
«8D01511 - Информатика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сейталиева Алима Акдилдаевна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сейталиева Алима Акдилдаевна «8D01511 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша «Дуальды оқытуда педагогикалық кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Информатика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ғылыми кеңесшілері:
Шындалиев Нұржан Тажибаевич – педагогика ғылымдарының кандиданты, «Информатика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (Астана қаласы, Қазақстан Республикасы)
Erkan Caliscan - философия докторы (PhD), «Компьютерлік инженерия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Нийде Омер Халисдемир университеті (Нийде қаласы, Түркия Республикасы)
Қорғау 2026 жылғы 5 маусым, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01511 – Информатика» мамандығы бойынша «8D015 – Жаратылыстану пәндері бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/qzzzmk
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің өзектілігі. Білім беруді дамытудың қазіргі кезеңінде динамикалық өзгеріске ұшырайтын ортада жұмысқа қабілетті педагог кадрларды даярлау өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Алайда дәстүрлі даярлау жүйесі болашақ мамандардың, әсіресе педагог кадрлардың, тәжірибелік дағдыларын жеткілікті деңгейде қалыптастыруды толық қамтамасыз ете бермейді. Осыған байланысты дуальды оқыту жағдайында педагогикалық кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру мәселесі білім беру жүйесінің құрылымдық трансформациясымен, еңбек нарығы талаптарының күшеюімен және педагог қызметінің мазмұндық күрделенуімен айқындалады. Дуальды оқыту теориялық білім мен кәсіби тәжірибені өзара байланыстыра отырып, болашақ маманның кәсіби қалыптасуын қамтамасыз ететін тиімді жүйе ретінде танылады. Халықаралық тәжірибе бұл тәсілдің жоғары оқу орны мен кәсіби орта арасындағы тұрақты серіктестік негізінде жүзеге асқанда нәтижелі болатынын көрсетеді. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарында білім беру нәтижелеріне бағдарлану, практикалық даярлықты күшейту және кәсіби құзыреттерді қалыптастыру талаптары нақты белгіленген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында білім беруді еңбек нарығы сұраныстарымен сәйкестендіру, тәжірибеге бағдарланған оқытуды күшейту және цифрлық технологияларды дамыту қажеттігі көрсетілген. Ал дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларында теориялық оқыту мен өндірістік оқыту, кәсіптік практика және тәлімгерлік жүйесінің өзара байланысы нақты айқындалған. Соған қарамастан, дуальды оқытуды педагогикалық кадрларды даярлау жүйесіне ғылыми-әдістемелік тұрғыдан бейімдеу мәселесі әлі де жеткілікті деңгейде шешілмеген. Педагогикалық даярлау жағдайында дуальды оқыту жоғары оқу орнындағы теориялық білім мен серіктес мектеп базасындағы практикалық әрекеттің өзара байланысына негізделеді: студент ЖОО-да пәндік-әдістемелік білім алады, ал серіктес мектепте сабақ фрагменттерін өткізіп, педагогикалық әрекетке біртіндеп енеді. Осыған байланысты зерттеу жұмысы болашақ информатика педагог кадрларын дуальды оқыту жағдайында даярлаудың сапасы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ педагог даярлығын білім берудің цифрлық трансформациясы жағдайына бейімдеуге бағытталған. Қазақстанда дуальды оқытуға қатысты ғылыми ізденістер 2015 жылдан бастап жүйелі түрде жүргізіле бастады. Бұл бағыттағы зерттеулерде дуальды оқытуды ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері, әлеуметтік әріптестік тетіктері, практикаға бағдарланған модельдер мен кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру жолдары қарастырылған. Алайда бұл еңбектердің басым бөлігі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне арналған. Ал болашақ педагог кадрларды, соның ішінде информатика педагог кадрларын даярлауда дуальды оқытудың мазмұндық және әдістемелік компоненттерін кешенді біріктіретін тұтас жүйе жеткілікті деңгейде қалыптаспаған. Шетелдік зерттеулерде дуальды оқыту мәселесі Германия, Австрия, Нидерланды, Ұлыбритания, АҚШ, Финляндия және Ресей тәжірибелері негізінде кеңінен қарастырылған. Бұл еңбектерде дуальды жүйенің кәсіби даярлық сапасын арттырудағы мүмкіндіктері, теория мен практиканы кіріктірудегі рөлі, тәлімгерлік пен әлеуметтік серіктестіктің маңызы жан-жақты ашылған. Қазақстандық ғалымдар да дуальды оқытуды болашақ педагог кадрлардың кәсіби даярлығын жетілдірудің маңызды шарты ретінде негіздеп келеді. Дегенмен, жасалған талдау дуальды оқыту мәселесінің негізінен техникалық бағыттарда қарастырылып, мектеп жағдайында болашақ информатика педагог кадрларын даярлау, ЖОО мен мектеп арасындағы кәсіби өзара әрекеттестіктің мазмұндық, ұйымдастырушылық және әдістемелік тетіктері жеткілікті зерттелмегенін көрсетті. Осыған байланысты мынадай қарама-қайшылықтар анықталды: – дуальды оқытудың теориялық тұрғыдан негізделуі мен оны педагогикалық кадрларды даярлау үдерісінде жүйелі, әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі; – педагогикалық теория мен мектеп практикасын кіріктіру қажеттілігі мен оларды біріктіретін тиімді цифрлық білім беру платформасының жеткіліксіздігі; – дуальды оқыту жағдайында тәжірибеге негізделген кәсіби дамудың маңыздылығы мен болашақ педагогтердің жүйелі кәсіби рефлексия жүргізу дағдыларының жеткіліксіздігі. Көрсетілген қарама-қайшылық дуальды оқытуда педагогикалық кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру сұрақтары бойынша зерттеудің мәселесін анықтады. Көрсетілген қарама-қайшылық пен анықталған мәселе «Дуальды оқытуда педагогикалық кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру» тақырыбын таңдауға негіз болды. Зерттеудің мақсаты: Дуальды оқытуда педагог кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру жолдарын анықтау және жүзеге асыру. Зерттеудің нысаны: Жоғары оқу орнындағы оқу үдерісі. Зерттеудің пәні: Дуальды оқытуда педагогикалық кадрларды даярлаудың жағдайы. Зерттеудің болжамы: Егер жоғары оқу орындарында педагогикалық кадрларды дуальды оқыту әдісімен даярлаудың әдіснамалық негіздері айқындалып, дуальды оқытуда педагогикалық кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіруге арналған құрылымдық моделі әзірленіп, оқыту үдерісін жетілдіруге арналған арнайы цифрлық білім беру платформасы қолданылса, онда қоғам дамуының қазіргі заманғы сұранысы жағдайында ЖОО-да дуальды оқытуды ұйымдастыру тиімділігі артады, болашақ информатика педагогикалық кадрларын даярлау жағдайы жетілдіріледі, өйткені жоғары оқу орнында педагогикалық кадрларды дуальды оқыту үдерісінде даярлау әлеуметтік серіктестер (мектеп) талаптарына сәйкестендіріледі. Зерттеудің міндеттері: 1. Дуальды оқыту жағдайында педагог кадрларды даярлау үдерісінде әдістемелік негіздерді жетілдірудің ғылыми-әдіснамалық негіздерін анықтау. 2. Дуальды оқытуда педагог кадрларын даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдірудің құрылымдық моделін әзірлеу. 3. Дуальды оқытуда педагог кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдірудің практикалық негіздерін анықтау және жүзеге асыру. 4. Дуальды оқытуда педагог кадрларын даярлауды жетілдіруде программалық негіздерін, тренажерлық ортасын құру. 5. Дуальды оқытуда педагог кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдірудің тәжірибелік-эксперименттік жұмыстарын жүргізу, нәтижелерін саралап, эксперименттің тиімділігін дәлелдеу. Зерттеудің жетекші идеясы: Білім беру үдерісінің теориялық, тәжірибелік компоненттерін интеграциялау негізінде дуальды оқыту жүйесінде болашақ информатика педагог кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру арқылы білім беру мекемелерінің сұраныстарына сәйкестендіру. Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негіздері. Білім беруді дамытудың заманауи философиялық қағидалары, тұлғалық-бағдарлы, жүйелік, іс-әрекеттік және құзыреттілік тәсілдер, кәсіби білім беруді интеграциялау теориясы, дуальды оқыту тұжырымдамасы, педагогикалық үдерісті модельдеу теориясы, кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру теориясы, рефлексивті оқыту және тәжірибеге бағытталған оқыту тұжырымдамалары, үздіксіз педагогикалық білім беру идеялары, цифрлық трансформация жағдайындағы білім беруді дамыту қағидалары. Зерттеу көздері: Отандық және шет елдік ғалымдардың дуальды оқыту, дуальды білім беру жүйесі және іс-әрекет, педагогикалық іс-әрекет, кәсіби іс-әрекетке даярлық мәселесі қарастырылған философиялық, психологиялық, педагогикалық ғылыми зерттеулері. Қазақстан Республикасы Үкіметінің дуальды оқытуды орта білімнен кейінгі техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКББ) ұйымдарына ендіру туралы және білім беру саласына қатысты қаулысы. Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың тұжырымдамасы, мемлекеттік бағдарламалары, нормативтік құжаттамалары. Алыс және жақын шет елдік, Қазақстандық психолог, педагог ғалымдардың ғылыми жетістіктеріне негізделген озық тәжірибелері. Зерттеу әдістері: - теориялық (зерттеу тақырыбы бойынша отандық және шетелдік психологиялық-педагогикалық, ғылыми-әдістемелік және арнайы әдебиеттерді, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын, информатика педагогтарын даярлау бағыттары бойынша білім бағдарламаларын салыстыру, модельдеу); - эмпирикалық (педагогикалық бақылау, тест, сауалнама және сұқбат жүргізу). - статистикалық (эксперименттік жұмыс жүргізу және оның нәтижелерін өңдеу). Зерттеудің негізгі базасы: «Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті», «Shakarim University». Зерттеу кезеңдері: 1-кезең (2021-2022 оқу жылы) - зерттеу жұмысының тақырыбы айқындалып, соның негізінде зерттеудің ғылыми аппараты қалыптастырылды, атап айтқанда тақырыптың өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, ғылыми болжамы, сондай-ақ зерттеу нысаны мен зерттеу базасы анықталды. Қарастырылып отырған тақырып аясында отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланған әдебиеттерге, интернет-ресурстардағы материалдарға жүйелі шолу жасалды. Жоғары оқу орындарының оқу үдерісінде дуальды оқыту бойынша озық тәжірибелер мен олардың оқыту тиімділігі талданды. Зерттеу нысаны ретінде бірнеше жоғары оқу орнының оқу үдерісі алынып, таңдалған білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар эксперименттің мақсаты мен мазмұнымен таныстырылып, эксперименттік және бақылау топтарына бөлінді. 2-кезең (2022-2023 оқу жылы) - болашақ информатика педагог кадрларды дуальды оқыту жағдайында кәсіби қызметке психологиялық, теориялық және тәжірибелік даярлауды қамтамасыз ететін психологиялық-педагогикалық жағдайлары анықталды. Болашақ педагог кадрлардың дуальды оқыту жағдайында кәсіби қызметке даярлығын қалыптастыру үдерісінің құрылымдық моделі әзірленді. Дуальды оқытуда болашақ информатика педагогтарын даярлауда оқыту платформасын қолдану негізінде оқу материалдарын әзірлеп, оқыту үдерісінде жүзеге асырылды, эксперименттік жұмыстар жүргізілді. 3-кезең (2023-2024, 2024-2025 оқу жылдары) – экспериметтік зерттеудің нәтижелері сараланды, талданды, статистикалық әдіспен өңделді. Алынған нәтижелер жинақталып диссертациялық жұмыс материалдары рәсімделді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы және теориялық маңыздылығы: 1. Дуальды оқыту жағдайында педагог кадрларды даярлау үдерісінде әдістемелік негіздерді жетілдірудің ғылыми-әдіснамалық негіздері анықталды. 2. Дуальды оқыту жүйесінде болашақ информатика педагог кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдірудің тұжырымдамалық, технологиялық және бағалау блогынан тұратын моделі әзірленді. 3. Цифрлық білім беру платформасын пайдалану арқылы білім алушылардың дағдыларын жетілдірудің әдістемесі ұсынылды. 3.1. Педагог кадрларды даярлау үдерісін жетілдіру мақсатында «Informaticedu.kz» платформасы жасалып, оған жасанды интеллект элементтері енгізіліп, «Информатиканы оқыту әдістемесі» пәні бойынша 6В01510 – «Физика-информатика мұғалімін даярлау», 6В01503-«Информатика мұғалімін даярлау» білім бағдарламаларының мазмұнына ендірілді. 3.2. Білім алушылардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған «Виртуалды сынып» тренажерлік ортасы жасалды 4. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 6В01503-«Информатика мұғалімін даярлау», 6В01510–«Физика-информатика мұғалімін даярлау», білім бағдарламасына, «Shakarim University» университетінің 6В01507—«Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасының «Информатиканы оқыту әдістемесі» пәндеріне оқу жұмыс бағдарламасы дайындалып, зерттеу жұмысының тақырыбы бойынша мазмұны толықтырылды 5. Дуальды оқыту жүйесінде педагогикалық кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру бойынша эксперименттік жұмыстар жүргізіліп, тиімділігі дәлелденді Зерттеудің практикалық мәнділігі: Дуальды оқытуда болашақ информатика педагог кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіруге бағытталған программалық-әдістемелік қамтамалар әзірленді: 1. «Іnformaticedu.kz» білім беру платформасы әзірленіп, оған жасанды интеллект элементтері енгізіліп, «Информатиканы оқыту әдістемесі» пәні бойынша 6В01510-«Физика-информатика мұғалімін даярлау», 6В01503 «Информатика мұғалімін даярлау», 6В01507-«Информатика және робототехника» білім беру бағдарламаларының мазмұнына ендірілді. 2. Білім алушылардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған «Виртуалды сынып» тренажерлік ортасы жасалды. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік №67089, «03» ақпан 2026 ж. 3. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 6В01510-«Физика-информатика мұғалімін даярлау», 6В01503-«Информатика мұғалімін даярлау» білім бағдарламасына, «Shakarim University» университетінің 6В01507-«Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасының «Информатиканы оқыту әдістемесі» пәндеріне оқу жұмыс бағдарламасы дайындалып, зерттеу жұмысының тақырыбы бойынша мазмұны толықтырылды (Қосымшалар А, Ә). Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі мен негізділігі: Зерттеу нәтижелерінің дәлелдігі теориялық негіздеме, эксперименттік жұмыстар және статистикалық талдаулар арқылы қамтамасыз етілді. Дуальды оқыту жүйесінің әдістемелік негіздері ғылыми тұрғыдан талданды. Эксперименттік топтарда цифрлық технологиялардың тиімділігі зерттеліп, статистикалық әдістермен дәлелденді. Алынған нәтижелер оқытушылар мен студенттердің кері байланысы негізінде бағаланып, дуальды оқыту жүйесінің тиімділігі ғылыми тұрғыдан негізделді. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: 1. Педагог кадрларды дуальды оқыту жүйесінде даярлауда әдістемелік негіздерін жетілдіру мақсатында жасалған тұжырымдамалық, технологиялық және бағалау блоктарынан тұратын құрылымдық моделі: 1.1 Дуальды оқыту жағдайында педагог кадрларды даярлаудың мақсатты бағдарын, нормативтік-құқықтық негіздерін, білім беру бағдарламаларын және зерттеудің тұжырымдамалық бағыттарын айқындайтын тұжырымдамалық блок; 1.2 Дуальды оқытуды жүзеге асыратын оқу-әдістемелік мазмұнды, ақпараттық-программалық құралдарды, тренажерлік ортаны, оқыту әдістерін, сондай-ақ ЖОО-дағы теориялық даярлық пен серіктес мектептегі практикалық әрекеттің өзара байланысын қамтитын технологиялық блок; 1.3 Модельдің тиімділігін педагогикалық тәжірибеде тексеруге, болашақ информатика педагог кадрларының мотивациялық, мазмұндық және тәжірибелік даярлық деңгейін бағалауға және алынған нәтижелерді талдауға бағытталған бағалау блогы. 2. Дуальды оқытуда педагог кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдірудің практикалық негіздері: 2.1 Педагог кадрларды даярлау үдерісін жетілдіру мақсатында «Informaticedu.kz» платформасы; 2.2 Дуальды оқытуда педагог кадрларды даярлаудың оқу-әдістемелік негіздері. 3. Жасанды интеллект технологиялары негізінде білім алушылардың практикалық дағдыларын жетілдіруге арналған «Виртуалды сынып» тренажерлік ортасы. 4. Дуальды оқыту жағдайында педагог кадрларды даярлаудың әдістемелік негіздерін жетілдіру бойынша жүргізілген тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың нәтижелері және оның тиімділігі. Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және оқу үдерісіне енгізу: Зерттеу нәтижелері еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне ендіріліп, тиімділігі дәлелденді. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «6В01510-Физика-информатика мұғалімін даярлау», «6В01503 Информатика мұғалімін даярлау» білім бағдарламасына, «Shakarim University» университетінің «6В01507-Информатика және робототехника» білім беру бағдарламасының «Информатиканы оқыту әдістемесі» пәндеріне оқу жұмыс бағдарламасы дайындалып, зерттеу жұмысының тақырыбы бойынша мазмұны толықтырылды. Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: Нөлдік емес импак-факторы бар Scopus және Web of Science деректер қорына кіретін халықаралық ғылыми журналдарда 3 мақала: 1. Studies in Systems, Decision and Control. – 2024. – Vol. 223. – P. 167–174. – DOI: 10.1007/978-3-031-51997-0_13. – ISBN 978-3-031-51997-0. 2. Integration of digital technologies into the methodology of teacher training in the system of dual education // Periodicals of Engineering and Natural Sciences. – 2025. – Vol. 13. – No. 3. – P. 695–710. – DOI: 10.21533/pen.v13.i3.472 3. Improving methodological foundations of teacher training in dual education // International Journal of Evaluation and Research in Education (IJERE). – 2025. – Vol. 14. – No. 6. – P. 5003–5013. – DOI: 10.11591/ijere.v14i6.34236. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 3 мақала: 1. Дуалды оқыту жүйесін жоғары оқу орны мен мектеп байланысының негізінде ұйымдастырудың педагогикалық шарттары // Университет еңбектері. – 2023. – № 4(93). – Б. 347–352. – DOI: 10.52209/1609-1825_2023_4_347. 2. Дуальды оқыту жағдайында педагог кадрларды даярлау жағдайы // ҚР ҰҒА хабаршысы. – 2023. – № 5(405). – Б. 234–245. – DOI: 10.32014/2023.2518-1467.588. 3. Дуальды білім беру жағдайында болашақ педагогикалық кадрларды даярлау // ҚР ҰҒА хабаршысы. – 2024. – № 5(411). – Б. 197–209. – DOI: 10.32014/2024.2518-1467.835. Халықаралық конференцияларда және ғылыми журналдарда 2 мақала: 1. Modern science: actual problems: XI International Scientific and Practical Conference. – Manchester, 2024. – P. 51–54. – DOI: 10.5281/zenodo.10805760. – ISBN 978-91-65423-58-9. 2. Norwegian Journal of Development of the International Science. – 2024. – No. 127. – P. 56–59. – DOI: 10.5281/zenodo.10724443. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы куәліктер 1. «InformaticaEDU — дуальная платформа подготовки учителей информатики») c дополнительным модулем - «Виртуальный класс-практикум на основе Исскуственного Интеллекта». Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік №63195, «17» қазан 2025 ж. 2. «Виртуалды сынып». Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізілімге мәліметтерді енгізу туралы Куәлік №67089, «03» ақпан 2026 ж. Диссертация құрылымы: диссертациялық жұмыс кіріспеден, 3 бөлімнен, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
