
«8D01801 - Әлеуметтік педагогика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Санатбай Перизат Айбекқызы диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Санатбай Перизат Айбекқызы «8D01801 – Әлеуметтік педагогика» білім беру бағдарламасы бойынша «Болашақ әлеуметтік педагогтардың Soft skills дағдыларын дамыту» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Педагогика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Орынбекова Айнур Саматовна – философия ғылымдарының докторы (PhD), «Шәкәрім университеті» КеАҚ, «Тілдік коммуникация» кафедрасының аға оқытушысы (Семей қ., Қазақстан Республикасы);
Жилгильдинова Мадина Жаксылыковна – философия ғылымдарының докторы (PhD), «Шәкәрім университет» КеАҚ, «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі (Семей қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Амантай Жулдыз Абайқызы – философия ғылымдарының докторы (PhD), «Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы» университеті, «Психология және педагогика» кафедрасының ассистенті (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы);
Умирбекова Ақерке Нұрланбековна – философия ғылымдарының докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Білім және қоғамдық даму ғылымдары» бөлімшесінің ғалым хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Усенова Ақкенже Мұқановна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, «М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті» КеАҚ (Шымкент қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Шалғынбаева Қадиша Қадыровна - педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Бастауыш білім беру және әлеуметтік педагогика» кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы)
Танер Атмака – философия ғылымдарының докторы (PhD), Дөздже университетінің доценті (Дөздже қаласы, Түркия)
Қорғау 2026 жылғы 10 маусым, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01801 – Әлеуметтік педагогика» мамандығы бойынша «8D018 – Әлеуметік педагогика мамандарын даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3TNRee
Мекен-жайы: Астана қ., А.Янушкевич көшесі, 6, 106 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Санатбай Перизат Айбекқызының 8D01801 – Әлеуметтік педагогика білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған «Болашақ әлеуметтік педагогтардың Soft skills дағдыларын дамыту» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына АННОТАЦИЯ Диссертациялық зерттеу қазіргі жоғары білім беру жүйесінде болашақ әлеуметтік педагогтардың кәсіби даярлығын жетілдірумен, еңбек нарығы мен әлеуметтік-педагогикалық тәжірибеде сұранысқа ие soft skills дағдыларын мақсатты түрде дамытудың теориялық-әдіснамалық және тәжірибелік негіздерін айқындаумен байланысты. Цифрлық трансформация, жасанды интеллектінің білім беру кеңістігіне енуі, әлеуметтік қатынастардың күрделенуі, инклюзивті және көпмәдениетті ортада жұмыс істеу қажеттілігі әлеуметтік педагог мамандығына қойылатын талаптарды кеңейтуде. Мұндай жағдайда болашақ әлеуметтік педагог тек кәсіби білімді меңгерген маман ғана емес, әртүрлі әлеуметтік топтармен тиімді қарым-қатынас орната алатын, қақтығыстық жағдаяттарды конструктивті шеше білетін, эмоциялық тұрақтылық танытатын, командада жұмыс істей алатын, сыни және креативті ойлайтын кәсіби тұлға ретінде қалыптасуы тиіс. Зерттеу тақырыбының өзектілігі Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Педагог» кәсіптік стандарты, жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық жаңғыруға байланысты жолдауында белгіленген міндеттермен сабақтас. Аталған құжаттар жоғары білім беру жүйесінде кәсіби даярлық мазмұнын жаңартуды, еңбек нарығында сұранысқа ие икемді дағдыларды дамытуды, болашақ мамандардың бейімделгіштігін, шығармашылығын, әлеуметтік жауапкершілігін және цифрлық ортада тиімді әрекет ету қабілетін қалыптастыруды талап етеді. Зерттеудің мақсаты – болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамытуды теориялық-әдіснамалық тұрғыдан негіздеу, оның моделін жасау және тиімділігін тәжірибелік-эксперимент негізінде тексеру. Зерттеу нысаны – болашақ әлеуметтік педагогтарды кәсіби даярлау үдерісі. Зерттеу пәні – болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамыту. Зерттеудің ғылыми болжамы мынадай тұжырымға негізделді: егер болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамыту теориялық-әдіснамалық тұрғыдан негізделіп, педагогикалық шарттары анықталса, дамытудың құрылымдық-функционалдық моделі жасалып, тәжірибелік-эксперимент арқылы тексерілсе, онда болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамытудың тиімділігі артады, өйткені бұл дағдылар коммуникативтік мәдениетті, креативті ойлауды, эмоциялық тұрақтылықты, командада жұмыс істей алу қабілетін және әлеуметтік-педагогикалық жағдаяттарға бейімделуді қамтамасыз етеді. Зерттеу міндеттері: болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамытудың теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындау және «soft skills» ұғымын нақтылау; болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларының құрылымын, мәні мен мазмұнын анықтау; soft skills дағдыларын дамытудың педагогикалық шарттарын нақтылау; болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамытудың моделін жасау және оның тиімділігін тәжірибелік-эксперимент негізінде тексеру. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізін жүйелілік, тұлғалық-бағдарлық, іс-әрекеттік, құзыреттілік және орта тұғырлары құрайды. Бұл тұғырлар soft skills дағдыларын жеке сапалар жиынтығы ретінде емес, болашақ әлеуметтік педагогтың кәсіби тұлғалық қалыптасуымен, кәсіби іс-әрекетке даярлығымен және әлеуметтік ортада тиімді әрекет ету қабілетімен өзара байланыста қарастыруға мүмкіндік берді. Зерттеу барысында теориялық, эмпирикалық және статистикалық әдістер қолданылды. Теориялық әдістерге ғылыми әдебиеттерді талдау, салыстыру, жүйелеу, контент-талдау және ғылыми тұжырымдарды жинақтау кірді. Эмпирикалық әдістер ретінде бақылау, диагностикалау, сауалнама жүргізу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыс, өзін-өзі бағалау, өзара бағалау, портфолио және сарапшылық бағалау қолданылды. Алынған деректер статистикалық және математикалық өңдеуден өткізіліп, SPSS Statistics бағдарламасы арқылы талданды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы төмендегідей нәтижелермен сипатталады. Біріншіден, болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамытудың теориялық-әдіснамалық негіздері айқындалып, «soft skills» ұғымы тұлғаның кәсіби іс-әрекет тиімділігін арттыратын әлеуметтік-коммуникативтік, эмоциялық және мінез-құлықтық дағдылар жүйесі ретінде нақтыланды. Екіншіден, болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларының құрылымы, мәні мен мазмұны анықталды. Үшіншіден, болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамытудың педагогикалық шарттары негізделді. Төртіншіден, болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамытудың моделі жасалып, оның тиімділігі тәжірибелік-эксперимент арқылы дәлелденді. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар мыналардан тұрады. Болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамыту жүйелілік, тұлғалық-бағдарлық, іс-әрекеттік, құзыреттілік және орта тұғырлары негізінде жүзеге асырылады. Болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдылары коммуникативтік мәдениет, сыни және креативті ойлау, командада жұмыс істеу, эмоциялық тұрақтылық, өзін-өзі ұйымдастыру және әлеуметтік-педагогикалық жағдаяттарға бейімделу қабілеттерінің біртұтас жүйесі ретінде қарастырылады. Бұл дағдыларды дамытудың педагогикалық шарттары әлеуметтік-бағдарлық білім беру ортасын құру, интерактивті және тәжірибеге бағытталған оқыту әдістерін қолдану, теориялық дайындық пен практикалық іс-әрекетті ықпалдастыру, эмоционалды интеллект, эмпатия және рефлексиялық әрекетті дамыту арқылы іске асырылады. Ұсынылған модель мақсаттық, функционалдық және нәтижелік блоктардан, сондай-ақ мотивациялық-құндылықтық, когнитивтік-мазмұндық, іс-әрекеттік-коммуникативтік және эмоциялық-еріктік компоненттерден тұрады. Зерттеу нәтижелері тәжірибелік-эксперименттік жұмыс барысында тексерілді. Эксперимент Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында жүргізілді. Эксперименттік және бақылау топтарына 46 студент қатысты. Анықтау кезеңінде екі топтың бастапқы көрсеткіштері салыстырылып, олардың soft skills дағдылары бойынша бастапқы деңгейінің шамалас екендігі анықталды. Қалыптастыру кезеңінде жобалық оқыту, case-study, дизайн-ойлау, рөлдік симуляциялар, дебаттық сессиялар, peer-learning, рефлексиялық тапсырмалар және портфолио жұмыстары қолданылды. Қорытынды кезеңде эксперименттік топта soft skills дағдыларының жоғары деңгейі 69,2%-ға жетіп, төмен деңгей 4,3%-ға дейін қысқарды. Бақылау тобында жоғары деңгей 39,1%, төмен деңгей 13,1% шамасында қалды. Компоненттік динамика бойынша эксперименттік топта командалық жұмыс, коммуникативтік икемділік, эмоциялық реттелу, сыни ойлау, креативтілік және тайм-менеджмент көрсеткіштерінің барлығында тұрақты өсім байқалды. SPSS Statistics негізінде алынған деректер өзгерістердің статистикалық тұрғыдан мәнді екенін көрсетті: p < 0,01, әсер шамасы орташа деңгейде анықталды, η² ≈ 0,10–0,14. Зерттеудің теориялық маңыздылығы болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамыту мәселесінің педагогикалық ғылымда арнайы зерттеу нысаны ретінде негізделуімен, soft skills құрылымының әлеуметтік-педагогикалық кәсіби даярлық контексінде нақтылануымен, дамытудың педагогикалық шарттары мен моделінің ұсынылуымен айқындалады. Практикалық маңыздылығы зерттеу нәтижелері негізінде «Болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамыту» ғылыми-әдістемелік нұсқаулығы, тапсырмалар жүйесі және «Болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамыту тренингтері» оқу-әдістемелік құралы әзірленуімен сипатталады. Бұл материалдарды әлеуметтік педагогика, педагогика және психология, білім берудегі көшбасшылық, кәсіби даярлыққа бағытталған пәндерде пайдалануға болады. Зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында, «Педагог» кәсіптік стандартында, жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында және цифрлық трансформация жағдайындағы білім беру саясатының басым бағыттарында белгіленген міндеттерге сәйкес келеді. Диссертациялық зерттеу болашақ әлеуметтік педагогтардың кәсіби даярлығын жетілдіру арқылы жоғары білім беру сапасын арттыруға, еңбек нарығы талаптарына бейімделген, әлеуметтік жауапты және кәсіби тұрғыдан икемді маман даярлауға бағытталған. Диссертация тақырыбы бойынша 10 ғылыми мақала жарияланды. Оның ішінде 2 мақала Web of Science және Scopus базаларында индекстелетін ғылыми басылымдарда, 3 мақала ҚР ҒЖБМ ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда, 5 мақала халықаралық конференциялар мен симпозиумдар жинақтарында жарық көрді. Докторанттың жарияланымдарды дайындаудағы үлесі зерттеу тақырыбын ғылыми негіздеу, теориялық материалдарды жинақтау және талдау, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстың мазмұнын әзірлеу, эмпирикалық деректерді өңдеу, нәтижелерді ғылыми мақала түрінде рәсімдеу және зерттеу қорытындыларын халықаралық әрі отандық ғылыми кеңістікте апробациялау арқылы сипатталады. «Problem-Oriented Learning as a Method of Developing Soft Skills Among Students of Pedogogical Specialities» мақаласында докторант проблемалық-бағдарланған оқытудың soft skills дамытудағы мүмкіндіктерін негіздеп, эксперименттік материалдарды талдауға үлес қосты. «Pedagogical approaches to teaching soft skills in higher education contexts» мақаласында жоғары білім жағдайында soft skills оқытудың педагогикалық тәсілдерін жүйелеуге және зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми дискурсқа енгізуге қатысты. Отандық басылымдардағы мақалаларда докторант әлеуметтік педагогтарды кәсіби даярлауда soft skills дағдыларын дамытудың мүмкіндіктерін, шарттарын және рөлін ашып көрсетті. Халықаралық конференция материалдарында soft skills дағдыларының әлеуметтік-педагогикалық қызметтегі кәсіби табыстылыққа әсері, шетелдік тәжірибе, болашақ әлеуметтік педагогтардың кәсіби әлеуметтенуі және әлеуметтік педагогтарды даярлау үдерісіндегі маңыздылығы бойынша зерттеу нәтижелерін ұсынды. Жалпы алғанда, диссертациялық зерттеу болашақ әлеуметтік педагогтардың soft skills дағдыларын дамытудың теориясы мен практикасын толықтырып, жоғары білім беру жүйесінде әлеуметтік-педагогикалық кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған ғылыми-әдістемелік негіз ұсынады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
