұрғындардың этнотуризмге деген көзқарасын зерттеудің нәтижелері бойынша этнотуризмнің дамуы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі мен тұрғындар табысының артуына, өңірге сыртқы инвестициялардың тартылуына, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудың ұлғаюына, инфрақұрылымның дамуына, халықтың тұрмыс деңгейін арттыруына себеп болатыны анықталды. ҚР ҒжЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған отандық басылымдарда жарияланған мақалалар: - Business projects in the field of ethno tourism as a direction for increasing tourist attractiveness and protect cultural heritage of Kazakhstan // Economic series of the bulletin of L.N. Gumilyov ENU. – 2019. - № 4. - P. 184-192 - Шетелдік тәжірибедегі этнотуризм дамуының теориялық негіздері // Л..Н. Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысының экономика сериясы. – 2020. - № 2. – Б. 180-188. - Innovative development of ethno-tourism in Ulytau // Bulletin of Turan University. – 2022. - № 3(95). – P. 145-160. DOI:10.46914/1562-2959-2022-1-3-145-160 - Scientific Approaches to the Definition of Ethnо-Tourism Concept // Eurasian Journal of Economic and Business Studies. – 2022. - 65(3). – P. 47-59. DOI:10.47703/ejebs.v3i65.135 Мақалаларда шетелдік тәжірибедегі этнотуризм дамуының теориялық негіздері мен тұжырымдамалары, Қазақстанның туристік тартымдылығын жоғарылату жолдары, Ұлытаудағы этнотуризмді инновациялық дамыту бағыттары қарастырылды. Сонымен қатар, Ұлытаудағы этнотуризмнің қазіргі жай-күйі, оның даму перспективалары қарастырылады. Этнотуризм инфрақұрылымын жетілдіру және туристерге қызмет көрсету бойынша шаралар ұсынылады. Халықаралық ғылыми конференциялардың жинақтарында жарияланған мақалалар: - Theoretical aspects of ethno-tourism development. - Proceedings of the international online-conference «Modern trends of hotel and restaurant business development» Nur-Sultan, L.N.Gumilyov Eurasian National University, 2020. – P. 22-24. - Ethno-tourism as the main direction of sustainable tourism development. - Proceedings of the XV International Scientific Conference for students and young scholars «Ǵylym jáne bilim - 2020» Nur-Sultan, L.N.Gumilyov Eurasian National University, 2020. – P. 3613-3615. - Ethno-tourism in Ulytau region as an element to achieve sustainable development goals. // Sciences of Europe. – 2020. - Vol. 3. - No 50. - P. 56-61 - The directions of development of ethno-tourism in Kazakhstan. - 6 International Turkic World Tourism Symposium Proceedings, 2020. - P. 809-817. Ізденушінің қосқан жеке үлесі: бірінші реттік ақпаратты жинау, бастапқы эмпирикалық деректерді алу, өңдеу, талдау, екінші реттік ақпаратты жүйелеу, деректерді өңдеу мен талдау, зерттеудің барлық кезеңдерін дербес ұйымдастыру және жүзеге асыру, негізгі теориялық ережелерді анықтау, зерттеу тақырыбына сәйкес ұсыныстар әзірлеу және зерттеу нәтижелері бойынша жарияланымдар дайындау. Диссертациялық жұмыстың құрылымы мен көлемі. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://youtu.be/JziQy6Z9p7Y
