
«8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Оралбекова Құралай Оралбекқызы диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Оралбекова Құралай Оралбекқызы «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Оқушының тілдік тұлғасын қалыптастыру (Абай шығармалары негізінде)» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Құрман Несібелі Жәкенқызы - профессор
Жумагулова Айша Алгабековна
Ғылыми кеңесшілері:
Шынар Қапантайқызы
Нергиз Бирай
Қорғау 2026 жылғы 22 маусым, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «8D017 – Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/xusxrm Идентификатор конференции: 437 626 602 067 45 Код доступа: 4Cs7727c
Мекен-жайы: г. Астана, ул. К. Сатпаева, 2, аудитория № 302.
Аңдатпа (қаз.): Оралбекова Құралай Оралбекқызының 8D01717 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Оқушының тілдік тұлғасын қалыптастыру (Абай шығармалары негізінде)» диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Диссертациялық зерттеудің мақсаты: Диссертациялық жұмыстың мақсаты – Абай шығармашылығын оқыту арқылы оқушының тілдік тұлғасын қалыптастыруға ықпал ететін деңгейлік шығармашылық тапсырмаларға негізделген тіл дамыту әдістемесін ұсыну. Зерттеу міндеттері: – тілдік тұлға теориясын зерделеу арқылы оқушы тілінің даму деңгейлерінің басты ерекшеліктерін айқындау; – көптілді білім беру ортасының оқушының тілдік тұлғасын қалыптастыруға әсерін зерделеу; – көптілді оқушының тілдік тұлғасының құрылымын ғылыми негіздеу; – Абай шығармаларындағы сөйлеуші тұлғаның ұлттық бейнесін айқындау; – Абайдың дидактикалық ой-пікірлерінің тілдік тұлға қалыптастырудағы маңызын саралау; – ұлттық білім беру жүйесінде Абай шығармашылығын оқыту мәселесіне талдау жасау; – Абай шығармашылығы негізінде деңгейлік тапсырмалар құрастырудың лингводидактикалық негіздерін айқындау; – тәжірибе негізінде Абай өлеңдері арқылы оқушының тілдік тұлғасын қалыптастыру жолдарын айқындау; – Абай тілінің мәнін түсініп, қолдану жолдарын меңгерту әдістемесінің тиімділігін дәлелдеу. Зерттеу әдістері: Зерттеу барысында Абай шығармаларының тілін және теориялық ұғымдар мен тұжырымдарды талдау; оқулық мазмұнын сараптау; тілдік тұлғаны модельдеу; оқу материалдарын жинақтау; оқыту тәжірибесін бақылау әдістері қолданылды. Негізгі ережелері (дәлелденген ғылыми гипотезалар және жаңа білім болып табылатын басқа да тұжырымдар): Адамның тұлғалық болмысы ең алдымен оның тілді меңгеру деңгейімен айқындалады. «Білгендердің сөзіне махаббатпен еріп», дүлдүл шешендердің сөзін оқып, ой елегінен өткізіп, оның мәнін терең түсініп, өмірде қолдану арқылы оқушының тілдік санасы кеңейіп, сөздік қоры молаяды. Ғылымға ұмтылып, ақылға жүгінген оқушы үшін Абайдың элитарлық тұлғасы – үлгі. Терең мағыналы сөздің қадірін түсініп, әр сөзді саралап қабылдайтын тұлға талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым сияқты қасиеттерді бойына сіңіріп, ойы мен тілі біртұтас тілдік тұлға ретінде қалыптасады. Тілдік тұлғаның қалыптасуында оны қоғамдық орта мен түрлі субмәдениеттердің теріс әсерінен қорғаудың тиімді жолы – ұлттық рухани-мәдени негіздерге сүйену. Осы тұрғыда оқушының тілдік білімін Абай шығармалары арқылы толықтырудың маңызы ерекше. Абай шығармаларындағы «тіл» мен «сөз» ұғымдары, сондай-ақ көркем әрі парасатты сөйлеуші тұлғаның сипаты оқушының тілдік тұлғасына қойылатын жаңа талаптарды айқындайды. Ақын ұсынған «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» қағидасы тілді өнер ретінде жоғары деңгейде меңгеруге ұмтылған әрбір оқушы үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс. «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінде Абай шығармаларын оқыту тек мазмұндық талдаумен шектелмей, оның тілін кешенді әрі жүйелі түрде талдаумен ұштасқанда ғана оқушының сөйлеу дағдысы дамып, тілдік тұлғасы қалыптасады. Сондай-ақ Абай шығармалары негізінде тіл дамытуда қосымша деректерді пайдалану, әндерін енгізу, аударма мәтіндермен жұмыс істеу, заманауи технологияларды қолдану және жазбаша-ауызша шығармашылық тапсырмалар орындау – тиімді әдістердің бірі. Зерттеудің негізгі нәтижелерінің сипаттамасы: Зерттеу барысында тілдік тұлға теориясына қатысты ғылыми еңбектер мазмұндық тұрғыдан жүйеленіп, «қалыптасқан тілдік тұлғаны зерттеу» және «тілдік тұлға ретінде қалыптасу үдерісін зерттеу» бағыттарына жіктелді. Осы негізде көптілді білім беру жүйесіндегі оқушының тілдік тұлға ретінде қалыптасу үдерісі алғаш рет лингводидактикалық аспектіде кешенді түрде қарастырылды. Абай шығармаларындағы «бес асыл іс» (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым) концептілері негізінде оқушының тілдік тұлғасының құрылымдық-мазмұндық моделі жасалды. Ұсынылған модель мазмұндық, эмоциялық, уәждемелік және іс-әрекеттік компоненттерді қамтып, тілдік тұлғаның вербалдық-семантикалық, когнитивті-тезаурустық және прагматикалық-уәждемелік деңгейлерімен өзара сәйкестікте сипатталды. Қазақстандағы көптілді білім беру кеңістігінде оқушының тілдік тұлғасының қалыптасуына ықпал ететін факторлар, жағдайлар мен механизмдер диахронды және синхронды тұрғыда кешенді талдаудан өткізіліп, «альфа» буын оқушысының тілдік тұлғасы және виртуалды тілдік тұлға ұғымдарының мазмұндық ерекшеліктері айқындалды. Зерттеу нәтижесінде Абай мұрасы негізінде тілді тұтынушы, сөйлеуші және тыңдаушы тұлғаның жағымды моделін құрастыруға мүмкіндік беретін теориялық сипаттамалар нақтыланды. Сонымен қатар Абай шығармаларын интерпретациялау арқылы тілдік тұлға қалыптастыруда тірек бола алатын дидактикалық тұжырымдар жүйеленді. Абай шығармаларын оқыту әдістемесіне қатысты ғылыми зерттеулерге салыстырмалы талдау жүргізіліп, көркем мәтін тілін оқыту және авторлық сөзқолданысты меңгерту бағытындағы зерттеулердің жеткіліксіздігі анықталды. Зерттеу қорытындысында Абай шығармашылығы негізінде тіл дамытуға бағытталған әдістемелік жүйе ұсынылды. Аталған жүйе тілдік тұлғаның танымдық, тілдік және шығармашылық дағдыларын кезең-кезеңімен дамытуға бағдарланған, қарапайым, орта және жоғары деңгейлі тапсырмалар кешенін қамтиды. Ұсынылған әдістеменің тиімділігі тәжірибелік-эксперименттік жұмыс нәтижелерімен дәлелденді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Зерттеудің ғылыми жаңалығы ең алдымен тілдік тұлға теориясын жүйелеу арқылы оның зерттеу бағыттарын нақтылаудан көрінеді. Атап айтқанда, тілдік тұлға мәселесі «қалыптасқан тілдік тұлғаны зерттеу» және «тілдік тұлға ретінде қалыптасу үдерісін зерттеу» бағыттарына жіктеліп, осының негізінде көптілді білім беру жағдайындағы оқушының тілдік тұлға ретінде қалыптасу үдерісі алғаш рет лингводидактикалық тұрғыдан кешенді қарастырылды. Бұл отандық тіл білімінде тілдік тұлғаны қалыптастыру мәселесін жаңа ғылыми парадигмада зерделеуге мүмкіндік береді. Зерттеуде Абай шығармаларындағы «бес асыл іс» концептілері негізінде оқушының тілдік тұлғасының авторлық моделі ұсынылуы да ғылыми жаңалық. Ұсынылған модель тілдік тұлғаның құрылымдық деңгейлерін (вербалдық-семантикалық, когнитивті-тезаурустық, прагматикалық-уәждемелік) оқушының тұлғалық дамуының мазмұндық, эмоциялық, уәждемелік және іс-әрекеттік компоненттерімен сабақтастыра отырып, олардың өзара байланысын кешенді түрде айқындайды. Сонымен қатар көптілді білім беру кеңістігіндегі оқушының тілдік тұлғасының қалыптасуына әсер ететін факторлар, жағдайлар мен механизмдердің диахронды және синхронды аспектіде талдануы, «альфа» буын оқушысының тілдік тұлғасы және виртуалды тілдік тұлға ұғымдарының ғылыми айналымға енгізіліп, олардың мазмұндық сипаттарының айқындалуы зерттеудің жаңалығын арттыра түседі. Абай мұрасы негізінде сөйлеуші, тыңдаушы және тіл тұтынушы тұлғаның жағымды моделін құрастыруға мүмкіндік беретін теориялық тұжырымдардың жүйеленуі, сондай-ақ тілдік тұлға қалыптастыруда тірек бола алатын дидактикалық қағидалардың нақтылануы да зерттеудің маңызды нәтижелерінің бірі болып табылады. Бұдан бөлек, көркем мәтін тілін оқыту мен авторлық сөзқолданысты меңгертудің жеткіліксіз зерттелгені анықталып, осы бағыттағы ғылыми олқылықтар көрсетілді. Зерттеудің практикалық маңыздылығы ұсынылған әдістемелік жүйенің білім беру үдерісінде қолдануға бейімделуімен айқындалады. Абай шығармашылығы негізінде тіл дамытуға арналған бұл әдістеме оқушының танымдық, тілдік және шығармашылық дағдыларын кешенді түрде дамытуға бағытталған тапсырмалар жүйесін қамтиды және оның тиімділігі тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар арқылы дәлелденді. Ұсынылған нәтижелерді жалпы білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, сондай-ақ тіл және әдебиет пәндерін оқыту әдістемесін жетілдіруде қолдануға болады. Ғылымның даму бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: Зерттеу жұмысы Қазақстан Республикасының білім беру және тіл саясатының басым бағыттарына сәйкес келеді. Диссертация мазмұны «Білім туралы» ҚР Заңы мен мемлекеттік бағдарламалар талаптарына негізделген. Зерттеу нәтижелері жаңартылған білім беру жағдайында оқушының функционалдық сауаттылығын, коммуникативтік құзыреттілігін және тілдік тұлғасын қалыптастыруға бағытталған. Абай шығармалары негізінде ұсынылған әдістеме «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Абайтану» пәндерінің мазмұнын жетілдіруге, көптілді білім беру жағдайында тілдік тұлғаны дамытуға ықпал етеді. Докторанттың әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы келесідей: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдар тізіміндегі журналға жарияланған мақалалар - 2: 1. Абай шығармашылығын оқытудың авторлық технологиясын жасаған ұлы ұстаз // Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің хабаршысы, №4. - 2019. - 347-352 б. https://vestnik-kufil.kz/&journal_page=archive&id=43 ISSN 1608-2206 (Авторлық бірлестікте: Қапантайқызы Ш.); Докторанттың үлесі – 70% 2. Тілдік тұлға: негізгі зерттелу бағыттары // С. Торайғыров университетінің хабаршысы, Филология сериясы, №1 – 2021. – 191-197 б. https://doi.org/10.48081/HGOV7835. Докторанттың үлесі – 100% Scopus деректер базасына енетін импакт факторлы басылымда шыққан мақалалар - 2: 1. Problems of Reception, Understanding, and Interpretation of Abai’s Works // Interdisciplinary Literary Studies, (2024) 26 (2): Р. 162–178. https://doi.org/10.5325/intelitestud.26.2.0162 (Авторлық бірлестікте: Kapantaikyzy, Sh., Akhmetova, M., Orazbek, M., & Kenzhebayeva, G.). Докторанттың үлесі – 40% 2. Abay’s legasy as a fundament of the art of speech // Scientific Herald of Uzhhorod University, Series Physics. ISSN: 2415-8038. Journal homepage: https://physics.uz.ua/en Issue 55, 819–828 (Авторлық бірлестікте: Kapantaikyzy, Sh., Kairbayeva K., Kelgembayev B., Sadyrbateva R.). Докторанттың үлесі – 40% Халықаралық конферециялар жинақтарында жарияланған мақалалар: 1. Оқушының тілдік тұлғасын қалыптастырудың әдіснамалық (психологиялық) негіздері // Ахмет Байтұрсынұлы Оқулары-2019 «Ғасырлар тоғысындағы руханият мәселелері»: халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. - Астана, 2019. – 195-199 б. Докторанттың үлесі – 100% 2. Абай шығармаларын оқыту арқылы оқушының тілдік тұлғасын қалыптастыру // Ұлы ақын, ағартушы, гуманист Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Абай мұрасы және әлемдік руханият» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. - Алматы, 2020. - 205-208 б. Докторанттың үлесі – 100% 3. Произведения Абая – основа формирования языковой личности // Духовный мир мусульманских народов: материалы Международной научно-практической конференции «XVI Акмуллинские чтения». Том II. – Уфа, 2021. 383-386 с. Докторанттың үлесі – 100% 4. The role of the concept of the "complete person" in the formation of a language personality («Толық адам» тағылымының тілдік тұлға қалыптастыруындағы рөлі) // «International congress of kazakh history, culture and language». - Ankara Turkey, 2021. - 244-248 р. Докторанттың үлесі – 100% 5. Абай шығармалары ізгілікті қоғам қалыптастыру негізі // М.С.Серғалиевтің 85 жылдығына арналған «М. Серғалиев және филология мәселелері» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – 17 Наурыз, 2023. – 152-155 б. Докторанттың үлесі – 100% 6. Abai’s creative legacy as the foundation of linguistic, cultural, and personal development // «Тіл мен əдебиетті құндылық бағдарлы оқыту: тəжірибе, мəселелер жəне перспективалары» атты ғалымдар мен мұғалімдердің халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. - 31 қазан, 2025. – 192-194 p. Докторанттың үлесі – 100% Оқу-əдістемелік құралдар – 2. 1. Абай шығармалары арқылы тіл дамыту әдістемесі: Оқу-әдістемелік құрал. – Астана: MediASoft, 2025. – 48 бет. (Авторлық бірлестікте: Қапантайқызы Ш.) Докторанттың үлесі – 70% 2. Абай шығармалары арқылы оқушының тілдік тұлғасын жетілдіру. Жалпы білім беретін мектептердің 9-10 сынып (Т2) оқушыларына арналған авторлық бағдарлама. Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК шешімімен қала деңгейіне таратуға ұсынылған. Хаттама №3. 23.12.2025 ж. Докторанттың үлесі – 100%.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
