
«8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Аубакирова Аида Еркеновна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Аубакирова Аида Еркеновна «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақ тіліндегі жаңа терминдер: жасалуы мен қолданысы (теориялық-әдістемелік сипаты)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Әлісжан Сарқыт Қалымұлы – филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университеті Қазақ тілі және түркітану департаментінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан).
Алдашева Камар Сагингалиевна – философия докторы (PhD), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түркітану және тіл теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Мухтаруллина Айгүл Раисовна – филология ғылымдарының докторы, «Уфа ғылым және технология университеті» федералды бюджеттік жоғары білім беру мекемесінің профессоры (Уфа қ., Ресей).
Абдикарим Нурзия – филология ғылымдарының кандидаты, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология бөлімінің басшысы (Астана қ., Қазақстан).
Шадиева Нургуль Хамзахановна – педагогика ғылымдарының кандидаты, А. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
Құрманбайұлы Шерубай – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессоры (Астана қ., Қазақстан).
Юсупова Альфия Шавкетовна – филология ғылымдарының докторы, Қазан Федералдық университетінің профессоры (Қазан қ., Ресей).
Қорғау 2026 жылғы 25 мамыр, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://lnk.ua/JjfPHjNSs
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Аубакирова Аида Еркеновнаның «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Қазақ тіліндегі жаңа терминдер: жасалуы мен қолданысы (теориялық-әдістемелік сипаты)» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты – 1991-2021 жылдар аралығында қазақ тіліндегі қалыптасқан жаңа терминдердің табиғатын теориялық тұрғыдан анықтау, олардың жасалу, қалыптану және қолданыс ерекшеліктерін кешенді сипаттау және білім беру жүйесінде тиімді меңгертуге арналған ғылыми-әдістемелік негіз ұсыну. Зерттеу міндеттері: – «жаңа сөз», «жаңа қолданыс», «жаңа термин» ұғымдарының ғылыми мәнін анықтап, олардың өзара арақатынасын айқындау; – жаңаттану дербес ғылыми бағыт ретінде қалыптасу кезеңдерін, зерттеу нысанын және негізгі ғылыми ұстанымдарын сипаттау; – қазақ тіл білімінде жаңа терминдердің зерттелуіне жан-жақты шолу жасап, негізгі бағыттарын, ғылыми үлестерін саралау; – жаңа терминдердің құрылымдық, семантикалық және уәждік ерекшеліктерін айқындап, олардың типологиялық жіктемесін жасау; – салалық терминологиядағы 1991-2021 жылдардағы жаңа атаулардың сандық-статистикалық таралуын, жасалу тәсілдерін (лексика-семантикалық, морфологиялық, калькалау, синтаксистік ) анықтап, өнімділігін талдау; – жаңа терминдердің қалыптану сатыларын (ұсынылу, сарапталу, бекітілу, кодификациялану және қолданысқа ену) сипаттау; – жаңа терминдердің қолданыс ерекшеліктерін талдап, орнығу деңгейін анықтау; – орта білім беру жүйесінде жаңа терминдерді оқытудың лингводидактикалық негіздерін айқындап, оқыту ерекшеліктерін сипаттау; – жаңа терминдерді меңгеру арқылы оқушылардың метапәндік құзыреттілігін қалыптастыру жолдарын анықтау; – жаңа терминдерді пәнаралық интеграция негізінде оқытудың тиімді моделін ұсыну. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында жаңа терминдердің табиғатын кешенді түрде ашуға мүмкіндік беретін сипаттамалы, компоненттік талдау, жүйелі-құрылымдық, сандық-статистикалық әдістер қолданылды. Сипаттамалы әдіс негізгі ұғымдарға, теориялық тұжырымдарға және терминологиялық процестерге сипаттама беруге негіз болды. Компоненттік талдау әдісі жаңа терминдердің морфемалық құрылымын және мағыналық құрамын анықтау үшін пайдаланылды. Жүйелі-құрылымдық әдіс терминдердің құрылымдық типтерін, олардың жүйедегі орнын және атқаратын қызметін айқындауға мүмкіндік берді. Сандық-статистикалық әдіс жаңа терминдердің жиілігін, сандық үлесін және түрлі салалардағы таралу деңгейін анықтау мақсатында қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): 1991-2021 жылдар аралығы қазақ терминологиясының қарқынды жаңару кезеңі, бұл үдеріс қоғамдық-саяси тәуелсіздік, ғылыми-техникалық прогресс, цифрландыру және жаһандану ықпалымен тікелей байланысты. Осы кезеңде қазақ тілінде жаңа терминдер бұрынғыдай жекелеген емес, жүйелі әрі көпсалалы сипатта қалыптасып, терминологиялық қордың сапалық және сандық кеңеюіне негіз қалады; жаңа терминдердің жасалуы тілдің ішкі сөзжасамдық мүмкіндіктері мен сыртқы тілдік ықпалдардың өзара ықпалдастығы негізінде жүзеге асады. Осы үдерісте лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік тәсілдермен қатар калькалау, будан, қоспа, кентавр, контаминант сияқты модельдер терминжасамның өнімді тетіктері ретінде танылады; – жаңа терминдердің қалыптануы кезеңдік сипаттағы жүйелі үдеріс ретінде қарастырылады. Ұсынылу, сарапталу, бекітілу, кодификациялану және қолданысқа ену сатылары терминнің ғылыми және қоғамдық коммуникациядағы орнығу деңгейін айқындайтын негізгі механизмдер; – жаңа терминдердің қолданыс белсенділігі мен орнығу деңгейі салалық ерекшелікке тәуелді болады. Ақпараттық технология, экономика, құқық, білім беру салаларында жаңа терминдердің таралуы мен өнімділігі жоғары сипат алады, ал кейбір салаларда терминологиялық жарыспалылық пен нормалану мәселелері өзекті күйінде сақталады; – жаңа терминдерді орта білім беру жүйесінде пәнаралық интеграция негізінде оқыту оқушылардың терминологиялық сауаттылығын арттырудың тиімді тетігі ретінде айқындалады. Бұл тәсіл ғылыми ұғымдарды саналы меңгеруге, білім мазмұнын жүйелі қабылдауға мүмкіндік береді. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: жаңа терминжасам процесін сипаттауда халықаралық ғылыми айналымдағы coinage (еркін жасау), ghost word (жалған сөз), prelogism (прелогизм), protologism (протологизм), retronym (ретроним), қоспа, кентавр, құрама, будан секілді ұғымдар талданып, қазақ терминологиясы теориясына енгізілді; 1991-2021 жылдар аралығында қалыптасқан жаңа терминдердің терминдердің жасалу үлгілері талданып, жаңа терминдердің типологиялық жіктемесі жасалды; жаңа терминдердің қалыптану сатылары (ұсынылу, сарапталу, бекітілу, кодификациялану, қолданысқа ену) жүйеленіп, олардың орнығу заңдылықтары анықталды; салалық терминологиядағы жаңа атаулардың қолданысы сандық-статистикалық тұрғыда талданып, олардың жиілік көрсеткіштері мен орнығу деңгейі бағаланды; орта білім беру жүйесіне «жаңа терминдер» элективті пән ретінде енгізілді; жаңа терминдерді пәнаралық интеграция негізінде меңгерту арқылы оқушылардың метапәндік құзыреттілігін дамытуға бағытталған әдістемелік тәсілдер әзірленді; әзірленген әдістемелік модель мен оқыту жүйесі тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында сынақтан өткізіліп, оның тиімділігі мен нәтижелілігі ғылыми тұрғыда дәлелденді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Зерттеу жұмысы қазақ тіл біліміндегі жаңа терминдер мәселесін жүйелі әрі кешенді түрде қарастыруымен ерекшеленеді. Ең алдымен, диссертацияда 1991- 2021 жылдар аралығында қазақ тілінде қалыптасқан жаңа терминдердің табиғаты арнайы зерттеу нысаны ретінде алынып, олардың жасалу жолдары, құрылымдық-семантикалық сипаты, қалыптану кезеңдері мен қолданыс ерекшеліктері тұтас бір арнада сипатталды. Бұл қазақ терминологиясындағы жаңа атауларды тек жеке тілдік бірліктер ретінде емес, қоғамдық өзгерістермен, ғылым мен технологияның дамуымен, тілдік нормалану үдерісімен сабақтастықта қарастыруға мүмкіндік берді. Зерттеудің ғылыми жаңалығының алғашқы қыры – жаңа терминжасамды сипаттауда халықаралық ғылыми айналымдағы coinage, ghost word, prelogism, protologism, retronym секілді ұғымдардың, сондай-ақ қоспа, кентавр, құрама, будан тәрізді терминжасам модельдерінің талданып, қазақ терминологиясы теориясына енгізілуі. Осы арқылы жаңа терминдерді тану мен сипаттаудың ұғымдық-теориялық аясы кеңейтіліп, қазақ тіл біліміндегі неологиялық зерттеулердің ғылыми аппараты толықтырылды. Екіншіден, диссертацияда 1991-2021 жылдары қалыптасқан жаңа терминдердің жасалу үлгілері сараланып, олардың типологиялық жіктемесі жасалды. Жаңа терминдердің лексика-семантикалық, морфологиялық, синтаксистік, калькалау, будан, қоспа, кентавр, контаминант сияқты модельдер арқылы қалыптасатыны нақтыланып, терминжасамның өнімді тетіктері айқындалды. Бұл жаңа терминдердің қазақ тіліндегі сөзжасамдық әлеуетін бағалауға және терминологиялық жүйенің ішкі даму заңдылықтарын тереңірек түсіндіруге жол ашады. Үшіншіден, зерттеуде жаңа терминдердің қалыптану сатылары ұсынылу, сарапталу, бекітілу, кодификациялану және қолданысқа ену кезеңдері бойынша жүйеленді. Осы арқылы жаңа атаудың тілдік жүйеге енуі кездейсоқ құбылыс емес, кезеңдік сипаттағы күрделі үдеріс екені дәлелденді. Мұндай тұжырым жаңа терминдерді нормалау, сараптау және қолданысқа енгізу ісіне ғылыми негіз береді. Төртіншіден, салалық терминологиядағы жаңа атаулардың қолданысы сандық-статистикалық тұрғыда талданып, олардың жиілік көрсеткіштері мен орнығу деңгейі бағаланды. Соның нәтижесінде жаңа терминдердің белсенділігі мен орнығуы салалық ерекшелікке тәуелді екені, әсіресе ақпараттық технология, экономика, құқық және білім беру салаларында олардың өнімділігі жоғары болатыны анықталды. Бұл қазақ терминологиясының даму динамикасын нақты дерекке сүйеніп көрсетуімен құнды. Зерттеудің әдіснамалық және ғылыми-практикалық маңызы оның білім беру жүйесімен ұштасуынан да көрінеді. Диссертация аясында орта білім беру жүйесіне «Жаңа терминдер» элективті пәні енгізіліп, жаңа терминдерді пәнаралық интеграция негізінде меңгертудің әдістемелік тәсілдері әзірленді. Бұл тәсілдер оқушылардың терминологиялық сауаттылығын ғана емес, олардың метапәндік құзыреттілігін дамытуға бағытталды. Әзірленген оқыту моделі мен тапсырмалар жүйесі тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында сынақтан өткізіліп, тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденді. Зерттеу нәтижелерінің теориялық маңызы бірнеше бағытта көрінеді. Біріншіден, жаңа терминдердің жалпы жаңа сөздер қатарынан бөлініп, дербес ғылыми-ұғымдық деңгейге көтерілетін заңдылықтары айқындалды. Екіншіден, қазақ тіл біліміндегі жаңа лексиканы зерттеу бағыттары жүйеленіп, олардың қалыптасу эволюциясы мен ғылыми дәстүрі сараланды. Үшіншіден, жаңа терминдердің құрылымдық-семантикалық ерекшеліктері мен типологиялық жіктелімі ғылыми негізде дәлелденді. Төртіншіден, жаңа лексиканы оқытуға қатысты лингводидактикалық ұстанымдар нақтыланып, олардың білім беру жүйесіндегі орны анықталды. Зерттеудің практикалық маңызы да жоғары. Жұмыс барысында жасалған «Жаңа терминдер» элективті курс бағдарламасы, терминологиялық жаттығулар мен тапсырмалар жалпы білім беретін мектептерде, жоғары және арнаулы оқу орындарында қазақ тілі, терминология, лексикология, қолданбалы лингвистика бағыттарында пайдалануға лайық. Бұл материалдарды қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, оқытушылар, магистранттар мен докторанттар оқу үдерісінде, ал терминологиялық орталықтар мен ғылыми-зерттеу мекемелері әдістемелік және тілдік материал ретінде қолдана алады. Осылайша, диссертация қазақ тіліндегі жаңа терминдерді зерттеудің теориялық негізін кеңейтіп қана қоймай, оларды нормалау, жүйелеу және оқыту практикасына енгізудің нақты ғылыми-әдістемелік тетіктерін ұсынды. Соның нәтижесінде жұмыс қазақ терминологиясының дамуына, ғылыми тілдің сапасын арттыруға және білім беру мазмұнын жаңғыртуға елеулі үлес қосады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық жұмыс Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының басым бағыттарымен, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасымен, «Білім туралы», «Ғылым туралы», «Тіл туралы» заңдармен, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартымен және терминологиялық жұмыстарды жүргізу қағидаларымен өзектес. Зерттеуде жаңа терминдерді ғылыми негізде жүйелеу, оларды сараптау, нормалау және білім беру үдерісіне енгізу мәселелері қарастырылғандықтан, жұмыс мемлекеттік тілдің ғылыми қызметін күшейтуге, білім мазмұнын жаңартуға және ұлттық терминқорды жетілдіруге тікелей қызмет етеді. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы. Докторант зерттеу жұмысының қорытындылары мен нәтижелері бойынша Scopus (Elsevier) халықаралық ақпараттық ресурстарына енгізілген ғылыми жарияланымда 2 (екі) мақала, ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған отындық басылымда 3 (үш) мақала, халықаралық ғылыми журналда 1 (бір) мақала, халықаралық конференцияларда 2 (екі) мақала жарық көрді. 1. The Effect of the Use of Contemporary Technologies on Teaching New Terms in Literature // Journal of Social Studies Education Research. – 2024. – Vol. 15, №1. – P. 187-211. (бірлескен автор: S. Kurmanbayuly, T. Akhmetova, Zh. Koshanova, K. Smailova, N. Bayekina, докторанттың үлесі – 85%). 2. Effects of Language Learning Strategies on Teaching Toponyms and Folk Geography Terms in Kazakh and Nogai Languages // Journal of Ethnic and Cultural Studies. – 2024. – Vol. 11, №2. – P. 140-163. (бірлескен автор: А.Ainabek, B. Abdualiuly, K. Molgazhdarov, B. Artymbayeva, S. Zhuanyshpaeva, докторанттың үлесі – 75%). 3. Новые термины на казахском языке: история и опыт // Евразия гуманитарлық институтының хабаршысы. – 2024. – Т. 4. – Б. 32-43. (бірлескен автор: Ш. Құрманбайұлы, С.Ж. Жуанышпаева, докторанттың үлесі – 90%). 4. Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа лингвистикалық терминдер // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – Т. 2. – Б. 4-13. (бірлескен автор: Ш. Құрманбайұлы, К.М. Атыгаева, докторанттың үлесі – 90%). 5. Linguistic nature of hybrid terms in the media space // Торайғыров университетінің хабаршысы. Филологиялық сериясы. – 2024. – Т. 1. – Б. 93-101. (бірлескен автор: А. N. Аkhmet, I. S. Nasipov, S. A. Nurgaliyeva, докторанттың үлесі – 75%). 6. Заң мәтіндерінде термин қолданудағы қайшылықтар мен сәйкессіздіктер хақында // Eurasian Science Review: An International Peer-Reviewed Multidisciplinary Journal. – 2024. – Т. 2, №6. – Р. 291-298. 7. Қазақ тіліндегі жаңа терминдер және олардың жасалу жолдары // IV Эл аралык түрк цивилизациясы конгресси. Баяндамалар жинағы (Бішкек, 2023. – Б. 113-118). 8. Қазіргі қазақ тіліндегі лингвистикалық терминдер // «Қозыбаев оқулары – 2021: білім мен ғылымды дамытудағы жаңа көзқарастар мен тәсілдер» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары (2021. – 12 қараша. – Б. 97-102).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
