
«8D02314 - Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сұлтан Есбол Болатұлы диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сұлтан Есбол Болатұлы «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша ««Көркем мәтіндегі семиотикалық жүйе және танымдық қабат»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
– Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы – филология ғылымдарының докторы, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан);
– Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы (Астана қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Орхан Сөйлемез– философия докторы (PhD), Кастамону университеті, қазіргі түрік диалекттері және әдебиет кафедрасының профессоры (Кастамону қ., Түркия)
Калиева Альмира Кайыртаевна – филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары (Алматы қ., Қазақстан).
Жакулаев Адил Муратович – философия докторы (PhD), «Bolashaq» Академиясының стратегиялық даму жөніндегі проректоры (Қарағандық., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
– Айтуғанова Сәулеш Шамшақызы – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан);
– Инает Алимжан - доктор, Еге университетінің профессоры, Еге университеті (Изми қ., Түркия);
Қорғау 2026 жылғы 20 мамыр, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офнлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/44008925341752?p=vlqWWFZA7ZQwNeHZ1K
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Сұлтан Есбол Болатұлының «Көркем мәтіндегі семиотикалық жүйе және танымдық қабат» тақырыбындағы диссертациясы 8D02314 – «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған АҢДАТПА Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысы көркем мәтінді семиотикалық жүйе тұрғысынан қарастырып, оның мазмұндық құрылымындағы танымдық қабаттың табиғатын кешенді талдауға арналған. Көркем мәтін – ерекше түрде ұйымдасқан семиотикалық құрылым, онда тілдік таңбалар мен белгілер арқылы көпқабатты мағына түзіледі. Әдеби шығарма мәтіні сыртқы және ішкі қабаттардан тұрады, солардың ішкі, терең деңгейін құрайтын танымдық қабат оқырман санасына әсер ететін ақпараттық, идеялық және мәдени когнитивтік жүйені қамтиды. Демек, көркем мәтін оқырманға эстетикалық ләззат сыйлаумен қатар, оның дүниетанымын қалыптастыратын білімдер мен құндылықтарды жинақтайды. Осыған байланысты диссертациялық жұмыста қазақ көркем прозасының мәтіндері біртұтас таңбалық символдық жүйе ретінде қарастырылып, сол жүйенің ішінде әрекет ететін семиотикалық элементтердің (кейіпкерлер жүйесі, мекеншақ, мифопоэтикалық образдар, жаратылыс кодтары мен архетиптер, интермәтіндік сілтемелер, мәдени рәміздер, т.б.) танымдық жүктемесі айқындалады. Зерттеу нысаны ретінде ХХ–ХХІ ғасырлар қазақ прозасының ірі өкілдері – Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Кекілбаев, О. Бөкей, Т. Әбдік, Д. Рамазан, Ж. Қорғасбек, Н. Дәутайұлы шығармалары алынып, олардың көркем әлеміндегі семиосфера мен семиозистік үдерістердің ерекшелігі талданады. Әр автордың дүниетанымы мен поэтикалық стилі мәтіндегі таңбалық жүйе арқылы қалай көрінетіні, сол арқылы ұлттық концептілер мен мәдени кодтардың репрезентациялану жолдары көрсетіледі. Жұмыста семиотикалық, құрылымдық, мифологиялық, мәдениеттанымдық, сондай ақ салыстырмалы типологиялық және контекстуалдық талдау әдістері кешенді түрде қолданылып, көркем мәтіндегі көпдеңгейлі мағына жасаушы тетіктерді анықтауға бағытталады. Зерттеу барысында «көркем мәтіннің танымдық қабаты», «семиотикалық кеңістік», «концептілік өріс» тәрізді ұғымдар нақтыланып, олардың негізінде көркем мәтінді семиотикалық когнитивтік тұрғыдан талдаудың үлгісі ұсынылады. Диссертация нәтижелері қазақ прозасындағы мифопоэтикалық символдар мен архетиптердің, жаратылыс кодтары мен кейіпкерлер жүйесінің, мекеншақ моделдерінің семиотикалық қызметін айқындап, олардың мәтіннің танымдық құрылымын қалыптастырудағы рөлін түсіндіреді. Сонымен қатар зерттеу қорытындылары мәтін семиотикасы мен когнитивтік поэтика салаларын теориялық тұрғыдан толықтыра отырып, ұлттық әдебиетті жаңа методологиялық қырынан пайымдауға, көркем мәтінді тереңдетіп оқудың ғылыми базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы көркем мәтіндегі семиотикалық жүйені танымдық мазмұнмен бірлікте алып, қазақ прозасы материалында алғаш рет кешенді түрде қарастыруымен айқындалады. Мәтіннің ішкі құрылымында жинақталған білімдер мен идеялар жүйесі арнайы «танымдық қабат» ретінде тұжырымдалып, оның құрылымдық белгілері, компоненттері мен қызметтік типологиясы нақты мысалдар негізінде көрсетіледі. Сондай ақ символ, таңба, архетип, мифтік мотивтер сияқты дәстүрлі поэтикалық категориялардың астарында жатқан когнитивтік механизмдер ашылып, олардың авторлық концептуализациядағы орны нақтыланады. Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы да зор. Алынған нәтижелер қазақ әдебиеттануындағы мәтін теориясы, семиотикалық талдау, когнитивтік поэтика бағыттарын одан әрі жетілдіруге, ұлттық көркем ойды жаңа методологиялық координаттарда түсіндіруге үлес қосады. Диссертацияда ұсынылған ұстанымдар мен талдау үлгілерін жоғары оқу орындарында «Әдебиет теориясы», «Әдеби мәтінді талдау әдістемесі», «Когнитивтік әдебиеттану» пәндеріне, сондай ақ мектептегі қазақ әдебиеті сабақтарында көркем шығармаларды тереңдетіп оқыту үдерісіне енгізуге болады. Осылайша диссертация қазіргі қазақ прозасын семиотикалық когнитивтік тұрғыдан пайымдаудың тұтас үлгісін ұсынады. Зерттеу жұмысының өзектілігі. Зерттеу жұмысының өзектілігі қазіргі гуманитарлық ғылымдардағы пәнаралық үрдістер мен әдебиеттанудағы әдіснамалық жаңалықтар аясында айқындалады. Бүгінгі ғылымда түрлі салалардың тоғысуы нәтижесінде тың бағыттағы зерттеулер пайда болып, әдебиет теориясында да жаңа әдістемелік тұғырлар қалыптасуда. Соның бірі – көркем мәтінді талдауда семиотикалық және когнитивтік тәсілдерді интеграциялау. Дәстүрлі әдебиеттануда шығарма негізінен композиция, сюжет, идея тұрғысынан зерттеліп келгені мәлім. Ал қазіргі антропоцентристік парадигма шеңберінде мәтінді терең мазмұндық деңгейде, яғни танымдық қабат тұрғысынан қарастыру қажеттігі туындап отыр. Әдеби мәтіннің семиотикалық-құрылымдық қырын оның когнитивтік мазмұнымен бірлікте зерттеу – әдеби талдаудың көкжиегін кеңейтетін бағыт. Ұлттық әдебиеттану ғылымында көркем мәтіндегі танымдық қабат мәселесі толыққанды зерделенбеген, әсіресе қазақ әдеби шығармаларындағы таңбалық жүйе мен авторлық дүниетанымның байланысы терең талдауды қажет етеді. Сондықтан диссертация жұмысының нәтижелері жалпы мәтін теориясының ұлттық ғылымдағы базасын толықтыруға және қазақ прозасын жаңаша қырынан түсіндіруге үлес қосады. Зерттеу тақырыбы елдің рухани жаңғыруы мен ұлттық кодты тану міндеттерімен де үндес. Көркем туындыдағы астыртын мағынас мен мәдени концептілерді ашу ұлттық дүниетанымды ғылыми тұрғыда пайымдауға мүмкіндік береді. Бұл зерттеу тақырыбы қазіргі әдебиеттану талаптарына сай келетін және пәнаралық ізденістер арнасын толықтыратын өзекті зерттеу бағыты болып саналады. Зерттеу жұмысының нысаны – қазақ көркем прозасы. Зерттеу жұмысының пәні – көркем мәтін семиотикасы және танымдық әдебиеттану. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты – көркем мәтінді семиотикалық жүйе талдай отырып, мәтіннің терең мағыналық құрылымын түсіндіру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін зерттеу барысында төмендегідей міндеттерді шешу көзделді: семиотика ғылымының теориялық және әдіснамалық негіздерін саралау; әдебиеттанудағы семиотикалық парадигмаларды айқындау; көркем мәтінді семиотикалық тұрғыдан талдаудың үлгісін жасау; қазақ прозасындағы семиосфераны және семиозистік үдерістерді талдау; мифопоэтикалық символдар жүйесінің көркем мәтіндегі семиотикалық қызметін ашу; жаратылыс кодтары мен архетиптерді семиотикалық таңбалар жүйесінде қарастыру; кейіпкерлер жүйесін семиотикалық тұрғыда сипаттау және икондық таңбалау жолдарын анықтау; мекеншақтың семиотикалық-индекстік ұйымдастырылуын зерттеу; көркем нарративтегі таңбалық-символдық жүйе мен ұлттық таным репрезентациясын зерделеу. Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында теориялық талдау, жинақтау, жүйелеу және семиотикалық талдау, құрылымдық талдау, символдық интерпретация әдістері қолданылды. Зерттеу барысында пәнаралық әдістер ұстанымы басшылыққа алынды. Көркем мәтіндердегі мифопоэтикалық элементтерді зерделеу үшін мифологиялық талдау және мәдениеттанымдық салыстыру әдістері де пайдалынылды. Сондай-ақ қажетті тұстарда контекстуалдық талдау, салыстырмалы-типологиялық әдіс сияқты дәстүрлі әдебиеттану тәсілдері де қолданылды. Жалпы, зерттеу әдістемесі зерттеу нысанының күрделілігін ескере отырып, бірнеше әдістің біріккен жүйесін қамтыды. Зерттеу жұмысының ғылыми-теориялық және әдіснамалық негізі. Зерттеудің ғылыми-теориялық негізін тіл білімі мен әдебиеттанудағы семиотика теориясы, мәтін теориясы және танымдық әдебиеттану салалары бойынша іргелі зерттеулер құрайды. Әдеби мәтінді таңбалық жүйе ретінде зерделеу үшін структурализм және семиотикалық поэтика бағытындағы ғалымдардың еңбектері теориялық тұғыр ретінде басшылыққа алынды. Атап айтқанда, әлем әдебиеттануындағы Р. Барт, Ч. Пирс, Ю. Лотман, У. Эко, Ц. Тодоров, А. Греймас, В. Пропп, Ю. Кристева, К. Юнг, Ж. Женетт, М. Бахтин, В. Хализев т.б. сынды зерттеуші-ғалымдардың семиотикаға қатысты, көркем мәтін теориясына қатысты еңбектері зерттеуіміздің әдіснамалық негізіне айналса, қазақ әдебиеттануындағы С. Қирабаев, З. Ахметов, З. Қабдолов, Б. Майтанов, С. Қондыбай, М. Базарбаев, Г. Пірәлиева, Г. Орда, Ж. Аймұхамбет, М. Оразбек, Г. Сәулембек, К. Еңсебаева, Ж. Мұсалы, Ү. Әнесова, Г. Балтабаева т.б. зерттеу еңбектері диссертация жұмысымыздың ғылыми-теориялық және әдістемелік негізін құрады. Зерттеу жұмысының дереккөздері. Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде ХХ-ХХІ ғасырлардағы қазақ көркем прозасы алынды. Атап айтқанда, Ж. Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы», М. Әуезовтің «Көксерек», «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Қараш-Қараш оқиғасы», Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан», Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры», О. Бөкейдің «Қар қызы», Т. Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыр», «Парасат майданы», Д. Рамазанның «Ақсақал мен ақ жылан», Ж. Қорғасбектің «Жансебіл», «Желтоқсан», Н. Дәутайұлының «Айғыркісі», «Обал дүние» т.б. зерттеу материалы ретінде талданды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: қазақ прозасының көркем мәтіндері семиотикалық модель негізінде арнайы зерттеліп, ұлттық семиосфера мен семиозистік процестердің көркем мәтіндегі қызметі анықталды; қазақ прозасындағы мифтік архетиптердің мәтіндегі таңбалық қызметі мен танымдық жүктемесі нақты мысалдар арқылы дәйектелді; кейіпкерлер жүйесі икондық, индекстік және символдық белгілер арқылы моделденіп, олардың семиотикалық актанттық қызметі мен мағына туындатушы рөлі жаңа әдіспен сараланды; мекеншақ ұғымы семиотикалық тұрғыдан зерделеніп, прозадағы кеңістік белгілері индекстік таңба ретінде танылды; көркем нарративтің таңбалық құрылымы мен ұлттық-танымдық репрезентациясы алғаш рет біртұтас семиологиялық құрылым ретінде сипатталды; зерттеу барысында ұлттық әдебиеттің семиотикалық қабаты тек мәтіндік деңгейде емес, мәдениетаралық және танымдық кеңістік ретінде де қарастырылып, қазақ прозасындағы семиосфераның көпқабатты табиғаты ғылыми негізделді. Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының теориялық маңызы – алынған ғылыми нәтижелер мен тұжырымдардың әдебиеттану ғылымындағы мәтін теориясы, семиотикалық талдау бағыттарын толықтыра түсуінде. Көркем мәтінді семиотикалық қырынан талдау нәтижелері әдеби шығарманың мағыналық құрылымын жаңа деңгейде ұғынуға мүмкіндік береді. Аталған жұмыста ұсынылған пайымдаулар мен қорытындылар мәтінтану, интерпретация теориясы, танымдық әдебиеттану салаларында теориялық база ретінде қызмет ете алады. Мысалы, «көркем мәтіннің танымдық қабаты» феноменін анықтау арқылы әдеби мәтін мазмұнын концептуалдық тұрғыдан талдаудың әдіснамасы толығады. Сондай-ақ зерттеу жаңалықтары қазақ әдебиеттануындағы мифопоэтика, көркем символика, концептілік өріс мәселелерін зерттеуге қосымша теориялық негіздеме бола алады. Жалпы алғанда, диссертация нәтижелері әдебиет теориясында пәнаралық көзқарасты нығайтып, көркем шығарманы түсіндірудің жаңа тәсілдерін ұсынады. Зерттеу жұмысының практикалық маңызы да айтарлықтай. Жұмыста қол жеткізілген қағидалар мен тұжырымдарды жоғары оқу орындарында филология мамандығы бойынша оқытылатын арнайы курстар мен жалпы пәндерде оқу материалы ретінде пайдалануға болады. Мәселен, «Әдебиет теориясы», «Мәтінді лингвистикалық және әдеби талдау», «Когнитивтік әдебиеттану» сияқты пәндердің мазмұнын толықтыруға зерттеу нәтижелері септігін тигізеді. Зерттеу барысында әзірленген семиотикалық және когнитивтік талдау үлгілері әдеби шығармаларды оқу барысында студенттердің талдау дағдыларын дамытуға әдістемелік құрал бола алады. Сонымен қатар жұмыс нәтижелері орта мектептің қазақ әдебиеті пәнінде көркем мәтінді тереңдеп оқытуға, оқушылардың шығармадағы астарлы мағыналарды түсіну білігін шыңдауға қолдануға жарамды. Әсіресе мәтіннің танымдық қабатын талдау үлгілері оқушылардың сыни ойлау және мәдени таным көкжиегін кеңейтуге пайдасын тигізеді. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Көркем мәтін – көпқабатты құрылымға ие күрделі таңбалық жүйе, оның ішкі мазмұндық деңгейі танымдық қабат ретінде танылады. 2. Әдеби шығармадағы семиотикалық элементтер – мәтіннің танымдық қабатын қалыптастырудың негізгі құралы. Көркем мәтінде қолданылатын символдар, метафоралар, аллегориялар, мифологиялық бейнелер тәрізді таңбалық элементтер шығарманың терең мағыналық мазмұнын құруға қызмет етеді. 3. Қазақ прозасындағы семиосфера – ұлттық мәдени кодтар, мифопоэтикалық образдар, жаратылыс кодтары, архетиптер, кейіпкерлер мен мекеншақ жүйелері тоғысқан мәтіндік кеңістік. Семиозис үдерістері (таңбаны өндіру, қайта кодтау, декодтау) бұл кеңістікте автор, мәтін және оқырман арасындағы танымдық байланысты қамтамасыз ететін негізгі механизм ретінде көрінеді. 4. Жаратылыс кодтары мен архетиптер – қазақ прозасында табиғат, кеңістік, уақыт, үй, жол, ана, батыр тәрізді тұрақты образдар арқылы көрініс табатын, ұлттық дүниетаным мен ұжымдық бейсананы кодтайтын және көркем мәтіннің терең семиотикалық құрылымын ұйымдастыратын таңбалық жүйе. 5. Мекеншақ – қазақ прозасындағы маңызды семиотикалық категория. Мекеншақ модельдері кейіпкер болмысын, оқиға динамикасын және авторлық концепцияны кодтайтын танымдық-эстетикалық құрал ретінде қызмет етеді. 6. Кейіпкерлер жүйесі мен көркем нарратив – икондық, индекстік және символдық таңбалардың тоғысқан өрісі, онда кейіпкер бейнесі, есімі, мінез-құлқы, сюжеттік желі, баяндаушының позициясы мен мәтінаралық сілтемелер ұлттық таным мен мәдени жадты репрезентациялайтын семиотикалық механизм ретінде жүзеге асады Зерттеу жұмысының апробациясы. Диссертацияның негізгі мазмұны мен нәтижелері ғылыми қауымдастықта талқыланып, қажетті сыннан және жетілдіруден өтті. Scopus деректер базасына енетін журналда жарияланған мақалалар: 1. The System of Mythical Symbols in The Cognitive Layer of a Literary Text // Forum for Linguistic Studies. – 2025. – Vol. 7, Iss. 7. 2. The Home/Homeless Archetype in Modern Kazakh Literature // Forum for Linguistic Studies. – 2025. – Vol. 7, Iss. 6. ҚР ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымда жарық көрген мақала: 1. Мифтік символдардың көркем мәтіннің танымдық қабатын қалыптастырудағы рөлі // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №2(147). – Б. 228-237. 2. Көркем мәтінді семиотикалық талдау: символдық бейнелеу // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. – 2023. – №2. – Б. 221-231. 3. Бөрі архетипінің қазіргі қазақ прозасындағы трансформациясы // Қарағанды университетінің Хабаршысы. Филология сериясы. – 2025. – №3(119). – Б. 184-194. Халықаралық конференцияларда жарияланған мақалалар: 1. Көркем мәтіннің танымдық-концептілік деңгейі // «М. Серғалиев және филология мәселелері» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – 2023. 2. Кейіпкер психологиясының символдық белгіленуі // Құсайынов оқулары: «ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: үрдістер мен перспективалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – 2024. 3. Көркем мәтін семиотикасы: теориялық саралау // «Алаш кезеңі әдебиеті және интегративті фольклортану» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – 2024. Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация құрылымы зерттеу мазмұны мен міндеттеріне сай ұйымдастырылды. Жұмыс кіріспеден, үш негізгі бөлімден, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
