
«8D02310 - Шетел филологиясы» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Даутбаева Құралай Белгібайқызы диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Даутбаева Құралай Белгібайқызы «8D02310 – Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша «Бағалау концептісінің лингвомәдени ерекшеліктерінің тілдік және дискурстық репрезентациясы (қазақ және ағылшын тілдері материалдары негізінде)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шетел филология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Кенжеқанова Құралай Кенжеқанқызы – философия докторы (PhD), шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ассистент-профессоры, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Аккалиева Айжан Файзрахмановна – философия докторы (PhD), орыс және шетел тілдері кафедрасы қауымдастырылған профессорының м.а., «Шәкәрім университеті» КеАҚ, (Семей қ., Қазақстан Республикасы);
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Саурбаев Ришат Журкенович – филология ғылымдарының кандидаты, шетел филологиясы кафедрасының профессоры, «Торайғыров Университеті» КеАҚ (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Нефедова Лилия Амиряновна – филология ғылымдарының докторы, профессор, лингвистика және аударма факультетінің деканы, «Челябі мемлекеттік университеті» ФМББМ ЖОО (Челябі қ., Ресей Федерациясы);
Нурзия Абдикарим – филология ғылымдарының кандидаты, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ-тың терминология бөлімінің басшысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Дүйсекова Куляш Керимбековна – филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Светлана Димитрова Атанасова-Дивитакова – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Әулие Кирилл мен Мефодий атындағы Великотырнов Университеті (Велико-Тырново қ., Болгария )
Қорғау 2026 жылғы 20 маусым, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02310 – Шетел филологиясы» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/87332541263?pwd=6n4g0wqLXufk7091JY138iv2xFkdGv.1
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бағалау концептісі адам санасында тіл арқылы бекітілетін күрделі когнитивтік құрылым. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісін салыстыру әр тілдің әлемді тану моделіндегі ерекшеліктерді, эмоциялық және құндылықтық бағдарларды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ерекшеліктерді ғылыми тұрғыдан зерттеу әр ұлттың әлемінің тілдік бейнесін тереңірек түсінуге жол ашады. Қазіргі жаһандану заманында түрлі ұлт өкілдері арасындағы байланыстың күшеюі кезінде тілдік бірліктердегі мәдени кодтардың сәйкес келмеуі нәтижесінде бағалау мағынасының дұрыс түсінілмеуі коммуникациялық қателіктерге әкелуі мүмкін. Демек, қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісінің лингвомәдени ерекшеліктерінің тілдік және дискурстық репрезентациясын жүйелі салыстыра-салғастыра зерттеу тиімді коммуникация құру үшін де маңызды. Когнитивтік лингвистика тұрғысынан алғанда, бағалау – әмбебап категория, алайда оның тілдік және дискурстық репрезентациялау тәсілдері әр тілде әртүрлі. Бұл зерттеудің өзектілігі бағалау концептісінің тілдік және дискурстық табиғатын айқындау, оның ұлттық-мәдени ерекшеліктерін ашу, сондай-ақ қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалаудың жүзеге асу заңдылықтарын сипаттаумен анықталады. Генетикалық және құрылымдық жағынан туыстас емес тілдердің әлемнің тілдік бейнесіндегі бағалау концептісінің лингвомәдени және дискурстық ерекшеліктерін салыстырмалы тұрғыдан зерттеу жұмыстың ғылыми маңызын арттыра түседі. Зерттеу нысaны. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісі. Зерттеу пәні. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісінің тілдік және дискурстық репрезентациясының лингвомәдени ерекшеліктері. Зерттеудің мақсаты. Қазақ және ағылшын тілдерінде бағалау концептісінің тілдік құралдар арқылы берілуін, жарнама дискурсында жүзеге асуын және олардың мәдени шарттылығын кешенді түрде салыстыра- салғастыра зерттеп, бағалаудың концептуалды бейнесінің лингвомәдени ерекшеліктерін айқындау. Зерттеу мақсатына жету үшін төмендегідей міндеттер қойылды: 1. Бағалау концептісінің тілдік және дискурстық репрезентациясының лингвомәдени ерекшеліктерін қазақ және ағылшын тілдерінің материалына сүйене отырып, зерттеудің теориялық негіздерін анықтау мақсатында когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, дискурс және прагматикаға арналған еңбектерді іріктеп, саралау. 2. Бағалау концептісінің концептуалдық құрылымын және мазмұнын (өзектік, перифериялық белгілерін, фреймдік, сценарийлік және метафоралық ұйымдасуын) қазақ және ағылшын тілдерінің материалдары негізінде айқындау. 3. Бағалау концептісінің лингвомәдени табиғатының жарнама дискурсында жүзеге асу заңдылықтарын статистикалық әдістерді қолдана отырып талдау. 4. Бағалау концептісінің прагматикалық қызметін және бағалау стратегияларын салыстырмалы – салғастырмалы тұрғыда зерделеп, теориялық тұрғыдан негіздеу. 5. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісінің лингвомәдени ерекшеліктерінің тілдік және дискурстық репрезентациясының әмбебап және ұлттық-мәдени ерекшеліктерін айқындау. Зерттеудің дереккөздері: Зерттеудің дереккөздері түсіндірме сөздіктер, фразеологиялық және этимологиялық сөздіктер, сонымен қатар корпустық деректер мен аутентикалық жарнама мәтіндері болды. Қазақ тіліндегі бағалау мәнді тіл бірліктері Qazcorpora/Qazcorpus ұлттық корпусынан іріктелді. Бағалауыш бірліктерді іріктеуге корпустың негізгі құрамына кіретін, халықтың мәдени-танымдық дүниетанымын білдіретін мәдени-репрезентативті ішкорпусы, тұрақты бағалауыш тіркестерді анықтауға мақал-мәтелдер ішкорпусы, идиомалық бағалауыш бірліктерді жинақтауға фразеологизм ішкорпусы, жарнама дискурсындағы бағалауыш бірліктерді іріктеуге жарнама мәтіндер ішкорпусы пайдаланылды. Ағылшын тіліндегі бағалауыш тіл бірліктері British National Corpus (бұдан әрі BNC) корпусынан іріктелді. Әңгімелер, романдар, шығармалардан бағалауыш лексиканы іріктеуге көркем шығармалар категориясы (Imaginative) пайдаланылса, бейресми сұхбаттар мен радио бағдарламалардан сөйлеу тіліндегі бағалауыш бірліктерді іріктеуге (Spoken) ауызша бөлімі негіз болды. Ағылшын тіліндегі жарнама дискурс материалдары қосымша аутентикалық дереккөз ретінде әлемдік брендтердің (Nike, Old Spice, Kleenex т.б.) ресми You Tube арналары мен вебсайттарындағы жарнамалардың транскрипцияларынан іріктелді. Материалдар лемма бойынша, сөз табы сүзгілері (POS), коллокациялық іріктеу және контекстік (KWIC) іріктеу функциялары арқылы жиналды. Іріктеу критерийлері ретінде мәтіндердің аутентикалық сипаты, бағалауыш лексиканың жоғары тығыздығы белгіленді. Зерттеудің жалпы эмпирикалық базасын корпустық іріктеуден жиналған 2000 мысал (қазақ тілінен 1000, ағылшын тілінен 1000) құрайды. Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттеріне сәйкес жалпы гуманитарлық ғылымдарда қалыптасқан анализ, синтез, сипаттамалық және салыстырмалы-салғастырмалы әдістер қолданылды. Сонымен қатар тіл білімінде кеңінен пайдаланылатын кешенді зерттеу тәсілдері интегративті түрде қолданыс тапты. Атап айтқанда, лингвистикалық талдау тәсілдері (құрылымдық-мағыналық, контекстік және корпустық талдау), коммуникативті-прагматикалық әдістер (қарым-қатынас жағдаяттарын, сөйлеу актілерін және прагматикалық стратегияларды талдау), сондай-ақ когнитивтік-концептуалдық әдістер (фреймдік талдау, метафоралық және компонентік талдау) қолданылды. Бұл әдістер зерттеліп отырған бағалау концептісінің лингвомәдени ерекшеліктерінің тілдік және дискурстық репрезентациясын кешенді түрде зерттеуге мүмкіндік береді. Бағалау концептісі аксиологиялық концептілер қатарына жататындықтан, оның күрделі механизмдерін ашуда лингвомәдени талдау тәсілдерімен қатар әлемнің тілдік бейнесі мен құндылықтар жүйесінің өзара байланысын терең түсіндіруге мүмкіндік беретін лингвокогнитивтік әдістер қолданылды. Жұмыста сонымен бірге қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау тілдік бірліктерінің жиілік көрсеткіштерін, таралуын және қарқындылық дәрежесін зерттеу мақсатында статистикалық талдау қолданылды. Корпустық іріктеуден жиналған эмпирикалық материалдан 1000 бірлік (қазақ тілінен 500, ағылшын тілінен 500) А.Жұмаханова мен А. Біжкенова ұсынған дәреже шкаласы бойынша кодталды. Зерттеудің тағыда бір эмпирикалық материалы ретінде жарнама мәтіндері пайдаланылды. Зерттеу барысында екі тіл бойынша 607 токеннен тұратын эмпирикалық материал қарастырылып, жалпы көлемі 1214 токенді құрайтын 72 жарнама мәтіні Relative Frequency (бұдан әрі RF) салыстырмалы жиілік көрсеткішінің көмегімен талданды. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері. Диссертациялық жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі ретінде аксиологиялық лингвистика бойынша Дж. Мартин, П.Р.Р. Уайт, Н.Д. Арутюнова, Е.М.Вольф, Ю.Д. Апресян, А.А. Ивин, Р.С Сыздық, Ж.А. Манкеева; когнитивтік лингвистика бойынша Ч. Филлмор, Дж. Лакофф, М. Джонсон, Р. Лангакер, Л. Витгенштейн, Е.С. Кубрякова, Ю.С. Степанов, И.В. Зыкова, З.Д. Попова, И.А. Стернин, В.Ю. Бабушкин, Г.Г. Слышкин, М.В. Пименова, С.Е. Исабеков, Г.Г. Гиздатов, К.К. Дүйсекова, Ш.К. Жарқынбекова, А.Е. Бижкенова, А. Ислам, З.К. Сабитова; прагмалингвистика бағытында Дж. Л. Остин, Дж. Серл, Г.П. Грайс, Д. Мэнгено, Б.К. Момынова, З.К. Темиргазина және лингвомәдениеттану бағыты бойынша В.Н. Телия, А. Вежбицкая, Қ.Ө. Есенова, А.Т. Бакытов, Ғ.А. Түсіпбекова; дискурс бойынша Т. ван Дейк, В.В. Красных, Р. Барт, Ю.Н. Караулов, В.И. Карасик, Б.А. Ахатова, Г.И. Исина сияқты ғалымдардың еңбектеріне сүйендік. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: Соңғы жылдары когнитивтік лингвистика және лингвомәдениеттану салаларында бағалау мәселесіне қатысты зерттеулер жүргізілгенімен, бағалау концептісінің тілдік және дискурстық репрезентациясы әсіресе қазақ және ағылшын тілдерінің лингвомәдени тұрғысынан салыстырмалы-салғастырмалы түрде кешенді жүйеленіп зерттелмеген. Зерттеуде бағалаудың әлемнің тілдік бейнесін құраудағы қызметі, ұлттық-мәдени құндылықтармен байланысы, бағалауыш мағыналардың мәдени уәжділігі жүйеленеді. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісін зерттеудің интегративті лингвомәдени-концептуалдық әдістерді статистикалық талдаумен тоғыстыра отырып зерттеу жұмыстың ғылыми жаңалығын айқындай түседі. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісінің лингвомәдени ерекшеліктері салыстырмалы - салғастырмалы түрде талданып, бағалаудың лингвокогнитивтік және концептуалдық құрылымы екі тілде жеке-жеке сипатталып, ағылшын және қазақ тілдеріндегі бағалау концептілерінің концептуалдық жүйесі мен модельдік ерекшеліктері айқындалды. Нәтижесінде туыстас емес тілдерде бағалау концептісін білдірудегі әмбебап қырлар мен мәдени-менталдық алғышарттарға тәуелді идиоэтникалық белгілер айқындалып, олардың тілдік маркерлері мен басым ерекшеліктері дәлелді түрде көрсетілді. Алғаш рет бағалау концептісінің жарнамалық дискурстағы қызметі мен қолданылуы лингвомәдени тұрғыдан талданып, салыстырмалы жиілік талдауы нәтижелерімен ұштастыра қарастырылды. Яғни бағалауыш тілдік бірліктердің жарнама мәтініндегі ықпал ету стратегияларымен байланысы, адресаттың мәдени тәжірибесіне тәуелді интерпретациясы және бағалау мазмұнының қазақ тілі мен ағылшын мәдениеттеріндегі қабылдану айырмашылықтары Qazcorpora корпусы және ағылшын тіліндегі аутентикалық дереккөз ретінде әлемдік брендтердің (Nike, Old Spice, Kleenex т.б.) ресми You Tube арналары мен вебсайттарындағы жарнамалардың транскрипциялары негізінде эмпирикалық тұрғыдан дәлелденді. Зерттеуде бағалау концептісі алғаш рет Дж. Мартин мен П.Р. Уайт ұсынған «Appraisal Theory» үлгісін өзектік-периферия моделімен интеграциялау арқылы кешенді түрде сипатталып, оның лингвомәдени, когнитивтік және коммуникативті-прагматикалық қырлары ашылды. Диссертациялық жұмыстың теориялық маңыздылығы. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісінің лингвомәдени ерекшеліктерін, олардың құрылымдық-семантикалық айырмашылықтарын салыстырмалы -салғастырмалы түрде зерттеу нәтижелері мен пайымдаулары тіл біліміндегі когнитивтік лингвистика, дискурс, лингвомәдениеттану, прагмалингвистикалық зерттеулердің ғылыми-теориялық негізін нақтылай түсуге өз деңгейінде үлес қосады. Сонымен қатар туыстас емес екі тілдің бағалау жүйелерінің салыстырмалы - салғастырмалы сипаттамасы компаративтік тіл білімі теориясын толықтырып, бағалау концептісінің әмбебап және идиоэтникалық ерекшеліктерін айқындауға арналған теориялық тұжырымдарды байытуға үлес қосады. Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелерін Жоғары оқу орындарында оқытылатын «Когнитивтік лингвистика», «Лингвомәдениеттану», «Салыстырмалы тіл білімі», «Когнитивтік фразеология» пәндерінде, сондай-ақ зерттеу барысында жинақталған тілдік материалдарды оқулықтар, арнайы курстар, практикалық семинарлар әзірлеуде қосымша дереккөз ретінде пайдалануға болады. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау категориясын салыстыру нәтижелері лексикографияда, атап айтқанда түсіндірме және фразеологиялық сөздіктерді толықтыруға ғылыми негіз бола алады. Диссертациялық зерттеуде төмендегідей тұжырымдар қорғауға ұсынылады: 1. Бағалау концептісі тілдің семантикалық, когнитивтік және прагматикалық деңгейлерінде жүзеге асатын көпқабатты әрі күрделі құрылым болып табылғандықтан жұмыстың теориялық негізі ретінде когнитивтік лингвистиканың, прагмалинвистиканың, лингвомәдениеттану және дискурстың заманауи қорытындылары алынды. Зерттеудің анықталған теориялық негізіне сүйене отырып лексика-семантикалық, когнитивтік, дискурстық және лингвомәдени әдістерді статистикалық талдаумен ұштастыра интегративті түрде қолдану бағалаудың көпқырлы табиғатын кешенді түрде ашуға мүмкіндік береді. 2. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісі концептуалдық құрылым ретінде өзектік (ядро) және перифериялық белгілерден тұрады және ол фреймдер, сценарийлер мен концептуалдық метафоралар арқылы ұйымдасады. Бағалаудың өзегін әмбебап аксиологиялық категориялар (жақсы/жаман, пайдалы/зиянды good/bad, useful/harmful) құраса, жақын периферияны бағалаудың қарқындылық дәрежесін білдіретін маркерлер, алыс периферияны метафоралық, имплицитті және контекстуалды мәдени-ұлттық ерекшеліктерге ие тілдік бірліктер анықтайды. Екі тілде де бағалаудың концептуалдық жүйесі ұлттық дүниетанымның мәдени кодын айқындайтын бинарлық оппозициялар арқылы жүзеге асады. 3. Бағалау концептісінің дискурстық репрезентациясы, әсіресе жарнама дискурсында, бағалауыш тілдік бірліктер (сын есімдер, үстеулер, метафоралар, күшейткіш құрылымдар) және прагматикалық стратегиялар арқылы жүзеге асып, тұтынушыға ықпал ету, оның эмоциялық күйі мен бағалау бағдарын қалыптастыру қызметін атқарады. Бағалау концептісінің дискурстық жүзеге асуы тілдік және мәдени ерекшеліктерге тәуелді болғандықтан, бағалауыш тілдік бірліктердің қолданылу жиілігі мен прагматикалық стратегиялары әр тілде өзгеше сипатта көрініс табады. 4. Бағалауыш бірліктердің прагматикалық қызметі қазақ және ағылшын тілдерінде сөйлеушінің интенциясын, эмоциялық қатынасын және коммуникативтік мақсатын білдірумен қатар, персуазивтік (ықпал ету), экспрессивтік және бағалау стратегиялары арқылы адресаттың көзқарасына әсер етуді қамтамасыз етеді. Бағалау стратегиясы сөйлеушінің коммуникативтік мақсатына байланысты таңдалып, адресатқа ықпал ету деңгейіне орай тікелей бағалау және жанама (имплицитті) бағалау арқылы жүзеге асады. 5. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісі әмбебап және идиоэтникалық сипаттардың бірлігінен тұрады: бір жағынан, бағалау жалпыадамзаттық когнитивтік және аксиологиялық категорияларға негізделсе, екінші жағынан, әр тілдің этнотілдік дүниетанымы, мәдениеті мен құндылықтар жүйесіне байланысты ұлттық-мәдени ерекшеліктер арқылы көрініс табады. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау жүйелерінің айырмашылығы олардың мәдени-тарихи дамуы мен әлеуметтік құндылықтарына байланысты айқындалады. Қазақ тілінде бағалау көбіне ұжымдық құндылықтар мен әлеуметтік нормаларға негізделсе, ағылшын тілінде даралық, жеке жауапкершілік және прагматикалық тиімділік басым көрініс табады. Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер қазақ және ағылшын тілдеріндегі бағалау концептісі әмбебап когнитивтік негізге ие болса, онда оның тілдік және дискурстық репрезентациясы екі тілде ортақ аксиологиялық құралдар арқылы көрініс табуымен қатар, ұлттық-мәдени дүниетанымның ерекшелігіне байланысты әртүрлі сипатта жүзеге асады, өйткені әр тілдің мәдениеті мен құндылықтар жүйесі бағалаудың прагматикалық стратегиялары, тілдік бірліктері, олардың қолдану жиілігі мен қолданым қарқындылығы әртүрлі. Зерттеу нәтижелерінің жариялануы және мақұлдануы. Диссертацияның негізгі нәтижелері бойынша жарияланымдар саны – 8. Зерттеу нәтижелері Scopus халықаралық ғылыми дерекқорына енгізілген журналда жарияланған ғылыми мақалаларда көрініс тапты. 1. Plurilingual Practices and Sociolinguistic Reconfigurations Through Advertising Posters in Algiers // XLinguae. – 2025. – Vol. 18, Iss. 1. – P. 112-132. Процентиль 77%, Q1. ҚР ҒЖБМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитиеті ұсынған басылымдар: 1. Evaluation words in advertising texts in Kazakh and English languages // Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті хабаршы. Филология сериясы. – 2022. - №2(186). - Б. 33-40 2. Бағалау концептісінің ағылшын және қазақ тілдері паремиологиясындағы көрінісі // Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы. Филология сериясы. - 2022. - № 2(139). – Б. 76-88 3. National-cultural character of evaluative meaning language structures in Kazakh and English // Торайғыров университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2023. - №3(207). - Б. 50-63 Халықаралық конференцияда баяндама жасалды. 1. «Моральды-этикалық құндылықтың» қазақ және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдерде репрезентациялануы // ТЮРКСКАЯ ЛИНГВОКУЛЬТУРОЛОГИЯ: ПРОБЛЕМЫ И ПЕРСПЕКТИВЫ материалы ХII Международной научно-практической конференции учащихся, студентов и аспирантов Казань, 19 февраля 2021 года 2. А.Байтұрсынұлы шығармаларындағы бағалаудың мағыналық құрылымы // «Технологии перевода и сравнительное литературоведение в зеркале научного наследия Ахмета Байтурсынова». ЕНУ им. Гумилева г. Астана 28 октября 2022. Конференция приурочена к 150-летию Ахмета Байтурсынова. 3. Еvaluation category in modern linguistics // Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы «Білім беру саласының парадигмалары: теориялық және әдістемелік ізденістер» атты халықаралық ғылыми- тәжірибелік конференция 10.02.2023 ж. 4. «Отбасы/family» концептсінің тілдегі репрезентанттары // Кафедра иностранной филологии Евразийского национального университета им. Л.Н.Гумилева совместно с кафедрой романо-германского языкознания и зарубежной литературы Башкирского государственного педагогического университета им. М.Акмуллы (Уфа, РФ.) Международная научно-практическая конференция для студентов, магистрантов, докторантов и молодых ученых: «Образование и филологическая наука ХХІ века глазами молодых ученых». 17 марта 2023 года Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
