
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Тұрғамбекова Жансая Ержанқызы «8D11102 – Туристік қызмет: басқарушылық форсайт» білім беру бағдарламасы бойынша «Жаңа Жібек жолының дестинациялық брендингі Қазақстанның туристік әлеуетін жетілдіру драйвері (Алматы облысы мысалында)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Туризм кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Насанбекова Самалгуль Тлеугельдиновна - философия докторы (PhD), Astana IT University, Креативті экономика мектебінің қауымдастырылған профессор м.а. (Астана, Қазақстан);
Садыков Жасулан Амангельдинович – философия докторы (PhD), ESIL UNIVERSITY, «Әлеуметтік жұмыс және туризм» кафедрасының меңгерушісі (Астана, Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ахмет Тайфун - философия докторы (PhD), Анкара Хажы Байрам Вели Университеті, «Туризм менеджменті» кафедрасының профессоры (Анкара, Түркия Республикасы);
Рей Инна Юрьевна - философия докторы (PhD), Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті (Астана, Қазақстан);
Абишов Нуржан Уринбасарович - философия докторы (PhD), Халықаралық туризм және меймандостық университеті, Туризм мектебінің доцент м.а. (Түркістан, Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
- Агыбетова Рина Есімқызы – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Туризм» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
- Метин Козак - философия докторы (PhD), Кадир Хас университетінің профессоры (Стамбул қ., Түркия Республикасы).
Қорғау 2025 жылғы 31 қаңтар, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D11102 – Туристік қызмет: басқарушылық форсайт» мамандығы бойынша «8D111 – Қызмет көрсету саласы» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3FU4to
Мекен-жайы: Астана, ул. Кажымукана, 11, учебный корпус №5, ауд. № 518.
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық зерттеу жұмысының тақырыбы жаңа және пәнаралық қатынастар сипатында өте ауқымды. Бұл қазақстандық туризм саласы туралы ғылымның зерттеу алаңына ұсынылып отырған дестинациялық брендинг туралы алғашқы диссертациялық тақырыптың бірі. Диссертациялық зерттеу әлемдегі ұлттық және дестинациялық брендинг тұжырымдамаларына, тәжірибелеріне, заманауи брендинг әдістері мен технологияларына жүйелі талдау жасай отырып, Жаңа Жібек жолының дестинациялық брендингін Алматы облысының туристік әлеуетін жетілдіру құралы ретінде қолданудың мүмкіншіліктерін айқындауға бағытталған. Тақырыптың өзектілігі. Дестинациялық брендинг және туристік бренд ғылыми, сараптамалық және басқарушылық қызмет ретінде әлемде соңғы отыз және Қазақстанда кейінгі он жылда қарқынды даму үстінде. Оған әлемдегі әрбір оныншы жұмыс орнының қызмет саласы болып табылатын және адамдардың саяхаттауға деген қызығушылығын қанағаттандыруға бағытталған туризмнің қарқынды дамуы себепші болып отыр. Зерттеу тақырыбының өзектілігі жаһандық интеграция нәтижесіндегі елдердің, өңірлердің, қалалардың тарихи-мәдени, табиғи, қайталанбас ерекшелігін айқындайтын, халықаралық кеңістікте дәріптейтін туристік бренд қалыптастыру қажеттілігімен анықталды. Бүгінгі таңда дестинациялық брендинг туризмді дамытуға инвестиция тарту үшін ғана емес, сонымен қатар, адамдардың тұрғылықты жерді таңдау, бизнеске жаңа қызметкерлерді тарту, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізу үшін қажетті шарт ретінде қолданылады. Маңызды құбылыстардың бірі ретіндегі брендингтің жүйелі дамуы осы салада өзінің ғылыми мәртебесіне ие болды. Саяхаттауға баратын жердің қалыптасқан бренді тұтынушыларды анықтайтын және олармен байланыс құралы болып табылатын дифференциалды қызмет ретінде анықталуы мүмкін. Дестинацияға баруды ынталандыратын активтерге тарихи және діни нысандар, табиғи ландшафт, климат және ойын-сауық орындары сияқты әртүрлі элементтер кіруі мүмкін. Әдетте дамыған туристік бағыттардың тартымдылығы бойынша бағаланатын факторларға инфрақұрылымның болуы, табиғи-мәдени және әлеуметтік көрікті жерлер, сондай-ақ қауіпсіздік жатады. Туристік дестинацияға келушілер тазалыққа, қонақжайлыққа, тыныштық пен қол жетімділікке қызығушылық танытады. Ал, даму үстіндегі бағыттың брендингі үшін оның бірегейлігіне, қайталанбас ерекшелігіне негізделген қызықты сипаттамаларын көрсететін бейнелерді пайдалану қажет. Дамыған бағыт әрдайым өзгеріссіз қалуы мүмкін және өз ұсыныстарын аздаған мөлшерде ғана жаңарта алады. Бұл әдетте жергілікті тұрғындар өздерінің дестинациясының өзгеріссіз қалуын қалайтындықтан болады. Дестинациядағы туризмге қатысты кез-келген бастамалар, мемлекеттік және жеке сектордың қолдауынан басқа, тұрғындар тарапынан да қолдау табуы керек. Осыған байланысты, дестинациялық брендинг үшін қандай дестинациялық активтер таңдалады, дамыған және даму үстіндегі туристік аумақтардың активтерінде айырмашылық бар ма деген сұрақтар туындайды. Ұлы Жібек жолының тарихи-мәдени құндылықтары бүгінгі күні туризм үшін таптырмайтын қазынаға айналды. Санғасырлық өркениеттің дамуындағы Жетісу өңірі объектілерінің тарихи маңызы мен ерекшеліктерін ескерсек, оны бүгінгі күнгі қарқынды даму үстіндегі туризм саласында қолдану өте тиімді болып табылады деп топшылаймыз. Қазақ даласындағы алғашқы туристердің Жібек жолы арқылы келгенін ескерсек, Жібек жолын туристік бренд ретінде қолдану маңыздылығы арта түседі. Тарихтан мәлім болатындай Түрік қағанаты атты қуатты мемлекет құрылған тұста Ұлы Жібек жолының қазақстандық телімі халықаралық қарым-қатынастың ең басты күре тамырына айналды және Шығыс Түркістан мен Қытайды басып өтіп, Тынық мұхитына дейін жалғасты. Ұлы Жібек жолы сауда-саттықпен қатар мәдениет пен өнердің дамуына да нәр берген болатын. Осы ретте, «Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау және сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» атты 1998 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік бағдарламасын елдегі Жібек жолымен байланысты мәдени туризмнің дамуындағы маңызды қадам ретінде қарастыруға болады. 21 ғасырдағы қайта жанданған Жаңа Жібек жолы мен туризм саласының ұштасуы «Қазақстан - жаңа Жібек жолы» Жобасы аясында көрініс тапты. Жоба ҚР Премьер-Министрінің 2012 жылғы 25 желтоқсандағы № 231-ө өкімімен бекітілді. Келесі ретте, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» салуды ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарына қол қойылды. 2012 жылы Астанада өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің бас қосуында Қазақстан өзінің Орталық Азия аумағындағы транзиттік қызметін ұлғайтып «Жаңа Жібек жолы» атты көлемді жобаны ұсынды. Сонымен қатар, транзиттік дәліз құру «Бір белдеу, бір бағыт» бастамасынан бір жыл бұрын «Нұрлы жол» бағдарламасында жарық көрген болатын. Жоғарыда аталған бағдарламалар мен жобалардың қабылдануы қазақ даласындағы ежелгі қалалар мен объектілердің археологиялық кеңауқымды тарихи-мәдени тұрғыдан зерттелуіне жол ашты. Сәйкесінше, «Жаңа Жібек жолымен» байланысты дестинациялық бренд қалыптастыру және оны Қазақстандағы туризм саласының дамуында тиімді пайдалану мәселесі өзекті болып табылады және терең теориялық жан-жақты ізденісті, кешенді талдау жүргізуді талап етеді. Диссертация тақырыбының зерттелу деңгейі. Туризм саласының соңғы онжылдықтардағы өте қарқынды дамуымен байланысты бәсекелестіктің пайда болуы туристік бренд ұғымының ғылымда терең зерттелуіне және пәнаралық көзқарастардың қалыптасуына әкелді. Туризмдегі саласындағы дестинациялық брендингті қалыптастыру мен дамыту мәселелерін бірқатар шетелдік ғалымдар, атап айтқанда С. Анхольт, Ф. Котлер, Ш. Дикман, Д. Аакер, П. Берителли, Е. Леви, Е. Браун, Кейз Динни, Н. Морган, А. Притчард және т.б. өз еңбектерінде қарастырды. Дестинациялық брендингтің теориялық-әдістемелік негіздері туралы зерттеулер ресейлік ғалымдар Ковынева Л.В., Тульчинский Г.Л., Кирьянова Л.Г., Лазаревь М.П., Кузьмина К., Матецкая М., Домнин В. Н., Замятин Д., Родькин П.Е., Карпова С.В., Захаренко И.К. және т.б. ғылыми еңбектерінде көрініс тапты. Туризмдегі брендинг мәселесін ашуға қазақстандық ғалымдар Н.А. Урузбаева, Д.А. Сейдуалин, К.С. Ермагамбетова, А.Т. Бейжанова, Н.М. Тұрлыбекова үлестерін қосуда. Аталған маркетинг және брендинг саласы мамандарының ғылыми жұмыстарында брендинг процесінің іске асырылуы мен теориялық және практикалық тұрғыдағы әдістемелік аспектілері қарастырылды. Дегенмен, ғылыми әдебиеттердегі дестинациялық брендинг бағытындағы зерттеулер дамыған дестинациялардың тәжірибесіне негізделген және дамушы туристік дестинациялар туралы зерттеулер толықтыруды талап етеді. Туристік дестинация активтерін анықтау мен брендинг процесінде неғұрлым тиімділерін қолдану дестинациялық брендинг моделін дұрыс таңдаудан туындайды. Осы ретте, дестинация активтерін оның тарихи-мәдени, табиғи ресурстарының негізінде және тұрғындардың келісімімен таңдау маңызды факторлардың бірі. 21 ғасырда қайта жанданған Жаңа Жібек жолын дестинациялық бренд ретінде қалыптастыру туризм саласын дамытумен қатар, Қазақстанның тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптеуге де мүмкіндік береді. Сәйкесінше, туризмді жетілдірудің драйвері ретінде Жаңа Жібек жолы дестинациялық брендін Алматы облысы мысалында қолдану ғылыми зерттеуді қажет етеді және тақырыпты таңдау, зерттеу мақсаттары мен міндеттерін құруға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының мақсаты – Алматы облысы туризмінің әлеуетін жетілдіру үшін Жаңа Жібек жолының дестинациялық брендингін драйвер ретінде қолдану мүмкіншіліктерін зерттеу. Зерттеудің мақсатына жету үшін келесі міндеттер қойылды: «Дестинациялық брендинг» түсінігін нақтылау және ғылыми көзқарастардың қалыптасуы мен дамуына әсер ететін әлеуметтік-экономикалық факторларды анықтау; Дестинациялық брендингтің ғылыми және тәжірибелік қолданысы аясында туристік дестинацияның брендинг үшін тиімді активтерін анықтау; Жаңа Жібек жолы дестинациялық брендінің Алматы облысы мысалында қолданылу мүмкіншіліктерін бағалау мен мәселелерін айқындау; Қазақстанның, Алматы облысының туристік ахуалын саралау, қолданыстағы туристік брендіне талдау жасау; Дамушы туристік дестинация брендингінің практикалық алгоритмін әзірлеу және Алматы облысы мысалында тәжірибеден өткізу; Алматы облысы мысалында Жаңа Жібек жолы дестинациялық брендингінің тұжырымдамасын әзірлеу. Зерттеу объектісі біртұтас туристік дестинация ретіндегі Қазақстан Республикасының Алматы облысы қарастырылады. Зерттеу пәні туристік дестинация әлеуетін жетілдірудегі дестинация активтерін анықтаудан бастап туристік бренд қалыптастыруға дейінгі брендинг құралдары. Диссертацияның әдіснамалық негізін шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектеріне негізделген пәнаралық көзқарастар қалады. Жаңа Жібек жолымен байланысты дестинациялық брендингті зерттеу барысында келесідей әдістемелік принциптер қолданылды: ғылыми және қолданбалы дереккөздерді сараптау үшін – аналитикалық талдау, дестинациялық брендингтің және Жаңа Жібек жолының қалыптасу тарихын қарастыруда – ретроспективті зерттеу; компаративтік әдіс, дестинациялық брендингтің шетелдік тәжірибесін зерделеуде, Қазақстанның және Алматы облысының қазіргі туристік брендін айқындау және т.б. зерттеу жұмысының салыстырмалы талдауды қажет ететін тұстарында қолданылды. Сонымен қатар, диссертациялық зерттеу жұмысын жүргізу барысында сипаттау (Алматы облысының туризміне шолу жасауда); тереңдетілген сұхбат жүргізу және оны талдау, оның ішінде SWOT талдау; сауалнама жүргізу, сауалнама деректеріне факторлық және сегментациялық талдау жасалынды. Зерттеу жұмысы барысындағы жүргізілген сауалнаманың деректеріне статистикалық талдау IBM SPSS 28.01 бағдарламасы арқылы өңделді. Диссертациялық зерттеудің ақпараттық базасы Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасынан, мемлекеттік және өңірлік деңгейдегі бағдарламалар мен тұжырымдамалардан, ғылыми әдебиеттер мен мерзімді басылымдардан бастау алады. Scopus базасындағы ғылыми мақалалар, шетелдік ресми электрондық ресурстар мәліметтері зерттеу жұмысындағы ғылыми көзқарастар мен шетелдік тәжірибе бөлімдерін жазуда қолданылды. Ұлттық статистика бюросы мен Алматы облысы туризм басқармасының статистикалық деректеріне сүйене отырып зерттеу әдістемесіне сәйкес талдаулар жүргізілді. Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасындағы «мерзімді басылымдар» бөліміндегі газет-журналдардағы мақалалар Алматы облысы мысалында Жаңа Жібек жолы дестинациялық брендін қалыптастырудың негіздемесін жазуда қолданылды. Ал, кітапхананың диссертациялар залындағы ғылыми жұмыстармен танысу зерттеу тақырыбының өзектілігі мен жаңашылдығын жазуда қолданылды. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы: - Туризм саласындағы әлемдік маркетологтардың еңбектері негізінде «дестинациялық брендингке» қатысты көзқарастар әсер етуші факторларға байланысты жіктелінді; - дамыған және дамушы туристік дестинациялар активтері талданып, дамушы туристік дестинацияның брендинг үшін тиімді активтері анықталды; - әлемдік брендинг тәжірибелері мен әдістемелерін саралау негізінде дамушы туристік дестинация брендингінің практикалық алгоритмі ұсынылды; - ізденуші ұсынған туристік дестинация брендингінің практикалық алгоритмі негізінде Алматы облысының туризміне жүйелі талдау жүргізілді; - Алматы облысының туристік әлеуетін жетілдірудің драйвері ретінде «Жаңа Жібек жолы – жаңа саяхат жолы» туристік брендін қолданудың тұжырымдамасы әзірленді; - дестинациялық брендингтің әсерін қолдануға мүмкіндік беретін, туристік әлеуетті жетілдіру драйвері ретіндегі орналастыру орындарын сертификаттау жүйесі ұсынылды. Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдар: 1. Туризмдегі әлемдік маркетологтар еңбектеріндегі «дестинациялық брендингтің» қолданылу саласын анықтайтын ғылыми көзқарастар төртке жіктелінді. Олар: эволюциялық – географиялық бағыттағы, экономиканы басқаруға бағытталған, маркетингтік ұсынысқа бағытталған, туристік сұранысқа бағытталған көзқарастар. 2. Дестинациялық брендингтің ғылыми және тәжірибелік қолданысы аясында туристік дестинацияның брендинг үшін тиімді активтері ретінде келесі активтер ұсынылды: дестинациядағы нақтыланған демалыс бағыты, тартымды туристік объектілердің анықталған тізімі, орналастыру орындарындағы бірыңғай міндетті қосымша қызметтер. 3. Дамушы туристік дестинация брендингінің практикалық алгоритмі ұсынылды және модельдің негізінде жүйелі талдау кезеңдері белгіленді. Олар: дестинациялық аудит жүргізу, мүдделі тараптармен, ақпарат иелерімен тереңдетілген сұхбат, тұтынушылардың қабылдауын зерттеу, сегментациялық талдау, туристік бренд қалыптастыру, орналастыру орындарын сертификаттау. Аталған талдау түрлері жүйелі түрде қолданыла келе брендинг процесінде қолданылатын туристік дестинацияның активтерін анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, дамушы туристік дестинацияның туристік брендін құрып, брендті орналастыру орындарына пайдалануға беру үшін сертификаттау тәжірибесі енгізілді. 4. Дамушы туристік дестинация брендингінің практикалық алгоритміне сәйкес Алматы облысының туризміне жүргізілген жүйелі талдау нәтижелері нақтыланды. Алматы облысы туристік активі ретіндегі демалыс бағыттары болып, табиғат аясындағы демалыс, жағажайда демалу, тамақтану, жергілікті асханалармен танысу, ал белсенді демалыс түрлерінен: джип турлар, трекинг, рафтинг анықталды. Тартымды туристік объектілер ретінде - Алакөл, Балқаш көлдері, «Көлсай көлдері» ҰТП: Қайыңды, Көлсай көлдері, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты (Медеу спорт кешені, Көк-төбе) анықталды. Дестинациядағы міндетті қосымша қызметтер ретінде – фотосессия жасау, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың, қауіпсіздік шараларының, экологиялық талаптардың сақталуы құпталынды. 5. Алматы облысы мысалында Жаңа Жібек жолы дестинациялық брендингін қолдану үшін, «Жаңа Жібек жолы – жаңа саяхат жолы» тұжырымдамасы мен философиялық мағынасы бар туристік бренд логотипі ұсынылды. Тұжырымдамаға сәйкес, дестинация ұсыныстары ретіндегі туристік объектілер, дестинацияның негізгі туристік бағыты мен орналастыру орындарында болуы міндетті қосымша қызметтер тізбектелді. Туристік дестинация бейнесі екі сегментке бөлініп қарастырылды: эко және этнотуризмді қалайтын зерттеуші турист, белсенді туризмді қалайтын саяхатшы. Тұжырымдамада дестинациялық брендингтегі мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы зерттеу нәтижелеріне негізделген ұсыныстар да берілген. 6. «Жаңа Жібек жолы – жаңа саяхат жолы» туристік брендін дестинацияның туристік әлеуетін арттыру драйвері ретінде қолдану үшін орналастыру орындарын сертификаттау ұсынылды. Зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысының теориялық құндылығы – дестинациялық брендингтің туристік әлеуетті жетілдіру құралы ретіндегі маңыздылығы ғылыми негізделді. Сонымен қатар, диссертация тақырыбы ҚР туризм саласындағы Жаңа Жібек жолының дестинациялық брендингімен байланысты алғашқы докторлық ғылыми еңбек. Шетелдік ұлттық және дестинациялық брендинг теориялары мен қағидаларына кешенді талдау жасау арқылы Қазақстанның, сонымен қатар, Алматы облысы туризм саласын саралау және туризм бағытын зерттеу аясына жаңа теориялар мен зерттеу модельдері, тұжырымдамалар ұсынылды. Жұмыстың практикалық маңыздылығы – республика деңгейінде ЖОО-да «Туризм» саласы мамандарын даярлауда «Дестинациялық брендинг» тақырыбындағы таңдау курсын енгізуге болады. Зерттеу жұмысы аясында ұсынылған дамушы туристік дестинация брендингінің практикалық алгоритмінің Қазақстандағы және шетелдегі туристік дестинациялардың туристік активтерін анықтауда, брендингін жүргізуде қолдану мүмкіншілігі жоғары. Ғылыми зерттеу нәтижелеріне негізделген арнайы ұсыныстар Алматы және Жетісу облыстарының туризм бағдарламаларын әзірлеуде пайдаланылады. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен қорытындылары отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда 10 мақала түрінде жарық көрді. Оның ішінде: 4 мақала - шетелдік журналдар мен конференцияларда, 3 мақала - Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен басылымдарда, 1 мақала - Scopus мәліметтер базасы тізіміне енгізілген ғылыми журналда жарияланды. 2020 жылғы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ хабаршысының Экономика сериясының №4 санында диссертациялық жұмыстың бірінші теориялық бөлімі нәтижелеріне негізделген «Дестинациялық брендинг» ұғымын анықтаудағы ғылыми көзқарастар» мақаласы шығарылды. 2020 жылдың 12 наурызында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ұйымдастыруымен өткізілген «Қонақ үй-мейрамхана бизнесінің қазіргі даму тенденциялары» халықаралық онлайн-конференциясында «Жібек жолы дестинациясының объектілері туризм дамуының драйвері ретінде» мақаласы жарияланды. Зерттеу жұмысының тағы бір теориялық бөліміне негізделген «Дестинациялық брендингті жүргізудегі институционалды көзқарастар» ғылыми мақаласы Торайғыров университетінің хабаршысы «Гуманитарлық сериясы» 2020 жылдың №4 санында шығарылды. РИНЦ құрамына кіретін «Modern Science» журналында зерттеу тақырыбының шетелдік тәжірибесіне бағытталған «Аспекты формирования зарубежной практики дестинационного брендинга» мақаласы 2021 жылғы №6-1 санында жарық көрді. 2021 жылдың 28 мамырында Харықаралық туризм және меймандостық университетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Ұлы Жібек жолы – ұлы мұра» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына «Дестинация брендінің мінез-құлқын анықтау: туристік бағытты дамытудың драйвері ретінде (Алматы облысы мысалында)» мақаласы ұсынылды. Диссертация зерттеуінің екінші практикалық бөлімі нәтижелеріне негізделген «Выявление активов туристской дестинации с точки зрения резидентов» мақаласы Әл-Фараби атындағы ҚҰУ хабаршысы «Экономика сериясының» 2022 жылдың (142) №4 санында басылды. 2022 жылдың 25 маусымында Азербайжанның Баку қаласында өткізілген «Shusha city and turkic civilization: historicity and contemporaneity conference» халықаралық конференциясында «Destination branding of the new silk road as a driver of increasing tourism potential (the example of Kazakhstan)» мақаласы ғылыми кеңістікке онлайн ұсынылды. Зерттеудің тәжірибелік бөлімінің қорытындылары бар «Brand assets: a prerequisite to promoting a developing destination» мақаласы Scopus базасындағы «International Journal of Tourism Cities» журналының 2023 жылғы 9 санында жарық көрді. Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
Диссертациялық кеңестің шешімі
Диссертация қорғауының бейнежазбасы: https://www.youtube.com/watch?v=2PS-U7md5lw
