
«8D05305 - Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Баграмова Асель Айдосовна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Баграмова Асель Айдосовна «8D05305 – Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша «Ақмола облысының ауасындағы 210Pb концентрациясын бағалау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ядролық физика, жаңа материалдар мен технологиялар кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Жолдыбаев Тимур Кадыржанович – физика-математика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ядролық физика бөлімінің басшысы, РМК ШЖҚ «Ядролық физика институты» Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Кайрамбаев Самат Капашевич – биология ғылымдарының кандидаты, Қоршаған ортаны қорғау, радиациялық және ядролық қауіпсіздік бөлімінің бас сарапшысы, Өндірістік қауіпсіздік департаменті, “Казатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Толмачев Сергей Юрьевич– философия докторы (PhD), профессор және директор, United States Transuranium and Uranium Registries (АҚШ-тың трансуран және уран реестрлері), Фармация және фармацевтикалық ғылымдар колледжі, Вашингтон мемлекеттік университеті (Ричленд қ., Вашингтон штаты, АҚШ);
Горлачев Игорь Дмитриевич – физика-математика ғылымдарының кандидаты, аналитикалық топтың басшысы, РМК ШЖҚ «Ядролық физика институты» Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігі (Алматы қ., Қазақстан Республикасы)№
Tibor Kovacs – философия докторы (PhD), биофизика институтының аға ғылыми қызметкері, Земмельвейс университеті (Будапешт қ., Венгрия).
Ғылыми кеңесшілері:
Жумадилов Касым Шаймарданович – философия докторы (PhD), профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар» кафедрасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Sakaguchi Aya – философия докторы (PhD), Цукуба университетінің іргелі және қолданбалы ғылымдар институтының профессоры (Цукуба, Ибараки префектурасы, Жапония).
Қорғау 2026 жылғы 26 мамыр, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05305 – Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша «8D053 – Физикалық және химиялық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://clck.ru/3TBfsv
Мекен-жайы: Астана қаласы, Қажымұқан көшесі, 13, 310 аудитория
Аңдатпа (қаз.): Баграмова Асель Айдосовнаның 8D05305 – «Ядролық физика» мамандығы бойынша философия докторы дәрежесін алуға ұсынылған «Ақмола облысының ауасындағы 210Pb концентрациясын бағалау» атты диссертациялық жұмысына АҢДАТПА Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан әлемдегі табиғи уран қорының 15% -на ие бола отырып, дүниежүзілікі ең ірі өндіруші позициясын алады. Елдің уран ресурстарының едәуір бөлігі Солтүстік Қазақстан уран провинциясында шоғырланған. Өңірде уран өндіру мен қайта өңдеудің ұзақ тарихы қоршаған ортаның радиоактивті ластану қаупін тудырды. Радиациялық қауіп төндіретін негізгі объект Степногорск гидрометаллургиялық химия комбинатының (СГХК) уран өңдеу қалдықтарын сақтау қоймасы болып табылады. Мүһұндай нысандар үшін негізгі қауіп факторлары - қалдық қоймалар бетінің ылғалдылығының жеткіліксіздігінен топырақтың құрамында радионуклидтер бар шаңмен ластануы; радон мен оның ыдырау өнімдерінің атмосфераға эмиссиясы; сондай-ақ жер үсті және жер асты суларының ластануы болып табылады. Бұған дейін СГХК қалдық қоймасынан 3-5 км қашықтықта орналасқан Ақсу, Заводская және Кварцитка ауылды мекендеріне жүргізілген зерттеулер сыртқы гамма-сәулелену деңгейі, топырақ үлгілеріндегі уранның шоғырлануы және үй-жайлардың ішіндегі де, сыртындағы да радон деңгейі әлемдік стандарттардан асып түсетінін көрсетті. Осы қалдық қоймасынан шамамен 20 км қашықтықта орналасқан Степногорск қаласы - уран өнеркәсібі объектілерінің ықтимал әсер ету аймағындағы неғұрлым тығыз қоныстанған аумақ болып табылады. Алайда, жақын аймаққа қарағанда мүндай қашықтықтағы қоршаған ортаға және халыққа әсер ету механизмдері мен ауқымы жеткілікті зерттелмеген. Бұл iрi елдi мекеннiң атмосфералық ауасының радиоактивтiлiк деңгейлерiн қалыптастыруға басқа антропогендiк және табиғи көздермен салыстырғанда уран өнеркәсiбiнiң қашықтықтан әсер ету үлесiн сандық бағалау қажеттiлiгiне негiзделедi. Бұл зерттеуде атмосфералық тасымал және әсерді бағалау үшін негізгі индикатор ретінде қорғасын-210 (210Pb) табиғи радионуклиді таңдалды. Ол 238U ыдырау өнімі болып табылады және атмосферада радон-222 (222Rn) еншілес нуклиді ретінде қалыптасады. 222Rn инертті газ болғандықтан топырақтан бөлініп, содан кейін атмосферада таралуы мүмкін. Көмірді жағу сияқты антропогендік жүктеме жағдайында техногендік 210Pb көздерінің атмосфераға қосымша үлесі болуы мүмкін. 222Rn ыдырау өнімдерінің ұшқыштығының төмендігін ескере отырып (яғни 218Po, 218At, 214Bi және 214Pb), атмосферадағы 210Pb негізінен аэрозольді фазамен байланысты. Өзінің салыстырмалы ұзақ жартылай ыдырау кезеңіне байланысты 210Pb тұндыру жолымен жойылғанға дейін аэрозольді бөлшектермен байланысты болып қалады. Нақты айқындалған көзбен бірге бұл қасиеттер 210Pb-ды атмосфералық зерттеулер үшін тиімді индикатор етеді. Сонымен қатар, 210Pb денсаулыққа әсер ететін радиологиялық жағдайды бағалау үшін маңызды, өйткені жұтылатын аэрозольдар тыныс алу жолдарынан өтіп, ақыр соңында скелетте жинақталуы мүмкін, онда оның жартылай ыдырау кезеңі (22,3 жыл) ұзақ ішкі сәулелену қаупін тудырады. Осылайша, осы жұмыстың өзектілігі - Степногорск қаласының атмосфералық аэрозольдеріндегі 210Pb, атап айтқанда оның концентрацияларын, өлшемдік бөлінуін, маусымдық дианмикасын мен түзілу факторларын зерттеу қажеттілігімен айқындалады. Алынған деректер өзара байланысты екi мәселені шешуге мүмкiндiк бередi: уран қызметiнiң әсер ету аймағындағы халық үшiн радиациялық қауiптi бағалау және өнеркәсiп аймағындағы жер бетiндегi ауаның радиоактивтiлiгiн айқындайтын негiзгi көздер мен процестердi анықтау. Диссертациялық жұмыстың мақсаты Солтүстік Қазақстан уран провинциясы аумағында орналасқан Степногорск қаласы жер үсті ауа қабатының атмосфералық аэрозольдеріндегі қорғасын-210 (210Pb) раидоизотопының белсенділік концентрациясын зерттеу, оның концентрациясының маусымдық өзгергіштігін бақылау, атмосфералық 210Pb деңгейінің қалыптасуына әртүрлі факторлардың әсерін анықтау және ингаляция кезінде адам ағзасына әсерін бағалау болып табылады. Зерттеудің негізгі міндеттері. Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыста мынадай міндеттер шешілді: - Әдістемені зерделеп, 6 сатылы импакторлар каскадымен жабдықталған үлкен көлемді ауа сынамасын іріктегішті пайдалана отырып, Степногорск қаласы жер бетіндегі ауасының қабатында аэрозоль бөлшектерінің сынамаларын алу; - Гамма-спектрометрияны қолдана отырып, атмосфералық аэрозольдердің өлшемдік фракцияланған үлгілеріндегі 210Pb белсенділігін анықтау; - 210Pb белсенділігін есептеу кезінде тіркеу тиімділігін анықтау үшін PHITS бағдарламасын пайдалана отырып, аса таза германий детекторының тіркеу тиімділігін модельдеу; - 210Pb атмосфералық белсенділік концентрациясы мен маусымдық өзгермелілігін талдау мақсатында метеорологиялық параметрлер арасындағы өзара байланыстарды зерттеу; - Степногорск қаласының атмосферасына 210Pb түсуінің ықтимал көздерін қарау үшін 210Pb мөлшерінің таралуын және оның атмосфералық аэрозольдердегі иондық құрамымен байланысын талдау; - 210Pb атмосфералық аэрозольдермен ингаляциялануы салдарынан халыққа түсетін дозалық жүктемені бағалау және адам ағзасына ықтимал радиациялық әсерді талдау. Зерттеу объектісі - Ақмола облысындағы Степногорск қаласы, СГХК қалдық қоймасына жақын, халық саны тығыз орналасқан объект. Зерттеу пәні - ауадағы 210Pb белсенділігінің концентрациясы. Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмысты орындау барысында импакторлардың 6 сатылы каскадымен жабдықталған үлкен көлемді ауа сынамасын іріктегішті қолдана отырып, аэродинамикалық диаметр бойынша атмосфералық аэрозольдерді іріктеу және фракциялау әдістері пайдаланылды. Үлгілердегі 210Pb белсенділігі HPGe-детекторын пайдаланып гамма-спектрометрия арқылы анықталды. Гамма-кванттарды тіркеу тиімділігін есептеу үшін PHITS бағдарламасында детектордың геометриясын модельдеу қолданылды. Аэрозольдардың иондық құрамы иондық хроматография әдісімен талданды. 210Pb ингаляциясынан халықтың ішкі сәулеленуінің дозалық жүктемесін бағалау Радиациялық Қорғау жөніндегі Халықаралық Комитет ұсынымдарына сәйкес жүргізілді. Қорғауға шығарылатын негізгі қағидаттар: - Қазақстанда алғаш рет атмосфералық аэрозольдердегі 210Pb белсенділігін анықтау кезінде HPGe-детекторды тіркеу тиімділігін симуляциялау үшін PHITS бағдарламасы пайдаланылды. Нәтижесінде детектордың нақтыланған геометриялық параметрлері алынды, бұл әртүрлі аэродинамикалық өлшемдегі аэрозоль бөлшектерін ұстайтын сүзгілердегі 210Pb гамма сәулелерін тіркеу тиімділігін есептеуге мүмкіндік берді. - Степногорск қаласының жер үсті ауасындағы 210Pb концентрациялары 12 түрлі бақылау айларында (қыс мезгілінсіз) анықталды. 210Pb белсенділігінің концентрация 0,46-2,60 мБк/м3 (орташа мәні 0,86 мБк/м3) диапазонында өзгеретіні анықталды, және бұл Бейжің және Сеул сияқты мегаполистерде бұрын тіркелген деңгейлермен салыстырмалы болды. Бес жас топтары үшін (жылына 0,9-2,5 мкЗв) халықтың ішкі сәулеленуінің тиімді дозасы бағаланды, бұл ретте ересектермен салыстырғанда 7-12 жастағы балалар неғұрлым жоғары дозаларды алатыны көрсетілді. - Атмосфералық аэрозольдердегі 210Pb маусымдық өзгергіштігі мен мөлшерінің таралуындағы заңдылықтар анықталды, бұл радионуклидтің ұсақ дисперсті фракцияда басым түрде байытылғанын және жылдың суық айларында 210Pb деңгейінің жоғарылағанын көрсетті. Аэрозоль бөлшектерінің химиялық құрамын талдау барысында 210Pb пен негізгі аниондар арасында күшті корреляциялар анықталып, соның негізінде зерттелетін аймақта атмосфералық 210Pb концентрацияларының қалыптасуына антропогендік көздердің елеулі үлес қосатыны туралы қорытынды жасалды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы - Солтүстік Қазақстан уран провинциясында орналасқан Степногорск қаласы үшін алғаш рет атмосфералық 210Pb біріктірілген өлшеу жүргізілгендігінде. Қазақстанда алғаш рет PHITS бағдарламасы жартылай өткізгіш гамма детекторының жұмыс істеуін модельдеу және 210Pb өлшеулері үшін тіркеу тиімділігін есептеу үшін пайдаланылды. Степногорск қаласы үшін алғаш рет атмосферадағы 210Pb концентрациялары анықталып, халықтың ішкі сәулелену дозаларының жас ерекшелігіне тәуелді бағалануы жүргізілді. Есептелген ингаляциялық доза 210Pb бар аэрозоль бөлшектерін тыныс алу кезінде орта жастағы балалар тобының салыстырмалы түрде жоғары осалдығын көрсетуі мүмкін екендігін көрсетті. Степногорск қаласының атмосфералық аэрозольдеріндегі 210Pb радионуклидінің маусымдық өзгергіштігі мен өлшемдік таралу заңдылықтары алғаш рет анықталды. Нәтижелер радионуклидтің негізінен ұсақ дисперсті фракциямен ассоциациясын және суық кезеңде оның концентрациясының артатынын көрсетті. Көп айнымалы деректерді талдау арқылы елеулі антропогендік үлесті анықтады. Бұл ретте алғаш рет Степногорск ЖЭС-да атмосфералық 210Pb деңгейін қалыптастыруда көмірді жағудың маңызды рөлі негізделген. Алынған нәтижелердің теориялық және практикалық маңыздылығы. Жүргізілген зерттеудің теориялық маңыздылығы атмосфералық радиоэкологияның және радиациялық мониторинг әдіснамасының негізгі қағидаларын әзірлеуде жатыр. Бұл жұмыс уран өндіру және өнеркәсіптік аймақтардағы жер деңгейіндегі ауада ұзақ өмір сүретін радон ұрпақтарының пайда болуы мен таралуын түсінуге ықпал етеді. 210Pb белсенділігі мен антропогендік шығарындылардың химиялық маркерлері арасындағы белгіленген өзара байланыстар атмосфералық 210Pb табиғи және антропогендік көздері туралы түсініктерді дамытуға үлес қосады. Жұмыс нәтижелерінің практикалық маңыздылығы олардың радиациялық қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау міндеттерін шешу үшін тікелей қолданылуымен айқындалады. Концентрациялар, бөлшектердің мөлшері және есептелген дозалық жүктемелер туралы алынған сандық деректер Степногорск қаласы тұрғындарының денсаулығы үшін радиациялық жағдай мен қауіп-қатерді бағалау кезінде санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық қадағалау органдары үшін дайын ақпараттық негіз болып табылады. Степногорск ЖЭС-да көмір жағудың атмосфералық 210Pb түзілуіндегі маңызды рөлі туралы негізгі тұжырым өнеркәсіптік қоршаған ортаны бақылау және мониторинг бағдарламаларына басымдық берген кезде энергия көздеріне назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл тұжырымдар шығарындыларды азайту және газды тазарту жүйелерін жақсарту шараларын негіздеу кезінде жобалау және экологиялық ұйымдар үшін де маңызды. Әзiрленген әдiстемелiк тәсiл Қазақстанның басқа өнеркәсiптiк өңiрлерiнде ұқсас зерттеулер жүргiзу үшiн қолданылуы мүмкiн. Сондай-ақ диссертациялық жұмыстың нәтижелерi ғылым үшiн, әсiресе радиациялық экология және ядролық физика саласындағы мамандарды даярлау кезiндегi оқу процесiнде де құнды. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасы Жоғары білім министрлігінің 2024 жылғы 9 қыркүйектегі №189/ГФ24-26 «Ақмола және Абай облыстарының атмосфералық жауын-шашындары мен аэрозольдеріндегі элементтік және радиоизотоптық құрамды зерттеу» және 2023 жылғы 3 тамыздағы №269/23-25 «ЭПР, TL/OSL құбылыстарын және ядролық бақылау детекторларын қолдана отырып, радиациялық қауіпті нысандардың жанындағы елді мекендердің радон қаупін бағалау» ғылыми гранттар аясында жүргізілді. Жұмысты байқаудан өткізу. Осы жұмыстың негізгі нәтижелері төменде көрсетілген халықаралық және республикалық конференцияларда баяндалды және талқыланды: - «Медико-биологические и экологические проблемы в уранодобывающих регионах» халықаралық қатысумен IX Республикалық ғылыми-практикалық конференция (Астана, 8-9 қыркүйек, 2022); - «Ғылым және Білім-2024» XIX халықаралық ғылыми конференциясы (Астана, 12 сәуір, 2024); - VI International Turkic World Congress on Science and Engineering (Баку, Әзірбайжан, 19-21 желтоқсан, 2024); - Жапон радиохимия қоғамының 68-ші симпозиумы (Шизуока, Жапония, 23-25 қыркүйек, 2024); - Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 25 жылдығына арналған «Ғылым және Білім-2025» халықаралық ғылыми конференциясы (Астана, 11 сәуір, 2025); - 7th Asia-Pacific Symposium on Radiochemistry APSORC 2025 (Мацуе (Шимане префектурасы), Жапония, 14-19 қыркүйек, 2025). Жарияланымдар және диссертанттың жеке үлесі. Диссертациялық жұмыстың нәтижелері 10 ғылыми жұмыста, оның ішінде SCOPUS және Web of Science халықаралық дерекқорларында индекстелетін, нөлдік емес импакт-факторы бар рецензияланатын журналдарда 2 мақалада жарияланды (Atmosferpheric Environment - Q1; Journal of Radioanalytical and Nuclear Chemistry -Q2). Екі мақала ҚР БҒСБК ұсынған ғылыми журналдарда жарияланды. Бір жарияланым DOI цифрлық сәйкестендіргіші берілген ғылыми жұмыстардың халықаралық дерекқорында жарияланған. Соынмен қатар, зерттеу нәтижелері халықаралық ғылыми конференциялардағы баяндамалардың 5 тезисінде ұсынылған. Автор диссертациялық жұмыста ұсынылған зерттеудің барлық кезеңдерін дербес орындады. Автордың жеке үлесіне сүзгілерді дайындауды және атмосфералық аэрозоль бөлшектерінің сынамаларын іріктеуді жүргізу; гамма спектрометрия және иондық хроматография әдісімен барлық эксперименттік өлшеулерді орындау; PHITS бағдарламасын пайдалана отырып, HPGe-детектордың тіркеу тиімділігін модельдеу; сондай-ақ 210Pb белсенділігінің концентрациясын, ауадағы иондардың массалық концентрациясын және халыққа арналған дозалық жүктемелерді есептеу кіреді. Нәтижелерді енгізу кезеңінде автор диссертацияға кіретін барлық ғылыми мақалаларды, сондай-ақ нәтижелер ұсынылған және талқыланған конференциялардағы баяндамаларға арналған материалдарды дербес дайындап, жазды. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс титулдық бетті, мазмұнды, анықтамалар, белгілер мен қысқартулар тізімін, кіріспені, 4 тарауды, қорытындыны, пайдаланылған көздер мен қосымшалардың тізімін қамтиды. 3 және 4-тараулардың соңында қысқаша қорытындылар келтірілген. Жұмыс көлемі 81 бетті құрайды, онда 31 сурет, 11 кесте және 156 атауды қамтитын әдебиеттер тізімі бар. Кіріспеде диссертациялық зерттеудің өзектілігі негізделеді, зерттеудің мақсаты мен негізгі міндеттері тұжырымдалған, ғылыми жаңалығы, алынған зерттеу нәтижелерінің теориялық және практикалық маңыздылығы көрсетіледі, қорғауға шығарылатын негізгі қағидаттар ұсынылады. Бірінші тарауда атмосфераның және аэрозольді бөлшектердің радиоактивтілігіне арналған әдеби шолу ұсынылған, радиоактивті аэрозольдердің қалыптасу ерекшеліктері және атмосферадағы 210Pb табиғи радионуклидінің шығу тегі талқыланады. Атмосфералық 210Pb таралуының жаһандық және өңірлік ерекшеліктері талданады, сондай-ақ оның зерттеу маңыздылығы негізделеді. Солтүстік Қазақстан уран рудасы провинциясының сипаттамасына, «СГХК» ЖШС қызметіне және оның қоршаған ортаға әлеуетті әсеріне ерекше назар аударылады. Бөлшектердің аэродинамикалық өлшемдерін ескере отырып, радиоактивті аэрозольдардың ингаляциялық түсуі кезінде ішкі сәулелену дозаларын бағалау тәсілдері қарастырылады. Екінші тарауда зерттеу материалдары мен әдістері сипатталған. Сынама алу орны, оның ішінде географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары және қоршаған ортаның ерекшеліктері сипатталған. Импакторлар каскадымен жабдықталған үлкен көлемді ауа сынамасын іріктегішті пайдалана отырып, атмосфералық аэрозольдерді іріктеу әдістемесі егжей-тегжейлі баяндалған. Гамма-спектрометриялық талдау әдістері, PHITS бағдарламасын қолдана отырып, тіркеу тиімділігін эксперименттік анықтау және модельдеу, сондай-ақ белсенділік пен ауадағы 210Pb концентрациясын есептеу әдістемесі ұсынылған. Концентрацияны түзету рәсімдері, ионды хроматографияны өлшеу әдістері және халықтың ішкі сәулелену дозасын бағалау тәсілдері сипатталған. Үшінші тарауда Степногорск қаласының атмосфералық ауасындағы 210Pb белсенділігінің концентрациясын бағалау нәтижелері келтірілген. PHITS бағдарламасын пайдалана отырып, HPGe-детекторының жұмысының модельдеу нәтижелері талданды және аэрозоль сүзгілері үшін 210Pb гамма-сәулелерін тіркеудің тиімділігі анықталды. Тараудың қорытындысы бойынша негізгі қорытындылар жасалды. Төртінші тарауда халықтың сәулелену дозаларын бағалау орындалды және Степногорск қаласында атмосфералық 210Pb қалыптасуының ықтимал көздері қаралды. 210Pb атмосфералық концентрация деңгейлері талданып, аэрозоль бөлшектерін дем алған кезде ішкі сәулеленудің ингаляциялық дозалары есептелді. 210Pb концентрацияларының маусымдық динамикасы, оның аэрозольдардың өлшемдік фракциялары бойынша таралуы және «қолдау көрсетілетін» және «артық» 210Pb арақатынасы зерттелді. 210Pb көздерін сәйкестендіру мақсатында атмосфералық аэрозольдардың мөлшері бойынша фракцияланған иондық құрамына талдау жүргізілді, сондай-ақ атмосфералық 210Pb деңгейлерін қалыптастыруда көмірді жағудың үлесіне баға берілді. Тараудың соңында негізгі қорытындылар келтірілген. Қорытындыда диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері қорытыланады және жұмыстың ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығын көрсететін қорытындылар тұжырымдалған. Алғыс білдіру. Автор өзінің ғылыми жетекшісі Касым Шаймарданович Жумадиловқа диссертациялық жұмысты орындау кезеңдеріндегі ғылыми басшылығы, құнды кеңестері, пайдалы ұсыныстары, сондай-ақ автордың кәсіби және ғылыми дамуына ықпал еткен ғылыми жобалар мен халықаралық конференцияларға қатысу мүмкіндігі үшін шынайы алғысын білдіреді. Автор Sakaguchi Aya - өзінің шетелдік ғылыми жетекшісіне білімі мен ғылыми тәжірибесімен бөліскені, зертханалық жабдықтар мен эксперименттік қондырғыларға толық қол жетуді қамтамасыз еткені, сондай-ақ Жапонияда ғылыми зерттеулер жүргізу кезеңінде көрсетілген материалдық және жан-жақты көмегі, соның ішінде ментальдық қолдау көрсеткені үшін ерекше алғыс білдіреді. Автор сонымен қатар ғылыми мақалаларды дайындауға, ғылыми жұмыстардың сапасын жақсартуға ықпал еткен құнды ескертулер, ұсынымдар мен түзетулер енгізуге көмектескені үшін бірлескен авторлар - Sakata Kohei, Endo Satoru, Kajimoto Tsuyoshi, Takahashi Junko және Hoshi Masaharu-ға шынайы ризашылығын білдіреді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
