
«8D07113 - Көлік, көлік техникасы және технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мамбетов Дулат Муратович диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мамбетов Дулат Муратович «8D07113 – Көлік, көлік техникасы және технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша Арнайы техниканың пайдалану сенімділігін жұмыс жабдығын жылдам ауыстыру арқылы арттыру тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Көлік инженериясы кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Жунусбекова Жанар Жумашевна – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ, “Көлік техникасы және логистикалық жүйелер” кафедрасының қауымдастырылған профессоры (доцент), философия докторы (PhD), (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Сембаев Нұрболат Сәкенұлы - «Торайғыров университеті» КЕАҚ «Көлік техникасы және логистика» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, т.ғ.к., Павлодар қ., Қазақстан.
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Жаркенов Нурсултан Балгаевич – «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ, «Көлік техникасы және логистикалық жүйелер» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор(доцент), философия докторы (PhD), Қарағанды қ., Қазақстан
Данияров Нұрлан Асылханович - "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС таланттарды басқару және кадрлық әкімшілендіру Департаментінің персоналды дамыту және оқыту бөлімінің бас маманы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қарағанды қ, Қазақстан
Раджибаев Давран Октамбаевич –Ташкент мемлекеттік көлік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы (DSc), Ташкент қ., Өзбекстан.
Ғылыми кеңесшілері:
Джундибаев Валерий Ермекбаевич –Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ғарыштық техника және технологиялар» кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы, Астана қ., Қазақстан.
Сахапов Рустэм Лукманович- Казань федералдық университетінін профессоры, техника ғылымдарының докторы. Казань, Татарстан.
Қорғау 2026 жылғы 5 маусым, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D07113 – Көлік, көлік техникасы және технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша «8D071 – Инженерия және инженерлік іс» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы офлайн және онлайн форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/43753260342967?p=ZK8lKFWsrwx7s1W81Y
Мекен-жайы: Астана қ., Қ.Сатпаев көшесі 2, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.):8D071300 - «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшіін Дулат Мұратұлы Мамбетовтің «Арнайы техниканың пайдалану сенімділігін жұмыс жабдығын жылдам ауыстыру арқылы арттыру» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына АҢДАТПА Зерттеу тақырыбының өзектілігі қазіргі қалалық инфрақұрылымның даму жағдайында коммуналдық және бақ-саябақ шаруашылығында кең ауқымды жұмыстарды орындауға арналған арнайы техниканы тиімді пайдалануға деген қажеттіліктің артуымен негізделеді. Мұндай техниканы заманауи мегаполис жағдайында пайдалану нысандардың аумақтық шашыраңқылығы, орындалатын жұмыс түрлерінің жоғары өзгергіштігі, өндірістік үдерістердің маусымдылығы, бір технологиялық операциядан екіншісіне жиі ауысу қажеттілігі және машиналарды қайта баптауға бөлінетін уақыттың шектеулілігімен сипатталады. Жұмыс уақыты шығындарының едәуір бөлігі жұмыс жабдықтарын ауыстыру, машинаны қайта құрастыру және ұйымдастырушылық кідірістер үдерісінде арнайы техниканың бос тұрып қалуымен байланысты болады. Аталған факторлар арнайы техниканың дайындық коэффициенті, іс жүзіндегі өнімділігі және жалпы пайдалану сенімділігіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты жұмыс жабдықтарын ауыстыру, уақытын қысқарту, машиналардың әртүрлі жұмыс түрлеріне бейімделгіштігін арттыру және технологиялық үдерістердің басқарылуын жетілдіруді қамтамасыз ететін ғылыми негізделген техникалық және ұйымдастырушылық шешімдерді әзірлеу қажеттілігі туындайды. Жұмыс көлік техникасы, қалалық инженерлік инфрақұрылым және коммуналдық шаруашылық салаларындағы ғылым мен техниканың қазіргі даму бағыттарына сәйкес келеді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту басымдықтарымен үйлеседі. Зерттеу идеясы бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының арнайы техникасының пайдалану, сенімділігін арттыру үшін машинаны модульдік құрылымдау қағидатын іске асыру, жұмыс жабдықтарының жедел ауыстырылуын қамтамасыз ететін модульаралық базалау және бекіту құрылғысын қолдану, сондай-ақ технологиялық үдерістерді диспетчерлеу деңгейін арттыру арқылы қол жеткізуге болатындығына негізделеді. Зерттеудің жұмыс гипотезасы әртүрлі жұмыс түрлерін орындау кезінде машинаны қайта құрастыру уақытын қысқарту, техниканың дайындық коэффициентін арттыру, іс жүзіндегі өнімділікті ұлғайтуға және талап етілетін істен шықпау деңгейін сақтай отырып, жоспардан тыс бос тұрып қалу ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік беретін арнайы техниканың жедел ауыстырылатын жұмыс жабдықтары бар модульдік құрылымын қолдану мүмкіндігі туралы болжамға негізделеді. Диссертациялық зерттеудің мақсаты орындалатын жұмыс түрлерінің инварианттылығына байланысты модульаралық базалау және бекіту құрылғысын қолдану арқылы арнайы техниканың құрылымдық модульділігін қамтамасыз ету, жұмыс жабдықтарының жедел ауыстырылуын жүзеге асыру және диспетчерлеу деңгейін арттыру жолымен қалалық коммуналдық қызметтердің арнайы техникасының пайдалану сенімділігін арттыру болып табылады. Зерттеудің негізгі міндеттері: 1. Бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық салаларында жұмыстарды орындау кезінде арнайы техниканы техникалық, технологиялық және ұйымдастырушылық тұрғыдан пайдалану жағдайын, сондай-ақ оның пайдалану сенімділігін талдау. 2. Жұмыс жабдықтарын жедел ауыстыру үдерісін оңтайландыру мақсатында арнайы техниканың құрылымдық модульділігі мен жұмыс жабдықтарының ауыстырылғыштығы негізінде жіктемесін әзірлеу. 3. Арнайы техниканың пайдалану сенімділігіне әсер ететін критерийлерді айқындау және модульаралық базалау мен бекіту құрылғысы бойынша ғылыми, конструкторлық және патенттік шешімдерді талдау негізінде оны арттыруға бағытталған конструкциялық және ұйымдастырушылық шараларды ұсыну. 4. Құрылымдық модульділік пен жұмыс жабдықтарының жедел ауыстырылуы қағидаттарына негізделген арнайы техниканы пайдаланатын бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылықтағы технологиялық үдерістерді реттеуші басқару деңгейін арттыру алгоритмін, сондай-ақ ауыстырмалы жұмыс жабдықтарының технологиялық, геометриялық және беріктік параметрлерінің модульаралық базалау мен бекіту құрылғысының және дөңгелек базасының параметрлерімен өзара байланысын ескеретін тиімділік критерийлерін әзірлеу. 5. Ұсынылған шешімге шетелдік компаниялардың ұқсас шешімдерімен салыстыра отырып қаржылық-экономикалық бағалау жүргізу. Зерттеу нысаны заманауи мегаполис жағдайында бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының арнайы техникасын пайдалану үдерісі болып табылады. Зерттеу пәні конструкцияның модульділігі, жұмыс жабдықтарының жедел ауыстырылуы және диспетчерлеу деңгейінің арнайы техниканың пайдалану сенімділігіне әсер ету заңдылықтары болып табылады. Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыста бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының арнайы техникасын пайдаланудың қазіргі жай-күйін және жедел ауыстырылатын жұмыс жабдықтарының қолданыстағы конструкциялық шешімдерін зерттеу үшін жүйелік және салыстырмалы талдау әдістері; конструкцияның модульділігі қағидаттары негізінде арнайы техниканың жіктемесін әзірлеу барысында жіктеу және құрылымдық талдау әдістері; модульаралық базалау мен бекіту құрылғысын әзірлеу кезінде инженерлік жобалау және конструкторлық талдау әдістері; тиімділік критерийлерін айқындау және пайдалану сенімділігі көрсеткіштерін, соның ішінде дайындық коэффициентін, істен шықпау қасиетін және техниканың өнімділігін бағалау үшін математикалық модельдеу мен математикалық статистика әдістері; ұсынылған шешімдердің тиімділігін бағалау және оларды шетелдік баламалармен салыстыру үшін техникалық-экономикалық талдау әдістері; сондай-ақ әзірленген конструкциялық шешімдердің өндірістік жағдайларда жұмысқа қабілеттілігі мен тиімділігін тексеру үшін эксперименттік әдістер пайдаланылды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы арнайы техниканың пайдалану сенімділігін арттырудың техникалық әрі ұйымдастырушылық аспектілерін ескеретін кешенді әдіснаманы әзірлеу болып табылады. Жұмыс аясында модульаралық базалау және бекіту құрылғысын пайдалану кезінде бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылықтың арнайы техникасының пайдалану сенімділігінің көрсеткіштері ретінде дайындық коэффициенті, істен шықпау қасиеті және өнімділігі ұсынылып, бағаланды. Бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылықта орындалатын жұмыстарда қолданылатын арнайы техниканы құрылымдық модульділік қағидаттары негізінде жіктеу ұсынылды. Жұмыс жабдықтарын қайта құрастыру саны мен уақытының арнайы техниканың дайындық коэффициенті мен іс жүзіндегі өнімділігіне әсері анықталды. Жұмыс жабдықтарының жедел ауыстырылуын қамтамасыз ету арқылы арнайы техниканың пайдалану сенімділігін арттыру әдіснамасы негізделді. Жұмыс жабдықтарының параметрлік қатарын ескеретін критерийлер негізінде модульаралық базалау және бекіту құрылғысын оңтайландыру әдістемесі әзірленді. Диспетчерлеу негізінде жедел басқару деңгейін арттыру алгоритмі ұсынылды. Зерттеудің теориялық маңызы арнайы техниканың модульдік құрылымы мен жұмыс жабдықтарының жедел ауыстырылуы негізінде оның пайдалану сенімділігін арттыру жөніндегі ғылыми қағидаттарды дамыту болып табылады. Арнайы техниканы жіктеу тәсілдері, оның пайдалану сенімділігі критерийлерін айқындау және ауыстырмалы жабдықтардың, модульаралық базалау мен бекіту құрылғысының конструкциялық параметрлері мен пайдалану тиімділігі көрсеткіштері арасындағы өзара байланыстарды қалыптастыру тәсілдері дамытылды. Зерттеудің практикалық маңызы диссертациялық жұмыста әзірленген техникалық және ұйымдастырушылық шешімдерді бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында қолдану мүмкіндігімен анықталады. Жедел ауыстырылатын жұмыс жабдықтарын қамтамасыз ететін ұсынылған модульаралық базалау және бекіту құрылғысы жұмыс органдарын ауыстыру операцияларының ұзақтығын қысқартуға, арнайы техниканың бос тұрып қалуын азайтуға, әртүрлі жұмыс түрлерін орындау кезінде дайындық коэффициентін және машиналардың іс жүзіндегі өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Арнайы техниканы құрастырудың модульдік қағидатын пайдалану бір базалық машинаны әртүрлі ауыстырмалы жабдықтармен неғұрлым ұтымды пайдалануға ықпал етеді, бұл тар мамандандырылған техника паркін кеңейту қажеттілігін төмендетіп, пайдалану тиімділігін арттырады. Зерттеу нәтижелерінің практикалық құндылығы технологиялық үдерістерді басқарудың жеделдігін арттыру және аумақтық тұрғыдан шашыраңқы нысандар жағдайында техниканың жұмысын үйлестіру үшін диспетчерлеу элементтерін енгізу мүмкіндігімен де айқындалады. Зерттеу нәтижелері «Астана-Көгалдандыру» ЖШС, «ТрансТехСервис 2025» ЖШС қызметіне енгізілген, сондай-ақ Астана қаласының Басқару колледжінің оқу үдерісінде пайдаланылады. Жұмыста алынған техникалық шешімдер қорғау құжаттарымен расталған және отандық арнайы техника үлгілерін әзірлеу мен жетілдіру кезінде пайдаланылуы мүмкін. Қорғауға шығарылатын ғылыми ережелер: - бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының арнайы техникасын әмбебап базалық шасси мен ауыстырмалы жұмыс жабдықтарын пайдалану негізінде құрастырудың модульдік қағидаты техниканың пайдалану сенімділігін арттыруды және оны әртүрлі жұмыс түрлеріне бейімделгіштігін қамтамасыз етеді; - модульаралық базалау және бекіту құрылғысын қолдану жұмыс жабдықтарының тиімді жедел ауыстырылуын қамтамасыз етеді және технологиялық машинаны қайта құрастыру уақытын қысқартады; - жұмыс жабдықтарын ауыстыру уақыты мен қайта құрастыру операцияларының саны арнайы техниканың дайындық коэффициенті мен іс жүзіндегі өнімділігіне елеулі әсер етеді; - арнайы техниканың модульдік құрылымын және жедел ауыстырылатын жұмыс жабдықтарын қолдану істен шықпау көрсеткіштерінің іс жүзінде өзгеріссіз сақталуы жағдайында дайындық коэффициенті мен өнімділікті арттыруды қамтамасыз етеді; - технологиялық үдерістерді диспетчерлеу деңгейін арттыру арнайы техниканы пайдаланудың тиімділігін жоғарылатудың маңызды ұйымдастырушылық факторы болып табылады. Диссертациялық зерттеу барысында келесі негізгі нәтижелер алынды. Бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында арнайы техниканы пайдалану жағдайының қазіргі жай-күйіне және жұмыс жабдықтарының ауыстырылғыштығына талдау жүргізілді. Құрылымның модульділігі мен жұмыс жабдықтарының ауыстырылу қағидаттары негізінде арнайы техниканы және орындалатын жұмыс түрлерін жіктеу әзірленді. Әмбебап дөңгелек базасы мен ауыстырмалы жұмыс жабдықтарын қолдануға негізделген модульдік арнайы техниканы пайдалану қажеттілігі негізделді. Жұмыс жабдықтарын ауыстыру уақытын қысқартуды қамтамасыз ететін модульаралық базалау және бекіту құрылғысы әзірленді. Жедел ауыстырылатын жұмыс жабдықтарының арнайы техниканың дайындық коэффициенті мен іс жүзіндегі өнімділігіне әсері анықталды. Арнайы техниканы пайдалану кезінде технологиялық үдерістерді диспетчерлеу деңгейін арттыру алгоритмі ұсынылды. Ұсынылған шешімдердің тиімділігіне техникалық-экономикалық бағалау жүргізілді. Нәтижелердің практикалық маңызы мен қолданылуы өндірістік жағдайларда енгізілуімен расталды. Зерттеу нәтижелерінің негізділігі мен дұрыстығы жалпыға қабылданған ғылыми зерттеу әдістерін қолдану, мақсат, міндеттер, әдістер және алынған нәтижелердің логикалық үйлесімділігі, математикалық модельдеу және инженерлік талдау әдістерін пайдалану, сондай-ақ теориялық қағидаларды тәжірибелік апробация нәтижелерімен салыстыру арқылы қамтамасыз етіледі. Алынған нәтижелердің дұрыстығы әзірленген шешімдерді өндірістік қызметке және оқу үдерісіне енгізу арқылы расталады. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері 2021–2026 жылдары аралығында өткен «Көлік және энергетиканың өзекті мәселелері: оларды инновациялық шешу жолдары» атты IX–XIII халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасалып, талқыланды. Диссертация тақырыбы бойынша жарияланымдар. Диссертацияның негізгі ғылыми нәтижелері бойынша 3 баяндама және 5 ғылыми мақала жарияланған, оның ішінде 3 мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда, ал 2 мақала Scopus деректер базасына енгізілген басылымдарда жарияланған. Зерттеу нәтижелері бойынша келесі қорғау құжаттары алынған: Қазақстан Республикасының пайдалы модельге № 8168 (23.02.2023 ж.) «Жұмыс органының жедел ауыстырылуын қамтамасыз ету тәсілі және құрылғысы» патенті; Қазақстан Республикасының пайдалы модельге № 9769 (10.09.2024 ж.) «Экскаваторға арналған механикалық жедел ауыстырылатын құрылғы» патенті; авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізіліміне енгізілген мәліметтер туралы № 32986 (23.02.2023 ж.) куәлік «Жұмыс органының жедел ауыстырылуын қамтамасыз ету тәсілі және құрылғысы». Докторанттың жарияланымдарды дайындауға қосқан үлесі ғылыми проблеманы қою, зерттеудің мақсаты, міндеттері мен гипотезасын тұжырымдау, отандық және шетелдік әдебиеттерге шолу жасау, арнайы техниканы және орындалатын жұмыс түрлерін жіктеуді әзірлеу, модульаралық базалау және бекіту құрылғысын әзірлеуге қатысу, сараптамалық, есептік және эксперименттік зерттеулер жүргізу, нәтижелерді интерпретациялау және жарияланымдардың қолжазбаларын дайындаудан тұрады. Бірлескен авторлықта орындалған жарияланымдар бойынша докторанттың үлесі ғылыми идеяны әзірлеуге тікелей қатысу, есептік-сараптамалық бөлімді дайындау, нәтижелерді жинақтау және мақалалардың негізгі бөлімдерін жазу болып табылады. Зерттеу нәтижелерін іске асыру олардың «Астана-Көгалдандыру» ЖШС, «ТрансТехСервис 2025» ЖШС өндірістік қызметіне, сондай-ақ Астана қаласының Басқару колледжінің оқу үдерісіне енгізілуімен расталады, бұл тиісті енгізу актілерімен бекітілген. Қорытынды. Диссертация кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Диссертациялық жұмыста модульаралық базалау және бекіту құрылғысын қолдану негізінде жұмыс жабдықтарының жедел ауыстырылуын қамтамасыз ету, машинаны құрастырудың модульдік қағидатын іске асыру және технологиялық үдерістерді диспетчерлеу деңгейін арттыру арқылы бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының арнайы техникасының пайдалану сенімділігін арттыруға бағытталған өзекті ғылыми-техникалық мәселе шешілді. Зерттеу барысында арнайы техниканы қайта құрастыру уақытын қысқарту, оның дайындық коэффициентін арттыру, нақты өнімділікті ұлғайту және істен шықпау деңгейін сақтай отырып, жоспардан тыс бос тұрып қалу ықтималдығын төмендету мақсатында теориялық қағидалар негізделіп, конструкциялық және ұйымдастырушылық шешімдер әзірленді. Алынған нәтижелер ғылыми жаңалыққа, теориялық және практикалық маңызға ие болып табылады, ал олардың тиімділігі өндірістік қызметке және оқу үдерісіне енгізу арқылы расталды. Әзірленген қағидалар мен ұсыныстарды жедел ауыстырылатын жұмыс жабдықтары бар арнайы техниканы әзірлеу, жаңғырту және пайдалану кезінде бақ-саябақ және коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарында қолдануға болады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
