
«8D03105 - Аймақтану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Дмитриева Алёна Сергеевна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Дмитриева Алёна Сергеевна «8D03105 – Аймақтану» білім беру бағдарламасы бойынша «Еуропалық Одақтың ақпараттық қауіпсіздігі қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету факторы ретінде: Қазақстан үшін тәжірибе» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аймақтану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Джусупова Гуль Габдулуалитовна – бейін бойынша доктор, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының орынбасары (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Шерьязданова Камилла Галимовна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кушкумбаев Санат Каирслямович – саясаттану ғылымдарының докторы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың бас ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Пұсырманов Нұрбек Серікұлы – философия докторы (PhD), ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты директоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Юн Сергей Миронович – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Томск Мемлекеттік университеті ректорының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі (Томск қ., Ресей Федерациясы);
Ғылыми кеңесшілері:
Жолдасбекова Акбота Ниязовна – саясаттану ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Аймақтану кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Еремина Наталья Валерьевна – саясаттану ғылымдарының докторы, тарих ғылымдарының кандидаты, Санкт-Петербург Мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар факультетінің еуропалық зерттеулер кафедрасының профессоры (Санкт-Петербург қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2026 жылғы 28 мамыр, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03105 – Аймақтану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clc.li/pwyOI
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сатпаев көшесі, 2, ауд. 302 өтеді.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Еуропалық Одақтың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы саясатын өңірлік интеграциялық кеңістік шеңберінде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің құрылымдық факторы ретінде көпдеңгейлі талдау, сондай-ақ ұлттық киберкеңістіктің ерекшеліктерін, әлеуметтік-саяси динамиканы және цифрлық трансформацияның өңірлік үдерістерін ескере отырып, қазақстандық контексте еуропалық институционалдық және нормативтік модельдерді қолданудың заңдылықтарын, үрдістері мен перспективаларын айқындау. Зерттеу барысында қойылған міндеттер: 1. Ақпараттық қауіпсіздік ұғымына теориялық-әдіснамалық талдау жүргізу; 2. Ақпараттық қауіпсіздіктің саяси тұрақтылықтың детерминанты ретіндегі тұжырымдамалық мәнін ашу; 3. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құрылымдық және құқықтық тетіктерін айқындау; 4. Еуропалық Одақтың ақпараттық қауіпсіздік стратегияларының эволюциясын талдау; 5. ЕО елдеріндегі ақпараттық қауіпсіздіктің институционалдық құрылымын зерделеу; 6. Ақпараттық қауіпсіздік саясатының Еуропалық Одақтағы әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа ықпал ету тиімділігін зерттеу және мүше мемлекеттер тап болатын негізгі сын-қатерлерді анықтау; 7. Еуропалық Одақтың ақпараттық қауіпсіздік жүйесіндегі жасанды интеллект технологияларының рөлін талдау; 8. Қазақстандағы ақпараттық қауіпсіздіктің қазіргі жағдайын қарастыру; 9. Қазақстанда киберқауіпсіздік саласындағы еуропалық тәжірибені енгізудің негізгі мүмкіндіктері мен шектеулерін анықтау; 10. Қазақстанда Еуропалық Одақтың киберқауіпсіздік стандарттарын үйлестіру әлеуетін бағалау. Зерттеу әдістері. Диссертациялық зерттеудің әдіснамалық негізін жалпығылыми және арнайы әдістердің жиынтығы құрайды, олар Еуропалық Одақтың ақпараттық қауіпсіздік саласындағы саясатын қоғамның саяси тұрақтылығын қамтамасыз етудің факторы ретінде кешенді талдауға, сондай-ақ Қазақстан жағдайында еуропалық тәжірибені бейімдеу мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік берді. Зерттеу пәнаралық сипатқа ие және саясаттану, халықаралық қатынастар, аймақтану, әлеуметтану және құқықтық талдау құралдарына сүйенеді. Талдау мен синтез негізінде ақпараттық қауіпсіздік, саяси тұрақтылық және кибертұрақтылық ұғымдарын түсіндірудің тұжырымдамалық тәсілдері зерттелді, сондай-ақ саяси тұрақтылық, ақпараттық қоғам және киберегемендік теориялары ережелерін ескере отырып, бұл категориялардың еуропалық және қазақстандық цифрлық кеңістікті реттеу модельдерін зерттеуде қолданылуы ашылды. Жүйелік тәсілді қолдану арқылы ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік ақпараттық саясат және саяси тұрақтылық арасындағы өзара байланыс қарастырылып, цифрлық қауіпсіздіктің ұлттық және халықаралық қауіпсіздік құрылымындағы орны айқындалды. Сапалық контент-талдау цифрлық қауіпсіздікті реттеудің институционалдық тетіктерін және кибертұрақтылықтың құқықтық қамтамасыз етілу ерекшеліктерін зерттеу үшін қолданылды. Атап айтқанда, Еуропалық Одақтың стратегиялық құжаттары (NIS, NIS2 директивалары, GDPR, Cybersecurity Act, Artificial Intelligence Act), сондай-ақ Қазақстан Республикасының ақпараттандыру, киберқауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілері зерттелді. Салыстырмалы талдау Еуропалық Одақ пен Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік саласындағы тәжірибесін салыстыруға, институционалдық архитектурадағы, құқықтық реттеудегі және киберқауіптерге ден қою тетіктеріндегі айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Статистикалық талдау халықаралық және ұлттық деректер негізінде киберқауіптердің даму көрсеткіштерін, цифрлық қорғалуы деңгейін және тіркелген киберинциденттер динамикасын бағалауға қолданылды. Сауалнама әдісі Google Forms платформасы арқылы Қазақстан азаматтары арасында онлайн форматта жүргізілді. Алынған деректер құпиялылықты сақтай отырып өңделді. Сауалнама келесі міндеттерді шешуге бағытталды: – халықтың ақпараттық қауіпсіздік деңгейін қабылдауын анықтау; – мемлекеттік шараларға деген сенім деңгейін бағалау; – киберқауіптерге қатысты көзқарасты айқындау; – еуропалық стандарттарды енгізуді қолдау деңгейін анықтау; – киберқауіпсіздік жүйесін реформалау перспективаларын бағалау. Эмпирикалық деректерді өңдеу үшін Microsoft Excel құралдары, сипаттамалық статистика әдістері және Пирсон корреляция коэффициенті қолданылды. Алдын ала Лайкерт шкаласы бойынша жауаптарды кодтау ақпараттық қауіпсіздік деңгейін субъективті бағалау мен осы саладағы мемлекеттік шараларға деген сенім арасындағы статистикалық өзара байланысты анықтауға мүмкіндік берді. Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік саласындағы еуропалық тетіктерді енгізудің ықтимал салдарын бағалау үшін нормативтік-құндылықтық болжау әдісіне негізделген сценарийлік талдау қолданылды. Бұл тәсіл институционалдық дайындықты, қоғамдық сенімді және цифрлық қауіптерді қабылдауды ескере отырып, саяси тұрақтылықтың өзара байланысының авторлық моделі PS = f(T, I, D) негізінде Қазақстанның киберқауіпсіздік саясатының дамуының үш баламалы сценарийін модельдеуге мүмкіндік берді. Қорғауға ұсынылатын негізгі мәселелер: 1. Ақпараттық қауіпсіздік техникалық категориядан пәнаралық саяси-құқықтық құбылысқа трансформацияланып, жаһандық ақпараттық тәртіптің өзгеруі жағдайында саяси режимдердің тұрақтылығына және азаматтардың билік институттарына деген сенім деңгейіне тікелей әсер ететіні анықталды; 2. Еуропалық Одақ киберқауіпсіздік саласындағы ең жетілген акторлардың бірі екені дәлелденді, ол кибертәуекелдерді басқарудың нормативтік, институционалдық және технологиялық тетіктерін қамтитын кешенді көпдеңгейлі модель қалыптастырған, бұл өз кезегінде саяси тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді және үшінші елдердің ұлттық ақпараттық қауіпсіздік жүйелері үшін үлгі бола алады; 3. ЕО-қа мүше мемлекеттердің ұлттық киберқауіпсіздік модельдері (Эстония, Германия, Франция мысалында) орталықтандыру деңгейі, әскери құрылымдардың институционалдық қатысуы және азаматтық қатысу тетіктерінің дамуы тұрғысынан біркелкі емес екені талданды, бұл ЕО тарапынан күшті үстемұлттық реттеудің болуына қарамастан, еуропалық модельді елдердің ерекшеліктерін ескермей қолданудың шектеулі әмбебаптығын көрсетеді; 4. Ақпараттық қауіпсіздік параметрлері мен саяси тұрақтылықтың өзара ықпалының авторлық моделі PS = f(T, I, D) әзірленді, оның негізіне технологиялық тұрақтылық, ведомствоаралық үйлестіру және қоғамдық сенім индикаторлары алынды; 5. Генеративті технологиялардың таралуы және алгоритмдік медиакеңістіктің қалыптасуы жағдайында ақпараттық қауіпсіздік когнитивтік өлшемге ие болатыны дәлелденді, мұнда дезинформация, манипуляциялық тәсілдер және жасанды интеллект саяси жүйелерді тұрақсыздандыратын дербес факторларға айналады және мемлекеттік деңгейде тұрақты мониторинг пен жүйелі институционалдық реттеуді талап етеді; 6. Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік моделі тұрақты әрі дамып келе жатқан нормативтік және институционалдық базаға ие екені анықталды, бұл 2024 жылы Жаһандық киберқауіпсіздік индексінде (94,04 балл, Tier 2 деңгейі) көрсеткіштердің өсуінен көрініс тапты. Сонымен қатар, үйлестірудің бытыраңқылығы және цифрлық инфрақұрылымның мемлекеттік емес сегменттерінің жеткіліксіз қорғалуы байқалады, бұл кибертәуекелдерді басқару саласындағы институционалдық келісімсіздік белгілерінің сақталуын көрсетеді; 7. Эмпирикалық талдау негізінде ақпараттық қауіпсіздік деңгейін қабылдау мен мемлекеттік шараларға деген сенім арасында статистикалық маңызды байланыс анықталды (Пирсон корреляция коэффициенті r=0,55; p<0,001), бұл кибертұрақтылықты саяси тұрақтылықтың әлеуметтік индикаторы ретінде қарастырудың маңыздылығын көрсетеді; 8. Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік саласында еуропалық тәжірибені енгізудің негізгі тәуекелдері мен мүмкіндіктері жүйелендірілді, олар құқықтық, технологиялық, мәдени және институционалдық айырмашылықтармен қатар жүреді және ЕО-ның үстемұлттық нормаларының ұлттық контексте шектеулі қолданылуымен, цифрлық орталардың біркелкі қорғалмауымен және киберкеңістікті мемлекеттік басқару шараларын қоғамдық қабылдаудың ерекшеліктерімен сипатталады; 9. Қазақстан жағдайында еуропалық киберқауіпсіздік стандарттарын үйлестірудің аралас моделін енгізудің орындылығы негізделді (респонденттердің 61,1%-ы қолдайды), бұл ұлттық және ақпараттық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін негізгі элементтерді кезең-кезеңімен интеграциялау арқылы жүзеге асырылады. Зерттеудің негізгі нәтижелері мен жаңалығының сипаттамасы: 1. Отандық аймақтану ғылымында алғаш рет Еуропалық Одақтың ақпараттық қауіпсіздік саясаты техникалық қорғаныс жүйесі ретінде ғана емес, өңірлік интеграциялық кеңістік шеңберінде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудің құрылымдық факторы ретінде кешенді көпдеңгейлі талдаудан өткізілді. 2. «Ақпараттық қауіпсіздік» ұғымына авторлық анықтама берілді, ол мемлекеттік басқарудың тұрақтылығы мен қоғамдық сенімге әсер етуі мүмкін деструктивті ақпараттық ықпалдан саяси, институционалдық және қоғамдық процестердің қорғалу деңгейін көрсететін жүйелік категория ретінде қарастырылады. 3. Киберқауіпсіздік, мемлекеттік ақпараттық саясат және қоғамның саяси тұрақтылығы арасындағы құрылымдық өзара байланыс теориялық тұрғыдан негізделіп, айқындалды. Осы контексте ақпараттық қауіпсіздік пен саяси тұрақтылықтың өзара ықпалының PS = f(T, I, D) авторлық тұжырымдамалық моделі әзірленді, онда саяси тұрақтылық технологиялық тұрақтылық, институционалдық үйлестіру және қоғамдық сенімнің өзара әрекеттесуі арқылы анықталады. 4. Еуропалық Одақтың цифрлық қауіпсіздік саласындағы негізгі стратегиялық және нормативтік құжаттарына (NIS және NIS2 директивалары, GDPR, Cybersecurity Act, Artificial Intelligence Act) салыстырмалы контент-талдау жүргізілді, бұл Қазақстан жағдайында бейімдеу әлеуетіне ие кибертұрақтылықты қалыптастырудың институционалдық және құқықтық тетіктерін айқындауға мүмкіндік берді. 5. Ақпараттық кеңістіктің қорғалу деңгейін субъективті бағалау мен мемлекеттік институттарға деген сенім арасындағы статистикалық мәнді байланыс (r = 0,55) эмпирикалық түрде расталды, бұл кибертұрақтылықты саяси тұрақтылықтың әлеуметтік индикаторы ретінде қарастыруға және Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік жүйесіндегі сақталып отырған институционалдық фрагментацияны анықтауға мүмкіндік берді. 6. Генеративті жасанды интеллекттің дамуы ақпараттық қауіпсіздіктің мазмұнын кеңейтіп, оны техникалық қорғаныс саласынан қоғамның когнитивтік тұрақтылығы деңгейіне ауыстыратыны анықталды, мұнда дезинформация, алгоритмдік ықпал және цифрлық манипуляциялық практикалар саяси тұрақсызданудың дербес факторларына айналады. 7. Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік саласында еуропалық тәжірибені бейімдеудің аралас моделін қолданудың орындылығы негізделді. Бұл модель ұлттық киберегемендікті сақтай отырып, ЕО-тің жекелеген нормативтік және институционалдық тетіктерін кезең-кезеңімен енгізуді көздейді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына киберқауіпсіздік саласындағы институционалдық архитектураны жетілдіру, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту және «Қазақстанның киберқалқаны» жүйесін одан әрі дамыту аясында тәсілдерді жаңарту бойынша практикалық ұсынымдар әзірленді. Алынған нәтижелердің маңыздылығын негіздеу. Алынған нәтижелер ҚР ҰҚК, ҚР ЖИЦДМ, ҚР МАМ, сондай-ақ басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан ұлттық ақпараттық кеңістікті қорғау тетіктерін жетілдіру және заманауи цифрлық қауіптерге төзімділікті күшейту барысында пайдаланылуы мүмкін. Автордың ұсынымдары «Қазақстанның киберқалқаны» тұжырымдамасын одан әрі жетілдіруде, киберқауіпсіздік саласындағы жаңа нормативтік тәсілдерді әзірлеуде және цифрлық қауіпсіздік бағытында ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуде, еуропалық тәжірибенің жекелеген элементтерін ескере отырып, қолдануға жарамды. Диссертацияда әзірленген ұсыныстар, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік компоненттері мен саяси тұрақтылықтың өзара байланысының авторлық моделі, гибридтік қауіптерге, дезинформацияға және цифрлық манипуляцияларға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша талдамалық баяндамалар, даму сценарийлері және болжамдық материалдар дайындауға негіз бола алады. Зерттеудің практикалық қорытындылары дербес деректерді қорғау саласындағы ұлттық тәсілдерді жетілдіруде және критикалық инфрақұрылымның кибертұрақтылығын арттыруда да қолданылуы мүмкін. Диссертация материалдары аймақтану, халықаралық қатынастар, ақпараттық қауіпсіздік және мемлекеттік басқару пәндерін оқыту барысында оқу процесінде пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері цифрлық қауіпсіздік саласында талдамалық және сараптамалық кадрларды даярлау үшін практикалық қызығушылық тудырады. Ғылыми даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестік. Диссертациялық зерттеу Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия бекіткен ғылымды дамытудың басым бағыты – «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар саласындағы зерттеулер» бағытына сәйкес келеді, себебі ол цифрлық ортаның және ақпараттық қауіпсіздіктің қазіргі қоғамның саяси тұрақтылығына ықпал ету мәселелерін қамтиды. Зерттеудің негізгі нәтижелері 2023 - 2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасының, «Қазақстанның киберқалқаны» киберқауіпсіздік тұжырымдамасының және Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасының ережелерімен өзара үйлеседі. Диссертацияның жекелеген қорытындылары «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының міндеттеріне сәйкес келеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» заңында бекітілген жасанды интеллектті реттеудің заманауи тәсілдерімен үндеседі. Атап айтқанда, олар технологияларды этикалық қолдануды қамтамасыз ету, алгоритмдердің ашықтығын арттыру және қоғамды манипуляциялық ақпараттық ықпалдан, оның ішінде дипфейк-контенттің таралуынан қорғау мәселелерін қамтиды. Әрбір басылымды дайындауға ізденушінің қосқан үлесінің сипаттамасы. Зерттеудің негізгі нәтижелері мен қорытындылары 7 жарияланымда көрініс тапқан: − Scopus деректер базасында индекстелетін халықаралық ғылыми басылымдарда 2 жарияланым, оның ішінде: халықаралық рецензияланатын ғылыми журналда 1 мақала және Springer Nature халықаралық баспасының ұжымдық ғылыми монографиясында 1 тарау; − Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін ұсынған журналдардағы 3 мақала; − Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар материалдарындағы 2 мақала. Сонымен қатар, авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне ақпаратты енгізу туралы 1 куәлік (авторлық куәлік) алынған. Диссертацияның жалпы көлемі 181 бетті құрайды. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, практикалық ұсынымдардан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және 4 қосымшадан тұрады. Оған 21 сурет пен 10 кесте кіреді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
